(Мұқағали туралы сөздерінен үзінді)
Қазақ поэзиясы туралы айтқанда, Өтежан Нұрғалиевке тоқталамыз. Тарлан талант оқушы кезінің өзінде-ақ республикаға танылды. Студент шағында жыр жинағын шығарды. Мұндай ерекшелікке қол жеткізу кез келгеннің еншісіне бұйырмаған. Ең бастысы, Өтежан өлеңдеріне арналған оқырман сүйіспеншілігі қазір де сол қалпында.
Ардақты ақын халқына асыл мұра – сөз маржандарын қалдырды. Отызға жуық кітаптары соның дәлелі. Ақынның лирикалары жүректерді тербетті. Балладалары «Соғыстың соңғы жазын» айтып ерлік пен қасіреттің жырын шертті. «Афины мектебіне» айналған философиясы ойшылдығын паш етті. Ол көп оқыды, көп тоқыды. Қаламгерлік сертіне адал болды. Шекпен мен шеннің ыңғайына жығылмады. Қайсарлығынан танбай, үнемі ағынға қарсы жүзді.
Өтежан Нұрғалиев талантты әріптестеріне құрметпен қарады. Ақиқаттан аттамауды қалады. Ой-пікірлерінің астарына зер салсаңыз көп нәрсені көруге болады.
…Бара-бара ол туралы аңыз да, өтірік те көбейеді. Оған ғашық кемпірлер де шығады, Мақатаевқа арналар сый да үлкейеді. Бірақ поэзия, оның дүниеге қалай келгені жұмбақ болып қала береді.
Мақатаев – табиғаттың жұмбағы. Оның шығармашылық өмірбаяны жазылған жоқ.
***
«Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» демекші, өз пайдасынан гөрі өлеңнің… өнердің мүддесін биік қойып, қоғамның қыспағына көнбей, ағынға қарсы жүзетіндер немесе әдейі «қырсығып», өздерінің ерекше мінездерімен еркелеп жүріп-ақ маңайындағыларға ой салатындар менің көңіл түкпірімнен лайықты орын алады.
Мысалы, Мақатаев! Можа Алатаудың ұланы. Дарын десең дарын,түр десең түр… кескін келбет… денсаулық… бәрі бар. Екі қазақтың бірі сүйеді оны. Ал ол келеді де бір ел керемет кеш өткізсе, мәселен, қазақ әдебиетінің жыл қорытындысы болып жатса, әлдекімнен өш алғысы келе ме, барады да «Кім мынаны өткізіп отырған?! Бұл қазақ әдебиеті емес, бұл – мазақ әдебиеті! Тоқтату керек мұны!» дейді.
***
Ұстазым Мұқағали Мақатаев ештеңе алмай, тек беруге ұмтылған, поэзиядағы лапылдап жанып, маңайын нұрландырып тұрған алау… шамшырақ іспетті адам еді ғой.
***
Өтежан Мұқағалиға бата беріпті деу артықтау болар. Одан жасым кіші болса да, өзі сұрағасын ырымды тілек тілегенім бар. Негізі ол кісімен жақсы аралас–құралас болдым. Ол кезде Төлеужан Ысмайылов,Тоқаш Бердияров, Кеңшілік Мырзабеков, Еркін Ібітановтармен бір жүрдік.
Біз көшеге шыққанда тобымызбен дүрілдеп,
Абдолла неге жүрмейді,ортамызда күлімдеп, –
дегендей, Абдолла Жұмағалиев деген ақын болған. Бұл тізімді соза беруге болады. Ал бұлардан басқа есімдері мүлдем аталмай кеткен қаншама ақын-жазушылар болды. Таланттар шықты тас жарып. Қалғандары қалды. Себебі – ойлары биік емес еді…
***
Бердібек тірі болса, жоғары сыйлықтың бірін алуды күтер еді. Мұқағали болса, ол – Нобель сыйлығынан үміткер еді. Оны кім береді?! Құдай өзі қалап алып кеткен соң, олар біз көріп жүрген бүгінгі былықтардан бейхабар. Олар тірі болса, кісімсіп жүрген қырттардың әлі талай естерін шығарар еді. Бірақ марқұмдар ешкімнің мазасын алмайды.
***
Тағдыр деген өлген соң анықталады. Тірі адамның бәрі бақытсыз. Өлген адам бақытты. Сен екеуміз бір бірімізді түсінбейміз, Мақатаевты қайдан түсінеміз? Заман өтті. Мақатаев енді бізге жоқ. Бүгінгі жұртқа оның көлеңкесі, өтірік мақталуы, сосын өлеңі керек. Ал адам үшін ең қымбатты нәрсе өмір ғой. Осы тұрғыдан алғанда барлық ақын сорлы…
Тойып тамақ ішпесе, рахаттанып төсекте жатпаса, халқы оған «ақыным» деп айтпаса, құр өлеңмен бақытты бола ма?! Тірлікте көрмеген бақытты өлгенде көргеннің қажеті не? Мақатаев 45 жаста кетпеген болар еді. Әділетсіздікке, қиянатқа төзе алмады ол.
Өлеңдерінде осының бәрі бар. Бірақ жұрт оны түсінбейді. Оның барлығы біз оқығанда ар жағынан аңырап тұрады. Оркестр ойнап жатқанда жұрт оның тек тәтті ноталарын тыңдайды. Ар жағындағы зарды ешкім естімейді…
***
…Мен Мұқағалиға трагедиялық тұлға есебінде қараймын. Оны түсіну мүмкін емес. Мен өзім әйтеуір түсінбеймін. Одан әлдеқайда күшті ақындар аталмайды. Бірнеше ұстазы бар Мұқағали солардың көлеңкесінде тұрып, күн болып нұр шашып тұр. Міне, жұмбақ…
***
«Сағынарсың әлі Мұқағалиды» дейтін. Айтқаны келді…
Талай жақсы сөз, талай жақсы үлгі қалдырды. Жамандағандар досына, кешегі қашқандар қуып жүріп оқитындарына айналды.
«Мұқағали» журналы, №5, 2020 жыл