Кезінде республиканы басқару ісіне араласқан мемлекет қайраткері. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшесі болды. Алматы қаласының, Алматы облысының бірінші басшысы қызметтерін атқарды. Елдік мәселелерге де назар салды. Алматыдағы Райымбек батыр жатқан жерге алғаш белгітас орнатуға күш-жігерін жұмсады. Мұқағалидың 50 жылдық мерейтойын өткізді. Ақынның отбасына жаңа пәтер кілтін ұсынды.
– Кеңес аға, әңгімені Мұқағалидың 50 жылдық мерейтойынан бастасақ. Өйткені, сол тойды өткізудің жұмысын сіз басқарыпсыз.
– Адам өмірінде ұмытылмайтын бір оқиғалар болады. Мұқағалидың 50 жылдық мерейтойы мен үшін сондай оқиғалардың бірі. Неге дейсіз ғой? Себебі, «той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін» деген ақынның рухын мәртебелеу бәріміз үшін қуаныш, бәріміз үшін сын болды. Ақын халқым деп еңбек етіпті. Еңбегін еліне арнағанына шүбәсіз сенген. Оны уақыт мойындады. Ал даңқтың қашанда кешігіп келетіні рас қой.
Мен билік лауазымдарына жастай араластым. 35-імде Алматы қаласының бірінші басшысы болдым, 39-да сол кездегі астаналық облыс – Алматы облысының бірінші хатшылығына сайландым. Осыған сай бір мезгілде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшесі болдым. Бұл – Алматы қаласы билігіне де пәрмен етеді деген сөз. Бұлай дегенде, мен еншілеген лауазымды санап, мақтанайын деп отырғаным жоқ. Осы пәрменнің Мұқағали ақынға тигізген пайдасына тоқталмақпын.
Жаңылмасам, 1981 жылдың басы. Жиналыс өткізіп жаттым. Көмекшім Нұрлан Сүлейменов келіп сыбырлап, қабылдау бөлмесінде ақын Әбділда Тәжібаевтың отырғанын айтты. Қазақ әдебиеті алыптары қатарында аталатын Әбекеңді кім білмейді. Күттіріп қоюға дәтім шыдамады. Мәжілісті 5 минутта бітірдік.
Әбекеңді былайша білемін. Өлеңдерін оқып, сөздерін тоқып, құрмет тұтатын інілерінің бірімін. Сөйте тұра, жақын араласудың сәті түспепті. Үлкен қаламгермен емен-жарқын сөйлесудің реті енді келді.
– Кеңесжан, – деді Әбекең, – өзің білесің, мен Димекеңе тоқтаусыз кіре алатын адаммын. Мезгілін айтсам болды, ол кісі қабылдайды. Бірақ, мен ұсынатын мына мәселенің саған қатысы бар.
Мұқағали Мақатаевты білетін шығарсың. Қазақ өлеңінің көгінде жұлдыздай жарқыраған талант. Қырандай самғап биікке шықты. Сол биікте мәңгілікке қалды. Небәрі 45 жасында дүниеден озды. Сенің облысыңның тумасы. Биыл сол ақынның 50 жылдығы. Оны биліктегілер қалай ескеріп жүр, оны білмеймін. Ал артында қалған мұрасын халқы қадірлейді.
Әбекең осылай деп буырқанып алды да әңгімесін жалғастырды.
– Әлі есімде, «Қазақ әдебиеті» газеті бізге редакцияға жас таланттардан келген өлеңдерді оқуға беретін. Дұрыстап талдап, пікір айтуымызды сұрайтын. Сондай шығармалардың бір парасын үйге алып келдім. Кешкі астан кейін асықпай қарай бастадым. Шалғай ауылдан жолданған мынау жырлар мені баурап барады. Үнінде жасандылық жоқ. Суретімен, бояуымен ерекшеленеді. Жүректен шыққан тіркестер. Авторы кім деп қарасам, «Мұқағали Мақатаев» деп тұр.
