Уақыт деген – тоқтаусыз ағын, алмасып жатқан толқындар, зымыраған дүние. Кешегі күндер – бүгінгінің естелігі. Жанымызға жақын небір адамдардың тұлғалары бірте-бірте көмескіленіп, алыстап барады. Өмір заңдылығы осындай. Оларды уақыт парағынан қайта көрсетіп, кейінгі ұрпаққа таныстыратын мүмкіндік бар болса, оның бірі – менің әкемнің өмірбаяны. Соған қатысты өрбитін әңгімелерге тоқталайын.
Әкемнің шығармашылық үрдістері кеңес қоғамында өркендеді. Ол кісінің нағыз ақындық биікке көтеріліп, кемеліне келген шағы 60-шы жылдар «жылымығының» (1953-1964ж.ж.) аясы. Ойлап қарасам, бұл – менің әкем секілді ұлт ақынына мейірімін төккен, үлкен жолды еншілеген Жаратқанның жақсылығы ма деймін. Неге дейсіз бе? Себебі, өткен ғасырдың 20-шы жылдары мен 1953 жылдың аралығында ұлт әдебиеті, оны жасаған тұлғалар не көрмеді?! Бәрін өздеріңіз жақсы білесіздер. Ал 60-шы жылдар «қылышынан қан тамған» зобалаңның тоқтатылған уақтысы еді. Күн толық жарқырап кетпесе де, мұз еріді.
Алайда, қазақ әдебиеті артына қасиетті де қасіретті шежірені қалдырды. Алаштың азаттығын аңсаған, елім деп еңіреген ұлттың марқасқа зиялылары келмеске кетті. Қапыда «қақпанға» түсті. Егер деймін, әкемнің ақындығы сол кезеңге дөп келсе қайтер едік?! Сөз жоқ, әкемнің де тірі жүруі екіталай еді. Шүкір, әкем таршылық заманның өзіне тән теперішін көрсе де, Мағжандардай, Жүсіпбектердей қанды репрессияға ұшыраған жоқ. Оның шығармашылығын тас-талқан ететін тәркілеу «науқандары» болмады. Осыған тәуба етемін. Оны айтудан мен, ақынның баласы, ешқашан жалыққан емеспін. Сондықтан да мен үшін әкем бақытты ақын! Үнін халқына тыңдата алды. Келешекке келісті рухани мұра қалдырды. Ол өз поэзиясына шүбәсіз сенді. «Балам, мен ешуақытта жолда қалмаймын, өз тұғырымды алатын ақынмын» деген сөздерін естіп өстім. Сол болжамдардың дұрыстығына көзім толық жетті.
Дос болам десең,
Досымды сыйла, қымбаттым!
Досыңа сонда,
Досыммен ғана қымбатпын.
Дос болам десең,
Мендегі доспен достасқын.
Сендегі доспен дос болып сонда тұрмақпын.
Достарың көп пе?
Апыр-ау, неткен жақсы едің?
Досым аз менің,
Досым-ау менің, тапшы емін!
Достарыңменен достастыр мені, асылым,
Достастыр мені,
Құлың болайын нақ сенің.
Достыққа жүрмін,
Достыққа жүрмін құмартып.
Өлгелі жүрмін,
Өзіме өзім мін артып…
Жауыздың барып жанына уәзір болғанша,
Достардың барып ауласында өлген мың артық!
Әкем осы өлеңінде өзі айтып отырғанындай, көзі тірісінде достары соншалықты көп болмады. Достары туралы сөз еткенде, оның Қарасаздағы бірге өскен кластастары есіме түседі. Біріншісі, әрине, Әбдіке Асанов. Тай құлындай тебіскен құрдасы. Сонымен қатар екі туып, бір қалған етжақын туысы. Әбдіке досын әкем еркелетіп «пұшығым» дейтін. «Пұшығы» ұзақ уақыт хабарласпай қалғанда кәдімгідей елеңдеп іздейтін.
«Мұқағалидың, менің және біздің замандастардың кіндіктері Қарасазда кесілді. Қарасазда ержетіп, білім нәрімен сусындап, 10-11 жастан бастап Отанымыз бен еліміз үшін еңбек еттік. Ақынның замандастары – мен, Сыдық, Мәжит, Есмұханбет, Әділ, Қозыбақ, Қажымұқан, Бекетай, Әбдіқадырлардың өмірі осы Қарасаздан бастау алды» деп жазады Әбдіке Асанов 2009 жылы шыққан «Мұзбалақ – Мұқағали» атты естелік кітабында.
