РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Әлнұр МЕЙІРБЕКОВ. Аспантаудан ұшқан ақиық

Мен Мұқағали Мақа­таев­пен жаңа түлек, жас талапкер ретінде, жаңылмасам, 1955 жылы сырттай та­ныстым. Осы жылы бұрынғы  «Әде­биет жә­не  искусство» (қазіргі «Жұл­дыз») журналының  ке­зекті бір са­нында  Мұқағалидың  үш өлеңі жа­рияланыпты. Ол кез­де өзіміз ақын бол­масақ та, өлең десе «өліп» тұ­ратынбыз. Сол әдетпен қысқа өлең­дер­ді қызыға оқыдым. Жүйріктің аяқ тас­тасы бірден білін­ген­дей әсер етіп, шын қуандым. «Азамат аман жүр­сін, бо­лайын деп тұр екен!», – деп үлкен  үмітті тілек білдірдім…

Бір күні аудандық «Со­веттік ше­кара» газетінің  ре­дак­циясына  Мұқағалидың өзі келді. Көргеннен-ақ көзім қа­нып, көңілім толды. Тұлғасында ерекше ер келбеті бар екен. Бойы аса биік болға­ны­мен,  шалқақ кеуде, кең иық­та­ры нағыз нар жігітке  жара­тылған. Биік қа­бақ­ты, қызыл шырайлы жүзінде арайлап атқан таң шапағындай шуақ­ты  нұр ойнайды. Адамға кү­лім­сірей  қа­райтын отты  көз­дерінің  жанарында біртүрлі елжіреген жылылықтың, мөп-мөлдір мейірімділіктің  ұясы бардай. Адамды өзіне табын­дыра  тар­тып тұр. «Жап-жас жігіт екен-ау, қа­нат­танса қыран бол­масын кім болжапты!», – деген ой­ға қалдым.

Мұқағали редакцияға бір топ өлең­дерін әкеліпті. «Бұ­лар қандай екен, алғаш­қы қа­нат қағысынан жаза басып, жаңылған жоқ па екен?» – дегендей қызу құ­­марлықпен оқып шық­тым. Жасы­ратыны жоқ, қатты ұнады. «Бәрекелді, кең құ­лаш­тап, өрлей  ұшқан екен», – деп өзім жаз­ғандай көңілденіп, көтеріліп қалдым.

Дегенмен сабыр сақтап, еш­кім­ге тіс жарғамын жоқ. Оның себебі бар. Ол кез­де редакцияға түскен өлең­дердің тағ­дыр-тізгіні Ібітанов Ер­кіннің қолында. Бас­­қаша айт­қан­да, оның: «Ақ дегені – ал­ғыс, қара дегені – қарғыс». Кімге  бол­са да қатал қарайды. Кейде өз деңгейі­мен, өз биіктігімен өлшеп  кете­тіні бар. Ал мен, редактор  ретінде, жау­қазындай жаңа өсіп келе жатқан жас талап­кер­лерді  самал желпі­ген­дей демеп жібе­ру­ге, жылт еткен отты-шоқтарын үрлей түсуге, қам­қор қолмен қол­тықтарынан көтеріп, өз­деріне  өзде­рі­нің сенімін арт­ты­руға бейім тұра­тын­мын. Бірден тауаны  шағылып, меселі қай­тып, талабына тас тимесін, «көш жү­ре түзелер» дейтінмін. Ондайда Ер­кін: «Өлеңді  ойыншық етуге бол­май­ды. Ол – сөз өнерінің  алтын өзегі. Оны былғауға, оны  аздыруға ешкімнің құқы жоқ», – деп  отырып алатын. Ен­дігі жерде  Еркінді үгіттеу – үйдей тас­ты аунатумен тең болатын. Ол қа­сиетін  іштей өте жоғары баға­лайтынмын. Бірақ көзінше қолпаштамайтынмын.