Сөйтіп, Мұқағалидың топтама өлеңдері менің алғысөзіммен әдебиет газетіне жарияланды. Содан бері Мұқағали екеуміз рухани туыспыз. Ақын інім үмітімді ақтады. Ол мен діттеген биіктен көрінді.
Мұқағали – өте күшті ақын. Жалған дүниеде жақсыға жау көп. Ол – заңдылық. Оның күштілігін жоғарыда отырған мына сендерге түсіндіріп айтатындар аз. Тіпті, жоқтың қасы. Керісінше, кей адамдар таланттың әлсіз тұсын дабырайтуға құмар. Дұрыс білмеген соң, үндемей жүрген шығарсыздар. Ал Мұқағали ақын үндемеуге көнбейді. Сондықтан, мерейтойға қатысты мәселенің бәрін өзің ретте. Ары қарай бармаймын. Сенің алдыңнан қайтамын. Жарай ма!
Осылай деп Әбекең орнынан тұрды. Мен пікір, ұсынысын құптадым.
– Той қарсаңында Мұқағалиды тануға кіріскеніңіз анық. Осы жолда не көріп, не түйдіңіз?
– Орталық Комитеттің асханасына түстенуге барғанда Димаш Ахметұлына жолықтым. Кабинетіне кіріп, әңгімелестім. Бүгінгі кездесудің мәнісін баяндадым. Ол кісі сөзімді зейін қоя тыңдады. Бәрін түсінді. «Жақсылап өткізу керек. Тойға қатысты не айтсаңдар да қолдаймын» деді.
Ертесінде Орталық Комитеттің мәдениет бөлімінің меңгерушісі Михаил Есеналиев бар, Әбділда Тәжібаев, Ғафу Қайырбеков, тағы бір-екі жазушы бар, бәрі маған келді. Ақылдастық, келістік. Нәтижесінде Жазушылар одағында салтанатты жиналыс өтті. Содан кейін той Нарынқолда жалғасты. Ас беріліп, ат шапты. Нағыз ақынның тойы халықтың өз тойына айналып кетеді екен.
– Сол жылы Мұқағалидың бабасы Райымбек батырдың басына құлпытас қойылды, «Райымбек! Райымбек!» дастаны газетке шықты. Осы оқиғалардың бір-біріне үйлесіп келуіне қандай баға берер едіңіз?
– Жасыратын не бар, Мұқағали шығармасын там-тұмдап білгенмен, жырларын тиянақты оқымаған едім. Мерейтой қарсаңында дұрыстап қарауға тура келді. Әбекең, Әбділда Тәжібаев дұрыс айтқан екен. Бір өлеңі бір өлеңінен асып тұр. Сен жай адамсың ба, әлде биліктегі қызметкерсің бе, оған қарамайды. Артынан ертіп, алға жетелейді.
Мұқағалидың шыққан тегі осал емес. Райымбек батырдың тұқымы. Райымбек демекші, 1977 жылы Алматы қаласын басқарып жүргендегі бір әңгіме ойға оралды. Тәшкент көшесінің бойында жатқан Райымбек батырға байланысты сөз қозғалды. Батыр ұрпақтарынан «мүрденің басын қарайтсақ» деген ұсыныстар түсті. Ол кезде қарайтудың өзі қиын. Мүрденің айналасына құрылыс жүре бастапты. Дереу Димекеңе бардым. Осылай да осылай деп болып жатқан оқиғаларды айттым. Димекең «дереу тоқтат» деді. «Мүрденің басына граниттен құлпытас қойып, айдың суретін айшықтап, «Райымбек батыр» деп жазып қоюға болатын шығар» дедім.
Әрине, үлкен ескерткіш, үлкен кесене салу үшін үкіметтің қаулысы керек. Мәскеу рұқсат бермесе қазақ үкіметі ондай қаулыны шығара алмайды. Соны есептеген болуы керек, «бар мүмкіндікті пайдаланып, бәрін өзің шеш» деді Димекең. Сол жолы АЗТМ жасаған шойын қоршаулармен бейітті қоршаттым. Мүрдеге жақындаған құрылыс келген жерінен тоқтады.
