мерейтойлық репортаж
90 жылдық мерейтойды қорытындылау қара күзге тап келді. Сол күні таулы өңірде қар қылаулады. Алайда ауа райындағы өзгерістер жыр мерекесінің салтанатына кедергі келтірген жоқ. Себебі алғаш рет індеттің беті қайтқандай болып, көңілдерге үміт мен қуаныш ұялаған. Қазан айының бірінші жұлдызында ақынның кіндік қаны тамған Қарасаз ауылында «Алаш жырының ақиығы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Ал келесі күні Нарынқол ауылында Мақатаевтың асқақ ескерткіші ашылды. Біз аталған репортажда осы оқиғалардың ретін ауыстырдық. Ең үлкен жаңалықты алға шығардық. Әңгімені аудан орталығынан бастағанды жөн көрдік.
Мұқағали ескерткіші – поэзияға қойылған ескерткіш
Ескерткіш – бесінші мерейтойдың ерекшелігі. Оның Нарынқолда бой көтеруінде өзіндік заңдылық бар. Мұқағали орта мектепті осы ауылда бітіріп, кәмелеттік аттестат алды. Осындағы аудандық «Советтік шекара» газетінен Алматыға аттанды. Соның бәрі ақынмен замандас аға ұрпақтың көз алдынан тізбектеліп өтіп жатты.
Мүсіннің жамылғысы сыпырылып, лентасы қиылған соң Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысы Қырымбек Көшербаев сөз алды. Бүгіннің мәселесіне тоқтала отырып, ақынның ғасырлық мерейтойына арналған дайындықтарға назар аударды. Оның ЮНЕСКО көлемінде тойланатынын тілге тиек етті.
– Мұқағали өткен мен жаңаның арасын жалғаған алтын көпір. Ақын өлеңдерінде қазақ әдебиетінің халықтық дәстүрі мен жаңа заманның үйлесімдері кереметтей тоғысқан. Қазақтың Абайдан басталатын жазба әдебиетін әдемі жалғап, өзінен кейінгі ақындарға соны сүрлеу салып берді. Сол себепті – ескінің соңы, жаңаның бастауы десек болатындай. Мұқағали поэзиясы сонысымен құнды.
Өмірін өлеңіне сыйдырған, поэзияның парасатын шырқау биікке көтерген, қазақтың қара сөзінің қадірін арттырған Мұқағали Мақатаев қандай құрметке де лайық. Биылғы 90 жылдық торқалы тойының кең көлемде аталып өтіп жатқаны соның бір белгісі.
Елбасының, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай ақынның алдағы ғасырлық тойы ғаламдық деңгейде атап өтілетіні туралы ұсыныс дайындалып жатыр. Той құтты болсын, ағайын! Халқымыздың рухы Мұқағали жырларындай таза, Хантәңіріндей асқақ, Көлсайдай көрікті болсын, – дей келе Қырымбек Көшербаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын мерейтойына арнаған Құттықтауын (журналдың үшінші бетінде) оқып берді.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Ақынның атамекеніне ерекше әсермен, зор толғаныспен келдік. Мұқағали жырларының жас ұрпаққа берер рухани тәлімі мол» деп жылы лебізін арнады.
Мерейтой аясында ауданда көптеген игі істер қолға алынды. Қарасаз ауылы қайта абаттанды. Нарынқолда 50 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Той күні жаңа қоныстарына көшкен тұрғындар бұл сәйкестікті жақсы ырымға балады.
– Райымбек ауданы қайтадан түрленді. Тұрғын үйлер, еңселі ғимараттар көптеп бой көтерді. Ауыл келбеті ажарланды. Жастар туған жеріне ту тігіп, осында қызмет етіп жатыр. Бүгінгі ұлы тойда сондай азаматтардың бір тобы жаңа шаңыраққа қоныстанды. Олардың қуанышты сәттеріне куә болдық. Ақын рухы қолдасын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз баянды болсын! – деді облыс әкімі Амандық Баталов.