Сонымен, өзім оқып шыққаннан кейін Мұқағалидың әлгі өлеңдерін  Еркіннің қолына ұстаттым. Оған то­лық оқы­ға­ным­ды айттым да, өз пікірімді әдейі ашпай ір­кіп, тұйық қалдырдым. Еркін де бірер күн бұл жөнінде ләм демей үнсіз жүрді. Ақы­ры ағынан жарылып: «Мұқаң­ның өлең­дері жақсы екен», деді  шын сүй­сі­ніп. «Бас төреші» айтқан соң бас шайқау жоқ. «Советтік шека­раның» ке­зекті  санында Мұқаға­лидың  өлең­дерін суре­ті­мен  жа­риял­ап, сәт-сапар тіледік. «Көп оқы, ізден, қанаттан, нұр жауар ер­ге та­лап­тан», – деген тақырыпты ірі әріп­­тер­мен  көрнекті етіп  бердік. Бұл ау­дандық газеттің  тұңғыш «Сәт-са­пары» еді. Кейінгі жылдары  үз­бей қайталап жүрдік. Оның ақыры ре­дакция жанынан әдеби  бірлестік құрылуына жалғасты…

Айтпақшы, әлгі «Сәт сапарда» Мұ­қа­­­ға­ли суретке жол-жол  қызыл жолақ, тор көз жейде киіп түскен еді. Галстук бай­ла­май, жағасын айқара ашып тас­та­ған бо­латын. Жалын шашқан жас ақынның бейнесі пейіш төрінен шыққандай сон­ша­лық сүйкімді еді. Содан бері қырық жыл­дан аса уақыт өтсе де сол бейнесі әлі көз алдымда  күлімдеп тұр.

Сол 1955-1960 жылдары  Мұқағали еркін  көсілген өрен  жүйріктей құлашын кең­­ге сілтеген еді. Шынайы шабыттан  шымырлап шыққан шығармалары бірінің соңынан бірі түйдек-түйдек туындап жат­ты. Қазақ әдебиетін дүр сілкін­дір­ген­дей қызу қуатты, көркем  келбетті, то­лысқан сом тұлғалы, тамаша туынды – «Ильич» поэмасы да осы кезеңде жа­зыл­ды. Оның көптеген басқа  өлеңдері мен әйгілі «Большевиктер» поэмасына дейін «Советтік  шекараның» бет­те­рінде үзбей  жарияланып тұрды. Ол жыл­дары  ақын­ның өзі де риза  көңілмен үнемі еске алып отыратын.  «Ел-жұртыма ақын ретінде  та­ныстырған алғашқы азаншым ғой – бұл газет», – деп  рақаттана күлетін. Шынында, «Әдебиет және  искусство» журналының  сонау 1955 жыл­ғы  ақ ниетін  жақсы ырым жорал­ғы­сы деп санасақ, одан кейінгі  Мұқа­ға­ли­дың  әдеби  өміріндегі  тұңғыш  тұ­сауын кескен аудандық газет еді. Мұны  даусыз ақиқат деп  әркім-ақ ашық айта алады.

Парасатты ақын өзі бір жылдан аса қызмет істеген, бөлім  меңгерушісі ретінде дара тұлғасын танытқан аудан­дық газет  редакциясымен, оның  ұжымы­мен кейін де байланысын үзген жоқ. Оны қаламдас болған  жолдас-жора­лары да ұмытқан емес. Бұл пәниден көш­кеннен соң да үзбей еске алып жүр­ді. Сол ізгі ниетпен  Мұқағалидың  есімін есте қалдыру үшін  бірінші рет батыл талпыныс жасап, редакция  жанындағы әдеби  бірлестікті  ақын атымен атауға бірауыздан сөз байласты. Бұл зор құр­меттеу сезімінен туған ақ жүрек­тердің  әділ  үкімі еді…

Әрине, Мұқағалидың  көзі тірісінде оның қадір-қасиетінің  барлығын  біле білдік, талантының барлық қырын айқын аңғара алдық дей алмаймыз. Олай де­сек, жан ауыртар жалғандыққа  ұрынар едік. Ақиқатын айтқанда, ақбе­рен ақын­ның көз талатын биік шыңдарын  бар­лап, шыңырау тереңдерін түптеуге біз­дің  өреміз жеткен жоқ.

