Ұйықтасам түсіме ылғи тау кіреді, тау жайлап, тау қыстаған шал жүреді… Тауда жортқан тағыдай алғыр едім, алғырлығым қай жақта қалды менің?…Түсінбеймін… неғылған тағдыр едің?! (М.Мақатаев, “Соғады жүрек”. 1982 жыл, 2-том, 135-бет)
… Сонау жылдары Алматыда ең биік мейманхана салынғанда қала басшылары пікір сұрады. Мен: “Оқжетпес” деп қояйық, – дедім. Ұсынысым өтпей қалды. Енді Астанада түріктер тұрғызған тәп-тәуір биік қонақ үйі бар. Бірақ атын адам түсініп болмайды. Тілің де келмейді. Айталық, оны “Хан Тәңірі” деп атасақ қандай жарасар еді. Тағы бір ғимарат “Ақжайық”, енді біреуі “Алтай” сияқты атаулар алса, сонда Қазақстан түгел болмай ма? (Ш.Мұртаза. “Астана – Қазақстан келбеті”, “Егемен Қазақстан”, 14 сәуір, 1999 жыл).
– Әже, тауды қара! Мен тауды көрдім. Ол әне тұр. Қарашы өзің.
Бойы терезенің алдына әрең жеткен бес жасар бүлдіршіннің қуанышында шек жоқ. Жапалақ көзі жалт-жұлт етіп, лүп-лүп соққан жүрек дүрсілін тоқтата алмай, бір орнында лақша секіріп тұр. Немересінің мына қимылына аң-таң болған қарт әже оның шат-шадыман жүзіндегі қуаныш сырына әлден уақыттан кейін барып түсінгендей еді.
Сәби сол сәтте өзінің түйсік танымымен өмір табалдырығындағы кезекті жаңалығын ашқан болатын. Иә, иә… жаңалық. Бұрындары ол тәй-тәй басқан қадамымен ауладағы өсімдіктерді, ағаштарды байқап-бағдарласа, енді міне оның жанары бірте-бірте одан әріректегі қырқаларға, содан биіктей барып тауға тірелгені анық. Соның нәтижесінде бүлдіршін өзін қоршаған ортадан жаңа бір көріністі тапқанына мәз. Ол сонда соған қуанған, соған шаттанған. Бұл оның өзі-өз болып тапқан алғашқы әсем көрінісі, алғашқы сұлу дүниесі.
– Иә, – деген пеш түбінде ұршық иіріп отырған қарт әже іштей күбірлеп: – Адамдардың бәрі мынау әлемге осындай сәби жанарымен қараса ғой шіркін… Сонда одан олар қаншама құбылысты, табиғаттың қаншама қайталанбас көрінісін байқап бағдарлар еді деймін де.
…Алматы – Нарынқол автомобиль трассасындағы Төте асуынан түсіп қалған мен қамшылар жақтағы Тақиятөбеге көтеріліп келе жатып, балалықтың бұла шағындағы сол бір елесті еске алдым. Көз алдыма осыдан көп жыл бұрынғы көрініс: ауыл шетіндегі үй, сол үйдегі қалқаңқұлақ қара бала келді. Әйнектегі аяздан буланған қырауды құйтақандай саусағымен қырналаған ол көгілдір тауларға құштарлықпен көз тігуде. Не… нені көріп тұр екен десейші. Алыстағы алып шыңға аузын аша аңқайып қарап қалған оның сәби жүзінде әйтеуір адам ақылы жетпестей таңданыс бар болатын.
Ол құштарлық, ол іңкәрлік – Хан Тәңірі еді. Балаң көңіл туған жердегі, қасиетті атамекендегі сол ғажап бітімді биік шыңның құпиясын білсем, соның сырына қанықсам деп армандап қиялдайтын.
Хан Тәңірі!
– Бұған шығып жүрген жандар неткен жүрекжұтқан еді десейші…
Асудағы Тақиятөбеде тұрған мен осылай деп өз-өзімнен күбірлей бердім.
