Мұқағали туралы әңгіменің жаңғыратыны және жалғасатыны заңдылық. Өйткені ақын жырлары өміршең. «Өткірдің жүзі, кестенің бізі» сала алмайтын өрнекті хас талант көркем сөзбен жүректерге тоқыды. Ойшылдық пен суреткерлікті ұштастырды. Ақын шығармашылығы жайында аз айтылған жоқ. Соған қарамастан, қырлары мен сырларында құпия көп. Іздеушілерін толғандырады, ойландырады. Тереңіне сүңгітеді, биігіне жетелейді. Осы еңбектердің бәрі мұқағалитануға қосылатын үлес.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың әңгімесі қызық та мазмұнды, ауқымы кең. Мемлекет қайраткерінің көзқарасымен де баға береді. Сонымен қатар, жазушының қызы ретіндегі жадына сақталған әдемі естеліктерімен бөліседі.
– Ақтоты ханым, көлемі шағын болғанымен «Мұқағали» журналының өткен нөміріне шыққан естелігіңіз әсерлі. Ақынға деген ыстық ықыласыңызды білдіреді. Осы оқиғаның мәнісін таратып айтсаңыз қалай болады?
– Сіз алдымен әлеуметтік желіден көрініп, одан кейін «Мұқағали» журналына жарияланған фотосуретке қатысты сұрап тұрсыз ғой. Ішінде әкем бар бұл жәдігер біздің үйде жоқ еді. Нағыз жайдарман жаңалық болды. Қазақтың атақты ақыны Асқар Тоқмағамбетовтың қызы Аягөз ханым бәріміз үшін тосынсый жасады. Көне сурет көзіме оттай басылды. Әкем Рахметолла Райымқұловпен бірге жүрген ақын-жазушылар менің де жаныма жақын. Ол кісілерге баяғыдай еркелегім келді. Балалық сағынышпен тебірене қарадым. Әбділда Тәжібаев, Мұқағали Мақатаевтар тіріліп келіп столды айнала қоршап отыра қалғандай.
Қаламгерлердің шабытты шақтары, өзімнің балдәурен күндерім кәдімгі киноның лентасындай көз алдыма келді. Сол кезеңдердегі жазушы әкелеріміздің әрқайсысы бір-бір тұлға еді ғой! Олар әдебиетте де, өмірде де ірі қалыптарынан айнымады. Тұрмыстың ұсақ-түйектеріне назар салмайтын. Қазақ әдебиетінің жай-күйі, ұлттың болашағы толғандыратын. «Ақырын жүріп, анық басты». Небір игілікті істерді сапалы атқарды. Сондықтан 60-шы жылдарды қазақ әдебиетінің алтын ғасырына теңейміз. Егер осындай білім мен танымға бай зиялы орта болмаса, нартұлғалар қайдан шығады? Соның бір дәлелі және бірегейі Мұқағали Мақатаев емес пе?!
Өзіңіз білесіз, жырсүйер қауым ақпан айын асыға күтеді. Ел Мұқағалиын еске алады. Ол арыны мен дарыны адамдық жаратылысына үйлескен ерекше жан. Асқақ тұлғасы аспантаудың асқар шыңы Хантәңіріне ұқсайды. Дауысы да құлағымда. Көктем келгенде жасынды жарқылдатқан күндей болып күркірейтін.
Отбасымызға жақын жандардың бірі Мұқағали еді. Себебі әкем екеуінің түйсіктері мен түсініктері тез қабысатын, тез табысатын. Әңгімелескенде бірін бірі толықтыратын. Жандары шуақ шашатын. Өзіңді ұққан адаммен сыйласқан да, сырласқан да бір ғанибет қой.
