екі бөлімді, бес көріністі драма
Қатысушылар:
Мұқағали Мақатаев
Лашын Әзімжанова
Әбділда Тәжібаев
Бердібек Соқпақбаев
Фариза Оңғарсынова
Әбдіқайым Исабаев – милиция академиясының түлегі.
Жәлел Кеттебек – Мәскеуде бірге оқыған серіктесі, жазушы.
Жастар және жалақор шал, миллиционер, пәтер қожайыны.
Оқиға 60-жылдың аяғы мен 70-ші жылдың басында өтеді
БІРІНШІ БӨЛІМ
Бірінші көрініс
Аспантаулар көмкерген көгілдір өлке. Алыстан Хантәңірі асқақтайды. Елшенбүйрек тауының етегі. Қарасаз ауылы. Кеудесін салқын самалға тосып Мұқағали тұр.
Мұқағали: – Қыранға қанат берген, адамға талант берген, Хантәңірі! (Пауза) Бабаларым да сен сияқты. Албан Асанның жырлары жарқылдаған алмастай. Жаңғабыл шешен момын жұртын ұлықтардан қорғады. Көдек ақынның елі «жігіттің ер болмағы нағашыдан» деп жиендерін еркелетеді. (Пауза) «Сөз өнері – дертпен тең». Аталардың киесі енді мені айналдырып жүргендей. Бір ғажап күш қанымда бұлқынады. (Пауза) Талбесігім Қарасаз, сенен кеткім келмейді! Алайда, ақындық жол қолын бұлғап шақырса, көш-керуенге ілесіп көкжиекке қараймын…. Не күтіп тұр алдымда?!
Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін,
Алынбаған ақым бар сенде менің.
Бұйрат құмдар – бұйығып шөлдегенім,
Бура бұлттар – бусанып терлегенім.
Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін!
(Әрі қайнысы, әрі жолдасы Әдіқайым көрінеді. Ақын оған жалт қарайды.)
Әбдіқайым: – (Қолын иығына артады) Мұқағали, өзіңе тебіренген жарасады. (Күледі) Мәскеуде жүрген кезімде, тапсырмаңды тастай етіп орындаушы ем. Міне, солар – Джек Лондон, Байрон, Толстой, Пушкин! (Екеуі кітаптарды қызыға қарайды.) Дүкендерден том-том кітап әкелсем, курстастарым түсіне алмайтын. «Алдыменен оқулықты тауысшы» деп таңырқаушы еді. Олар Қарасазда Мұқағали деген ақынның пошта күтіп жүргенін қайдан білсін. (Пауза) Меніңше, Жидебайда жатып күллі әлеммен сөйлескен Абай атаңа тартқың келді, солай ғой, ә?
Мұқағали: – (Жолдасына мейірлене қарап, ұзын шашын бір сілкіді) Барлық арман «болмаса да ұқсап бағудан» басталады. Қаламгер серті күрделі. Бірінші – Құдайдан, екінші – Абайдан қорқуымыз керек. Өйткені сенің алдыңда «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деген өлшем тұр. (Пауза) Айтпақшы Әбдіқайым, Абай атаң неге кітап шығармады? Бұл жерде бір гәп бар. Соны енді түсіндім. Ол кісі өлеңдерін халықтың талқысына салған. (Пауза) Ал біз ше? Біз өлеңді өзімізге бағындырғымыз келеді. Соның арқасында мал жинап, мақталғанды қалаймыз. Хас таланттар сабырға жүгінеді, өзін еңбекпен шыңдайды. Өйткені марапатты – адам, даңқты – Алла береді.
Әбдіқайым: – Мұқаш, кішкентай Қарасазда үлкен ой арқалапсың. Бұл мені сүйіндіреді, әрі таңғалдырады. Білдірмей биіктеп барасың. Мұны кімнен үйрендің?
Мұқағали: – Абайдан үйрендім. Ол кісі – ұстаз, біз – шәкірт. (Пауза) Кеудемдегі жанартаудың от шашқаны өзіме аян. Енді өлеңсіз тұра алмайтын халге жеттім.
Әбдіқайым: – Дәптерлеріңді оқыдым. Осы күйінде озғалы тұр. Мен секілді милицияның көңілін босатқан жырлар – тегін дүние емес.
Мұқағали: – Әбдіқайым, адалын айтшы. Көңіліме қарама. Менде өзі ақындық бар ма?
Әбдіқайым: – Көлгірсуге жаным қас. Сен самородный сары алтындай ерекше ақынсың! (Екеуі еміреніп қайта құшақтасады)
Мұқағали: – Сен де мықтысың, Әбеке! Терең білім текке кетпейді. Мүмкін ертең, министр боларсың?!
Әбдіқайым: – Ой, рахат-ай! (Қуанып күледі) Келешегіңді ақын болжаса, одан артық не керек? Мұқаш, Қарасазда жүріп-ақ орысшаға судай ақтың.
Мұқағали: – Бұл да Абайдың үлгісі.
Әбдіқайым: – Бірақ, жұрттың бәрі сендей емес. «Он бір буын үземін омыртқаңды» дегендер де бар. Орысша үйрену – қазақы қалыптан жиренуге әкеліп соқпай ма?!
Мұқағали: – Мықтылар ішін бермейді. Әлсіздірге дауа жоқ. (Пауза) Біз классикадан нәр жинағанда, ақыл-ойдың шырынын қазақтың әдебиетіне дарытуымыз керек. Ақындық – ауылдағы өлеңшілдік емес. Ол – биіктік, ол – ғылым! Осы теорияны Алматыға дәлелдеуге тиіспін.
Әбдіқайым: – Онда сапарға шық! Миыңдағы ұшан-теңіз байлықпен сен бәрібір Қарасазға сыймайсың. (Ол кетеді, сахнаға Лашын шығады. Мұқағали екеуі бір-біріне елжіреп қарайды.)
Лашын: – От ауызды, орақ тілді бабаларың қалаға бармай-ақ тарихта қалды. Қарасазда елдің алды болдық. Көшуден, біртүрлі жүрексінем.
Мұқағали: – Сенікі жержадылық, Лашын. Мамандығың бар. Оның үстіне Алматы біз үшін облыстың орталығы. Қысқасы, өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар.
Лашын: – (Қуанышты жүзбенен) Онда дегеніңе көндік, ақын мырза! Балаларыңның несібесі үшін қанатыңды қақ! Алдын бұрын болжайтын азаматсың. Сен аман болсаң, біз аман! (Лашын көңілді кейіппен шығып кетеді)
Мұқағали: – (Көрермендерге қарап) Алаңдама, Лашын! Бәрі ойдағыдай болады. Кітаптарым шығады, өкімет қызметімді өсіреді. Үл-ке-е-н үйге кіреміз. Сол кезде сен «Алматыға әкелгеніңе рахмет! Бұл қала нағыз поэзияның ордасы екен. Сөзіңді таныды, бағаңды білді. Зиялы қауымның жөні бөлек қой!» деп шаттанасың. (Пауза) Енді өлең оқиын. Бұл – өзіңе арналған алғашқы жыр-шашуым.
Ей, ақыннның жарлары!
Ақын деген табиғат қой,
Қысы, күзі, жазы бар,
көктемі бар шуақты.
Аймала да ақыныңды жазып ал,
Кеше біреу жылатты.
Ақындардың жалғыз тамшы жасынан,
Жанға шипа табылар.
Себебі онда, адам ұлы бас ұрған,
Адалдықтың нәрі бар.
Бастарыңа бақыт деген қона алмай жүр айналып,
Қона алмай жүр,
Кете алмай жүр, бастарыңа байланып.
Әне ақының келе жатыр ұлан-ғайыр ойланып,
Ұлан-асыр пайда алып!…
Кешіріңдер, ақын деген
Міне, осындай бай халық!
ШЫМЫЛДЫҚ
Екінші көрініс
Мұқағалидың Алматыдағы жалдамалы пәтері. Ортада стол. Оның үстінде кітаптар, қағаз бен қалам. Ақын арлы-берлі қозғалып, ой үстінде жүр. Лашын кіреді.
Лашын: – Мұқағали, үш ұрпақтың тойына бармағаның дұрыс еді.
Мұқағали: – Неге олай дейсің!
Лашын: – Дүйім жұртты жалт қаратыпсың.
Мұқағали: – Көлеңкеден қорықпашы. Бүлінген түк жоқ.
Лашын: – Кім біледі, айтушылар зәремді алды.
Мұқағали: – Қазақтың салтында кәделі сөзден кейін – кезек ақынға беріледі. Соны райком ескермеген. Мен ата дәстүрдің үлгісін ойларына салдым. (Пауза) Мінбеге шықтым да «Алатау, ассалаумағалейкүм!» деп өлеңімді оқыдым. Бар болғаны осы.
Лашын: – Бұл әрекетіңе бірінші қатты ашуланды дейді ғой.
Мұқағали: – Мүмкін емес. Біріншінің өзі мені құдасындай сыйлады. Құрметтеп шығарып салды.
Лашын: – Сырты бүтін көрінгенмен, іші бүлінген. Жандайшаптары бүлдіріпті. «Пәленше Пәленшеевиш, рұқсатсыз сөйлейтін, партиялық этиканы білмейтін ақынды есіртпеңіз. Ол кім, сіз кім?! Бұдан былай кездесуге келмесін» деген көрінеді.
Мұқағали: – (Қарқылдап күледі) Оған басыңды ауыртпа. Ешқандай күш ақынды халықтан ажырата алмайды.
