Қайрат Жолдыбайұлы – көк туын желбіреткен қазақ еліне ата дінін насихаттап ұқтырушы ғалымдардың алғашқы легіндегі тұлға. Ол дінтану бойынша ҚазҰУ-дың магистратурасын бітірді. Стамбулда шыңдалды. Мысырдағы Әл-Азхар университетін тәмамдады. Одан кейін Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының жетекші салаларында жұмыстар істеді. Бүгінгі таңда Нұр-Мүбәрак ислам университетінде ұстаз. ҚР Президенті жанынан құрылған Ұлттық кеңес мүшесі. Әсерлі әңгімелері және «Ислам ғалымхалы», «Ақиқат шуағы», «Күдікпен күрес», «Дін мен діл», «Имани гүлі» кітаптары арқылы ұстаздық қызметті одан әрі жандандырды. Жақында жарық көрген «Кемел адам» туындысы да үлкен сұранысқа ие болды. Ағартушы ғалымның Мұқағали Мақатаев мұрасына деген ықыласы зор. Біз осы тақырып негізінде Қайрат Жолдыбайұлымен сұхбаттасқан едік.
– Қайрат Жолдыбайұлы, сананы ағартатын еңбектердің жөні бөлек. Олар жүрекке имандылық нәрін құяды. Парасатқа үндейді. Сіз жазған «Кемел адам» кітабынан осындай ой түйдік. Шығарма мұратының ұлттық негізін қалай түсіндірер едіңіз?
– Кемелдену – имандылық сөресі. Оған ұмтылу – адамдықтың белгісі. Ұлттық мұратты ойлаған әрбір ағартушы айналасын ізгілікке жұмылдырса, халық үшін еңбек етудің бір парасын сол деп білеміз. Кемелдену идеясын қазақ топырағына егіп, ұлттық тәрбиенің жемісі ұрпақтардың танымын байытса одан артық қандай жеңіс бар?!
Біз бүгінгі таңда, әлемдегі құндылықтар өзара алмасып, өнегелер жалғасып, сонымен бірге жақсы мен жаман, ақ пен қара қайшыласқан дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Алмағайып заманда азамат-ердің ұйықтамақ түгілі, қалғуға хақысы жоқ. Алаштың ақ туын көтерген ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан «Ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды. Дүниедегі жер билігі күннен-күнге ақылды, ұста жұрт қолына ауып барады» деп алаңдағаны бүгінгі алаңмен сабақтасуға тиісті.
Осы үдерістердің жай-жапсарын, оның пайда-зиянын жастарымыз түсіне бастаған секілді. Сондықтан білімге, жаңашылдыққа ұмтылыс басым. Сұраныстарды қанағаттандырудан туындайды, кітап дүкендерінде шетелдік шығармалардың неше алуаны самсап тұр. Әрине, олар да керек.
Алайда, бәрін жүз пайыз кәдеге жаратамыз десек, артықтау болар. Неге? Ортақ бағытта жазылғанмен шетелдік кітаптардың кей тұстары ұлттық ойлау жүйемізге, қалыптасқан құндылықтарымызға, тіпті діни наным-сенімге кереғарлау келеді.
Осындай олқылықты толтыру мақсатында «Кемел адам» кітабын жаздым. Қазақ оқырманының тұлғалық дамуына қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей пайда тигізе алсақ деген ізгі мұратты басшылыққа алдым.
Кітапта асыл дініміздің өлмес қағидалары, ұлт көсемдерінің данышпандық мұралары, һәм адамзатқа ортақ құндылықтар қатар өрбиді. Кәдімгі қазанның үш бұты секілді – дін мен дәстүр һәм адамзатқа ортақ құндылықтар. Бәрін шендестіре сөз етуге көңіл бөлдім. Кітап қазақ оқырмандарына тиімді болуы үшін діни және шетелдік еңбектерден бөлек, ұлы даладан шыққан Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік», Ахмед Жүйнекидің «Ақиқат қақпасы», Ахмет Иасауидің «Диуани хикметтері», «Миратул-қулубы» («Жүректер айнасы»), Сүлеймен Бақырғанидың хикметтері, Абай мен Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіптің шығармаларын пайдаландым.
–Үлкен жұмыс атқарыпсыз. Құтты болсын! Енді негізгі тақырыпқа ойысайық. Мұқағали да ағартушы. Сондықтан «Өлең жазу біреуге ермек шығар, Ақын болу не деген қиын едің?!» дейді. Ол қаламгерлікті ұстаздыққа балады. Қара өлеңді классикалық деңгейге көтерді. Халқының кәдесіне жаратты. Қайраткерлігіне қандай баға бересіз?
