Кең жайлау – Шалкөденің сонау төріндегі Айғайтастың етегіндеміз. Тау шөбі қалың әрі бітік шыққан. Малдас құрып отырған адамның малақайы көрінбейтіндей. Бел-белестер құдды тойға жиналғандай мың құлпырып, сылаң қағады. Шаңын қағып, жаңарып, таранғандай. Жауын жуып, күн қыздырып, самал желі желпілдеткен соң әдеміленбей қайтсін-ай. Сай-саламен сылдырай аққан мөлдір бұлақ суы жағалай өскен жас құрақтың шолпысынан тартқылап, ойнап барады. Тай шаптырым төңіректен, гүлдестенің арасынан бал-бал тасты іздеп, сабылғанымызға бие сауым уақыт өткен. «Осы маңда еді» деп жөн сілтеуші, жол бастаушы жігітіміз Бағдәулет әбіржіп жүр. «Анау бір жылдары мен де көргем. Бәлкім, құлап қалған шығар». Шалкөде жайлауының орта беліне жыл сайын қойын өргізетін Игерді де үміт отын қайта тұтатып қояды.
Мыңдаған шақырым жол жүріп, арнайы іздеп келген соң қалай да табуға бел буғанбыз. Енді ше, қолына қару ұстап, үрке, үдере көшкен ауыл жұртына жалғыз өзі қорған болған, аты-жөні беймәлім қазақ қызы туралы аңызға бергісіз естіген әңгіменің ақиқат кілті тек сол тас мүсінге тіреліп-ақ тұр.
Үлпілдеген майда, қырық түрлі бояуы қырық құлпырған нәзік гүлдерді таптап өтуге жасқанасың. Аяйсың. Күлгін реңді, ай сәулесіне малындырғандай ақсары, тұп-тұнық көгілдір, періштедей пәк ақ гүлдер. Пай-пай шіркін, әдейілеп өсіріп, аялап, мәпелеп күткендей жайнайды ғой жазира кең дала! Қалай қиып, табаныңмен жаныштарсың бұл жерді. Жоқ шарлап шиырлай берсең сойдақ-сойдақ соқпақ қалады артыңда. Көзге де қораш, көңілге де оғаш. Көлікті қойып, жаяу аралап жүрміз. Зіл ауыр тастардан сомдалған алапат өр кеудесін тік ұстап, көкке керіп Айғайтас маңғаздана биіктен қарайды. Жақпар-жақпар тастары қозғалып кеп берсе, онысы буылтық-буылтық бұлшық еттердей бұлтыңдап шыға келетіндей. Туған жерін қимай, көз жасына ерік берген, түн қата, түнере көшкен елмен бірге егілген табиғаттың төл куәсі – осы Айғайтас. Тауға қарап біз тіл қатамыз.
– Оу, Айғайтас! Айтшы, қайда жатыр қазақтың ұя қорғаған қарлығаш қызы? Көмескіленіп, ұмытыла бастаған нағыз ерлік оқиғалардың куәгері өзіңсің ғой. Айтсаңшы, Айғайтас! Ағытсаңшы ащы да болса тұла бойыңа жиған сырларды!
Кенеттен, иә, кенеттен… алыстан менмұндалап жекпе-жекке шақырғандай алып тұлғасын алға тартқан, өзге қиян-қырқалардан қияқтанып, ерекше дараланған, арыстанша айбаттанған қарт Айғайтасқа тіл бітіп, адамша сөйлеп қоя берсе. Сонда бәлкім былай дер ме еді:
«Көрпенің қиқым-қиқым құрағындай қарақұрым қалмақтың қиқулап келіп құтырып, сары қымызын сапыра ішіп, мамыражай жатқан қазақты тебінгідей тепкілеп, аласұра шапқанын айтайын ба? Әлде жуас деген жұртыңнан жұдырықтай жұмылып, қысық көз жауына қарсы атойлап, аруақтың атын шақырып, қылышымен қиқалап, найзасымен түйрелеп, қалың қолды жапырып, бел асыра қуғанын баяндайын ба? Атқа қонса шоқаңдап шабатын, гүрс-гүрс мылтық ататын өзінен басқаларды бұратана санайтын, шұрайлы жерін тартып ап, атақоныстан айдалаға айдайтын ақ патшаның әскері – қаба сақал қазақтың қай қылығын айтайын! «Бала өлгенше шал өлсін, біз болайық еркек тоқты құрбандық» деп ереуіл атқа ер салған, Қарқарада көтеріліс бастаған бабаларың туралы сыр ақтарайын ба? Е, ер жігітше киінген, киіктің лағындай ғана, көз мерген де, қол мерген, білтелі мылтық асынған, көшін ілгері оздырып, өзі сонда мерт болған батыр қыз туралы айт дейсің бе? Сұрап ал оны қарттардан, қанығарсың көп жайға».
