РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Дидар Амантай. Сәулеткер сарайы

Біз Мұқағали туралы Серік Ақсұңқарұлынан естідік. Он жетідеміз – мектеп қабырғасында жүрген солқылдақ шағымыз. Бәріне таң, барша әлемге ғашық, бүкіл нәрсенің сырын білгіміз келеді.

Орта мектептің соңғы жылдары – 1985-86. Ұлыс, дуан көлеміндегі аймақ­тық, өлкелік айтысқа қатысып жүріп қызыларайлық ақын Серікпен таныстым. Жасы үлкен, поэма-панорама үлгісіндегі пышақтың жүзіндей жаңа кітабы жарық көрген уақыты – “Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті”.

Желтоқсан кезі. Қыс белгісі, дүлей, ысқырық, ақ түтек боран соңынан жердің апшысын қуырып қызыл шұнақ аяз шаңытады. 

Бірден аңғардым, Қасымдай дауылпаз, тілге жүйрік, ойы тосын, қазақ жырына адал. Арқада ірге көтерген ескі қалалардың бірі Қарқаралыда, қар омбылап келе жатырмын. Тауда арша көп. Неге жалғыз арша, белгісіз. Түні бойы ұшқындап жауған қар белуардан келеді, кей тұсы тізеден асады, жұрт күрек тастап, қар сырып жүр. Кеше, кештен жүрген бұрқақ сырманың арты – ертеңіне, шытынаған шыңылтыр аязға айналады.

Таң атқалы – қақаған, бет қаратпайтын үскірік. Күпсек қар жонданып, қатая бастаған…

Ызғардан терезелер сытырлайды, қаһарлы суықтан кейде сынып кетеді. Аяз қысқанда, қасқыр құйрық қарағайлар қақ айырылады, сымбат бойлы теректер жыртылады, қара ала қайыңдар шалқасынан құлап жатады.

Мен Тегісшілдіктен келдім. Қатынап жатқан көліктің біріне мініп, түскен бетім осы. Жарықтық Қарқаралы суықтан қашып, тау етегіне қымтана кіріп, қар бүркеніп, тығылып жатыр. Абай тоқтаған көпестің үйі, Құнанбай қажы мешіті, Шөже ақынды жұрт үйіне сүйреп әурелейтін жер. Есіме түседі, “Абай жолына” мықтап кіріскен уақыт. Қаңтар, ақпан айында Арқада қыс қатты. Мәліксайдан темір белгілері қарауытып үлкенді-кішілі бейіттер көрінеді. Бұл атақты Мәди жатқан зират. Қала шетінде, ештеңе өзгермеген, бәрі сол қалпы.

Бүгін – ырзамын. Мұқағалиды оқып келе жатырмын. Әсері қатты, жаттап алған тұстарын қарды омбылап, іштей қайталап қоямын. Қуанышым зор, көңілім көтеріңкі. Саршұнақ аяз бет жұлмалайды.

Сосын, Жұматай Жақыпбаев, Есенғали Раушанов, Байбота Қошым-Ноғайдың есімдерін атайды. Бұл – тапсырма тәрізді. Келесі жолға дейін оқып келуім керек. Бұл жолы үлгермедім. Ол кезде – Қадыр, піріміз де, пікіріміз де, кітаптарын іздеп жүреміз, таусылмайды, іздеген сайын жаңасы табылады.

Әдетте, Толстой бітпеуші еді… Қадыр Мырза Әлі – кемеңгер ақын. Менің көзқарасыма қатты әсер етті.

Іркілді. Қазақтың топжарғаны осы, деді. Тоқтадық. Іріктеп жүрмін – тама­ша. Рас, іргелі сөз, мәтін мәдениеті көрінісінің озық үлгісі. Мен әлемде бір ақынды жұрттан артық білемін. Санамда, көкірегімде қарлы боран, қытымыр аяз күндері Мұқағали культі басталды. Ішкі жан дүниемде бір өзгеріс болды. Мен өнердің не екенін түсіндім. Көркем өнерге деген талпыныс кейін мені жазушылыққа алып келді.  

Мұқағалиды ашқанда – бас қойдық. Кәусар бұлақтай, мөлдір теңіздей көрдік. Бәрі әдемі, бәрі тұтас, бәрі бүтін. Көп оқыдық. Тіпті, жатқа білетін болдық. Дастарқан басында әнге қостық, көше-бульварларда қайталадық, жиын-тойларда шырқадық.

Әдеби кештерде жатқа айттық.

Жыры – ғажап. Кітабын кез келген жерінен ашып, рақат кешіп оқимыз. Шебер, көз сүріндірмейді, кідірмей жүйткіген, тегіс жолға түсіп алған жүйрік автомобиль тәрізді. Немесе, қолтығы сөгіліп көсіле шапқанда, тұяғы топырақ қопарған дүлдүл тұлпар іспеттес. Тынысы кең, шашасына шаң жұқтырмас сәйгүліктің өзі.