Әбекең мінезі кең, ашық-жарқын адам болатын. Зейнеткерлікке шыққанға дейін ағарту саласында жемісті еңбек етті. Көптеген мектептерді басқарды. Әкемнің Қарасаздағы музейіне бірінші директор болған да осы кісі. Балалық шақтан естиярлыққа дейін жұптары жазылмады. Әбекең досы туралы құнды деректерге толы естелік кітабын жазды.
Әкеміздің тағы бір бала досы бар. Ол – Сыдық Ахметов. Өмірінің соңғы жылдарында Қарасаздан көшіп келіп Алматыда тұрды. Құрдасы туралы қызықты әңгімелердің майын тамызатын. Оның ішінде Алматыға оқуға түсу үшін қалай келгенін, қалай жоғарғы оқуға қабылданғандарын әсерлі жеткізетін. Мәжит Құрманов ағамыз да әкемнің бала досы. Мәкең көптеген жылдар мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ берді. Ұйғыр ауданында тұрды, Шонжыдағы спорт мектебінің директоры болды. Ол кісі де ақын досымен емен-жарқын араласты, қатынасын үзбеді.
Бала достарын түгендегенде, Бибатыр Қасқырбаев есіме түседі. Мен онда жасөспірім баламын. 60-шы жылдардың бас кезінде, Биекең үйге әскери формамен келетін. Шамасы, орта мектепте әскери дайындықтан сабақ беретін болуы керек. Маған ол кісінің киімдері ерекше таң. Әсіресе, қайыс белдігі қатты қызықтырады. Себебі, шешпек болып белдігіне қолын жақындатса, мысықтың шошынғанда пысқырынғанындай үн шығарады. Мен бұған аң-таңмын. Белдік қалайша мысық болып пысқырады деп түсінбеймін. Бірақ, қанша қолқа салсам да Биекең бәрібір маған белдігін бермей кетті.
Олар өле-өлгенше достық қалыптарынан танған жоқ. Әсіресе, шешелері дорбаларына күлше салып беріп, Алматыға оқуға аттандырған төртеудің – әкем, Әбдіке, Сыдық, Мәжиттің жөні бөлек еді. Олар аяқтарынан тік тұрып ақын достарын арулап, ақтық сапарға шығарып салды. «Соғыс балаларының» сондағы бір-бірімен құшақтасқаны, күрсінгені, ақынды жоқтағаны көз алдымда әлі тұр.
Енді Алматыдағы әдеби ортаға қатысты достарына келейін. Олардың қарасы соншалықты көп емес. Алғашқысы – әйгілі ақын, Торғайдың қазағы, әкемнің құрдасы Шәміл Мұқамеджанов. Ол кісінің үйге келгенін бір-екі рет көрдім. Сондықтан нақты мінездеме бере алмайтын шығармын. Бірақ әкемнің өлеңдеріне арқау болғанына, өзара сыр бөліскеніне қарағанда, өте жақын жан екені аңғарылып тұрады. Әкемнің «Құрдастарға» деген өлеңі бар. Соны оқысақ бәрін түсінеміз.
Туылып ек айлар сап арамызға,
Айлар салып, әріге барамыз ба?!
Бұйырмасын түсінсем, осы біздер,
Шыныменен біреуге ағамыз ба?!
Кеше еді ғой, құдай-ау, кеше еді ғой,
Дүйсенбінің мына дәу шешегі ғой!
Мынау – әзер қаз басқан төрт жасында,
Мұхамеджан қартыңның шешегі ғой.
…Арманымыз жұлдызға жуық болып,
Апыл-тапыл күн кештік суып, тоңып.
Шаруасы шалқайған шағын үйдің,
Шаңырағына шаншылдық уық болып… – деп жазыпты әкем.
Араларында әжәптәуір жас айырмашылығы бола тұра, кәнігі достарша әңгімесі жарасып, жарқылдап сыйласқан адамы ақын Тоқаш Бердияров еді. Екеуінің қарым-қатынасы ешқашан үзілген жоқ. Тоқаң біздің үйдің есігін жиі ашатын. Ол кісінің «Всегда держи стойку» деген ақылын қалай ұмытайын (кезінде бокспен айналысқан). Түрі қазаққа келіңкіремейтін қара күрең, сұсты адам еді. Ал енді ұқыптылығынан мін таппайсың.
