Алтынбек туралы толғау
Мұқағали Мақатаев пен Алтынбек Сәрсенбайұлы – жақын туысқандар, бір атаның баласы. Түп тамыры Қарасазда. Алтынбектің әкесі Елшенбүйректің етегінде дүниеге келді. Қарасудан балық аулады, қырқалардан қымыздық терді. Сүлеймен ағасының сөзін тыңдады. Нағиман жеңгесінің айранын ішті. Тіпті, «ағайынды қоңыр қаздар» екінші дүниежүзілік соғысқа қатар аттанды. Әкелерін сапарға шығарып салып тұрып, он жастағы Мұқағали қолына алғаш рет қалам алды.
«Жазмыштан – озмыш жоқ». Сүлеймен Мақатаевтың сүйегі орыстың орманында қалды. Дәм-тұзы таусылмаған Сәрсенбай ауылға аман оралды. «Мен ел қорғадым, мен қанымды төктім» деп тепсінбеді. «Майдандастарым, қайран достарым!» деп қамықты. Азаматтары азайған ауыл әбден қалжыраған екен. Қаралы жұртты жұбатып, қолтығынан сүйеді. Бүкіл саналы ғұмырын туған жеріне арнады.
«Оқымаған, дипломсыз демесең, Бар мамандық бір басымнан табылар» деп Мұқағали інісі жырлағандай, тынбай ізденді. Жоғарғы білімнің орнын қабілет-дарынымен толтырды. Соның арқасында білгір төраға шаруашылықтың әлеуметтік жағдайы мен экономикасын реттеді. Толағай табыстарға қол жеткізді.
Мәселен, канал қазып, Шұбартал аңғарындағы өзенді өрге сүйреді. Соның арқасында егістің көлемі ұлғайды. «Қайнардың» берекесі артты. Ерен еңбегі үшін Сәрсенбай Байғұлов Ленин орденімен марапатталды. Қуаныштың жалғасындай болып, үшінші ұлы дүниеге келді. «Сенің атың – Алтынбек!» деп, баласының асылдай жарқырағанын армандады. Кім біледі, әке жүрегі сонда-ақ перзентінің тұлпарға лайық ғұмыр кешетінін түйсігімен сезген шығар…
Сәрсенбай әулетінің ерекшелігі аз емес. Жақсы сөзге жаны құмар. Зерделері мықты, танымдары таза. Сарыжайлауын сағынғанда Мұқағали осы шаңырақтан табылған. Ақын да бала сияқты, еркелеткенге үйір. Сәрсенбай ағасы құшағын жайып қарсы алса, Күлімхан жеңгесі дастарханын жайнатқан. Екі жақтың сыйластығын көзі көргендер әлі айтады. Сол күндері сесінен ат үркетін басшының қызмет машинасы ақын мінетін көлікке айналған. «Еліне келгенде, еміренсек несі айып?! Алматыға арқаланып қайтсын» деп жайдарланыпты төраға.
Көпшіліктің пікіріне сүйенсем, Нарынқол аудандық газетінің бас редакторы Әлнұр Мейірбеков пен колхоз төрағасы Сәрсенбай Байғұловтар ақынды төрінен түсірмеген. «Әркім сыйласқанның құлы», ақын да ағалар алдында ізетінен танбаған. «Кейбіреулер Мұқағалиды арақ ішедіге санайды. Мұндай қылығын көрмеппін. Көрсеткен емес» деп Әлекеңнің таңғалғанын талай естідік. Сәкең де сеніміне селкеу түсірмеді.
Ақынмен араласқанның әсері шығар, Сәрсенбай әкеміздің балалары – Рысбек пен Алтынбек көркемсөзді қадірлеп өсті. Бәлкім, ақиық ақын ырым етіп інілерінің аузына түкірген де шығар? Алтынбектің маңдайынан сипағанын әулет ешқашан ұмытқан емес.