– Орда бұзар отызында арман жүгін арқалап Алматыға аттанған Мұқағали ағамыз 90 жасында ескерткіш болып туған жердің тұғырына қонды. Бұл – ұлттық поэзияға, қазақтың намысына, тілі мен жүрегіне қойылған ескерткіш, – деді көрнекті ақын, Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет. Бұдан кейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, аспантаудан түлеген ақын қыз Мақпал Мыса Мұқағали атасына жыр арнады.
…Кеңістікті өзіне жұптап алып,
Ұлылықтың қадірін ұққаны анық.
Жетті бүгін жеріне киелі құс,
Шалкөденің шалғынын шыққа малып…
– деді ол жыр маржанын тізбелеп. Тұлпардың тұяғы Жұлдыз Мұқағалиұлы да перзенттік толғанысын өлеңмен кестеледі.
Бозғылт таңда боз күрең кісінеді,
Ақын жанын кім бойлап, түсінеді?
Өз Музасын қастерлеп жалау еткен,
Қайран әкем сонда еске түсіп еді.
Ол шуақтың ақыны, жылын оған,
Жаурағанды жылытып, жырға ораған, – деді.
Қара өлеңнің тойы Қарасазда шалқитыны бесенеден белгілі. Аудан орталығы атанғалы сол дүбірге Нарынқол да қосылды. Ел мерейін көтерді. Бердібек Соқпақбаевты, Еркін Ібітановты, Сағат Әшімбаев пен Баққожа Мұқаиларды түлеткен Нарынқол әлі талай игі шаралардың көрігін қыздырады деген сенімге бөлендік.
Мұқағалитану – тың ізденістермен тереңдейді
Қарасазда өткен «Алаш жырының ақиығы» атты ғылыми-практикалық конференция тың көзқарастарымен тыңдаушыларын серпілтті. Алқалы мәжіліске ғалымдар мен қаламгерлер, әдебиет сыншылары, алыс-жақын шетелдерден келген мәртебелі қонақтар қатысты. Сондай сипатымен халықаралық мазмұнға ие болды.
Ғылыми-практикалық конференцияны ақын, филология ғылымының докторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып ашып, жүргізіп отырды.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет шараның кіріспе сөзін айтып, конференция шымылдығын ашты.
– Мұқағали Мақатаев қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы классигі. Ақиқатты айтуға болмайтын уақытта оны ашынып та астарлап айтқан шын мәніндегі халық ақыны. Ұлт мақтанышы. Қазақ поэзиясының жарық жұлдызы. Мұқағали Мақатаев көзі тірісінде лайықты бағаланбай, даңқы өлгеннен соң шыққан дарындылардың санатына жатады.
Мұқағалидың бір ерекшелігі өмірдің тар жол, тайғақ кешуінде бастан өткізгенін, көрген-білгенін, сезіп-түйгенін жүрегінде қайнатып, санасына сүзіп, көңіл елегінен өткізіп, образға орап, сезімге бөлеп оқырманға шебер жеткізген. Ақынның мәңгілік ғұмыры жалғасып жатыр.
Мұқағалидың тереңдігі – мұхиттың тереңдігіндей. Ол тереңдікте қандай маржан жатқанын біз әлі толық білмейміз. Бүгінгі конференцияда сол маржандардың бірқаншасы уысымызға ілігіп қалар деп отырмын, – деді Ұлықбек Есдәулет ойын бейнелі тіркестермен түйіндеп.
Бұдан кейін «Азаттықты аңсаған ақын» деген тақырыппен «Мұқағали» журналының бас редакторы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Батық Мәжитұлы баяндама жасады.
– Мақатаев – халықтық тұлға. Мақатаев мұрасы – қазақтың қазынасы. Ол туралы әңгімелер таусылмайды. Сондықтан бүгінгі сөзді қысқа қайырып, азаттықты аңсаған Мұқағалиға тоқталайын.
