РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Бексұлтан Нұржекеұлы. Ерекше тағдыр иесі

Мұқаң «дәл қырықтың бесеуінде» «ұйықтап кетсем болғаны төсегімде» деп өлең жазып, «дәл қырықтың бесеуінде» ұйықтап кетті. Тұңғыш кітабі «Ильич» 1964 жылы жарық көрсе, көзі тірісінде жарық көрген соңғы кітабы «Өмірдастанға» 1976  жылдың 2 ақпанында басуға қол қойылыпты. Осы он екі жылдың аралығында оның он бір кітабы жарық көріпті: «Ильич», «Армысыңдар, достар!», «Қарлығашым, келдің бе?», «Мавр», «Шөп жапырақтары», «Сонеттер», «Құдіретті комедия», «Дариға-жүрек», «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің», «Өмірдастан». Бір қарағанда, бұл оған жасалған ғажап қамқорлық секілді. Өйткені, оның кітабы жыл сайын дерлік шығып тұрыпты. Кеңес заманында ондай жомарттық әркімге жасала бермегені белгілі. Алайда, солай бола тұра неге кейбіреулер Мұқаң тірісінде әркімдерден, үлкенді-кішілі бастықтардан қысым көрді, қолдау таппады дегенді қайта-қайта айта береді? Өйтіп айту үшін дәлел керек емес пе? Ал дәлел болмаса, ол не жалаға, не өсекке жатпай ма?

Жалпы, көзі тірісінде Мұқағалидың аты аса шыға қоймағаны рас па? Рас болса, оған не себеп? Мұны бұрын зерттеп, екшеп айтпасақ та, ақынның сексен жылдығына орай осы сөздің түбіне бір ой жүгіртіп көрсек болмас па?

Ол, шынында, көзі тірісінде көп ақынның бірі болып қана жүрді. Оның шын мәнінде мықты ақын екенін бірен-саран адам білді, бағалады, тіпті ептеп айтып та жүрді, бірақ оны жалпақ жұртқа жеткізу, дабырайта айту тым қиын еді. Өйткені, оның жыл сайын дерлік шығып жатқан жыр жинақтары шетінен жұп-жұқа, кіп-кішкентай кітапшалар болатын. Оларды оқыған кез келген адам: «Өлеңдері жақсы екен, бірақ аз екен, жаңа жазып жүрген біреу шығар», – дей салуы әбден мүмкін еді. Себебі, қанша жақсы болғанмен, аз өлең адамды тұшынтпайтын, әлденесі әлі де болса жетпей жатқандай, мына жақсы өлеңдер әншейін кездейсоқ туа қалған бір топ сәтті өлеңге ұқсап, шынымен мықты ақын болса, неге көсілтіп көп жазбайды, кітабы неге кітап құсап шықпайды деген сияқты дүдәмалдар көкейде тұратын. Осының ақ, қарасын анықтау үшін, оның кітаптарын қолға алып қарасақ, Мұқаңның көзі тірісінде шөміштен қағылғаны рас екен. Бізді бұл тұжырымға келтірген – мынандай жағдай.

