РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Мұқағалидың 90 жылдығы қарсаңындағы толғаныстар

Той туралы ой

Әділжан НӨКЕЕВ,
Қарасаз ауылындағы Албан Асан атындағы
орта мектептің директоры

2021 жыл да иектің астында. Бізді елеңдететін оқиға – Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы. Ақын мерекесі осымен бесінші рет аталғалы отыр. Бұл мерейтойды қалай жоспарлап, қалай ұйымдастырған жөн? Осындай сұрақтар барша жұртпен бірге бізді, қарасаздықтарды да толғандырады.

Бұрын мерейтой өткізгенде қазақстандық тәжірибені негізге алдық. Ендігі талап басқаша. Әлем елдерімен араластық. Оларға өзімізді таныттық, өзгелерден де үйрендік. Соның бір дәлелін айтқан кезде, Азия қаламгерлерінің халықаралық бірінші форумы еске түседі. Осынау алқалы жиында шетелдік ақын-жазушылар Мұқағали туралы да естіген шығар деп топшылаймыз.

Өйткені қазір Мұқағалидың өлеңдері жер-әлемді шарлап жүр. Жыр кітабы Нью-Йорк баспасынан шықты. Бір топ шығармалары түрік елінде аударылды. Қытай бұл іске бұрынырақ қатысты. Естумізше француздар да қызығушылық танытқанға ұқсайды. ТМД елдеріндегі жаңалықтар бәрімізге белгілі. Мұны неге айтып отыр дейтін шығарсыздар. Оның себебі былай, Мұқағали тойына әлем елдерінен қатысқысы келетіндердің саны артуы мүмкін. Осыны ағайындардың есіне салғымыз келеді. Егер шетелдіктер ұсыныстарын білдірсе, қоя тұрыңыздар деп ешкім олардың қолын қаға алмайды. Құшағымызды ашып, төрімізді дайындап, қазақы дәстүрмен қарсы аламыз.

Әлімсақтан айтылатын мақал бар: «Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады». Қонақтарды күту, ойдағыдай шығарып салу бәрімізге үлкен сын. Осы жауапкершіліктің салмағын күні бұрын мөлшерлеп, оның жүгін өзара бөлісіп бірге көтеруге дайын отыруымыз қажет. Сонымен қатар, мерейтойдың мазмұнын ақын ғибраттарымен тереңдету жайларын жан-жақты ойлауымыз керек. Алдағы ақын мерейтойына қатысты ой-пікірлерімді көпшіліктің назарына ұсынып отырғаным сондықтан.

Менің айтатын сөзімнің қысқаша мазмұны мынандай:

1. Өткен жылы Қарасаз ауылының тұрғындары ерекше бір бастама көтерді. Ақынның 90 жылдығы құрметіне арнап әр елдімекен 90 дана «Мұқағали» журналына жазылса деп үндеу тастады. Соның арқасында бір ғана Қарасаз ауылындағы оқырмандардың саны 120-ға жетті. Ағайынның өнегесі баршаға үлгі болып тарады.

Биылғы күзде аталған осы акцияны тағы қайталасақ дейміз. Оған Қарасаз ғана емес, Райымбек ауданының жұрты, көрші өңірлер түгел қосылса жақсы болатын еді. Бүкіл елге мұқағалишыл жұрт екенімізді осылайша көрсеткенді жөн санадық. Бұл құрмет – қазақ әдебиетін, ұлттық поэзиямызды қадірлеудің белгісі. Оның рухын жас ұрпақтың бойына сіңірудің әдісі. Ынта мен ықыласты арттырсақ игі шараны жалғастырудың қиындығы жоқ.

2. Тағы бір ойды ортаға салайын. Қарасаздан арнайы ғимарат жасақтап «Мұқағали мұрасы» дейтін әмбебап кітап дүкенін ашсақ қалай болар еді? Осы бастаманы қолдайтын кәсіпкерлерді іздеп тауып, оған жергілікті тараптан қамқорлық көрсетуді қарастырған жөн. Қазір кеңсе тауарларын сататын орындар бар, бірақ кітап сататын дүкен жоқ. Кітап саудасы әсіресе мерейтой кезінде қыза түсетіні анық.

