РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Мұқағали Мақатаев. Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталуға тиісті

30 наурыз 1972 жыл

«Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталуы тиісті»…

Дүниеге жаңа келгендеймін. Ой-санам, жүріс-тұрыс, мінезімде сұмдық өзгеріс бар. Сәл кештеу оянған жоқ па?… Әлде дер шағы ма екен?!

2 сәуір 1972 жыл

Бүгін (дәл қазір, 2-апрель, түнгі он екілерде) тырналар ұшып өтті. Столға отырғаным сол еді, тырнаның даусын естідім. Біздің жаққа қарай ұшып кетті. «Ақ тырналар аспанға сына қағып…» ұшып кетті…

Пушкин мен Абайға айналып соға берем, соға берем. Апырмай, Пушкин-ай, соншаның бәрін қашан жазып үлгерді екен.

22 ақпан 1972 жыл

…Адамдардың арасында болған алауыздық мені де шарпымай өткен жоқ. «Жұлдыздың» делосын өткізіп беріп, поэзиямды өзім алып қалдым… Әзірге немен тынары белгісіз, барым менің, балам менің, жарым, жақсылығым менің – поэзиям, тек сені сақтап қалсам екен. Сені де өлтіргісі келе ме, қалай?! Олай бола қоймас, егер бола қалса, қалған өмірдің қызығы не маған. Ойлап отырсам, менде бір арман бар екен. Ол – қалайда халқыма ұнау. Тек соған ғана жасырмай шынымды айтсам деп едім. Халқым, үнімді саған қалай жеткізем?.. Айналам тарылып, құрсауланып барады.

Ей, қалам ұстаған, қаламдас бауыр-қарындастарым, Халықты ұмытпаңдар! Халықсыз күндерің қараң! Оны сүйемін деп байбалам салмаңдар. Оған тек ғашық бола біліңдер!

6 наурыз 1973 жыл

…Поэзия – ғылым. Зерттеу керек. Адам өмірінің, адам жанының зерттелмеген, қалам тартылмаған несі қалды? Соны табу, соны зерттеу керек. Адам сезімін жан-жақты зерттейтін құдірет болса, ол тек – поэзия. Басқа ешқандай да ғылымның қолынан келмейтін шаруа бұл!

17 наурыз 1973 жыл

Өткен аптада Мүсіреповте (үйіңде) болдым. Бұл адаммен жақын келіп сұхбаттасқаным осы. Үйінде өзі жалғыз екен. Жылы қарсы алды. Екі сағаттай әңгімелестік. Мен Ғабеңді бойындағы дарынның барын беріп болған адам деп айта алмаймын. Ал бойында жасырынып жатқан жанар тауы бар екеніне күмәнім жоқ. Уақыт-ай!.. Әдебиет, жалпы искусство жөнінде болар-болмас шолу жасап, пікірлестік. Қарт әріден ойлайды. Қазіргі қазақ поэзиясы қатты толғандырып жүрген көрінеді. Бірдеме десем бе дейді.

«Аққулар ұйықтағандаға» тебіреніп пікір айтты, сүйсініп қалды. мен ыңғайсыздандым, онымды түйе қойды да, қоя қойды. Өлеңдер оқыдым. Кетерде маған қалам сыйлады (алтын қалам).

Қарт қартайған екен. Бүкіл үйде жалғыз өзі отырғаны қатты әсер етті маған… Кабинеті жұпыны, жазу столы тіпті жұпыны, басы артық дүниелер, әлеміш-жәлеміштер жоқ. Ұзынды-қысқалы, бір түстес, үшкір ұшталған қара қарындаштар. Тілдей параққа арапша жазып тастапты, жаңадан жазылған, сірә. Қорапқа салған екі мылтығы тұр. Кіреберісте саятшының сауыт-саймандары… Ретін тауып, өзімен ұзағырақ сөйлесер ме еді, біраз бірге болып, достасар ма еді. Тәңірім-ай, бұлар деген аяғын үзеңгіге салып тұрған адамдар ғой…

20 наурыз 1973 жыл

Құрбы-құрдас, замандастар мен туралы көп-көп қауесет таратады. Біріне бірі айтады, «өзімсініп» өзіме де айтып қалады. Көбісін бояп, бірінен бірі жаңартып айтады, ал мен олардың қай қырымнан қасығысы келіп тұрғанын түсінбейді ғой дейсің бе?.. Түсінем. Бекер обалдары не керек, бәрінің сыйлайтынын да білем. Білем де қоям, қарсы болмаймын, айта берсін, арамдық ойласа, өздерінің басынан артылмасын. Тек менің жұртқа зиянсыз екендігімді түсіне ме, жоқ па?!