Ақынның «Автограф» атты өлеңін бәріңіз жақсы білесіздер.
Сырым да осы, жырым да осы алдыңда,
Байқашы бір, бықсыдым ба, жандым ба?!
Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты,
Мұқағали Мақатаев бар мұнда, –
дейді жыр тарланы. Қаламгер осы сертінен танбады. Өлеңдерін ерлік пен өрліктің отына суарды. Әр қазақтың көкірегіне алаштың рухы болып ұялады. Ар-намыстың жолында Махаңдарша күресті. Оның дәлелі – алдыңыздағы асыл жыр.
Ол өлең жазудың қуанышын місе тұтқан жоқ. Дүниенің арғы-бергісін кең бағдарлады. Кемел биікке көтерілді. Философиялық ой айтудың әлемдік дәрежесін меңгерді. Оқуын тоқуына ұластырды. Терең біліммен сусындады. Өкінішке орай, заманынан асып туған хас таланттар қашанда азап шегеді. Өйткені, «өмірде ақындардың бәрі жалғыз».
Мақатаевты халқының тағдыры, оның азаттығына қатысты мәселелер үнемі толғандырды. Ақынның асқақ рухы билік сызған шеңберге симады.
Мінезін бермей түлкінің,
Жүрегін бердің қасқырдың…
Қапыда кейде қан құсып,
Қасқырмын дедім, қасқырмын.
Кеудеме мына нан пісіп,
Басыммен барып тасты ұрдым, –
деуі жүректің сөзі. Қызыл империяның қыспағына қарамастан «Айтсын деп ақиқатты тіл берілген» деп бұлқынуы табиғи болмысқа тән адалдығы еді.
Ол талантының арқасында қазақтың жандауысын қағазға түсірді. Қарая бастаған саналарға нұр септі. «Оян, қазақ!» ұранын шеберлікпен жаңғыртты. Ағарту жолында аталар арманын тірілтті. Ұлт алдындағы парызын, мойнындағы қарызын ойдағыдай өтеді.
Бұлай дегенде, әсірелеп отырғанымыз жоқ. Бәрі ақын жырында сайрап тұр. Мысалы, балалар жаттаған «Үш бақытым» өлеңін қайталап оқыңызшы. Ақын қазаққа керек үш бақытты бөліп қарастырған. Неге олай? Себебі, осынау үш қажеттілік түгел болса, ел атанудың заңдылығы толық сақталады.
Ошақтың үш бұты секілді киелі тұғырдың біреуін құлатсақ, аманатқа қиянат жасағанымыз. Жеңіс туын қолдан бергеніміз, қор болғанымыз. Егемендік үшін күрес биік талғамнан, ақ-қараны ажырататын танымнан басталады. Ұлттық мұрат – әр қазақтың келешегі. Ақын өз оқырманын осыған тәрбиеледі. Уәдеден таймауға, қиындықтан қашпауға шақырды. Асыл жырдың астарына үңілсеңіз, асқақ ойлар арқаңызды қоздырады.
Ақын үш құндылықты негіз еткен қарапайым теорияны алдымызға тартты. Бірінші бақытың – халқың, екінші бақытың – тілің, үшінші бақытың – Отан деді! Осылардың біреуін тәрк етсең, бақыт құсы басыңнан ұшады. Егер халқың көбейіп, тілің құрыса, өскеннен, өркендегеннен не пайда?! Бұл – тірі жүріп жоғалғанмен бірдей. Ал, тіл мен халық түгенделіп, Отансыздыққа ұрынсаң, құлдықтың қамытын кигенің! Үш күн бірдей күлімдеп нұрын төксе – азат өмір сүргенің! Сонау 70-ші жылдардың аясында ақиық ақын көкейімізге азаттықтың ұрығын септі. Сондықтан Мұқағали Мақатаевты күрескер емес деуге аузымыз бармайтын шығар?!