Елімізде түрлі қоғамдық қорлар, баспалар, мерзімдік басылымдар жеткілікті. Олар ақын жырларын насихаттауға атсалысып жүр. Солармен хабарласып, Мұқағалиға қатысты өнімдерін келісімшарт негізінде дүкенге қабылдап, сауда жүргізсе – екі тарап та пайдасын көретін еді. Ең алдымен, көпшілік кітап оқуға қайтадан бет бұра ма деп үміттенеміз. Сонымен қатар дүкеннің көшпелі саудасын ұйымдастырсақ артық болмайды. Ауданды, көрші өңірлерді аралап, авторлар мен оқырмандарды кездестірсек несі жаман?!

3. «Мұқағали бейнесі – сахнада» деген атпен мектептерде ақынды кейіпкер еткен пъесалар қойылып, оның ең үздігін Мұқағали тойы кезінде Қарасазда сахналаса дейміз. Бұл – ауыл өнерпаздарының талантын тануға, іріктеуге және өсіруге мұрындық болады. Жастарды бос уақытын мазмұнды өткізуге дағдыландырады. Кім біледі, олардың күшімен баяғы кездегідей халық театрының ұйымдасуы әбден мүмкін. Мектебімізден түлеп ұшқан, Қарасаз ауылынан шыққан театр тарландары жеткілікті. Солардың бәрі бірігіп Қарасаздан Мұқағали Мақатаев атындағы халық театрын ашса нұр үстіне нұр болмай ма?! Олардың алғашқы қаржысын меценаттарымыз бен көпшілік көтеріп алса қандай ғанибет! Музейі бар ауылдың театры неге болмайды деп толғанамыз.

4. Қарасаздағы Мұқағали музейі жанынан «Мұқағали орталығын» ұйымдастыруға мүмкіндігіміз бар. Белгілі ғалымдардан іріктелген алқа құрып, олар жылына екі рет ақынның атамекенінде бас қосуды әдетке айналдырса деймін. Зерттеу еңбектерін жинақтап, сараптамадан өткізіп кәдеге жаратқанның жөні бөлек. Алқа мүшелерінің күшімен тәжірибе алмасу кештерін өткізсе, оған мұғалімдер мен оқушыларды қатыстырса ұптасақ ұтылмаймыз. Мұндай байланыстар танымды кеңейтеді, білімді тереңдетеді және қалың бұқараның мұқағалитануға қызығушылығын арттырып, халықтық университетті қалыптастырар еді деп болжаймыз.

5. «Алатау, Алтай, Атырау» деген атпен Қазақстанның бірқатар өңірінде экспедициялық кездесулер өткізсек қалай болар еді? Мәселен оны Семейде, Маңғыстауда, Астанада және Түркістанда ұйымдастырғанның жөні бөлек. Бұл шараға облыс әкімдігі, Жазушылар одағы көмек көрсетіп, дем берсе дейміз.

Әзірге ойымды осындай пікірлермен түйіндейін. Ең бастысы, көкейде жүрген біраз жайларды журнал оқырмандарымен бөлістім. Бұдан да маңызды бастамалар туындап жатса, ортақ іске мол пайдасын тигізетіні сөзсіз. Әрине, мерейтойдың тізгінін ұстайтын өкіметтік құзырлы орындар мен жергілікті билік. Біздің мақсат – жобаланатын ертеңгі жоспарларға кішкентай болса да өз тарапымыздан үлес қоссақ деген ізгі ниет.

Нарынқол – үлкен мұражай

Нарбек Чиндалиев,
 кәсіпкер, Алматы қаласының тұрғыны

Мұқағали журналының биылғы екінші санынан Әділжан Нөкеев аға­мыз­дың «Той туралы ой» деген мақаласын оқып, ортақ мәселеге үн қо­су­ды өзіме парыз санадым. Автор көптің көкейінде жүрген жайларды дәл көрсетіпті. Шындығында ақын-жазушылардың мерейтойын жаңаша етіп ұйымдастыратын кез келген сияқты.