Мен үшін дүниенің ең қорлығы – адамның айыбын бетіне басу, оның нашарлығын дәлелдеу. Бұл. – бір. Екінші – болмайды, жарамайды, жоқ деп айта алмайтыным. Қорлықты осыдан тартып жүрмін. Көңілшектік – менің осал жерім. Сірә, сүріне беретінім де осыдан болар.

Уақыт өз рөлімді маған да бөліп берген, соны дұрыстап ойнап шығу жолында мен де тырбанып бағам, әрине. Демек, мінездегі жасандылық (артистік) маған да бөтен емес-ау…

9 сәуір 1973 жыл

Адам өмірінің бақыты – балалық шағы. Балалық шақ бақытсыздықпен өтсе, санасы бар пенденің бүкіл ғұмырына ақау түскені…

21 сәуір 1973 жыл

…Бүгін таңертең балконға шығып едім, мұрныма ауылдың көктемінің иісі келді. Сонау «Айқайтастан» соққан жайлаудың самалының иісі келді.

Сонау соғыс жылдары шешем екеуміз, әжем де бар, қой айдап жайлауға алғаш көшіп барған балауса, балғын шақ есіме түсті. Әлі мал аяғы таптамаған Шалкөденің жап-жасыл жазығы тұрды көз алдымда. Сол кезді, сол табиғатты бірінші рет маған көрсеткеніңе құлдық, тәңірім!

Сұлу сүйіп, сауық құрмай барам. Мейлі, өкінбеймін. Туған жерімнің тұнып тұрған қылшығына қылаң түспеген сұлулығын алдымен мен сүйгем! Соның бәрінің қызығы менде, менімен өзіммен бірге кетеді. Ол аймақ баяғыдай, менің балауса шағымдай сұлу емес қазір. Жоқ, сұлу емес. Ол да бөлек қазір, мен де бөлек. Екеуі де өлген. Тек менің кеудем мен миымда ғана. Менімен бірге өледі…

18 желтоқсан 1973 жыл

Үнемі Москвада тұрып, сонда тірлік еткендей, Москва неге ой-түсімнен шықпайды?

Алматыға, адамдарға деген біртүрлі жатырқау бар. Қалай дегенмен Москваның аты Москва, онда бәрі оңайырақ. Ол жерде бір нәрсені үйренуге, әлденеге қол жеткізуге болады. Бастан өткен аяулы бір дәурен сияқты. Бір нәрседен арманда қалған, сол жерде бір асылымды ұмыт қалдырғандаймын… Өмір болса, тұра тұрсын, досты сол халықтың арасынан іздеу керек екен.

24 желтоқсан 1973 жыл

Бұл жыл да өтті. Жырмен басталған жыл жырмен аяқталды. Күйбеңмен, азаппен өткен өлі күндерді қойшы. Жырсыз өткен күндер – мен үшін өлі күндер. Тәңірдің бұл алданышты қиғанына да құлдық. Поэзия болмаса қайтер едім?! Ақынның өз мемлекеті, өз қоғамы, өз дүниесі бар. Бұл аз дүние емес. Демек, мен сол үшін өмір сүрем, сол үшін күресем. Күресем?! Кіммен, немен күресем? Өзіммен өзім бе?!

Соңғы сөзді айтып өлу керек қой… Қандай сәби едім. О, Тәңірім! Түйсік бере көр, түсінік бере гөр!..

3 қаңтар 1974 жыл

Өз шығармашылығымда қай жерде әлсіз, қай жерде күшті екендігімді өзім жақсы білем. Әлсіз жерім менің кінәм емес, ал күшті жерім – мен өмір сүріп отырған ортаның еңбегі емес. Үнемі өзімді өзіме қадағалатып, мәңгі мені қауіптендірумен келе жатқан уақыттың да еңбегі емес.

