РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Мырзахмет МҰХАМЕТЖАНОВ. Мұқағали қол қойған бір жәдігер

Сіздерге көрсететін бұл жәдігер мен үшін ескірмейтін естелік. Соны әлі күнге дейін сары майдай сақтап келемін. Ақпан айында, ақын­ның туған күні қарсаңында оған дәл баяғыдай тебірене қарай­ты­ным бар. Әсіресе 11-ші қаламұшпен жазылған ақынның қолы жаныма соншалықты жақын. Қатырма қағаздың бетін ақырын ғана сипалаймын. Сол кезде мәз болып шулаған екінші кластағы менің құрдастарымның дауысы құлағыма келеді…

Кіндік қаным осынау ұлы топыраққа тамды. Қарасаз – қарасаң көз тоймайтын көрікті мекен. Қыста аппақ тон киіп, жазда бар аймағы жасыл кілеммен көмкеріледі. Өзі – Кетпен, Талас, Елшенбүйрек тауларының ортасында. Бір шоқыдан екінші шоқының еңсесі биік, асқақтап көрінеді. Сен де дүниеге осы деңгейден қарауға дағды­ланасың.

Бұл маңның орманы мен тоғайы қандай?! Табиғаттың өзі ға­жайып бір саябақты Қарасазға әкеліп орната салғандай. Онда не жоқ дейсіз, бәрі бар. Ағаштардың неше түрі өседі. Талшыбықтары таудың қыздарындай нәзік. Гүлдері жұпар шашқан шіліктері мен бозқарағаны ерекше. «Сирен аты біздіңше бозқараған» деп Мұқағали ағамыз бозқарағанға керемет анықтама берген.

Нулы, сулы болған соң аймақ аң-құсқа бай. Сыртқы, ішкі, ор­таңғы деп аталатын үш сала Қарасуда үйрек-қаздың алуан түрі кездеседі. Шіл, кекілік, тоқтыбалақта (дуадақ) есеп жоқ. Біз елік­тердің дәл қасы­мызға келіп мөлдіреп қарап тұрғанын талай көр­дік. Қарасаздың сон­дағы тіршілігі ертегі сияқты десем, қазіргі­лер сенбейтін шығар.

Осы өңірде Алжан ата ұрпақтары мекендеген үш колхоз болды. Олар – Соцқазақ (қысқартпай айтқанда Социалистік Қазақстан), Жылыбұлақ және Энгельс (Қарасаз). Үшеуінің орталығы Соцқазақ еді. Өйткені бү­кіл аудандағы екі орта мектептің біреуі осында бой көтерген. Сом қа­рағай­лардан қиюластырып жасалған еңселі үй өз кезеңінің айтулы құрылысына жататын.

Орта мектептің көркі алыстан көз тартады. Алдына спорт алаңы жа­сақ­талған. Оқушылар турникке тартылып, арқанға өрмелеп де­гендей, неше түрлі жаттығулар жасайтын. Мұнда доп ойнауға да мүм­кіндіктер болды. Осы орта мектептен есімі елге белгілі небір азаматтар түлеп ұшты.

Шалғайда жатқан Соцқазақ тұрпатына қарамай көп ұлтты. Ауылда чу­­­ваш Ивановтардың, мордва Гришиндердің, орыс Кочергиндердің әу­­­­­леттері өмір сүрді. Олар қазақшаны бізден үйренсе, біздер олар­дан ауыстырып орыс­шаға тіл сындырдық. Соцқазақтың үлкені – менің атам Өмірзақ. Ол кісімен қатарлас Бозымбай, Бейсенбі, Қыдыр, На­сыр, Жылқыбай, Жұмәділ секілді қариялар елдің берекесі еді. Бәрін қас-қа­бақ­тары­мен-ақ түсін­діретін. Ақыл беріп, жөн көрсететін. Қызыл сая­сатқа қа­рамастан қа­рия­лар бастап, қалғандары қостап Наурызды дуыл­да­тып тойлайтын. Менің есімде қалғаны – көктем келгенде ауыл маңы қызыққа кенелетін. Мұқағали ағаның «Наурыз айы туғанда» деген өлеңі осындайдан шықса керек.

Соғыстан кейін көп нәрсе өзгерді. Соцқазақтағы орта мектеп жа­был­ды. Оның есесіне Қарасазда – Энгельс колхозында жеті жыл­дық мектеп ашылды. Шаруашылық орталығы сол жаққа қарай ауды. Соцқазақ пен ескі Қарасаздың арасы үш шақырым болатын. Біз, балалар, енді оған жаяу қатынасып оқитын болғанбыз.

1957 жыл мен үшін ерекше кезең саналды. Бірінші кластың пар­та­сына отырдым. Қатарынан бес жыл екі ауылдың арасын шаң­даттық. Класс жетекшіміз Сымаш Шынәсілов деген кісі. Жасы біразға келген, шашы аппақ, ересек адам. «Бізді ата мұғалім оқы­тады» деп соған-ақ кәдімгідей мақтанушы едік.

Мұқағали ағаның қызы Майгүл Мақатаева менің кластасым. Тұлымы желбіреген, денесі нәзік кішкентай көрікті қыз еді. Ал сабақ оқы­ғанда ал­дына жан салмайтын. Барлығын тез ұғып, тез қа­былдайды. Тап­сыр­маға бе­рілг­ен өлеңді сол сәтте жаттап алып, қай­талап беретін. Бәріміз Май­гүлге қарап сап түзедік. Одан қал­мауға тырыстық. Қазір ой­лаймын, егер Майгүл тірі бол­ғанда, сөз жоқ, әке­­сіне тартатын еді. Бәл­кім әкесінен ар­­татын еді!

