Поэма
Қарасазда – қасірет…
Орындалып ақыры ойлағаны
Сүлейменнің үйінде той болады.
Әсіресе, осынау құрбы-құрдас,
Той-томалақ жаса деп қоймағаны.
Шүкіршілік, дүние бүтін міне,
Көкке өрлеп түзу шыққан түтін міне.
Тұңғыш ұл мақтау қағаз алып келді,
Үздік боп бастауышты бітірді де.
Қол ұзарып, кеңейген тынысы бар,
Еңбегінің еншісі – кірісі бар.
Тиын әже ұнға сап сақтап жүрген
Соғымның сартап болған сүрісі бар…
Тірлігі бір, тілектес, дос адамы,
Қуанышпен аттасын босағаны.
Ұрандап жалпыға жар салмаса да,
Жұпыны домалақ той жасалады.
Осы еді ғой армандап, аңсағаны,
Әке байғұс мал түгіл жан салады…
Зерек өскен зейінді баласына,
Бүкіл ауыл сүйініп, тамсанады.
Әкенің мәртебесі шарықтайды,
Қалайша ой тұсауын ағытпайды?
Арманы ақша бұлтты тіліп түсіп,
Қиялы қыран болып қалықтайды.
Нұр арман – асқарларға жөнеліп тұр,
Жыр арман – шуағына бөленіп тұр.
Гүл арман – көбелегін қонақтатып,
Ну орман көсегесі көгеріп тұр.
Осындай қуаныштың жолын елеп,
Бас сұқса, отырсын дос төріне кеп.
…Шынында мына ғасыр –
Қағаз ғасыр
Мақтап жазған қағаздың жөні бөлек.
Әлсіз қағаз талайды жерге жықты,
Улы қағаз талайды көрге тықты.
Қағазыңды сайлап ал, қамданып ал
Қағазың мықты болса,
Сен де мықты.
Қағазбенен шығарып дәу жарлықты,
Қағазбенен түзейсің ауған жүкті.
Саған сермеп жазылса зәрлі қағаз
Сонымен-ақ құрисың,
Саудаң бітті…
Қағазы әлсіз пенденің жаны қайғы,
Қызметі қысыр қап, жарымайды.
Дүкендерде сүрі боп кітаптары,
Тұрмағанды ақын деп танымайды.
Жұрт сыртынан жүрегі түкті деп жүр,
Ал Сүлеймен көңілі күпті боп жүр.
Ресми білімің жетпейді деп,
Қадамбаев күн сайын түрткілеп жүр.
Қиын ғой ала алмаған аласаңды,
Пасықтық пәк көңілге жара салды.
Бүгінгі қуаныштың бір сыры бар,
Өзі алмаған Қағазды баласы алды.
…Орындалып арманы – ойлағаны,
Сүлейменнің үйінде той болады.
Ұлы тауға ұрпағы көтерілсін,
Өзі мейлі – егін сап, қой бағады.
…Бүгін оның үйінде той болады.
2
…Сүлейменге той бірақ бұйырмапты,
Бұл тағдырдың мейірі қиын,қатты…
Түс әлеті болғанда шаң өріліп,
Түзкөл жақтан бір салт ат құйындатты…
Кезең еді-ау ол да бір қалтылдаған,
Қатқан дәулет таңдайдан артылмаған.
Радио жоқ еді саңқылдаған
Телефонның желісі тартылмаған.
…Құйындатып хабаршы ауылға енді,
Сол құйынды қуалап дауыл келді.
Естігенде ет жүрек тітіркеніп,
Көздің жасы көл болып сауылды енді.
Соғыс…
Фашист…
Зәрлі сөз ұрлап күнді,
Құлақтарға кірпі боп тырнап кірді.
Қарасаздың ыңырсып тал, шілігі,
Үрейлі бір дастанды жырлап тұрды.
3
Сұм соғыс кімді екшеп шет қалдырды,
Он жасар ақынға да қақпан құрды.
Тас өткелде қоштасып,
Көңілі тас боп,
Ол да әкесін апатқа аттандырды.
Тағдыр, оған күлкі емес кекесін ең,
Сол күйінше туғаннан тете өсіп ең!
Ең болмаса жеті жыл бұрын туса,
Бірге кетер еді ғой әкесімен…
Шаң тұрып көңілдің гүл шашағына,
Аттандырды жанардан жас ағыла.
…Бір айдан соң Талғардан хаты келді,
Қосылыпты Панфилов жасағына…
Үптеп қойған мүлкі жоқ төр алдында,
Қаптап қойған ұны жоқ қоймадағы.
Абысыны Дәмешпен серіктесіп,
Нағиман бұл күндері қой бағады.