Құдайсыздықты уағыздаған коммунистік идеология қазақы тәрбиені ірітті. Зиялы жандар зиянды құбылысты байқамай қалған жоқ. Оның алдыңғы қатарында Мұқағали да бар еді. Заман осылай кете берсе, бабалар дәстүрі эррозияға ұшырайды. Ұлттық иммунитетке қауіп төнеді. «Малымды алсаң ал Құдай, пейілімді алма» деген өсиет мазмұнынан айырылады. Ақынның жүрегінен жас тамшылады, шиыршық атты. Содан кейін қаламды қару етіп атқа мінді, шындықты жырмен баяндауға бел буды.
Ақсақалдар не деген керім еді!
Не біледі, осы жұрт не біледі?!
Бабалардың баласы – қариялар,
Сиреп бара жатқандай көрінеді…
… Ақиқатты айқындап жариялар.
Бара жатыр азайып қариялар.
Дауыл тұрса бүлк етіп толқымайтын
Бара жатыр сарқылып дариялар
немесе,
Әже, сен бірге жүрсің меніменен,
Өлімге мен өзіңді телімегем.
… Ақ кимешек астынан сені көрем,
Ақ кимешек жоғалса, нені көрем?!
– деп бүгін мен ертеңге ақындық жолдауын жасады. Компартия билік құрып тұрғанда бұлай сөйлеу оңай емес. Қызыл саясатқа қарсы келгендер қиындыққа жолығады. Шөміштен қағылады, қызметтен шеттетіледі. Марапат бұйырмайды. Себебі, нағыз ақын ұлттық сананы оятып жіберуі мүмкін.
Рас, қариялар сиреді. Алайда, шалдардың қатары сиреген жоқ. Шалдардың қариялардан айырмашылығы – өзі де, сөзі де ұсақталған еді. Ондай адамдардың ұлтты жаңғыртуға шамасы келмейтін. Кәсіпкерлікті ұмытқан. Ата салтты арзандатқан. «Майданға түспей бәйге алатын». Мұндай дағдымен ауызданған ұрпақтар не болады?! Олар елін қандай ұшпаққа шығарады?! Ақиық ақын осыны ойлағанда шыдап тұра алмады. Ақиқатқа араша түсіп өлең жазды.
Қараулыққа қарсы шапты. Жырдың киесіне жүгінді. Құрғақ ұранды малданбады. Қызыл сөзге алданбады. Әр шумақты көркем оймен көмкерді, қылыштай өткірледі. Атқан жебесін нысанаға дөп тигізді. «Қазақ қайда барады?» деген сұраққа дамылсыз жауап іздеді. Сондықтан «Бір өлеңі бір елдің мұрасындай» болған Мұқағали Мақатаевты алаш қайраткерлері қозғалысының 70-ші жылдардағы жаңа толқынына баласақ қателеспейтін шығармыз.
Сырттай қарағанда Мұқағали бәрін айтқандай көрінеді. Ал, ақынға құлақ түрсек, жағдай басқаша. Көңілдегі жырын айызы қанып ақтара алмаған. Өйткені, кеңестік билік саптаяққа қымыз құйып, сабынан қарауыл қарады. Қаламгердің көзқарасын таптық өлшеммен таразылады. Аяғына көрінбейтін тұсау салды. Тұлпардай шапқылатпады. Түйсікті жанға бұдан өткен не қыспақ бар ?! Ұлтының рухын өлеңмен көтермесе, қара көбейткеннің қажеті қанша?! Ол күрескерлерше күйзелді. Өйткені, Мұқағали кітап шығарғанға шүкіршілік ететін көнбістердің қатарынан емес еді.
Ойлы жас! Өлең менің сырласымдай,
Сырлассам да құмарым жүр басылмай.
Айтып өткен ақында арман бар ма,
Жүрегінің түбінде кір жасырмай, –
дегені азаттықты аңсаудан туған арманды тіркестер. Ақын маңдай терін босқа төккен жоқ. Әрбір қазақты қалғытпауға тырысты. Соны сезіндірудің әдістерін тапты. Қиыннан қиыстырған амалына қарап әрі сүйінесің, әрі таңғаласың.