Әттеген-айсыз. Өкініш жоқ. Қанат бітіреді, бойыңызға рух қонады. Рух – періште. Тылсым әлем елшілерімен тілдестіретіндей. Бақи не, фәнидің ырзығы қандай, бейнет неден, қуаныш қайдан, пендауи сауалдарды қойып, метафизикалық мәселелерге көшеміз.  

Поэзиясы кестелеп өрнек салған тұғырлы туындылар. Кемдігі жоқ кемел жаратылыс. Қаламында құдырет, жырында биік өренің ізі жатыр. Мұқағали – асқан талғам иесі. Әсемдіктің алып шыңын игерген, сөз өнерінің құпиясын меңгерген ақын.  

Образға бай, теңеуге толы поэзия. Метафораға дарқан, эпитеттерге мырза. Кейде төгіп-төгіп жібереді. Қолдан құйған мінсіз сұлулық. Таусылмаса екен дейсіз, таңғаласыз, тамсанасыз, бақытқа кенелесіз.

Мұқағали әдеби мәтінді Эрнест Хемингуэй тәрізді қуаныш көзіне айналдырды. Рақаттанып, қуанып, құштарлықпен оқисыз.

Ырыс-береке алдыңызды жауып кетеді, – келісті кескін, көркем сурет, жарасымды сөз. Көзден тамған жалқы тамшы тіршілігін уақиға дәрежесіне дейін көтерген қас талант.

Шат жырлаған тыныш жолдар, қайғысыз, уайымсыз, шерсіз. Түзде, жорықта апталап жауған ақ жауынды ақтарыла бейнелеген аламан жаугер­шілік сарын.

Қым-қуыт тақырыптары жойқын, – алапат кезеңдер, аласапыран заман, түнгі дүбір, таңғы дабыс, бір сәттік дүрмек, айға шағылысқан қылыш, жарқ еткен семсер, қанжар, жау іздеген көсем найза, дұшпанды түре қуған шерік, бейбіт күн, белгісіз салт атты.

Дөң, дөңес басына қызыл іңір шоқытып шыға келген үш қара, суыт жортқан шоғыр, есік ашқанда ентелей кірген екі арба аяз, бір құшақ гүл, ала қанат шоқы, қар суы толған етектегі сай, көктем, жазғытұрым, қарға адым жер, көкжиекте қаңтарылған Сүмбіле.

Қашықтан Темірқазық жарқырайды. Жұлдыздар көшкен маусым, жаз, шілде, бейтаныс қыз, қырмызы сәукеле, ақ торғын жібек байлаған арулар, көк байрақ желбіреген асқақ арман, биік үйлер, зеңгір аспан, шалқар дала, сығылысқан халық, кафелер, барлар, қалалар, астана, баспанасыз жұрт, тұйық жол, Мавр, ілкіден таныс сүрлеу-соқпақ, көргенде көзге шоқтай басылған туған өлке, сағыныш дерті, Мәскеу, көк қарда мынау, ауыл сыртындағы күбір, бірде алапат, бірде ақырын, еншілеген уақыт…

Жырында атмосфера, сөзінде шынайылық бар.

Мұқағали – құйын. Жеткізбей кетеді. От шашады. Ұйқастары құйылып түседі. Өнерпаз қола темірден соққан мүсін. Артығын қашап, керегін қалдырып… Жасанды образ жоқ, себебі, жалған сезімге ермейді, көргенін жазады, бастан кешкенін жырлайды.  

Ұшқыр. Кейде – ұзақ. Қалт жібермейді, жаңсақ баспайды. Әлбетте, қате айтпайды. Қапысыз. Бірақ, қападар. Қапа жаулаған көңіл, аңсайды, зарығады, Махаңдар-ай!

Махамбеттер, Мағжандар ма екен?

Қайран, Абай, Қасымдар ма… Түнгі бағдар. Қара түнекті жарып, саңылаудан өткен сәуле, түңліктен төгіліп, құйылып тұрған күн нұры. Шуақ.

Күн – шоқ. Сөнбейтін шырақ, өшпейтін жарық. Себебі, жан-жағы – от. Іші де, сырты да жалын. Шұғыла шашқан ару Күн – алтын түстес.

Күнде көлеңке болмайды. Бұрылған жағы – жарқыраған шам, қараған жағы – лапылдаған өрт. Ту сырты да Күн. Алайда, өтеді, кетеді, жойылады. Уақыт өту үшін жаралған. Басы мен аяғы бар, қайнары нүкте, соңы да – нүкте. Екі нүкте арасындағы бір күндік сәуле.  