1979 жылы Мұқаң қайтыс болғаннан кейін жарық көрген бір ғана «Өмір-өзен» кітабының көлемі (14 жарым баспа табақ) көзі тірісінде жарық көрген мына бес кітабының көлемімен барабар болып шықты: «Армысыңдар, достар!», «Қарлығашым, келдің бе?», «Мавр», «Дариға-жүрек», «Шөп жапырақтары». Оның көзі тірісінде шығарған ауыз толтырып айтатындай ең үлкен кітабы «Құдіретті комедияның» аудармасы мен таңдамалысы «Өмірдастан» ғана екен. «Өмірдастанның» өзі өлерінен бір ай бұрын ғана жарық көрді, сондықтан оны жұрт ақын қайтыс болып кеткен соң оқыды. Соған қарағанда, «Тағдырдың бір жарытпай-ақ қойғаны-ай!» – дегенді ақын ақшаға ғана қатысты емес, пейілге де жарымағандықтан айтқан болу керек. Өзі ғана емес, өзге де қатарлары өстіп шетінен шөміштен қағылып жатса, әрине, Мұқаң «жігітінен қазақтың дос таба алмай» «жылай жүріп, өтірік күлмес» еді. Оны енді айттың не, айтпадың не? Бірақ, қалай болғанда да, ақынның мұндай жағдайға қуана қоймағаны хақ. Алайда, текті ақынның осындай қысымды анадан көрдім, мынадан көрдім деп, атын атамай, түсін түстемей өткеніне тек таңданасың. Біреуді теуіп, біреуді тістелеп жанжалдаспай, жан жарасын өлеңімен жалап, жарым көңілін өлеңімен жамап, болашаққа арызын жазып, аманатын айтып, ардақталар күні әлі алда екенін өзі болжап, өзі біліп, өзі айтып кетті. Ең ғажабы сол: бәрі сол айтқанындай, сол болжағанындай болып шықты. Ол қазір «жиырмасыншы ғасырдың құрдасы» болып қасымызда, өлең сүйген қауымның құшағында жүр. Оған ел куә, ұрпақ куә. Көрегендігі ғажап емес пе?!

Осыдан он жыл бұрын жетпіс жылдық тойында: «Артында мұншалық жарияланбаған мол мұрасы қалған ақынды қазақ бұрын-соңды білген де емес, көрген де емес», – дегем. Шынында, солайы солай ғой. Бұл жағынан Мұқаңның тағдыры – айрықша тағдыр. Егер тірлігінде әлдекімдерден қысым немесе іштарлық көрмесе, соның бәрі неге өлгеннен соң ғана жарық көреді? Иә, кешегі кеңес заманында бүкіл жазғанының тек төрттен бірі ғана кітап болып шыққан қазақ ақыны тек Мұқағали ғана. Нанбасаңыз, қараңыз.

1979 жылы «Жазушы» баспасынан «Өмір-өзен» атты өлгеннен кейінгі тұңғыш қатырқалы кітабы жарық көрді (қатырқа мұқаба тек көлемді кітапқа беріледі). Оған кілең ешбір кітапқа енбеген өлеңдері жинақталды; 1981  жылы елу жылдығына орай Сәрсенбі Дәуітовтің құрастыруында «Жалын» баспасынан балаларға арналған тұңғыш кітабы «Бәсіре» деген атпен жарық көрді; 1982 жылы «Жазушы» баспасы екі томдығын шығарды; 1984 жылы «Жалын» баспасы бұрын еш кітапқа енбеген өлеңдерін топтастырып «Шолпан» атты қатырқалы жинағын, 1991 жылы бұрын белгісіз болып келген «Күнделігін» шығарды; 1991-1993  жылдары «Жазушы» баспасы үш томдығын шығарса; 1994 жылы, ақын қайтыс болғаннан кейін 18 жылдан соң, «Жалын» баспасы бұған дейінгі еш басылымдарына енбеген өлеңдерін құрастырып «Жылап қайттым өмірдің базарынан» атты жаңа жыр кітабын шығарды. Сөйтіп, Мұқаң өзі өлгеннен кейін 18 жылдан соң да оқырмандарына жаңа өлеңдерін жолдап жатты. Мұндай тағдыр қай елде, қай ақынның басынан өткенін мен білмеймін. Білетінім: қазақта Мұқағалидың ғана басынан өтті. Айтатыны жоқ, таңғажайып тағдыр!