Лашын: – Олай болса, көңілім енді орнына түсті. (Мұқағалидың шашынан сипайды) Әйелдің қабағы ашылса, тағамы тәтті болады. Бүгін ауылдағыша ет асайын. (Шығып кетеді)
Мұқағали: – (Сахнаның алдына келеді) Әй, жолдас райком! Сіз бір нәрсені түсінбепсіз! Ел Мақатаевтан безбейді. Туған жерге қалай келгенім, қалай кеткенім талай әңгіменің арқауына айналады. Сендерге қойылатын сұрақтар әлі алда. Сол кезде дұрыстап жауап бергендерің өздеріңе жақсы еді.
Апыр-ай, туған жер-ай, теңдесер кім?
Егерде сен болмасаң, келмес едім.
Кіндігімді байлаған қазығым-ай,
Сен болмасаң, бұл маңды көрмес едім.
Кел демеді, немесе кет демеді,
Білмеймін несін маған өкпеледі?!
Сені сүйген жүректі, туған өлкем,
Сен өсірген біреулер жек көреді.
(Осы кезде есік қағылады. Мұқағали келген қонақты жарқылдай қарсы алады.)
Мұқағали: – Ассалаумағалейкум, Беке! «Ағасы бардың, жағасы бар» деген осы.
Бердібек: – (Көңілді кейіппен) Уағалейкумассалам, туысқандар! Қоныстарың құтты болсын!
Мұқағали: – (Мойнын сыртқа бұрып) Лашын, әй Лашын! Бері кел!
Лашын: – (Сырттан дауыс естіледі) Қазір барамын.
Мұқағали: – Керемет тосынсый бар.
Лашын: – (Қолында орамал) О, Алла, жақсылық болғай! (Аңтарылып тұрып қалады)
Мұқағали: – Міне, қайынағаң келді. Әйгілі Бердібек Соқпақбаев! Тосынсый болам деп тосып отыр. (Бәрі қосыла күледі)
Лашын: – Амансыз ба, аға! (Иіліп сәлем жасайды) Шынында да бүгін ерекше күн! Қой, тамаққа кірісейін!
Бердібек: – (Байсалды кейіппен) Лашын қарағым, әуре болма. Жеңгең екеуміз арнайы келеміз. Ерулік жөні біздікі. Бұл жолғы рет соғып кету ғана.
Лашын: – Болмайды, аға! Қалада тұрсақ та, салтымызды сақтаймыз. Мақтап жүреді екенсіз, қазан да қайнап жатыр.
Бердібек: – Пейілдеріңе рахмет! Өкінішке қарай соған уақыт болмай тұрғаны.
Лашын: – Қап-ай, ә! Олай болса, қуыс үйден құры шықпаңыз. Мен қазір… (Шығып кетеді)
Мұқағали: Келініңіз – осы. Шибұттағы Әзімжан атаның қызы. Енесі Нағиманнан да тәлім алды.
Бердібек: – Меніңше, жаңылмаған сияқтысың. Ақынға ер сыйлап, есікте отырмайтын жарқылдаған жар керек.
Мұқағали: – Беке, не жаңалық бар?
Бердібек: – Ең бастысы, келгеніңе қуандым. Аржағын уақыт реттейді.
(Осы кезде пәтер қожайыны Мұқағалиды ымдап шақырады. Екеуі сахнаның алдына келеді.)
Мұқағали: – Не болды, басеке?
Қожайын: – Уәде бұзылды, жерлес. Үш айға бір-ақ төлейсің.
Мұқағали: – (Таңырқай қарап) Әңгімеміз басқа еді ғой.
Қожайын: – Балама ақша керек. Сондай-ақ, сен де уәдені бұздың. Білесің бе, қалада қонақты ресторанға апарады.
Мұқағали: – Ол кісі қонақ емес, қазір кетеді.
Қожайын: – Қалай кетеді, қазаның қайнап жатыр. Адамың, міне.
Мұқағали: – (Амалсыз күйге еніп) Жарайды, келістік. Бірақ, екі-үш күнге шыда. Қаламақы тиеді.
Қожайын: – (Көзін ежірейтіп) Маған қаламақы-маламақыңның керегі жоқ. Ақша бола ма, тоқетерін айт. Әйтпесе, пәтерді босат. Қазір не көп жүгін арқалаған қазақ көп.
Мұқағали: – (Терең күрсінеді) Қонақтың көзінше дауласпайық. Бір ретін табармын. Жақсы.
(Пәтер қожайыны кетеді)
Бердібек: – (Ана жақты нұсқап) Ол кім, пәтердің иесі ме? Неғыл дейді?
Мұқағали: – Кәкір-шүкір сөз ғой, Беке.
Бердібек: – Бұлар жазушыларды өлердей жек көреді.
Мұқағали: – Дұрыс айтасыз. Өтірікті қиыннан қиыстырады.Бұл жолғысы татар екен, иісі мұсылман ғой деп едік…
Бердібек: – Әй, Мұқағали-ай, он жасымда жетім қалдым демесең, өмірдің азабын мендей тартқан жоқсың. Соның бәрін қаламның арқасында жеңдім. Ақындығыңды қадірле. (Пауза) Ал, пәтер иелері туралы айтсам, шетінен мүттәйім! Қызыл саясат адамдарды дәстүрден айырды. Қатігез болатыны сондықтан. Олар мейірімін саған емес, Африкаға көрсетеді. Көмектесеміз деп пенсиясын аударып жатады. Парадокс!
Мұқағали: – Кейде ауылды бекер тыңдамадық па деп, ойланып қаламын. Бұған да етіміз үйрене бастағандай.
Бердібек: – Үйренесің. Үйренбей қайда барасың? Сезімді берген жаратушы, қазаққа төзімді де берген. (Қосылып күледі)
(Лашын кіріп столға сусын қояды)
Мұқағали: – Беке, «Қариялар азайып бара жатыр» деген тіркес ойымнан шықпайды. Байқасам, қартайғандар көп, қариялар жоқ. Дәп бір қазақтың әкесі өліп, оны компартия деген өгей шал асырап алған секілді.
Бердібек: – (Мұқағалиға тесіле қарайды) Дәл таптың. Халқымыз өгей әкенің шылауында жүр. Оны өзі сезбейді. Осылай кете берсе мәңгүрттенудің батпағына бата ма деп қорқамын.
Лашын: – (елең етіп сөзге араласады) Аға, қазаққа жандарыңыздың ашығаны дұрыс. Ал сіздерге кімнің жаны ашиды?! Әйел байқұс алдымен балаларды ойлайды. Бізге саясаттан гөрі, ыдыс жуған тиімді.
Бердібек: – (Басын шайқап жымияды) Қорықпа, Лашын. Отыз жетінші жыл емес. Оның үстіне Амангелді Иманов болайын деп тұрған ешкім жоқ. Алайда, қаламгерлік өмір кіріптарлыққа көнбейді.
Лашын: – Жұмыстарыңыз қиын екен! Мұқағали: «Кітаптарым шыққанда мол ақшаға жарисың» деп, тоқшылықты елестетеді. Соғыстан әрең құтылып, көзімізді енді аштық. (Пауза) Ақынның күреске тоймайтынын білсем, можантомпай қойшының қолтығына кірер ем. (Сықылықтап күледі)
Мұқағали: – (Қалжың сарынымен) Аузыңнан ақ май ағатын еді. Бірақ мынаны да біл, ақынға жар болсаң, тарихтың сахнасына шығасың.
Лашын: – Менікі тек тұрмастың әзілі ғой. Сөздеріңізді бөлмейін. Біздің орын ас үйде. (Кетеді)
Мұқағали: – (Қонағын қолтықтап сахнаның алдына келеді) Бір қараса саясаттан бөлексіз. Астарына үңілсе, ортасында жүресіз. Осыны байқатпау үшін балалар әдебиетін таңдаған сияқтысыз. Айтқандарым шын ба, әлде өтірік пе?
Бердібек: – (Алақанын шарт еткізіп күледі) Сен цензурашы болсаң, құртқандай екенсің. Жасырғанымды дәл таптың. Балалар әдебиетін қалқан етіп, қазақтың кеңестік жүйеден көрген қорлығын айтуым керек еді. «Балалық шаққа саяхатты» оқыған кезде, оңған бір эпизодты кездестірдің бе? Кездестірмейсің. (Пауза) Егер сол өмір жалғыз маған қатысты болса, қаузап нем бар? Бұл қасірет – қазақтың өмірбаяны. Соны баланың бастан кешкендеріне айналдырып, қалың жұртқа жеткіздім. Билік аңғармай қалды. Бірақ, оны болашақ таниды.
Мұқағали: (Сүйсінген түрмен) Айлаңызға тәнтімін. Шіркін, «айтып өткен ақында арман бар ма?» Махамбет пен Абайды қаншалық аясақ та, еркін сөйлепті. «Жүрегінің түбіне кір жасырмапты». Пікірлері іште өлген біз екенбіз! Шын ақындық дауысты естірту үшін не істеу керек?
Бердібек: – Меніңше, ол әдісті сен әлдеқашан тапқан секілдісің. Тұңғыш кітабың «Ильич» соның дәлелі. (Пауза) Бір мезетте Ленин туралы төрт поэма жазу ешкімнің қолынан келмейді. Шығарманың шеберлігі де көпшілікті баурады. Кейіпкері болмаса, көркемдігінде мін жоқ. Осы кітап – сенің басқа өлеңдеріңді сүйрейтін паравоз.
Мұқағали: – (Ағасына қутыңдай қарап) Тайыр Жароков әлденені амалдаған кезде «өзім де бір қумын» деп күледі екен. Мен де қуланып едім, дереу ұстап алдыңыз.
Бердібек: – Ең бастысы, оны цензура білмесін. Міне, осы Ленин дейтін паравоз сені он жыл бойы сүйрейді. Ақындық қуатың жараса, алатын қамалды жаулап, ішіне кіресің.
Мұқағали: – Поэмаларымды мақтап, әлденеден дәметтіресіз. Бәлкім үкіметтік жүлде пешенеме бұйырар ма екен? Пайдасы тиер еді.
