РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Рахымжан Отарбаев. Фариза мен Мұқағали

Бұл пьесаны алаштың ардақты қаламгері Рахымжан Отарбаев журналымызға өз қолымен жолдаған еді. Біз онықуана-қуана жарияладық. Журналдың 2018 жылғы №1 санында жарық көрді. Амал қанша, журнал жазушының қолына жетіп үлгермеді… Асыл мұраңыз ешқашан ескірмейді.

Екі бөлімді төрт көріністі драма

Қатысатын кейіпкерлер:

Мұқағали
Фариза
Евтушенко
Қалтай
Әбілмәжін
Күшеншек ақын
Бақыт
Медбике
Жас ақындар
Науқастар т.б.

Бірінші көрініс

Көше көрінісі. Авангардист суретшілердің картиналары ілінген. Бірі жерде, екіншісі орындыққа шығып дуылдасқан жастар. Шетелдік музыка әуені. Ығы-жығы дүние. Кейбіреу картинаны қолына алады. Екіншісі жұлып алып, одан әрі әуелете көтереді. Жас ақындар дуласып жыр оқысады.

Евтушенко –  (дауыстап) Тыңдаңыздар! Түнде Пугачев жайлы поэмамды аяқтадым. Совет үкіметіне жағар, жақпас… (суретшілер мен жас ақындар дуылдата қол соғады).

Дауыстар

– Оқы!

– Женя бар дауыспен!

– Сілте қолды!

– Батысқа!

– Жарайсың, Евтушенко!

Евтушенко –   

Плюньте люди,
Плюньте люди,
Вы всегда плюете в тех,
Кто вам хочет добра…

Найзағай жарқылдайды. Күн күркірейді. Дауыл соғады. Сахнадағы жас авангардистер бас бағып, бой тасалайды. Бірі бұғады, екіншісі картинаны бүркенеді, үшіншісі орындықты көтеріп қатып қалады. Сахнаның екі жағынан алшаң адымдап жастар шығады. Қолдарында «Партия мен халық егіз», «Партия қайда болса – жеңіс сонда» «Коммунизм победит» деген ұран көтерген. Ән әуелейді «Комсомолдар жас қайраты елімнің». Ерсілі-қарсылы жүреді де отырады.

Шешен(орындыққа шығып) Жолдастар деймін! (тамағын кенеп) Қымбатты жолдастар! Совет үкіметі бізге, бақытты болашақ сыйлады. Еркіндік те, теңдік те бізде. Партияның әсіресе жастарға әкелік қамқорлығы ересен. Ал, оны Батыстың желөкпе саясаты мен өнеріне еліктеген кей шығар­машыл жастарымыз қалай түсініп жүр? Міне, мәселе осында. Евту­шенко, Вознесенский, Рождественский, Ахматуллиналар сол азғын топқа ерген. Авангардиспіз деген суретшілер адам түсінбейтін шатпаққа әуес. Оларды коммунистік рухта тәрбиелеуіміз қажет. Болмаса диссидент атан­дырып ит мінгізіп, ирек қамшылатып шетелге қууымыз қажет! Екінің бірі жолдастар!

Күшеншек ақын – Міне, көптен күткеніміз осы! Әбден масайрап бол­ды бұлар. Жат ағыммен ауызданғандар қазақ арасында да қаптап жүр. (жер теуіп) Енесін ұрып, езулерін тілу керек. (қол сілтеп) Әне, анау Мұрат Әуезов, Асқар Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Болатхан Тайжандар. Ішінде Фариза да…

Фариза –   Айта түсіңіз аға. Іркілмеңіз.

Күшеншек ақын –  Фариза қарғам өзіңнің өлеңдерің жайлы бір ұнамды сөз айтайын деп… Келе қалғаныңды қарашы.

Фариза –   Жаңағы екпініңіз басқада еді. Аяқ асты жалт бергенге жы­ным келеді.

Күшеншек ақын – Шетелдің арзанқол әуеулайына еліткен есуастарды айтам да. Шоқ басқалы жүр. Сақтандырып жатқаным. Айтпақшы түнде екі-үш өлең жазып тастадым.

Фариза –   (жаратпай) Өлең дейді… Оны қоя тұрыңызшы. Айтыңызшы осыған дейін ақын-жазушы ағалардың айдалғаны, жазықсыз атылғаны аз ба еді?

Күшеншек ақын(сұрланып) Айдалса, атылса менің кінәм қандай? Бірін-бірі оққа байлап берген өздерінен көрсін.

Фариза –   Сіздің жаңағы сөзіңіз ше? Ол жастарды оққа байлап беру емес пе?

Күшеншек ақын – Сәкен, Ілияс, Бейімбеттерді ақтадық емес пе?

Фариза –   Ақтадық емес пе? Бәлкім, олардың рухының алдында өзі­міз­дің кісәпірлігімізден ақталармыз.

Күшеншек ақын – (жағымсыз күліп) Уақыт өткен соң әлгі жастарды да ақтап аламыз. Ақталамыз. Фариза қалқам біреуді тосып жүрсің бе?

Фариза –   Иә. Бір жігіт келем деген. Аты – Бақыт.

Күшеншек ақын – Жөн екен. Жастар ғой.

Сахнаға екі жас ақын жігіт шығады. Қызулы. Екпіндері басым.

І Ақын –   Давай ішеміз. Өлең өзі үшін жазылады.

ІІАқын –  Жазылмай көрсін.

І Ақын –   Жер тепкілеп ағатын тентек бұлақтай боп сарқы-рап кеп кетеді.

ІІ Ақын(бас көтеріп ап) Оу, Күшеншек аға…

І Ақын –   Ақын аға. Кешірерсіз…

ІІ Ақын – О, Фариза!

І Ақын –   Қайдан жүрсің, жаным-ау?

Фариза –   Жай… Күтіп жүр едім.

ІІ Ақын – Шабытты ма?

Күшеншек ақын – (жарамсақтанып) Ым… Әкеш шашыңнан бір иіс­кейін. Өзі талантты қыз.

Фариза –   (кеудесінен итеріп) Кешікті ғой.

Күшеншек ақын –         Қайран жастық-ай! Кешегі Қасым Аманжолов екеу­міз де тап осы өздерің құсап таңды таңға ұрып жүруші ек. Жарысып өлең оқушы ек.

І Ақын –   Қайсыңыз мықты едіңіз аға?

Күшеншек ақын – Бірде – ол, бірде – мен! (өз кеудесін өзі ұрып) Жалпы жігіттер ақынды бір-бірімен салыстыруға болмайды. Олар тұтас әлем.