Айғайтас! Айтпадың-ау. Тарихтың тылсым құпияларын ішіңе бүге бермей, сыртқа сыр шашып, жаңғыртсаңшы бір, айқайымызды қайталап жаңғыртқандай. Сұңғыла қарттарымыз саңқылдар кезде тілдеріне түйреуіш ілген сұрқай заман олармен қоса талай-талай ақиқатты да бізден аластады, алыстатты. Біз іздеген жау жүрек қыз хикаясы да соның бірі. Тереңнен толғар, әргі-бергіні қозғар көнекөздердің жадында жатталып қалғаны шамалы. Содан да біз еркін қиялға ерік беріп, там-тұмдап естіген оқиғаны өзімізше баяндайық. Ақиқаттан аттап кетсек, айыпқа бұйырмассың, Айғайтас.
Иә, ел осы Айғайтас арқылы арғы бетке екі дүркін дүркірей өткен. Алғашында 1916 жылғы орыс патшасы Николайдың аты шулы жарлығына – майдан жұмысына адам бермейміз деп қарсылық көрсеткен қазақ жұртын атып-асып, кескілеп-шауып қырғынға ұшыратқан кезеңде өткен. Екіншісі, байдың, бардың малын тәркілеп, күштеп ұжымдастыру тұсында, Романовтар тұқымын тұздай құртуды көксеген, Николай ІІ-нің өзін, әулетін атқызып, қанды қолын қазақ жерінде одан әрі қандаған, миллиондаған адамдарды аштықтан қырған Голощекиннің «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» заманында өткен.
Шамасы 1932 жыл болар. Қарағанды әлде Қарқаралыдан, әлде басқа жақтан ба (ол жағы айқындалмағандықтан нақтылау қиын) қазіргі Райымбек ауданының аумағына ит арқасы қияннан арып-ашып, жүдеп-жадаған көш жетеді. Артына комотрядтың салпақтаған қарулы салт аттары түседі. Ер азаматтары жолшыбай болған қақтығыс-шайқаста оққа ұшқан, қылышқа туралған. Көштің бас иесі ауқатты да ақылды, қарақұрым көпшілікті соңынан ерте білген есті адам болса керек. Күнкөрісі – малынан айырылған қазақтың аштан өліп, азайғанын аңсайтын сұрқия саясаттың ызғарлы салқынын алдын ала болжай білген. Большевиктер билік құрған, кеңестер үстемдік еткен жерден безініп, қалың қазақ қоныс қылған шет елге – Қытайға бет түзеген. Қарасазға келгенде қансыраған, жарақаты жанына батқан бай да көз жұмады. Өлерінің алдында алашапқын көшке сексендегі қартты емес, қалыңын алып ұзатылмаған қаршадай қызын бас етіп «ес тұтыңдар баламды» дейді. Ал қызына тізгін тартып, мылтық атар азаматы қалмаған, бала-шаға, қыз-келіншек, кемпір-шалды Айғайтастан асырып, Ойқарағай арқылы Қумойнақтан өткізіп, арғы жақтағы ағайындарға қос деп аманаттайды.
Елшенбүйректің баурайындағы Қарасаздан әрі өрлеп Шалкөдеге жетсе, Айғайтас андағайлап көрінеді. Қатарларын толықтырып, ат айырбастап, жердің ой-шұқырын білетін жол бастаушы тауып, қуғынды қайта жалғастырған комотряд Ұрының сайы деген жерде, Айғайтастың біз мүсін тасты таппай жүрген маңда, көшті қуып жетердей қауіп төндіреді. Соны сезген, біресе алға озып жол барлап, бірде кейін қалып қырағы көзімен артты шолған қыз қарулы салт аттылардың жүрісінің ширап қалғанын байқайды. Қалжыраған көшті көп ұзатпай қуып жетерін пайымдайды. Мұрат тұтқан жерге ат тұяғын іліндірмей, қоршау-қамауға түсірмек ойларын ұғады. Қашқын қуғыншының, қуғыншы қашқынның әрекетін алдын ала іштей біледі. Өмірдің жазылмаған бұл заңдылығын адамның сезім түйсігі сездіретін болса керек. Жас ару қайыстай қатайып, өзін қорған тұтқан топ жанды енді қалт-құлт еткен қарияға аманаттайды. «Тоқтаусыз тарта беріңдер. Сай сағалаған сан тарау жол түбінде бір арнаға тоғысатын Қумойнаққа ілігіңдер. Содан өткенде ғана қауіп-қатерден құтыласыңдар. Сол араға тоқтаңдар. Ол жат жер. Жұрттың жеріне комотряд аттап баспайды» деп әкесінің құлағына құйған ұлағатын қарияға қайталайды. «Мен тірі тұрып оларды соңдарыңнан қуғызбаспын. Жер бауырлатып жатқызып, бас көтертпей оқ атып, жолдарын кесермін. Кеш те батар ұзамай. Түнделетіп көз байланар тау қараңғылығында қуа алмайды, қорқаулар. Қорықпаңдар. Алла тағала аман қылсын. Тірідей көрісейік. Таң атқанша күтіңдер, келмесем – мерт болғаным. Қайта айналып келерсіңдер, көмерсіңдер. Хош!» – дейді қыз. Жылап-сықтаған, әбден жетімсіреген бақытсыз жандар көші ілгері қозғалады.
