Журналдың кезекті саны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын мерейтойына арнаған Құттықтауымен ашылып отыр. Мұқағалидың 90 жылдық торқалы тойынан толық репортажды да осы саннан оқи аласыздар.
Сондай-ақ бұл нөмірге «Білгің келсе, алдымен зертте мені» атты мұқағалитануға арналған бәйге жүлдегерлері — Амангелді Кеңшілікұлының «Құбылыс», Мақұлбек Малдарбековтың «Мұқағали – мәңгілік сағынышым» және Сәмен Құлбарақтың Ұлылар үндестігі» атты зерттеулері топтастырылды.
Кезінде Қазақ радиосының дикторы болған, Мұқағалидың көзін көрген, тәлімін алған інісі Бақытжан Атагелдиевтың «Естен кетпес үш естелігі» де өзінше әсерлі. Дастан Қасенұлының «Асқарбек ағаның өкініші» деген мақаласы өткен күндерден сыр шертеді.
«Болмысы бөлек жан еді» атты Батық Мәжитұлының Тілеужан Сақалов туралы естелігі аспантаулық таланттың болмысын паш етеді. Кулимақан Тараншықызының бір топ өлеңдері де оқырманға ұсынылды.