ІІ Ақын – (әндетіп) «Қайда екен, қайда дариға сол қыз»…

І Ақын тарс еткізіп шампан атады. Ішіседі. Фриза ернін тигізіп кері қайтарады.

Фариза –   Рахмет, ішпеуші ем.

Күшеншек ақын – Ақ қайнар ғой. Таусып сал, Фариза. (екі ақынға көзін қылмаңдатып Фаризаға ішкізіп қойыңдар деген белгі береді).

І Ақын –   Фариза айтқанынан қайтпайды. Әйтпесе, Фариза бола ма?

ІІ Ақын – Кәне, өлеңге кезек берейік.

І Ақын –   (тамағын кернеп, қоқиланып) «Қыз монологы»

Мұңы көп, айтары аз қыз баланың,

Жазықсыз жанарымның үзбе бағын.

Жат түгел жанарымнан күлкі ойнаған,

Мен сені өзімнен де қызғанамын.

ІІ Ақын – Керемет! Енді өлеңді асқар таудай ағамыз оқысын.

Күшеншек ақын(мүләйімсіп) Өлең деген бізде қазына ғой. Кен ғой. Тек қопарып ала біл. Мен мына Фариза қарындасымның алғашқы кітабының редакторымын. (Аялай қарайды). Келші шашыңнан тағы бір иіскейін.

Фариза –   (тіксініп) Қойыңызшы осы!

Күшеншек ақын – Бұлар осылай алдымен асау келеді… Сосын… (сыбыр­лайды). Өлеңдерінің кейбір ойқы-шойқы жерін өзім (қолын сумаңдатып) жөндеп, жөндеп жібергенмін. (Құшақтағысы келеді).

Фариза –   (жарқ етіп) Қажеті жоқ! Аулақ жүріңіз.

Осы кезде масаңдау қалпы Мұқағали келеді. Бәрі қаумаласа кетеді. Ол ешкімге назар салмаған қалпы Фаризаның қақ алдына кеп тұра қалады.

Мұқағали(ақырып): Шеңберден шық, бала! (Фаризаны көтеріп иә жетектеп шулы топтың ішінен алып кетеді).

Сахна қараңғыланған. Баяу ғана музыка естіледі. Сол мөлттей қараңғылықты ойып, ойма жарық түседі. Фариза өлең оқиды. Махаббат жайлы. Фариза ойма жарыққа ілесіп келіп бір түп ақ қайыңның жанына тоқтайды. Фариза ақ қайыңды құшақтап, сүйсініп, алысқа көз тігеді. Сағатына қарайды. Біреуді күткен сынды.

Фариза –   (жалт қарап) Бақыт!

(Осы кезде күллі сахна жарығы оянып, сәуле шашып қоя береді. Жігіт қыздың бетінен өбеді).

Бақыт – Кешір.

Фариза –   Бақыттың қашан да маған кеш келетінін білгенмін.

Бақыт –    (абдырап) Ол-ай демеші, Фариза. Одан да өлең оқиықшы. Ғашықтық жайлы.

Фариза –   (тіксініп) Ғашықтық? Ол сөзге сен қашаннан бері үйір боп жүрсің?

Бақыт –    Тфу, Фаризаш-ай, ғашықтықты айтасың… Үйленеміз бе деген…

Фариза –   Ал, алдымен сенің ақындығыңды сынайық.

Бақыт – Сен қызсың, басымызға оралды сын,

Тым нәзік, әп-әдемі болармысың?

Қосылып екі жүрек бірге соқсын,

Жасайық жақсылықтың жоралғысын.

Фариза –   (ұнатпай): Сезім жоқ. Жәй ұйқас. Өрекпіген көңіл. Бар-жоғы сол!

Бақыт –    (қызынып) Ендеше… ендеше өзің оқы!

Фариза –   (ақ қайыңға сүйеніп «Мен саған ғашық емес ем» жырын оқиды.)

Сен үшін сонау алыстардағы елес ем,

осынша мені арман қып келдің неге сен?

«Сыртыңнан сүйіп жүретінімді

сезуші едің ғой» демесең,

мен саған ғашық емес ем.

Бас иген көп-көп бозбалаларға паңдана,

асқақтау басып, бақытты болдым сонда да,

«Жан-жүрегімді толтырар бір жан жетпей жүрді ғой»

демесең,

мен саған ғашық емес ем.

Бақыт – (тұтанып) Басқа айтарың жоқ па?

Фариза –   Жоқ шығар.

Бақыт қалтасынан орамалды алып, бүктеуін жазады да, сақинаны сыңғыр етіп лақтырып жібереді.

Фариза жігіт кеткен соң, мойнындағы қызыл жібек орамалды шешіп алып, ақ қайыңның бой жетер жердегі бір бұтағына байлайды.

Екінші көрініс

Аурухана ауласы. Ауру меңдеген Мұқағали жәй басып келіп оңаша орындыққа отырады. Орындықтың арқалығында кәдімгідей ақ сирақтанып қалған ақ қайың өсіп тұр. Биікте бір қызыл орамал желбірейді. Ара-тұра қолтықтасқан аурулар, медбикелер көрініс береді. Моцарттың «Реквиемі» бел алады. 4-5 қара киімді әр тұста билей басып жүреді.

Мұқағали –  Шыр көбелек айналып, бақ шаппады байланып… Астымдағы ақбоз тұлпар… Ер-тұрманы түгенделмей кетіп барады. Тұлабойым күйіп-жанып… Сексеуіл өртеп жатқандай. Сөндір өртті, сөндір! (аз-кем тыныстап) Тілден дәрмен жоқ, тілек үзік-үзік. Тінім үзілмеген соң ғана тірі жүрмін. Сана түпкірінде сансырап елес қашады. Өткен күндер елесі.

Аққулар, кешіріңдер, жазықтымын,
Қараймын керуеніңе қажып бүгін.
Адасып кетті-ау бірге сендерменен,
Алапат күшім менен нәзіктігім!

Өмірі түскірдің алқұлым шақта өкініші көбейіп кете ме, немене. (музыка үдей түседі) Қамсау қараңғылық төніп келеді. Айналамда (жан-жағына қарайды) қараң-құраң қаптап кеткен кімдер? Тобанаяқтанып тыпыр-тыпыр басады. Үндері көмейіне тығылып күбірлейді. Көздері жаңа сойған еттей қып-қызыл ғой. Не іздеп жүр бұлар?