Қазір ақын болу қиын…

27 мамыр 1974 жыл

Келесі жылдың осы күні қандай күйде болатыным маған мүлдем белгісіз. Жалпы, менің бүкіл саналы өмірім осы күдікті шыр айналумен келеді. Мен тіпті дәл ертең не болатынын да білмеймін. Әрдайым белгісіз бір күйде қалам.

Биыл 19-майда өмірімде бірінші рет, бәлки, соңғы рет үлкен кісіге өтініш білдірдім. Оның атына орысша жазып үлкен хат жібердім. Шынымды айтып, ашына бәрін мойындадым. Ешкімнің үстінен шағым айтпадым. Бұл әрекетімнен не шығатыны, мені алдымда не күтіп тұрғаны белгісіз. Хатым қолына тие ме, білмеймін, ол өзі оқып танысар ма екен әлде жоқ па? Мені тек бір нәрсе үміттендіреді: егер ол өзі танысса, сондай үлкен адамда қалайша үлкен жүрек болмайды?Оған өтініш білдіріп отырған көптің бірі емес, ақын ғой, үлкен жанды ақын… Әзірше күтудемін

«Чили, шуағым менің!» 27-февральда (1974-ж) «Социалистік Қазақстанда» толық басылды. Қуаланды қу байтал халімде жарық көрді. Жұрттың бәрі бір адамдай жақсы қабылдады. Көргісі келмегендер көрмей-ақ қойсын.

Бір нәрсеге өзіме өзім дән ырзамын. Ол – өзімнің ақындық болжамым, ақындық интуициям. Пабло туралы менің поэмамнан кейін Одақтық баспасөзде көп материалдар жарияланды. Әрине, олардың бірімен де мен таныс болған емен. Солармен кейін таныса отырып, дәл басып, бұрын білмеген жайттарымды алдын ала нақ айтқаныма мақтанам. Неруданың сүйегін қабірінен қазып, ұрлап әкетіпті, кітаптарын өртепті. Мен мұны білгем…

Сүйікті балаларым менің! Ақылсыз болмаңдар! Өмір тола қауіп, абай болыңдар! Өмірдің әрбір құбылысына байыппен, ақылмен қараңдар! Жөні жоқ мейірбан, жұмсақ болмаңдар. Өмір барда жауыздық та бар. Мейірбандықпен, жұмсақтықпен жауыздықты жеңуге болмайды. …Бір сөзбен айтқанда, сүйе де, жек көре де біліңдер, бірақ әрқашан адам қалыптарында қалыңдар! Әрдайым сақ болып, әрдайым өздеріңді бағалай біліңдер!

Балаларым менің! Балаларым менің! Егер сендер түсінсеңдер ғой мені…

Тап келе қалған жағдайға дереу бейімделе кетіп, кез келген лажсыз жағдаймен амал тауып, кез келген қауіпті айналып өте алатын, қарсыласпайтын, тек бірақ жел шайқаған көк шыбықша майысып қана қоятын адамдар ғана ақылды әрі табыстан табысқа жеткіш, бақытты болып саналмақ па? Ал ешкімге бас имейтін, кез келген жауыздық пен зорлыққа әрдайым қарсы тұруға тырысатын және жауыздықтың қорланған құлы болғанша, түп-тамырымен қопарылып қалғанды артық санайтын қарт еменше қара дауылға қасқайып қарсы тұратындар неге бақытты деп есептелінбейді? Қалай дегенмен де, бұл ғасырда біз алдыңғыларды ақылды санаймыз. Және оларға қызығамыз, ал соңғыларды не ақымақ санаймыз, не жолы болмағандар дейміз де, байғұсты кекесінмен менсінбей шығарып саламыз, ондайға жоғарыдан, жақтырмай қараймыз. Мыңдаған мысал келтіре алам, ол өздеріңнің де қолдарыңнан келеді…

Сүйікті менің балаларым, бұл жөнінде маған сендерге екінің бірін ұсыну қиын, өздерің қалап алыңдар. Сендердің тағдырларыңның қалай болатыны маған белгісіз…

29 мамыр 1974 жыл

Менің үлкен кісім үнсіз, қаламдастарым да үнсіз. Менің тағдырым, ақын тағдыры қалайша ешкімді селт еткізбеді? Білмеймін, мен өзімді өзім әбден аямай айыптап біткенде, олар мені қалайша тағы қайта жазғырмақ? Мен, бәлкім, өзі де онды біткелі тұрғанда, өтініш айтпайтын жаққа өтініш айтып, шалыс қадам жасап қойдым ба?! Кейде шын жүректен айтқан сырыңның бумерангқа айналып, өзіңе қайта оралып соғуы да ғажап емес. Егер тағы қайтадан бас-көз жоқ сөгу, даттау басталып кетсе, қайтем?!