…Мына бақты көргендер төбеңдегі,
Сенің мына кейпіңе сенер ме еді?
Қорқыт, Асан тіріліп қайта келсе,
Қуанғаннан жүрегі қарс айырылып.
Бәлкім олар қайтадан өлер ме еді?! –
дейді республика туралы тебіреніп. Кеңестік өзгерістерді құптағандай кейіп танытады. Анығында жырдың ниеті бөлек еді. Қоғамының компартиялық реңде емес, ұлттық сипатта түлегенін қалады. Қорқыт, Асан қайта тіріліп келіп қуанса дейді. Сағындырған келешекті көзіңе елестетеді. Еркіндікті естен шығармауға, бостандықтан үміт үзбеуге үндейді. Бабалардың ұлы өсиетін ұрпақтарға аманаттайды. Сөздерін сарымайдан қыл суырғандай етіп сүйкімді орындайды. Ақиық ақынның не ойлағанын қазағы ұқты. Сонымен бірге, кеңестің қауіпсіздік қызметі де аңғарды. Ел-жұрты – ақын жырынан алқа тақты. Екіншісі – «әйтеуір бір жерінен кіна тауып» жаман атын шығаруға тырысты. Өмірінің соңғы төрт жылында ұлы таланттың Алматыда, қаптаған баспасөздің ортасында жұмыссыз қалуы бекерден емес. «Жұлдыз» журналының делосын өткізіп беріп, поэзиямды өзіме алып қалдым» немесе «Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, Алайда өлтіре алмас өлеңді ешкім» деуінде өксікті сырлар жатыр. Біз Мақатаев шындығын жаңаша бағалай бастадық. Оның толық жеңімпаздығына қол қою хақы жарқын болашақтың еншісінде.
Мұқағалидың «Отаным, саған айтамын» деген толғауы бар. Ол кездегі Отан – СССР. Астанасы – Москва. Несін жасырайық, сол сарынмен тәрбиеленген біздер, менің қатарластарым, ұлттық ұғымдарға комсомолдарша қарай бастадық.
Алайда, Мұқағали олай өмір сүрген жоқ. Өлеңдері арқылы ақ пен қараның ғазауат майданына араласты. Алапат күшпен жағаласты. Алаш баласының атқа мінгенін армандады. Ұлтқа деген махаббат ақын жанын от болып өртеді. Ақынның сондай сәттегі ғаріп халін кім түсінбек, қайғы-шерін кімге ақтармақ?! Ол ұлтсызданудан шошыды. Ұлы уайым күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды. Әрине, СССР-дың селт етпейтіні белгілі. Ендеше бұл туралы туған Отаны, жан дегендегі жалғызы қазақ еліне айтуы заңдылық еді.
Отаным, саған айтамын,
Мен де бір аппақ арман бар,
Ақтығы алғаш жауған қар,
– деп қобыздың күңіренген қоңыр дауысына қосылды. Мұқағали бабалардың қаны сіңген байтақ даланы, «Алатау, Алтай, Атырауды» ғана Отаным деп ұқты. Соның мойнынан құшақтап жылады. Аты бар да заты жоқ өгей тіршілікті тәрк етті. Ақын Отанына, Отаны перзентіне еміренді. Олар бір біріне тәуелсіздік тіледі.
Мұндағы мұңлы суреттен Мұқағалиды ғана көрмейсіз. Оның ар жағынан алаш қайраткерлері қарап тұр. Ақын күллі күрескер тұлғалардың бәрін бір образға жинақтаған. Бұл өлең – солардың да монологы. 90-шы жылдары аталған толғау қазақ елі арасына кең тарады.
Аттағысы кеп басымнан,
Жан болса егер басынған.
Басынғандарға бас ұрман,
Үйреттің солай жасымнан.
Сенесің бе, Отан, осыған!?