(Мұқағали насыбай атады. Қалтасынан орамал алып, қырық бір тасты жерге төгеді. Құмалақты араластырып үшке бөледі де кілт тоқтайды.) Нағиман апам осы арман болған Алматыға аттандырғанда көрші шалға құмалақ аштырып еді-ау… Сонда көрші шал балаңның бағы ашылып, жұлдызы жанып тұр екен деген.

…Алты адым жер ауылдан шықпай жатып,
Аударылып арбамыз басым жарғам…
Алжып кеткен атамның құмалағы,
Алдап мені ой-қырға қуалады.
Ақ батасы әйтсе де адал еді,
Соны ойласам жүрегім қуанады.

(құмалаққа қарап ойланып) Енді несіне ашамын? Жолым ашылды ма? Оған гүл шашылды ма?

Жуа бітті жолыма гүл бітпеді,
Ақ періште мен үшін дүрлікпеді.
Атам айтқан үміттен арылмастан,
Аяқтармын сапарды тірліктегі.

Жетті бәрі! (құмалақты уыстап шашып жібереді). Сендім ғой, бәріне. Аңғал көзбен. Аппақ көкірекпен. Көйлегім емес, көңілім жыртылды. Енді бүтінделмес.

(Осы кезде жанына Күшеншек ақын келеді).

Күшеншек ақын –  Мұқағалижан-ау, соңғы күндері тас кесекпен торғай атып ойнайтынды шығарғансың ба? Жөн! Жөн!

Мұқағали – Дүниеде не жаңалық бар, Күшеке?

Күшеншек ақын (құнжыңдап) Шұбартаулықтар бастама көтеріпті.

Мұқағали – Не деп?

Күшеншек ақын – Мектеп бітірген жастар түгелдей мал шаруа­шы­лы­ғына барамыз, сиыр бағамыз, шопан атанамыз деп. Еліміздің жас қайраты солар.

Мұқағали – Тың игереміз деп қазақтың бар құйқалы жерін жыртып құртқан. Енді мал де.

Күшеншек ақын – Мұқағали-ау, бүгін өңің тіпті көкпеңбек қой. Сыр­қат бел алған екен… Несі бар, ата кәсіп, бақсын. Қыздар сауыншы болады. Бармақтарынан бал ағызады. Оң жамбасыма келіп тұр. Бір мықты поэма жазам.

Мұқағали – Ата кәсіп! Салпақтап мал бағу да өнер ме? Неге қазақ жастары жаңа техниканы игермейді. Неге инженер атанбайды? Зауыт, фабрикаларды неге шыркөбелек айналдырмайды.

Күшеншек ақын(жаратпай) Әй, Мұқағали-ай, атан түйе құсап кері шаптырасың да отырасың. Жастардың болашағын ойласаңшы. Ертең-ақ орден, медаль алады.

Мұқағали – (қолын сілтеп) Онымен ұшпаққа ұша ма?

Күшеншек ақын – Уәкіл қаптап жүр. Ұран көтерілген. Екі жылдан соң сол уәкілдер мал баққан жастарды қолдарынан жетелеп апарып оқуға өздері түсіреді екен.

Мұқағали(осқырынып) Екі жыл… Ол уәкіл өшіп кете ме, өсіп кете ме? Оларды аттан сап кім қуалап жүреді. Осы ұран-ақ халықты құртып болды.

Күшеншек ақын (шошып кетіп) Тс-с! (аузын басып, саусағын шошаңдатып) Естіп қалар. Керемет поэма жазам. Партия саясаты. Жастардың ерен еңбегін, ерлік істерін жырға қосам. Сосын… (өңірін сипалап) Мемлекеттік сыйлықтың да ауылы алыс болмас. Айтпақшы, (мыржиып күледі) түнде түсімде өлең түртіп оятты. Ол да қыз сияқты ғой, қытығыңды тауып алатын.

Мұқағали (ұнатпай) Оқыңыз.

Күшеншек ақын(тілін бір жалап алып) 

Сар далама тойлауға бардым,
Жаңа бір ойлар ойлауға бардым.
Қазы-қарта асап, қымызға қанып,
Қылықты жеңгеммен ойнауға бардым.
(мәз болып) Қалай шығыпты, ә?

Мұқағали (сұрланып) Иә, біреудің ойы Байронда,

біреудің ойы айранда.

Медбике – Бәленшиев, уколға. (Күшеншек ақын тыпың қағып жөне­леді).

Мұқағали(алабұртып) Торғай атып… өлең түртіп оятып… Ұйқыдан бас көтермейді. Өзі ұры…

(Осы кезде аулаға Қалтай Мұхамбетжанов пен Әбілмәжін Жұмабаев келіп кіреді. Сәлемдеседі).

Қалтай – Мұха, қалайсыз, реңіңіз жақсы, шырайлы екен.

Әбілмәжін –  (бас шұлғып) Иә, иә, өткендегіге қарағанда…

Мұқағали – (әбден еті сылынған оң қолын көтереді). Ат арыса – тулақ, ер арыса – аруақ. Халім осы, қос бауырым. Алладан медет күтіп отырмыз. Балаларым шиеттей жас еді. Сары ауыз балапан. Інім аурулы. Шешем бағусыз. Жер бетіндегі бар бітірген шаруам осы.

Қалтай – Қой, Мұқа, артыңда халқың бар.

Әбілмәжін – Асыл қазынаң бар.

(Осы кезде жамбасын сипап, есік көзіне әлгі Күшеншек ақын да шығады. Бұларды көріп түрленеді).

Қалтай –  Мұрыны бомба түскен белдей болып, мынау да осында ма?

Мұқағали – Бір палатадамыз.

Әбілмәжін (жаратпай) Ым-м.

Мұқағали(күліп) Мұның бір қызығын айтайын. Қалеке таптырмас тақырып.

Қалтай – Айт, ойбай.

Мұқағали – Менің ауруым бауыр, цирроз ғой. Ал, бұл бүйректен жатыр.

Қалтай –  (қызығып) Сосын?

Мұқағали – Мен дәріден әбден жеріген адаммын. Берген қымбат-қым­бат дәрі-дәрмегін жастығымның астына тығып тастай берем.

Әбілмәжін – Сосын…

Мұқағали – Бұл сол дәрілерімді күнде ұрлап ішеді. Маған тіпті рахат болды.

Қалтай – Уай, не дейд! (рахаттанып күліп) Таптырмайтын тақырып. Ғажап!

Әбілмәжін – Бұл сорлы зиян екенін білмей ме?

Мұқағали – Біледі. Бірақ шетелше жазуы бар қымбат зат болған соң маған қимайды.

Әбілмәжін – Астағыпыралла!

