Алматы облысының Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылын бұл күнде бүкіл қазақ біледі. Ол Алматы қаласынан 300 шақырымдық шалғайда жатыр. Ауасы таза, суы мөлдір, топырағы құнарлы, шалғынды, тоғайлы берекелі аймақ.
Қарасаздың тұрған жері еңселі Елшенбүйрек тауының етегі. Тарам-тарам сайлардың қойнауына көз салсаңыз, тұнып тұрған сұлулықты көресіз. Тәңіртаудың сүмбіле шыршалары қылқан жапырақтарын төгілдіріп, қысы-жазы жасыл бояуын өзгертпеген қалпында, ұшар басын жел тербеп, әсем бір дыбыспен өзара сыбырласып тұрғандай әсер қалдырады. Бұтақтарға ілінген қоңыр түсті қарағай бүрлері арудың құлағына таққан сырғалардан аумайды.
Қарағайлардың арасындағы ұйысқан мүк – әжелердің қомдаған түйежүн көрпесіндей жұмсақ та жайлы. Таудың өріне шыққанша маңдайың бусанып, тілерсегің талғанымен, бір сәт мүк – көрпенің үстінде шалқаңнан жатып тыныстасаң, қас пен көздің арасында тыңайып, сергіп кеткеніңді өзің де байқамай қаласың. Шетеннің, ұшқаттың, арша мен шыршаның, қарақат пен бүлдіргеннің хош иісі мұрныңды жарады. Әсіресе, жаңбырдан кейінгі таза ауа саумал самалдың дәрілік қасиеттерін паш еткендей.
Мұқағалидың кіндік қаны тамған, бала болып өскен және ержеткен ежелгі Қарасаздың қазір орны бар да, өзі жоқ. Баяғыда ол іргесінде бұлақ сылдырлаған, ынтымағы ұйысқан қоңыр тіршілікті қазақы ауыл еді. Адамдардың аяғы мен малдардың тұяғы қанша таптаса да сүрлеуінен шаң шықпайтын.
Ауылдың қапталында жылжып аққан өзенді Қарасу деп атайтын. Қаңтардың қақаған аязында бетіне қақ тұрмайды. Жарықтық, дәл қазанда қайнап жатқандай үлбіретіп буын бұрқырататын. Үлкендер «саздың суында май болады» дейтіні бекерден емес шығар. Ал, сазды жерге өскен шалғын – «өлеңшөп» деп аталады. Ақынның «Қарасаз, қара шалғын, өлеңде өстім» дейтіні сондықтан. Алқаптың бойын қуалап сабағы тікенді, гүлі әтір бұрқыраған бозқараған тоғайы бір-бірімен ұштасады. Сулы жерге бәрі әуес. Жабайы үйрек пен сарыала қаздың шоғыры жаздың салтанатына шырай қосып думандатады.
Талай ұрпаққа талбесік болған Қарасаз 60-шы жылдардың басында 3-4 шақырымдық тау етегіне біржолата қоныс аударды. Себебі, жерасты суы көтерілді. Бұдан кейін кешегі «Сәтқазақ» фермасы – қазіргі үлкен елдімекен Қарасазға айналды. Мұқағалидың мемориалдық мұражайы осы жерде.
Дегенмен, ескі Қарасазды ұмытуға тиісті емеспіз. Оған көңіл бөліп, көптің қызығып көретін саяхат орнына айналдырсақ қандай ғанибет! Өйткені, ақын осы жерден түлеп, алыс болашаққа аттанды. Жол бойына ескерткіш тақта қойып, қасиетті орынға тағзым етсек, несі жаман?!
Айтпақшы, Райымбек батырдың 300 жылдық мерейтойы тура осы жерде – ескі Қарасаздың орнында өтті. Кең өлкеден басқа жер таппағандай тойды сазда жасағаны несі деп налығандар аз болған жоқ. Кім біледі, бұл – батыр баба рухының тірілердің ұмытқанын есіне салған бір белгісі шығар. ��7