Шерубай Құрманбайұлы 1964 жылы Алматы облысының Нарынқол ауданында өмірге келген. 1981 жылы сол өңірдің Қарасаз ауылындағы орта мектепті бітірген соң КазМУ-дың филология факультетіне оқуға түскен.1991 жылдан бастап республика Ғылым академиясы, КазҰУ, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде жетекші, басшы қызметтерде болды. Филология ғылымының докторы, профессор ол 4 монография, 100-ден астам мақаланың авторы. Бүгін біз көрнекті ғалымды «Мұқағали тілі сөздігі» еңбегіне байланысты әңгімеге тартып отырмыз.
– Жуырда «Мұқағали тілі сөздігін» жариялап, жұртшылыққа таныстырдыңыздар. Осы сөздікті жасауға не түрткі болды?
– Ғылымда белгілі бір тілде сөйлейтін, сол тілдің иесі болып саналатын халықтың ұлттық құндылықтарын бойына сіңірген, ұлт мәдениетінен сусындаған жеке адам деген ұғымды білдіретін «тілдік тұлға» термині бар. Солардың арасында ұлттың тілін жетік біліп, сол тілде сөйлеп қана қоймай, оның сөздік қорының толығуына, стильдік тұрғыдан дамуына өзіндік үлесін қосатын тіл қолданушылары болады. Әдетте, ондай тұлғалар ұлт тілін өз шығармашылығында шебер пайдалана білген, соңына мол әдеби мұра қалдырған көрнекті ақын-жазушылар арасынан шығады.
Сондықтан да айрықша тілдік тұлға ретінде ұлт тілі мен әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан ірі шығармашылық иелерін арнайы зерттеп, олардың сөз байлығын, әдеби тілдің лексикалық, стильдік тұрғыдан жетілуіне қосқан үлестерін анықтау тәжірибесі бар.Тілді тұтынушылардың бәрі бірдей сол тілді шебер пайдаланып, оның дамуына өзіндік үлес қоса бермейді. Ондай қабілет-қарым мен шығармашылық дарын жекелеген тұлғаларға тән қасиет. Жеке автор тілінің сөздігін жасаудың себебі де сонда. Мысалы, ағылшындар ХІХ ғасырда У.Шекспир тілі сөздігін, орыстар ХХ ғасырда А.Пушкин тілінің сөздігін жасады. Осы тәжірибені ескере отырып, 1968 жылы «Абай тілі сөздігі» жасалды.
2014 жылы түріктер XIII-XIV ғасырда өмір сүрген көне Анадолы дәуірінің көрнекті ақыны «Юнус Эмренің түсіндірме сөздігін» шығарды. Көріп отырғанымыздай, іргелі жұрттар аса көрнекті руханият өкілдерінің тіл байлығын арнайы зерттеп, жеке автордың сөз қорын көрсететін, қолданған әр сөзінің мәнін, контекстік мағынасын түсіндіретін сөздіктер жасайды. Біз де лексикографиядағы осы дәстүрге сәйкес айрықша дарын иесі, халықтың сүйікті ақыны Мұқағали мұрасын қолға алған едік. Енді міне, «Абай тілі сөздігінен» кейін араға 50 жылдан астам уақыт салып барып, ХХІ ғасырда «Мұқағали тілі сөздігі» жарыққа шықты.
– Сөздікті қанша уақытта жасадыңыздар? Бұл жобаны кім қаржыландырды, көлемі, таралымы қанша?
– Сөздікті жасауға 5 жылдай уақыт кетті. 2016 жылдың күзіне қарай жұмысты толық аяқтап, басуға ұсынып едік, жоспарға енгізу ісі қайта-қайта кейінге шегеріліп, сол ұсынған мекеменің қоржынында біраз жатып қалды. Содан кейін ол мекемеден алып Мәдениет министрлігі арқылы баспадан шығарып, көпшіліктің қолына жеткізуге тағы да 3 жылдан астам уақыт керек болды.
Сөздік 2019 жылдың соңына қарай оқырманның қолына тиді. Көлемі – 111 баспа табақ, 1064 бет. Таралымы – 5000 дана. Еңбекті жасауға ешкімнен, ешбір мекемеден, бюджеттен қаржы алып, грант бөлуді сұраған жоқпыз. Жобаны өз қалауымызбен қолға алып,барлық жұмысты ақысыз атқардық. Ал сөздікмемлекеттік тапсырыспен бюджет қаржысына шығарылып, барлық кітапханаларға таратылды.
