РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Мақпал Мыса. Мендегі ақындық көзді Мұқағали ашты

Тәуелсіздіктен кейін шабыт тұлпарды тізгіндеген еркін ойлы жастарымыз поэзия жарысына қосылды. Солардың арасынан дара шыққан жүйріктердің бірі – ақын Мақпал Мыса. Мақпал өз шығармаларында – нәзіктік пен нақтылықты, шешендік пен шеберлікті, ойшылдық пен сұлулықты қатар дамытты. Жаңашылдыққа құлшынды. Алайда қара өлеңнің қалыбын бұзбады. Қайта оның рухын көтеріп, мерейін өсірді. Ақын қыз жыр бәйгелерінен олжасыз оралған емес. Соның бірқатарына тоқталайық. Мұқағалидың 80 жылдығындағы республикалық мүшәйрада бірінші орынды иеленді. «Шоған абыз» поэмасы «Алтын тобылғы» әдеби байқауының Гран-Приін алды. Ол шығарма жеке кітап болып шығып, төрт тілде жарық көрді. Ең бастысы, еліміздегі «100 жаңа есімнің» қатарынан көрінді. Мұқағали және «Мұқағали» журналы туралы пікірлері қандай, оны оқырмандармен  бөліссін деп ақын Мақпалды әңгімеге шақырған едік.

– Мұқағали өлеңдері ерекшелігінің негізгі сырын қалай түсіндіресіз?

– Нарынқол өңірінде туғандардың дені өлеңмен өскендер. Әсіресе Мұқағалиға деген ықыластары ерекше. Бұл өңірдегі қандай шара болмасын Мұқағалисыз өтпейді. Сондықтан осы лекке біздің қосылғанымыз заңды еді.

Бала кезден жадыңа қонған ән-жырдың әсері бөлек. Жаныңа жағып, қаныңа сіңеді. Екіншіден, Мұқағали ағаның жырларында айрықша қасиеттер бар. Адамды өзіне қарай тартады. Ондағы үн тура сенің өз дауысың секілді.

Сол кезде Мұқағали жырын түсініп қана қоймайсың, осы арқылы өзіңді өзің тани бастайсың. Ақынның өмір туралы ойларына ортақтасасың.

Әлі есімде, 6-сыныпта оқып жүргенде алғаш рет «Мұқағали оқуларына» қатыстым. Сонда «Дариға – жүрек» поэмасын жатқа айттым. Ол шығармада соғыстың қасіреті баланың көзімен баяндалады. Мазмұны мұңлы, бояуы қалың. Бір сөзбен айтқанда, мектеп оқушысының ұғымына қиындау.

– Буыны қатпаған балаға мұндай поэманы жаттату көңілге қонып тұрған жоқ. Бұлай еткендегі мақсаттарыңыз не? – деді қазылар алқасының бір мүшесі. Сұраққа менің мұғалімім Гүлшат Базарбекова жауап қайтарды.

– Меніңше, Мұқағали өлеңдері өте түсінікті, оңай игеріледі. Жас талғамайды. Поэмада адам жанының толғаныстары анық суреттелген. Поэма Мақпалға керемет ұнады. Біз оның таңдау еркімен келістік, – деді. Отырғандар жымиып бастарын шайқады.

Осы поэма мені сан түрлі ойға жетеледі. Сананы шынықтырды, талғамды шыңдады. Ондағы жанды шымырлататын қоңыр үн қарапайым, анық және көркем. Мұқағали мұрасының мен байқаған басты құндылығы осындай дер едім.

– Ұлы қаламгер «Өлең жазу біреуге оңай шығар, Ақын болу не деген қиын еді?!» деп толғаныпты. Ол туралы не айтасыз?

– Абай атамыз «Өлеңге әркімнің де бар таласы» дегенді бекерге айтпаған. Талғампаз оқырман жақсы мен жаманды айнытпай таниды. Оларды – өлеңшілер және ақындар деп екіге бөледі. Мұқағали соны меңзеп отыр.

Меніңше, нағыз ақындардың табиғаты бөлек. Олар өлеңге деген адалдығын жоғалтпайды. Өнердің алажібін аттамайды. Әдебиеттің беделін пайдаланып арзан әрекеттерге бармайды. «Сөз патшасының» мәртебесін жанын салып қорғайды.

­Өлең жазу – ар-намыстың өлшемі, зор жауапкершілік. Өмірде ақын үшін кедергілер көп. Оның бірқатарын өзім де көрдім. Өткел бермей, алдымды бөгеді. Бірақ өлеңге деген адал құштарлық алға қадам басуыма жол ашты.

