Біз тұрған тау есімі «Елшенбүйрек»,
Шыға келсең аспанға еңсең тимек,
Жазда оранып жатады көк торғынға,
Қыста аппақ елтірі сеңсең кимек.
Басқа таудан жырақ бұл «Елшенбүйрек»
«Атамекен» поэмасында атап көрсеткен Елшенбүйрек осы. Оңтүстігінен Текес, солтүстігінен Шәлкөде өзендері арқылы басқа таулардан бөлініп, жырақ жатқан бүйрек пішіндес тау болғандықтан Елшенбүйрек аталған. Қарасаз – Елшенбүйрек тауының солтүстік теріскей баурайындағы Қарасулар арасында орналасқан елді мекен. Елшенбүйрек тауының солтүстік теріскей беткейі тік. Тау жалдары екі экспозициялық (теріскей және күнгей) беткейлер арқылы терең сайларға бөлінген. Олар – шығыстан батысқа қарай Қаратұмсық, Бұрғансай, Талдысай, Тамдысай, Солдатсайы, Сулысай, Наурызбайсайы, Келдібексайы, Асылбексайы, Өскембайсайы, Байымболсайы, Жексенбісайы және Қызылбұлақсайы болып, тау етегінен төбесіне қарай тарыла береді. Бұрғансай (Бұрылғансай) тау ішінде батысқа қарай бұрылып, Сулысай кезеңіне дейін келеді. Сай ішінде су жоқ. Бірақ, шөбі шүйгін, Талдысайда таудың талы басым өседі. Тамдысайда ерте кезде соғылған там болғандықтан, солай аталған. Солдатсайы ақтар мен қызылдардың атысы кезінде қашқан солдат өлген сай, Ескі Қарасазда болған бұрынғы заставаға солдаттар осы сайдан ғана ағаш дайындаған. Сулысай жоғарғы және орта бөлігінде тау астынан шығып жатқан суға байланысты қойылған. Тау етегіне жақындағанда бұл сулар жер астына сіңіп кетеді. Сулысайдан батысқа қарай кісі аттарымен аталатын – Наурызбайсайы, Келдібексайы, Асылбексайы, Өскембайсайы, Байымболсайы, Жексенбісайы. Осы сайларға қыстау салып өмір сүрген адамдар атымен аталып кеткен. Ұрпақтары Қарасазда тұрады. Қызылбұлақсайы тау етегіндегі Қызылқұмға байланысты қойылған. Қызылбұлақ сайы арқылы тау төбесіндегі жайлауға (Альпі шалғыны) жаз айларында мал отарлары шығарылады.
Теріскей беткейдің өсімдіктер дүниесі бай, топырағы құнарлы. Күнгей беткейде жылу сүйгіш және ыстыққа төзімді өсімдіктер өскен. Топырақтың қарашірік (гумсты) қабаты аз, тасты, қорымды болып келеді.
Сарышоқыдан қарағанда аспан таулар аясының табиғаты өте сұлу көрінеді. Таудың оңтүстік күнгей беткейі жылы әрі көлбеу. Тау етегіне қарай сатыланып аласара береді. Шөптесін өсімдіктер басым. Көрші ауылдар оны көктемгі, күзгі мал жайылымы ретінде пайдаланады. Таудың шығысы күнгей, тастақты, бетегелі болып келеді. Мұңда Қарасаз ауылының малдары қыстайды. Көл жағалауы саздақты, тау астынан бұлақтар шығып жатыр. Бұл жер “Тоғызбұлақ”деп аталады.”Тұзды көлдің” бетіне жаз айында әппақ тұз шығады. Оны шанамен жағаға шығарып малшылар малға береді. “Тұзды көлдің” жылы батпағы аяқ-қол, буын ауруына бірден бір ем. Бұлақтар суы құрамында минералды тұздар көп. ”Тұзды көлдің” аумағы шамамен 18 шаршы шақырым болатын тауаралық ойыстағы шағын таяз көл.