Ақынның 50 жылдығы қарсаңында Райымбек батыр мәселесі қайта қозғалды. Бұл жолы тілге тиек ететін негіздер табылды. Өзім куә болған жағдай былай еді. Жалмағамбетов деген кісі облыстық КГБ-ның бастығы. Сол кісі Қытайдан екі кітап әкеліпті. Әлгі кітаптағы деректе Райымбектің атасы Қангелді Ресейге қосылсақ деп патшаға хат жазып және қосылу құжатына ел атынан қол қойған жеті адамның бірі екен.
1981 жыл. Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуының 250 жылдығы еді. «Осыған сәйкестендіріп енді Райымбек батырға ескерткіш қоюға болатын шығар» дедім Димекеңе. «Әрине» деді ол кісі де қуанып. Баяғы гранит құлпытас дайын тұрған. Әкелдік те орнаттық.
Жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің де осы жұмыстарға бастамашыл болғанын айта кеткеніміз жөн. Ол Мұқағалиды шынайы жақсы көрген қаламгер. «Райымбек! Райымбек!» дастанының жарыққа шығуына ықпал еткендердің бірі. «Лениншіл жас» газетінің редакторы Сейдахмет Бердіқұлов поэманың оқырманға жетуіне барын салды. «Бұл қазақта жігіттер бар нарқасқа» деп қалай айтпайсың?! Осы жұмыстардың бәрі 1981 жылы жүзеге асып, ақын мерейтойына арналған сыйлық болды.
– 1981 жылы ақынның отбасына қала орталығынан төрт бөлмелі пәтердің кілтін берген де сіз екенсіз. Мұны біреу білсе, біреу білмейді. Мәнісін өз аузыңыздан тыңдасақ деп едік.
– Мұқағалидың шығармасын тереңдетіп оқи бастағанымды айттым. Ал ақынның өз басын бұрыннан білетінмін.
Қаланы басқарып тұрғанда кабинетіме кім келмеді?! Әдебиет, өнер адамдарының қарасы үзілмейтін. Бәрін қабылдадым. Өтініштің көбі – үй мәселесі. Қолымнан келгенше оны реттеуге күш салдым. Кезегін күттірсең, ұзақ жылдарға кетеді. Амал жоқ, заңды айналып өтуге тура келеді. Заңды бұзсақ, қазақтың зиялылары үшін бұздық. Алайда мен Мұқағалидың келгенін көрген жоқпын. Егер келсе, сол кездегі көмекшім, қазір Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Сүлейменов айтар еді ғой. Ондай сөзді әлі күнге дейін естімедім. Тіпті, опера-балет театрында ұшырасып қалдық. Жылы шыраймен қолын бұлғады. «Кеңесжан, айналайын, барлығын білемін. Аман болып жүр» деп ниет, тілегін білдіріп өте шықты. Мен де риза көңілмен басымды изедім.
Жағдайының қиын болғанын кейін естідік қой. Қонаевқа хат жазып, ол хат үлкен кісіге жетпей қалғанына өкіндім. Мұқағалиды Қонаевқа кіргізіп, әңгімелестіру күрделі шаруа емес еді. Дүниесі түгел секілді, ешкімге сыр білдірген жоқ.
Өткен іс өтті, оны енді қайтып келтіре алмайсың. Бірақ, Мұқағалидың 50 жылдығы отбасына бір шапағатын тигізуі керек деп ойладым.
Лашын жеңгемізді арнайы шақырып, әңгімесін тыңдадым. Ақын тар үйде жұпыны өмір сүріпті. Бірақ жыр жазбаған күндері сирек екен. Басқа мәселеге көңіл аударуға мұршасы болмаған секілді. Біз халықтық жұмыстармен қарбаласып жүрсек, Мұқаң өлеңнен бас көтере алмаған. Кезінде маған неге келмегенінің бір себебін өзімше ұққандай болдым.
Сонымен, ақынның отбасы Фурманов пен Құрманғазы көшесінің қиылысындағы кірпіштен жасалған сәулетті үйдің үшінші қабатындағы төрт бөлмелі жаңа пәтерге қоныс аударды.