Әкеміз туған жеріне сапарға шыққанда қасына Тоқаңды ертіп алатын. Соғыс кезінде әскери-теңіз флотында жүріп жаумен шайқасқан қайсар жан. Әкем дүниеден озған соң бірде мені үйіне алып барды (ол шақта «Тастақ» шағын ауданында тұратын). Әкеме қатысты көкейде жүрген сырын шертті, өлеңін оқыды. Осы жай менің есімде ерекше сақталыпты.
Келесі досы – қазақтың біртуар ұлы, даңқты композитор Шәмші Қалдаяқов. Екеуі тұрмыстық өмірде жиі араласты. Бір әттеген-айы, Шәкең мен әкем шығармашылық серіктес болмады. Олар бір ғана музыкалық шығарма жазды, ол – «Талдықорған» әні.
Әннің жазылған сәттері менің көз алдымда. Композитор әкемнің мәтінін өз әуеніне келтіру үшін шамалап өзгертуді сұрайды. Әкем оған келісе қоймайды. Айтатын уәжі «Мен неге өлеңімді өзгертуім керек?! Әр өлең менің толғақтан туған сәбиім» деп тұрып алады. Қойшы әйтеуір, бір біріне беріспей отырып әдемі әнді дүниеге келтірді. Оны бәрі сүйініп отырып тыңдады.
Әнсіз өмір өмір ме, қаңсымай ма,
Өзегіңді өртеп дерт, жаншымай ма?
Махаббатқа арнап бір ән шығарсын,
Шәміл-ау,
Шәмші қайда?!
Шәмші қайда?! – деген өлеңде үлкен сыр жатыр.
Әкеммен өзі құралпас ақындар – Оспанхан Әубәкіров, Әділбек Абайділданов, Бекен Әбдіразақов, Әнуарбек Дүйсенбиевтер жақсы араласты. Бұлар шын мәнінде түсініскен, бір бірінің қадіріне жеткен сыйлас жолдастары еді. Оспанхан ағамыз әзілкеш, отырған жерінде жұртты қыран-топан күлкіге батыратын. Әділбек ағамыз тәртіпке берік өте кірпияз кісі, ешнәрсенің шашауын шығармайтын. Бекен ағамыз өзі де, сөзі де тез самдағай адам еді.
Ал, балалар ақыны Әнуарбек ағамыз бойы ұзын, денелі, бірақ көп сөйлеуге жоқ салмақты адам болатын. Оны достары қалжыңдап «бәтіңке» дейтін («Бәтіңке, шұжық, балқаймақ дүкенде тұрып ұрысты, бәтіңке шықты айқайлап, айтуға керек дұрысты» деген өлеңіне сүйеніп).
Сонымен бірге әкем соғыс кезінде ұйғыр баласы Ілия Бахтиямен бірге жайлауда қой баққан екен. Сол туралы ұмытпай айтып отыратын. Кейін қазақ пен ұйғырдың осы екі баласы елдің белді ақындары болатынын кім біліпті? Бахтиямен кездесуімнің сәті түсті. Өте қарапайым, танымы терең, салмақты жан екен. Әкем туралы естеліктерді асқан бір сүйіспеншілікпен өрбітті.
Әкеме қалам ұстаған дарынды жастар өте үйірсек болды. Себебі әкем қазақтың қара өлеңіне жаңа серпін, тың әдістер мен иірімдер алып келген ақын. Осы ерекшеліктері оларға ұнады. Қасында жүрген жас таланттарды «бұлар – менің адъютанттарым» деп еркелететін. Қазіргі көрнекті тұлғалар, ол кездегі жас ақындар – Кеңшілік Мырзабеков, Иранбек Оразбеков (Иран-ғайып), Нұрлан Оразалин, Рафаэль Ниязбеков және тағы басқалар әкемнің қасында жүрді.
Бұлар – тек есімде қалғандары ғана, ал әкемді пір тұтып, айналасына топтасып ақылын тыңдағандары қаншама?! Амандық болса, оған да бір күні кезек келер.
«Мұқағали журналы, №1,2022 жыл