Елшенбүйрек тауы Қарасаздың оңтүстігінде, оңтүстік батыстан солтүстік шығысқа қарай ендік бағытта созылып жатқан Солтүстік Тянь-Шаньның шағын бір сілемі. Аумағы шығысында Тұзкөл ойысынан, батысында Төте асуына дейін 28 шақырым, солтүстігіндегі Қарасаз ауылынан оңтүстігіндегі Қайнар ауылына дейін 22 шықырымды құрайды. Абсолюттік биіктігі теңіз деңгейінен 2900 метр шамасында. Ең биік нүктесі Сарышоқы (Сарыдоғал) – 2978 метр, Сарыжал – 2965 метр.
«Тұздыкөлге» тірелсе мына басы,
Құлар жері батыста «Лабасы»
Аноу Тянь-Шань,
Ал анау – Хантәңірі.
Осы өлкенің байырғы ғұламасы, –
деп Мұқаң айтқандай, Елшенбүйрек солтүстік шығысында Тұзкөл ойысы арқылы Қаратаумен жалғасса, Қаратау – солтүстік шығысында Кетпен тауымен жалғасады. Кетпен тауы батысында Қулықтау (Кеген асуы осы тауда) арқылы Күнгей Алатаумен жалғасып жатыр. Елшенбүйректің батысы Төте асуынан әрі қарай Лабасы (Іле басы) тауымен, одан әрі Мыңжылқы жайлауы арқылы Орталық Тянь-Шаньдағы Теріскей Алатау жотасымен жалғасады. Қазақстанның ең биік нүктесі – Хантәңірі шыңы (6995 метр) осы Теріскей Алатауда Қазақстан, Қырғызстан, Қытай мемлекеттерінің шекарасын үшке бөліп тұр.
Геоморфологиясына келсек, Елшенбүйрек тауы – солтүстік Тянь-Шаньның тектоникалық таулары қатарына кіреді. Калеодон, Герсин тау жасалу кезеңінде көтерілген. Қазіргі Альпілік тау түзілу процессінің жүруі, жер сілкінулер кезінде байқалады. Тау аралық шұңқырдағы жарылумен күрделенген аккумулятивті жазыққа Шәлкөде аңғары мен Текес ойысы жатады. Жарықшақты типтегі жер асты сулары полезойдың түрлі құрамдық интрузиялық, эффузивтік, метаморфтық жыныстарынан орын алған. Бұл жыныстардың суы тайыздан шығады. Көбінесе бұлақтар түрінде кездеседі. Жер асты суларының бұл типі биік таулы өңірде жер бетіне ағып шығып, көптеген жылғалар мен тау өзендерін толықтырады.
Топырағы – тау етегінде даланың шалғынды қоныр топырағы, тау беткейінде орманды шалғынды қоныр сұр топырақ, тау ішінде таулы орманның қара топырағы. ”Тоғызбұлақта” күңгірт (күлгін) түсті топырақ. ”Қызылбұлақта” құмдауыт қызыл коңыр топырақ таралған.
Өсімдіктер дүниесі – теңіз денгейінен тау биіктігінің өзгеруіне байланысты өседі. Тау етегінде 2200 метрге дейін аралас сирек тоғайлы, бұталы өсімдіктер – тобылғы, итмұрын, қарақат, ұшқат сияқты бұталы өсімдіктермен бірге бидайық, саумалдық, сарыбас, жоңышка, бетеге, атқұлақ, бүлдірген, жуа, өгейшөп, қалақай, кендір, уқорғасын өседі.