Бердібек: – Кезінде мен де солай ойладым. Повестерім қолдан түспеді. Жұрт қызығып оқыды. Ал жоғарыдағылар көпшіліктің пікірімен санаспайды. (Пауза) Олар кітабына қарап авторды алмайды. Авторына қарап кітапты алады. Қолымнан жазу келсе де, жағыну келмеді.
Мұқағали: – Көсемін жырласа да көзіне ілмейді дейсіз ғой.
Бердібек: – Меніңше, өлі көсем олардың өздеріне де керек емес. Ұрандағанмен, Лениннің еңбектерін өліп-өшіп оқып жүрген партия қызметкерін көрмедім. (Пауза) Бәрі тірі бастықтың сүреңсіз баяндамасын тыңдағансиды. Сондықтан жүрегіңнен төгілген жырды болашаққа арна.
Мұқағали: – Бүгін көкейдегі көп сұрақтың жауабын таптым. «Совет өкіметінің орнауы адамзат тарихындағы ең үлкен қателік» дегеніңізді естіп ем. Бірде бір кедейдің баласы өз өкіметін сіз сияқты жазғырмапты.
Бердібек: – Себебі, әкемнің кедей болғанына байлар кінәлі емес. Еріншектің ертеңі таусылмаса, не істейсің? Байлар – кәсіпкерлер. Олар елді қанап, мал жиды дейді. Мен осыған сенбеймін. (Пауза) Байлар – ұлттың материалдық қазынасын жасағандар. Өзің ойлашы, кәсіпкері жоқ мемлекет қайда барады?! Эволюцияның арнасымен ағып, қайтадан капитализмге оралады.
Мұқағали: – Ұрпаққа қандай шығарма керек? Енді ұққандаймын. Мәселенің мәні өте тереңде екен. Жазғандарымды баспасөзге ұсынбай, кідірткенім оң бопты. Өлеңдерге сіздің көзбен қарап, өңдеуіме тура келді.
Бердібек: – Мұқаш, мұны саған сенгендіктен айтып отырмын. Әлі-ақ шындыққа көзің жетеді. Сол кезде артыңнан ерген інілеріңе «шеңберден шық» дейтінің анық. Күн сайын тауға қара, сонда аласармайсың. Мен енді жүрейін.
Мұқағали: – Алла разы болсын, аға! «Бар екен, бар екен ғой жақсы адамдар!» Міне, жаңа өлеңнің тақырыбын тауып бердіңіз. (Пауза) Жеңгеме сәлем айтыңыз.
(Бердібекті шығарып салып, қайта оралады. Терең тебіреніске енеді. Залға қарап өз ойын ақтарады)
Мұқағали: –
Өмір жайлы сұрай берме сен менен,
Мен өмірді әлі зерттеп көрмеп ем.
Өмір жайлы білгің келсе, қартқа бар,
Өміріне кегі кеткен, өлмеген.
Жалған айып тағылғанда көлденең,
Ақиқаттың аппақ туын бермеген!
Нені көрді, нені сезді, не білді,
Неге ақылды ақымақтан жеңілді?
Біреу жылап, біреу неге көңілді?
Содан сұра, содан сұра өмірді!
Қаламды не үшін ұстаймыз?! Не үшін ақындық жолды таңдаймыз?! Айналып келіп, Абай атама жүгінемін. «Мен өлеңді жазбаймын ермек үшін» дейді ол кісі. (Пауза) «Біз де өлеңді жазбаймыз ермек үшін» десек, бұл – халыққа берген ақындық антымыз! Дінін ұмытуға, тілін жоғалтуға шақ тұрған елім бар. Бәрі қызыл казармаға қамалған партияның солдаттары. Олардың көзін ашатын қасиетті құрал – қара өлең! (Пауза) Көсемдік пен көркемдікті қатар ұстайтын кім барсың?! Поэзияның ақ жолына басымды тіктім! Өмірден алар еншіміз осы болса, қаламды қару етпеске не шара?!
ШЫМЫЛДЫҚ
Үшінші көрініс
Алматының орталық алаңы. Гүлзар бақ. Жазушылар одағының үйі, «Балалар әлемі» деген дүкен көрініп тұр. Жол бойында орындықтар. Мұқағали мен Лашын әңгімелесіп тұр.
Лашын: – (Сөзін кібіртіктеп бастайды) Мұқағали, қазір менде бір уайым, бір өтініш бар. Ойымды ортаға салсам ашуланбашы.
Мұқағали: (Жігер беріп) Айт! Шындықтан сөз бұзылмайды.
Лашын: – (Күмілжіп) Онда былай… Осы… осы, ақындықты қойсаң қайтеді?!
Мұқағали: – (Шошып кеткендей шоршып түседі) Не?! Не дедің?! Мен дұрыс естіп тұрмын ба?!
Лашын: – (Есін жиып) Дұрыс естідің. Ақындықты қойсаң қайтеді деймін!
Мұқағали: – (Абыржыған түрмен) Не үшін?!
Лашын: – Біз қалаға келгелі талай жыл өтті. Үй туралы сыбыс жоқ. Табысымыз таңдайға жұқпады. (Пауза) Ақын емес ағайындарға қарашы, бәрі бақуатты. Сонда біз олардан кембіз бе?! (Пауза) Ұл-қыздарың үлкейді. Бәріне жағдай керек… Сондықтан өзің құрған жоспарды, өзің бұзсаң болмай ма?!
Мұқағали: – (Басын ұстап) Әй, кедейліктен құтқармаған келте дүние-ай! (Пауза) Сен маған қиын сұрақ қойғаныңды білесің бе, Лашын?!
Лашын: – Біліп тұрмын, Мұқаш! Бірақ қапаланба, жауап бермесең де болады. Менікі, оңтайлы жол осы ма деген далбаса ғой. (Сағатына қарап) Қой, мен жұмысыма барайын. (Кетеді)
(Мұқағали залдағы көпшілікке қарайды)
Мұқағали: – Осы сөзді айтарыңды біліп ем. Ақыры айттың! (Пауза) Ақындық үшін қанша мүмкіндіктен бас тарттық?! Соған қарай қызыққа кенелгеніміз шамалы. Қапияда Майгүлден де айырылдық! (Пауза) Қарасазда қалғанда, кім біледі, бәлкім мұндай шарасыздық болмас па еді?! Соның бәрін салық етіп, бетіме баспадың. Бірге жұбанып, қайғы-мұңды қайыспай көтере алдың. (Пауза) Дегенмен, шыдамның да шегі бар! Бүгін міне, ақындықтан бас тарт дедің. Қолымнан келсе, өтінішіңді орындар едім. Бірақ бұл, арыз жазып босайтын кеңсенің күнделікті қызметі емес қой! (Пауза) Маңдайыма жазылған тағдыр! Қырығына шыдадың, қырық біріне де шыдашы! Бәлкім, біз шығатын биік енді қол созым жерде ғана тұрған шығар?!
Поэзия! Менімен егіз бе едің?!
Сен мені білесің бе, неге іздедім?!
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Сені іздедім сезімге у шараптан да,
Минуттардан іздедім, сағаттан да.
Сені іздеймін, іздеймін, тағат бар ма,
Екеумізді егіз ғып жаратқан ба?!
(Өтіп бара жатқан Фариза Мұқағалиды көріп тоқтайды)
Фариза: – Амансыз ба, ағасы! Өзіңізге өзіңіз сұрақ қойып, неғып тұрсыз?
Мұқағали: – (Жалт қарайды) Қалайсың, қалқам?! (Пауза) Атақты гроссмейстерлер қарсылас таппағанда, өзімен өзі шахмат ойнайды екен. Соған ұқсап кетсем, айып етпе.
Фариза: – Мен де солаймын, аға. Жолым жіңішке. Ашылып ой бөлісер ешкімім жоқ. (Пауза) Әйелдердің сөзі кәкір-шүкірге тіреледі. Қызметтестер бастығым деп қарайды. Оңаша қалып, өлеңмен ғана сырласам.
Мұқағали: – Бұл жақсы ғой, Фаризаш. Жалаң ұйқас қазақтың бәрінде бар. Ал періште өлең, есігін кез келгенге ашпайды.
Фариза: – Сізге бір құпиямды айтайын.
Мұқағали: – Құлағым сенде. Қыздарда құпия аз болмайды. Ал ақындарда одан екі есе көп.
Фариза: – Менімше, ақындық ер-азаматтарға лайық па деймін. Себебі, өлеңге араласқанда өзімді жігіттердің қатарынан көремін. Исатай – Махамбеттің сарбазына айналып, жорыққа атанамын. Қайтадан қалпыма келгенде, осы қылығымнан ұялатыным бар.
Мұқағали: – «Ақын болу өз еркің». Онда ақындықты өкіметке өткіз де, журналистік жұмысыңмен қал.
Фариза: – Айтасыз-ау! Ерік менде болғанда, қуана келісер едім. Тізгіндеген бір күш поэзия әлемінен жібермейді. Ақындықтан арылатын жол таба алмай қиналдым.
Мұқағали: – Онда саған дауа жоқ! Көнесің де шыдайсың. Солай, Фаризаш… Фаризажан, Фариза қыз, Өмірде ақындардың бәрі жалғыз!
Фариза: – Рахмет, аға! Жабырқаған жаныма дем бердіңіз. (Пауза) Мен одаққа бара жатырмын. Бірге жүруге қалайсыз?
Мұқағали: – Жұмысыңнан қалма. Мен бақ ішінде біраз серуендейін.
(Фариза кетеді, Мұқағали қалады. Ақын қарындасын көзбен ұзатып, ішкі толғанысын ақтарады)
Мұқағали: – Бірін бірі аңдыған, қайран қазақ! Жүрсең де өсек, күлсең де өсек. Сәлемдессең пәлеге қаласың. Мені сыртымнан Фаризаға қосып қойғандар да бар. (Пауза) Ақын қыз ауыз әдебиетінің кейіпкеріне айналмасын. Оған ермегенім сондықтан. Бірақ, поэзияда біз мәңгілік біргеміз! Ал тұрмыстық өмірде, бөлек-бөлек жандармыз.