Жайлаудың тамашасын аңсаған жоқ,
Мұқағали қорегі – ойлағаны…
Қойшылыққа ерігіп бармаған-ды,
Бейнетті өзі бел байлап, таңдап алды.
Мұқағали оқуын үзбесін деп,
Тиын әже тапжылмай тамда қалды.
Өлең-жырмен көтеріп нағыз дабыл,
Көңілге нұр, көзден жас ағызғаны.
Өзінің кім екенін білді ме екен?
…Әзірше масақ теріп, аңызда жүр.
4
Қарасазда бір шал бар, ділмар еді.
Әр сөзінде астарлы сыр бар еді.
Өлкенің ойдағы елі, қырдағы елі,
Сөйлеп кетсе тырп етпей тыңдар еді.
Саяқ көзі сақпан боп атылады,
Жаманды жапырақтай жапырады.
Мәні тосын мәтелді, мақалыңды,
Астаудағы саумалдай сапырады.
Өмірзақ – бұл күнде үрейлі шал,
Қайғы алып кеп, сол үйге түнейді шал.
Тұл ошаққа өлімді естірткен соң,
Өзі бірге күйзеліп жүдейді шал.
–Үміт үзбе,
Тәуба де,
Жылыңды күт! –
Деген сөзін ес тұтып, жылиды жұрт.
Кеңкілдеп ап кеңседен ол шыққанда
– Қалай жүрер екен? – деп жориды жұрт.
Сол сәттегі қорқыныш шексіз еді,
Өйткені, ол суық хабар жеткізеді.
…Мінеки, өңін бұзып Өмірзақ шал.
Сүлейменнің үйіне бет түзеді…
5
…Тек есінде:
– Әке! – деп шыңғырғаны.
Шыңғырғаны, сол ғана тындырғаны.
Құлпыланып құлағы дың етті де,
Көздің алдын бұлт басып бұлдырады.
Ғайып болды сол күні-ақ балалығы,
Ойсырады оталып тұлдыр бағы.
Кейбіреудей сықсыңдап жылаған жоқ,
Жыр боп шықты «Әке!» деп шыңғырғаны…
Алғашқы жыр қыздарға арналмады,
Алғашқы жыр ұранға жалғанбады.
Алғашқы жыр ешкімге оқылмады,
Ешкім оны бағалап таңданбады.
Ырғақ боп түздегі ісі,үйдегі ісі.
Жырменен салқындай ма күйген іші?
Махаббат одасы емес
Жоқтау жазса,
Бір сәтке тыншығандай күйзелісі.
Ойлатып, таныстырып тереңдерді,
Өмір – ұста сомдады кемеңгерді.
Он үш жасар жетімге
Қатал тағдыр:
– Мә, әкеңнің құны! – деп,
…Өлең берді.
Қарасазда – қуаныш
Шибұт ауылы көсілген қойнауда еді,
Сал бөктер, саяқ самал, сайран белі.
Шаттықтың шалқарына тоғытылып,
Бірінші Май мейрамын тойлауда еді.
Толықсып тойламаған үй қалмады,
Мейрамға шалқыған ән, күйді арнады.
Өнерпаз өрендердің сауығына,
Кешқұрым үлкен-кіші жиналған-ды.
Сахна…«Еңлік – Кебек» жүріп жатты,
Жұрт көз қадап, құлағын түріп жатты.
Басты рөлде ойнаған қыз, жігітке,
Жұртпен бірге қол соққан Әзімжан шал.
Бата беріп жатқанын білді ме екен?
Білді ме екен, жастарды жақтағанын,
Аяулысын ақынға сақтағанын.
Жұртпен бірге мәз болған Мәшине апа,
Қарасазға қызының аттанарын?..
2
Бір-біріне ант етіп сөз берген жоқ,
Алайда олар кездейсоқ кез келген жоқ.
Сондағы пьеса сөзін ұмытса да,
Рөлдерді өмірде өзгерген жоқ!..
3
Ешкіммен ақылдасып қолға салмай,
Қасына күйеу қосшы – жолдас алмай.
Мұқағали серігін алып келді,
Ырду-дырду…
Ырымшыл той жасамай!..
Тиын әже,
Сүлеймен тірілгендей,
Көн қайғысы таспа боп тілінгендей.
Қораш тамды «Тәуба» деп шыр айналды,
Алты қанат ақ отау тігілгендей…
Нағиманның жүрегі жарылғандай,
Өлгені кеп,
Өшкені жағылғандай.
Қапылыста зым-зия жоғалғаны,
Қасына кеп қайтадан табылғандай…
Дүрмек той көрмесек те,
Қызық,
Аңыз,
Отау үйге баруға қызығамыз…
Жеңешем келін болып түскен күні
Көк серкенің сирағын мұжығанбыз…
4
Келін түсті…
Қарасаз сынасын кеп.