1999 жылы «Жалын» баспасы «Қарасаздан ұшқан қарлығаш» атты жаңа кітабын шығарды, оған ақынның бұрын еш жерде жарияланбаған, бала күнінде жазған балаң өлеңдері де енді. О дүниеге аттанып кеткеніне 23 жыл болған ақынның бұрын жарияланбаған балауса жырлары да оқырманды барынша таңдантты. Сонан соң ақынның 70 жылдығына орай «Жалын» баспасы Оразақын Асқар ағамыздың құрастыруымен бүкіл шығармаларын жазылу және жариялану реті бойынша жинақталған 4 томдық толық шығармаларын шығаруды қолға алып, оны 2002 жылы аяқтаған болатын. Соның бірінші томы 24 баспатабақ көлемінде жарық көрді. Ал бұл деген Мұқаңның көзі тірісінде кітапқа енген бүкіл өлеңінің көлемімен барабар екен. Сонда төрт томға сыйған бүкіл өлеңінің бір томдайы, яғни төрттен бірі ғана көзі тірісінде кітап болып шығып, қалғаны кейінге ысырыла берген ғой. Ақынның да,  поэзияның да мұндай тағдырын қазақ оқырманы бұрын да, одан кейін де білген емес. Мұқаңның қайтыс болғаннан кейін ғана нағыз атақ-даңққа ие болуының негізгі сыры, меніңше, осында. Жарқырап туған жырлары жарқыраған кітап болып шығып жатқан соң ғана жұртшылық оған жаппай көңіл аударды. Тұшынып оқыды да, сүйсінген бағасын берді.

Осы фактінің өзінен-ақ Мұқаңның мұңын, кейіп жүрген күндерін, қызғаныш пен іштарлыққа жем болған жағдайын, қорланғанын, бірақ шыдағанын, шеккен жан азабын өлеңге ғана шағып, сан рет «өмірдің базарынан жылап қайтқанын» сеземіз, елестетеміз. Тіпті, неге ішіп кеткенін де түсінеміз. Ішкендерді кінәлай жөнелетін әдетімізден де қайтып, енді Мұқағалиды түсініп, әр сөзінің астарына үңіліп, бірге күрсініп, бірге жылап, жанымызбен сезініп оқи бастаймыз. Мұның бәрін білген соң, өз заманының өзіне лайық айла-шарғысына ұшыраған Мұқаңды кінәлай ма әлде онымен бірге күңірене ме, оны оқырманның өзі біледі.

Мұқағали көзі тірісінде ешкімнен қысым көрген жоқ, кітабы өз кезегімен жыл сайын шығып тұрды деп, кей сыншыға мін таққан кей сыншының пікірін оқығаным бар, сондықтан соған қатысты мен де өз ой-пікірімді дәлелмен жеткізуге тырыстым. Өйткені, Мұқағалидың өлеңдері бұл күнде ұлтымыздың мақтанышына айналды, сондықтан оның өлеңдері мен өмірбаянындағы күңгірт жақтар мен бұлдыр нәрселерді мүмкіндігінше қалдырмай зерттеу қажет деп білем.

Мұқағалидың тағдырына да, талантына да таңғаласың. Оның әлі зерттелетін, анықталатын өмірбаяны көп-ақ. Әртүрлі себеппен біз біразын айтпай да келеміз. Алайда, айтпаған сайын оған қиянат жасап жүрміз бе, әлде адамшылық жасап жүрміз бе, өзіміз де білмейміз. Меніңше, біз ол қылығымызбен Мұқағалидың өзіне де, өлеңіне де емес, өзгелерге ыңғайлы жағдай жасап келе жатқан секілдіміз де, есесіне Мұқаң өмірінің кей тұсы, соған орай кей өлеңінің жазылу себебі жұмбақ күйін сақтап келеді. Ол да өнерге қиянат болуы мүмкін.

Мына бір өлеңді Мұқаң он сегіз жасында жазыпты:

– Ақырында тынармын, бітер демім,
Жарқыраған жұлдызым сөнер менің.
Тон ішінде мұздаған қайран тәнім,
Бет-дүздігің бес метр болар кебін.