(Артына бұрылғанда аяңдап келе жатқан Әбділда Тәжібаевты көреді. Тәлімгер ағасына ілтипатпен қол ұсынады)
Мұқағали: – Армысыз, Әбеке! Сізбен кездескен жақсы ырым. (Екеуі орындыққа жайғасады)
Әбділда: – (Жайраңдап) Көрмегелі көп болды, қалайсың, Мұқаш? Сендерге қарап қуанамын. Әдебиеттің әр толқыны дара.
Мұқағали: – Әбекем-ай, жастарға қамқорлық жасаудан шаршамайсыз!
Әбділда: – Себебі қазақты сүю – жастарды сүюден басталады. Менің көзқарасым екі кезеңмен қалыптасты. Мұхтар Әуезовке дейінгі және Мұхтар Әуезовтен кейінгі. (Пауза) Ұлы адам келешекке сенді. Біздер осы өнегеден тәлім алдық.
Мұқағали: – Бұл жағынан бақыттысыз, Әбеке!
Әбділда: – Оның рас, Мұхтар ағаны сағынамын. Сағынбау мүмкін емес.
Мұқағали: – Әбеке, қиялдансам ұрыспайсыз ба?
Әбділда: – Неге ұрсайын? Ақынға қиялдану да қажет.
Мұқағали: – Егер деймін, сондағы жас жазушы Шыңғыс Айтматовқа ұқсап, өлеңдерімді көтеріп Әуезовтің үйіне барсам. Ол кісі дарбазаны өзі ашып, жас ақынды қарсы алса. Содан кейін бөлмесіне алып кірсе. (Пауза) Бірден сізге телефон соғар еді. «Әй, Әбділда, маған Мұқағали деген бала келді. Өзі қалай? Өлеңдерін оқиын ба, жоқ оқымаймын ба?». Осылай дегенде не айтар едіңіз?
Әбділда: – Қиялың ұшқыр екен. Білгендей сөйлейсің. (Пауза) Мен сені мақтай жөнелемін. Ұлы қаламгер оған қуанады. Шыңғысты аялаған алақан Мұқағалиды да биікке көтереді. (Пауза) Амал қанша… Үлгере алмадың! Сол арманыңды айтқан өлеңің бар еді ғой, оқып жіберші. Мұхтар ағаны сағынып отырып тыңдайын.
Мұқағали: –
Есімде жоқ Мұқаңның не дегені,
(Жаңылып, жалған айтып не керегі?!)
…Алдымда «Абайдағы» Абай тұрды,
Әуезов жасап берген кемедегі.
Әрі қарай әкетті елес мені,
Шырақ сөнді… Белгісіз неге өшкені?!
(Мұқаң маған алыстан елестетеді)
Сұрағым… Сұрағым бар емес пе еді?!
(Қақиып, қарауылдап тұрамын ба?)
Мен-дағы қарсы жүздім бұл ағынға.
Айғай салдым… О, Мұха, сұрағым бар,
Өзіңізге қоятын сұрағым бар!
Алыстан айғайлап мен қоймағасын,
Аялдап, аңдап шолып айналасын,
Ағынмен арпалысқан мені көріп:
Айт, – деді, – сұрағыңды. Қай баласың?
Сұрақ та, жауап та мен қайтармадым,
Тым құрыса атымды да айта алмадым…
Әбділда: – (Көңілденіп) Мұхтары бар әдебиет – абызы бар әдебиет. Оның беделі қараулықты жеңді. (Пауза) Мен дарынды жастарды Әуезовтің балалары деймін.
Мұқағали: – Өзіңіз білесіз, әкеден ерте айырылдық. (Пауза) Соғыстың кесірінен бір әкені жоғалттым. Өлеңнің арқасында екіншісін таптым. Ол – мына сіз! Бұған да шүкір!
Әбділда: – Мұқаш, сенде жалғандық жоқ. Еркелігіңді баланың қылығындай көріп, қызықтайтыным сондықтан.
Мұқағали: – Сізге қатысты бір әңгімені қайталап айтсам бола ма?
Әбділда: – Айтсаң айт. Мына отырған көпшілік те естісін.
Мұқағали: – Нарынқолдағы кез. «Аппассионата» поэмасын бітірдім. Әріптестерім қуана қол соқты. Бірақ анық бағасын Алматыдан естігім келді. (Пауза) Сөйтіп өлеңі бар конверт Тәжібаевтың атына жолданды.
Әбділда: – Иә, жадыма бірдемелер оралғандай.
Мұқағали: – Оныншы күні аудандық газеттің қара телефоны шырылдады. «Мұқағали, сені Әбділда Тәжібаев шақырады» деп Қыдырбек тұтқаны құлағыма тосты. (Пауза) Сұмдық толқыдым! Қолдарым дір-дір етеді. Жалғыз ауыз сөзіңіз тағдырымды шешетін еді. Алғаш рет сізбен осылай амандастым.
Әбділда: – Сонда мен не деппін?
Мұқағали: – «Поэмаңды оқыдым. Алматыға кел. Сен үлкен ақын боласың», – деп тұтқаны қоя салдыңыз.
Әбділда: – Дұрыс айтыппын! Сондағы ойымнан бүгін де айнығам жоқ. Еркіндікті көтермейтін қоғамда арандап қалмауыңды тілеймін. (Пауза) Кеше Жазушылар одағына бардым, бірінші хатшыға кірдім. Жылы қабылдады. «Әбеке, не бұйымтай?» дейді. (Пауза) «Анау үй бітеді екен, содан пәтер сұрасам берер ме едің?» дедім. «Оған сөз жоқ, алыптар тобының өкіліне бермегенде, кімге береміз?» дейді. Мен былай дедім: «Дұрыстап тыңда, менің Мақатаев деген балам бар. Өте мықты ақын. Әлгі маған арнаған пәтерді соған беріңдер» дедім. (Пауза) «Әбеке, сіздің жөніңіз бөлек, Мұқағалидың жөні бөлек.» дейді күмілжіп.
Мұқағали: – (Ренжіп орнынан тұрып кетеді) Олар жағдайымды жақсы біледі. Бірақ сылтау табуға келгенде шебер!
Әбділда: – (Таяғына сүйеніп сөйлейді) Сен сабыр сақта. Оқиғаның аяғы бұдан да қызық. (Пауза) Көзімді шатынаттым. «Пәтерді бересің бе, бермейсің бе?! Сырғақтамай ашығын айт, Тәжібаев алдыңа күнде келмейді. Мәселені шеше алмасаңдар, ЦК-ға барамын» дедім.
Мұқағали: – Оқиға шарықтаған екен ғой.
Әбділда: – Жағдай күрт өзгерді. «Бір нәрсеге қиналып тұрмыз» деді. «Ол не нәрсе?» «Бес бөлмелі бір үй бар. Соның үш бөлмесін Мақатаевқа берейік. Қалғаны басқа отбасына. Ең қиыны, ас үй мен дәретхана оларға ортақ. Балаңыз осыған көнсе, қарсылық жоқ» дейді. (Пауза) Шегінетін жер қалмады. Амалсыздан келістім. Бұған не дейсің?
Мұқағали: – (Көңілді дауыспен) Екі қолымды бірдей көтеремін, Әбеке! (Секіріп қуанады) Қош бол, көшпенді өмір! Көмегіңізге мың алғыс!
Әбділда: – Түһ, арқамнан жүк түскендей жеңілдедім ғой!
Мұқағали: – Үймен бірге үлкен жауапкершілік жүктедіңіз. Енді жаман жазуға хақымыз жоқ. «Бір жырым – менің бір балам, Мезгілсіз шала тумаған.» Солай десем білгіштерім сенбейді. (Пауза) Мен өлеңді басыма жазамын. Дайын болғанда қағазға көшіремін. Күй талғамайтыным сондықтан. Орыстың қуықтай құжырасында да өлеңдер жазылды. Оның қасында сіз әперетін үй хан сарайы емес пе?!
Әбділда: – «Басыма жазамын» дегеннен шығады. Төлеген марқұм да сондай еді. Төгіліп тұратын. (Пауза) Соңғы дастанын жатқа оқып жүріп толықтырды. Қағазға түсіруге асықпады. Ақыры ақындық ғұмыр шорт үзілгенде, бәрі өзімен бірге кетті. Өкінішті, өте өкінішті! (Пауза) Айбергенов те менің балам еді!
Мұқағали: – Төлеген сізге бала, маған бауыр. Жырымыз бен сырымыз домбыраның үніндей үйлесетін. Шексіз кеңістікке самғаған қыран еді!
Әбділда: – Сендерді сол үшін жақсы көрдім. Жастық жалындарың мені де жылытты. Өткірлікті өздеріңнен үйрендім.
Мұқағали: – Бір күні таң бозында есік қағылды. Шықсам алабұртып Төлеген тұр. (Пауза) «Қазір біттім» дейді. «Нені біттің?» дедім. «Сағынышты»! Соны саған оқуға асықтым, тыңдашы дейді. Өлеңі ғажап! Жандүниемді баурап, сезімнің айдынында тербетті.Тұңғиық ойға батырды. Басымды көтеріп алсам, ол кетіп қалған екен. (Пауза) Сағынышты дәл осындай шалқытқан ақын қазақта болған емес.
Әбділда: – Сендер ерекше шоғырсыңдар.
Мұқағали: – Сол шоғыр Жазушылар одағынан жылу іздейді. (Пауза) Ал одақ әдеби бірлестіктен гөрі, министрлікке ұқсайды. Қаламгерлер оған тәуелді. Одақтың мүшесі, партияның мүшесінен кем емес. Шығып қалсаң құның қара бақыр.
