Бұл нөмір «Елордадағы мектепке Мұқағалидың есімі берілді» деген жағымды жаңалықпен басталады. Ақиық ақынның ұрпағы Жұлдыз Мұқағалиұлының өлеңмен өрнектеген ой толғаныстарын оқисыздар.
«Білгің келсе, алдымен зертте мені» атты мұқағалитануға арналған бәйге жүлдегерлері — Бекен Ыбырайымның «Ой сәулесі» және Жанат Әскербекқызының «Мақатаев поэтологиясы немесе өлеңдегі өлең мен ақын» атты зерттеу еңбектеріне зер саласыздар. Ұйғыр жазушысы Ахмет Аширидың «Мұқағали мен Ильяның достығына куә болғам» мақаласы «Барлық ақын баласы бір ананың» деген Мұқағалидың сөзін тағы бір еске салады.
Журналдағы «Еркін Ібітанов атындағы мәдениет үйі» естелік толғауы еліне еркелеген Еркін ақынның болмысын паш етеді. Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған мүшәйраның бас жүлдесін жеңіп алған ақын Мақсат Ережептің өлеңдерін осы саннан оқи аласыздар. Жазушы Тұрсынхан Шәлдибекқызының «Көлеңке» әңгімесі де әсерлі шыққан.