(Қалтай күлкісін әрең тежейді. Манадан бері медбикемен сыбырласып тұрған Күшеншек ақын бұларға беттейді. Амандасады. Әсіресе, Әбілмәжінді қайта-қайта құшақтап сүйіп босатар емес).

Қалтай –  (қуланып) Қыздың қасында бөгелек қағып біраз тұрдыңыз.

Күшеншек ақын – Өзі бір әйбат бала. Өлеңге құмар. Өзі менің бар жазғанымды жатқа соғады. Әлгі қатын құтаймай қойған Тоқаш деген теңге мұрт ақын бар ғой, Мұқағалидың досы соған алып берсем деп жүрмін.

Қалтай –  (қуланып) Қалқам, бір өлең оқып жіберші.

Медбике – «Аққулар ұйықтағанданы» оқиын ба?

Күшеншек ақын(Күшеншек ақын теке көзденіп кетеді). Жо-жоқ. Қысқасын. Менікін оқы. Үйретіп ем ғой.

Медбике   (қысылып) Сіздің үйреткендеріңіз есіме түсер емес… (оқиды).

Мен нағыз махаббатты армандаймын,
Мен оны жоғалтып та алғандаймын.
Ақ қаздар арасынан аққуымды,
Ажырата алмаған сор маңдаймын.
(әнші орындауында жалғасады) 

Күшеншек ақын – (қыстырылып) Соңғы кезде Мұхаңның өлеңдерін сынайтындар жүдә көбейіп кетті. Дұрыс, сын болмай мін түзелмес. Бұл түгел Қасымды да сынағанбыз.

Мұқағали(мырс етіп) Қарқылдаған қырық қарғаға бір тас жарай­ды.

Қалтай –  (қуланып) Күшеке, «Социалистік Қазақстан» газетінің ке­шегі санын оқыдыңыз ба? Сізді қатты мақтапты.

Күшеншек ақын – А-а, Не дейд? Рас па?

Қалтай – Рас болмағанда. Классик ақын деген сынды.

Мұқағали – Құтты болсын!

Әбілмәжін – Жақсы жаңалық!

Күшеншек ақын – Ол газет менде бар. Апырау, не дейд? Не ғып көрмегенмін. (астын қопарып) Мында жатыр ғой. (газетті суырып алып оқи бастайды)

Қалтай –  Ал, оқыңыз.

Күшеншек ақын (көзілдірігін киіп) Қазақ поэзиясына Абай, Ілияс Жансүгіров, Қасым Аманжолов тағы басқалар өлшеусіз үлес қосты. Бұлар біздің ұлы тұлғаларымыз… (көзі алақ-жұлақ) Қалтайжан-ау, таба алмадым. Қай жерінде?

Қалтай –  Ойбай-ау, тағы басқалардың ішінде тұрған жоқсыз ба?

Күшеншек ақын(текекөзденіп) Тағы басқалар? (газетті лақтырып) Сенің осы мазағың!

Әбілмәжін мен Мұқағали мәз боп күліп жатады.

Әбілмәжін (қоштасарда) Мұха, қалқам, сауығып кет. Осы он күннен қалдырмай таңдамалыңды қолыңа тигізем. Уәде – уәде.

Қалтай –  О, Әбекең айтса шаруа оңғарылды де.

Күшеншек ақын – Әбе-ау, зекетім-ау, менің таңдамалым ше? Азамат­тар бар ғой, жоғары (сұқ саусағымен аспанды іліп) жақ бар ғой.

Қалтай –  Әй, Күшеке-ай, жоғары жақта Алла бар ғой. Соны ұмыт­паңыз. Ал, хош.

Күшеншек ақын – Спать, спать! Режим сақтау керек. Тихи час!

Сахна көлеңкеленеді.Мұқағали жалғыз өзі отырып қалады. Жарық тек өзіне ғана түсіп тұр. Жан-жағынан қара киімділер шығады. Мұқағалиды шыр айналып, өлім биін билейді. Бірде алыстап, бірде жақындай түседі. Оны Мұқағали сезіп отырады.

Осы кезде сахнада бір іздік жарық пайда болады. Сахна шетінен қолында ораулы заты бар Фариза көрінеді. Орындыққа арқа сүйеп отырған Мұқағалиға беттейді. Қара киімділер шегіне-шегіне алыстап кетеді.

Мұқағали (елең етіп) Оу, Фариза, Фаризажан. Сен де ағаңды іздейді екенсің-ау.

Фариза –   Қазақ іздейтін ғажайып ақынды мысқалдай ғана Фариза неге жоқтамасын?

Мұқағали(абдырап) Ризамын, жаным. Отыршы өзің.

Фариза –   Өткенде ренжіп қалдыңыз ба?

Мұқағали – Қашан?

Фариза –   Қасыңыздағы әлгі аузы былшыраған екеуді машинаға отырғызбай жалғыз өзіңізді алып кеткеніме.

Мұқағали – Өйтпесе, Фаризажан болама деп Лашын жеңгең тіптен риза боп қалды.

Фариза –   Өлең жазып отырсыз ба?

Мұқағали – Иә. Тыңда. (Құстардың қанат сусылы естіледі).

Қош, деп қанат қағады құстар маған,

Қош, деп мені құшақтап, құшқан далам.

Аманаттап біреуге жатыр мені:

– Аманат, – деп, – бауырымнан ұшқан балам.

Фариза –   (тіксініп) Тоқтаңызшы, аға! Тыңдағым жоқ. Айтпақшы (орауды ашып) мынау сізге арнап асқан қойдың басы мен жамбасы. Аурухананың асында кенеу бола ма? Алыңызшы.

Мұқағали(риза кейіпте): Рахмет. Құрметіңе. (бастан шөкіп ауыз тиеді). Тойдым, ниетіңе жаным. Бұл жерде мұны жөнімен үлестіріп беретін адам жоқ. Әлгі Күшеншек ақын мұндай құрметтің қадіріне жетпес. (бас пен жамбасты көтере ұстап, сахнаға жақындайды). Кім бар бас ұстауға жарайтын? Араларыңда. Қалды ма өзі? (Қайтып кеп, орындыққа отырады). Фариза, таң алдында бір өлең жаздым, тыңдайсың ба?

Фариза –   (қуанып) Әрине, аға.

Сахнаның осы тұсына бу беріледі де Мұқағали орындығынан тұрып қайыңды айналып кетеді. Ал, Фаризаның жүзі анық көрініп тұр. Осы кезде «Жапырақ жүрек жас қайың» әні басталады. Ән орындалады.