Бірақ, өресі жететін үлкен жүректі, зор дарынды, асқақ ақыл иелері болды. Әттең, тұлпарды тайынан танитын Әб­ділда Тәжібаев сияқты ақтілекті аб­зал жандар көп кездесе бермейді-ау!.. Өмір  соқпағының  кейде сондай  қияға тартып, шытырманға салып кете­тін тұстары да бар ғой…

Әйткенмен шын талант өзіне ғана сенеді, жолында кездескен  кедер­гі­лер­ді кесе, бөгеттерді  бұза отырып, ол өз бағдарынан, өз мақсатынан айнымақ емес. Мұқағали  сондай  кеу­делі, кемел ақын, қатарынан асып туған текті тұлға еді…

Жадыңа жатталғандай  ұмытыл­май­тын, ойыңа оралып, есіңе түсе  беретін тағы бір мәнді әңгіме бар. Маусым айы аяқталып қалған мезгіл. Түскі үзілісте жұ­мыстан келіп, үйде әлденеменеге  ай­налып отырғанмын. Ой-санаң бір нәрсеге қатты аударылып  кетсе, бас­қа­ны елемей, естімей қаласың. Мен де  үйге адам  кіргенін аңғармай қалыппын. Аяқ астынан «Ассалаумағалейкүм, Әл­аға!» деген ажарлы  дауысқа селк ете түстім. Әбүйір болғаны, жеке отырған едім. Қасымда біреу болғанда: «Сұра­пыл соғыста  от кешкен, өне бойын оқ тескен, жапыра қуып, жау  қашырған жауын­гердің  сыйқын қара, құдай-ау, сә­­лемдескенге селк етіп, жүрегі аузы­нан  шығып  кете жаздады», – деген  ма­­зақ күлкіге  белшемнен  бататын едім. Оны да ойлап үлгермей қалт бұ­рылып, жалт қарасам, үлкен есікті екі  иығымен тіреп, ақсия  күліп Мұқағали тұр. Құшақ­таса кеттік. «Әлаға жер­ді сағынып кел­дім, елді сағынып кел­дім, ер-аза­мат­тарды сағынып келдім. Бір серпілмесем болатын емес!», – деді.

Көптен көріспеген екеуміздің  әңгі­ме­міз оңай үйлесіп, жақсы  жарасып жүре берді. Сырласа отырып, Әйнек жең­гесіне ерке наз  білдірді. «Бірсыпырадан бері  қолыңыздан дәм татпа­дым. Арқар-құлжаның, ешкі-текенің, қоңыр-қызыл еліктің еттерінен  келіс­тіріп пісіретін  қара қуырдағыңызды аңсадым» – деп  күлді. Жең­гесі де  жар­қын рай танытып: «Өзің есіктен  ат­тағаннан-ақ жеңсік асыңды  әзір­леуге кіріскенмін. Қазір дайын болады», – деп жатыр…

Мұқағали  үлкен терезенің алдына барып, тау жаққа қызыға  қарап тұрды. Бір кезде  оқыс бұрылып:

–    Әлаға, осы мен  қандай  ақын­мын? – деді.

Ақкөңіл баладай ашық берген  сұ­ра­ғына мен әзіл  қоспай шын  ниетімді  білдірдім.

–    Дау жоқ, мықты ақынсың, жақ­сы ақынсың!

–    Ал онда қандай азаматпын?

Мен күлдім, сәл  іркіліп барып тіл  қаттым:

–    Әрине, жаман  емессің.

Алдыңғы лебімнен соңғы  тынысым жасықтау шықса керек.