Тянь-Шань тауын зерттеген А.И.Шренк 1843 жылы шырша – таудың 2750 метр биіктігіне дейін, арша – 2550 метр биіктігіне дейін, одан жоғары шалғынды шөптер өседі деп дәл көрсеткен, Елшенбүйрек тауында да Шренк шырша орманы таудың теріскей беткейлерінде 2200-2750 метр биіктікте өседі деген. Орман арасында тал, терек, қайың, шетен, ырғай, долана сияқты ағаштармен бірге рауғаш, алтын тамыр, қымыздық, мыңжапырақ, қына, мүк, улы өсімдіктерден – көкнәр, сүттіген, уқорғасын, мендуана өседі. Таудың күнгей беткейлерінде арша, көкөмарал, қылша, жауқазын, қанжыға жуа, тау сарымсақ, тасжарған, тағы басқа өсімдіктер өседі. Қарасаз ауылындағы тұрғын үйлер Елшенбүйрек тауының ағаштарынан салынған. Бұл тау ауылдың асыраушысы. Отынға шыққан балалар рауғаш, қарақат, бүлдірген теріп таза ауада ойнап, кереметтей демалып қайтады.
Қытайлар Тянь-Шаньды Тәңір таулары деп атаған. Осы тауларды зерттеуші Петр Семенов 1856 жылы географиялық зоология саласында аса маңызды жаңалықтар ашты. Сол даңқына орай оны орыс географиялық қоғамы «Семенов – Тянь-Шаньский» деп атады. Бұл өлкеге қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың да табаны тиген. Ол өзі зерттеген аймақтың табиғаты мен физ-географиялық ерекшеліктерін ғана емес, жергілікті тұрғындардың әдет-ғұрпы мен салт-санасын, рухани жәдігерліктерін танып білуге құштар болған. Ыстықкөл сапары мен Құлжа сапарында көптеген құнды деректер қалдырған. Осы сапардан оралған соң 22 жастағы жас Шоқан орыс география қоғамына мүшелікке қабылданды.
Елшенбүйрек тауында нивальдық белдеу (мәңгі қар белдеуі) жоқ. Бұл белдеу Солтүстік Тянь-Шань тауларында 3200 метрден жоғары басталады.
Елшенбүйрек тауының жануарлар дүниесі бай. Тау етегін – суыр, тау сұр тышқаны, борсық, қарсақ,қоян, қосаяқ, жылан, кесіртке, тасбақа, кірпі мекендесе, шырша ормандарында марал, елік, қасқыр, түлкі, ақтиін, сілеусін, Альпі шалғынында – арқар, тауешкі, құстардан – бүркіт, тазқара, ұлар, құмай, салты, қырғи, тоқылдақ, көкқұс, көкек, үкі, құр, қарға, сауысқан, жартас кептері, кекілік, шіл, қызылбас торғай т.б. жануарлар мен құстар мекендейді.
Елшенбүйрек тауынның климаты – қоңыржай континентті. Күнгей беткейіне қарағанда солтүстік теріскей беткейінде қар қалың, қысы суық, жазы қоңыр салқын болады. Қаңтар айының орташа температурасы оңтүстік беткейде -10 -12°С, солтүстік беткейде -14 – 16°С , шілде айында оңтүстік беткейде +18 +20°С болса, солтүстік беткейде +14 +16°С болады. Ауа қысымы тау етегінен тау төбесіне қарай азая береді. Жауын- шашын мөлшері 600-650 мм шамасында, булану коэфициенті 1-ге тең. Көктем, күз айларында найзағай жиі жарқылдайды. Жаз айларында бұршақ жауады. Көктемнің соңы мен күздің басында үсік жүріп өтеді. Сондықтан көптеген өсімдіктер пісіп үлгермейді. Елшенбүйрек тауынан ірі өзендер ағып шықпайды. Тұнба бастаулар тау төбесінде, тау ішінде, тау етегінде жер бетіне шығып жатады. Қарасаз ауылын Елшенбүйрек тауынсыз көзге елестету мүмкін емес.
Тау дейтін алып жүрек Ана туған,
Мен таулықпын!
Таудан мен жаратылған.
Киіктің сүтін еміп ер жеткенмін,
Қуат алып қыранның қанатынан, –
деп Мұқағали ағамыз атамекені Қарасазы мен Елшенбүйрек тауын қалай мақтан тұтса, біз де солай мақтан етеміз.
Елеусіз Ахметкерімұлы, өлкетанушы