Жапырақ жүрек жас қайың,
Жанымды айырбастайын,
Сен адам бола бастасаң,
Мен қайың бола бастайын.
Келісесің бе, жас қайың.
Көрінер мүмкін кімге ерсі,
Өміріңді маған бір берші.
Дүрбелең мынау дүниені,
Адам көзімен бір көрші.

Фариза –   (қуанып, алақанын шапалақтап) Ғажап! Ғажап қой, аға! Мұндай өлең әлі күнге қазақ поэзиясында туған жоқ.

Мұқағали(күліп) Асыра мақтадың, айналайын. Жаны қысылған ағаңның шырылы деп ұғарсың. Жан айқайы деп білерсің. Көз жасы, көңіл мұңы. Ұмыта көрме, күнім!

(Осы кезде Фаризаның көзі ақ қайыңның бұтағына байланған қызыл орамалға түседі).

Фариза –   (көңілін аулап) Аға, сіз Жайықта болдыңыз ғой.

Мұқағали – Болғам. Әрісі қарға бойлы Қазтуған, Доспамбет, Шалгез, берісі Исатай мен Махамбеттердің тұяқ дүбіріне құлақ түру үшін барған­мын.

Фариза – Таптыңыз ба?

Мұқағали – Тапқам. Бірақ сол қазынаның бәрі (кеудесін түртіп) кеудеде кетіп барады. Сағыныштар-ай, сарғайтып жіберді ғой, мені. Бір ән салшы, Фариза. Сен де Жайығыңды аңсаған шығарсың.

(Фариза орнынан тұрып, ақ қайыңға сүйеніп ән бастайды. «Жайықтың толқындары» әні. Теңіздің толқын даусы естіледі).

Мұқағали(қапсыра құшақтап) Фаризажан-ай. Енді сендей ақын туа ма, бұ қазақта, жоқ па? Саған бір өлең арнамай келгенім… (басын шайқап).

– Фариза, Фаризажан, Фариза қыз…

(Ақын күбірлей береді. Ойланады. Фариза қайыңға, оған байланған қызыл орамалға қарап қалады. Ақын күбірлеп, ойланып жүргенінде биші қыздар шығып Мұқағалиды да, Фаризаны да айнала билейді.

Осы кезде Күшеншек ақын қасына медбикені алып, өзінің арулармен жыр кешін өткізу жайлы жарнама жапсырып жүреді. Жарға, әр жерге. Мұқағали мен Фаризаны ымдап, сыбырлап өсектейді).

Күшеншек ақын(көзін қылмаңдатып) Көрдің бе, екі ғашықтың отырысын. Анаусы күйеуге тимеген. Тие қояйын десе, мынаусының бір аяғы жерде, бір аяғы көрде.

Медбике –  Қойыңызшы. Жәй сыйластық та. Екеуі де қазақтың ұлы ақындары.

Күшеншек ақын(ернін шығарып) Ұлы? Садаға кетсін. Өңшең жылауық өлеңдер кімге дәрі. Айтпақшы, тыңда мен түнде партия туралы өлең жаздым.

Медбике –  (жалт қарап): Қойыңызшы. Тойдым өлеңіңізге. Өзі ит жұрттың бәрін шошқа деген. (кетіп қалады).

Би аяқталған.

Үшінші көрініс

Аурухананың акт залы. Күшеншек ақынның үлкен фотосы ілінген. Хабарландыру жазылған «Заманымыздың заңғар тұлғасы, классик ақын Күшеншек Бәленшеевпен кездесу. Хош келдіңіздер!». Алыстан ойнақы әуен талып естіледі. Залға теріс қаратып орындықтар қойылған. Көрермендерге арқасын беріп бір топ емделуші отыр. Күшеншек ақын тызақтап, медбикелерге тапсырма беріп, әрлі-берлі жүгіртіп жүр. Бір кезде залға жалт қарап, басын иеді. Қолымен кеудесін басады.

Медбике – Ақын аға, сіздің көрерменіңіз ол жақта емес. Сіз науқастармен кездесесіз. Олар мына жақта (теріс қарап отырған науқастарды нұсқайды. Күшеншек оларға да бас иеді. Сосын жаратпай кердеңдеп алдарынан шығады. Осы кезде кішкене қыз (мойнында қызыл галстугы бар) барабан ұрып сахнаға шығады).

Пионер қыз – Қадірлі ақын аға, біз сізді ерекше құрметтейміз. Сіздің өлеңдеріңізді жаттап өстік. Әсіресе «Сауыншы қызға», «Жылқышы жігіт», «Ақ қошақан» деген жырларыңыз бізге үлгі, өнеге.

Күшеншек ақын (Ұшып-қонып) Міне, зерделі жас. Еліміздің болашағы осылар. Менің өлеңдерімді қалай бағалап тұрғанын көрдіңіздер ғой. (қыздың бетінен сүйеді) Айтшы, тағы қандай өлеңдерімді жаттадың?

Пионер қыз – Мұғалім апайдың жазып бергені осы ғана. Жаңылып қалма, жаттап ал деген. Сосын сіздің мойныңызға пионер галстугін тақ деген. (Күшеншектің мойнына қызыл галстук байлайды).

Күшеншек ақын – Рахмет, қалқам.

Пионер қыз – Жоқ, әлі болған жоқ. Мұғалім апай сосын «Батыр бала Болатбекті» орындап бер деген. (Ән орындайды. Күшеншек пен науқастар қол шапалақтайды. Осы кезде сахнаға горн тартқан комсомол бала шығады).

Комсомол бала – Қадірлі Күшеншек аға сіз қазақ поэзиясын әлемдік деңгейге көтерген дарынсыз.

Күшеншек ақын(шапалақ ұрып) Паһ шіркін! Әділ баға осы!

Комсомол бала – Біз сізді Мұқағали Мақатаевтың шәкірті деп білеміз.

Күшеншек ақын(шошып, шыңғырып жібереді). Ма-қа-таевтың шәкірті?! Ол – кім, мен – кім? Болсам Абайға шәкірт болам. Арамызда бала жоқ. Ол деген палатада бірге жатқан біреу ғой.

Комсомол бала –  (абдырап) Кешірерсіз. Мектептегі директор ағай со­лай айт деген соң…

Күшеншек ақын (өрекпіп) Менің деңгейім Алатаудың ұшар шың­дарымен өлшенеді. Әуезовтің өзі менің тақпағымды жатқа айтатын.

Бал бармақты сауыншы қыз,

Сүт өзенін тасытып.

Бақшалықта қауыншы қыз,

Ел дәулетін арттырар,

Кей жалқауды жасытып… Әне!