Ширықсын,
Ел сынына шыдасын деп,
Өр мінез, өжеттігін таныды да
Ләсиманға ат қойды Лашын деп.
5
Ақын жары қандай жан,
Білеміз бе?
Жары жасық ақынмен жыр егіз бе?
Тіршіліктің қамытын сал мойныңа,
Сән-салтанат, байлықтан күдер үз де!
Өрлемейді дәулетің, төмендейді…
Таңдап киер көйлегің көбеймейді,
Бала-шағаңды өзің бақ,
Нан тауып бер,
Оған ақын бұрылып бөгелмейді!..
Сөз айтпа,
Қазан-ошақ,
Отын жайлы,
Ондай нұсқау жадында тоқылмайды.
Өрге беттер өрісін түзден ізде
Үй-күшік боп қасыңда отырмайды.
Саяқ жүрген ақынмен табыстың ба,
Кәкір-шүкір тірлікпен алыстырма.
Қайсы бір өлең сатқан саудагермен,
Ол да сендей ақын деп салыстырма.
Салқын сөзбен санасын бұрғылама,
Шәй-пәйіңді күліп бер, тұнжырама!
Тұнжырама, көз жібер ертеңдерге,
Ойлама тек бүгінгі күнді ғана!
Рас, кейде түңіліп, тарынарсың,
Жабығарсың, Жыларсың,
Жалынарсың…
Аңсары ауған бетінен қайтара алмай,
Құрбандық боп өлеңге шалынарсың.
Сонда да сыртынан сөз қабындырма,
Тұп-тұнық мөлдіреген ары қалсын.
Ақынның кейде әлемге сыймасы бар,
Аларыңды абайлап сыйласып ал.
Айтпақшы, ми-қазанға маңайлама,
Миында жарылатын минасы бар.
Кейде бір қас батырдай қол бастаған,
Жер бар ма бұл арада ол баспаған.
Айрылып қалма сонда,
Жанында бол,
Қорғай біл жол бикедей «жолдастардан».
Қорғамасаң, сол орға құлайды анық,
Бас иеңді қорғай біл, шыр айналып.
Түңілме астан-кестен толқынынан,
Асау толқын ағады лайланып.
6
Лашынның кәсібі – мұғалімдік,
Салихалы ойы бар, шыдамы нық.
Қосағымен мектепке бет түзесе,
Қарсы алдында жарқырап тұрады үміт.
Көңілдері көктем боп гүл ашады,
Қайран жастық,
Жастықтың бұла шағы.
Екеуі оңашада көз қадасып,
Кімнің көзі өткір деп сынасады.
Әдемі үндер ән шырқап, жырласады,
Қиялдары қыран боп қырды асады.
Ренішпен ірітпей реңдерін,
Күнделіктер жазысып,
Сырласады…
7
Қырсық боп тағы шалды-ау батылдығың,
Айтады мұғалім деп атыңды кім?
Диплом болмайды екен ұшқыр ойың,
Диплом болмайды екен ақындығың.
Әйтпесе бұл өңірде кітап қоймай,
Білімнің тұңғиығын сапырды кім?
Оқушыға бұзауын бақтыратын,
Директорды тәртіпке шақырды кім?
Бақташыдан айрылған сол көк бұзау,
Бұқа боп сүзгелі тұр ақыр бүгін…
Қырсық боп тағы шалды-ау батылдығың.
Оқытқан сабағының нарқы қалды,
Педсоветте қоштаусыз жалқы қалды.
Он бес жыл сырттай оқып қағаз алған,
Биолог орыс тілін тартып алды…
8
Бюрократ!
Сен қашан тыным көрдің!
Әділетке, әлсізге қырын келдің.
Хауа-Анадан кездейсоқ, заңсыз туып.
Дүниеге құдайдан бұрын келдің.
Халық үшін сен жүдеп, арымайсың,
Қоғам үшін қайғырып, налымайсың.
Өзгелерден өзіңді биік ұстап,
Құдайды да,
Заңды да
Танымайсың.
Танымайсың,
Дегенмен жаттап алдың,
Өзіңе өлшеп,
Өзгертіп,
Шақтап алдың…
Заң – Бәйтерек,
Сындырып бұтақтарын,
Баспалдақ қып,
Өрмелеп,
«Таққа» бардың.
Бірақ соған ұялып тершідің бе?
Көз үйреніп кете ме ерсі мінге.
Адамдардың тағдыры,
Мемлекет,
Мекеме –
Сенің жеке меншігіңде…
Қарақан басың үшін қам қыласың,
Сөз боп па?
Бала өксіп,
Шал жыласын.
Мемлекет қаржысын қаңғыртып кеп,
Өзіңе арнап кең сарай салдырасың.
