РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Мұқағали МАҚАТАЕВ. Кәсібіңе мен сенің басымды ием


ДӘРІГЕРІМЕ
 
Керегі жоқ,
Керегі жоқ,
Керегі жоқ бәрінің!
Иненің де керегі жоқ,
Керегі жоқ дәрінің!
Кетсем егер, пленканың үзілген бір әнімін,
Қалсам егер, қара жердің жалғыз түйір дәнімін.
 
Дәрігерім, рақмет!
Meн әзірге өлмеймін!
Кешіре гөр!
Жүрегімді пышағыңа бермеймін.
Әуре болмай босат мені!
Енді алдыңа келмеймін.
Керегі жоқ, керегі жоқ,
Пышақтауға көнбеймін!
 
Қорықпаймын пышақтан да,
Қорықпаймын инеден.
Ине түгіл бұл жүректі найза-дағы түйреген…
Құпиямды көресің ғой, мен сондықтан именем,
Кешір мені,
Кешір мені!
Кетем ертең үйге мен.
 
Бауыр ісіп, бас айналып, бойда қаным тасыған,
Бәріне өзім кінәлімін, оның несін жасырам.
Көп нәрсеге қуанам да, көп нәрсеге ашынам,
Ғылымға да, өзіңе де рақмет, бас ұрам!
Уақытым барады өтіп, мен бір жаққа асығам…
 
         ЖІГІТТЕР, АУЫРМАҢДАР
 
Барлық дерттің баршасы маған қонып,
Емханада жатырмын алаң болып.
Терезеден бір ызың мазалайды,
Шақырады бір сәтте балам болып.
 
Анам болып біресе дауыстады,
(Осы ма әлде есімнің ауысқаны?!)
Құлағымның түбінен кетпей қойды,
Құрбыларым, сендердің дауыстарың.
 
Терезеге жабысам барам-дағы,
Сендер күтіп тұр ма деп алаңдадым.
Айырылған жыртылып қалың досым,
Біреуіңді қайтейін таба алмадым.
 
Алдаңдым, барлығы да елес екен,
Бірі жоқ, шіркіндер-ай, о несі екен!?
“Құдекең” пәндем десе, досы көп жан,
Өмірде ауыратын емес екен…
 
Ұмыт болар үйірін аман көрсе,
Жігіттер, ауырмаңдар, шамаң келсе!
Естеріңде болғай-ды, екінші рет
Сендерге бермегірді маған берсе…
 
 
               
               ЖОҚ, ДӘРІГЕР
 
Жүрегіме жүк артып жүргенімде,
Қажыдың ба, байғұсым, білмедім бе?
Шайпау тиіп, шаршатып кім көрінген,
Уландың ба, білмеймін кірледің бе?
 
Бары ақиқат бір дерттің жүрегімде,
Дәрігер-ау, арқалап жүремін бе?
Сорлайтындай соншама кім едім мен,
Heгe аяныш атасың іреңіңнен?
 
Айтып өлтір, қайтесің босқа ойланып,
Жүрек дерті өлімге бастай ма анық?
Адасам ба өмірден жастай қалып?
Ет жүрегім кете ме тасқа айналып?
Heгe айтпайсың, тұрғанша босқа ойланып.
 
Пері соққан пендедей есі жарым,
Тамырымда тулайды есіл ағын.
Бұл жүректің білмеймін несін алдым,
Несі жоғын білмеймін, несі барын?
 
Қаным қайнап барады, қаным қайнап,
Бір амал тап, дәрігер, халімді ойлап.
Алауыртқан ақынның қолын байлап,
Әкетпесін ажал кеп, өлімге айдап.
 
…Жоқ!
Дәрігер!
Орнатпа басқа жүрек!
Басқа лүпіл жасама, басқа леп.
Қалай айтам, бүлінген жүрегімді,
Білдірмей доғдыр алып тастады деп?!
 
Өңгеріп өгей жүрек қайда барам,
Өзгенің ғұмырын қалай пайдаланам?
Сыйыңа рахмет, қайран адам!
Өзімнің жүрегімдей қайда маған?
 
Алмастырам!?
Дедің-ау, алмастырам!..
Сірә, менің жұлдызым жанбас бұдан.
Өзімнің жүрегімді жерлеп келіп,
Өзгенің өмірін қайтіп жалғастырам?
 
Тула, Жүрек!
Өкінем мен несіне!?
Туған жүрек, әрине, өлмесін бе?
…Жоқ!
Дәрігер!
Қозғама,
дамылдасын,
Әрбір жүрек өзінің кеудесінде!
 
 
           
          
           ТІРІ АДАМДАР ӨЛМЕСІН
 
Өлім, өлім, өлім деп,
Неғыламыз күрсініп.
Өлген адам көмілмек,
Тірі адамға — тіршілік.
 
Өлім, өлім, өлім деп,
Өкінеміз несіне.
Өлген адам көмілмек.
Тірі адамға — несібе.
 
Тірі адамдар өлмесін!
Тіршілікке келгесін,
Шамы ертерек сөнбесін.
Шаруасын жөндесін,
Жаманшылық көрмесін,
Тірі адамдар өлмесін!
 