Қуғыншы таудың биіктей беретін бөктерімен жүрмейді. Жүрістен ұтылады. Атын болдыртады. Сондықтан әрі жайдақ, әрі сүрлеу ізі жатқан сай табанын таңдайды. Қыз оларды дәл осы арадан күтеді. Ұлы болмағандықтан да әкесі жалғыз қызын /әңгімені айтқыштар солай дейді, бәлкім іні-қарындастары болған шығар. Олай деуімізге себеп бар. Бұл турасында кейінірек/ ер балаларша киіндіріп өсіріпті. Тай ұстап, аттың жалына жармасқан, тұлпар құлағында ойнаған қыз әкесімен бірге аңға шығып, мылтықты да ата білген. Аңшылығы, мергендігі, жігіттей жігерлігі шығар, әкесінің оған көз жұмар сәтінде үміт артқаны. Мына қылығы да сондай қайсарлығының дәлелі емес пе? Өз басын қатерге, тіпті айқын өлімге тігіп, комотрядтың қан кешіп, ажал сеуіп жүрген жасағына жасқанбай қарсы тұрғаны мың ерлік қой. Қасында ес тұтар, арқаланар ешкімі де жоқ. Жау жолын жалғыз бөгеген, жүрек жұтқан дара батыр қашанда сирек ұшырасқан. Атыстың қалай басталып, немен тынғаны бір құдайға мәлім. Қуғыншының қаншасы мергеннің қарауылына ілігіп, қапыда қалып тұс-тұстан қанша оқ жаудырды? Атыс қаншаға созылды? Мұның бәрі белгісіз. Өзіміз куәсі санаған Айғайтасымызда тіл жоқ. Ол да ешнәрсені айта алмайды. Кәрі құлақтардан жеткені мынау: көші аман-есен арғы бетке өтеді. Ол жақтағы ағайын-туыстан, өзге де мұсылман жұртынан сайдың бес-алты жігіт қызды іздеп кері келеді. Қуғыншы комотрядты тосып қалған жерде – Ұрының сайында әбден қансырап, әлсіреген батыр қызды табады. Ботаның жанарындай бейкүнә де мөлдір, ақыл тұнған қара көзден «жеткен екен-ау!» деген орындалған армандай аса бір ыстық сезімнің нұрлы сәулесі ұшқын шашып, жалт етеді де, тез саябырлап сөне бастайды. «Менің сүйегімді сүйретпеңдер. Осында жерлеңдер». Жантәсілім етер сәтте бозарып, көгере түскен, әзер икемге келген үлбіреген, ақтық сөзі еді бұл. Жас ғұмыр мынау жарық дүниені қимай үзіліп бара жатты.
Өлгеннің көзі тірісіндегі аманатын орындау – парыз. Жігіттер қызды қаны тамған, атысып-арпалысқан сай беткейіне жерлейді. Біреулер айтады, қызды қару-жарағымен көміпті деп. Ол да анықталмаған нәрсе. Қаза болған қыздың жылын беріп, басына құран оқыту үшін келген туыстары және оның алдында өзін қарыздар сезінген жандар шекарадан жасырын өтіп, қыз бейнесі қашалып жасалған ескерткіш тасты белгі ретінде орнатады. Біздің іздеп жүргеніміз сол белгі еді. Таба алар ма екенбіз?