Олар кімдер еді?
…
«Түскі сағат бірдің кезінде тау асуына шыға бере кездейсоқ тамаша көрініске тап болдық. Оң жақ қапталымызда тұрған алып шың маған бұрын-соңды көрген тауларымның бәрінен де зор сияқты көрінді. Оның басынан етегіне дейін қарсауыт сүңгі мұздар құрсаулап тұр. Айналама қарап тұрып санағаным, ондай шыңдардың саны отызға жуықтады. Осынау алыптардың арасында өзгелерінен өзінің биіктігі жөнінен ерекше оқшауланып, дара тұрған үп-үшкір пирамида көрінді. Асудан қарап тұрып көз салғанда ол басқаларынан екі еседей биік сияқты…»
Аты әлемге мәшһүр жиһанкез ғалым П.П.Семенов Тянь-Шаньский 1856 жылдың жазында Хан Тәңірі жайында міне, өз күнделігіне нақ осылай деп жазды. Орыс география қоғамының бір деген білікті өкілінің аузынан шыққан мұндай таңданысқа толы хабар кезінде оның өз отанындағы, шетелдегі әріптестерін қызықтырмай, ойландырмай қалған жоқ. Оны соның артынан іле-шала Орталық Тянь-Шаньға аттанған Н.А.Северцовтің (1864 ж.), А.В.Каульбарстың (1869), А.Н.Куропаткиннің (1876 ж.) А.Н.Краснов пен И.В.Игнатьевтің (1886 ж.) экспедицияларынан анық та айқын аңғаруға болады.
Петербургтегі орыс география қоғамы ғалымдарының Хан Тәңірі жайындағы тың да соны деректерінен кейін осы бір қиян түкпірге шетелдік жаратылыстану мамандары да келіп көруге талпыныс білдіріп, әрекет жасады. Олар – венгр зоологтары Г.Алмаши мен Ш.Штуммер – Трауфельс (1889 ж.), итальяндық альпинист-ғалымдар Ч.Боргезе және Г.Брохорель (1900 ж.) еді.
Жоғарыда аты аталған саяхатшы ғалымдар өздерінің жанкешті жорықтарымен “Аспан таулары” жайында география саласындағы сол уақытқа дейінгі белгісіз болып келген біраз жайлардың бетін ашты деуге болады. Соның ең бастысы деп олардың “мұз құрсаулы мұнара” – Хан Тәңірінің биіктігін анықтауын айтқан жөн. 1886 жылғы И.В.Игнатьев экспедициясының болжауынша шыңның биіктігі 7320 метр болды да, неміс ғалымы Г.Мерцбахердің 1902 жылғы өлшемінде ол 7200 метрге жетіп жығылды. Егер географтардың сол кезде пайдаланған өлшегіш аспаптарының тым қолапайсыз жасалғанын еске алып, оған кешіріммен қарайтын болсақ, онда олардың бұл межесі қазір егжей-тегжейлі анықталған 7010 метрлік деңгейден онша алыс кетпегенін аңғарар едік.
Енді саяхатшы ғалымдардың алдында тағы бір күрделі міндет тұрды. Ол – аталмыш шыңды қайтсе бағындыруға болады деген өршіл мақсат еді. Бұған алғаш рет қадам жасаған жан деп біз итальян ғалымы Ч.Боргезенің есімін атай аламыз. Қасына альпілік азамат М.Цурбригенді ерткен ол 1900 жылдың жазында Нарынқолдағы Сарыжаз бөктеріне келіп шатыр тікті. М.Цурбригеннің негізгі мамандығы альпинист болатын. Хан Тәңірі сапарына дейін ол Оңтүстік Америкадағы Кордильер тауына саяхат жасап, ондағы 7 мың метрлік Аконкагуа биіктігін игеріскен-ді.