Комсомол бала –  Сонымен бірге сіздің «Шұбартаулықтар жасасын», «Малшы-мәртебелі мамандық» «Құрылысшы – құрмет иесі», «Комбайн» деген жырларыңызды жастар сүйіп оқиды.

Күшеншек ақын – Міне, мұның жөн. Манадан бері солай демейсің бе?

Комсомол бала –            Қадірлі ақын аға, сізді комсомол қатарына қабыл­даймыз. Мына значокты өңіріңізге тағайын. (тағып жатады).

Күшеншек ақын – Е, бәрекелді. Менде кезінде белсенді комсомол мүшесі болғанмын. Елуінші жылдары «Халық жауларының» қалған-құтқан құйыршықтарын әшкерелеуге атсалысқанмын. (комсомол әнінің бір шумағы орындалады. Осы кезде сахнаға Мұқағали мен Фариза шығады. Мына жиынды көріп, аңтарылып тұрып қалады. Күшеншек ақын сасып, отыра қалыңдар деген белгі беріп жатады. Науқастар екі ақынды көріп қуанысып, шапалақ ұрысады).

Мұқағали – Күшеке, шығармашылық кешіңіз құтты болсын. Біз сияқты науқас пенделердің көңілін көтеріп қойғанға не жетсін.

Күшеншек ақын – Бәрі халқымның қамы ғой.

Фариза –   (суық қалпы) Сіз ылғи да малшы, сауыншы, механизатор, өндіріс жайлы жазасыз. Ол дұрыс қой. Бірақта сіздің шабытыңыз бір бағытта ғана өрбіген-ау.

Күшеншек ақын(дауыс көтеріп) Ел дәулетін тасытып отырған солар емес пе? Олардан немді аяймын? Махаббат-сахабат, елжіреп сүю, күңіреніп мұң құсуды сен екеуіңе қалдырдық. Ал, жырлаңдар, «Бетің аппақ көмірдей, етің жұмсақ темірдей» деп.

Фариза –   Азу тісіңіз жоқ, ылғи ботқа жейсіз.

Мұқағали – (күліп) Иә, бұл қазақтың бір сауы жоқ, бәрі ақын, бәрі ауру.

Күшеншек ақын (ызбарланып) Тілдеріңді көрсетіп, тістеріңді жасырып жүр екенсіңдер. Тұра тұрыңдар бәлем! Одақтағы партжиналыста көрерміз кімнің кім екенін.

Мұқағали – Күшеке, мен партия билетімді өз қолыммен апарып тапсырғанмын. Сол Одағыңыз енді маған керек пе, жоқ па, қайдам?

Күшеншек ақын (кеудесін ұрып) Мен.. Мен тірі тұрғанда алдыма ешкім түспес. Мен… Мен…

Мұқағали – «Мен, мен едім, мен едім». Күшеке, мен деген сөз Махамбетке ғана жарасады. Қалғанымыз… есек мінген ергежейліміз.

Фариза –   «Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты Мұқағали Мақатаев бар мұнда!»

Науқастар – Фариза, Фариза қыз.

– Өлең оқышы.

– Ән салшы.

– Көңіліміз көтерілсін.

– Сөйтші, айналайын!

Мұқағали – Алдымен мен өлең оқиын. («Фариза қыз» өлеңін оқиды. Әрі қарай ән әуелей көтеріледі).

Партия қызметкері(асығыс кіріп, абдырап) Кешірерсіз, Күшеншек аға. Біз сізді аты-жөніңізді айтпай, Күшті ақын деп атаймыз. Аудандық партия комитеті (қолындағы папкасын алып оқи бастайды) сіздің дары­ныңызды ерекше құрметтейді. Шұбартаулықтар бастамасын алғашқы бо­лып қолдап, жыр тіліне түсіргеніңіз үшін сізді үлкен мемлекеттік награ­даға… (даусы естілмейді)

Науқастар (өре түрегеліп) – Фариза қыз өлең оқышы.

– Ән салшы.

– Даусың әдемі.

– Шырқашы бір.

– Құлағымыз тосаңсып қалды.

Фариза –   Жайықты сағынып кеттім ғой. Айтайын әнді. (өз сөзіне жазылған «Жайықтың толқындары» әнін орындайды. Ду қол шапалақ, қошемет) Пионер мен комсомол келді. Хош дейік. Ол айналайындар ұстаздарының айтқанын орындайды. Жазығы жоқ. Әй, шырақ, партия қызметкері сендер осы жоқтан бар жасауды қашан қоясыңдар? О төбенің тозаңын бұ төбеге қосатын бәйге аты мен қолдан жем жеген цирк атын қашанғы шатастырасыңдар?! Осының бәрі ұлы өнерге қиянат емес пе? (науқастар, пионер қыз, комсомол бала, партия қызметкері бәрі кетеді, Күшеншек ақын, Мұқағали мен Фариза сахнада қалады).

Мұқағали – Ағып бара жатқан уақыт, қалып бара жатқан бақыт енді соңынан қос атпен қусам жеткізер ме?

Күшеншек ақын – Сол құрғырға жастай әуес болдың ба? (тамағын шертіп) Мынаны айтам.

Мұқағали – Арақты адам ішпейді, көңіл ішеді.

Фариза –   Иә. Аспан асты кең дейміз. Жер беті біреулерге тарлық еткен соң, аспанның кеңдігінен не пайда?

Мұқағали – Аз халықтың серкесі болғаннан, көп халықтың еркесі болған жақсы екен ғой. Оны Москвада оқып жүргенде түсінгенмін. Пуш­кин, Сергей Есенин, Рубцов… Ой, дүние-ай!

Фариза –   Соны ойлап жылағым келген, жас таба алмадым.

Күшеншек ақын(кекетіп) Жылағым келген… ол не сөз? Бастарыңа қонған бақыт  құсы бар емес пе?

Мұқағали – Бір бақыт маған да келе жатқан шығар деп жол бойында ұзақ тостым. Мені Батыраш пен Қотыраш деп ойлайды-ау, деймін жоламай қойды.

Фариза –   Иә, ылғи да ұзын дәме, қысқа қол.

Күшеншек ақын – Сонда сендердің осы кім болғыларың келеді?

Мұқағали – Байронның сылқым серілігі, Гетенің суреткерлігі, Уэйт­меннің тереңдігі, Блоктың күрделігі… Бізде жетпей жатыр ғой.

Күшеншек ақын (ерінін шығарып) Партияны жырлау керек, жол­дастар. Тыңды неге жазбайсыңдар? Бас хатшы Леонид Ильич Брежневтің өзі (сұқ саусағын шошайтып) не деді?