Жазылғандай туа сап пешенеңе,
Тайраңдайсың талтаңдап есе бермей.
Мәскеуге барып жүрсің,
Көрдің бе сен,
Лениннің пӘтері неше бөлме?
Ақын отыр күйініп өткендерге,
Қораш тамды пана қып өктем желге.
Ал сенің жалғыз балаң асыр салып,
Доп қуып жүр осынау көп бөлмеде.
Бюрократ – сал бөксе, масыл жандар,
Кесірленіп,
Менменсіп,
Тасынғандар.
Айдаћар боп зәре-құт қашырғандар,
Түлкі болып қулығын асырғандар.
Бірінен бірі айла – нұсқау алған,
Жасандылық – жалауы ұстап алған.
Адамдардың Заңына асыранды,
Табиғаттың Заңынан тыс жаралған.
Соның бірі ақынға тап келген-ді,
Кегінің орайы кеп көптен бергі.
Сыныққа сылтау таппай жүруші еді,
Шаужайдан ала түсіп шап берген-ді.
9
Дауласатын қатырма қағазы жоқ,
Жауласатын сүйеніш – сабазы жоқ.
Арыз айтып кіміне шағынады,
Кінәлайды тек өзін
Жазалы боп!..
Көше кезіп кетуге арланады,
Тек ойлары тентіреп, сар даланы.
Емдеуге сырқыраған жан жараны,
Қайта-қайта қаламын қарманады.
10
Шықпай жатыр…
Шықпайды-ау жыр асылы!
Бұлқынады ішінде бұла сыры.
Ақын жанын ұғынар бір адам бар
Ол өзінің мияты – Лашыны!
Дұшпаныңның табасын тыңдай берме,
Көңіл күсін көпсітіп тырнай берме.
Қалаға бар,
Жалғастыр оқуыңды,
Серпілші бір, сезімге сырнай бер де!
Анаң, әжең – аманат мына маған,
Бейнетті қи,
Әдейі сұрап алам.
Біздің үйге тапшылық таң емес қой,
Жар бола ма төрт жылға шыдамаған.
Шалдықсам,
Арманыммен тынығармын.
Жаурасам,
Үмітіммен жылынармын
Қалаға бар,
Ой қажап, опырылмай,
Мен ұқпасам, жаныңды ұғынар кім?..
11
Ақын көңілі шалқардай шалқып кетті,
Жұпар самал алдынан аңқып кетті.
Бесіктегі Майгүлін бір иіскеп ап,
Қайдасың, – деп, – Алматы
Тартып кетті…
Тартып кетті,
Ақынның жаны шалқып,
Атқандай қарсы алдынан таңы балқып.
Алматы алатындай бағын ашып,
Аттанды Алматының… дӘмі тартып…
Алматыда
ауа райы тамаша
…Жас жігіт Көк базарда ұн сатып тұр,
Ұн емес-ау,
Әуезді үн сатып тұр.
«Ұн алыңдар, ағайын, ұн алыңдар!»..
Ұн емес-ау, мұнарлы мұң сатып тұр…
Ұн алыңдар,
Нарынқол ақ бидайы…
Нан пісірсең көмбеге қақ тұрмайды.
Қандай адам ақ нанды жақтырмайды,
Мұндай ұн оңайлықпен таптырмайды!
Үні кеткен тап-таза мөлдір еді,
Базар шуын нөсердей сендіреді,
Ырық бермей ынтаңды көндіреді,
Өзіне де, ұнға да төндіреді.
Ұнымды ал! – деп жас жігіт жар салады,
Дауласпады,
Қанша алды,
Қанша алады.
Үні бітіп қарлыққан ташкенттік шал:
Шіркін-ай,
Жалдасам! – деп тамсанады.
Әп-сәтте жалап-жұқтап қойғандай қып,
Ілезде бес дағар ұн болған ғайып.
Жас жігіттің сұқтанып дауысына,
Күтіп тұрды
Әнуар Байжанбаев…
2
Жас жігіт Нарынқолдың ұнын сатқан,
Өктем даусы басқадан бұрын сатқан.
Ол ұн сатып тұрғанда Алматыда,
Дикторлар конкурсы жүріп жатқан.
Ойлаған жоқ,
Ат басын бұра берді.
Албырт сезім ойланып тұра ма енді.
Конкурсқа барды да қойып кетті,
Қойып кетті,
Диктор боп шыға келді.
Несіне еске алайын көшкен жерді,
Тағдырдың бір түйінін шешкен жерді?
Рахмет, Лашын!
Бес дағар ұн
Жұмысқа киіп барар костюм болды.
Студенттің киімі жалаң еді,
Соған бола Лашын алаң еді.
Оқып жүрген шет тілі – неміс тілі,
Былдырлаған күйінше қала берді.
