Ақын атындағы басылымның кезекті нөмірі Дариға Тілендікелінінің «Нағыз ақынның болмысын Мұқағалидан көрдім» деген сұхбатымен ашылады. Дариға апа өзі куә болған оқиғаларды қызықты, әрі көркем етіп жеткізген. Сонымен қатар, бұл әңгіме ақын жайлы айтылып жүрген кейбір жүйесіз пікірлерді дұрыстай алатын қуатымен құнды.
Айтуған Шәйімұлының, Тұрсынбек Ешенқұловтың ақын туралы естеліктері қаламгердің жұрт жақсы көрген шынайы бейнесін көзіңізге елестетеді. 91 жастағы қария Халық Торғаев ақынмен сыныптас болған кездеріне тоқталған. «Өмірбаянымызда ұқсастық көп» дейді ол. Нұрлан Сәрсенбаев пен Айзат Рақыштың танымдық мақалалары ақын мұрасын зерттеуге арналған. Елеусіз Ахметкерімұлы «Жолшы ата кім?» деп сұрақ қойып, Мұқағалидың кіші әкесі жайлы деректерді алға тартады.
«Мұқағали оқуларының» жеңімпаздарымен, «Мақатаев мектебінің мерейтойымен», «Мұқағалиды кескіндеген Мұхаметпен», «Мұғалімдер Мұқағалиды ұлықтады» деген әдеби ақпараттармен танысасыздар.
Даңқты сатирик Оспанхан Әубәкіровпен бірге рахаттана күлесіздер. Ораз Қауғабайдың «Дін және Дінмұхаммед Қонаев» атты эссесі өзіндік ерекшелігімен тәнті етеді. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты жазушы Жанар Әбдішованың «Қайран, өмір-ай… немесе мұңды сағыныш» әңгімесі де әсерге толы.