Фариза –   (ашуланып) Қожайынның қолын жалап, қораға үрген төбет­тердің даусы неткен аянышты.

Мұқағали(құшақтап) Көп емеспіз ғой, Фаризажан. Олжас деген қызталақтың бір сөзі бар «Атомшының көптігінен ақынның көптігі қауіпті емес» деген. Әдемі айтылған. Бір ашуыңды қи маған. Мынау бейдауа өмірге бәрімізде керекпіз. Бәріміз де!

Төртінші көрініс

Аурухана бөлмесі. Күшеншек ақын, Мұқағали, Фариза. Мұқағали қатты науқас. Фариза жастығын, көрпесін жөндейді.

Медбике (Күшеншекке) Күшті ақын (әзілдеп) ренгенге жүріңіз. Жүрегіңізді тексереміз.

Күшеншек ақын – Жүрек? Ол байғұстың сау тамтығы қалды дейсің бе? Қырық жамау ғой.

Мұқағали – Арыстан әлсірегенде қорқаулар қаптайды. Ауру да қорқаудың бір түрі. Барып қайтыңыз.

Күшеншек ақын – Аузыңды ашсаң афоризм төгіледі. Мына теңеуің ұнады Мұқағалижан, барайын. Соңғы кезде сөз бен желді көтере алмай жүрмін.

Фариза –   (күліп) Көріп жүрміз.

Мұқағали – Солай деңіз. Ал менің жан-жағым түгел сквозняк! (күліп) Бір сыған әйел «Бал ашамын. Жолыңды ашамын, ашылған артыңды жабамын» дейді. Е-е, менде қайбір ұзақ жол қалды дейсің. Көкжиек көрініп тұр. Ашылған артымды өзім жаба алмай жүргенде ол несімен жаппақ?!

Фариза –   Қойыңызшы, аға. Сары уайымнан шықпай қойдыңыз.

Күшеншек ақын (кетіп бара жатып) Жағдайы жақсы емес. Жақсы да бір төмпешік, жаман да бір төмпешік қайтерсің.

Фариза –   (бас шайқап) Алғашқы жыр жинағыма редактор боп… «Мен саған ғашық емес ем» дегенің не сұмдық? Ғашықпын деп жаз, кері бақпа деп жүйкемді құртқан. Жарайды. Аға, сізден сұрайын дегенім бар. Көптен бері.

Мұқағали(түрегеліп) Сұра Фариза.

Фариза –   Сұрасам бір кезде «Шеңберден шық бала» деп ақырып едіңіз. Не үшін ұрыстыңыз? Соның сырын айтыңызшы.

Мұқағали – Ол рас. Шеңбер деген (зор құлашымен ауаны шеңбер жасап көрсетіп) міне – осы. Ол шеңбердің ішінде кімдер жүргенін білесің бе?

Фариза –   Жоқ!

Мұқағали – Ол шеңбердің ішінде бәрі бар. Алматының «Көк базары» сияқты. Талантты мен тайыздар, алдамшылар, мансапқорлар мен жәдігөй жағымпаздар, сөз сатқан саудагерлер бәрі, бәрі. Сені де сол шеңбердің ішінен көргенде ақырып жібергенім рас. Кешір, қалқам. (Фаризаны иығы­нан құшақтайды).

Фариза –   Түсіндім, аға. Ал, өзіңіз сол шеңберді бұзып шыға алдыңыз ба?

Мұқағали – Жоқ, (бас шайқап) жоқ. Шығартпады.

Фариза –   Ендеше өзіңіз шыға алмаған шеңберден мені қалай құтқарғыңыз келді?

Мұқағали – Мен жұмсақтаумын. Әрі бұ қазақ «заһарды өз қолымен беріп алып, ішкіш деп өсектеді мені халық»… Солай Фариза, (бас изеп) солай. «Мәңгілікке өзіңмен ала кетер, менің нәзік жанымды кім түсінер»…

Фариза –   Жоқ сауалды қойып шаршатып алдым-ау, сізді.

Мұқағали(жігерленіп) Сен болсаң өрсің. Сен «Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен, атқан оғы Еділ-Жайықтан тең өткен» Махамбеттің ұрпағы емес пе ең, а? Сол рух, сол күш әлгі шеңбердің тас-талқанын шығарып, сені шырқау биікке көтерсе дедім.

Фариза –   Аға, соңғы кезде біреулер өлеңімді көп мақтап жүр.

Мұқағали – Білем. Бірақ мақтау да қарыз ақша сияқты. Кері қайтару керек. Көп ала берме.

Фариза –   (қуаттанып) Оныңыз рас.

Мұқағали – Мақтап-мақтап анау Төлеужан Смайловты да құртып тындық, Тоқаш та соның кебін құшқалы жүр. Анау әнші Ла-Скалада ән салған кім еді, Амангелді Сембин оны да құрттық. Асқар Сүлейменов досың да жүр, дүниеден баз кешіп, бәдәуи боп. Аз ба?

Фариза –   Иә, солай.

Мұқағали – Шеңбер дедік… (ойланып) Сен анау бүгінгі Фазу Әлиева, Сильва Капутикян, Римма Кизакова тіпті Анна Ахматова, Марина Цвета­ева тұлғалас ақынсың. Сол дәрежеде көргім келеді. Шырқа, биікке! Қара қызым, қарындасым!

Фариза –   Досым аз.

Абайда дос көп болды ма? Махамбетте ше? Бірін соққыға жығып, бірін… (пауза) Махамбеттің басын шауып жібергенде қан-қан болып жерге домалап «Қап, қап, қап!» деп бара жатты деседі. Мысалы, менде сенен басқа тілекші дос қалмады, Фариза. Түйежапырақтың көлеңкесіндей қысқа күнге қырық құбылған достың барынан жоғы жақсы. Жанымның жетім қоңыраулары сыңғырлап жатыр. Жаралы жүрек, жарты көңіл боп менде кетермін бұл пәниден. (өлең оқиды).

Гүлдер дағы қоштасып қиылып тұр,
Қош деседі талдар да иіліп бір.
Неге бәрі қоштасты меніменен,
Қандай тағдыр алдымда бұйырып тұр?
Барлығы да қоштасып ерікті алар,
Қойшы, бәрі әншейін желік болар…
Телеграф сымдары ызыңдайды,
Жатқандаймын суық бір беріп хабар.

Фариза –   Сатқындықты көп көрдіңіз бе?

Мұқағали – Көп көрдім. Өте көп. Жақыннан да жаттан да. Адамдармен араласпасаң күн көре алмайсың. Ал, аралассаң күн көрсетпейді.

Фариза –   Мансап пен даңқ ше?