Өршіл жандар үш аптаға созылған ауыр да тынымсыз жүрістен соң қырғыз елі жақтағы Аймонақ аңғарынан келіп бір-ақ шықты. Өздері бағындыруға тиіс шың бұл жерден қашық емес, әрі өте жақсы көрінеді екен. Хан Тәңірінің жалпы көрінісімен толық танысып болғаннан кейін олар ендігі жүрер жол Инелшік мұздығы арқылы өтетініне жорамал жасады. Бірақ… иә, бірақ бұл болжам Ч.Боргезе мен М.Цурбригеннің үмітін ақтамады. Инелшіктен әупірімдеп өткеннен кейін алдынан адам аттап өте алмас алып мұз жарығы кездесті. Альпинистер дәл бұл аймақтан енді шыңға барар жолдың мүмкін еместігін біліп, амалсыз кері қайтуға мәжбүр болды.
Орталық Тянь-Шаньды зерттеуде, ондағы Хан Тәңірі шыңының толық картографиясын жасауда неміс ғалымы Г.Мерцбахер де аз еңбек сіңірген жоқ. “Мұз құрсаулы мұнараны” бағындыру жолындағы оның бірінші сапары 1902 жылы Нарынқолдағы Байынқол аңғары жағынан басталды. Бірақ саяхатшы алғашқы жорығында 5500 метр биіктікке ғана көтеріліп кері қайтты. Келесі жылы ол шыңға шығуға тағы да әрекет жасады. Бұл жолы оған Нарынқол селосының қарт тұрғыны Н.В.Набоков жолбасшы болған еді.
Байынқол аңғарымен өрлей отырып, Инелшік мұздығының шығыс жағына жеткен Мерцбахер одан әрі 18 шақырым ілгерілеп барды да тұйыққа тірелді. Неміс ғалымы бір жағын шыңылтыр мұз жапқан жақпартас, екінші жағын қар көшкіні көміп тастаған асудан әрі жол таба алмады. Құтырынған жел, қар жамылған мылқау да меңіреу түкпір, бірінен-бірі өткен арантіс шыңыраулар оның көңілін жабырқатып, жүрегін қобалжытқандай еді. Мерцбахердің ойынша Хан Тәңіріне шығу ешуақытта, ешқашан да мүмкін емес нәрсе болып көрінді. Осы сезімнен арыла алмаған ол 1903 жылғы сол сапарындағы қойын дәптеріне: “Тянь-Шань… альпинистік әуестенушілік әуресін көтермейтін жер”, — деп жазды.
Өткен уақыттан бергі орны толмас олқылықтардың ащы сабағы күн тәртібіне жаңа міндет қойды. Ол – арда табиғат аясындағы бас асауы әлі басылмаған асқақ шыңды бағындыру үшін ұжымдық әрекеттің, ұжымдық еңбектің қажет екендігі болатын. Альпинистер арасында 1912 жылдан бастап айтылып, бірақ түрлі себептермен үнемі шегеріліп келген бұл бастама тек Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ғана жүзеге асты. Оған дәлел ретінде М.Т.Погребецкийдің басқаруындағы кешенді экспедицияны үлгі етіп айтуға болады.
Олар жорыққа екі жыл бойы дайындалды. Таулы өлкенің ауа райы, қар көшкінінің қауіпті нүктелері, адамдардың қиын жағдайдағы психологиялық көңіл-күйі әлденеше рет сыннан өтіп, бұл бағытта бәрі де ұмыт қалған жоқ. Мәскеулік ғалымдар М.Т.Погребецкий, И.Мысовский және Д.Суходольскийдің 1929-1931 жылдар аралығындағы осындай жан-жақты зерттеуінен кейін шыңға шабуыл жасауға болады деген шешім қабылданды.
Қиындық. Қиындықсыз іс бітпейді. Оны асқарға аттанған жандар жақсы білген. Бұл жерде олардың сол жанкешті жағдайларын айтпай кетпеуге бола ма? Десек те оның жеңіс финалына тоқталған жөн сияқты. Өйткені, ол шыңға шабуылдағы барлық оқиғаның жиынтық жанды суреті ғой. Мұны экспедиция жетекшісі Михаил Погребецкийдің қойын кітапшасындағы күнделік беттерінен оқып білеміз. Онда былай деп жазылған.