– Меніңше, Мұқағали халқының жанын ұққан қайраткер. Ақын армандары жақсы өлең жазумен ғана шектелген жоқ. Ұлт тәрбиесіне ден қойды. Соған өзінің де жауапты екенін сезді. Жақсы ойдың әсерлі жыр болып туғанын қалады. Жазғандарын сан електен өткізіп, рухани қазынаға айналдырды. Марапат пен мансапқа жетудің оңай амалдарын іздеген жоқ. Есесіне ағартушылық парызды алға шығарды. Ақын мұрасын ақтарып отырғанда осы харакеттерге көзімді толық жеткіздім.
Қайраткерліктің жүгі ауыр, жолы жіңішке. Талант пен еңбектің үйлесуі арқасында орындалатын шаруа. Қара өлеңді классикалық деңгейге шығару хас шебердің ғана қолынан келеді. Мұқаң әдебиет жолында аянбады. Көп оқыды, көп тоқыды. Гейне, Гете, Дюма, Байрон, Гюго, Шекспир, Бальзак. Пушкин, Лермонтов секілді әлемдік классиктердің жұмбақтарын ашты. Қазаққа кемел сөз ұсыну үшін «инемен құдық қазып» нәр жинады.
Жазушы Марат Қабанбай «Ұлттың коды жазылған ақын» атты естелігінде «Мұндай телегей-теңіз білімді қазаққа алғаш кездесуім» деп Мұқағалиды тыңдаған профессордың тамсанғанын мысалға келтіреді. Осыдан-ақ көп нәрсені бағамдайсыз.
Мен жырламаймын. Сырласамын.
Сыры бір замандаспен мұңдасамын.
Көгендеп жыр қосағын,
Келмейді жыр жасағым,– дейді ақын.
Көрдіңіз бе, құлаққа құйылатын мынандай ғажап үнге қалай елтімейсіз?! Қарапайым ғана тіркестермен жеткізіп тұр. Жандауысын төрт жолға сыйғызып өмір сырын ұқтырады.
Мұқағали жаңашылдықты қолдады, әрі дәстүр жалғастығын да берік сақтады. Өзіне дейінгі ақындардың мұрагері, өзінен кейінгі ақындардың ұстазы атанды.
– Шындық жалғыз! Ол – Алла және Алланың дүниені жоқтан бар етіп жаратқаны. Осы құдіретті сезген таланттар тереңге бойлаған. Абай, Мағжан, Мұқағалилардың таным ұқсастықтарынан қандай ерекшеліктерді байқайсыз?
Қазақ поэзиясындағы жыр алыптарының өмірінде бір қызық ұқсастықтар бар. Ол – олардың Пайғамбар есімдерін иеленгені. Мұсылман қауымы балаға жақсы да мағыналы есім беруді ұнатқан. Діни сенім бойынша адамның аты оның болашақ тағдырына әсер етеді деп білген.
Мәселен, Ілияс Жансүгіров, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Иса Байзақовтар да пайғамбар есімдерін иеленген тау тұлғалар. Данышпан Абай мен «дала қоңырауын» алғаш соққан Ыбырай Алтынсариннің азан шақырып қойылған аттары Ибраһим. Ғалым Шоқан Уәлиханов пен азаттық жыршысы Махамбеттің шын есімдері сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.а.у.) шыққандығы аз айтылған жоқ.
Ал Мұқағали – Мұхаммедғали. Әкесінің есімі – Сүлеймен. Мұқағали Мақатаев болып тарихта қалды. Мағжан да иман ұялаған шаңырақта дүниеге келген. Атасы Жұмабай қария қажылыққа барған, дінге берік, абыройлы жан болған. Немересін «Әбілмағжан» деп атаған.
Сіз атаған үш ақынды бір біріне ұқсастырған мұсылмандық жол. Абай ауыл молдасынан сауат ашып, кейін Семейде оқыды. Мағжан – атақты «Ғалия» медресесінің шәкірті. Мұқағали діннің негіздерін Тиын әжесінен үйренген, бойына шым-шымдап сіңірген. Кейін өз бетінше ізденген. Олардың Ақиқатты тануында осындай ортақ түйіндер бар.
Абайдың ойшылдығы орасан. Оның Жаратушысы туралы өлеңдері оқырмандарын оятып, тазалық әлеміне жетелейді.
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас.