Алтынбек Мұқағалиды құмартып оқыды. Қолынан кітап түспейтін жеткіншек ғажайып қазынаға жолықты. Сәрсенбай әкеміз де қаламгердің өресі мен өнегесін аңғарды, сөзбен жасалған суреттерге, автордың талантына таңғалды. «Халықтың қасіреті мен қасиетін қалай дәл көрсетеді!» деді шын пейілімен. Олар Мұқағали биігін асқар шыңдармен салыстырды.
Алтынбек асыл жырдың астарына үңілді, терең философиясына ден қойды. Абай мұрасын қалай ұлықтаса, Мақатаев мұрасын солай мәртебеледі. ҚазМУ-ден Мәскеуге, Ломоносов атындағы университетке ауысқанда, шамаданына ең алдымен Мұқағалидың кітаптарын салғаны соның дәлелі.
Ол МГУ-де журналистік курспен бірге, әлемдік руханиятты зерделеді. Халықты ұғу, халықпен тілдесу ілімін үйренуге ұмтылды. Адамзат асылдарымен иықтасқан қазақтың данышпандығына сүйінді. Ұлтына деген мақтанышы үдей түсті. Жұлдыздай жарқыраған ұлы шоғырдың ортасынан Мұқағалиды көргісі келді.
Алтынбектің бағалауынша Мұқағали – «Қазақтың Пушкині», «қазақтың Есенині» емес. Солармен тең дәрежедегі асқақ тұлға. «Егер, ақын дауысын түпнұсқадағыдай сөйлетсе, әлем жұрты Мұқағалидың жақтаушысына, ақиқаттың ақтаушысына айналар еді» деп толғаныпты.
80-ші жылдардағы «қайта құру» Мәскеуді бейжай қалдырмады. Жас жүректер оянды. Кеңестік шаблоннан құтылғысы келді. Тиым салынған әдебиеттерді оқу «модаға» айналды. Тамырына нәр құйылған күрескерлік біртіндеп жандана бастады. Сол кезде Мұқағали жырлары Алтынбекті екінші қырынан шыңдады. Ұлттық құнарымен баурады.
Зәр ұсынған адамға, нан ұсынған,
Алысудан аулақпын, шабысудан.
Ей, қазақтың баласы, есіңе ұста,
Өлсем – өлем,сірә, мен намысымнан! –
деген жыр жолдары оның жан-дүниесін дүр сілкіндірді. Бұл – құрғақ ұйқас емес. Азаттық пен теңдікке шақырған ұран! Ақынның ұрпаққа тастап кеткен идеологиялық қаруы.
Алтынбек Мұқағалимен сырлас екенін, Мұқағалимен мұңдас екенін енді анық білді. Бұрын ақын жырларын жақсы шығармаға баласа, көзқарас пен талғамы қайтадан толықты. Қаламгер сөзі – ұлт пайдасына арналған ұстаздық дәрістер сияқты екен! Оны тозбайтын жақұтқа, толайым бақытқа теңеуге болады. “Мұқаң тірі! Мұқаң қазақтың қалғымауын тілейді. Бір келетін өмірде жамандықтан жеңілмей, қарауларға берілмей шарт сынған да абырой ғой! » деген өткір ойдың басына қалай келгенін байқамай қалды. Оған әрі қуанды, әрі тіксінді. Қалай десек те, бұл – Алтынбектің өзіне бұйырған қайраткерлік тағдыры еді.
Мәскеуден диплом алғандар түгелдей тұлпар атанбайды. Алынбектің бағын жандырған таланты мен еңбегі. Аз уақыттың ішінде көзге түсті. Алмағайып замандағы керекті кадр ретінде бағаланды. Алдымен республикалық «Өркен – Горизонт» жастар газетіне бас редактор болды. Одан кейін Үкіметте және Президент Әкімшілігінде ішкі саясатқа жетекшілік жасады. Бірақ ол, ең алдымен елдік мұраттарға бағынды.