“Бір аттап, бір тоқтаймыз. Тағы аттаймыз да, тағы демаламыз. Шыңның ұшар басына дейін 100 метрдей-ақ жер қалды, оны жақсы білеміз. Бірақ алға басқан аяғың артқа тартады. Шың басында желмен құтырына ұйтқыған қар бораны… Міне, ұйытқыған жел шың басындағы қарды бетімізге әкеп үрді, өзіміз жағалап келе жатқан алып қабырға да жоғалып кеткендей ме қалай, әйтеуір жоғары қарай жүрер жер жоқ. Алақай, мынау шың! Шыңның ең басы ғой!!!”.
1931 жылдың 12 қыркүйегі күні түскі сағат 12-де, еліміздің қиыр шетіндегі таулы аймақтың ең биік нүктесінде қызыл туды асқақтата көтеріп 3 адам тұрды. Олар осы тау тау болып жаратылғалы бері төбесіне тірі жан тұяғы тиіп көрмеген шыңды тұңғыш игеріп, енді оны нығыз басып тұрған Михаил Погребецкий, Борис Тюрин және Франц Зауберер еді.
Шың бағынды.
…Арада төрт жыл өтті. Хан Тәңіріне қайтадан шабуыл басталды. Оған бір кезекте екі команда әзірленді. Біріншісіне біздің жерлесіміз Е.Н.Колокольников бастаған И.Тютинников, Л.Кибардин кірді де, екінші топта Кеңес елі альпинизімінің сол кездегі жұлдызы, Памирдегі Ленин, Коммунизм шыңдарын бағындырушы мәскеулік Е.М.Абалаков жетекшілік еткен Л.Саладин, М.Дадиомов еді.
Қазір солардың ішінде біздің жақсы білетініміз – Евгений Николаевич Колокольников. Республика альпинизмінің негізін қалаушылардың бірі, отызыншы жылдардың жалынды энтузиасы, Кеңес Одағының Батыры И.В.Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизияның ардагері ол өмір бойы Алматыда тұрып, мұндағы қалалық безендіру мекемесінде жұмыс істеді. Сөйтіп, осы 90-шы жылдардың басында дүниеден озды. Көзі жұмылғанша Хан Тәңірі десе ішкен асын жерге қойып, оның талмас жанкүйер, насихатшысы болды.
– Өзімнің әр кездергі жүргізілген күнделіктерімді парақтап отырсам, – деген еді 1981 жылы күзде бір кездесіп әңгімелескенімізде Евгений Николаевич, – сол кездегі біздің жорыққа алып шыққан заттарымызға, құрал-жабдықтарымызға таңданбасқа болмайды екен. Оның бәрі де тіптен қарадүрсін. Қой терісінен өзіміз тіккен, ұйықтайтын көрпе-қапшық, ұста дүкенінде өзіміз соққан арбиған темір ілгектер, қолапайсыз жуан арқандар… Мұны қазіргі альпинистер көрсе сөз жоқ күлер еді. Етекте қалған рацияның көмегі тимеді десе де болғандай. Ауа райын біз жергілікті халықтан үйренген жорамалдар арқылы болжайтынбыз”.