Меніңше, ақын «Сәби болғым келеді» деген өлеңді жай жаза салған жоқ. Бұл – рухани тазалыққа құмартудан туған ғажайып жыр. Шығарманың лирикалық кейіпкеріне қараңызшы, тура ақынның өзінен айнымайды. Мұқағали да көңілі көркем, жүрегіне кір тұрмайтын бала мінезді адам болды. Қазақта «Бала – тамыршы» деген мақал бар. Бүлдіршіндер сезгіш, жаны жұмсақ жанды жазбай таниды. Сондықтан шығар, Мұқағали атамыз мені қасына шақырса жатырқамай жетіп барады екенмін. Алдына отырғанды жақсы көріппін. Ақиық ақынның аялы алақаны маңдайымнан сипағанын мен үнемі жақсы ырымға баладым.
– Өлеңдерімен қалай сусындайсыз?
– Мұқағалиды оқымау мүмкін емес. Ақынның жыры – өмірдің сыры. Талғамыңды өсіреді, танымыңды тереңдетеді. Лапылдаған оты бар ойшыл өлеңнің шапағатына ғана бөленбейсің, ұлы ұстаздың дәрісін тыңдағандай сергіп, бойыңа күш пен қуат дарытасың.
Мақатаев биігі ешқашан аласармайды. Сондықтан пікірімді хакім Абайдың « Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» дейтін пәлсапасымен түйіндегенді жөн көрдім.
– Ақтоты ханым, «Талантты құрметтеңдер тірісінде» деп еді Қадыр Мырза Әлі ағамыз бір өлеңінде. Сіз өскен шаңырақтың Мұқағалиға арналған ізгі ілтипатын білдік. Ата-анаңыздың сондағы әңгімелерінен құлағыңызда қалған не бар?
– Әкем шығармаларын қара сөзбен жазса да, жақсы өлеңге қуанып марқаятын жан еді. Мақатаев жырларындағы ерекшеліктерді елден бұрын таныды. Ақын үйімізге келсе қуанышы қойнына симайды екен. Ғажайып өлеңдер Мұқағалидың диктор дауысымен орындалғанда тіптен құлпырады ғой. Сенсеңіз, мен ата-анамның ақынға деген ықыласын сөзбен айтып жеткізе алмай отырмын. Тірісінде мансап пен марапат бұйырмаған жыр тарланы күнделікті өмірде елеусіздеу көрінгенімен, сөз таныған жұрттың құрметіне бөленбей қалған жоқ
Енді жоғарыдағы фотосуреттің жайына тағы бір тоқталайын. Ондағы жазушылар Сыр еліне іссапарға барған екен. Сол топтың құрамында Мұқағали да болыпты. «Сыр елі – жыр елі» деген бекер теңеу емес. Барлық кездесулерде Мұқағали жұрттың көңілінен шыққан. Оқырмандар қошемет көрсетіп, сатырлата қол соққан. Суреттен қаламгерлерді анық байқайсыздар. Мұқағали өзінің рухани әкесі атанған адаммен Қызылордада бірге жүргені көп жайды аңғартса керек. Қысқасы, ақиық ақын сол сапардан Алматысына қанаттанып қайтқан. Қаламгер өмірінде мұндай қуанышты сәттердің аз болғаны, әрине, өкінішті!..
Мұқағалидың мықтылығын ақынның көзі тірісінде алыптар тобының өкілі, классик жазушы Ғабит Мүсірепов те мойындаған. 1973 жылы 17 наурызда ол кісімен қалай әңгімелескені ақынның «Күнделіктерінде» бар. «Аққулар ұйықтағанға» тебіреніп пікір айтты» дейді Мұқағали. Одан кейін алтын қалам сыйлапты. Ақын өзіне көрсетілген құрметтің қарымтасы ретінде «Ғабеңе» деген атақты өлеңін жазады. Сол кезеңдерде біз білмейтін мұндай оқиғалар аз болмаған сияқты. «Талант – тас жарады» деген осы.