– Бұл «Абай тілі сөздігінен» кейін жарық көрген іргелі еңбек екенін ғалымдар, қаламгерлер айтып жатыр. Дегенмен журнал оқырмандарына осы жұмыс авторларының бірі ретінде мұның көпшілікке, филология ғылымына не үшін керек екенін бір-екі ауыз сөзбен айта кетсеңіз.
– Біріншіден, халық тілінің байлығы жеке тұлғалардың сөз қолданысы арқылы көрініс табады. Мұны әсіресе, шығармашылық иелерінің туындыларынан анық көруге болады. Мәселен, жыраулар мен би-шешендердің ауызша айтқандарынан, ақын-жазушылардың, ғалымдар мен журналистердің немесе ұлт тілін терең меңгерген түрлі мамандық иелерінің жазбаша мәтіндерінен, шығармаларынан қазақ тілінің сөз байлығы мен оның стильдік-функционалдық мүмкіндіктері ашыла түседі.
Өйткені олар ұлттың әдеби тілін жасампаздықпен, шығармашылықпен шебер пайдалана білетін аса дарынды, ерекше қабілетті тілдік тұлғалар. Махамбет, Абай, Шәкәрім, Мағжан, Жүсіпбек, Мұхтар, Қасым, Мұқағали, Жұмекен, Әбіш, Мұхтар (Мағауин), Қадыр, Қабдеш, Оралхан, Төлен, Дулат, Баққожа (Мұқай) және басқа да көптеген белгілі қаламгерлер солардың қатарына кіреді. Қазақ мұндай тұлғаларға кенде емес.
Олардың тілін, шығармашылығын зерттеу қазақ әдеби тілінің қолданысын, әдеби тілдің өсу-өркендеу, даму жолын зерттеу деген сөз. Екіншіден, Мұқағали халықтың ең көп оқитын, халқының жүрегіне жол тапқан аса танымал ақындардың бірі. Оның тіл байлығын анықтаумен қатар, ел ішіне кең таралуының сырын ашу үшін де шығармашылығына терең үңілу қажет. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзін қайтарамын» деп жырлаған ақиық ақын тілінің сөздігін жасау оның поэзиясының сырын ашуға негіз қалап береді.
Өйткені бұл сөздікте ақынның сөз қолданыс ерекшеліктері, қай сөзді қай мағынада, қай сөзбен тіркестіріп қолданғаны және әр лексикалық бірліктің қолданылу жиілігі де көрсетілген. Мұны Мұқағалидың сөздік қорын мағыналық, құрылымдық, дыбыстық және сөз таптары тұрғысынан жіктеп, саралап, жүйелеп беру деп қабылдаған жөн. Жалпы мұқағалитану үшін, оның әдеби мұрасын филологиялық тұрғыдан, тілдік және әдеби тұрғыдан жан-жақты зерттеу үшін бұл үлкен мүмкіндік.Осы жағынан келгенде сөздікті тек ақын еңбектеріндегі сөздерді әліпбилік тәртіпке салып, мағыналарын түсіндіріп берген сөздік деп қабылдау жеткіліксіз. «Мұқағали тілі сөздігі» статистикалық мол мәліметті қорытып, жүйелеп, грамматикаға қажет дүниелердің қолданысы мен жиілігіне дейін анықтап, кестеге түсірген, нақты деректерге негізделген сараптамалық талдау жасай отырып жарияланған лингвистикалық зерттеу десек артық айтқандық болмайды.
– Сөздікте М.Мақатаевтың барлық шығармалары қамтылды ма? Ақынның тіл байлығы қалай екен?
– Еңбекті жасауға 2013 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген М.Мақатаев шығармаларының 5 томдық толық жинағының 3-басылымы негіз етіп алынды. Осы жинақтағы ақын шығармаларында кездесетін кісі аттары мен жер-су аттары, ол туралы жазылған арнау өлеңдер мен естеліктердің басым бөлігі орысша жазылғандықтан күнделіктерінің тілі сөздікке алынған жоқ.