Неліктен мұндай тас қойған? Бізді мазалаған, ойландырған сұраққа аздап болжам жасағымыз келеді. Шалкөдеде мүсін тастар 30-жылдардан бұрын да тұрған. Олар ежелден қалған тарихи белгілер. Біз батыр қыздың мүсін тасын іздеп жүріп құлап қалған, шөптің, топырақтың астында жатқан басқа да мүсін тасты тапқанбыз. Ер адамның бет-бейнесі қашалып жасалған оның кіндік тұсында әлде жазу, әлде таңба тұрғысында түскен ойық-сызықтар бар. Мұны ғалымдарымыз VІІІ-Х ғасырларда өмір сүрген феодалдық мемлекеттердің қатарында саналған Қарлұқ қағандығына тән белгі дей ме, әлде VІ-VІІІ ғасырлардағы Түрік қағанаты кезіндегі жұртшылдық салтымен байланыстыра ма, немесе басқадай тұжырымға тоқтай ма, ол жағын солардың еншісіне қалдырайық. Шалкөдедегі малшылар мүсін тасты қалмақтардан қалған белгіге жориды. Тастағы бейне жалпақ бет, қысық көзге келіңкірейтін сияқты. Қалай дегенмен де, қыздың басына белгі қою туралы ой сол маңға жақын жерде, жапан далада жалғыз /бәлкім, сол кезде бірнешеу шығар, кейін құлап, жермен-жексен болды ма/ тұрған мүсін тасты көрген де шығар. Соған қарап еліктеп /еліктегіш халықпыз ғой/, шеберлерге арнайы жасатқызып, жат жұрттан әкеліп қойды ма екен?
Шалкөдеде қаз-қатар, белгілі бір ретпен тізілген топырақ төбелер көп. Мұны да ғылым жағындағылар түріктердің немесе қарлұқтардың бірінен қалған мұраға телитін шығар. Ал жергілікті тұрғындар оларды да сол ата жауымыз болған – қалмақтікі санайды. Үлкендігі үй орнындай, биіктігі де едәуір, саны да мол үйінділер астында жатқан сүйектер шынымен-ақ сол қалмақтардікі болса, мынау жазық жайлау төрі ықылым заманда сұрапыл шайқас алаңына айналғаны ма? Жер бетінен жойылып кеткен жаудың «басқа елге лаң салма, тау болып үйілмесін сүйегің» дейтін опындырар жайттан алған сабағы, сақтандыру үшін қалдырған белгісі ме екен осынау төбелер.
Айналамыздағы әп-әдемі гүлдерге қызыға қарап, батыр қыздың мәңгілік тұрағын әлі іздеп жүрміз. Табылар емес. Шалкөдеде кейде қарлы-бұршақты жауын жауып, жаздың өзінде де дене тоңазытар суығының қарып түсер сәттері болады. Мынау нәзік, ерекше сүйкімді гүлдер сонда да үсіп кетпейді. Төзімділікпен, жанкештілікпен шыдайды. Батыр қыз да осынау гүлдердей аса әдемі, нәзік, келісті-келбетті, сүйкімді болды ма екен? Солай болған шығар. Ал төзімділігі мен жанкештілігіне жасаған ерлігі дәлел ғой. Осынау қырмызы гүлдер аты беймәлім батыр қызбен егіздің сыңарындай ұқсас көрінді бізге. Нәзіктік пен қайсарлықтың бөлінбес бүтіндей жараса үндесуін гүл мен қызға қарап таниық. Өзара қабыспайтындай көрінетін осы ұғымда ешқандай да кереғарлық жоқ шығар, сірә. Ой жетегінде жүріп ақыры мүсін тасты да таптық-ау! Сынып түсіпті. Топырағын, ластанған бетін бұлақтан су әкеліп жуып, түбіртек жағын сынығына қарап қиюластырып, тастардан сүйеу қойып, белгіні қайта тұрғыздық. Батыр қыздың аруағына бағышталып Құран оқылды. Ғалымдар мұндай мүсін тастар туралы баяндағанда «бетін күншығысқа қаратып тұрады» дейді. Ертедегі қағанаттар мен қағандар бәлкім сол тәртіпті қатаң сақтаған шығар. Бірақ, батыр қыздың тас белгісі батысқа қараған. Өзі келген жақтан біреуді күтіп тұрғандай. Бүгінгі дәуірдің, кешегі жылдардың көне замандағыдан, әрине, айырмасы да болуы керек қой.
… Қарасаз ауылына 80-жылдары беймәлім батыр қыздың туыстары келіпті, бірақ дерегін айтар адамға жолыға алмапты. Мүсін тасты – қызға қойылған белгіні де таппаса керек деген сөзді естігенбіз. Артында іздеушісі болса, оларға қуана отырып хабарлаймыз. Шалкөдеде – Мұқағали мен Нұрғисаның халқына бірлесе қалдырған мәңгілік мұрасының әні «Сарыжайлау» әніне арқау болған Шалкөдеде, жайлау төрінде – Айғайтастың етегінде аңшы қызға, мерген қызға, батыр қызға қойылған мүсін тас тұр. Біз түсірген сурет – соның өзі.
Сурет интернеттен алынды