Бекер ғой бәрі. Бөтен ой. Жат. Бір ой бір ойды қозғайды. Қамшы салдырмайтын жорға, жүйрік. Бұзау тіс қамшыдай өрілген, тіні берік, нығыз өлеңдер. Іркілмейсіз. Ілгері озасыз. Бөгелмей оқып кете бересіз. Пегастай…

Ғадетінде, поэзияны түсіндірмейді. Мүмкін емес. Ұқпайды. Өйткені, тыңдарман, оқырман өзі түсіндіре алады. Әркімнің өз түсінігі – өзіне қымбат. Бізге де. Қызық – таңсық. Заңға бағынбайды. Бір-ақ заңы бар – азаттық, еркіндік, бостандық.

Терең. Ақын – сиқыршы. Маг. Алдап кетпейді, арбап тастайды. Бірінші жолынан бастап Сізді билеп алады. Құшағына құлатады, қолына түсіреді.

Поэзия – естен кетпес мейрам, қуанышы тарқамайтын мереке. Ерекше көңіл-күй. Мартин Хайдеггер: “Поэзия – изначальное название бытия”. Немесе: “Язык – в чистом виде – стихотворение”.

The river is within us. By Tomas Eliot.

Мұқағали – Универсум. Ғарыш.

Мен атын тұңғыш Қарқаралыда естіген ақын кейін менің рухани өрісіме айналды. “Соғады жүректің” қос томдығы маған еріп талай жерге барды, талай елді аралады. Бірге жол кештік, бірге қайттық.       

Еркіндігі үшін Мұқағалиды жақсы көрдік. Өмірде де, өлеңде де еркін еді. Тіпті, ұйқастарының өзі еркін ұйқасатынын байқадық.

Ол – поэзия шыңына шыққан шын талант иесі. “За точный твой талант”.  Құрметтейміз. Қадір тұтамыз. Мұқағали қазақ өлеңін бұрын-соңды болмаған асқақ эстетикалық биікке жеткізді.

Мұқағалидан соң, өлең өлшемі өзгерді. Бұрынғыдай жазуға болмайтын еді. Жаңа талап, көзқарас, талғам қалыптасты.

Ол қазақ поэзиясында жаңа дәуірді бастады. Өзі – тұтас бір дәуір.

Ең үздік шығармасы – “Моцарт. Жан азасы”. Ой да, талғам да, таным да бар. Ноқтасын, шылбырын, шідерін үзген сәйгүліктей еркін көсіледі. Түйдек-түйдек ой тастайды.

Ол прозаға да қалам тартқан қаламгер. Бірақ, Мұқағалиға поэзия патшалығында салтанат құру бұйырыпты…

Терең тақырыптарға қол созған ақын. “Ильич”, “Мавр”, “Аққулар ұйықтағанда”, “Чили-шуағым менің”, “Отаным, саған айтам”, “Райымбек! Райымбек!”, “Жер үстінен репортаж”, “Моцарт. Жан азасы” атты дастандарын дүниеге әкелді. Тәржіме жасады – тағы да алдыға шықты.

Менің кітапханамда, қаламгердің “Қош, махаббат” атты прозалық жи­нағы (1988) әлі күнге шейін сақтаулы.

Бұл кітапқа әр жылдары жазылған әңгімелері (“Құлпытас”, “Марусяның тауы”, “Өзгермепті”, “Әже”), повестері (“Қос қарлығаш”, “Жыл құстары”) және  пьесасы (“Қош, махаббат”), сосын, бірнеше сыни еңбектері енгізілген.

“Шолпаны” жарық көргенде біз мектеп қабырғасында едік. Сол жылдары Қадырдың “Домбырасы”, Фаризаның “Дауасы”, Есенғалидің “Шолпан жұлдыз туғанша” атты жыр жинақтары баспа жүзін көрді.

Кейінірек – “Өмір-өзен”.

Мен политехникалық институтта оқып жүргенде, аталмыш оқу орны өткіз­ген “ҚазПТИ көктемі” атты студенттік фестивальге (1987 ж.) қатыс­тым. Бізді бір театр режиссері дайындады, аты-жөні қазір есімде жоқ. Сол бізге: Мұқағали тәрізді оқымайсыңдар ма, шіркін, ол: “Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты – Мұқағали Мақатаев бар мұнда”, дегенде, күркіреген дауысынан шаңырақ шайқалып, ортасына түсіп кете жаздайтын, деп жиі қайталаушы еді. 

Сардар ақын әскерге (1987-1989) менімен бірге кетті, бірге келді. 1991 жылы, Мұқағали алпысқа толғанда, орыс тілді ФЭФ жатақханасында, кеш ұйымдастырып, жас ақын-жазушыларды шайыр жырларын оқуға шақыр­дым. Кісі көп келді. Ішінде, кейбірі дәл есімде жоқ, Әмірхан Балқыбек, Сағындық Рзахметов, Қазыбек Құттымұратұлы, Берік Әшімов, Маралтай Райымбекұлы,  Нұрқанат Нұрақынов, Оралдан – Жәнібек болды.