Бірақ соған қарамай олар алға қойған өршіл мақсаттарын абыроймен орындап шықты. Бұл 1936 жылдың жазы еді. М.Погребецкий, Е.Колокольников, Е.Абалаков экспедицияларының жеңістерінен кейінгі 18 жыл бойына Хан Тәңіріне ешкім ат ізін салмады. Оған кедергі болған Ұлы Отан соғысы еді. 50-ші жылдардың бас кезінде жаңазеландиялық ұшқыш Хиллари мен Үндістан азаматы Норгей Тенцингтің “көк кіндігі” – Гималайдағы Эверест шыңын бағындыруы альпинистерге тағы да қамшы салғызды. Еліміздегі Қазбек, Коммунизм, Жеңіс шыңдарының қатарында Хан Тәңірі де қайтадан атала бастады. Оған төртінші болып В.Шипилов, О.Үсенов жетекшілік еткен қазақстандық альпинистер көтерілді. 1956 жылғы өткен Бүкілодақтық альпиниада чемпионатында біздің жерлестеріміз осы жеңістері үшін күміс медальға ие болды. Содан бергі кезеңнен бастап Мәскеу, Ленинград, Қырғызстан альпинистері жеңіс жолын жалғастырып келді. 1962-1991 жылдар аралығында Хан Тәңіріне жорық жасаған жандардың 12 сапары халықаралық чемпионаттарда лайықты бағаға ие болып, оған қатысушылардың 31-і алтын медальға, 36-ы күміс, 14-і қола медальға ие болды.
Хан Тәңірі!
Республикамыздың қиыр шетіндегі осы бір нүкте бізге не үшін ыстық, не үшін қымбат және несімен ерекшеленеді? Қане, енді осы сұраққа жауап беріп көрелікші.
Бұл бағыттағы ойымызды талғам-таразысына салып байқар болсақ, соның ең алғашқысы – аталмыш шыңның республикамыздағы бұқаралық спорттың бір түрі – альпинизмді дамытудағы маңызының зор екендігі. Олай дейтініміз, Қазақстанның таулы аймақтарында биіктігі 2000 метрден 6000 метрге дейінгі аралықты қамтитын 12 шың бар десек, Хан-Тәңірі рет саны жағынан солардың ішінен оқ бойы озып, ең жоғарғы (7010 метр) орынды алады. Демек, бұл республика альпинистерін бұқаралық спорттың қиын да қызықты саласына баулитын, олардың шеберліктерін шыңдайтын бірден-бір жаттығу алаңы деген сөз. Пікіріміз дәлелді болу үшін мысалдар келтірелік. Мәселен 1980 жылы бірінші кеңестік Гималай экспедициясы жасақталғанда сондағы көп сатылы сынақтан біздің Қазақстан альпинистері сүрінбей өтіп, Эверестке шығуға жолдама алған Мәскеу, Ленинград командасынан кейінгі өте күшті, мықты бір төрттік топты құрады. Бұл кездейсоқтық па? Жоқ. Гималай экспедициясына қатысуға үміткер 52 спортшының ішінен үздік шыққан 16 адамның арасындағы Қазбек Уәлиев, Ерванд Ильинский, Юрий Голодов, Валерий Хрищатый, Сергей Чепчев альпинизмге барар үлкен жолды осы Хан Тәңірінен, оны бір емес, бірнеше рет бағындырудан бастаған болатын. Қазір де солай. ТМД-дағы немесе шетелдегі дүбірлі жарыстарға барар алдында олар алдымен Тянь-Шаньға жол тартады, жаттығады, содан соң барып әлгіндей альпиниадаларға аттанады. Өздерінің өмір жолы, мақсаты мен мүддесін мұзарттарды бағындыруға арнаған мұзбалақтар үшін Хан Тәңірі міне, осындай ерекшелігімен қымбат. Бұл – бір. Екінші…
Өзіміз сөз етіп отырған шың массиві республикамыздың шырышы бұзылмаған арда табиғатының әсем суреттеріне толы ғажайып өлке. Хан Тәңірі етегіндегі Байынқол, Сырт, Шұбартал, Шалкөде жайлауларының көз жанарыңды суырып әкетердей табиғат көріністері Қазақ елінің көп жерінде қайталана бермейтін өте сирек құбылыс. Сондай-ақ осы аймақтың Ойқарағай, Қайшы, Сарықолат бөктерлеріндегі “оттегі фабрикасы” – орман-тоғайлардың ертегіге бергісіз елестері қиялыңа қанат бітіріп, өзіңді қызық та құпия әлемге қарай қадам бастырары анық. Алып шыңның айналасындағы 186 мың 227 гектар жерді қамтитын өсімдіктер әлемін, емдік қасиеті бар 67 шипалы шөп түрлерін, тұңғыш рет 1979 жылы жарық көрген “Қазақ КСР-інің “Қызыл кітабына” енген 22 аңның бір-біріне ұқсамайтын суаттағы іздерін көргенде сіз осы өлкенің төл байлығына шәк келтіре алмас едіңіз. Тоқетерін айтқанда, мұндағы көз алдыңыздағы көлбеңдеген көгілдір кеңістікті, ондағы қыз жинаған төсектің жүгіндей текшеленген қарсауыт шыңдарды көріп көңіліңіз өседі, көңіліңіз емес-ау, ойыңыз да қоса өседі.