Менің бағалауымша нағыз ақындар – тылсым дүниенің тынысын сезінетін адамдар. Тіршілік ағындарын жүрек сүзгісінен өткізеді. Көзге көрінбейтін психологиялық майдандарға қатысады. Күрессіз отыруға дәттері шыдамайды. Жандары тыныш таппайды. Осындай  айқастың ашық алаңында нағыз ақындар ғана қалады.

Соның жарқын мысалы – Мұқағали! Ақ пен қараның, бақ пен сордың, от пен судың арасында өмір сүрді. Сондықтан халқы жыр перзентін даңқтың биігіне көтерді.

– Мұқағалидың даңқы бәріне шапағат болып шашылды. Өзіңізге де әсер етті. «Ақынды – ақын оятты». Соның ықпалын қалай баяндар едіңіз?

– Ешкім анасынан дүниені біліп тумайды. Айналасындағы өмір  арқылы танымдар қалыптасады. Мұқағалидың Пабло Нерудаға арнаған поэмасында бір әдемі шумақтар бар. «Тұтандырсам бірінен жыр алауын, Бірінен қасиетті сыр аламын» дейді. Міне, ақындарды – ақындар осылай оятқан.

Мендегі ақындық көзді Мұқағали ашты. Өлеңдеріндегі әсер жүрегіме от жақты. Кітаптары қолымнан түскен жоқ. Ойымды сергітті, қиялымды қияға жетеледі. Биіктерден төменге көз салдым. Қызыл-жасыл бояуға оранған ғажайып өмірді көрдім. Сұлулықтарға таңғалдым. Бұған дейін осындай шалқар айдында жүзген шабытты халді басымнан кешірмеген едім. Сол күннен бастап өзгергенімді сездім. Абай атамыз «Өзі зордың, көлеңкесі де зор» деген ғой. Алып тұлғаның ықпалы аласартпайды. Ақындық сезімнің оянуы бара-бара өзімнің жеке жолымды тауып алуыма септігін тигізді.

Қаламгерлік сапарлармен талай жерді көріп, талай адамдармен әңгімелестім. Солардың арасында Мұқағалидың әсеріне бөленбегендер жоқтың қасы. Кімді тыңдасаң да Мұқағалидан дәйек келтіреді. Мұқағали мен Абайды бірге атайды. Мұның астарында не жатқаны айтпаса да түсінікті.

– Мұқағали мен Фаризаның достығы – таланттың талантқа деген құрметі. Бірақ оны кейбіреулер сан-саққа жүгіртеді. Сіз осындағы ақиқатты қалай екшер едіңіз?

– Ол кездің оқиғаларын көзбен көрген жоқпын. Тек Фариза апайдың естеліктерінен білеміз. Соның өзінде талай нәрсенің парқы мен нарқын аңғаруға болады.

Ақын қыздардың ішінде Фариза Оңғарсынова алғашқы сәттерінен-ақ ерекше көзге түсті. Тайсалмай сөйлеп, тік қарады. Өлеңнің әлемдік үлгілеріне ден қойды. Шығармалырының осындай қыры кейбір ағаларына ұнамады. Өлеңдегі батылдығы өрескелдік сияқты болып көрінді. Сондықтан ақынның еркіндігіне шек қойғысы келгендей сынады.

Ал Фаризаның тың қадамдарын Мұқағали қолдады. Болашақта бұл өлеңдердің қыран секілді биікке самғайтынын болжады. «Алдымен осындай өлеңді жазып алыңдар» деп сарапшыларға сес көрсетіп, буырқанған күйі есіктен шығып кеткені ақын қызды ғана емес, талай жастың жігерін жаныды. Оның ішінде Фаризаны мүлдем қанаттандырды.

Мұқағалидың қамқорлығы қызық. Ешкімді өбектемейді. «Дос жылатып айтадының» қағидасына сүйенеді. Мәселен, дүйім жұрттың көзінше «Шеңберден шық!» дегені қолбасшының сарбазға берген бұйрығындай ғой. Бірақ Фариза оған ренжіген жоқ. Қайта қуанды. Аға сөзінің өзегінде кіршіксіз жанашырлық тұрғанын сезді.