Мұқағали өз бойындағы қабілет-дарынды тиімді пайдаланды, ысырап етпеді. Уақыттан ұтылмады. «Майданға түспей бәйге алмады». Ақиқат жолымен ғана жүріп көздеген сөресіне жетті. Өйткені, еңбек пен ізденістің тізгінін әрқашан тең ұстады. Осыншама жұмыстардың абыройлы нәтижесі – артында қалған асыл жырлары! Қызығын ұрпақтары мен халқы көреді.
– Сіздің әкеңіз, жазушы Рахметолла Райымқұловтың «Түйелі адам» деген хикаятына Мұқағали Мақатаев оң баға беріп, сараптамалық мақала жазған екен. Егер осы мақала отбасылық архивте сақталса, бізге үзінді оқып беруге қалайсыз? Бұдан кейін екі қаламгердің қарым-қатынастары бұрынғыдан да еселене түскен шығар?
– Ең алдымен анам Мәкизаның сөзіне тоқталайын. «Әкең – Мұқағали Мақатаевпен бірге туған бауырдай сыйласты. Сол қалыптарынан өзгермеді. Екеуі шалғайдағы екі өңірдің тумасы. Оларды қауыштырған рулық аталастық емес, рухани жақындық. Несін айтасың, біз білетін Мұқағали жігіттің нағыз төресі еді! Өте сезімтал, қағілез жан. Көзіңе қарап тұрып жүрегіңе үңіледі. Адалдықтан аттамайды, адамдыққа бас иетін. Өзім дегенге өзегін жұлып беруге дайын тұратын», – деуші еді.
Соның дәлелі өзіңіз айтқан мақала. Қолым қалт еткенде оған қайталап қарайтыным бар. Мұндағы сөйлемдер шын жүректен туған. Жасандылықтан ада. Ақынның оқырман ретіндегі және сыншы ретіндегі ризалығы шығарманың өнбойынан анық байқалады.
1962 жылы жазушы Рахметолла Райымқұловтың «Түйелі адам» деген повесі шығады. Сол жылдың 20 шілдесінде Мұқағали Мақатаевтың «Бір күн, бір түннің оқиғасы» деген мақаласы «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланыпты. Автор «Түйелі адам» повесін сыншылық көзқараспен таразылайды. Бүкпесіз ой айтады, пікір білдіреді. Осы мақала арқылы жазушыны жігерлендіреді. Қаламгерлік сенімін нығайтады. Көркем сөздің құнын Мұқағали секілді дәл танитын адамның бағасы әншейін оқиға емес. Қазір ол тіптен қымбат, көзге оттай басылатын жәдігерге айналды.
Енді өтінішіңіз бойынша мақаладан оймақтай үзінді оқиын.
«Түйелі адам» повесі туралы бірқатар жолдастар «Жақсы повесть, бірақ Маин Ридке еліктеген» дегендей пікір айтады. Мақұл-ақ делік. Еліктеудің де еліктеуі бар, біздіңше, Р. Райымқұловтың «Түйелі адамы» Маин Ридтің «Басы жоқ салт аттысының» қанжығасында кетпеген, дербес көркем туынды.
…Повесте жазушы әр тектес адамдардың жан дүниесін іс-қимылдары арқылы шебер де жатық тілмен жан-жақты көрсетеді. Оқушының назарын баурап алатын оқиға желісі де шымыр, ширақ. Табиғат суретін жасауда да жазушының жаңа бояулар іздегендігі көрініп тұр. «Ұшы-қиыры жоқтай көкпеңбек кең дала жаядай жайылып жатыр. Дала төсін қақ жарған қара жол иегін тым ұзаққа арта түсіпті. Жетіп көр дегендей о да бұлдырап, алысқа меңзейді», – дейді. Райымқұловтың тілі оралымды, өзіндік үн-сазы бар…
«Түйелі адам» – әдебиетіміздің қорына қосылған сапалы шығарма.»
