РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Баққожа Мұқаи. Жұлдызы жарық асыл

Мұқағалидың 60 жылдығына арнап жазған сөзі еді

Қазақ халқының тарихында жұлдызы жарық асыл азаматтардың аз болмағандығын баршамыз жақсы білеміз. Араға айлар, жылдар, ғасырлар түсіп, олар бізден алыстаған сайын сол аяулыларымыздың тұлғасы бұрынғыдан да зорайып, абырой-атағы бұрынғыдан да биіктей береді екен. Таудың биіктігін алыстан ғана білуге болатыны рас. Ұлы тұлғаларды тану үшін де жылдар керек. Осы бір шындықты бізге Абай, Мұхтар, Қасым, Мұқағали өмірі дәлелдеп берді. Заманалармен жарысып жүретін ұлыларды әр ұрпақ, әр заман өзінше танып, өзінше бағалайтындығы және ақиқат. Алдындағы аға мен қатар жүрген құрбының өз уақытында Мұқағалидың қадіріне жетпей, оны жаңа талап, жас ұрпақтың, қара ормандай халқының аспанға көтеріп, абыройын асырғаны баршамызға бір шындықтың бетін ашып берді. Бүгін барша халық болып алпыс жылдығын тойлап жатқан Мұқағали Мақатаевтың ең үлкен тойлары, қасы мен досын, күллі алаш жұртын мойындатар кезеңі әлі алда. Мұқағали Мақатаев бар болмыс, алып тұлғасымен көрінер асқар биігіне, Табиғат-ана еншілеп қойған ұлы тұғырына өрлеп барады. Ол сол биікке туған халқының жығылмайтын туын, ешқашан жасымайтын намысын заманалар бойы кіршік шалмаған ары мен ұятын алып шығады. Осынау тіршілігінде өмірдің азабы мен мазағын, зорлық пен зомбылықты көп көрсе де рухы жасымаған, асыл қасиеттерін жоғалтпаған қазақ халқы әрқашан аяулы перзенті Мұқағали Мақатаевтың жырымен жарық дүниеге жан сырын ақтарады.

Біз халықтың санасын қорқынышпен құрсаулаған аяуы жоқ аяр уақыттың қаһарынан қорқып, ақиқатымызды айта алмай, көкірекке толған ащы айғайды сыртқа шығара алмай булықтық. Әділетсіздігі шектен шыққан замана бізден өткенімізге бөтеннің көзімен қарап, бөтеннің көзімен баға беруді талап етті. Соның салдарынан біз жылдар бойы ұлы бабаларымыздың ұлы жорықтары, ұлы істері туралы басқаша сайрадық, олардың ел мен жер бостандығы, тәуелсіздігі үшін тындырған істерінен басқаша мазмұн іздедік. Сол уақыт бір халықтың өткені мен бүгінінің арасындағы байланысты үзуге тырысты, кеше мен бүгінді жалғастырып тұрған алтын көпірді қиратпаққа күш салды. Қарыны тоқ, дарыны жоқ шуылдақтар ата-бабасының ғасырлар бойы жасаған ұлы мұрасына жойқын шабуыл жасап жатқанда заманның қаһарынан ықпай анасының тілі, бабасының ділі үшін шырылдап барып отқа түскен нағыз азаматтар аз еді. Сол аздың алдыңғы легінде Мұқағали Мақатаев жүретін. Ол уақытпен алысып, бет қаратпаған уақыттың қолайына жақпады. Сөйтіп ол уақыттың құшағына сыймай кетті. Мұқаң өмірлік мақсатын, ары мен ұятын бір сәттік арзан алданышқа айырбастай салатын «кішкентай» адам емес еді. Мұқағали Мақатаев ар мен ұяттан, шындық пен намыстан жаратылған жан еді.

Ұлы тұлғалар тірлігінде ғана емес, мәңгілікке айналған екінші өмірінде де адамзат баласының алдындағы перзенттік міндетін абыроймен орындай береді. Олар халықтың басын біріктіруші ғажайып күш. Олар  – ұйытқы.

Мұқаң да баршамыздың басымызды қосып, өзімізді-өзімізге танытып жатыр. Дәл бүгін қазақ даласының тағы бір қасиетті төрінде Мұқаңның аяулы ағаларының бірі, халқымыздың дүлділ ақыны Қасым Аманжоловтың 80 жылдық тойы өтіп жатыр. Мұқаңның сол тойдың төрінде, Қасым ағасының жанында отырғанына кімнің күмәні бар?! Ұлы халықтың ұлы тойлары ұлы перзенттерінсіз өтпейді.

Қазақ тілінің, қазақ өлеңінің, қазақ ұлтының абыройын асырып, мерейін үстем еткен ұлы перзенттерге,  олардың өлмес рухына тағзым етейік. Дүниенің төрт бұрышын шарлап, халықтың атынан сөйлеп, халқының атын әлемге әйгілеп жүрген сол перзенттердің даңқы арта берсін.

Мұқағали сияқты перзентті дүниеге әкелген аналарға –  анамызға, Жер-анаға, Мұқаңның бесігі – Қарасазға, ұрпағының қадірін білер қара ормандай халқыма алғыс, жарық дүниенің нұры жаусын. Халқымыздың болашаққа бастар жолы кең, алды жарық болсын, әлеумет.

 1991 жыл. 

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналын қолдайық!

«Аманат – Қарасаз» қоғамдық қоры құрылтайшыларының барлық әріптестеріне, кәсіпкерлерге, оқырмандарға арнаған үндеуі Ардақты, ағайын! 2023 жыл «Мұқағали»...

«Мұқағали» журналы, №3, 2022 жыл

     Ақын атындағы басылымның кезекті нөмірі Дариға Тілендікелінінің «Нағыз ақынның болмысын Мұқағалидан көрдім» деген сұхбатымен ашылады. Дариға апа өзі куә болған оқиғаларды қызықты, әрі көркем...

«Мұқағали» журналы. №2, 2022 жыл

     Журналдың кезекті саны «Тау – бір аңыз, тау – дастан» атты Мұқағали өлеңдерімен ашылды. Белгілі дінтанушы, ғалым-ұстаз Қайрат Жолдыбайұлымен болған сұхбат «Халқының жанын ұққан...

«Мұқағали» журналы, №1, 2022 жыл

Барыс жылындағы алғашқы нөмірге көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің «Уақыт жаратқан жыр» атты зерттеу мақаласы беріліп отыр.  Жұлдыз Мұқағалиұлының «Менің әкемнің достары» деген естелігі де оқырманды...

«Мұқағали» журналы №6, 2021 жыл

Бұл нөмір «Елордадағы мектепке Мұқағалидың есімі берілді» деген жағымды жаңалықпен басталады. Ақиық ақынның ұрпағы Жұлдыз Мұқағалиұлының өлеңмен өрнектеген ой толғаныстарын оқисыздар.

«Мұқағали» журналы №5, 2021 жыл

Журналдың кезекті саны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын мерейтойына арнаған Құттықтауымен ашылып отыр. Мұқағалидың 90 жылдық торқалы тойынан толық репортажды да осы саннан оқи аласыздар....