Кейін шеңберден шыққанын отты өлеңдерімен дәлелдеді. Қазақ сөзді ұққан адамға айтқан. Бұл орайда Мұқағали жаңылыспапты. Фариза қарындасымен кең отырып өмір, қоғам жайлы пікірлесуді армандаған шығар. Алайда ақынның арпалыспен өткен келте ғұмыры оған мүмкіндік бермеді. Фариза апамыз екі өкініші болғанын жасырмай айтқан еді. Бірі – өзін сүйген жігіт аурухана төсегінде жатқанда жете алмағаны. Екіншісі – Мұқағалидың ақтық сөзін тыңдауға үлгермегені. Екі ақынның артында «Фаризаға» деген атақты жыр қалды, халықтың ойынан туған әдемі аңыз қалды.

– Жастық деген не? Адамның жас мөлшері ме, әлде жүрегіндегі лапылдаған жалыны ма? Батырлық па, жоқ ақындық па? Оны Мұқағали өз жырларында қалай суреттеді? Осы жөніндегі түйген ойларыңыз қандай?

– Жастық шақ – адам өміріндегі әдемі кезең. Оның салтанаты үлде мен бүлдеге оранғандай көздің жауын алады. Жастықтың болмысы күш пен жалынның қуатына бай. Сондықтан бұл кезеңнің әр күні жылға татиды. Еткен еңбектері нәтижелі. Бағалай алсаң бақытың.

Мұқағали жастық шақтың қадіріне жеткен қаламгер. Бір минутын да босқа жібермеді. Жастық жырларын жарқылдата отырып оқырманға ұсынды. Содан бері алпыс жылдай уақыт өтіпті. Ақын жырлары әлі жаңа қалпында. Қазір жазылғандай көркем.

Мұқағали мен үшін мәңгілік жастың символы болып елестейді. Ешқашан қартаймайтын сияқты. Ешқашан өлмейді де. Сондықтан бүгінгі толқын, ертеңгі жалғасатын ұрпақ ақиық ақынмен жатырқамай сырласады.

Ол отызында орда бұзды. Қырқында қамал алды. Көп оқыды, көп жазды. Жастық шақтың айбаты мен қайратын ұтымды пайдаланды.

Дантенің «Құдыретті комедиясын» аударды. Бүкіл Орта Азияда ешкімнің тісі батпаған әлемдік классиканы Мұқағали ойдағыдай меңгерді. Оны қазақтың төл шығармасындай етіп түлетті.

Ақын қырық беске келді ғой. Қырық бестегілерді көріп жүрміз.  Ал Мұқағали табиғи талантын жастықтың қуатымен күшейтіп халқына қызмет етті.  Ең бастысы өнер жасады.

– Ел аралап, су кешіп, түрлі кездесулерде болып жүрсіз. Сондай сапарларда Мұқағалиға байланысты естіген тұшымды әңгімелеріңіз бар ма? 

– Әрине, іссапарлармен талай жерлерде болдық. Жұрт ақын деп білген соң, оның үстіне Мұқағалимен жерлес екеніңді естігеннен кейін көптеген сұрақтар  қояды.

Жауабын өздеріндегі әңгіменің мазмұнымен салыстырады. Екеуі бір-біріне ұқсаса қуанады. Қарапайым халықтың Мұқағалиға деген ілтипаттары бөлек.

Олар үшін Мұқағали аңыз. Сол аңыздағы тау сияқты ірі тұлға. Ағалардың суреттеуі бойынша ақынның мінезі де керемет, парасаты биік. Әділетті жақтаған, қараулықпен күрескен қайраткер. Жанары от шашады. Жан-жағына қараса дүниені түгел шолады. Сөздері мірдің оғындай өткір. Нені айтса да, біліп айтады. Тіпті тентектігін де сүйкімді етіп суреттейді. Осыдан кейін сен де оқырмандардың жағына шыққаныңды байқамай қаласың. Олар көңіл түкпірлеріне осындай бейнені орнықтырып алған.

Бұл ұғымды теріске шығарғысы келгендермен жұрт келіспейді. Мұқағалидың жақтаушысы да, мақтаушысы да – қара орман халық екен. Мен осыны анық аңғардым.

– Мұқағали жырларын көп оқитыныңызды білдік. Солай десек те, ақын жинақтарының ішінен өзіңізге соншалық ұнағаны қайсысы? Ақын туралы зерттеулерден кімнің еңбегіне ден қоясыз?

– Мұқағали өлеңдерінің әлсізі жоқ. Кез-келгені сүйіндіреді. Алайда «Поэзия, менімен егіз бе едің?» атты өлеңінің мен үшін жөні бөлек. Жаныма жақын. Соның себебіне тоқталайын.