Хан-Тәңірі етегі тек жасыл желек орман әлемімен, шырышы бұзылмаған табиғат суреттерімен ғана әйгілі ме? Жоқ. Ол соңғы жылдары тау аңғарларындағы түрлі ауруларға ем боларлық тұнық тұмалардағы минералды суларымен, балшық бассейндерімен ерекшеленіп, 18 түрлі сирек қазба байлықтарымен жұрт назарын өзіне аударып отыр. Алдымен радондар туралы айтайық. Тек бір ғана Түзкөлдің өзінде жалпы қоры 940 мың текше метрге жететін емдік қасиеті мол балшық бассейні бар. Сорбуын (полиартрит), құяң (редикулит), кілтілдек (ревматизм) сияқты сырқаттарды емдеуге 70-80 жылға жететін бұл байлық көзі күні кешеге дейін Алматы облысындағы 3 санаторийді толық қамтамасыз етіп келді. Ал, қазба байлықтары ше? Оған Хан Тәңірі етегіндегі Жарбұлақ алтын кенін, Ойқарағайдағы уран, көмір қорын, Үкіршідегі жоса (қызыл бояу түйіршігі), Сырт аңғарындағы сынапты айтуға болады.
Төртінші бір айтпақ ойымыз, алып та асқақ шыңды аймақтың ежелгі ескерткіш белгілері мен тарихи орындарға өте бай екендігі. Өкінішке қарай, насихаттың жоқтығынан, шын жанашырдың болмауынан Хан Тәңірі баурайындағы біз сөз етпек болып отырған ғажайып жәдігерлерді күні бүгінге дейін көп ешкім жөнді біле бермейді. Мәселен Шөладыр шұратындағы Құмтекей қорғанын алып қаралықшы. Дауылды күндері желден аршылып қалған оның төңірегінен күйген кірпіш, қыш құмыра қалдықтары көрініп жататын бұл жерге археолог К.Ақышев 1957 жылы арнайы келіп зерттеу жүргізіп, көптеген көне дүние үлгілерін тапқан еді. Сөйтіп, 1968 жылғы ең соңғы сапарларында экспедиция мүшелері бұл кент өз кезінде 30 мыңнан астам халқы болған ежелгі Үйсін мемлекетінің ірі мәдениет-сауда орталықтарының бірі деген тұжырымға келді.
Құмтекей ғылымға осылай сыр ашса, одан 90 шақырым жердегі Жабыр қырқасындағы құпия тіптен қызық. Республика Ғылым академиясындағы Зоология институтының қызметкері М.Жылқыбаева Хан Тәңірі массивіндегі Текес ойпатының жан-жануарлар әлемін көптен бері зерттеп жүретін. Осы жердегі тыңғылықты қазба жұмысының нәтижесінде ғалым 1978 жылы Жабыр қырқаларынан мезазой дәуіріне жататын керіктің (жираф) қаңқасын тапты. Аталмыш археологиялық олжа туралы елге бірінші боп хабарлаған Мәскеудегі “Неделя” апталығы (1979 ж.) болды. Ал қазақстандық басылымдар бұл жаңалыққа күні бүгінге дейін жөнді мән бермей келеді. Сөз ретіне қарай Қарқара жайлауындағы балбал тас жөнінде де осыны айтуға болар еді. Бұл жәдігерлердің ерекшелігі – оның жай тас мүсін емес, ежелгі түркі тайпаларының жазуы қашалған сынтас екендігі. Биіктігі 180, көлденеңі 69 сантиметр балбалдың бүйіріне 13 қаріп шекілген. Осы таңбаларды 1964 жылдан бері ғалымдар І.Кеңесбав, Ғ.Мұсабаев және Ә.Махмұдов оқып көріп, нәтижесінде: “Оқ ағын алты, бітіг (таш) Алаш арың (ерің)” – деген түркі сөздерін сабақтап шығаруға қол жеткізді. Қазіргі қазақ тілінің қалыбына салғанда бұны: “Оқ – дүние, мүлік алды. Ескерткіш – Алаш ердікі”,– деп ұғуға болады.