Әбділда: – Қайтесің, ол партиялық жүйенің ажырамас саласы. Сондықтан барды базарлаймыз, жоққа жүйрік жетпейді.
Мұқағали: – Айтайын дегенім бұл емес. (Пауза) Одақта орташаға жол ашық. Шеңберден шыққандар сыбағасыз қалады. Бұдан кейін не бағыну керек, не қағыну керек. Қағынатындардың бірігетін жері сырахана!
Әбділда: – Мүжілме, Мұқаш! Басымыздан не өтпеді?! Сол алапаттан да аман шықтық. (Пауза) Отыз жетінші жылы НКВД телефон шалғанда фамилиямызды ұмыттық. Пышақтың жүзінде жүріп күн кештік. (Пауза) Бізді өмір сүргізген өлеңге деген құштарлық.
Мұқағали: – Ұқтым, Әбеке.
Әбділда: – Ұққаның жақсы. (Пауза) Алдымен пәтеріңді ал. Керек қағаздарды дайында. Бүгін саған айтатын сөз осы. Жаңа үйде жақсылықпен жолығайық! (Таяғына сүйеніп кетіп бара жатады)
Мұқағали: – (Сахнаның алдына келіп) Әбекем-ай! Қатарларыңыз сиреп барады! Осыған алаңдаймын. Құдай таяздарға күн қаратпасын! Егер сіз де солар секілді таяз болғанда – өтірікке иланып, өсекшіні құтыртатын едіңіз. (Пауза) Әлгі өтірікшілер намыс қуғансып, үлкенге жаны ашығансып, Әбекеңе барған ғой. Өздері жыларман күйге еніп алған. «Аңқаусыз-ау, аңқаусыз! Ақырында не болды?! «Біреуге мылтық үйретіп, ол мерген боп сізді атты». Шаң жуытпайтын Мұқағали нағыз сұмпайының өзі екен! (Пауза) Мақтағандай етіп, мақтамен бауыздады. Сізді орыстың ең қанішер патшасы Грозныйға теңепті. Онысымен қойған жоқ, ақсақ екеніңізді айтты. Сөйтіп, сүйекке таңба түсірді. Бәріміз жабылып ол бәтшағардың үнін өшірейік!» депті. (Пауза) Сол кезде менің Әбекем бурадай буырқанып, ашуына мінген. «Сөздің астарын ұқпайтын өңшең иттер! Ол өлеңді мен де оқыдым. Мұндай бейнені суреткер ғана кескіндейді. (Пауза) Атақты мүсінші Вучетич дәл осындай теңеуді Қырымда, Қара теңіздің жағасында тұрып айтқан. Екеуінің пікірлері қандай ұқсас!? (Пауза) Мұқағалидан садаға кет! Шық үйден!» депті. Сондай көсемдік танытпаса, ол Тәжібаев болар ма еді?! (Пауза) «Әбділдаға» деген өлеңімді сіздерге де оқып берейін.
Тұрғанда ұйқы-тұйқы ақ самайың,
Мен қалай, Әбе, сені жат санайын.
Абыржып асаңды ұстап отырғаның,
Ашулы Грозный патшадайын.
Сөйлесең,
Бурадайын лықсып-тасып,
Жаралы жауынгердей сылтып басып.
Әбігер боп жүргенің қашан көрсем,
Жырдағы жалғандықпен мылтықтасып.
Бой түзеп,
Босқа кетпей сауықпенен,
Боз қырау босағасын тауыпты өлең.
Жаман жыр жазғанымда
Ақ таяғың –
Арқамда ойнай ма деп қауіптенем….
ШЫМЫЛДЫҚ
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Төртінші көрініс
«Аққу» кафесінің алды. Столдар, орындықтар тұр. Кафеге қажетті заттар көрінеді.Мұқағали бұл кезде жұмыссыз. Мақсатсыз жүріске ұрынғандай. Кімді күткенін өзі де білмейді. Лашын жолығады.
Мұқағали: – (шарасыз түрмен) Біраз жерді шарладым. Қайсы есікті ашсам да, еститінім штат жоқ деген жалғыз сөз.
Лашын: – (Шаршаған кейіппен) Қиын болды! Әбден бас қатты! Бала-шағаны қалай асыраймыз! Сені осыншалық қысатындай не кінәң бар?!
Мұқағали: – Соны өзім де ұқпаймын. Адам тұрмақ, құмырсқаға да залалым тиген жоқ еді. (Пауза) Бар кінәм – өлеңді жақсы жазғаным. Жамандардан озғаным. Ақиқатты айтқаным. Ал мұны кемшілік десе, мен оны мойындамаймын.
Лашын: – Ойпыр-ай, кең дүние тарылып, жабырқаудан көз ашпадық! Мектептегі сағаттарым қысқарып, мені де жарты айлыққа түсірді.
Мұқағали: – Ең бастысы,түңілмейік! Досқа күлкі, дұшпанға таба болмайық. (Пауза) Бізді адам асырамайды, қалам асырайды. Таңертең алақаным қышыған, ақша келіпті.
Лашын: – (Сергігендей болып) Оған да шүкір! (Пауза) Сенің жалаңаяқ қалғаныңды көргісі келетіндер қуанып жүр. Солардың көзіне түспей, тезірек үйге қайт. Мен де кешікпеймін. (Кетеді)
(Мұқағали елге қарап сөйлейді)
Мұқағали: – Қайран күндер, қайран жастық! Қайта айналып қасыма бір келер ме ең!? «О, жастық, сен өлгенде – мен өлемін, Сенсіз мен қиылған бір бөренемін!» (Пауза) «Отыздан асып барамын» деп толғандым. «Оңай өмір емес-ау, отыз бес жас!» деп таңғалдым. Ұқпағандар басын шайқап күледі. «Әйтеуір кінә тауып бір жерімнен, Сынауға тіптен құмар кім көрінген!» (Пауза) Олар Мұқағали жұмыссыз, бос сенделіп жүр дейді. Шығармашылық еңбегімді елемейді. Қазір Мұқағалидан қашу – мода. Алайда, ойлы жастар ондай емес. (Пауза) Біз көшеде немесе кафеде кездесеміз. Ақынға басқа аудитория бұйырмаса, амал не?!
(Осы кезде жастар шығып ақынға сәлем береді)
1-жас: – О, Мұқағали, аға! Жолымыз болды. Жарқырап алдымыздан шықтыңыз. Салауатты қалыптасыз. Мақатаев өйтеді, Мақатаев бүйтеді деген жалақорлар сөзі өтірік болғай!
Мұқағали: – Қанаттарым менің! (Бәрін қаусыра құшақтайды) Кәне, «Аққу» кафесіне кірейік. Ағаларыңның қолынан дәм татыңдар. Дөңгелек үстелде отырып әңгімелесейік.
2-жас: – Аға, сіз жалғыз, біз көппіз. Бүгін ақ түйенің қарны жарылды. Стипендия алдық. Рұқсат етсеңіз, сізді інілеріңіз сыйласын. Бұл біз үшін үлкен мәртебе.
Мұқағали: – Көзімнің жеткені, мен жоқтаусыз қалмайды екенмін. (Пауза) Бірақ, дастархан ақысын ағаларың төлейді. (Пауза) Сондай-ақ, Мұқағали сұрауды ғана біледі дейтін ертегіні жоққа шығарайық.
3-жас: – Жеңдіңіз, аға, онда билік сізде.
Мұқағали: – Арамыздан ішімдікті де аластайық. Мұқағалидың аузы құрғай ма, құрғамай ма, мына жұрт оны да көрсін. (Пауза) Барлық сауалдарыңа дайынмын.
1-жас: – Жырыңызбен қатар, сырыңыз да қызықтырады. Не телеарнаға, не газетке сұхбат бермейсіз. Осының себебі қандай?
Мұқағали: – Бұған менің кінәм жоқ. Тілшілер шақырмаса, оларды өзім іздегенім жараспас.
2-жас: – Қазақты ақын халық дейді. Бір ұлтты түгелдей осылай етіп атауға бола ма? Бұған не дейсіз?
Мұқағали: – Сұрақтың жауабы – мына тұрған өздерің. (Пауза) Мәселен, институтты бітіргеннен кейін – бірің инженер, екіншің құрылысшы, үшіншің зоотехник болады екенсіңдер. Соған қарамастан мені іздедіңдер. Бұл ақындық емей немене? (Пауза) Бабаларымыз ұлттың осындай ерекшелігі жоғалмаса екен деп тіледі. Өйткені өлең, жыр – қазақтың коды,басты белгісі.
3-жас: – «Қара өлеңді» мәртебелеп жырладыңыз. Ондағы ойдан не түюге болады?
Мұқағали: – Мәселен әуенді алайық. Дүние халықтарының әні бір-біріне ұқсамайды. (Пауза) Қара өлең де басқа ұлтта жоқ. Ол – қазақтың жандауысы. Мұңы мен сағынышының, қуанышы мен шаттығының сөзбен кестеленген таңбасы. (Пауза) Егер, қара өлеңге нұқсан келсе, алдымен жапа шегетін ұлттық сана.
1-жас: – Сіз «Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты – Мұқағали Мақатаев бар мұнда» дейсіз. Махаңдар деген кім? Анық ажырата алмаған соң, әртүрлі жорамалдаймыз.
Мұқағали: – Қазақ поэзиясы – көне поэзия. Тек дәлелденуі кемшін. Мұхтар Мағауин оны бес ғасырға ұзартты. (Пауза) Міне, осы кезеңдер ішінде неше алуан дарындар өтті. Оларды бір бейнеге жинақтап, мен Махаңдар дедім. (Пауза) Оның сарқыты болуды өзіме телігенмен, өлеңім – барша қазаққа жасаған құлаққағыс. Ертеңге жолданған аманат. Мен әрбір қазақ Махаңдарға сарқыт болса екен деп тілеймін.