Билік қызметіндегі қағидаларды ескеруге тиіс. Десе де, Мұқағали ағасының «Айтсын деп ақиқатты тіл берілген» атты ұстанымын ұмытқан жоқ. Еңбегі жанғанды, сатылап өскенді кім жек көреді? Бірақ, талғамсыз бас шұлғитын бағыныштылыққа бой үйретпеді. «Айтарын айтып қалған Абайлар-ай!» деген сияқты, сәті түскенде пікірін бүкпеді, ойын жасырмады. Сөзінің дұрыстығына күманданбады.
«Жұлдыз» журналының» папкісін өткізіп беріп, поэзиямды өзімде қалдырдым» демеуші ме еді Мұқағали. Жарықтық, қызметінен бұрын нағыз поэзияның құдіретіне сенген екен ғой. Кейін осы тәріздес сөзді Алтынбек те айтты. «… елді саяси модернизациялауға қатысты менің ұсыныстарым қолдау таппаса, ескерілмесе, егер біздің жақсылыққа қарай емес, қисайып бара жатқанымызды байқасам, жайлы орындыққа жармасып отырып алмаймын… Ғұмыр бойы отыратын орынтақ болмайды» деген. Мұқағали мен Алтынбектің мінездеріндегі ақылды қайсарлықтар бір-біріне ұқсап кететінін мойындауымыз керек.
«Ақынның ақындығы – атақта емес, Ақынның ақындығы арда ғана» деп еді Мұқағали. Сол сияқты, мемлекеттік қызметтің де қасиеті азаматтың ар-ожданына байланысты. Мұқағалидың адамды тәрбиелейтін дауысына құлақ түрді. Ақын жырларының ойшылдық санамен бірге дамитыны қайран қалдырды.
Әлемдік әдебиеттің өкіліне айналса да, Мұқағали Мақатаевтың бір «кемшілігі» бар еді. Шығармалары жүлде алмапты. Соны іздеуге құлшынбаған. Амалын табуға әрекеттенбеген. Дұрыс түсінсек, бұл – жалқаулық, немесе, енжарлық емес. Қаламгер өлең жазудың парасатын меңгерген жан. Бір минутын да ысырап етпеді. Шығармашылықтың сезімін, жанкешті төзімін басынан кешірді. «Жанды да, жансыз заттың бәрінен сыр бағудың» азабын арқалады. Қара өлеңді қалыпқа құйып, зергерлерше өңдеді. Ұрпаққа жыр ұсыну міндетін мінсіз атқарды. «Жырдан басқа халқыма не беремін. Жырдан басқа халқыма не керегім?» деп ұлы мақсатын айқындады. Мұндай қайраткерлік халді мемлекеттің ұғынбауы ұят екенін Алтынбек білді.
Алғаш рет, 1984 жылы мыңдаған оқырманның қалауы бойынша Мұқағали Мақатаевтың «Соғады жүрек» екі томдық өлеңдер кітабы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылды. Баспасөз беттерінде ең көп оңды пікір жинаған да осы кітап болған. Бірақ, лауреаттық бұйырмады. «Бұл – жай қараулық емес, үлкен талантқа жасалған тарихи қиянат» деген екен Алтынбек кейін осы оқиға туралы.
2000 жылы Мұқағалиға қатысты қателікті түзетуге белсене араласты. Комиссияның төрағасы ретінде дұрыс шешімнің қабылдануын қадағалады. Нәтижесінде ақынның «Аманат» кітабына Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы берілді. Мұражайда сақталған лауреаттық дипломға қараңыздаршы. Онда Алтынбек Сәрсенбайұлының қолы тұр. Бұл – әділетті қалпына келтірген күрестерінің бірі ғана.
Өткен ғасырдың соңы, ХХІ ғасырдың басы «өтпелі кезең» деп аталды. Қазақ елі отаршылдық қамытынан құтылды. Өз қолы өз аузына жеткен соң, мемлекет аяғынан тік тұруы керек. Ел қағаз жүзіндегі тәуелсіздіктің іс жүзіндегі тәуелсіздікке айналғанын көргісі келді. Бірақ, кедергілер де жоқ емес. Ол – социализмнен қалған, тоң болып қатқан дағды мен сананың оңайлықпен жібімеуі еді.
