РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Дариға Тілендікеліні. Екі арыстың рухындай болып көрінеді

«Мұқағали» журналы шықты дегенді естіген кезде қуанышым қойныма сыймады. Оны көргенше асықтым. Содан соң мекен-жайын біліп, редакцияға бардым. Журналистер мені жылы қарсы алды. Осы күннен бастап ақын атындағы басылымның тұрақты оқырманына айналдым. Журналда Мұқағалиға байланысты тақырыптар өте көп. Ғалымдардың терең зерттеуі де, қарапайым адамдардың көзқарастары мен естеліктері де аз емес. Олар алдағы уақытта мұқағалитану бағытында не істеу керек деген сұрақтарға жауап іздейді. Сондықтан журналды қайталап оқуды әдетке айналдырдым.

 «Мұқағали»» журналы нұрғисатануға да назар аударуда. Комозитор ағасы мен ақын інісінің басылым бетінде қатар тұрғаны қандай жарасымды?! Нұрғисаның Мұқағали сөзіне жазылған әнінің бәрі журналда жарияланды.

Әлі есімде, 1974 жылы Нұрғиса ақынды үйге арнайы шақырды. Менің өлеңіме ән жазсаңыз деген сөзді Мұқағали қайнымның айтпайтыны белгілі. Дінмұхаммед Қонаевқа да хат жолдағанын ешкімге білдірген жоқ қой. Сол кезеңдер ақынның аса қиналған шағы еді. Айықпас науқасқа ұшырапты. Жұмыссыз қалған. Бірақ соның бірін де бізге сездірмеді. Дүниесі түгел адамдай еңсесін тік ұстады.

Нұрғисаның Дінмұхаммед Қонаевпен аралас-құралас жүретінін Мұқаң, әрине біледі. Егер соны композитор ағасына айтқанда, ол хат үлкен кісінің қолына тимек тұрмақ, қажетті мәселесі жүз пайыз шешілетін еді. Нұрғиса бұл құпияны кейін естігенде қатты күйінді.

Ақиық ақын Лашын келінім екеуі қолымнан дәм татты. Маған олар бір-біріне лайықты, жарасқан жұптар секілді көрінді. Қазақы инабаттың үлгісі бойларында тұнып тұрды.

Біраз уақыт біздің шаңырақ екі дарынның жұмыс орнына айналды. Бірлескен шығармашылық үдерістерін өз көзіммен көрдім. Олар соншалықты жылдам, әрі сапалы жұмыс істеді. Таным мен түсініктері тез үйлесетін. Дауласып, дабырласып жатпайтын. Түзетулер мен өңдеудің аз болғаны сондықтан. Қара рояльда тыным жоқ. Ақ қағазға өлең жолдары кестеленеді. Ол күндер – ешқашан қайталанбайтын ерекше күндер еді. Екі дарынға аяғымнан тік тұрып қызмет еттім. Меніңше, тарихи сәттер деген осындай болатын шығар.

Самауырынымыз оттан түспеді. Дастарханымыз жиналмады. Сүт қатқан күрең шайды маңдайлары жіпсіп отырып сораптағандары қандай керемет! Осылай еңбек ету айтуға ғана оңай. Алайда, олар кереметтей шаршады. Бірақ, шабыттары қанат қаққанда тез серпілетін. Менің таңғалғаным, әншейіндегі «тентек судың» бетіне олар қараған да жоқ. Адамның салауатты кезінде арқасы қозбаса, ешқашан қозбайтынын мен анық көрдім. Олар туабітті дарын болып жаратылғандарын қапысыз дәлелдеді.

Нұрғисаның Мұқағалиға бауыр басқаны соншалық, жұмыстары бітіп ақын өз үйіне кеткен соң сұмдық жалғызсырады. Елегізіп, қайта-қайта терезеге қарай беретін. Композитор өнердегі нағыз сыңарын тапқандай еді. Бірақ кеш тапқан екен! «Есіңе мені алғайсың» деп ақын інісін ағалық жүрекпен егіле жоқтады.

Маған «Мұқағали» журналы сол екі дарынның рухындай болып елестейді. Ақын атындағы басылымның үздіксіз шығып тұрғанын тілейтінім сондықтан.

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналы №4,2020 жыл

Бұл нөмірден ақын ауылы Қарасазға ақ қарғаның қалай келгенін оқисыздар. Мұқағали Мақатаевтың дәрігерлерге арналған жырларына қайтадан қанығасыздар. 85 жылдығына орай ел-жұрты есіне түсірген құрдас...

«Мұқағали» журналы №3,2020 жыл

«Қостанай таңы» газетінің бас редакторы, белгілі сыншы Жанұзақ Аязбеков «Мұқағали поэзиясы қазақпен бірге жасайды» атты сұхбатында ақын мұрасына бүгінгі күннің көзқарасымен баға береді. Кәсіпкер...

Абай күні – қазақтың қасиетін арттырсын

Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы Абай туралы айтқанда «Одан басқа бұрын-соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ» деп ерекше бағалаған болатын. Сол...

ЖУРНАЛҒА БЕРІЛГЕН БАҒА

Он бес жылдық кезеңде «Мұқағали» журналы ақын жайлы зерт­­теу­лерді, қызықты естеліктерді өз қоржынына топтас­тырды. Мұқағали­тануға ден  қойған авторлар легін қалып­тастыр­ды. Журнал­дың энциклопедия тектес мазмұнмен шығуын...

Ақын ауылына келген ақ қарға

Маусымның 25-ші жұлдызында Қарасазға ақ қарға келді. Оны алғаш көрген орта мектептің мұғалімі Алпысбай Қасқырбаевтың немересі екен....

«Мұқағали» журналы №2, 2020 жыл

Журналдың кезекті саны көпсалалы «BTK-GROUP» компаниясының директоры Тоқан Ботабековтың «Мұқағали өлеңдері кәсіпкерге де керек» деген танымдық сұхбатымен ашылды. Бұдан кейін «Жетісу жыр жолдайды Жидебайға»...