2-жас: – Бір ақсақал сіздегі Махаңды – Мағжан шығар деді. Содан кейін Мағжан Жұмабаев туралы қысқашалап айтты. Бірінші рет естіп таңғалдық. Осы әңгімеге не қосасыз?
Мұқағали: – Араларыңда тыңшы жоқ па? (Жан-жағына сақтана қарайды) Мағжан – менің пірім! «Мен жастарға сенемін» деген өлең сол кісінің сөзі. (Пауза) Мағжан қазақты қайрап, басқалармен өшіктірмеді. Совет өкіметіне тіл тигізген жоқ. Тек ұлтына зиян келтіретін құбылыстың бәрін жеккөрді. (Пауза) Сондай тұлғаның жау атанғаны түсініксіз. Мен ойшылдықты Абайдан, өткірлікті Махамбеттен, суреткерлікті Мағжаннан үйрендім.
3-жас: – Жарыққа шықпаған, бұғатталған жырлармен қалай танысып жүрсіз?
Мұқағали: – Жансүгіров ауылынан келген жолдасым болды. Төте жазуды еркін оқитын. (Пауза) Екеуміз аяңдап ұлттық кітапханаға барамыз. Сирек қолжазбалар қоймасына кіреміз. Қыздар бізге көмектеседі. (Пауза) Жолдасым отырып алып Мағжанды оқиды. Мен ұйып тыңдаймын. Кей жеріне келгенде, қосылып жылаймыз. Сонда бір ғажайып қуат жүрегіме шымырлап құйылып жатады.
1-жас: – Әңгімеңіз керемет! (Пауза) Аға, алдымен кешірім сұраймыз. Естіген құлақта жазық жоқ. «Қазақ әдебиетінің 40 жылдығында Ғабит Мүсірепов баяндама жасапты. Сіз мәжіліс залына кіріп кіріп «Ғаба, бұл – қазақ әдебиеті емес, бұл – мазақ әдебиеті!» дегенсіз дейді. Осы рас па? Ондай әрекетке неге бардыңыз?
Мұқағали: – Естігендерің шындық. Олай ету ақиқатты сезіндірудің амалы еді. Сол үшін еркелегіш есер баланың рөлінде ойнауға тура келді. Балаға сот жоқ. (Пауза) Әдебиетіміз ұраншылдық пен шаблондыққа бет алды. Оны көрмесе де болатын еді. Бірақ өйте алмадым! Дәтім шыдамады. (Пауза) Менің әлгі қылығым қалғыған жұртты иығынан түрткендей ғана әсер. Ғабаң бәрін жақсы түсінді. Ол кісіні мен де ұқтым. Дереу есіктен шыға жөнелдім. Жиналыс ары қарай жалғасты.
2-жас: – Сақшылар артыңыздан түскен жоқ па?
Мұқағали: – (Кекетіп) Олар жұмыстарына ұқыпты. Айықтырғышқа апарып қамады. (Пауза) Есесіне «халық жауы» атанудан аман қалдым. Сонымен бірге ашық пікірімді, өкпе-назымды көпшілікке айтып үлгердім. Таразылай келгенде, осы шайқаста мен жеңген секілдімін. (Күледі)
3-жас: – Қатар-құрбы қаламдастар жайында не айтар едіңіз?
Мұқағали: – Меніңше, ақынның айналасы мықты болуы керек. Сонда ғана сені үлкен бәсеке қамшылайды. Ол жөнінен өміріме ризамын. ( Ақындардың портреттері экраннан көрінсе) Мәселен, Қадыр Мырзалиевті алып қараңдар. Халық мойындаған талант. Жұмекен Нәжімеденовтің жұмбақ жырлары өте терең. Кітабын дайындықсыз оқи алмайсың. Тұманбайдың лирикасы нәзік те мұңлы. (Пауза) Оспанхан Әубәкіров дара тұлға. Ол қазақты ғана емес, әлі күллі әлемді күлдіреді. Осындай жолбарыстардың арасында арыстан болмау мүмкін емес.
1-жас: Бүгін үлкен олжаға кенелдік. Әңгімеміз журналистік сұхбаттан кем болған жоқ. Олардың сұхбаты қағазға жазылса, бұл сұхбат біздің миымызға жазылады, «Сен менің миымдасың» деп өзіңіз айтқандай.
Мұқағали: – Мен де марқайдым. Комсомолдар да ұлтын сүйеді екен. Сондықтан «Мен жолымды берейін, өт қарағым» десем, сендер соған лайықсыңдар.
2-жас: – Жырларыңызға қарап, Мақатаев тура осындай шығар деп ойлаушы едік. Қателеспеген екенбіз. (Пауза) Көп нәрсеге көзіміз жетті. Енді әңгіменің түйіні болсын, өз дауысыңызбен бір өлең оқыңызшы.
Мұқағали: – Жастық пен ақындық ажырамас ұғым. Алайда оның тұтасқаны әрі қызық, әрі қиын. (Пауза) Мені өздерің көріп тұрсыңдар. Қырықтың ортасына келдім. Бірақ түйсігім, әсерді қабылдауым баяғыдай. Сыртым аға, ішім бала. Мұндай халді кім ұғады?! Басқа тұрмақ, жеңгелеріңнің де ақылы жете бермейді. «Осының дені толық дұрыс па» дегендей кейде күдіктеніп қарайды. (Пауза) Ал сендер, ақынға қапысыз сенесіңдер. Себебі біздің сезімдеріміз бірдей. Мен тіпті ХХІ ғасырдағы балалармен де құрдаспын. (Пауза) Енді өтініштеріңді орындап, өлең оқиын:
Ей, қылмыстылар
түрмелерге қамалған,
Кесілгендер өлімге
жанын жалдап, жан алған.
Жазалылар
кісенделген темірмен,
Неге мені соттамайды,
Артық еді менің нем?!
Мен де қатал,
кәрі, малғұн, түсі өңсіз,
Менің неге аяқ-қолым кісенсіз?!
Сендерге айып таға алмаймын бүгін мен,
Сендерден де сүйкімсіз,
Сендерден де арсыз
мына сұрыммен!
(Сол кезде ақынды аңдып жүрген көсе шал миллиционерді ертіп келеді. Жастар оларға үрейлене қарайды. Ақын ғана қаперсіз сабырлы қалыпта.)
Шал: – Өлеңін қалт жібермей тыңдадым. (Ақынды көрсетіп) Мынау ақынсымақ өрімдей жастарға өкіметті жамандады. Олардың санасын улады. «Неге мені соттамайды?!» деп шіренеді. Қоғамдық орынды көзіне ілмейді. (Пауза) Мен қарт большевик ретінде мұндай әрекетке төзбеймін! Әттең, 37-жыл болғанда!.. Мына ақын қара тізімнің басында тұрар еді!
Миллиционер: – (Қолын шекесіне қояды) Жолдас, ақын! Мен аға сержант Айдаубаевпын. (Пауза) Куәнің айтқандары рас па?
Мұқағали: – (Жайбарақат қалыпта) Қарт большевик өте қырағы жан екен. Дегендерінің бәрі шын.
Жастар: – (Жарыса сөйлейді) Жолдас, миллиционер! Мұқағали ағаның өлеңінде совет өкіметіне, коммунистік партияға қарсы ешқандай сөз жоқ. Біз де ажырата аламыз.
Миллиционер: – (Ашулы кейіппен) Шуламаңдар!.. Сендерді де тексереміз… Тәк, Мұқағали дедіңдер, ә? (Дәптеріне үңіліп) Фамилиясы Мақатаев қой. Енді бәрі де түсінікті. Бұл азамат қауіпсіздік органының назарында.
Жастар: – (Дауыстарын көтеріп) Оған хақыларың жоқ! Асыра сілтеуге жол бермейміз!
Миллиционер: – Не?! Асыра сілтеме дедіңдер ме?! Асыра сілтеудің қандай екенін мен сендерге көрсетемін! (Қоқаңдайды. Оның қылығына Мұқағали күледі) Неге күлесің?! Бұл күлетін нәрсе емес, жолдас… жолдас, ақын!
Шал: – (Одан әрі екіленеді) Қарт большевик жаңылмайды! Пиғылы бұзықтарды бірден танимын. (Мұқағалиға қарап) Сен жаңа бәрін мойындағансың. Батыр екеніңді білейін, әлгі өлеңді біздің көзімізше қайтадан оқышы!
Мұқағали: – Несі бар, өтінсең оқиын. Құлақтарыңа құйып алыңдар.
Ей, қылмыстылар
түрмелерге қамалған,
Кесілгендер өлімге
жанын жалдап, жан алған.
Жазалылар
кісенделген темірмен,
Неге мені соттамайды,
Артық еді менің нем?!
Жастар: – (Жамыраса шулап) Аға, бекер оқыдыңыз! Бұлармен ерегісіп қайтесіз?
Мұқағали: – (Жайбарақат) Қорықпаңдар! Өздері сұрады, мен оны орындадым. Тілдерін алмаса ұят болар.
Шал: – (одан сайын долданады) Көрдіңдер ме, қымсынатын түрі жоқ! Тіпті қыр көрсетеді! Сен оданша, совет өкіметіне рахмет айт! (Пауза) Қоғамды түрмеге, адамдарын қылмыскерге теңеді деген не сұмдық?! Қазір акті жасаймыз. (Айналаға қарап) Мына ақынсымақты бәрің тыңдадыңдар. Демек, куәлар жеткілікті. (Мұқағалиға ежірейе қарап) Сені соттатамын! Түрмеде шірітпесем атым өшсін!