– Бәрекелді! «Бәрі де кеше еді ғой, кеше еді ғой» деп ақынның өзі айтқандай, көп нәрсені еске түсірдіңіз. Енді келесі сұраққа көшейік. Ол – Мақатаевты шетел тілдеріне аудару жайында. Бүгінгі таңда ақын жырлары әлемді шарлай бастады дейміз. Әрине, ондай ақпараттар қуандырады. Десек те, осы аудармалардың өз оқырмандарына әсер ету деңгейі, көркемдік сапасы қандай деген ой туады. Бұған қатысты не дейсіз?
– Ең басты шарт – аудармамен жұмыс істейтін қаламгер оның үлкен өнер екенін білуі керек. Аудармашылыққа да талант, білім мен жауапкершілік қажет. Содан кейін ғана түпнұсқаға жақындайды. Теңессе тіптен жақсы. Сонда ғана толыққан шығармаға айналады. Осы деңгейде тәржімаланса ақын өлеңдерін шетелдіктер әрі түсініп, әрі тұшынып ризалықпен қабылдайды. Әлемдік тәжірибенің мектебі өте күрделі.
Аудармада прозадан гөрі поэзияның жолы нәзік, салмағы ауыр. Олай болатын себебі, поэзия ұйқаспен орындалады. Барлық толғаныс, сурет пен ой соның аясына сиюы керек. Жалаң тіркес, жадағай тіл әккі аударманың жүгін көтере алмайды. Мәселен, Пушкинді қазақшалау үрдісін мысалға алайықшы. Елімізде оның қолға алынғанына 80-90 жылдың жүзі болды. Бұл деген ғасырға жуық уақыт. Бірақ Пушкинді қазақша сөйлету әлі күнге дейін қиын. Орыс тілін жете меңгерген аудармашылардың өзі Абайға жете алмады. Ал Абайдың алапат күші Пушкинді қазаққа айналдырып жіберген. Сондықтан «Татьянаның қырдағы әнін» бүкіл Шыңғыстау өңірі төл шығармасындай жаттап, жадына тоқыды. Оны даланың қоңыр әуеніне қосып шырқады.
Мұқағалидың шет тілдеріне аударылуы да сондай деңгейге көтерілсе, бар халыққа түсінікті сипатта әсер беріп, планетаны еркін араласа дейсің. Шүкір, оған алғашқы қадамдары жасалып жатыр. Ақын өлеңдері «Нью-Йорк» баспасынан шықты. Түрікше де сөйледі. «Зов души» болып 1977 жылдың өзінде-ақ кітабы орысша жарық көрген. Әрі қарай жалғасуда. Қайша Тәбәрікқызы деген қандасымыз қытайшаға аударды. Монғолша, татарша, қырғызша деген секілді, әр тараптағы аудармашылар өзара жарысқа түскендей белсеніп жатыр. Француздар да ынталы көрінеді. Санын есептесек жаман емес, сапасы да соған лайық болса дейміз. Әрине мұның бәрі қоғамдық ұйымдар, қоғамдық қорлар негізінде орындалған істер. Осының бәрін ойлағанда мұқағалитану орталығының қажеттігі уақыт өткен сайын біліне бастайды.
Жазушы Марат Қабанбайдың Мұқағали туралы жазғаны бар. «Ұлы ақындардың тағы бір белгісі – өзге тілге өліп кетсең де аударылмайтыны. Аударылады, бірақ аты ғана. Мәселен, Мұқағалиға сары шашты парик кигізіп, жирен сақал, мұрт жапсырған секілді» деген еді. Ақиық ақын жырларындағы тереңдік пен сұлулық шетелдіктерге тура қазақтың өзіндегідей жарқырап көрінсе қандай керемет! Менің айтайын дегенім де осы. Басталған іс тоқтамайды. Мұқағали өлеңдері ақырындап шет тілдерінде сөйлеп жатыр. Сөйтіп саннан сапаға ауысады. Ең бастысы, аудармалар «аллеясының» негізі қаланды.
