Журналдың бұл саны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналды. Ақын атындағы басылым ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың мерейтойлық Құттықтауымен ашылды. Бұдан кейін ақиық ақынның өзіне қатысты өмір кезеңдеріне арнаған өлеңдерін оқисыздар. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің «Кумирлер өлмейді» атты мақаласы Мұқағалиға берілген уақыт бағасын үлкен ауқымда сараптайды. «Бесінші мерейтой» шолуы да тұшымды деректерімен қызық. «Маңғыстаудың Мұқағалиы», «Құркелестегі Мақатаев мектебі» атты материалдар өзіндік ерекшеліктерімен тартымды.
«Сәби болғым келеді» әнін жазған «Мұқағалимен үндескен» композитор Тұрсынғазы Рахимов туралы ғалым Төкен Ибрагимовтың пікірі оқырманды бейжай қалдырмайды. Ақын атындағы халықаралық қордың президенті Бақытгүл Мұқағаликелінінің «Лашын ана», Мақұлбек Малдарбековтың «Ақынның қолтаңбасы», Шолпан Шәкірованың «Менің асыл бауырым» естеліктері өткен күн шежірелерінің құнды суреттерін көзге елестетеді.
Фариза Оңғарсынованың, Еркін ібітановтің, Тоқаш Бердияровтардың өлеңдері «Жыр арқауы – Мұқағали» деген рубрика бойынша берілді. Филология ғылымдарының докторы Құныпия Алпысбаевтың зерттеуі Мұқағали шығармашылығын сөз етеді. Сондай-ақ ақынның тапқыр сөздерін де әзіл айтудың әдемі үлгісіне жатқызар едік. Журналда бұдан басқа да мазмұнды материалдар аз емес.