Бұған дейінгі мерейтойларға қарайықшы, бірізділіктен ұзап шыға ал­мап­­тық. Жиналыстар өткізуге ғана басымдық беріптік. Оның өзін ғы­лыми-практикалық конференция деп дабырайтып келдік. Негізін­де ғы­лыми деңгейдегі әңгімелер академияда, университеттерде, осы тектес орын­дарда өтуі керек. Сонда ғана  ол  толық, өз мүмкіндігіне сай болады. Өйткені, конференцияға шақырылатындарды дені ғалымдар, аспирант­тар, магистрант және студенттермен толығады. Ал, аудандық мәдениет үйіне келгендерден ондай сапалық құрамды күте алмаймыз. Қарапайым еңбек адамдары үшін теориялық-практикалық мазмұндағы тіркестерді те­реңдеп ұғыну оңай емес.

Сондықтан ондай жиналыстарда бағдарламада көрсетілген баяндама­лар оқылмай жатады. Бәрі қағаз жүзінде бар, іс жүзінде жоқ болып шы­ғады. Осыдан кейін жарыссөзге шыққандар шолақ қайырады. Бес-жеті минут неменеге жетеді? Көкіректе сайрап тұрған ойын толық жеткізе алмай мінбеден түсіп, залдағы орнына жайғасады.

Менің айтайын дегенім, егер ол шынымен ғылыми конференция болса, атына лайық мәселелер қозғасын. Мәселен, біз мұқағалитануда нені мең­гердік, нені меңгермедік дейтін сауал өзінің жауабын күтіп тұр. Ондай  конференция мұқағалитанудың тереңдеуіне үлесін қосатын еді.

Бұлай дегенде мен жиналыс өткізбейік деуден аулақпын. Жиналыс жи­налғандарға түсінікті, әрі қызықты болса несі жаман. Соның тиімді жол­­дарын бірігіп іздестірейік. Таптаурын қалыптан шығайық. Бұл – орын­да­латын шаруа. Оған жігіттердің толық шамасы келеді. Екінші ай­тарым, мұ­қа­ғалитанудың насихатын арттыра түсу қажет. Насихат деген­де, ақын­ды жалаң мақтаудың және құрғақ мақтанудың қажеті шамалы.Өзіміздің ішкі мәдениетімізді көтеру арқылы Мұқағалидың жерлестері екенімізді көрсе­те алсақ қандай ғанибет! Ол үшін той қарсаңында білікті­лік  кеңестерін өткізіп, тәжірибе жинақтау шараларына көңіл бөлсе деймін. Қонақ күтудің жаңаша үлгілерін басшылыққа алатын мезгіл жетті. Мұндай істер әсіресе жастар танымын байытады.

Үшінші айтарым, Мұқағалиды таныстыру Қарасаздағы мемориалдық му­зейдің қызмет аясымен ғана шектелмейді. Бүкіл Нарынқол, аспантау өңірі ақынның сыры мен жырын паш ететін үлкен мұражай. Сондықтан, аудандағы әртүрлі туристік саяхаттық ұйымдар өлкетануды жарнамалап, келушілерді атамекенге көптеп тартсақ деймін. Мәселен, Хантәңірін алайықшы – соның өзі ғана Мұқағали өлеңінің бренді. Ақын өлеңдерін өзек ете отырып туған жер табиғатын туристерге түсіндірсек, сөз жоқ, ұтамыз. »Атамекен» поэмасы таптырмайтын көрнекі құрал. «Райымбек! Райымбек!» дастаны  –  ел тарихы­ның шежіресі. «Саржайлау» әні – адам жанын толқытатын ғажайып саз.

Ақын аударған Уитмен мен Дантенінің өлеңдерін ағылшынша оқиық.Саяхатшылар –  мынау асқар таулар маңқиып бекер тұрмай дүниеге Мұқа­ғали секілді ерен ақынды бергенін білсін. Келушілер үшін аралайтын жер көп. Олар Шоғансайды көреді. Шұбарталды аралайды.Шалкөдені шола­ды.Шоқанасқанға қарайды. Іленің басы Текес бар, Байынқол бар, айтсаң тау­сыл­майды.

Мұқағали секілді әлемдік деңгейдегі алып тұлғаны Жаратқан иенің бізге бұйыртқанына шүкіршілік етуге тиістіміз. Өткенде Мәрмәр қабырға маңын­дағы туристік базада бір қызыққа тап болдым. Ондағы жалғыз дана «Мұқағали» журналын жабылып оқып, тоздырып жіберіпті.

– Ой, жолдарың болғырлар, бұлай еткенше бәрің бір бірден жазыл­майсыңдар ма? – дедім.

– Дұрысы сол екен, – дейді олар күліп.

