2002 жылғы басымнан өткен осы бір тылсым оқиғаны көпшілікке айтудың сәті енді түсті. Бұған дейін оны етжақындарымнан басқа ешкім білмейтін. Себебі мәнісін дәлелдеу қиын. Сөзіңе біреу сенеді, біреу сенбейді дегендей. Ойлана келе ақын атындағы басылымның оқырмандарынан жасырғым келмеді. Өйткені әлгі әңгіме ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа байланысты еді.
Алдымен өзімді таныстырайын. Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Қаратал ауылында дүниеге келдім. Көп балалы отбасы болдық. Бауырларымның үлкені менмін. Әкем дүниеден ерте кетті. Соған қарамастан біз еңбексүйгіш және ұйымшыл болып өстік. Бір-бірімізді сүйедік. Артымнан ерген бауырларыма үлгі көрсету үшін күнделікті сабақтарға жақсы дайындалатынмын. Олай етуімнің ықпал, әсері болды. Сіңілілерім мен інілерімнің бәрі әпкесіне қарап жолдарын түзеді.
Мектепте математика пәнін ерекше жақсы көрдім. Сабақты үздік оқыдым. Әдебиетке құштарлығым да одан кем емес еді. Әкелерім орыс тіліне жүйрік болды. Біз де солай қалыптастық. Бірақ, ана тілін ерекше құрметтедік. Оған ештемені теңестірмедік. Қазақ ақын-жазушыларының кітаптары қолымыздан түспеді. Оның ішінде Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін айрықша ұнаттым. Ауылдағы радиодан диктор Мұқағалидың да дауысын күнделікті еститінбіз.
Мұқағали ағаның алғашқы шығармаларынан бастап таныспын десем, артық айтқандық емес. Ағаның жаңа өлеңдерін газет-журналдардан асыға күтетінбіз. Кітаптарын сөремізден түсірмедік. Өлеңдері тез жатталатын. Мәнеріне келтіріп дауыстап айтсам құрбыларым: «Сен түбінде ақын болатын шығарсың» дейтін. «Сендер мені дұрыстап ұғыңдар. Ондай керемет өлеңді оқыған жақсы, алайда жазу оңай емес. Ондай шеберлік қолымнан келмейді. Мен – ақын емес, ақынжандымын» деп күлетінмін. Осы қағиданы ешқашан өзгерткен жоқпын.
Біз мектеп бітірерде Шұбартау ауданындағы жастар екінші тың ерлері атанып, қой бағу үшін ауылда қаламыз деп үндеу қабылдады. Бұл бастаманы облыс, республика комсомолдары жаппай қолдады. Белсенділердің саны көбейді. Олардың екпіні бізге де жетті. Бір күні мектептің директоры бәрімізді жинап алып: Өз еркіммен комсомол-жастар шопандар бригадасына кіремін деп өтініш жазыңдар» деді.
Бітірушілердің ішінде бұл тапсырманы орындамаған мен ғана болдым. Директордың сол күнгі қатал сұсынан сескенбедім. Бойыма ерекше күш біткендей батылдандым. «Ағай, мен өтініш жазбаймын. Артымдағы тете сіңілім келесі жылы мектепті бітіреді. Одан кейінгі кезек інімдікі. Сондықтан ештемеге үлгере алмаймыз ғой. Егер қой бағып, институтқа бармасақ марқұм әкемнің аманатын қалай орындаймын!?» дедім тіке қарап. Қойдың соңынан кету – арманыңды жоғалтумен бірдей.
Егер өз еркімен өтініш жазбаса ондай жасты ешкім күштеп мал бақтыра алмайды екен. Мұндай мүмкіндіктің бар екенін кейін білдік. Сондықтан шығар директор үнсіз қалды. Бір жағы менің басқалардан ерекше көрсеткен батылдығыма іштей сүйінген болуы керек.
Сонымен пединиститутқа түсіп, оны математика пәнінің оқытушысы деген мамандығы бойынша бітірдім. Сонымен қатар бауырларыма да шапағатым тиді. Бәлкім Мұқағалидың өлеңдері ішімдегі бұғып жатқан бір батылдықтың көзін ашты ма екен деп те ойлаймын қазір.