Оқығанда тұла бойың тітіркенеді. Мұны он сегіздегі бала айтқан сөз деуге аузың бармайды. Ол, сірә, өзінің де, өлеңінің де тағдыры өліміне қатысты боларын сол бала күнінде-ақ сезді ме екен деп сезіктенем. Өйткені, шынында да, тәні өлген күні оның өлеңдеріне қайта жан біткендей болды ғой! Оның атын да, даңқын да өзі өлгеннен кейін жарық көрген кітаптар шығарды. Соны сезген, білген ақын өлерінен екі жыл бұрын күнделігіне: «Мен ХХІ – ғасырдың құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да», – деп жазған екен. «Жылдар өтеді, жаңа ұрпақтар келеді, біздің әрқайсымызды өз орнымызға солар қояды», – депті бәрін ап-айқын көріп тұрған адамдай. Арғы атасы Қангелді батыр жауырынға қарап болашақты болжаған екен, бергі атасы Райымбек әрі батыр, әрі әулие болыпты. Сондай көріпкелдік Мұқаңа да берілген секілді. Әйткенмен, оның бұл дәл айтқан көріпкелдігін қойшы, өз уақытында бағасын алып, өлеңдерінің қызығын көріп жүрген адам бүйтіп әркімді «өз орнына қоятын» күннің әлі алда екенін қынжыла жазбайды ғой! Жанына батқан соң, қаны қатқан соң жазса керек. Өстіп Мұқағалидың өз шындығын өз өлеңдерінен тапқанымыз жөн секілді. Себебі, ол өзінің күнделігіне 1976 жылдың 14 ақпанында: «Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем. Естеріңізде болсын, менің өлеңім жеке тұрғанда түк те емес. Біріктіріп қарағанда, ол поэма іспетті. Басы және аяғы бар. Ол кейде күлімдеген, кейде түңілген жанымның құдды дауысындай… Жанымның мұңы мен қуанышы – бәрі сонда», – деп жазбап па еді?

Мұқағалидың асқан талант екенін «Ару ана» дастанындағы мына бір жағдайдан да байқауға болады. Қай кезгі, қай замандағы қазақ үшін де ең үлкен бақыт – перзент сүю. Сол бақытты сәтке өлең арнамаған ақын да аз. Алайда, перзент сүйген қазақтың, қазақ болғанда да қарақшы қазақтың жан тебіренісін Мұқағалидың қазақы қалыппен, қазақы жан-күймен өлең еткені кімді болса да бас шайқатпай қоймайды.

– Қашан менің тағдырым тыным көрді,
Қан қақсатқан бөрі едім рулы елді.
Ұрпағым бар, дүние, енді менің,
Естисің бе,ей, өмір, ұлым келді!
 
Жалғыз едім таста өскен шыршадайын,
Жабырқаушы ем дауылда сынса қайың.
Су боп кетпей неге тұр қос шырағым,
Ну боп кетпей неге тұр қу самайым?
 
…Жапырақсыз, бұтақсыз қу бас едім,
Жалғыздықпен жалғанда сырлас едім.
Ей, дүние, неге сен қуанбайсың,
Күйің келмей күйігіп тұр ма сенің?!

Сөз де, сезім де төгіліп тұрған бұл өлең қарақшының өзін жақсы көргізіп жібереді ғой адамға. Өлеңнің, таланттың құдіреті осы болса керек! Оның «Қашқын» атты дастанын оқып та, қашқынның дүниетанымына, адамдық ой-пиғылына қайран қаласыз, жауыздың өзіне жаныңыз аши бастайды, бірте-бірте оны өстіп қашқын етіп қойған жағдайға, тағдырға налисыз. Адамның ақылын, сезімін сөйтіп сан-саққа салып қойған ақынның құдіретіне еріксіз риза боласыз.