– Дүниеден озарының алдында Мұқаң Д.Қонаевқа хат жазыпты. Оған қақысы да бар еді. Ленин туралы төрт поэманы, Маркске арнап «Мавр» дастанын дүниеге келтірді. Және олар саяси құрғақ толғаныстар емес, көркем дүниелер. Әлі күнге дейін оқылады. Үлкен адамға жіберілген сол хаттан сіздің хабарыңыз бар ма?
– Орталық Комитетке қаратып жазылған хат міндетті түрде тіркеледі. Сондықтан жауапсыз қалмауға тиісті. Неге екені белгісіз, Мұқағалидың хаты Димекеңнің қолына тимеген. Ол жайлы үлкен кісінің құлағы шалса, барлық мәселе шешілетін еді. Өмірде не болмайды!?
– Мұқағали жырларының әсерін қалай сезінесіз?
– Мұқағали өлеңінің жаманы жоқ. Соның ішінде маған ерекше ұнайтыны – табиғатты суреттеген жырлары. Мәселен, таңның атып келе жатқаны, күннің ұясына батқаны, ымырттың түскені, жайлаудың сипаты, таулардың асқақ кейпі – дәл бейнеленеді. Бояуы анық, мағынасы терең. «Тілге жеңіл, жүрекке жеңіл». Қарапайым ғана қиысқан осы тіркестерді тіпті өзің жазып тастайтын сияқты көресің. Халықтық шығарма қандай болады дегенге, ол тура осындай болады деп күмәнсіз айта аласың. Мұқағали сенімен кәдімгі тірі адамдай әңгімелеседі.
– Мұқағалитануға арналған мәселенің бітпейтіні анық. Бұл жайында жеке пікір, ұсыныстарыңыз бар ма?
– Ақын даңқы Қазақстан аясынан шығып, шет елдерге тарады. Демек, оқырман саны келешекте еселеп өседі. Соған лайықты шаралар жасауды ойластырған жөн.
Ақын мұражайы – Қарасазда. Оған әдейілеп бармасаң, жиі соға алмайсың. Поэзияға қатысты шаралардың бәрін ол жерде өткізуге мүмкіндік жоқ. Сондықтан маған бір ой келеді. Алматыдан да бір орталық ашса артық болмайтын шығар. Мұражай Қарасазда тұра берсін. Жаңадан ашылатын орталықтың оған пайдасы тимесе, зияны болмайды. Бұл жерде жастар жиі бас қосып, пікірлессе, өлең оқыса, ойларын ортаға салса қандай ғанибет!
Кезінде мұндай тәжірибені біз де бастан өткізгенбіз. Комсомолдың орталық комитетінде идеология хатшысы болып жүргенде Алматыдағы Гоголь мен қазіргі Абылай хан көшесінің қиылысындағы «Қаракөз» кафесін осындай жұмыстарға пайдаландық. Қадыр, Тұманбай бастаған жас ақындар бас қосуды өлеңнің көрігімен қыздыратын. Сол жиындар таланттарды шыңдады.
Осы тәжірибені қазір де қайталасақ несі бар. Тағы бір шын жүйріктің сөреге жетуіне Мұқағалидың септігі тисе, ұлтымыз үшін үлкен қуаныш қой. Сондықтан, орталық па, клуб па, сондай орынды ұйымдастыруға қалталы азаматтар атсалысса екен деймін.
– Соңғы сұрақ, «Мұқағали» журналы туралы не айтасыз?
– «Мұқағали» журналы үнемі менің үстелімде жатады. Неге жататыны ендеше түсінікті шығар.
Ақын мұрасын ардақтау жолындағы ең үлкен жұмыстың бірі – журнал. Оның оңай шықпайтынын сеземін. Шығармашылық ізденісті жетілдіре беріңдер. Бұл – жастар үшін таптырмайтын сыйлық.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Батық Мәжитұлы
Мұқағали» журналы №9-10, 2013 жыл