Хан Тәңірі… Республикамыздағы осы бір қайталанбас құбылыс туралы жоғарыдағы қадау-қадау жәйттерді сөз еткенде есімізге ең соңғы ой – төмендегідей мәселе де оралмай қоймайды. Ол – Хан Тәңірінің сұлулық, асқақтық символы ретінде кешегі-бүгінгі әдеби муза – поэзия жолдары мен сиқырлы сурет өнері – пейзажға айшықты арқау болып келе жатқандығы. Мың жылдық тарихы бар “Манас” эпосында оның атының Тәңіртау деп аталуын кездейсоқтық деп ойлауға бола ма? Алаштың арысы Мағжан Жұмабаевтың Хан Тәңірін құдірет ретінде ауызға алғанын, жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіровтің оны “Жетісу суреттері” цикліне қосқанын, азамат деп айтатын аздың бірі Олжас Сүлейменов оған “Құс күні” эссесін арнаса, ақсақал суретшіміз Ә.Ысмайылов “Бұлттан асқан…” атты кең тынысты полотносына тақырып еткенін, ал ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың алып шыңды айбар көріп асқақтата жырлағанын бүгінгі ұрпақтың бәрі біле бере ме?
Мағжан:
…Тұранның таулары бар аспанға асқан,
Мәңгіге басын аппақ шаштар басқан.
Баурында ерке бұлақ салады ойнақ,
Жаралып таудан аққан салқын жастан.
Тұранның Тянь-Шаньдай тауы қалай,
Пар келмес Тянь-Шаньға таулар талай!
Еріксіз ер түрікті ойға аларсың,
Көкке асқан Хан Тәңіріне қарай-қарай,
– деп толғанса, Ілияс:
…Меруерттей жалтылдайды күнгей Мұзарт,
Көз түгіл үңілесің көңілменен.
Асқардың арғы атасы Хан Тәңірі,
Албанның өрісінің төрінде екен. –
дейді. Ал Мұқағали мұны былайша төгілтеді:
Шыңның мен танымаймын аласасын,
Төбе де аласамен таласасың.
Тянь-Шаньның шашақтаулы найзасындай,
Қайсысың Хан Тәңірімен жанасасың?
Шыңның мен ұнатамын биіктігін,
Шырқай кеп шыңырау көктен сүйіпті Күн.
Түндігін түртіп тұрған көк аспанның,
Кәнеки, Хан Тәңірінен иықты кім?!
Егерде құдірет болса, бөлшегіндей
(Алдында құдіреттің көр шегінбей!?
Шаншылып әнеу тұрған Хан Тәңірі –
Шапшыған Тянь-Шаньның емшегіндей.
Күн де оның баурайында дөңгелеген,
Буалдыр, бозғылт шәйі перделеген.
Бойында Хан Тәңірінің бұғып жатқан,
Алапат аяныш бар Жерге деген.
Тік тұр ол.
Қырын қарап сай-салаға,
Күн – көркі, Көк – мекені, Ай – шағала.
Қалғымай қанша жылды өткерді екен.
Тәкаппар Тянь-Шаньдағы қайсар аға!