Кеш жақсы өтті. Ұзаққа созылды. Бұл кез Мұқағалидың атақ-даңқы дүркіреп шыға бастаған таңғажайып заман еді. Кейін ол халықтық ақынға айналды.

Мұқағали тарихтан өз орнын алды. Дегдар, абзал ақын өз биігінде жар­қырап жанған оқшау жұлдыздай асқақтап тұр. Ешкім Мұқағали орнына таласпайды, ол да біреудің орнын сұрап тұрған жоқ. 

Ғарыш кеңістігінде, биік/төмен, жоғары/аласа, оң жақ/сол жақ деген ұғым-түсінік жоқ. Әлемнің төрт тарабы да шексіз. Түпсіз космос. Оң-солы белгісіз. Сол шексіз әлемде әр жұлдыз өз бағытынан адаспай тура жүріп келе жатады. Бір сәт ауытқымайды, алған бетінен қайтпайды. Бірақ, жеңіл жұлдыздарды салмағы ауыр үлкен жұлдыздар бауырларына қарай, өздеріне тартып алады. Сөйтіп, өмір бойы, гравитациялық күштің әсерінен шыға алмай, ұсақ жұлдыздар ірі жұлдыздарды төңіректеп жүреді екен. Бағынышты маршрут, тартылыс кеңістігін жағалап, не қол үзіп, не ұзап кете алмайды.

Мұқағали – планета.

Жан-жағын қалың жұлдыздар шоғыры қоршап жатқан жоталы Құс жолы тәрізді.  

Әлқисса, ел ішіне кең тараған кейбір аңыз-әфсаналар желісі деректеріне сүйенсек, сырттан келген бейтаныс қонақ, егер жер мойны қашық шаһар немесе қазақ ауылдарының біріне, беймезгіл уақыт адасып кіріп барса әрі шаштарын бұрқыратып, жыр оқып жүрген жас балаларды көріп, кімдерсіздер, деп сұрай қалса, онда әлгі жеткіншек ұрпақ, Біз – Мұқағалимыз, деп жауап береді екен.

Жазушы Өтебай Қанахин ағамыздың бірде қаламгер Мұқан Иманжанов туралы асқақ пікір жазғаны бар еді. “Жаратылыс әлемнің мынадай да таң­ғажайыптары болады екен, деп қалам тартып еді ол, мұнан пәлен мың жыл бұрын сөнген жұлдыздың жарығы бізге сол күйі жарқырап жететін көрінеді”.

Мұқағали – салтанаты асқан, тас қашап, ағаш ойған, мүсін қиып, сәулет орнатқан поэзия сәулеткері.

Топжарған.

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналын қолдайық!

«Аманат – Қарасаз» қоғамдық қоры құрылтайшыларының барлық әріптестеріне, кәсіпкерлерге, оқырмандарға арнаған үндеуі Ардақты, ағайын! 2023 жыл «Мұқағали»...

«Мұқағали» журналы, №3, 2022 жыл

     Ақын атындағы басылымның кезекті нөмірі Дариға Тілендікелінінің «Нағыз ақынның болмысын Мұқағалидан көрдім» деген сұхбатымен ашылады. Дариға апа өзі куә болған оқиғаларды қызықты, әрі көркем...

«Мұқағали» журналы. №2, 2022 жыл

     Журналдың кезекті саны «Тау – бір аңыз, тау – дастан» атты Мұқағали өлеңдерімен ашылды. Белгілі дінтанушы, ғалым-ұстаз Қайрат Жолдыбайұлымен болған сұхбат «Халқының жанын ұққан...

«Мұқағали» журналы, №1, 2022 жыл

Барыс жылындағы алғашқы нөмірге көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің «Уақыт жаратқан жыр» атты зерттеу мақаласы беріліп отыр.  Жұлдыз Мұқағалиұлының «Менің әкемнің достары» деген естелігі де оқырманды...

«Мұқағали» журналы №6, 2021 жыл

Бұл нөмір «Елордадағы мектепке Мұқағалидың есімі берілді» деген жағымды жаңалықпен басталады. Ақиық ақынның ұрпағы Жұлдыз Мұқағалиұлының өлеңмен өрнектеген ой толғаныстарын оқисыздар.

«Мұқағали» журналы №5, 2021 жыл

Журналдың кезекті саны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын мерейтойына арнаған Құттықтауымен ашылып отыр. Мұқағалидың 90 жылдық торқалы тойынан толық репортажды да осы саннан оқи аласыздар....