РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Дариға, домбырамды берші маған

Саржайлау

Әнін жазған Нұрғиса Тілендиев

Жазира, жасыл кілем өрнектеген,
Туған жерге, дариға, жер жетпеген!
Кең өлкем, әлдилей бер, сен деп келем,
Аңсап келем, сағынып, шөлдеп келем.
 
Қайырмасы:
Саумал бұлақ балдай дәрім,
Салқын самал – баурайларың.
Саялаған, беу, туған жер,
Сағындырған, саржайлауым!
 
Армысың, ата қоныс, жасыл мекен!
Ұланыңмын мен сенің қасыңда өтем.
Басқаның жерұйығын неғылайын,
Жерұйығы – өзімнің қасымда екен!
 
Қайырмасы:
Саумал бұлақ балдай дәрім,
Салқын самал – баурайларың.
Саялаған, беу, туған жер,
Сағындырған, саржайлауым!
 
Жадырап жұтайыншы тау самалын,
Осы еді ғой сағынып, аңсағаным.
Гүлдерім, шыршаларым, аршаларым,
Бәріңе арнап мен бүгін ән саламын.
 
Қайырмасы:
Саумал бұлақ балдай дәрім,
Салқын самал – баурайларың.
Саялаған, беу, туған жер,
Сағындырған, саржайлауым!
 
Жанымды жырға бөлеп, таң атырған,
Әкем едің ақ таңда жаратылған.
Төліңнен айналайын жаңа туған,
Айналайын елімнен дара тұрған!
 
Қайырмасы:
Саумал бұлақ балдай дәрім,
Салқын самал – баурайларың.
Саялаған, беу, туған жер,
Сағындырған, саржайлауым!

Сәлем берем Жетісуға

Әнін жазған Нұрғиса Тілендиев

Отанымның орнығып кең төріне,
Айналасын ақ таулар көмкеруде.
Жаралғандай Жетісу ертегіден,
Еркелейді Жетісу ерке күнге.
 
Еркелейді
Еркелейді,
Еркелейді Жетісу ерке күнге.
 
Аясында Алматым тыныстаған,
Алатауым апайтөс ырыс маған.
Болашаққа қазақтың көшін бастап,
Жетісуым барады ту ұстаған.
 
Жетісуым,
Жетісуым,
Жетісуым барады ту ұстаған.
 
Ұясынан ұшырған балапаны,
Даңқын елге Жетісу таратады.
Болашағы баламның – Жетісуым,
Әлпештеген анамның алақаны.
 
Әлпештеген,
Әлпештеген,
Әлпештеген анамның алақаны.
 
Күншығыстан алаулап таң атарда,
Қасиеттеп қараймын жан Отанға.
Сәлем берем бас иіп Жетісуға,
Сәлем берем бас иіп Алатауға.
 
Сәлем берем
Сәлем берем,
Сәлем берем бас иіп Алатауға.

Кел, еркем, Алатауыма

Әнін жазған Нұрғиса Тілендиев

Саяңда сандуғашың ән салғанда,
Табиғат тамашалап, тамсанғанда.
Кел, еркем, өзің көрген Алматыңа,
Ақиық Алатаудан жар салғанда.
 
Қайырмасы:
Кел, еркем, бақша-бауыңа,
Кел, еркем, Алатауыма!
 
Көктөбе айналамен сырласуда,
Сырласып сен де, жаным, жүр қасымда.
Кел, еркем, тербелейік таң алдында,
Тең болып бір күніміз бір ғасырға.
 
Қайырмасы:
Кел, еркем, бақша-бауыңа,
Кел, еркем, Алатауыма!
 
Табысқан таң мен күннің арасында,
Жас дәурен, ұмыт болып барасың ба?!
Кездескен Көктөбенің ауылында,
Ақ еркем, еске мені аласың ба?
 
Қайырмасы:
Кел, еркем, бақша-бауыңа,
Кел, еркем, Алатауыма! 

