«Аманат – Қарасаз» қоғамдық қоры құрылтайшыларының
барлық әріптестеріне, кәсіпкерлерге,
оқырмандарға арнаған
үндеуі
Ардақты, ағайын!
2023 жыл «Мұқағали» журналының 18-ші кезеңі. Журнал мұқағалитану үрдісін қалыптастыруға зор үлесін қосты.
Мұқағалитану керек пе? Әрине, керек. Себебі, өсудегі жастар өлең жаттаумен шектелмейді. Көркемсөздің тереңіне сүңгиді. Журнал сонда тәлімгерге айналады. Асыл жырдың құпиясын ұқтыруға көмектеседі. Ой бөлісетін, пікір алмасатын әдеби мінбердің міндетін атқарады. Журнал – Мұқағали мұрасын зерделейтін құрал. Біз ақын атындағы басылымға осындай баға бергенді жөн көрдік.
«Қарасаз көшелерінде» дейтін деректі фильм бар. Фильмде Қарасаз жұртының Мұқағалиын қалай құрметтегені көрсетілген. Баласы да, қариясы да ақын сөзіне ұйыған. Бұл – ұлт дамуындағы оң өзгерістің нышаны.
Егер оны кеңейтіп «Қазақстан көшелерінде» десе, ақын жыры оған да лайық. Күллі алаш баласының Мұқағали Мақатаевқа арнаған сүйіспеншілігіне қайран қаламыз. Шынайы сүйіспеншілік ешқашан суымайды.
Осы мысалдарды айта келіп, ақынның төл ұрпақтары, «Қарасаз – Аманат» қоғамдық қорының құрылтайшылары, бастама көтереміз. «Мұқағали» журналы оқырмандарының көбеюі үшін ізгілікті әрекеттің қарапайым үлгісін ұсынамыз.
«Аманат – Қарасаз» қоғамдық қоры бүгінге дейін Мұқағали үшін жасалған біраз шаруаларға қатысты. Ақынның туған жері Қарасазда спорт мектебін ашты. Ұлы қаламгердің 90 жылдық мерейтойында қаржылық үйлестіру жұмыстарын атқарды. Енді 50 дана «Мұқағали» журналын өз есебімізден жаздырайық деп отырмыз. Оны барлық облыс әкімдіктеріне бөліп таратамыз.
«Мұқағали» журналын құрметтейтін қоғамдық қорлар, кәсіпкерлер айналамызда аз емес. Біз көтерген осы бастамаға ол кісілер қосылады деп сенеміз. Сіздердің әрқайсыларыңыз өзіңіз бітірген мектепті, ұжымдарды біздің әдіс бойынша 50 дана журналмен сүйіншілейтін болсаңыздар – ерлегеніңіз!
Сонда журналдың тоқтаусыз шығуына ықпал етесіз. Ақынның рухын көтересіз. Қазақ әдебиетін мәртебелейсіз. Бұл іске Мұқағали елінің жанашырлары белсене араласса, үлгі көрсетсе дейміз.
«Мұқағали» журналы зиялы басылым. Әдебиетті насихаттаумен шектелмейді. Жаңа қазақты ізгілікке үндейді. Парасатқа баулиды. Бірлікке ұйыстырады. Ұлттық иммунитетті күшейтеді. Ендеше бәріміз бір кісідей жұмылып журналды қолдайық!
Құрылтайшылар атынан — Ұлан Сәрсенбаев,
“Аманат-Қарасаз” қоғамдық қорының директоры
«Мұқағали» журналы, №5. 2022 жыл
Журналдың индексі — 75312
Бір жылдық бағасы:
қала үшін — 5443,80 теңге,
ауыл үшін — 5469,60 теңге
Барлық пошта бөлімшелері бойынша жазыласыздар