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Осы үш сүю болады имани гүл,
Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл.
Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына, малың түгіл.
Алла ішіңді айтқызбай біледі ойла,
Пендесіне қастықпен кінә қойма.
Распенен таласпа мүмин болсаң,
Ойла, айттым, адамдық атын жойма!
Абайды дайындықсыз оқи алмайсыз. Ондағы әрбір тіркес нақтылығымен және тереңдігімен таңғалдырады. Мен алғашқы кітабымның біріне «Имани гүлі» деп Абай сөзінен атау бергенім сондықтан еді. Данышпан баба адам өмірінің сенімі мен иманының рухани қайнар көзін «Имани гүлге» теңеген.
Рузанамаз, зекет, хаж талассыз іс
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
Бастапқы үшін бекітпей соңғы төртті
Қылғанменен татымды бермес жеміс, –
деп мұсылманның қалған төрт парызын осы «Имани гүлдің» шарты ретінде қарастырады.
Осы орайда Көкбайдың Абай туралы естелігіне тоқтала кетейін. «Абай шын мағынасында мұсылман еді. Бірақ, мұсылманшылығы қожа – молла айтып жүрген сырты сопы мұсылмандық емес, терең оймен, өз жүрегімен тапқан мұсылмандық болатын. Бергі жерлердегі кітап сөзі, молла сөзі, шариғат жолы дегеннің барлығына сынмен қарап, діннің негізін, мақсат-бағытын ғана алып, соны ақиқат діні қып қабылдаған. Абайдың діні мұсылманшылықтың ішіндегі осындай жолмен, үлкен сынмен табылған таза ақылдың діні еді» деп жазады. Ал Мұхтар Әуезов «Абайдың діні – сыншыл ақылдың, адамгершіліктің діні» деп жоғарыда айтылған пікірді толықтыра түскен.
Мағжан өлеңдері жалын шашып лаулайды, өр рухымен баурайды. Қазақта “Абай – ақылдың ақыны, Мағжан – ақынның ақыны» деген тәмсіл бар. Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов “Қазақ өлеңінің Абайдан кейінгі алыптарының, айтулы алтын діңгектерінің бірі ғана емес, бірегейі – Мағжан Жұмабаев” деп тебіренген.
Міне, сол Мағжан, кеңес өкіметінен не көрмеді?! “Ескішіл”, “діншіл” атанып, ортадан шеттетілді. Жала мен қорлық, азап пен қиындықтар алқымынан алды. Бірақ, соның бәрі ақынды ақ жолдан тайдыра алмады. Алладан үміт үзбеді, бар керегін Жаратушысынан сұрады. “Айға” деп аталатын мына өлеңіне зер салайықшы:
Ант етіп айырылмасқа бірігейік,
Ас-сусыз, мың бейнетпен жол шегейік.
Тыңдайтын бар ғой тілек әділ Алла,
Көл қылып, қан аралас жас төгейік, –
деп Алла Тағаланың әділдігі мен құдіретін жасқанбай жырға қосты. Мұқағали жырлары осы үдерістің жалғасы секілді. Өзі өмір сүрген атеистік жүйеге қарсылық дауысы ретінде жаңғырады:
Алла – ақиқат.
Аллаға сеніп өтем,
Адалдық пен ақиқат серігі екен.
Адаспаймын, Аллама сеніп өтем,
Арамдыққа баспаймын – жолы бөтен!
Өлеңдегі төрт жолдың өзі-ақ «мені жолымнан тайдыра алмайсыңдар» деген нық сенімге негізделген. Қаламгердің қастерлі ұстанымынан асқақ парасатты көресіз. Немесе:
Я, Аллам! Жаратушым, Қорғаушым,
Өзің – өмір, өзің – қуат, қорғансың.
Іші өртенсін, дұшпандарым долдансын,
Достарым кеп демесін, бір қолға алсын.
Я, Аллам! Адамдарға қас қылма,
Сорлы қылма көк аспанның астында.
Я, Аллам! Жауыздықтан сақтай гөр,
Жамандыққа, жауыздыққа бастырма! –
деген толғаныстарында тағы да Абаймен, Мағжанмен үндеседі. Құдайдың құдіретіне шек келтірмейді, өлеңмен дұға жасайды. Абай, Мағжан, Мұқағалилар өздерінің ұлы ақиқатқа бетбұрған ұмтылыстары арқылы өміршең шығармалар жасау мүмкіндігіне ие болды.