Мұқағали: – (Айылын жимаған қалыпта) Сонда қалай, екі шумақ өлең үшін итжеккенге айдайсыңдар ма?
(Зәресі ұшқан жастар ақынды қаумалап алған. Аналар тепсініп тұр. Нағыз текетірес)
Ана екеуі: – Сен сотталасың! Итжеккенге айдаймыз!
Мұқағали: – (Қалтасынан алған кітапшаны екеуіне көрсетеді) Онда, мынаны соттаңдар! Қолдарыңнан келсе, көрінен суырып алыңдар! (Пауза) Осыдан бір жарым ғасыр бұрын өмір сүрген американың ақыны – Уолт Уитмен. Өлеңдерін қазақшаға аударған Мұқағали Мақатаев.
(Жастар мәз болып, қуана қол шапалақтайды. Миллиционер мен көсе шал жүні жығылып қушиып, жан-жағына жасқана қарайды)
Шал: – Не дейді?.. Бұлай болмауға тиіс… Өзі не боп кетті?! (Шал мен миллиционер кейін шегінеді. Жастар оларды қуып есікке қарай беттейді. Мұқағали сахнаның алдына келеді)
Мұқағали: – Әй, көркеуде суайттар! Кезінде жазығы жоқ талай ақынның түбіне жеттіңдер! Сонда да құлқындарың тояр емес! Тұқымдарың да құрымайды. Қазір қолыңда мылтық жоқ, есесіне адамды арандататын жалаң бар. (Пауза) Егер, мемлекет өз қауіпсіздігін шындап ойлайтын болса, ақындардан емес, мына секілді – пәлеқорлардан, итаршылардан, өтірікшілерден, жағымпаздардан арылуы керек! (Пауза) Надандықтан қарадай түңілесің! Осындай сәттерде алысқа кеткің келеді. Бірақ қайда барамын?! (Пауза) Айтпақшы, жергілікті билік «Мәскеуге қалайсыз» деп еді. Бүгін сол шешімге біржолата тоқтадым. (Залға қарап) Сіздер қарсы болмасаңыздар, мен Мәскеу сапарына дайындалайын.
Жалғасы бар, жырымның жалғасы бар,
Жырларым, жылдарыммен жалғасыңдар.
Сел-жырым арнасынан ақтарылса,
Селкілдеп тау мен тасың зорға шыдар.
Жалғасы бар, жырымның жалғасы бар.
Жақтасаң да өзің біл, даттасаң да,
Соттасаң да еркің бар, ақтасаң да.
Мен де жұмбақ адаммын, оны да ойла,
Мыңмен жалғыз алысып жатпасам да!
ШЫМЫЛДЫҚ
Бесінші көрініс
Мәскеу. Жоғарғы әдебиет курсының жатақханасы. (Түн. Мұқағали түс көреді. Буалдыр сағымнан әкесі шығады. Құшақтарын ашқанмен түйісе алмайды. Бір-біріне жақындап барып тоқтайды)
Сүлеймен: – (Елжіреген кейіпте) Мұхамедғалиым, келдің бе?
Мұқағали: – Келдім, әке! Сен де өмір бойы сағындырдың! Әжем зарығып өтті. «Жалғызым тірі! Тірі!» дегеннен танған жоқ. Сыр бермеген анам ғана.
Сүлеймен: – Біз мұсылманбыз, балам. Жақсылықты бір Алладан күтеміз. Екі дүниеде мұсылманның үміті үзілмейді.
Мұқағали: – Түсіндім, әке. Ақиқаттың не екенін білемін. Өлең жазып, «Дін – ғылымның анасы» дедім. Батыр бабам Райымбекті жырладым. Мұның бәрі болашаққа жолдаған ақтық хатым. Сүлеймен: – Балам, сендер өлді деп ойлағанмен, біз өлген жоқпыз. Тәніміз онда, жанымыз мұнда. (Пауза) Алланың құдіретімен адамдарды көреміз. Сондықтан қазақ аруақтан қорқады, аруақтан ұялады.
Мұқағали: – Мен де тазардым, әке! Компартияның билетін өзіне бердім. (Пауза) Мәңгілікке енер кезде әр пенде денесін ғана емес, рухын да кірден арылтып, жуу керек деп ойлаймын.
Сүлеймен: – Түйсігіңнің шырағы жанған екен! (Пауза) Ақылды пенде бәрібір азап шегеді! Қатты шаршаған секілдісің, соны байқап қасыңа жақындадым.
Мұқағали: – Әке, қанатымның қауырсыны сиреді! Лашын да қажыды! Ақындықтың қызығын көре алмады! Көрсете алмадым. Бар қолымнан келгені «Мықты едің ғой, мықты бол!» деп алдарқатамын. (Пауза) Қазір міне, пенделіктен қашықтап, бір ғажайып күйге ендім. Ұйықтап алсам қайтеді?!
Сүлеймен: – Болмайды, ұлым! Оның уақыты келген жоқ. (Пауза) Өз дүниеңе қайт! Ондағы халқыңа керексің. Ұлтыңның рухын жаманшылықтан қорға! Сонда ғана шейіт боласың. (Пауза) Ата-бабаң саған мынаны берді, (ұсынады) ала ғой.
Мұқағали: – Бұл не, әке?
Сүлеймен: – Сені бақытқа жеткізетін алмас қалам!
Мұқағали: – (Қаламды маңдайына тигізіп тәу етеді) Мен жолымды таңдаудан жаңылмаппын. Осынау сәт бір туар деп күткен ем! Мәңгілік жеңістің аппақ туы енді менің қолымда. Ризамын, әке!
Сүлеймен: – Алдыңнан жарылқасын, балам! Алмас қаламның ұшынан алтын төгіледі. Әулетің, елің оның қызығын көреді. (Пауза) Хош! Хош болып тұр, Мұхамедғали!
(Жарық сөніп, қайта жанғанда Мұқағали айғайлап оянады)
Мұқағали: – Әке! Әке! Кішкене кідіре тұршы… Әке-е! (Оянып орамалмен терін сүртеді. Сырттан Жәлел кіреді.)
Жәлел: – Кітап оқып отыр ем, дауысыңызды естіп… Сірә, жайсыз жатқан боларсыз. Сізге қазір тоңазытқыштан минералды су әкелейін. Ол адамды сергітетін дәрі (Шығып кетеді)
Мұқағали: – (Көрерменге қарап) Міне, Жәлел Кеттебек деген жас жазушы осы жігіт. Білімі терең, ойы биік. Шардарадан келіпті. Екеуміз де әдеби курста тыңдаушымыз. Ең бастысы, Жәлелмен сөйлессең, көңілің шайдай ашылады.
(Жәлел кіреді, ақынға су ұсынады)
Жәлел: – (Мұқағалиға қарап әңгімесін бастайды) Біздің оңтүстікте үлкендерді көке дейді. Жетісуда аға дейді екен. Екеуін де қоя тұрып, сізді – Мұқа десем, қалай қарайсыз?
Мұқағали: – (Ризалық пішінмен) Дұрыс қараймын. Мен де сені Жәлел деп тақылдамай, оңтүстіктің қазағы деп атайын. Қыркүйектің ызғары сүйектен өтетін Мәскеуде елді сағынудың белгісі болсын.
Жәлел: – Сөзіңіз құлағыма майдай жағады.
Мұқағали: – Онда келістік. (Қол алысады) Ал енді, оңтүстіктің қазағы, бүгін Мәскеудің сыртына шығайық.
Жәлел: – (Қалжың райымен) Ләппай, тақсыр! (Пауза) Алайда, баратын жердің қайда екенін білгіміз келсе, ұрыспайсыз ба?
Мұқағали: – Оның ешқандай құпиясы жоқ. Останкино қалашығының батысы, бетегелі боз дала.
Жәлел: – (Түңілгендей кейіппен) Ой, Мұқа-ай! Сіз де қызықсыз, сонда есіз даладан не табамыз?
Мұқағали: – Басты гәп сонда. Бұл саяхаттан ұтылмайсың.
(Сахна айналады, қаланың шетін көрсетеді, алыстан Кремль көрініп тұр)
Жәлел: – (Даланы көрсетіп) Міне, сіз қалаған жерге келдік.
Мұқағали: – Сен ең алдымен, жан-жағыңа дұрыстап қарашы!
Жәлел: – Қарадым.
Мұқағали: –Бұл жерде асқақтаған қала жоқ. Көк тіреген қамал жоқ. Тіпті, орман да жоқ. Айналаң мидай жазық дала.
(Пауза) Енді, аяғыңмен қара жерді нықтап бас! Содан кейін жүзіңді көкке бұр. Көздеріңді жұм. (Пауза) Төменде – жер, жоғарыда – аспан. Бүкіл болмысыңмен кеңістікті толтырып тұрсың. (Пауза) Осыдан не ұқтың? Арқаңды қоздырған әлем – ол қандай әлем?!
Жәлел: – Тоқтай тұрыңыз! Бірдемені сезген сияқтымын. Меніңше, ол… ол әлем – көшпенділер дүниесі!!!
Мұқағали: – (Арқасынан қағады) Міне, қазақы дүние деген осы! (Пауза) Жеме-жемге келгенде орыс – орманына, өзбек – махалласына тартады. Шексіз кеңістік –бұл біздің бәсіре әлеміміз! (Пауза) Қайсы анадан туғаныңды ұмытуға болады. Тек осы дүниеден шыққаныңды ешқашан ұмытпа!
Жәлел: – (Риза кейіппен) Расында бұл үлкен олжа болды! Тынысым кеңіп, өзім де арқаланып кеткен секілдімін.
(Екеуі даланы қызықтағандай болып тоқтайды)
Мұқағали: – Саған тағы бір сырымды айтайын. Мен Мәскеуге оқу іздеп келгем жоқ. Оны профессор Межиров та біледі.
Жәлел: – Сөзіңіздің мәнісін ұға алмадым.