Диктор болды…
Тәп-тәуір табыс келді.
Өнерлі де, өрісті ағысқа ерді.
Түсінде жоқ кәсіпті тез меңгерді,
Әнуарбек ағасы дәріс берді…
3
Баяғы ұн сататын күні қалды,
Жас жігіт базар сырын ұғынады.
Пәтері дәл түбінде тұрса дағы,
Көк базарға жолшыбай жуымады.
Қайырлы таң, жолдастар!
Қайырлы таң.
Кең байтақ өлкемізге жайылды таң,
Ояныңдар, әлеумет,
Ояныңдар,
Таң атты.
Тіршілікке жағылды шам…
Тұрыңдар,
Тіршілікке қосылыңдар,
Қосылыңдар, еңбекке асығыңдар.
Тұрыңдар, сергектікке серік болып,
Жасықтықты тереңге жасырыңдар.
4
Нұр құшқанда Алатау шоқылары,
Микрофон алдына отырады.
Тыңдаңыздар, жолдастар, тыңдаңыздар!
Эфирде соңғы хабар оқылады…
Жаңалықтар!
Ең соңғы жаңалықтар
Тыңдаңыздар!
Далалық,
Қалалықтар!
Мынау тыныс-тіршілікке ой жіберіп,
Өнегеден
Ерліктен нәр алып қал!
Соңғы хабар тарайды таңды атыра,
Қызыл құмды жел борап шаңдатуда,
Қостанай, Ақмолада жауын-шашын,
Ауа райы тамаша Алматыда!
Тамаша Алматыда ауа райы,
Апайтөс Алатаудың бауырайы…
Осынау көз сүрінген көркіне сай,
Думанды қызығы да бар ұдайы.
Бар оның көңілге нұр құятыны,
Бар оның көңілге нұр құятыны,
Бар оның кеудеге сыр жиятыны.
Шежіре шертіп тұрған музейі бар,
Бар оның талант толы театры!
Табылады
Ойға нәр,
Жанға шырын.
Іздене бер,
Тек қана алма тыным!
Күндері дауыл болсын, жауын болсын,
Ауа райы тамаша Алматының!..
5
…Көк базар!
Көк базар тұр тосып алда.
Осы арада қасы бар, досы бар да.
Осы араға келесің амалсыздан
Бақытыңнан адасып…
Қосыларда…
Құлағыңда базардың шуы қалар,
Танауыңа мантының буы қалар.
Сыра сатқан жын ойнақ –
Көк будкалар…
Ұрынғанның бойында уы қалар.
Талайлар көк будканы танып алған.
Бүгін барса,
Ертесі тағы барған.
Тұмсығын ақ көбікке тығып қойып,
Қалтасын тып-типыл қып қағып алған.
Көк базар…
Көк будкалар тосып алда,
Неге келді ол мұнда?
Досы бар ма?
Сыралатып қайтуға келген жоқ-ты,
Жазушылар одағы осы маңда…
6
…Ол жүрген жоқ сыраға алаң болып,
Желкесіне мінген жоқ жалаң желік.
Жас ақындар жинағын құрастырған,
Сонда отыр ақын Қасым Аманжолов!
Қасым ақын!
Таланттың дара шыңы,
Қасым ақын,
Таланттың жанашыры
Өлең өртін үрлеуге дайын еді.
Бойындағы бар қайрат,
Бар асылы.
Шіркін-ай,
Келте болды-ау танысқаны!
Бір көрмеде қос дүлділ табыспады,
Дүркіретіп өлең-жыр жазирасын,
Бір сөреде қос тұлпар жарыспады.
Бөгеттерді қопарған толқындардың
Кейін…
Кейін қосылды ағыстары!
Бір-біріне сырларын ағытпады,
Өр ақын жас талантты танып қалды,
Нұрлы көзін бір қадап.
Жымиды да,
Өлеңдерін аялап алып қалды…
Соның өзі-ақ көңілді кестеледі,
Самал үміт алдынан ескен еді.
Жыр жинақтың қондырып пұшпағына,
Қасым ақын тұсауын кескен еді.
Кесілмепті!
Жоқ, әлі кесілмепті,
Көсем көңіл кең сілтеп көсілмепті.
Қаламы қаңтарулы,
Шиыр түйін
Сәл ғана босағанмен шешілмепті.
Алғашқы жыр жалын боп тарамады,
Бәлкім тек оқырмандар бағалады.
Үкім айтар сын жазғыш ағалары
Жазбақ түгіл пысқырып қарамады.
Алғашқы жыр ешкімге еленбеді,
Алғашқы үміт ақысы төленбеді.
Көңілінің тасқыны төмендеді,
Бәсірең, – деп күдікті көгендеді.
Алғашқы жыр сезімін суытты енді,
Талап емес көңілге күдік берді.