Алматыдағы дарынды балалар мектебінде оқитын кезім. Бірде әдеби-музыкалы кеш өтетін болды. Оған қатысқандар үлкен сахнада өнер көрсетеді екен. Режиссерға Мұқағали өлеңдерін нақышына келтіріп оқығаным ұнады. Сөйтіп «Поэзия, менімен егіз бе едің?» мені көпшіліктің алдына шығарды. Көрермендер қошемет көрсетті. Екіншіден, бұл өлеңнің идеясы қаламгерлік жолды таңдаған менің ішкі ұстанымдарыма сәйкес келді.

Ал «Дариға – жүрек» поэмасын жақсы көретінімді әңгіменің басында айттым. Оны кештерде, түрлі басқосуларда әлі күнге дейін орындаймын. Тіпті тауға шыққанда жартастарды жаңғыртып тұрып оқитыным бар. Рөл ойнағандай поэманың кейіпкеріне айналып «Қош бол, тентек» деп биіктен төмен қарай домалап түскен сәттерім де болды. Жақсы шығарма қиялыңды баурайды. Адамды осындай күйге бөлейді.

Елу жыл бұрын «Абай» сөздігі шыққан екен. Енді «Мұқағали тілі» сөздігі жарық көрді. Бұл қазақ әдебиеті үшін үлкен жаңалық болып тұр.  Мұқағалитануда Амангелді Кеңшілікұлының еңбектері тартымды. Адамға сан түрлі ой салады. Оны оқыған соң Мұқағалидың ақындық мінезін ашатын көркем образ керек деп толғанасың. Ақын өмірін жазғанда бірыңғай мұңға бөлей берудің қажеті шамалы. Ол – ескірген әдіс. Өйткені Мұқағали тіршілігі тек күрсіністерден ғана тұрмайды. Ақын бойындағы күрескерлікті де көруіміз қажет. Осы сияқты зерттеулердің көбейгенін қалар едім.

– «Шоған абыз» туралы дастан жаздыңыз. Бұл – үлкен іс. Мұндай идеялар ойыңызға қалай оралды? Тарихи шежіреге құралған кесек поэманы қалай игердіңіз?

– Аспантаулар аумағында бірден бір абыз атанған адам – Шоған баба. Шоған абыз – менің бабам. Осы тұқымның дәні болғанымды мақтаныш етемін.

Абыз туралы аңыздар кешеден бүгінге жетті. Неше түрлі халық әндері шырқалды. Бәрі қосылып қазақ тарихының ауызша айтылған бір тарауына айналды.

Енді сол аңыздарды тірілтетін уақыт жетті. Шамамның келгенінше абыз ата бейнесін сомдап, үлкен шығармаға айналдырсам деп армандадым. Бұл тақырып мені толқытты, шалқытты. Ақырында белімді бекем буып жазу үстеліне отырдым. Нәтижесі жаман болған жоқ. Үлкен әдеби бәйгенің бас жүлдесін қанжығама байладым.

Алайда «Шоған абыз» бейнесін толық аштым деуге әлі ерте. Себебі, естіген аңыздарды растайтын нақты деректер аз. Алдағы уақыттарда күш-қуатымды қайтадан жинап, ізденістерімді тағы да тереңдетіп абыз тақырыбына екінші рет оралсам ба деген үмітім бар. Поэманы жазған соң баба алдындағы парызымды өтегендей жақсы бір күй кештім. Сонымен қатар бұл поэманы шығармашылығымның жаңа белесі деп ұқтым.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығына арнап «Рухымның білтесі» деген дастан жазғам. «Шоған абыз» – сол білтенің оталғаны секілді. Алаштың рухы, аталардың рухы ақындарды бейжай отырғызбайды.

– Жаңа ғасыр бастауындағы «100 жаңа есімнің» қатарына кірдіңіз. Елбасының алдында өлең оқыдыңыз. Сол кезде бәріміз экранға қуана қарадық. Ал экранның ар жағындағы оқиғалар қалай өрбіді?

– «100 жаңа есімнің» өкілі ретінде Елбасының алдында өлең оқыған сәттің әсерін ауызбен айтып жеткізе алмаймын. Өте керемет!

Дайындық кезінде маған ұйымдастырушылар Отан туралы жыр оқуымды есіме салды. Солай жоспарлады. Әрине, тапсырманы орындауға міндеттіміз. Бірақ «Ақындар неге тек белгілеген шартқа бағыну керек?» деген бір батыл ой санамда жаңғырып тұрды. Ол – өзімдегі және сөзімдегі еркіндік екен.

