Журналдың кезекті саны «Тау – бір аңыз, тау – дастан» атты Мұқағали өлеңдерімен ашылды. Белгілі дінтанушы, ғалым-ұстаз Қайрат Жолдыбайұлымен болған сұхбат «Халқының жанын ұққан қайраткер ақын» деп аталады. Бұл нөмірден Нұрлан Оразалиннің «Уақыт жаратқан ұлы жыр» мақаласының соңын оқисыздар. Бауыржантанушы қаламгер Мамытбек Қалдыбайдың «Кенесары туралы ойы», Ермек Жұмахметұлының «Мақатаев галактикасы» сыршылдығымен қызықты.
Мұқағалимен дос-жаран болған ұйғыр ақыны Илия Бәхтияның өлеңдері қазақшаға аударылып, «Тарихта қаламын деп таласпаңдар» топтамасы бойынша оқырманға ұсынылды. «Музейде Тұрсынғазыға арналған бұрыш бар» дейді Асқар Наймантаев жайдарман жаңалықты паш етіп. Сол сияқты, «Елордадағы мектепте мұқағалитану орталығы ашылғанын» да білесіздер. Талғат Қазыбаевтың «Біз сізді сағындық қой, Мұқан аға» эссесі ақынды құрметтеп өткен ауыл мұғалімінің өнегесіне арналған. Мұқаметқали Әбдірайымұлы «Ақын да бір суретші» естелігінде Қарасаздағы ұмытылмас күндерді баяндайды.
Жазушы Сүлеймен Мәмет ақын шығармаларын қылқаламмен өрнектеген суретші Алмас Сырғабаев хақында «Бояуы қанық, ойы анық» атты сараптамалық мақала жазған. Жазушы Жұмабай Қайранбайдың «Тұрағұл аңшы» атты әңгімесі атына заты сай тартымды шығарма. Нұрқанат Құлабаев Мұқағалиға арналған «Театрдағы әдеби кешті» Қостанайдан жолдаса, көкшетаулық автор Гүлшара Ордабаева «Жарқыраттың поэзия аспанын» деп ақынға жыр арнайды. Сұлтан Қалиевтың «Қас-қағым сәт» естелігі жанымызға жақын әдеби жәдігер ретінде толғандырады.