Алғаш қаламақы…
Көк базарда
Ағаш аяқ орысқа жуып берді…
Тұсаукескен
Ақынның іргесіне бақ тіреліп,
Бақ тіреліп кеудеге шаттық еніп
Көп іздеткен Көсемнің нұр бейнесін
Пешкова пәтерінен тапты келіп.
Ұлы көсем бейнесін шыңдай көрді
Маңайына жеткенше тынбай келді.
Ленинмен
Горькиймен
Мұқағали
Бетховен сонатасын тыңдайды енді.
«Аппасионата» –
Сарыны күңіренген
Көз алдына ақ айдың нұры келген
Құлағыңа тылсымның сыры келген
Көңіліңе көктемнің гүлін өрген.
«Аппасионата» сарыны күңіренген.
Тыңдай біл құдіретті Бетховенді
Замананың мұң-шерін шерткен ұлды.
Жырлаған құштарлықты
Жек көруді.
Жырлаған жерде гүлді
Жек көруді.
Жырлаған қазіргіңді
Өткеніңді.
Жырлаған жерде гүлді
Көкте күнді
Тыңдай біл
Түсіне біл
Бетховенді.
Баураған музыкамен сырлас жанды
Жаулаған жер-әлемді нұрлы аспанды.
Москва
Пешкованың пәтерінен
Көсем жайлы сыр шертіп
Жыр басталды.
2
Жыр жазылды.
Маңдай тер – сиясы еді
Жырдың ауыр соқпағы
Қиясы. Өрі.
Солай қарай талпынған таланттардың
«Советтік шекара» бір ұясы еді.
Ұясы еді төріне қондыратын.
Жаңа жырға орын бар орнығатын
Тәй-тәй басқан сәбидей жетелейтін
Теріс басқан бағытты оң бұратын.
Өтуші еді өлеңнің жиын-кеші
Нәресте үміттердің құбын көші
Аудандық газеттен кеп нәр алатын
Нәр беретін әдеби үйірмесі.
Түн ұйқысын өлеңге бөлген адам
Осы жерден басатын өрге қадам.
Жаңа жырды жабылып талқылайтын
Бас болып редактор сергек адам.
3
Шалқар шабыт ағысын тапқан жырды
Нөсер болып
Сел болып аққан жырды
Қаламдас серіктері сапар тілеп
Астаналық газетке аттандырды…
4
Ақын бүгін шеңгелдеп нұр ұстайды,
Ақын бүгін өлеңмен тыныстайды.
Үлкен газет бетінде жарық көрді
Дастаны Ұлы Көсем – Ильич жайлы!
Ақын көңілі асқарлап бақ қонғаны
Мейірімді жазушы Жекен аға
Алматыдан ақ таңы атады енді
Оралар-ау осынау сапары енді
Тебіреніп
Елжіреп
Еміреніп
Әз ағасы Әбділдә бата берді.
Шат көңілдің шалқары шалқып жатты
Күдік бұлты сейіліп таң тіл қатты
Әнуарбек
Зәмзәгүл
Кезектесіп
Ақын жырын эфирде саңқылдатты.
5
Күдік бұлты тарады Сезік өшті…
Алау-далау екі ұдай кезі көшті
Ақындықтың тұсауын
Ақыры кеп
Владимир Ильичтің өзі кесті!
Ақынды ақын жоқтайды
Өлеңдер…
Өмір жайлы, өлім жайлы…
Өлім жайлы өлеңдер – қалың қайғы.
Кезінде жазып тастап құтылмасаң
Санаңда сал боп жатып дамылдайды
.
Қайғыны жазады ақын, жазады анық,
Мұңайып
Ұйқы бөліп
Назаланып.
Өлеңі өршеленсе, нөсерелсе
Көңілі шығатындай тазаланып.
…Өмір – сапар қай жерде қиылады,
Топырағы қай жерден бұйырады?
Несібесі қай күні таусылады,
Жыр нөсері қай күні тиылады?
Әзірше ауа жұтып тірі жүрсе,
Ол тағдырдың бір мысқал сыйы-дағы.
Қай күні бетің ары бұрылады,
Қай сәтте ыстық қаның сұйылады?
Қай сәтте тіл күрмеліп буылады,
Қай сәтте жанар сөніп жұмылады,
Қай күні шаңырағың тұлданады,
Қай күні армандарың ұрланады?
Еңкілдеп елден бұрын кім келеді,
Күзетіп табытыңды кім қалады?
Қиын ғой бұл өмірдің шырғалаңы
Бірде олай
Бірле бұлай
Ырғалады…
Біреуден дабыл қаққан жыр қалады.
Біреуден сырнайлатқан жыр қалады.
Біреудің несібесін ит иіскеп,
Біреудің сыбағасы ұрланады.