– Ән шығарудың заңдылығын жақсы білесіз. Бұл жерде композитор мен ақынның үйлесімі өте қажет. Ол – өнер құлпысын ашатын алтын кілт. Мұқағали композиторлармен көп тізе қоспаса да үйлесу ережесін мұқият сақтаған тәрізді. Өлеңдерінің бәрі әнге сұранып тұр. Бұл нені аңғартады?
– Мұқағалидың жұмбағы көп қой, бұл ерекшелік те соның бір парасы. Жыр шумақтарына шындап құлақ тоссаңыз бәрін аңғарасыз. Арасынан қазақтың әсем әуені естіледі. Оны композиторлар мен сазгерлердің байқамауы мүмкін емес.
Мұқағали музыканы терең түсінген адам. Бетховенді, Моцартты өзінше зерттеді. Құрманғазы мен Тәттімбетті тыңдамай тұра алмады. Адамзат үшін өнер ортақ құндылық. Ақын дүниенің осы қасиеттерін жүрегімен, жанымен ұқты деп ойлаймын. Бәлкім, қалам ұстаған сәттерінде көкірегін ән кернеген шығар.Сондай әуездің жыр жолдары болып қағазға түскеніне шүбә келтірмеймін.
Кейде Мұқағали Мақатаевтың бір сөзіне бірнеше композитордың қатарласып ән жазатыны бар. Соның бірегей мысалы деп Нұрғиса Тілендиев пен Елена Әбдіхалықованы айтар едім. Екеуі де «Есіңе мені алғайсыңды» таңдады. Қызығы сол, екі ән де тыңдаушыға ұнады. Олар ақын биігін екі қырынан көрді. Оны өздерінше игерді. Қателескен жоқ. Демек, дұрыстап түсінген өнерпазға Мұқағалидың поэзия кеңістігі ән әлеміндей болып сезіледі. Көк теңізге шыққандай шалқисың. Айдарыңнан жел еседі. Шабыт желкенін көтер де жүзе бер.
Ән халықтық нақыштарымен құнды. Әсіресе, жас композиторлардың бұл қағиданы ескергені жөн. Себебі ақын шығармаларына ден қойған композитор мұқағалитанушының рөлін атқарады. Ән шығаратындар кейде ақынның жоғарғы леппен жырлаған сөздерін музыканың мұңлы ноталарына күштеп бағындырады. Керісінше, мұңлы өлеңдер эстрадалық жеңіл әуеннің жетегінде кетеді. Ондай шығарманы халық сүйініп қабылдамайды. Абай атамның тіркесін сәл өзгертіп «сөз түзелді, тыңдаушым, саз түзелсін» десек бәріне түсінікті болар.
– Ақынның бесінші мерейтойынан не жаңалық күтеміз?
– Жұрт өзі ұнатқан тұлғаға барлық жақсылықты тілейді. Мұқағали секілді заңғар ақынның тойы республикалық мәртебемен дүркіресе дейді. Әрине, оқырманның ойын жақсы түсінеміз. Алайда, тарихи тұлғалардың мерейтойларын бүкіл елдік деңгейде қай кезде атау керектігін белгілеген заң бар. Амандық болса оған да алыс емес, он жыл қалды. 100,125,150,175 жылдықтар болып жалғасады. 90 жылдық та керемет мерейтой. Бірақ ол өз заңдылығы бойынша аймақтық өлшемге бағынады. Сондай негізде қаржы-қаражат қарастырылады.
Десек те, мерейтойға демеушілік жасайтын қоғамдық сипаттағы ұйымдастыру жұмыстарына тосқауыл жоқ. Мемлекеттік емес ұйымдар қандай шешімдер қабылдайды, оны өздері белгілейді. Мұқағалиға арналған мұндай игілікті істер аз емес. Мәселен, «Мұқағали Мақатаев» халықаралық қоғамдық қоры «Қазығұрт» баспасымен біріге отырып ақынға арналған он томдықты шығармақшы. Оныншы кітабы библиография. Ақын шығармалары қайда жарияланды, Мұқағали туралы кім не жазды, оны қайсы басылымнан табуға болады деген секілді сан алуан сұрақтардың жауабын енді оңай кезіктіресіз. Бұл – ізденушілер үшін үлкен көмек.