Домбыра – досым

Әнін жазған Нұрғиса Тілендиев

Дариға, домбырамды берші маған,
Жаныма келші жарым, келші балам.
Бейуақ, іңірдегі көңіліме,
Күй болып күңіреніп енші, далам.
 
Қайырмасы:
Бабамның көзімісің,
Данамның сөзімісің,
Қоңыр қазым, аққуымсың,
Домбыра!
Мазасыз жүрегімнің өзімісің?!
 
Өсірген өнерімді қызыр бабам,
Үніңнен айналайын бұзылмаған!
Киелі пернеңе бір қол созбасам,
Ішегің жетімсіреп ызыңдаған.
 
Қайырмасы:
Бабамның көзімісің,
Данамның сөзімісің,
Қоңыр қазым, аққуымсың,
Домбыра!
Мазасыз жүрегімнің өзімісің?!
 
Домбырам, жүрегіммен үндес едің,
Сенімен сырласымдай тілдесемін.
Бабамнан қалған мұра – сен болмасаң,
Өнердің не екенін білмес едім.
 
Қайырмасы:
Бабамның көзімісің,
Данамның сөзімісің,
Қоңыр қазым, аққуымсың,
Домбыра!
Мазасыз жүрегімнің өзімісің?!

Есіңе мені алғайсың

Әнін жазған Нұрғиса Тілендиев

Дүркіреп тұрған көктемде,
Сіркіреп нөсер төккенде.
Күркіреп жатқан бұлтты,
Найзағай шаншып өткенде.
Оу, ардағым,
Есіңе мені алғайсың!
 
Қазбауыр бұлттар маңғанда,
Орманға жазда барғанда.
Арманда мені, арманда,
Оңаша жалғыз қалғанда.
Оу, ардағым,
Есіңе мені алғайсың!
 
Қараша келген шақтарда,
Құлазып тұрған бақтарда.
Қурайлар сыңсып жатқанда,
Жапырақ жайрап жатқанда.
Оу, ардағым,
Есіңе мені алғайсың!
 
Ақ ұлпа жерді жапқанда,
Ағаштар сырға таққанда.
Бозарып атқан ақ таңда,
Бозарып тұрып ақпанда.
Оу, ардағым,
Есіңе мені алғайсың! �

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналын қолдайық!

«Аманат – Қарасаз» қоғамдық қоры құрылтайшыларының барлық әріптестеріне, кәсіпкерлерге, оқырмандарға арнаған үндеуі Ардақты, ағайын! 2023 жыл «Мұқағали»...

«Мұқағали» журналы, №3, 2022 жыл

     Ақын атындағы басылымның кезекті нөмірі Дариға Тілендікелінінің «Нағыз ақынның болмысын Мұқағалидан көрдім» деген сұхбатымен ашылады. Дариға апа өзі куә болған оқиғаларды қызықты, әрі көркем...

«Мұқағали» журналы. №2, 2022 жыл

     Журналдың кезекті саны «Тау – бір аңыз, тау – дастан» атты Мұқағали өлеңдерімен ашылды. Белгілі дінтанушы, ғалым-ұстаз Қайрат Жолдыбайұлымен болған сұхбат «Халқының жанын ұққан...

«Мұқағали» журналы, №1, 2022 жыл

Барыс жылындағы алғашқы нөмірге көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің «Уақыт жаратқан жыр» атты зерттеу мақаласы беріліп отыр.  Жұлдыз Мұқағалиұлының «Менің әкемнің достары» деген естелігі де оқырманды...

«Мұқағали» журналы №6, 2021 жыл

Бұл нөмір «Елордадағы мектепке Мұқағалидың есімі берілді» деген жағымды жаңалықпен басталады. Ақиық ақынның ұрпағы Жұлдыз Мұқағалиұлының өлеңмен өрнектеген ой толғаныстарын оқисыздар.

«Мұқағали» журналы №5, 2021 жыл

Журналдың кезекті саны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын мерейтойына арнаған Құттықтауымен ашылып отыр. Мұқағалидың 90 жылдық торқалы тойынан толық репортажды да осы саннан оқи аласыздар....