Енді негізгі әңгімеге көшейін. Іш-құрылысым ауруға ұшырап, екі рет ота жасаттым. Басында біраз жазылғандай болған едім, ұзамай науқасым қайта қозды. 2002 жылы үшінші отаны басымнан өткіздім. Бірақ одан сауығып кеткен мен жоқ. Есесіне жағдайым күн санап нашарлады. Берген дәрілер жақпайды. Аузым мүлде ойылып кетті. Сұйықтан басқа тамақ іше алмайтын халге ұшырадым.
Сіңілім Роза қасымнан шықпайды. Маған қараса болды көздерінен жас парлайды. Ұйқы қашты, талықсып барып көзім ілінеді. Жүріп, тұруым да қиындады. Алматыдағы туыстарым «Осы жердің дәрігерлері мықты» деп теміржолшылардың республикалық емханасына орналастырды. Одан да қайран болмады. Енді не істеуім керек?! Сарауыз балапандай шиеттей балаларым бар. «Менің өлгім келмейді!» дедім Розаға. Бірақ ол менің дауысымды естіген жоқ. Бұл тек менің жанымның шырылдаған ішкі үні еді.
Мезгіл қаңтар айы. Сыртта сары аяз сақылдайды. Бөлме күңгірт. Дәліздің жарығы ғана есік маңдайшасындағы әйнектен түсіп тұрады. Сол күні таңғы сағат төрттің мезгілінде бір ерекше күй кештім.
Дәл қасымда біреу тұрғандай әсер етті. Бетімді ақырын бұрдым. О, тоба, ірі денелі, тау мүсінді адам қасыма келді. Қараңғыда жүзін анық көре алмадым. «Қорықпа қалқам, мен – Мұқағали Мақатаев деген ағаң боламын» деді. Содан кейін гүрілдеген таныс дауысымен өлең оқи жөнелді.
Пай,пай, Өмір!
Өтесің-ау бір күні.
Тиясың-ау қуанышты, күлкіні.
Өмір деген – бір жарқ еткен найзағай,
Өмір деген – көк аспанның күркірі.
Пай,пай, Өмір!
Өтесің-ау бір күні…
Мына күн де, мына аспанда, дала анау,
Бәрі бізден, бәрі бізден қалады-ау!
Өмір дейтін – тағатсыз бір қозғалыс,
Өмір дейтін – өлемін деп қарамау.
Бұл өлеңді ақынның өз дауысымен радиодан сан мәрте тыңдағанмын. Әрі таңырқап, әрі қорқып сіресіп қатып қалғандаймын. Ақын аға өлеңді бітірген соң «Енді дәріні ішуді доғар. Емханадан шық та, үйіңе бар» деді. Еденге аяқтарын нық басып бөлмеден шығып кетті. Мен де әрең түрегеліп тәлтіректеген күйі ашық тұрған есіктен жан-жағыма қарадым. Ешкім жоқ…
Мұны естіген сіңілім Роза тылсым күшке риясыз сенді. Бірден іске кірісті. Әрі қарай емделуді тоқтатып, сол үшін дәрігерлерге қолхат беріп, біз үйге шықтық. «Гүлсара «Бұл – аян! Жақсылықтың белгісі. Мұқағали ағаның айтқанын орындасаң аурудан айығасың» деді толқып. Құдайдың құдіреті, барлығы тура солай болды.
Кейінірек бұл оқиғаны байыптап сараласам, сол мен жатқан емханада бауыры ауырған Мұқағали аға да жатыпты. Бәлкім сондағы бөлме, сондағы төсек маған да кез келді ме екен?! Ол жұмбақтың жауабын күні бүгінге дейін шеше алмадым. Есесіне ақын өлеңіне деген құштарлығым бұрынғысынан артты. Ақын атындағы «Мұқағали» журналын да жақсы көре бастадым.
Мен Талғардағы бірқатар мектептерде және агротехникалық колледжде математикадан сабақ бердім. Бұл пән кейбір оқушыларға соншалық оңай емес. Сынақ кездерінде есеп шығара алмай қиналады. Сондай кезде «Мұқағалидың өлеңін білесің бе, білсең оқы!» деймін. Одан сүрінбесе, ойланбай керекті бағасын қойып беретінмін. Өйткені Мұқағалидың рухы менің қайтадан қатарға қосылып, өмір сүруіме септігін тигізді.
«Мұқағали» журналы, №5, 2019 жыл