Мұқағали езу тартып күлді:

–    Әлаға, сіздің  мені қалай  баға­лай­­тыныңды айтпасаңыз да білем. Дегенмен,  көмейіңізде бір нәрсе тұрған тә­різді… Кейбіреулер мені сыртымнан «ағаш атқа» мінгізеді, ішеді, өзін-өзі бағаламайды деседі. Мейлі ғой. Кімнің аузын жабарсың. Түсіне білгенге, менің  өмірімнің алтын өзегі – өлеңім. Одан қымбаттым да, одан қасиеттім де жоқ. Сол үшін  мен арымдай асыл өлеңім­ді ішпеймін, өлеңімді жоғалт­паймын. Үлкен-үлкен  мақсатым бар. Соның бір бұтақ, бір буынын орын­да­ғанда  шыңға шығып, көкке ұшқым кеп кетеді. Шын  шабыттан  туған өлең­дер­дің  желігі желден де күшті, қызық-қуанышы – құдірет лебіндей қуатты. Міне, сондай  жағдайда ғана «боз аттың» басын  тартпай, сілтеп-сілтеп жіберемін. Ол жағдайымды біреу түсінсе, біреу  түсінбейді. Шын сырым осы,  Әлаға…

Дайын дастарқанға шақыру әңгі­мені шорт үзді. Мұқағали  өзі тілеп дайындатқан қуырдақты қарбыта-қарбыта асап, соншалық тәбеті тарт­қандай сүйсініп жеді. «Қолың бал-ау, жеңге, қолың бал», – деген  мақтауын да қоса отырды…

Негізгі бұйымтайын кетерінде ғана айтты: «Әлаға, бүгін ауылға баруым керек. Қарасазды сағындым. Мініп баруға  машинаңызды беріңіз!» – деді.

Есік алдына  жеңгесі Әйнек үшеуі­міз қолтықтасып шықтық. Ортамызда екі қолын екеуміздің  иығымызға артып тұ­рып, тауға,  Байынқол шыңдарына  біраз көз  жүгіртіп, қимағандай сәл  күрсінді. Сөйтті де  мойнын бұрып, «Әлаға, сіздердің  үйлеріңізге  осы менің  соңғы келгенім болар!», – деді елжі­ре­гендей жұмсақ үнмен.

Жүрек солқ ете түсті. «Қой-қой, Мұ­қа­ғали ол  не дегенің», – деп  шы­рыл­дап кеттік. Әрине, ол сәтте ақынның әулиедей айтқаны келетінін, жылға толмай дүниеден өтетінін білгеміз жоқ…

«Мұқағали» журналы, №10, 2009 жыл

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналы №4,2020 жыл

Бұл нөмірден ақын ауылы Қарасазға ақ қарғаның қалай келгенін оқисыздар. Мұқағали Мақатаевтың дәрігерлерге арналған жырларына қайтадан қанығасыздар. 85 жылдығына орай ел-жұрты есіне түсірген құрдас...

«Мұқағали» журналы №3,2020 жыл

«Қостанай таңы» газетінің бас редакторы, белгілі сыншы Жанұзақ Аязбеков «Мұқағали поэзиясы қазақпен бірге жасайды» атты сұхбатында ақын мұрасына бүгінгі күннің көзқарасымен баға береді. Кәсіпкер...

Абай күні – қазақтың қасиетін арттырсын

Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы Абай туралы айтқанда «Одан басқа бұрын-соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ» деп ерекше бағалаған болатын. Сол...

ЖУРНАЛҒА БЕРІЛГЕН БАҒА

Он бес жылдық кезеңде «Мұқағали» журналы ақын жайлы зерт­­теу­лерді, қызықты естеліктерді өз қоржынына топтас­тырды. Мұқағали­тануға ден  қойған авторлар легін қалып­тастыр­ды. Журнал­дың энциклопедия тектес мазмұнмен шығуын...

Ақын ауылына келген ақ қарға

Маусымның 25-ші жұлдызында Қарасазға ақ қарға келді. Оны алғаш көрген орта мектептің мұғалімі Алпысбай Қасқырбаевтың немересі екен....

«Мұқағали» журналы №2, 2020 жыл

Журналдың кезекті саны көпсалалы «BTK-GROUP» компаниясының директоры Тоқан Ботабековтың «Мұқағали өлеңдері кәсіпкерге де керек» деген танымдық сұхбатымен ашылды. Бұдан кейін «Жетісу жыр жолдайды Жидебайға»...