Өзіңмен ғана сырласам,
Өзіңсіз менде тумас ән…
Өзегім шіріп өлер ем,
Өзіңнен егер тумасам,
– дейді ақын ештемеден жасқанбай. Ақын шабыты шалқыған саналы ғұмырын түгелдей еліне арнады. Халқының шырағын жақты. Сақтар мен Ғұндардың, ер Түріктің қанынан жаралғанын естеріне салды. Енді қайда баратынын өлеңмен нұсқады. Өсуге болады, өшуге қазақтың хақысы жоқ. Ол нені айтса да, қалай айтса да ең алдымен жүректерді жаулады. Сондықтан шығар, 45 жыл бұрын жазылған жырлар әлі жаңа, жалынын жарқылдатқан қалыбында адамдарға қызмет етіп жатыр.
Зәр ұсынған адамға нан ұсынған,
Алысудан аулақпын, шабысудан.
Ей, қазақтың баласы, есіңе ұста,
Өлсем – өлем сірә, мен намысымнан!
Әдептімін, ұяңмын, именемін,
Сыраға – бал, сиыңа – сый беремін.
Аңқау қазақ екен деп, ағайындар,
Намысыма алайда тиме менің,
– дейді хас батырларша. Құдайшылығын айтыңыздаршы, бір келетін жалғанда Намыстан артық қандай құндылық бар?! Оны жоғалтсаң – бәрі жоғалады. Намыс – бостандықтың баспалдағы. Намыс – арыңды қорғайтын қару. Намыс – қазақ болып дүниеге келу мен қазақ болып өлудің арасындағы парасат.
Түптің түбінде қара шаңыраққа бостандық бұйыратынын Мұқағали ақындық түйсікпен болжады. Жазушы Жәлел Кеттебекке айтқан мынандай сөзі бар. «Сендер мені дұрыстап танытсаңдар, мен он жылдан кейін жаңа Кенесарыны шығарамын» деген екен. Айтқаны дәл келді. 1976 жылы ақын дүниеден озды, 1986 жылы желтоқсаншылар болып жаңа Кенесарылар тарих сахнасына шықты.
Талант тас жарады, талант тасада қалмайды. «Алтын кездік қын түбінде жатпайды». Халық асыл сөзді таниды, асыл жыр жігеріңді жаниды. Оның ғажайып мысалы Мұқағали Мақатаев!
Ұлы қаламгердің жырлары сағынышқа толы. Оның әр жолынан азаттықты аңсаған ерлердің дауысын естиміз. Дүниеде жақсы жыр жазған ақындар аз емес. Ал артына қазына қалдырғандар өте сирек. Ондай дарындар жүз жылда бір туады. Біз Мақатаев мерейтойын атап өткенде құрғақ мақтанбайық. Тереңнен ойланайық, тебіреніп толғанайық. Қазынасын ақтарып, ілімін игеріп, бұрын байқалмаған қырларын түгендейік. Оны ұлт идеологиясының алтын арқауына айналдырайық. Сонда ғана ақын өнегесі тіршілігімізге құт болып дариды, – деді Батық Мәжитұлы.
Жарыссөзге шыққан әдебиет зерттеушілері – Амангелді Кеңшілікұлы мен Сәмен Құлбарақ Мұқағали мұрасына арнаған пікірлерін жаңаша толғады. ( Мұқағалитануға арналған еңбектері толық мәтінмен осы нөмірге беріліп отыр.) Жанат Әскербекқызы «Мұқағали Мақатаев поэтологиясы», Дүкен Мәсімхан «Мақатаев поэзиясындағы адам концепциясы» тақырыптарында әңгімеледі.
«Мұқағали тілі» сөздігінің» авторлары, айтулы ғылымдар, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Байынқол Қалиев және Шерубай Құрманбайұлы Мұқағали мұрасының тілдік байлығына таңғалды. Оның қазақ лингвостилистикасына зор үлес қосқанына сүйінді.