Өлген күн біреу үшін ұлы дүрмек,
Ертесінде-ақ тым-тырыс жым болады.
Ұмытылып қалады ондай өлім –
Жыртылған календардың бір парағы!..
2
Бір жұлдыз мөлдір кеткен ағып кетті
Ағып кетті,
Жарқырап жанып кетті…
Қыршын ақын қиылды, – деген хабар
Ызғар – хабар
Жүректі қарып кетті…
Кеше ғана шығарып салған еді-ау
Бірге жүріп жол қамын қамдап еді-ау,
Бет алысын, бағытын сұрағанда
Қарақалпақ өлкесін таңдап еді-ау,
Ол ұшқанда қол бұлғап қалған еді,
…Өр іздеп,
Тұнық сүзген тарлан еді,
Тұла бойы тулаған арман еді
Қаруым деп қаламын қармап еді.
Жаңа ғана ұшқыны көтеріліп
Жаңа ғана алаулап жанған еді.
…Жолақы, тиын-тебен табылған соң
Бұл да артынан Нөкіске бармақ еді…
…Төлеген сонда күтіп алмақ еді…
3
Өмірмен өткен күндер жарыспай ма?
Адыра қап
Жиған пұл, табыс пайда.
Көрінгеннің көзіне күйік болып
Шашылып орта жолда қалыспай ма?
Бір күні арғымағың омақасып
Тағдырың табытпенен табыспай ма?
Қособаның басында бір ажал бар
Сұм ажал сен шегінсең
Алыстай ма?
Ағайын ардақтысы мерт болғанда
Басына бауырымдап барыспай ма?
Жігіттер!
Боздақ өлді, боздап өлді…
Жүріңдер, арулайық,
Намыс қайда?
4
Барайық, – деп ешкім де үн қоспады
Үн қоспады.
Ол да бір мұң қосқаны.
Япыр-ай, Төлегеннің қайда кеткен,
Жанашыр жолдастары, құрдастары.
Зая кетіп шарқ ұрып сабылғаны,
Табылмады, бірі де табылмады!
Бытырап нұрдан қашқан тарақандай
Сылтауларын бетке ұстап жабындады.
Осы шығар ойының ойран болып,
Тынысының тұншығып тарылғаны!
…Көздің алды көмескі
Тұманданып
Жүрегі тұр бомба боп жарылғалы…
…Осы шығар Ажалға алғаш рет,
Ел ішінде өлтір деп жалынғаны…
5
Өзегіне күйік-шоқ түсіп кетті,
Қай-қайдағы ойларды күшіктетті.
Дархан көңіл дағдарып, қусырылып
Тұла бойын тұмшалап қысып кетті.
Көрші орыстан несие сұрап алып,
Шығып болған шынарын көрмек үшін,
Сынып түскен сыңарын жерлеу үшін,
Жалғыз өзі Нөкіске ұшып кетті.
6
Ылди екен алдағы өр дегені
Ақынның өлімі еді көрмегені.
Осы екен ғой қазасы шын ақынның,
Сол үшін-ақ бейтаныс жерге келді.
Кеше ғана жарысқа жарап тұрған
Жайрап жатыр дүлдүлі кермедегі
Кеше ғана жарысқа жарап тұрған
Бұлтты сөгіп
Сұңқары өрлеп еді!
Міне, бүгін өкіріп
Өксіп жылап
Өз қолымен арулап көрге барды!..
7
Кеудесіне кесел боп көп қайғы енді,
Досқа ұмтылып жүрегі соқпайды енді.
Жеңіл-желпі, желікпе, саяқ жүріс,
Тұғырына тұрақтап тоқтайды енді.
Тоқтайды енді!
Өлең боп көп қайғы енді.
Өкінішті күндерін соттайды енді!..
…Жыр жолында қаламын еңіретіп,
Төлеген мен Қасымды жоқтайды енді,
Жоқтайды енді!..
Жанарында – жер шары…
Уа, шабыт, тізгінді босатпашы,
Жићанкез шал Қорқытқа қосақташы!
Аласұрған арманға өріс болмас
Үй күшік ой
От басы
Ошақ қасы…
Қаңғытсаң қаңғыт мейлі,
Тек қалғытпа
Енжарлыққа егінін отатпашы…
Қалжыраса,
Қалғыса,
Қамшыңды бас!
Уа, Шабыт, тізгінді босатпашы!
2
Қарашы мөлдір көктің келбетіне,
Шіркін-ай, қалқыр ма еді тербетіле.
Бұл заман космостың дәуірі ғой
Космостан үңілсе жер бетіне
Шамасы келер ме еді
Жомарт бұлт боп
Жер шарын нөсерімен селдетуге?