Ақынның өз қаламынан туындаған, қазақша жазылған шығармалары түгел қамтылды. Сөздік толық жасалып болғаннан кейін ақын шығармаларында 13 348 сөз бен 5 035 тұрақты сөз тіркесі, барлығы 18 383 тілдік бірлік қамтылып, олардың 21 453 мағынаға сараланғаны анықталды. Енді осыларды қоссақ, Мұқағалидың тіл байлығы 39 836 тілдік бірлік болады екен. Бұл бірліктер оның еңбектерінде 282 мың рет қайталанған.
– Сөздіктің авторлары туралы айта кетсеңіз.
– Бұл жұмысты жасаған төрт автордың төртеуі де тілші ғалымдар, филология ғылымының докторлары, профессорлар. Сөздіктің жауапты редакторы әрі авторы, ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,сөздік жасау ісінің хас шебері, қазақ тілінің 10 томдық түсіндірме сөздігінің 8 томының редакторы болған нағыз лексикограф ғалым Байынқол Қалиев. Тағы бір автор белгілі түркітанушы, тілші ғалым, елге кеңінен танымал қайраткер, профессор Жансейіт Түймебаев. Ал филология ғылымының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры Сәбира Исақова екеуміз осы ғалымдардың шәкірттеріміз.
– Сөздіктің құрылым-құрылысы, өзіндік ерекшеліктері туралы не айтуға болады?
– Мұқағали сөздігі құрылым-құрылысы жағынан негізінен осыған дейін жарық көрген Пушкин, Абай сөздіктеріне ұқсас болғанымен, кейбір өзіндік ерекшеліктері де бар. Олар: етістіктер мен етіс формаларының дәл ақын өлеңіндегідей берілуі, атау сөздерге жалғанған грамматикалық формалардың жинақталып сөздік соңында көрсетілуі, ақын шығармаларында бірнеше рет кездескен тұрақты тіркестердің бірінші сөзі бойынша бір-ақ рет алынуы сияқты ерекшеліктер.
Сонымен қатар бұл еңбек бүкіл ақын шығармаларынан жинақталған тілдік бірліктердің қолданылу жиілігін анықтап, әр ұғымды кестеге салып, бірнеше қосымшалар түрінде саралап көрсетілуімен де ерекшеленеді.
Яғни, түсіндірме сөздік пен жиілік сөздіктің қосындысы түрінде жасалуы «Мұқағали тілі сөздігінің» басты өзгешелігінің бірі. Мәселен, ақын шығармаларында өте жиі қолданылатын 100 сөз бен бір-ақ рет қолданылатын сөздердің жалпы саны, пайызы көрсетіледі.
Сөздіктің мазмұны мен құрылымын, негізгі нәтижелерін нақты мысал, дерек-дәйектер арқылы тұжырымдап беретін «Сөз басы», «Сөз арасы», «Сөз соңы» деп аталған талдамалық мақалалар да бұрыңғы сөздіктерде кездесе бермейтін ерекшеліктің бірі деуге болады.
– Ақынның тілдік-стильдік ерекшелігін көрсететін мол деректер жүйеленіп берілді, сөз байлығы анықталды. Ғалымдар бұл еңбекті қазақ лексикографиясына, мұқағалитануға қосылған елеулі үлес деп бағалап жатыр. Енді оның қандай да бір жаңа зерттеулерге арқау болатынын болжауға бола ма?
– Кез келген көрнекті шығармашылық иесінің мұрасы халық қазынасы. Мұқағали да ел жүрегіне жол тапқан, ұлт тілінің, қазақ поэзиясының өркендеуіне елеулі үлес қосқан тұлға. Сондықтан мұндай ірі шығармашылық иелерінің мұрасы әр қырынан, жан-жақты зерттелуге тиіс.
Біз лингвист-ғалым ретінде ақынның тіл байлығын анықтап, тілдік тұлғаның жеке сөздігін жасадық. Жүйеге түсірілген осы мол деректі пайдалана отырып, ақын мұрасын әлі де әдеби-тілдік тұрғыдан терең де жан-жақты зерттеуге болады. Олардың бағыты мен бағдары түрлі-түрлі болуы мүмкін. Бұл енді ғылым өкілдерінің қызығушылығы мен ізденісіне байланысты.
Біздіңше, халықтың сүйікті ақыны Мұқағали мұрасына қызығушылық, оның ақындық болмысын танып, шығармашылық шеберлігінің сырына үңілуге деген ізденіс жалғаса береді…
Сұхбатты әзірлеген Жанболат АУПБАЕВ
«Мұқағали» журналы №1, 2020 жыл