Жаңарған идеологияға ұлттық танымды шым-шымдап сіңіріп, егемендіктің кәдесіне жарату міндеті Алтынбек Сәрсенбайұлы басқаратын Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің құзырына жүктелді. Саясаттың нәзіктігі мен ауырлығын жүрегімен сезді. Мұқағали ағасы бір өлеңінде «Өлең жазу біреуге оңай шығар, Ақын болу не деген қиын едің?!» деп еді. Бұл тіркестің мағынасы тереңде екен. Түбін ұқса нағыз саясат та нағыз ақындыққа жатады. Оның арбасына отыру оңай, айдау қиын.
Сондықтан, министр салалық міндеттерді шешумен ғана шектелмей, ұлттық идеологияның қазақ үшін жұмыс істеуіне күш салды. Оны біз ұмытқанмен, тарих ұмытпайды. Мемлекет басшысы «өрімдей уәзірдің» уәжіне құлағын түрді. Алтынбектің алдағыны болжайтын алғырлығын қоғам да, билік те барынша пайдаланды.
Олар, алғашқы онжылдықта тізгін ұстағандар, жоқтан бар жасауға ұмтылды. Менікі дұрыс, сенікі бұрысты қоя тұрды. Күш-жігерлерін бір мақсатқа жұмылдырды. Елдің тұғырын мықтауға кірісті. Алтынбек және Алтынбекпен бірге мемлекет құруға қатысқан жас қайраткерлердің дені адалдық пен азаматтықты ту етті. Досты сүйіндірді, дұшпанды күйіндірді.
Білемін,
Керемет бір күн келді,
Жайнайды жасыл бағым, гүлденеді.
… Көремін, керемет бір күн кешемін,
Сенімен, болашағым, бірге өсемін.
Мен сенің үніңменен үндесемін,
Мен сенің тіліңменен тілдесемін… –
деген Мұқағали толғанысымен олардың оптимизмі ұштасып жатты. Тәуелсіздіктің екінші онжылдығында еліміз біршама нығайды. Жаңа кезеңге қадам басты. Көшті түзетудің жауапкершілігі күшейді. Уақыттан ұтылуға ешкімнің хақысы жоқ. Ал, алға басу үдерістеріне өріс ашатын негіз – демократия! Әділетті сайлау соның басты кепілі.
Күнімдік табыстар қалтаны қампайтқанмен, келешекті кемелдендіруге жарамайды. «Малымды алсаң, ал, Құдай, пейілімді алманы» саяси заңдылыққа айналдыру міндеті тұрды. Алтынбек тағы да Мұқағалимен сөйлесті.
Жасың бар, жігіт-желең, шалдарың бар,
Біз ертең жол жүреміз, қамданыңдар!
Жол ұзақ, асу биік, сапар алыс,
Жаз өтер, күз де кетер, тақалар қыс.
Қамданыңдар.
Болашақ деген елге
Біз қандай сый-сияпат апарамыз?
… Жамандық атаулыны қалдырыңдар,
Суға батыр, отқа өрте, жандырыңдар.
Болашақ деп аталған өлмес, өшпес,
Жақсылықтан жасалған тағдырың бар… –
деген жыр жолдары алысты нұсқаған абыздар пікірінен аумады. Нағыз ақынды нағыз әкімнің іздейтіні сондықтан шығар. Абай, Мағжан, Мұқағалилар өміртануға, адамтануға қызмет ететін ерен тұлғалар. Ат жарыстырудан бұрын, ақыл жарастыруды ұйымдастырсақ қандай ғанибет! Алтынбек әр қазақтың жаңаша қалыптасуын жан-жүрегімен қалады.