Өзіңіз де жақсы білесіз, кеңестік жүйе ақынға да, батырға да діни көзқарасын сөз етуге мүмкіндік бермеді. Мұқағали қасаңдық шеңберінен шығу үшін барынша бұлқынды. Жасқанбады және ниетін жасырмады. «Сатпаймын, сатқан емен, дінімді мен!» деп күллі дүниеге қасқайып қарады.
Ақынның ұлы Жұлдыз ағамыздың «Әкеңіздің дінге көзқарасы қандай еді?» деген сұраққа қайтарған жауабы бар. «Ауырып қалса немесе денесіне бөрткен шықса, өзі бірдеңелерді күбірлеп оқып, жазып алатын. Сөйтсек, біраз дұғаларды жатқа білген екен. … Есімде қалғаны, орыстың бір академигі аударған «Коран» деген кітапты үйге алып келді. «Осы кітапты жазған академик Ислам дінін қабылдаған. » деді. Құран ол кезде сатылмайды, іздесең табылмайды. Бір сөзбен айтқанда, әкеміздің мұсылманшылыққа көзқарасы оң болатын. «Көкте бір құдіреттің бары анық» деп отыратын» дейді ол кісі. Мұндай сөздер Мұқаңның батылдығын, діни сауатты болғанын дәлелдейтін нұсқа.
Құдайдың құлымын мен – мұсылманмын,
Денемде түйірі жоқ арам қанның,
Ақиқатын аңсаймын ақ арманның.
Мекенім – Ніл дария, Меккем менің,
Келеді мәңгілікке мекендегім.
Дариға-ай Зұлпыһарды ерттеп мініп,
Көрмеген мекеніме кетер ме едім!
Семсерін Әзірет Әлі ескек жасап,
Жерорта теңізінен өтер ме едім?!
Қаны аққан қайран менің мұсылманым,
Осы ма екі ортада қысылғаның.
…Бірігіңдер, әлемнің мұсылманы, –
деп ағынан жарылуы мұсылмандық жүрегінің қалауы. Оны ақындық шеберлікпен көркем етіп баяндады. Ақылдың кемелденуі адамға қандай пайда әкеледі, соның сырларын паш етті. «Қол ұстасып Құдайға, ғылым мен дін бірге бар» дегені сондықтан.
Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,
Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін?!
Құбылаға бет алып қол қусырып,
Сәждеге жығылатын қайда күнім?
Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,
Өлмейтін, өшпейтұғын күнім білем.
Таппайтын күнде тыным, түнде тыным,
Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін.
Бәрі рас айтқанының Ақ Алламның,
Құм менен топырақтан жаралғанмын.
Бұл – нағыз ақиқаттың не екенін адам мен қоғамға ұқтыру үшін жасалған ақынның қаһармандық бұлқынысы. Мұқағали ағамыз Абай секілді діннің тереңіне еркін бойлай алмағаны белгілі. Осы орайда ғалым Тұрсынжан Шапайдың пікірін еске түсірелік. «Абайдың діни танымы, Алла туралы пайымы тым терең, тым ауқымды. Абайда – дін туралы, Алла туралы терең де кешенді түсінік. Мұқағалида – Жаратушысы туралы ойланған әр пенде мойынсұнар қарапайым ақиқат. Бірақ атеистік-коммунистік қыспақта Алласын мойындап, еркін ой толғауы ақындық өр рухының бір ерлігі деп бағаласақ керек» депті. Біз де осы түйінге қосыламыз.
– Мұқағали да қызыл өкіметтің өнімі. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан майдангердің ұлы. Кезінде компартияның мүшесі болды. Алайда, алғашқы лекте райынан қайтты. Көкірегінің көзі ашылды. «Еуропаны кезіп жүрген коммунизмнің елесі» екенін білді. Өтірікпен сүрген өмірі үшін жаны шырқырады. Ақын жанындағы арпалыстардың қайырымынан не күтеміз?
– Дұрыс айтасыз, әкесі соғысқа аттанғанда Мұқағали 10 жаста болды. Күлкісін, балалығын соғыс ұрлаған өзге замандастары секілді тағдырдың ащы дәмін ерте татады, өмір қиындықтарына ерте араласады. Былайша айтқанда, кеңес үкіметінің тәрбиесінен шыққан бала болып ер жетеді.