Ашығын айтқанда, өзімнің қандай адам екенімді де білмеймін. Көңілшек екенім рас. Алайда жаным менің тым мейірбан, жүрегім менің өте жұмсақ. Сірә, сондықтан шығар Толстойдың «жауыздыққа зорлыққа қарсыласпауын» менің де қолдайтыным? Солай ма?!

Адамдарды жауыз деп айта алмаймын, өйткені оларды аз білем. Мен зерттеуші емеспін, ақынмын. Адамзаттың қайғысы мен қуанышы мені жеке адамның өзінен артық қызықтырады. Адамдардың жаман екенін, жақсы екенін ажыратушы мен емеспін, өйткені өзім де солардың бірімін. Мені жұрттың тағдыры, оларды қоршаған ортаның шындығы, олар өмір сүріп отырған уақыт, оларды басқарып отырған қоғам қызықтырады…

1 маусым 1974 жыл

Кеше үлкен үйдің бір адамын Жазушылар одағында жолықтырдым. Ол ч-к (ченеунік. – сарашы) менің хатым жайында білетін болып шықты. Ана кісіге деген өтінішім мынау секілді біреулердің қолына тиді ме деген күдік биледі мені. Егер олай болса, онда үміт аз, өйткені мен кімнің кім екенін, кімнің кімге қызмет жасайтынын білем… Шынымен-ақ адамдардың жүрегі бітеу етке айналып кеткені ме? Мемлекеттік қызметкерлердің шынымен-ақ халықтың, оның бір бөлшегі болып саналатын мен сияқтылардың мұң-мұқтажына құлақ асуды қойғаны ма? Адамдарды енді түсіне бастағандаймын. Менің ішімде әлдене өлді. Адамдарға деген сенімімді жоғалта бастадым. Сондықтан қолында билігі барларға титтей де ықыласым жоқ! Араларында бір-біріне деген сатусыз, екі жаққа бірдей таза сенімі, саналы, кісілікті сыйласымы болғандықтан да адамдардың малдан айырмасы бар. Біз онсыз бір-бірімізден айрыламыз, өзімізді де, өзгені де біржола құртамыз. Жан дейтін байлықтан айрыламыз. Жансыз ештеңе жасалынбайды. Жан кеткен соң, өзіңді өлік деп есепте! Демек, жан сақтау үшін күресуге болады

…Бір кеще отырып алып маған, жорамал қазақ «Алтын адам» туралы поэма жаз деп ақыл айтады. Оның мүмкін еместігін айтып, жуырда жазған «Алтын адам» атты өлеңімді оқып бердім. «Алтыннан қымбат адам қайда?» – дедім әлгіге. Бір нәрсеге ғана көзім анық жетеді: егер ол адам шынында да біздің арғы тегіміз болса, ол өзінің де, алтынының да бағасын білген екен. «Алтын адамның» кім екенін анықта, маған түсіндіріп бер: өзінің бүкіл алтыны алтын табытқа айналатынын, ал кейінгі ұрпаққа тек алтынның өзі ғана жететінін тірлігінде бұл алтынға оранған өлік ойлады ма екен? Маған оның кім екенін, қандай адам болғанын, ана алтын киімді киюге тати ма – соны білу қажет. Сонша алтынды оның қайдан тапқаны маған белгісіз, ал алтынның оңайлықпен табылмайтыны бәрімізге аян. Сондықтан мені дұрыс түсін, қымбаттым, поэзия журналистика емес, ал ақын дабыра туғызатын жағдайларға жүгіре беретін журналист емес, алтынмен киіндіріп қойған қаңқа сүйек табылғаны үшін ғана поэзия жазуға бола ма?! Алтынға малынған адам туралы жазғанша, елсіз далада көмусіз қалған адамның бас сүйегі жайында қуана-қуана поэма жазар едім