Мұқағали – Бәрі баянсыз. Уақытшалық. Ақ қағазға түскен қара таңба болмаса… (ойланып) Тозаққа барғым келеді.

Фариза –   (селк етіп) Қойыңызшы, аға. Кісіні қорқыта бердіңіз ғой.

Мұқағали  – (күліп) Жұмақта санаулылар, атақтылар жатқан болар. Мен сияқты шатағы көптерді қайтсын. Атам қазақ «Көппен көрген ұлы той» деген, көптің ішінде болайын.

Фариза(күлімсіреп) Атақтылар дейсіз бе?

Мұқағали – Тірі адамға атақ та керек. Берем десе алып қал Фариза. Ол – өзіңді дарынсыздардан, қоғам қатыгездігінен, қырттардан, жуликтерден қорғау үшін керек!

Күшеншек ақын (кері оралып) Жүрегің мотор сияқты деді. Әлі бір қырық жыл…  Өзімсініп екеуіңе бір сыр айтайын.

Фариза –   (елеңдеп) Айтыңыз.

Мұқағали – Ал, тыңдадық.

Күшеншек ақын – Осы мен бар ғой, өлеңді тастап кетсем деймін. Прозаға көшем. Кең көсілме эпопея жазам. «Абай жолы» сияқты.

Фариза – (күліп теріс айналады) Жөн екен.

Мұқағали – Өлеңді тастап кетсем? Қатын тастағандай ғып па? Ол бола қоймас.

Күшеншек ақын – О неге?

Мұқағали – Бәлкім құдіретті поэзия сізді тастап кетер.

Күшеншек ақын (қол сілтеп) Туһ! Сөз болғаныңа! Сыр айта қояйын десем… (төсегіне қисайып) Жатып ұйықтап алайын. Тихий час! Давай, спать!

Мұқағали – Фариза адалын айт, мен өлгенде қанша адам жылап, қаншасы қуанады?

Фариза –   Бар қазақ жоқтайды сізді. («Реквием» ойнайды).

Мұқағали – Жоқтайды?.. Фариза, бір жарық жұлдыз туса міндетті түрде қарсы жұлдыз туып, бір-бірін жарығымен өшіреді екен. Бұл аспан әлемінің заңдылығы. Ал, біз… Анау Жұмекен, Тұманбай мен Қадыр, мынау Сағилар, арпа ішінде бір бидай өзіңде барсың, біз бір-бірімізді жа­ры­ғымызбен байыттық. Сәуле шаштық. Одан қазақ поэзиясы көркейді. Жоқтайтын адам болса бізді бірге жоқтасын!

Фариза –   Олар сізге хабарласып тұр ма?

Мұқағали (бас шайқап) Жақында бір құрдасыма хат жазып жібердім (күліп) «Қиын екен жақсы иттің жоғалғаны» деп.

Фариза –   (ақтарыла күліп) Ой, аға, ой!..

Мұқағали(ойланып) Бала күнде естіген бір әфсанам еске түсіп тұр.

Фариза –   (ынтығып) Айтыңызшы тыңдайын.

Мұқағали – Айтсам (ойланып) бір топ үйрек қонып отырған көлін тастап әуеге көтеріліп барады екен дейді.

Фариза –   (қызығып) Содан?

Мұқағали – Содан алдарынан бір сұңқар кездесе кетіп сұрайды, «Қайда?», «Куда?» деп

Фариза –   (күліп) Сосын?

Мұқағали – Әлгі үйректер айтыпты, құрсын мына көл сасып кетті. Ана көл таза соған кетіп бармыз деп.

Фариза –   Иә.

Мұқағали (қатуланып) Сұңқар айтты дейді, мына көтендерің аман болса, оны да сасытасыңдар, – деп. (Фанфара беріледі. Мұқағали сүйеніп келіп, орындыққа отырады. Фариза аң-таң қалпы тұрып қалады).

Фариза –   Сұмдық екен!

Мұқағали – Абайдай қара шалдан қалған қасиетті көлге әнеу сияқты­ларды (әлгі Күшеншек ақынды иегімен нұсқап) қондыра көрмеңдерші. Талай жерді лайлап бітті ғой. («Реквием» ойналады).

Сахнаға Фариза шығады. Шау тартқан, шашы ағарған қыз. Мұқағали жоқ. Баяғы ақ қайыңға байлап кеткен қызыл орамалға көзі түседі. Әбден бозарған, өңі қашқан. Фариза жанына келеді. Қол соза түсіп, кері тартып алады.

Фариза –   Ғазиз басымыздағы бақ пен сордың, баянды, баянсыз махаббаттың өңі қашқан куәсіндей боп сен әлі тұр екенсің ғой. (күрсініп) Өмір, осындай ма ең?..

Шымылдық 

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналын қолдайық!

«Аманат – Қарасаз» қоғамдық қоры құрылтайшыларының барлық әріптестеріне, кәсіпкерлерге, оқырмандарға арнаған үндеуі Ардақты, ағайын! 2023 жыл «Мұқағали»...

«Мұқағали» журналы, №3, 2022 жыл

     Ақын атындағы басылымның кезекті нөмірі Дариға Тілендікелінінің «Нағыз ақынның болмысын Мұқағалидан көрдім» деген сұхбатымен ашылады. Дариға апа өзі куә болған оқиғаларды қызықты, әрі көркем...

«Мұқағали» журналы. №2, 2022 жыл

     Журналдың кезекті саны «Тау – бір аңыз, тау – дастан» атты Мұқағали өлеңдерімен ашылды. Белгілі дінтанушы, ғалым-ұстаз Қайрат Жолдыбайұлымен болған сұхбат «Халқының жанын ұққан...

«Мұқағали» журналы, №1, 2022 жыл

Барыс жылындағы алғашқы нөмірге көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің «Уақыт жаратқан жыр» атты зерттеу мақаласы беріліп отыр.  Жұлдыз Мұқағалиұлының «Менің әкемнің достары» деген естелігі де оқырманды...

«Мұқағали» журналы №6, 2021 жыл

Бұл нөмір «Елордадағы мектепке Мұқағалидың есімі берілді» деген жағымды жаңалықпен басталады. Ақиық ақынның ұрпағы Жұлдыз Мұқағалиұлының өлеңмен өрнектеген ой толғаныстарын оқисыздар.

«Мұқағали» журналы №5, 2021 жыл

Журналдың кезекті саны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын мерейтойына арнаған Құттықтауымен ашылып отыр. Мұқағалидың 90 жылдық торқалы тойынан толық репортажды да осы саннан оқи аласыздар....