Таудың мен ұнатпаймын тапалдығын,
Тапалдан талайлар-ақ татар жұғын,
Сүйем мен табиғаттың ұлылығын,
Сүйем мен табиғаттың қаталдығын.
…Бізден тым алыста, түу сонау Тибеттің ар жағында Гималай деген тау бар. Соның нақ төрінде шағын Непал мемлекеті орналасқан. Тұрғындары – шерптер. Непалдың мемлекет аты болғанымен заты оған келмейді. Өйткені, алақандай жерінің 69 проценті қынадан өзге ештеңе өспейтін тастақ, будда дінін ұстанған халқының тең жартысы даяр асқа тік қасық кезбе монах, қодастан басқа көлігі жоқ ел бұл. Былай қарасаң, қайыршылыққа өз-өзінен сұранып-ақ тұрған нағыз қолайсыз жер. Бірақ… иә, бірақ табиғи ресурсы нөлге тең сол Непалыңыздың әл-ауқаты дүние жүзіндегі көп елдерден көш ілгері артық. “Қалай?” – дейсіздер ғой. “Өлмегенге өлі балық”, – дегендей бүкіл елді мұндағы жалғыз Эверест шыңы асырап отыр. Непал астанасы Катмандудағы халықаралық спорт және туризм департаменті жылына әлемнің 48 елінен өтініш қабылдап, мұнда келген альпинистерді қонақүйге орналастырып бір пайда табады. Содан соң дүние жүзіндегі ең биік шың (8848 м.) Эверестке шығып, рекорд жасауға талпынған спортшыларға жолдама сатып, рұқсат беру арқылы екінші табыс көзіне кенеледі. Альпинистердің өздеріне қажет жүгімен шың етегіне жетуі де оңай шаруа емес, әрине. Осы жерде оларға тауды жақсы білетін шерптер ақылы негізінде жолбасшылыққа жалданады да қодастарына экспедиция мүшелерінің асай-мүсейін артып үшінші олжаға батады. Айтпақшы Непал жеріне аяғы тиген туристердің Гималай тауын рұқсатсыз суретке, киноға түсіруіне қатаң тыйым салынған. Бұлай істеу үшін фототілші не телеоператор мұндағы тиісті мекемеге барып салық төлеуі керек. Содан кейін ғана Эверест пен басқа табиғат көріністерін суретке түсіре аласың. Мемлекет үшін төртінші табыс көзі міне, осы жерден келіп шығады. Катмандуға келген турист өз отанына түймедей болса да ескерткіш сувенир сатып алмай қайтпасы тағы анық. Бесінші пайда осы сауда-саттық – мұндағы ұсақ қолөнер шеберлерінің нәпақасы деген сөз. Жоғарыдағының бәрі айналып келіп Непал халқының дұрыс тұруына жағдай жасауда.
Ал, бізде ше? Әрине, бұл жерде Хан Тәңіріні Эверестпен қатар қояйық деген астам ой жоқ. Бірақ Эверестің жүз мүмкіндігінің бір мүмкіндігі Хан Тәңіріде бар екені анық. Сондықтан егер жоғарыдағы тәжірибеге ден қойып, ынта танытсақ онда оның бүкіл облысты демей-ақ қояйық, өзінің етегіндегі Райымбек ауданы тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға себі тиер ме еді, қайтер еді…
Ал оны қолға алатын кім бар?
…
…Ойымды асуға қарай алқынып келе жатқан автомашиналар гүрілі бұзды. Мен төңірекке көз салдым. Күн түске тармаса бастапты. Таулы өлке бөктері көкпеңбек. Аңғардан ақсаумал самал аңқылдай есіп тұр. Қарлы шыңдарда сынап сағым сырғанайды. Қарап тұрсаң бәрі де мөлдір, бәрі де таза бір әлем… Соның ең биігінде ұшар басы көгілдір кеңістікке сіңіп кеткен Хан Тәңірі менмұндалайды. Өзінің етегіндегі жандарды ол асқақтыққа, ерлік пен өрлікке шақырып тұрғандай.