1 қазан 1974 жыл

Бойында бір тамшы таланты жоқ бола тура, талантты әдебиетшілердің қатарында тұрғысы келгендер ақымақ емес, өз шығармашылығын бүгінгі күнмен және өзінің ұранды патриотизмімен өлшейтін, сөйте тұрып, әдебиетте қалғысы келетіндер – ақымақ. Үнемі іздеп жүретін және ылғи әдебиеттегі «бос орынды» тауып ала қоятындар ақымақ. Осы күні талантты адамдар әдебиетте аз рөл атқарады. Қазіргі біздің әдебиетке құлдық ұра беретін құлдар қажет. Олар, әрине, «борозданы бүлдірмейді». Осы күнгі ережелер оларды толық қанағаттандырады. Рұқсатпен жазады, жұмыс істейді, тамақ ішеді және жүріп-тұрады. Олар тәртіпті. Өйтпегенде ше, талант буырқанса, ол оз жолымен қозғалғысы келеді және жолдан шығып кетіп, бірдемені бүлдіріп те алады, сондайда құлдар аяқ асты табыла кетеді. Ұятсыздар, олар таланттың орнын баса қоюға дап-дайын және ойлап қараңызшы, «орнын басады да». Орынға отырады да, таланттардың үстінен бұйыра бастайды. О, қандай күйінішті! Одан өткен күйініш болмайды…

6 қазан 1974 жыл

Әдебиетімізді арамшөптерден тазартатын күн туар ма екен?! Қайдам?! Осы күнгі әдебиет – нағыз таланттардың әдебиеті емес, пысықтардың, жерлестер мен достардың, жағымпаздар мен қорқақтардың шатпағы. Әдебиеттің көкжиегіне өйтіп-бүйтіп бір алаяқ іліне қалса, ол өзі сияқты бір Санчо-сыншысымақты сүйрелей келеді. Ол «сыншысымақ» белгілі бір уақытқа дейін өз шәркейін сол салада сүйретіп жүріп жатады. Жағдайы барда айпап-жайпап қалуға тырысады. Біреуге жағымпазданады, біреуді қорқытады (өзі де қорқады), содан соң жан-жағына қарайды: жоқ бұдан ары бүйте беруге болмайды екен; ол өзінің шатпақайшыл серіктестерінің көмегімен ұялмай-қызармай үлкен әдебиетке аяқ салады, сөйтіп енді өзі шығармалар жаза бастайды. Сондықтан бізде ай сайын әдебиетімізде жаңа, бірақ өзі белгісіз, аты-жөнсіз бір «жұлдыз» пайда болып жатады. Ал біз құнарлы топырағымыз тағы бір арамшөпті өсіргенін елемейміз. Қашанға дейін осылай созыла бермек? Арамшөптерді түп тамырымен жұлып тастауға әлдекімнің батылы жете ме? Менің ойымша, ол бір ғана кісінің қолынан келетін іс емес. Сондықтан мен әдебиетіміздің тазалығы үшін қиналатындарды, азшылық таланттарды мынаған шақырам: Достар, таланттар! Бірігіңдер! Барлық шатпақайшыларға қарсы майдан ашыңдар! Олардың жебеп-жебеушілерін түгелдей әшкерелейік! Ұқсаңдаршы, біздің әдебиетіміз тұншыға бастады!

24 қаңтар 1975 жыл

Менің көзім енді ашыла бастағандай. Басқаларды,қоршаған ортамды ұға бастадым. Неге екенін, кейде маған бүкіл адамзаттың баласы дос болып көрінеді, ал кейде туған шешем де қас сияқтанып кететін сәттер бар. Ол, сірә, менің адамдарға соншалық шектен тыс жаным ашып, есесіне олардан да өзіме сондай жанашырлық күткендіктен болар.