Осыдан кейін тағы ойландым. Ақын атындағы журналды, ақынның кітап­тарын, суреттерін таудағы туристік базаларға да жинақтауды ұмыт­пауымыз керек екен. Әсіресе, ақын тойы қарсаңында. Мұқағали басқа жұртта болса, ту етіп көтерер еді. Біз өзіміздегі мүмкіндікті толық пай­далана алмай келеміз. Меніңше, Мұқағали Мақатаевтің 90 жылдығы – алдағы 100 жылдықтың кіріспесі сияқты. Ендеше, ертеңге өнеге етер кәде­лерді бүгіннен дайындайық. Сіздер не дейсіздер?

Мұқағали атындағы театр фестивалін ұйымдастырса…

Мекен Қисықов,  
Қарағанды қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы
облыстық академиялық драма театрының актеры

«Мұқағали» журналының Қарағанды қаласындағы тұрақты оқыр­маны­­­­­­мын. Басылымдағы жазылған жайлар, көтерілген мә­се­лелер мені де толғандырады. Әділжан Нөкеевтің «Той туралы ойы», Нарбек Чиндалиевтың «Нарынқол – үлкен мұражайы»  көп нәр­сені еске салды. Қолға қалам алуға мәжбүр етті.

Журнал келер жылғы Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерей­той­ын қандай жаңалықтармен өткізу керек деген сауал­дарға жауап іздеген. Бұл пікірталасқа көпшіліктің қатысқанын қалаған. Оны жақсы бастамаға балаған.

Егер, күні ертең Мұқағали ағамыздың мерейтойы өркениет талап­­тарына сай өтсе,  ол басқаларға өнеге болса – керемет емес пе?!  Осы жұмыстардың оңтайлы ұйымдасуына үлесімді қосып едім дейтін қуа­ныш  бойыңызды кернесе  қандай ғанибет!?

Сондықтан ойыңды іркілмей ақтар. Қажеттісін алады, қажет емесі қалады. Ең бастысы,  жанкүйер ретінде ортақ мәселеге  бел­сене  ара­ласқан жөн. Мұқағали туралы пікір айту оңай емес. Ол үшін Мұқағали мұрасын қайтадан қарап шығып, жаңа көзқараспен зер­делеуіңе тура келеді.  Бүгінгі жаңа толқын – жастардың талап-тілектерін қанағат­тандырудың жөні бөлек.

Мен – актермін.  Сахнадағы еңбек жолыма қырық жылдан асты. Қа­рағанды қаласындағы  академиялық облыстық драма театрында  қыз­мет істеп келемін. Өзім де, әріптестерім де небір тұлғаларды  сом­дадық. Әсіресе, биыл бізде қойылған «Фариза және Мұқағали» спек­таклін ерек­шелеп айтқым келеді. Спектакль – шығармашылық ізденіс­тердің бір табысына айналды.

Мұқағали – ғасыр ақыны!  Бұл  бағаны берген уақыт. Мен өзім қонақ болған шаңырақтың бәрінен ақынның кітаптарын көремін. Олар кітаптарды сәндік үшін жинап қоймайды. Әкесі – баласына, немесе баласы – әкесіне оқып беріп, одан рухани қуат алады.

Ақын өлеңдеріне мән беріп қараңызшы, көпшілігі дайын тұрған мо­нолог. Жаныңды тербейтін сырлы сөздер.  Ілестіріп әкетеді. Мұқа­ғали шығар­малары  тұтасқан кезде, кейіпкерге бай кең тынысты пье­саға ай­налады.

Ақын аға кезінде өзінің осы мүмкіндігін  сынап көрді.  «Қош, махаб­бат» пьесасы соның дәлелі. Кейін оны режиссерлар сахналап еді,  театр­­лардың абыройы артты, көрермен көбейді. Шығарма әсіресе жастарға  ұнады.

«Ақ қайың әні» поэмасы мен «Қош, махаббат» пьесасының маз­мұны бір. Соған қарамастан екеуі  көпшіліктің жадына бөлек-бөлек ұялады. Өкінішке қарай,  ақынның драматургияға арналған құл­шы­ны­сы осы­мен аяқталды. Кім біледі, ақын қаламынан бұдан кейін де тамаша пьеса­лар туар ма еді? Оған 45 жылдық қысқа ғұмыры жет­педі. Аурумен ар­палысқан сәттер  мұрша бермеді.