Бәрін айт та, бірін айт, қазір оны ақын санатында қалай мақтап, қалай сүйсінсек те, адам санатында Мұқағали – арманда өткен жан. Ол, меніңше, айтатынын түгел айта алмай кетті, ауруханада жатып күніне алты-жеті, жеті-сегіз өлең жазуы – соның айғағы. Айтып үлгерейін, жазып үлгерейін деп жанталасқаны содан да белгілі емес пе? Оның өмірі, оның тағдыры – талай қазақты, бәлкім, бүкіл қазақты ойлантатын, бәлкім, ұялтатын тағдыр. Адамды тану мен талантты тануды, оны бағалауды біз әлі ұзақ үйренетін шығармыз. Өйткені, үйрену ешқашан бітпейтін, таусылмайтын жұмыс қой. Қазақтың классик ақыны Мұқағали Мақатаевтың сексен жылдығын сүйсіне тойлап жатқанымызбен, біз оны әлі түбегейлі зерттей қойған жоқпыз, зерттеп те жатқан жоқпыз. Сондықтан әлі оның оқырманға құпия, жұмбақ тұсы толып жатыр.

«Бүкіл менің жазғаным – бар-жоғы бір ғана бүтін поэма. Адамның өмірі мен өлімі, қасіреті мен қуанышы туралы поэма. Егер нанбасаңдар, барлық өлеңімді жинап, бір жинаққа топтастырып көріңдерші. Естеріңде болсын, әрбір өлеңім өз орнында тұрсын», – деп жазыпты ол күнделігіне өлерінен бір ай бұрын. Ақынның сол айтқанын орындау мақсатымен «Жалын» баспасы 80 жылдығына орай әр өлеңін жазылған немесе жарияланған күні бойынша орналастырып, ол жайлы естеліктерді қоса биыл оның алты томдығын шығаруды аяқтағалы отыр. Әр өлеңі, өлеңінің әр жолы халықтың қымбат өнер қазынасына айналған классигіміздің шығармашылық та, өмірбаяндық та қыр-сыры күн санап халқы үшін қымбаттай беретініне күмән жоқ. Оны зерттеген сайын ақынның ғана емес, халқымыздың да мәдени көкжиегі кеңи түспек.

«Мұқағали» журналы №3,2011 жыл 

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналын қолдайық!

«Аманат – Қарасаз» қоғамдық қоры құрылтайшыларының барлық әріптестеріне, кәсіпкерлерге, оқырмандарға арнаған үндеуі Ардақты, ағайын! 2023 жыл «Мұқағали»...

«Мұқағали» журналы, №3, 2022 жыл

     Ақын атындағы басылымның кезекті нөмірі Дариға Тілендікелінінің «Нағыз ақынның болмысын Мұқағалидан көрдім» деген сұхбатымен ашылады. Дариға апа өзі куә болған оқиғаларды қызықты, әрі көркем...

«Мұқағали» журналы. №2, 2022 жыл

     Журналдың кезекті саны «Тау – бір аңыз, тау – дастан» атты Мұқағали өлеңдерімен ашылды. Белгілі дінтанушы, ғалым-ұстаз Қайрат Жолдыбайұлымен болған сұхбат «Халқының жанын ұққан...

«Мұқағали» журналы, №1, 2022 жыл

Барыс жылындағы алғашқы нөмірге көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің «Уақыт жаратқан жыр» атты зерттеу мақаласы беріліп отыр.  Жұлдыз Мұқағалиұлының «Менің әкемнің достары» деген естелігі де оқырманды...

«Мұқағали» журналы №6, 2021 жыл

Бұл нөмір «Елордадағы мектепке Мұқағалидың есімі берілді» деген жағымды жаңалықпен басталады. Ақиық ақынның ұрпағы Жұлдыз Мұқағалиұлының өлеңмен өрнектеген ой толғаныстарын оқисыздар.

«Мұқағали» журналы №5, 2021 жыл

Журналдың кезекті саны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын мерейтойына арнаған Құттықтауымен ашылып отыр. Мұқағалидың 90 жылдық торқалы тойынан толық репортажды да осы саннан оқи аласыздар....