Жұртқа түсінікті болғым келеді. Мен олардың маған жаны ашығанын, мені сыйлағанын қалаймын. Өйткені өзім оларды шексіз сыйлаймын. Мен жайында не ойлайтындарын жұрт мейлі айта берсін. Оларды тоқтату менің билігімдегі нәрсе емес. Алайда олардың жасырын жаулықтары менің назарымнан тыс қала алмайды, бәрібір білем. Білем, сонан соң ерте ме, кеш пе, мәдениетке жата ма, жоқ па, әйтеуір, бір қатты айтып тастаймын. Әйтпесе, мен ауырамын. Мұның бәрін неге айтып отырмын, себебі мен адамдармен істес болам, оларды зерттеймін. Мені адамның өзі, сыртқы сүлдері емес, мінез-құлқы, қатынасы, ойы мен психологиясы қызықтырады. Оларды түсінуге тырысамын. Адамдарды түсіне отырып, олардың да мені түсінгенін қалаймын. Менің бүкіл поэзиямның мәні, міне, осы. Поэзия – мен үшін жанымның шырылы. Басқа ештеңке де емес.

26 қаңтар 1975 жыл

Табиғат сол өз қалпында әдемі, оны әдемілеудің қажеті жоқ, Қалай көрінсе, суреткер оны сол қалпында беруі керек. Мысалы, жер – жер, ай – ай, күн – күн, тағы-тағылар. Оларды немен салыстыруға болады? Оларға қай адамның қалай қарайтыны, қалай қабылдайтыны, ол басқаша жағдай. Ал оларға теңеу табам деп іздеу кәдірсіздік емес пе?

Блокта бәрі оңай, қарапайым: «Түнек кеш, Аппақ қар». …Айналып келгенде, поэзияда рух үлкен рөл атқаруға тиіс. Қалғаны ақынның өзіне байланысты. Кімде рух болмаса, ол поэзиядан аулақ жүруі керек, оған ол салада істейтін ештеңе жоқ, Өкінішке орай, егер олар өз ұяттары оянып, өздері солай шешпесе, біздің мына ғасырда оларды қуып тастау қиын. Өйткені біздің ғасыр қаталдығы болғанмен, бәрібір мейірбан…

Тәңірім-ай, бізде ақын, жазушы қаншама? Бәрі де атақты болғысы келеді. Бәрінің де халыққа танымал болғылары бар. Алайда сол әрекеттеріне халықтың қалай қарайтынына бұрылып бір өздері көз салмайды-ау.

Қайран әдебиетіміз қазір не боп кетті? Ол бәрін асыраушы: таланттыны да, талапсызды да, зейнеткерлерді де, тағы-тағыларды. Екі-үш өлеңін алып жаңа жаза бастаған жас келеді, бірер жерге көрсетеді, бұл істен ештеңе өнбейтінін, өтіп кетудің мүмкін еместігіне көзі жетеді. Сонан соң өз күшін проза жазып байқайды. Ол да алдында алынбас қамалдай тұрып алады. Ашынған, жаңа жаза бастаған жас сонан соң сынға жармасады. Поэзия мен прозадағы беделділердің біріне болмаса біріне жағымпазданудың оңай еместігін біліп, ал сын саласын ыңғайлы әрі тиімді санайды.

Сонымен өз әрекетін бастап кеп жібереді. Кейде тіпті біреуді (әрине, онша қауіпті еместі, яғни қызметі жоқты) қорқытып та тастайды, сөйтіп күндердің күнінде біздің әдебиетіміздің «білгіші» болып шыға келеді. Және әдебиетімізге үкімін жүргізе бастайды.

Мен кейде дүмбілездердің әдебиетке қандай жолмен келгенін, кімнің бақшасында өскенін, кімнің қанаты астында қатайғанын, оның қамқоры кім екенін, бүкіл кезген жолын зерттегім келеді, уақытым жоқ…

Бұлай бола беруі мүмкін емес. Түптің түбінде бәрінің де ақыры болады, шыда, күт…

14 ақпан 1976 жыл

Егер бір кездерде менің өмірім, шығармашылығым әлдекімнің көңілін аудара қалса, оларға былай дер едім:

Менің қымбатты достарым! Егер сендер шынымен менің өмірбаянымды, шығармашылығымды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыңдар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем. Естеріңде болсын, менің жеке өлеңім өзінше ештеңе құрамайды. Ол поэма іспетті біртұтас. Басы және аяғы бар. Ол кейде күлімдеген, кейде түңілген жанымның үніндей. Жалған күйініш, жалған махаббат пен қуаныш, өтірік патриотизм және тағы-тағылар – поэзияның жаулары. Көпшіліктің көңілін аулау үшін емес, жаныңның жайбарақаты үшін жазу керек. Әрбір жазатын адам күлдіре де, абыржыта да алады (бәрі оның шеберлігіне байланысты), бірақ оның жанына кіріп, есінде мықтап қалу үшін, барынша ашық, сезімтал әрі түсінікті болу қажет. Кәдімгі түсіне білетін көпшілік кейде сенің образдарың мен праобраздарыңды кейінге ысырып тастайды. Әрбір оқырман көркем шығармадан өзін, өз жанының құрамдарық іздейді.

Сондықтан мен өзімнің «Менім» арқылы жасырып жаппай өмірімнің шежіресін жасап шықтым. Жанымның басқа жүректерге өз сәулесін түсіруге тиіс мұңы мен қуанышы – бәрі сонда.

Сонымен, достар, бүкіл менің жазғаным – бар-жоғы бір ғана бүтін поэма. Адамның өмірі мен өлімі, қам жеулері мен қуанышы туралы поэма. Егер нанбасаңдар, барлық өлеңімді жинап бір жинаққа топтастырып көріңдерші. Естеріңде болсын, әрбір өлеңім өз орнында тұрсын, яғни жылына және бойына қарай, сонан соң көз алмай оқыңдар. Сюжетіне көңіл аудармай-ақ қоюларыңа болады, ал композициясы мен архитектоникасына зер салыңдаршы. Егер мен онда болмасам, онда ақынның да болмағаны.

16 ақпан 1976 жыл

Көркем сынсыз көркем әдебиет өмір сүрмейді. Сын өз мойнына талай нәрсені алуға тиіс. Сын қазы да, адвокат та болуы керек, ал қажет бола қалған жағдайда ол өте қатал мейірімсіз айыптаушы да бола білуі керек. Әйтпесе, әдебиет, жалпы өнер атаулы алғашқы қоғам құрылысын елестетеді. Әркім өз білгенінше, мұнысы жақсы еместігін сезе тұра, жабайы түйсікпен, көркемдікке жат әрекет жасайды. Алайда кимелей береді, кимелей береді. Соның бәріне сын кінәлі. Бізде дұрыс сын жоқ. Оның таза, әділ, білгір өкілдері жоқ. Тек жағымпаздар бар. Олар беделділерді мақтау үшін өзара жарысқа түседі. Олар сол арқылы әдебиеттің асырауында өздерінің қала беруін қамтамасыз етеді. Бұл урашыл-сыншылар көркем шығарманы шатпақтан ажырата алмайды. Олар үшін автордың өзі бірінші орында тұрады. Оның кім, қандай қызметте екеніне көңіл аударады. Ал ондай шатпақайлардың көлеңкесінде таланттар бірте-бірте сөне береді.

Өмірге, өзі өмір сүріп отырған қоғамға белгілі бір көзқарасы жоқ адам ақын емес. Ондай адамның өзін ақын ғана емес, қоғамның ойлай білетін азаматымын деуге де қақысы жоқ.

Қазіргі нағыз ақын алдымен ойшыл, яғни философ болуы қажет. Поэзияның жалаң сұлулығы жалаңаш сұлуға ұқсайды: оны тек қызықтауға ғана болады. Ақынның міндеті суреттеп шығу, баяндап беру емес, қайта сол сұлулықтың құпиясын, оның ар жағындағы нақ сол жасырынды ашып беруде. Осы заманғы ақын тәжірибелі құбылнамашыдай уақыт тамырын дәл басып, дәуірдің, қоғамның дертін өз дертіндей қабылдауға тиіс. Поэзияда философ болу деген сөз – өзін қоршаган әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу. Алайда салқынқанды, ақылгөй философ болу жарамайды, ақырына дейін «адам жанының инженері» болып қалу керек…

17 ақпан 1976 жыл

Қай ақын табиғатты жырламайды? Бірақ қайсысы қай жағынан келеді? Бұл – сұрақ. Мысалы, Пушкинді алайық Онда табиғат пен адам және оның көңіл күйі біртұтас. Пушкин поэзиясында адам мен табиғат бірге жырланады, бір-бірінен қалыспайды. Менің ойымша…

Бүгінгі күнмен, бүгінгі өмірмен ғана тіршілік жасап жатқан адамдардың даңқы мен атағы арта берсін. Бір күнін жақсы өткізді ме, жетеді. Олар үшін өмірдің мәні – өз ғұмырын қыжалатсыз молшылықта, уайым-қайғысыз өткізіп, артына жақсы, бай мұра қалдыру. Несі бар, олардікі дұрыс.