Енді мына жайға таңғаласыз. Ақын дүниеден озған соң өзі дра­ма­лық шығармалардың бас кейіпкеріне айналды. Сексенінші жыл­дардың бас кезінде Оразбек Бодықовтың «Жан азасы» жазылды. Ол бірқатар театр­­ларда ойдағыдай жүрді. Содан кейін Серік Тұрғынбек­ұлының «Мұ­­қа­­ғалиы» шықты. Ақын жырларын сыңғырлата өрген, әсері мықты.  Әкім Тарази­дың «Ақын. Періште.  Махаббат» пьесасы қаламгердің «дү­ние­нің тұтқасымен» айқасқандағы рухани жеңісін паш етті. Драма­тург Роза Мұқанова­ның «Фаризасы» қазақ көрермені тұрмақ, Ресей жұрт­шылығы­на да қол соқтырды. Автор мұнда да Мұқағалиға арнайы тоқ­талады.  Рахымжан Отарбаевтың «Фариза және Мұқағалиы» қос ақын­ның мұңы мен жырын  тереңнен толғаған.

Бұл шығарма Атырау театрында қойылып, халықаралық фести­валь­де жүлдегер атанды. Біздің Қарағанды театрында да сахналанды. Бақыт Беделханұлының  пьесасы да  Мұқағалиды сомдап, сахнаның сәнін кел­тір­­ді.

Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!» дастаны Алматыдағы Ғ.Мүсі­репов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында және Талды­­қорған театрында  көпшіліктің көзайымы болды. Ал ақын туралы мо­но­­­­спектакльдер өзінше бөлек әңгіменің тақырыбы.  Сонымен қа­тар,  жаңадан жазылып жатқан пьесалар да аз емес. Мә­селен «Мұқа­ғали» журналына жарияланған Батық Мәжитұлының  дра­малық шығар­ма­сын тұшынып оқыдым.

Бәрін түйіндей келгендегі ұсынысым мынау – жоғарыда айтылған еңбектерді бір арнаға тоғыстырса деймін. Соның нәтижесінде Мұқа­ғали атындағы республикалық театр фестивалін ұйымдастыруға бо­лады.  Фестиваль Алатаудың етегінде, Жетісу жерінде, ақынның ту­ған елінде өткізілсе қан­дай жақсы?! Одан бәріміз ұтамыз.

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналын қолдайық!

«Аманат – Қарасаз» қоғамдық қоры құрылтайшыларының барлық әріптестеріне, кәсіпкерлерге, оқырмандарға арнаған үндеуі Ардақты, ағайын! 2023 жыл «Мұқағали»...

«Мұқағали» журналы, №3, 2022 жыл

     Ақын атындағы басылымның кезекті нөмірі Дариға Тілендікелінінің «Нағыз ақынның болмысын Мұқағалидан көрдім» деген сұхбатымен ашылады. Дариға апа өзі куә болған оқиғаларды қызықты, әрі көркем...

«Мұқағали» журналы. №2, 2022 жыл

     Журналдың кезекті саны «Тау – бір аңыз, тау – дастан» атты Мұқағали өлеңдерімен ашылды. Белгілі дінтанушы, ғалым-ұстаз Қайрат Жолдыбайұлымен болған сұхбат «Халқының жанын ұққан...

«Мұқағали» журналы, №1, 2022 жыл

Барыс жылындағы алғашқы нөмірге көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің «Уақыт жаратқан жыр» атты зерттеу мақаласы беріліп отыр.  Жұлдыз Мұқағалиұлының «Менің әкемнің достары» деген естелігі де оқырманды...

«Мұқағали» журналы №6, 2021 жыл

Бұл нөмір «Елордадағы мектепке Мұқағалидың есімі берілді» деген жағымды жаңалықпен басталады. Ақиық ақынның ұрпағы Жұлдыз Мұқағалиұлының өлеңмен өрнектеген ой толғаныстарын оқисыздар.

«Мұқағали» журналы №5, 2021 жыл

Журналдың кезекті саны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын мерейтойына арнаған Құттықтауымен ашылып отыр. Мұқағалидың 90 жылдық торқалы тойынан толық репортажды да осы саннан оқи аласыздар....