Бұл сөздік 2015 жылы қолға алынып, 2019 жылы жарыққа шыққан екен. 1064 беттен тұрады, 39836 тілдік бірлікті құрайды.
– Мұқағали ғажайып ақын ғана емес, қазақ тілін байытқан тұлға, – деді Шерубай Құрманбайұлы.
Конференцияға Анадолы және қырғыз елінен келген ағайындар да қатысты. Биыл халықаралық ТҮРІКСОЙ ұйымының қолдауымен Анкарада ақынның жырлары алты тілге аударылып, кітап болып жарық көрген. Алқалы жиында ТҮРІКСОЙ ұйымының арнаулы өкілі, қырғыз ақыны Қожагелді Құлтегін, ақынды түрік тілінде сөйлеткен Кенен Чарбоға, Қырғыз Республикасы ұлттық Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Керімбек Кадыракуновтар Мұқағали шығармашылығына зор баға берді. Оның өлеңдерін өз тілдерінде оқып жиналғандарды тәнті етті. Түбі бір түркі халықтарының ұлы мәдениетке ие екенін дәлелдеді.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты, белгілі публицист Нұртөре Жүсіп ақжарма тілегімен бөлісті және ҚР Парламенті Сенатаның төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Құттықтауын оқып берді.
«Мақатаевтың жырлары хакім Абай айтқандай, теп-тегіс жұп-жұмыр болуымен де ерекшеленеді. Өзін поэзиямен егіз санаған Мұқағалидың есімі қашанда қазақ әдебиеті алыптарының алдыңғы легінде аталтыны сөзсіз.
Ақын аударма саласында өз қолтаңбасын қалдырып, Данте, Шекспир, Уйтмен сияқты әлем әдебиетінің әйгілі өкілдерін қазақша сөйлетті. Турашыл мінезді ақын қоғамдағы түрлі құбылыстарға сын көзбен қарап, ойын бүкпесіз айтудан тайынбады. Рухы биік ақынның өлеңдерін оқумен бірге өмірін де кеңінен дәріптеу, соған күш-жігерімізді салу баршамыздың азаматтық парызымыз болуы тиіс. Қазақ поэзиясының рухы асқақтай берсін!» деп жазылған Мәулен Әшімбаевтың құттықтауында. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі қаламгер Жанарбек Әшімжан көпшілікті жайдарман жаңалықпен қуандырды. ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 23 қыркүйектегі №669 Қаулысымен Нұр-Сұлтан қаласындағы №74 мектеп-гимназияға Мұқағали Мақатаевтың есімі берілгенін сүйіншіледі.
Қоғам қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі Рысбек Сәрсенбайұлы өз сөзінде Мұқағалиды Абай мен Мағжаннан кейінгі ұлы ақынға балайтынын жасырмады.
– Мұқағали азаттықты аңсаған ақын. Қоғамға билік қысым жасайтын жүйеде өмір сүру, әсіресе, Мұқағалидай еркіндікке ұмтылған ақын үшін азап пен тозақпен бірдей. Бөгде көзқарастарға, еркін ойлауға, өзгеше пікір айтуға тоқсан жерден тыйым салынған кеңестік кезең Мұқағалиға мүлдем жақпады.
Ал Тәуелсіздіктің 30 жылдығы есіктен енген бүгінгі заманда ұлы ақын не айтар еді? Қызығушылық үшін емес, бүгінгі күнде Отанын шексіз сүйген ақын санасымен ой қорытып, ақын жүрегімен сезіну үшін.
«Жол қайда ақиқатқа апаратын,
Ел қайда ақиқат деп аталатын,
Айлакер, арамзалар, алаяқтар,
Аяғы көктен келіп маталатын». Мұқағали осы күнді аңсады, – деді ол. Сондай қоғамға толық жеттік пе деген сұрақтарға жауап іздеді. Сонымен қатар Кеген ауданы Мұқағали ауданы болып аталса деген ұсынысын ортаға салды. Ақын өлеңдерін шет тіліне аударудың маманданған классикалық үлгісін қалыптастыруды айтты. “Мұқағали” журналына тұшымды баға берді
Шымкент қаласынан келген ақын Ханбибі Есенғараева, ақын Ержан Алаштуғандар өлеңдерін оқыды. Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев тойға арналған жүрекжарды лебізін білдірді. Халықаралық Мақатаев қоғамдық қорының төрайымы Бақыткүл Айдарова маңғыстаулық ақын Светқали Нұржанға Мақатаев сыйлығын табыстап, лауреат болуымен құттықтады.