Мұқағали: – Себебі, Әдеби курстың бағдарламасы маған таң емес. Оны Алматыда жүріп-ақ тауысып қойғам.
Жәлел: – Оқымасаңыз, несіне әуре болдыңыз?
Мұқағали: – Мәселе сонда. Өзің білесің биыл Алматыда Азия-Африка жазушыларының халықаралық конференциясы өтті. (Пауза) Ши шықпасын деген болуы керек, биліктегілер Мәскеуге баруымды сұрады. Қазақша айтқанда, жер аударды. (Пауза) Біріншіден, ұлтымды сыйладым. Екіншіден, Мәскеудің дәмі тартқанына қуандым. Мәскеу – асқақ қала, арман қала! (Пауза) Алайда, Алматыма жетпейді. Үйімді, бала-шағамды, Шолпанымды сағындым!
Мәскеуде, күз – қарда мынау,
Өзіңдей қыздар да жүр-ау!
Қасымда сендер жоқсыңдар,
Шолпаным, қызғалдағым-ау!
Ардақты бауырларым-ай,
Аяулы қауымдарым-ай!
Күн қайда ауылдағыдай,
Түн қайда тауымдағыдай!
Алматы, сағынғаным-ай,
Алатау, сағынғаным-ай!
Сағынғаным-ай!
Жәлел: – Қандай керемет тіркестер?! Өлеңнің отымен өртеп жібере жаздадыңыз.
Мұқағали: – Әй, оңтүстіктің қазағы! Сен де әдебиетке өмірден келдің ғой деймін.
Жәлел: – Солай секілді.
Мұқағали: – Ана жақта (басымен нұсқап) адамыңның болмағаны жақсы. Біздегі қамқоршылар баяғы Аспандияровтардай, Ораз Жандосовтардай ірі емес. (Пауза) Сырт көзге мардымсиды. Ал ақиқатына келгенде – басқа.
Жәлел: – Мынауыңыз қызық екен.
Мұқағали: – Енді шыжығын тыңда. Тырнағың өсіп, өз меніңді танытып, еркіндікке шыққың келгенде – қамқоршылар сені тастай қашады. Енді саған атақ-даңқты бөлісетін қарсылас деп қарайды. (Пауза) Дара шапсаң өлердей өшігеді. Міне, біз – осы жайларды бастан кешкен пендеміз.
Жәлел: – Қатты кеткен жоқсыз ба?
Мұқағали: – Бізде мәймөңкелеу көп. Өлең туралы шындық аз. Сөз әділ болмағаннан кейін, ақындардың бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Бәрі бір іннің тышқандары сияқтанады. Соларға мені де қосқысы келеді. Құйрығы селтиіп, көзі жылтырап, басқалардан аумай қалса дейді. (Пауза) Қарағым-ау, өлең әуесқойлардың ермегі емес! Ол – кие, ол – адамға қонған аруақ!
Жәлел: – Теңеуіңіз ақындықты дәл бейнеледі.
Мұқағали: – Мен әдебиетке – әдебиеттен келген жоқпын. Тіпті ол кезде теорияның, форманың бар екенін білмедім. Жанымның қуаты өлеңмен серттестірді. Меніңше талант деген – серттесу! (Пауза) Платон философияға, Александр Македонский соғысқа, Христофор Колумб саяхатқа жаралған. Мен – поэзияның адамымын.
Жәлел: – Сөздеріңіз ғылыми тұжырымнан кем емес.
Мұқағали: – Менің поэзияға көзқарасым бір күнде қалыптасқан жоқ. Әлденеше сатыдан өтті. (Пауза) Алғашында оны ермек көрдім. Өзімді өлеңнен жоғары қойдым. Бұл – менің ақымақ кезім еді. Бертін келе поэзия сәл биіктеді. Мен сәл төмендедім. Бұл – шырт ұйқыдан оянып, алапат сезімге бөленген шағым еді. Ең соңында әуестік жоғалды. Қыран құстай самғадым. (Пауза) О, құдая тоба! Мен енді – мен емеспін. Түгелдей өлеңге айналып кетіппін!
Жәлел: – Мұқа, сізге дейін поэзияның құдіретін бұлайша талдаған жанды кезіктірмедім. Оны далада тыңдау тіптен керемет екен!
Мұқағали: – Маған Пушкиннен, Петраркадан, Байроннан қалған жұрнақтарды жарнамалап жүрген жылнамашы деп қарама! (Пауза) Мен ешкімге ұқсамаймын. Осыны түсінбегендер – мені түсінбейді.
Жәлел: – Тыңдаушыңыз жалығатын емес. Дәмді сөз – дәл айтылған сөз.
Мұқағали: – Жақсы тыңдаушы ой шақырады. (Пауза) Мен өлеңде еуропалық емеспін. Қаны таза қазақпын. Басымда ақ қалпақ, аяғымда шоңқайма етік. Жуастау тор бестіні мініп алып, Хантәңіріне қарай кетіп бара жатамын. (Пауза) Кейбір ағайындар мені сол үшін ұнатпайды. Поэзияны өлердей сүйгенімді, Мәжнүн болғанымды қаламайды. (Пауза) Мәжнүндіктен есуастық туады дейді. Ұлы жырларды өлеңге жан-тәнімен берілген есуастар жазады десең таңғалады.
Жәлел: –Әр адам ғана емес, әр ұлт та өзінше дара. Біріне бірі көшірме болмауға тиісті. Осы заңдылықты мойындағымыз келмейді. (Пауза) Мәселен, Мұхтар Әуезовті не үшін «Шығыстың Шолоховы» дейміз?! Егер керісінше айтып, Шолоховты «орыстың Әуезовы» деші, ашылмас пәлеге қаласың. (Пауза) Өткір пікірлеріңіз ойымды жарқылдатты!
Мұқағали: – (Көңілденіп) Оңтүстіктің қазағы-ау, манадан бері күткенім осы ғой! Өйткені, Мұқағалиды ертең сендер іздейсіңдер! (Пауза) Ел аман, жұрт тынышта ұлттық рухқа еркіндік сұрап, ереуілге шығатындар бар. Олар – жанынан безгендер! Мен де жанынан безген ақынмын! (Пауза) Бойымнан бақсының жынындай адуынды күшті көрем. Бұл күш – қазақтың рухы! (Пауза) Егер, соны дұрыстап таныта алсаңдар, он жылдың ішінде мен сендерге жаңа Кенесарыны шығарып беремін!
Зәр ұсынған адамға нан ұсынған,
Алысудан аулақпын, шабысудан.
Ей, қазақтың баласы, есіңе ұста,
Өлсем өлем, сірә, мен намысымнан!
Жәлел: – Мәскеудің боз даласы арқаңызды қоздырды. Шабытыңызды шалқытты. Еркіндікті аңсаған сияқтысыз. Ұйып қалған қанатыңызды кең жазып, көшпенділер әлемінде самғағыңыз келді-ау, ә!?
Мұқағали: – Ойымның үстінен түстің. Кейде Алматыға сыймаймын. «Кешіргін, қала» деп өлең жаздым. Мәскеуге де сиятын түрім жоқ. (Пауза) Бүгін Пушкинге мұң шағамын. Ол да Құдайдың сүйген құлы. Пушкин мені қазағымнан да жақсы ұғады. Өйткені, «барлық ақын баласы бір ананың».
Жәлел: – Солай етіңіз, Мұқа! Пушкин бауырыңызбен оңаша отырып сөйлесіңіз. Ақындарша сырласыңыз. (Пауза) Мен жатақханаға қайта берейін. (Шығып кетеді)
(Экраннан Пушкиннің ескерткіші көрінеді. Мұқағали өлең оқиды)
Мұқағали: –
Ал енді қоштасайық, сардар аға,!
Мен ертең ұшып кетем сардалама.
Қыранның қырандығы – даласында,
Қыранның қырандығы – тауда ғана.
…Сөкпей де, өкпелемей қал балаңа,
Ақынның ақындығы – атақта емес,
Ақынның ақындығы – арда ғана!
Міне, біздің жағдайымыз осындай! Абай атамыз секілді мен де жұмбақ адаммын. Бүгінгіге түсінікісізбін. Бәлкім, ертеңгі ұрпақ жанымның сырын ақтаратын шығар?! (Пауза) Жаралы жауынгердей жамбасыммен сырғып, ақындықтың сөресіне өршелене ұмтыламын. Қырық жамау жүрекпен өлең үшін күрестім. Жазып отырып, ақ қағазын жастанып көз жұмған ақында арман болмайды! Өйткені, ол – шейіт! (Пауза) Сіз де, жалғандықтан баз кештіңіз! Дуэль деген жай сылтау. Ең сұмдығы, бақи дүниеге кеткіңіз келді. Неге?! Оның себебін әлі ешкім тапқан жоқ. (Пауза) Ойлап қарасам, қырық жылдық ғұмырдың өзінде бітіргенім аз болмапты. Мен құнымды өтедім! Енді демалатын кезім жеткен сияқты. (Пауза) Құласам да, жыласам да қазақ үшін аянғаным жоқ. Сондықтан, біліп істеген және білмей істеген кінам болса кешіңдер! «Артымызда шала емес, жарқыраған шоқ қалсын, Ей, болашақ, ұмытарсың, бәлкім бізді жоқтарсың!» Хош, көкірегі дана, болмысы дара, аяулы халқым!
Нұр жауып тұрған көктемде,
Гүл тере барсаң бөктерге.
Қоңыраулатқан аспанды,
Найзағай шаншып өткенде,
Есіңе мені алғайсың!
Ақ ұлпа жерді жапқанда,
Ағаштар сырға таққанда.
Бозарып атқан ақ таңда,
Бозарып тұрып ақпанда,
Есіңе мені алғайсың.
ШЫМЫЛДЫҚ