Жарайды…
Бұл мәселе шешілуде
Болады ғой қиялды кешіруге
Орбитада ақын жүр
Шыр айналып
Жер шарына үңіліп тесілуде.
Мақұл-ақ
Нөсер болып жауды делік
Құптайық құйын-арман кесімін де
Азия-Анасының шашы өртенді
Шамасы келер ме екен өшіруге?
Сахара дымы құрып
Шөлдеп жатыр
Өлімге мойын сұнып көсілуде.
Айсберг – тауларды құр қаңғыған,
Бола ма Сахараға көшіруге?
Аштықпен азап жұтқан нӘрестелер
Қынадай қырылуда бесігінде
Тірі адамдар тірлікті жою үшін
Қамданып
Қару сайлап
Өшігуде.
Өштік жайлап барады жердің шарын,
Шамасы келер ме екен өшіруге?!.
Ой, сұмдық, есі барлар есіруде!
3
Үреймен жердің шарын орап алып
Қуанышты
Үмітті тонап алып
Жаңағы жарқыраған нұрлы жерге
Әп-сәтте қайғы бұлты қона қалып.
Ракета жамылған
…Кірпік шешен –
Жер шары барады әне домаланып!
Терісін сыпырмасаң
Әжең айтқан
Ақыр заман айнымай болады анық…
4
Жоқ Тағдыр! Алған беттен аумау керек!
Өртке қарсы өрт болып қаулау керек!
Жақсы жыр миллиондар сыбағасы
Миллиондар жүрегін жаулау керек!
Кетпес ізгі еңбегің бекер күйіп
Күреске түс беліңді бекем буып
Чили – сенің жүрегің,
Қан жоса ғып
Жұлып алып кеудеңнен көтер биік
Жүрек!
Жүрек – ардың гүл дестесі бұл
Өмір үшін сӘуле бол
Өшпесін нұр.
Ильичпен қайта ақылдас,
Сын сағатта
Большевиктер қимылын еске түсір!..
Кернеп тұрған кеудеңді нала сазы
Ақтарылса
Ақынға жарасады…
Қанысарған Чилиді Отан деп ұқ
Оның да бір бар шығар
Қарасазы…
Өз қолында жеңілу жеңу дағы.
Өзіңе аян айбынды шеру басы.
Қосыл соған ақындық дауысыңмен,
Арашала Пабло Неруданы!..
***
Үкім аты жазылған латынша
Не дерсің
Мына қырсық
Мына сынға
Қабаған төбет иттей ала түспей
Қайтер еді азырақ тұра тұрса.
Мейманхана бөлмесі күңгірт еді,
Күңгірт еді,
Тым-тырыс, жым-жырт еді.
Ағасымен қоштасқан Еркінді бір
Құлазытқан сұп-суық сыр бүркеді.
Япыр-ау,
Не деп кетті?..
Не дегені?
Енді мені аруаққа теңе, – деді
Шарасыздық сөзі ғой бұл айтқаны,
Желкені жоқ, ескексіз кемедегі.
Қалқайып тұр құл сүлдем құламаған,
Ешкімнің ықыласын сұрамаған,
Емханаға жалынар мынау ағаң
Дүбірлетіп дүнині құрамаған,
Бақ деңгейін байлықпен сынамаған,
Тапшылық тақырына тұралаған.
Тар төсекке таңылар мынау ағаң.
Бар қырсыққа бір өзін кінәлаған.
Құрсауламай сынығын сыналаған.
Кең дүние тарылып,
Талықсап кеп,
Тар төсекке таңылып тынар ағаң.
Табар сонда біржола жанға тыным,
Бұл саған соңғы тілек болмақ, інім,
Құлағыңды түріп жүр телефонға,
Хабарын күт,
Хабарын Алматының…
Мен сонымен айымды батырамын,
Қападамын қайтейін, қапыдамын.
Айтпақшы орамалға түйіп әкел,
Бір уыс Қарасаздың топырағын.
Мейманхана бөлмесі жым-жырт еді,
Жым-жырт еді.
Сәулесіз күңгірт еді
Ең соңғы аға сөзі құлағында
Еркінді бір сұп-суық дым бүркеді.
Терезеден сұп-сұр боп көрінді аспан
Быт-шыт болып,
Құлазып көңіл қашқан
«Бауырым, бақұл бол!» деп жазып берген
Қолында өлең кітап –
«Өмірдастан».
Сарқылмаған сарқыттай сұрақ қалды,
Аға кетті қоштасып,
Жыр аттанды…
Еркін жалғыз егіліп отырғанда
Қастек пенен Сәкен кеп жұбатқан-ды…
Көктемнің бір азалы күні келді,
Алма ағашы бұтаққа бүрін өрді.
Моцарттың жан ашуы –
«Жан азасы»
Табытыңның басында күңіренді…