Өзімді құрбандыққа беріп, мен неменеге талпынам? Бәрін құрбандыққа қия отырып?! Шайтан алсын бәрін! Түптеп келгенде, жер бетіндегі жақсылықтың рахатын менің де көруім керек қой. Бірақ қайтіп?!

Мен бір нәрсеге – поэзияның тіршілікпен бірге, яғни адаммен, табиғатпен бірге өлетініне – кәміл сенемін. Адамзат жаны қатыгез тартса тарта берсін, қайтсе де бір парасатты адам қалады. Ол – ақын. Ақырғы сөз сонікі.

25 ақпан 1976 жыл

Фольклорымыздың бай екені даусыз. Оны кез келген халықгың кез келген фольклорымен қатар қоюға болады. Егер фольклорымызды әдебиетімізбен салыстырсақ, онда соңғысы кәдімгідей кедей көрінеді. Ол оның әлі жасандығынан, буыны қатпағанынан. Жазғыштар көп болғанмен, жазылғаны (мәнді, толыққандысы) әлі аз. Біз жазылған нәрсенің санына қарап қарықпыз. Көркем әдебиет ұжымдық еңбек емес екенін ойлайтын уақыт жетпеді ме? Ол мейлінше даралықтан туады. Және белгілі уақыттың есебі де, фотографиясы да емес. Ол қоғамның, дәуірдің сынынан өтуге тиіс.

Егер қадір-қасиеті миллиметрлік қана болса, шақырымға созылған тізімдер әдебиетті құрай алмайды.

28 ақпан 1976 жыл

Әттең, ауруым болмаса, биылғы жыл мен үшін жаман басталмады. «Өмірдастан» – таңдамалым он бес мың дана боп шықты: аса жаман емес. Мазмұны, тақырыбы мені қанағаттандырады. Бұдан 10–12 жыл бұрын жазғандарымның жаңа дүниедей оқылатыны қуантады. Бәрі орнында…

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналын қолдайық!

«Аманат – Қарасаз» қоғамдық қоры құрылтайшыларының барлық әріптестеріне, кәсіпкерлерге, оқырмандарға арнаған үндеуі Ардақты, ағайын! 2023 жыл «Мұқағали»...

«Мұқағали» журналы, №3, 2022 жыл

     Ақын атындағы басылымның кезекті нөмірі Дариға Тілендікелінінің «Нағыз ақынның болмысын Мұқағалидан көрдім» деген сұхбатымен ашылады. Дариға апа өзі куә болған оқиғаларды қызықты, әрі көркем...

«Мұқағали» журналы. №2, 2022 жыл

     Журналдың кезекті саны «Тау – бір аңыз, тау – дастан» атты Мұқағали өлеңдерімен ашылды. Белгілі дінтанушы, ғалым-ұстаз Қайрат Жолдыбайұлымен болған сұхбат «Халқының жанын ұққан...

«Мұқағали» журналы, №1, 2022 жыл

Барыс жылындағы алғашқы нөмірге көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің «Уақыт жаратқан жыр» атты зерттеу мақаласы беріліп отыр.  Жұлдыз Мұқағалиұлының «Менің әкемнің достары» деген естелігі де оқырманды...

«Мұқағали» журналы №6, 2021 жыл

Бұл нөмір «Елордадағы мектепке Мұқағалидың есімі берілді» деген жағымды жаңалықпен басталады. Ақиық ақынның ұрпағы Жұлдыз Мұқағалиұлының өлеңмен өрнектеген ой толғаныстарын оқисыздар.

«Мұқағали» журналы №5, 2021 жыл

Журналдың кезекті саны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын мерейтойына арнаған Құттықтауымен ашылып отыр. Мұқағалидың 90 жылдық торқалы тойынан толық репортажды да осы саннан оқи аласыздар....