Өмір-ай, десеңізші!.. Мұқағалиды тірі кезінде түбірінен ұға алмаған қауым Алтынбекті де ұғып жарытпады. Асыл идеяларын бөлектеп сараптамады. Мәңгілікті күнімдікпен өлшеді. Өмір сүрудің үйреншікті әрекетінен бас тартқысы келмеді. Міне, қатып қалған билік пен жаңашыл Алтынбектің арасындағы кереғарлық осыдан басталды.
Табаны бүрсіз жалтақтар қайраткер замандасынан именді. Өйткені, ақиқаттан аттамаған Алтынбек «қарағайға қарсы біткен бұтақтай» иілмейтін . Ол мұндай жолды қарабастың қамы үшін, арзан атақ үшін таңдаған жоқ. Мұқағали ағасынша қаламын қару етті.
Егер мұқият зерделесеңіз, Алтынбектің сұхбаттары мен мақалалары жалаңдықтан ада. Қоғамды түлетуге арналған философиялық оқулықтар санатында. Әлемдік руханияттан ауысқан ілім нәрі отты сөйлемдерге айналып тасқа басылған.
Ол жауырды жаба тоқымады. Өткірдің жүзімен тіліп айтты. Сыншылдығын білідіріп ғана қойған жоқ. Кемшіліктен арылудың мемлекетшіл бағдарламасын жасады. Мұндай ойшыл саясаткерді өсіру оңай емес. Ал ол болса, көпшіліктен ажырамаған қалпымен, сіз бен біздің ортамызда жарқылдап жүрді.
Қазақ Мұқағалидың тірі кезінде қаламгердің мықтылығын дұрыстап ажырата алмаған. «Расулдай мендағы жырлар жазсам, Расулды ұрлаған ұры дер ең» деп ашынғаны кітабында тұр. Алтынбектің тағдырында да осындай элементтер болды. «Өмірде ақындардың бәрі жалғыз» деген тіркесті «Өмірде ақылдының бәрі жалғыз» деп өзгертсек, тағы бір құпияның беті ашылатын сияқты.
«Егер бүкіл тәуелсіздіктің тағдыры бір адамның қолында болса және сол адам саясатты өз қалауы бойынша немесе айналасындағылардың айтқанымен ғана жүргізетін болса, біздің тәуелсіздігіміздің ту-талақайы шығуы мүмкін. Бұл – (іс-әрекеттерін айтып отыр. Автор) билік үшін талас емес, тәуелсіздік үшін күрес».
Алтынбектің соңғы сұхбаты осылай аяқталады.
Ол қайраткерлік ащы пікірдің оппозициялық ашу еместігін көрсетті. Мыңдаған қазақты тәрбиеледі. Алтын бауырымыздың өзі арамызда жоқ болса да, сөзі халқымен бірге. Өміршең идеяларының сабағы тіріліп, бүр аша бастады. Ендеше, Алтынбек Сәрсенбайұлының рухына мемлекет тарапынан лайықты құрмет көрсетілуі тиіс. Ол – елдігімізге сын.
Мұқағали да, Алтынбек те ойындағы идеясын, бойындағы қуатын қоғамға беріп үлгерді, алып үлгермеді. Бірі – 45, екіншісі – 44 жаста өмірден озды. Бақи дүниеге жай кеткен жоқ – тектіліктің, намыстың, ақиқаттың ұлағатын ұрпақтарға қалдырып кетті.
Бықсып жанған қоламта емес,
Артымызда шоқ қалсын.
Болашақтың ошағында
Біз тұтатқан от жансын.
Ей, болашақ! Ей, болашақ!
Ошағыңда от жансын.
Мүмкін, бізді ұмытарсың,
Кім біледі? Жоқтарсың …
деген Мұқағали жырын екі талант тірілерге арнап оқып тұрғандай сезіледі. Өрлік пен ерліктің дәлеліндей болып олардың рухани шырақтары айналаға жарық шашады. Сол отқа сен де жылын ақылды ұрпақ, ардақты халқым!