Келесі, 1958 жылы біздің класс жетекшіміз ауысты. Ол кісінің орнына Мұқағали Мақатаев келді. Бастауыш кластың мұғалімі әмбе­бап. Барлық сабақтан дәріс береді. Мұқағали аға балалардың тілін тез табатын. Әңгімесі жалықтырмайтын. Өте түсінікті сөйлейді. Он­дай сөздің миыңа қонбауы мүмкін емес. Мұқағали ағаның білімі ғана емес, кескін-келбеті де ерекше. Әсіресе иығына түскен қара шашына қызығып қараймыз. Оны артқа қарай бір сілкіп тастап жаңа сабақты түсіндіретін.

Сонымен 1959 жылдың мамыр айында екінші класты аяқтадық. Мен үздік бітіргендердің қатарына қосылдым. Бірнеше бала Мақтау қа­ғазы­мен марапатталды. №3 Мақтау қағазды маған арнап жазып­ты. Онда класс жетекшіміз Мұқағали Мақатаевтың қолы тұр. Ұлы ақынның қол­таңбасына әлі күнге дейін сүйіне қараймын. Оны бала-шағама көр­се­темін. Ақынның шәкірті атанғаныма мерейленемін. Өзгелерге елеу­сіз көрінетін осынау Мақтау қағазы мен үшін орден, медальдардан кем емес. Соның әңгімесін «Мұқағали» журналы ар­қылы барша жұртқа жет­кізуді өзіме парыз санадым.

Ескі Қарасазда менің нағашыларым тұрды. Олар – математик мұ­ғалім Әділ және Бегділ Кенжебековтер, Уәли, Нұрбосын Нұғы­мановтар, Батырхан Ағымановтар. Бір кездері Шелек өңірінен осында қоныста­нып, қарасаздық болып кеткен. Бәрінің мекенжайы Мұқағалидың үйімен бір қатарда. Сабақтан шыққан соң мен де Қуанышбай, Амантай, Май­гүл­дермен қосылып сол жаққа барамын. Қарасаздың балалары өте тату. Ойынның көрігін қыздырамыз.

Нағашы атам Кенжебек жылқышы. Шоқы әжеміз әулеттің бас­шы­сы. Нағашы апам Нұраханның дәмді тамағына тойып алып құр­бы-құр­дастармен бірге аулада асыр салатынбыз. Кешке қарай ғана Соц­қа­зақ­қа жол тартушы едік… Міне, содан бері қарай алпыс жылдың зу етіп өте шыққанын аңғармай да қалдық.

Кешегі Соцқазақ қазір Қарасаз деп аталады. Ал ескі Қарасаз сырын ішіне бүгіп тым-тырыс жатқан жапан дала. Бір кезде онда өмір болғанын, Мұқағалидың Қарасазда туғанын және сол ауылда тұрғанын бізден басқа ешкім біле қоймас. Ел жаққа барғанда мін­детті түрде уақыт тауып Қарасаздың қара орнына тағзым етіп, боз­қараған тоғайын аралап қай­татыным бар.

– Қалай, Өмірзақов?! Үлкен жігіт болдың ба? – деген таныс дауыс естілгендей кенет артыма жалт қараймын. Өмірзақ – атам, Мұхаметжан – әкем. Мектеп бітіргенше атамның баласы болдым. Менің қазіргі тегім­мен Мұхаметжанов демей, Өмірзақов деп бір-ақ адам айтады. Оның кім екенін мен жақсы білемін. Ол – класс жетек­шім Мұқағали Мақатаев.

«А-а!» деймін артыма бұрылып. Дауысыма ешкім жауап қайтар­май­ды… Содан кейін ескі Қарасазға сағынышпен көз салып тұрам да үй­рен­шікті жолыма түсемін. Ішімнен Мұқағали ағаның өлеңдерін бірінен соң бірін жалғастыра оқып келе жатамын.

«Мұқағали» журналы №1, 2020 жыл

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналын қолдайық!

«Аманат – Қарасаз» қоғамдық қоры құрылтайшыларының барлық әріптестеріне, кәсіпкерлерге, оқырмандарға арнаған үндеуі Ардақты, ағайын! 2023 жыл «Мұқағали»...

«Мұқағали» журналы, №3, 2022 жыл

     Ақын атындағы басылымның кезекті нөмірі Дариға Тілендікелінінің «Нағыз ақынның болмысын Мұқағалидан көрдім» деген сұхбатымен ашылады. Дариға апа өзі куә болған оқиғаларды қызықты, әрі көркем...

«Мұқағали» журналы. №2, 2022 жыл

     Журналдың кезекті саны «Тау – бір аңыз, тау – дастан» атты Мұқағали өлеңдерімен ашылды. Белгілі дінтанушы, ғалым-ұстаз Қайрат Жолдыбайұлымен болған сұхбат «Халқының жанын ұққан...

«Мұқағали» журналы, №1, 2022 жыл

Барыс жылындағы алғашқы нөмірге көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің «Уақыт жаратқан жыр» атты зерттеу мақаласы беріліп отыр.  Жұлдыз Мұқағалиұлының «Менің әкемнің достары» деген естелігі де оқырманды...

«Мұқағали» журналы №6, 2021 жыл

Бұл нөмір «Елордадағы мектепке Мұқағалидың есімі берілді» деген жағымды жаңалықпен басталады. Ақиық ақынның ұрпағы Жұлдыз Мұқағалиұлының өлеңмен өрнектеген ой толғаныстарын оқисыздар.

«Мұқағали» журналы №5, 2021 жыл

Журналдың кезекті саны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын мерейтойына арнаған Құттықтауымен ашылып отыр. Мұқағалидың 90 жылдық торқалы тойынан толық репортажды да осы саннан оқи аласыздар....