Екінші ерекшелік – көркем фильм. Мемлекеттің мұрындық болуымен «Мұқағали» атты толық метражды кино экранға жолдама алады. Киноөнімнің тұсаукесері күздің ортасында өтеді деп жоспарлануда. Сценарийдің авторлары – Жүсіпбек Қорғасбек, Болат Қалымбетов, Ғазиз Насыровтар. Режиссері Болат Қалымбетов. Сөйтіп, Мұқағали Мақатаев кинокейіпкер ретінде көрерменмен қауышады.
Фильмде қаламгерліктің тыныс-тіршілігі, табысы мен тартысы, әдеби ортаның әрекеті мен харакеті, «өмірде ақындардың бәрі жалғыз» екені баяндалады. Нұрғиса Тілендиев пен Бауыржан Момышұлына қатысты жайлар көпшілікке ұсынылады. Тағдырына тура келген серігі Лашын мен ақын қарындасы Фаризаның бейнелері де суреттелген. Бұл фильм – Мұқағали туралы көркемсуретті кионтуындының басы. Шығарма сонысымен құнды және сонысымен қызық. Өткен жылы ғылыми ізденістер нәтижесінде “Мұқағали тілі сөздігінің” жарық көргенін де айта кеткеніміз жөн.
Уақыт өткен сайын Мұқағали мұраларының жаңа парақтары жарқырап ашылуда. 90 жылдық мерейтойдың ерекшелігі қандай дегенде, осыларды тілге тиек етеміз.
– Жоғары жақтың ресми шешімі жоқ екеніне қарамастан күллі қазақ жұрты 9 ақпанды Мұқағали күні деп ұғады. Жер-жерде поэзия мерекелері өтеді. Соған қарап түйген ойымыз мынандай, Мұқағали күнін заңдастыратын мезгіл жеткен сияқты. Сіздің пікіріңіз қандай?
– Қаламгер үшін елдің құрметіне бөленуден артық бақыт жоқ. Мұндай ұлы мәртебе кез-келген жазушының пешенесіне бұйырмайды. Сондықтан, 9 ақпанның беделі биіктемесе аласармақ емес.
Сіз мәселені дұрыс қозғап отырсыз. Бұл өзі назар аударатын жай. Мақатаевтың атақ-даңқына сай келетін шара. Сондықтан, біздің тараптан қарсылық жоқ. Тек оны күн тәртібіне шығарудың өзіндік тәртібін сақтаған жөн. Алдымен белсенді топтың ұсынысы дайындалады. Ол облыс деңгейінде қаралып, жергілікті биліктен толық қолдау табуы керек. Одан кейін ұйғарылған хаттамалар министрлікке жолданады. Біз Үкіметтің қарауына береміз. Содан кейін ғана мемлекеттік шешім қабылданады. Заңдық негізге сай келетін «Мұқағали күні» белгіленіп қалар деп үміттенемін.
– Ниетіңізге рахмет, Ақтоты ханым! Осы сөзіңізбен-ақ бізді қуандырдыңыз. Сөздің соңында он алты жылдық тарихы бар «Мұқағали» журналының оқырмандарына жолдайтын қандай сәлеміңіз бар?
– Ақын – оқырмандарымен мәңгі. Мұқағали мұрасы – өлең сүйер қауымның бәріне ортақ. Халқымыздың баға жетпес байлығы. Ақын аманатын арқалап жүрген журналға, оның «көкірегі сезімді, тілі орамды» оқырмандарына толағай табыс тілеймін!
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Батық МӘЖИТҰЛЫ