Тіпті Ленинге арналған поэмалар жазды. Бірақ ол шығармалар, алғашқы шақтардағы комсомолдық әсерден туған шығар деп ойлаймын. Отыздың аяғына қарай Мұқағали өмір бояуларына шынайы сараптама жасауға ойысты. Компартияға сыни көзбен қарай бастады. Бұл – көкірек көзін аша алғандығын көрсетеді. Өлеңдерінде ұлттық сарын қоюланды. Қазақтың өкініштерін еске түсіріп, одан қорытынды шығарудың жайына алаңдады.
Ақынның қызы Алмагүлдің естелігінде мынандай сөйлемдер бар. «Сталиннің зиялыларымыз Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаевтарға көрсеткен қиянатын әкемізден білдік. Мектептегі әдебиет пәнінен сабақ беретін ұстазымызға келіп «Сіз бізге Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер туралы шындықты неге айтпайсыз?» дедім. Мұғаліміміз «Алма, сен ақылды қызсың ғой…» деп әріге бара алмай қипақтағаны бар» дейді.
Ол заманда ұлт мәселесін өлеңге арқау ету үшін ақынға жүрекпен бірге батыл жүрек керек. Әрекеттеріне қарап Мұқаңа сүйінесің. Халықтың ықыласына бөленуінің бір сыры осында жатыр. Мұндай ғажайып тағдыр өмірде де, өлеңде де өтірік айтпаған қаламгердің ғана маңдайына жазылған.
.
– Ақын – Құдайдың құлы, Мұхаммедтің үмбеті екеніне тәуба жасап, пікірін келешекке жолдай алғанына қуанды. Өйткені, дүние өзгереді, ақиқат өзгермейді. Сол жайындағы өлеңдерін мұсылмандық мазмұнмен толғады. Бүгінгі ұрпақ оны қалай таразылап, қалай зерттеуі керек?
– ХХІ ғасырда әлем мұсылмандары арасында алауыздық орын алып, түрлі алпауыт елдердің құрбанына айналуда. Дініміздің мүшкіл жағдайын көргенде ХХ ғасырдың ұлы ақыны Мұқағалидың «Бірігіңдер, әлемнің мұсылманы!» – деп ұрандатқан өр дауысы құлағыма жиі келеді. Ақынның әр сөзінде қазаққа ғана емес, күллі мұсылман баласына арналған өсиет бар. Бүгінгі жаңа буын, жас ұрпақ осы қағидаға құлақ асса, талай оң өзгерістердің қуанышына бөленеріміз хақ.
– Дантенің «Құдіретті комедия» дастанын, Моцарттың «Реквием» атты музыкалақ шығармасын өте жақсы ұққаны діни көзқарастарының мығым екенін көрсетеді. «Жан азасы» поэмасын жазды. Онда екі дүниенің арасалмағына үңілген. Әбділда Тәжібаев бұл поэманы «оптимистік трагедия» деп атады. 40-тағы жас жігіттің 100-ден асқан ғұламаның образына кіруі нені сездіреді? Бұл жөніндегі пайымыңыз қалай?
– «Жан азасына» мұқағалитанушылар шоқтығы биік туынды деп баға берген. Тіпті біреулер оны «ауруханада ажалын тосып жатқанда» жазған деседі. Ал маған аталған бұл дастан ақынның мына дүниемен қоштасуы және оның қадір-қасиетін тірілерге ұқтыруы секілді көрінеді. Дантемен де, Моцартпен де иықтасып тұр.
– Ақын атындағы журнал мұқағалитануды тереңдетуге мүдделі. Мұқағали шығармаларында «ашылмаған аралдар» көп. Ақын жырларын оқыған сайын ойымыз түлеп, өзгеріске түсеміз. Егер, Мұқағали мұрасын ұлттық идеологияны нығайту үшін пайдалансақ, оның қазақ қоғамына әкелетін пайдасы қандай деп ойлайсыз?
– Мұқағали мұрасы да Абай мұрасы секілді тот баспайтын асыл, тоқырамайтын рухани күш. Қазір кез келген қазақпен әңгімеміз жарасқанда, «Мұқағалидан бір жыр оқышы» десең ойланбай орындайды. Ақын өлеңдерін әсерлене оқып ғана қоймай, ондағы нәрді ұлттық идеологияға пайдалансақ несі ерсі. Өйткені оны көпшіліктің өзі қажетсініп отыр.
Мұқағали жырына қанығып, сыршыл философиясының түбін ұққан жастың ұлтын сүйетін үлкен азаматқа айналмауы мүмкін емес. Сонымен қатар ол тура жолды адаспай табуға, Алланы тануға бетбұрғызады.
–Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Болат МӘЖИТ
«Мұқағали» журналы, №2, 2022 жыл