Сонымен Елбасы келген соң,  жобаны бастап кеттік. Еркіндік туралы ойлағаным өзіме қуат берді. Ешқандай қобалжыған жоқпын. Кәдімгі өз үйімде отырғандай арқамды кеңге салдым.

Менің алдымдағы кезек Асандікі болатын. «Пифагор» дейтін мектеп ашқан өте талантты жігіт. «Өз сөзіңді сөйле» дедім оған ақырын ғана. Асан басын изеді. Міне, шеңберден шығудың нәтижесі! Асанның бұрынғы мәтіні басқа еді, еркін айтылған сөздері жұртты тебірендірді. Оған қатты қуандым.

Шараны түйіндеу менің еншіме тиді. Қазақша айтқанда «соңғы түйенің жүгі ауыр». «Өмірдің мәнін арттыру оңай емес. Ол адамдардың жеке құндылықтарынан тұрады. Бір-бірімізді соншалық жақсы көрсек, мейірленсек оның шапағаты күллі әлемге шашылады» дей келіп махаббат пен сүйіспеншілікті өлеңіме арқау еттім. Мұны ақын айтпағанда кім айтады?! Арқамның қозғанын білдім. Әсіресе өлеңімдегі «Алаш» деген қасиетті сөз бойымдағы күшті тасыта жөнелді.

Елбасының жүзінен ризалық байқалды. Өлең күллі оқырманға ұнады. Ақын үшін елдің шынайы ықыласына бөленуден артық қандай марапат бар?! Еркіндік, кеңістік, шексіздік – осы үш ұғым мені көкке көтерді.

– Келешектен не күтесіз?

– Өткен жылы менен бір азамат «Осыдан бес жылдан кейінгі өміріңді көзіңе қалай елестетесің» деп сұрады? Яғни, алдағы күннен не күтесің дегені. Қандай армандарың бар деп сұрағаны. Оның жауабы оңай емес. Кәдімгідей ойландым.

Содан кейін асықпай отырып өзімді өзім барласам, мен ертеңгі күндерімді көзіме өлеңсіз елестете алмайды екенмін. Сондықтан жаратқаннан өлеңнен ажыратпауды тіледім. Ол үшін ең алдымен ішкі әлемімді қарайтып алмауым керек. Армандарды қанатқа айналдырып биіктерге самғауым керек. Ақын айтпайды, ақын жазады. Менің негізгі жоспарларым осындай.

Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Болат Мәжит

«Мұқағали» журналы №5, 2019 жыл

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналын қолдайық!

«Аманат – Қарасаз» қоғамдық қоры құрылтайшыларының барлық әріптестеріне, кәсіпкерлерге, оқырмандарға арнаған үндеуі Ардақты, ағайын! 2023 жыл «Мұқағали»...

«Мұқағали» журналы, №3, 2022 жыл

     Ақын атындағы басылымның кезекті нөмірі Дариға Тілендікелінінің «Нағыз ақынның болмысын Мұқағалидан көрдім» деген сұхбатымен ашылады. Дариға апа өзі куә болған оқиғаларды қызықты, әрі көркем...

«Мұқағали» журналы. №2, 2022 жыл

     Журналдың кезекті саны «Тау – бір аңыз, тау – дастан» атты Мұқағали өлеңдерімен ашылды. Белгілі дінтанушы, ғалым-ұстаз Қайрат Жолдыбайұлымен болған сұхбат «Халқының жанын ұққан...

«Мұқағали» журналы, №1, 2022 жыл

Барыс жылындағы алғашқы нөмірге көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің «Уақыт жаратқан жыр» атты зерттеу мақаласы беріліп отыр.  Жұлдыз Мұқағалиұлының «Менің әкемнің достары» деген естелігі де оқырманды...

«Мұқағали» журналы №6, 2021 жыл

Бұл нөмір «Елордадағы мектепке Мұқағалидың есімі берілді» деген жағымды жаңалықпен басталады. Ақиық ақынның ұрпағы Жұлдыз Мұқағалиұлының өлеңмен өрнектеген ой толғаныстарын оқисыздар.

«Мұқағали» журналы №5, 2021 жыл

Журналдың кезекті саны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын мерейтойына арнаған Құттықтауымен ашылып отыр. Мұқағалидың 90 жылдық торқалы тойынан толық репортажды да осы саннан оқи аласыздар....