Райымбек ауданы мен «Мұқағали» журналы «Білгің келсе, алдымен зертте мені» деген атпен мұқағалитанушылырға арнап бәйге жариялаған болатын. Оған зиялы қауым өкілдері – ғалымдар, жазушылар, сыншылар белсене қатысты. Бәйге қоржынына түскен қырықтай шығарманы қазылар алқасы жан-жақты саралап, лайықты бағасын берген еді.
Бас бәйге Амангелді Кеңшілікұлына «Құбылыс» мақаласы үшін, бірінші бәйге Сәмен Құлбараққа «Ұлылар үндестігі» мақаласы үшін, екінші бәйге Дүкен Мәсімханға «Мақатаев поэзиясындағы адам концепциясы» мақаласы үшін, үшінші бәйге Жанат Әскербекқызына «Мұқағали Мақатаев поэтологиясы», Бекен Ыбырайымовқа «Ой сәулесі» мақалалары үшін, арнаулы сыйлық Нұрлан Сәрсенбайға «Ұлт рухының ұлы суреткері» мақаласы үшін, ынталандыру сыйлықтары – Ермек Зәңгіровке «Мақатаев галактикасы», Мақұлбек Малдарбекке «Мұқағали – мәңгілік сағынышым», Бағашар Тұрсынбайұлына «Мұқағали минуттары» мақалалары үшін берілді. Жүзден озған жүйріктерге ақшалай сыйлықтар мен дипломдар табысталды.
Жазушылар одағы мен Қазақ Радиосы бірлесіп «Еркін елдің ертеңі» атты жас ақындарға арналған мүшәйра жариялаған болатын. Онда диктор Мұқағалидың бейнесін сомдау да ескерілген еді. Ақын тойында жыр жарысының жеңімпаздары анықталды. Бірінші орынды Жұматай Көксубай, екінші жүлдені Маржан Ілімхан мен Құндыз Тасқынбек иеленді. Арман Қайыпұлы, Назгүл Алаудин, Әли Бекмұханбет, Нұркен Құмарбектер үшінші орыннан көрінді.
Мерейтойға келген қонақтар «Қарасаз көшелері» деректі фильмін тамашалады. Продюссері Сержан Молдасанов, режиссері Жандос Еспенбетов. Фильмге осы өңірдің түлектері, белгілі өнер қайраткерлері – Еркебұлан Дайыров, Тілеулес Құрманғалиев, Сафуан Шаймерденов, Олжас Сыдықбектер қатысқан.
Сонымен қатар мерейтойды ойдағыдай ұйымдастыруға үлестерін қосқан Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов және «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов, “Қазақ” және “Шалқар” радиосы Алматы студиясының жетекшісі Бақыт Жағыпарұлы бастаған азаматтарға ел-жұрттың айтар алғысы зор деп білеміз.
Конференцияда ортаға салынған ойлар, пікірлер мен ұсыныстар ақын еңбектерін зерттеудің жаңа парақтарын ашуға мұрындық болатыны анық.
Мұқағали тойы екі күнге жоспарланған еді. Алайда, халықтың қалауымен той үш күнге созылды. Жыр жарысы ат жарысына ұласты. Ең бастысы, мерейтой адамды да, табиғатты та әдемі әсерімен серпілтті.
Болат МӘЖИТ
Қарасаз-Нарынқол
Суреттерді түсірген Жұмабай Мұсабеков, Аслан Қажеке, Елдос Ахметжан