Жасай берсін тірі адам,
Жыламасын, шаттансын.
Бір адамнан — мың адам
Мына өмірге аттансын.
Мың түтін боп от жансын.
 
 
                    ЕМХАНАДА
 
Өкінішті…
Мына құрғыр сырқаттың беті күшті.
Жүрегім көтеріліс жасап жатыр,
Бұзбақ болып кеудемде бекіністі.
Өкінішті…
 
О, Жүрек!
Менің алтын қазығым-ау!
Қайтейін, қажыдың-ау.
…Қытықтаған бауырдың «назы» мынау.
Қажыдың-ау, байғұсым, қажыдың-ау!
 
He істемекпін?
Жаным-ай, саған шипа істемек кім?!
Жаралғанда бүтін ем, үш бөлекпін:
Жүрегім — Африка, бауырым — Кипр,
Миым — Мұзды мұхиттай…
He істемекпін?..
 
 
            МЕН — ДОНОРМЫН
 
Бәріңе!
Бәріңе!
Бәріңе!
Жасыңа да кәріңе!
Кімге қан керек?
Ішуге емес, дәріге…
Мен — донормын.
Шипа болар қаным бар.
Қабылдаңдар,алыңдар.
Менің жылы қанымның
Қасиетін таныңдар.
 
Жоқ!
Ақшаға сатпаймын!
Аурулар алдында,
Борышымды ақтаймын.
Өмір беріп өзгеге,
Өмірімді сақтаймын!
Мен — донормын.
 
Таза қан.
Сақ боласыз жазадан,
Сақ боласыз мазадан,
Қабылдаңыз?!
Көп берем де, аз алам,
Сізге сансыз түтікпен
Менің қаным өтеді,
Маған сол да жетеді!
Сіздегі жылы жүректе
Менің қаным соғады.
Маған сол да болады!
 
Сіздің мидың, біздің қан
Болып жатса қорегі.
Басқаның не керегі?!
Бәріңе!
Бәріңе!
Бәріңе!
Жасыңа да, кәріңе!
Кімге қан керек?
Кімге қан керек?
Кімге қан керек?
Ішуге емес!
Дәріге!..
 
 
         
             БОЛАШАҚ ДӘРІГЕРГЕ
 
Тоқта-тоқта, ей, жігіт, аялдағын.
Қане, қалай жағдайың, баяндағын.
…Тәжірибе мектебін өтіп жүрсең,
Дәрігерлік кәсіпке таянғаның.
 
Таянғаның, қарағым, таянғаның,
Адам үшін барыңды аянбағын.
Адам тұрар алдыңда, ұмыт болар,
Өліктер мен сойылған қояндарың.
 
Енді алдыңда тұрады тірі жандар,
Бірі сүйіп, кім білсін, бірі қарғар…
Қимылдамай кірпігі жатса-дағы,
Байқағайсың, шықпаған тірі жан бар!
 
Кәсібіңнен кетпегей жеріп мүлде,
(Ақыл айтып кеттім-ау, желіктім бе?)
Өлгендерді тірілтем деп ойлағын,
Денесінен жан ізде өліктің де.
 
Жолың болсын, бара ғой, айналайын,
Айналайын, қорғаушым, қарғадайым!
Кәсібіңе мен сенің басымды ием,
Басымды ием, несіне арланайын… X

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналын қолдайық!

«Аманат – Қарасаз» қоғамдық қоры құрылтайшыларының барлық әріптестеріне, кәсіпкерлерге, оқырмандарға арнаған үндеуі Ардақты, ағайын! 2023 жыл «Мұқағали»...

«Мұқағали» журналы, №3, 2022 жыл

     Ақын атындағы басылымның кезекті нөмірі Дариға Тілендікелінінің «Нағыз ақынның болмысын Мұқағалидан көрдім» деген сұхбатымен ашылады. Дариға апа өзі куә болған оқиғаларды қызықты, әрі көркем...

«Мұқағали» журналы. №2, 2022 жыл

     Журналдың кезекті саны «Тау – бір аңыз, тау – дастан» атты Мұқағали өлеңдерімен ашылды. Белгілі дінтанушы, ғалым-ұстаз Қайрат Жолдыбайұлымен болған сұхбат «Халқының жанын ұққан...

«Мұқағали» журналы, №1, 2022 жыл

Барыс жылындағы алғашқы нөмірге көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің «Уақыт жаратқан жыр» атты зерттеу мақаласы беріліп отыр.  Жұлдыз Мұқағалиұлының «Менің әкемнің достары» деген естелігі де оқырманды...

«Мұқағали» журналы №6, 2021 жыл

Бұл нөмір «Елордадағы мектепке Мұқағалидың есімі берілді» деген жағымды жаңалықпен басталады. Ақиық ақынның ұрпағы Жұлдыз Мұқағалиұлының өлеңмен өрнектеген ой толғаныстарын оқисыздар.

«Мұқағали» журналы №5, 2021 жыл

Журналдың кезекті саны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын мерейтойына арнаған Құттықтауымен ашылып отыр. Мұқағалидың 90 жылдық торқалы тойынан толық репортажды да осы саннан оқи аласыздар....