1941 ЖЫЛ АҚПАН
1941 жыл акпандатқан,
Сыртта аяз.
Аулымызды ақ кар жапқан.
Үңірейген үрей тұр соғыс дейтін,
Алапат-аспан, жерді аттандатқан.
Аттан! – деді, Ол ертең аттанады.
Аттанады еңбектің ақ табаны:
Күрегінің орнына қару алып,
Жауынгердің рөлін атқарады.
Ол ертең аттанады.
Жарты Ай тұр шар аспанда — тозған таға,
Үскірік үрлей ме әлде қозғалта ма?!
Әжем жүр туған жердің топырағын,
Тұмар ғып тігіп жатыр бөз калтаға.
Ол отыр.
Аямай-ақ ішіп алған.
Санасын мазалайды күшік-арман.
Аттан, әке.
Таныс қой күрес саған,
Күресуі керек қой күші бар жан.
Неге бізге үмітсіз тесілесің?
Аттан әке.
Жолыңнан кешігесің.
Кеудесінде шыбыны бар пақырлар,
Тауып жейді сенсіз де несібесін.
Қалай сені жұбатам, аңыра, Ана,
Сау қайт деп тәңіріңе жалын, Ана.
Мына отырған иеміз құласа егер,
Саған жар, әке бізге табыла ма?!!
… Жалынған ғазиз Анам, сұрап қалған,
Жоғалды сол бетімен бірақ та арман.
Сенбеймін әкең өлді дегенге мен,
Себебі ол үйімізден тірі аттанған…
НЕГЕ ЖЫЛАМАСЫН
Неге жыламасын?!
Бәрісі де жылаған.
Жылай жүріп, жылай жүріп шыдаған.
Түнек болып келе жатқан тажалға,
Аттануда, аттануда тірі адам.
Жылап жатыр.
Өбісуде еріндер,
Жыламаған жалғыз ғана кебір жер.
Жылап жатыр үйленбеген күйеулер,
Жылап жатыр үйге енбеген келіндер.
Боздақтарын аттандырған шақтарда,
Боздап еді-ау, боркемік боп қарттар да.
…Бір орманның бір топ өндір шыбығын,
Тиеп алып, күнбатысқа тартты арба.
– Ал, енді сен азаматсың! – деп маған,
Арбасына отырды да кетті ағам.
Тағы да бір қайырылмас па екен деп,
Тозаңдатқан қара жолды бетке алам.
Қайырылмады.
Олар ұзап барады.
Ән естілді.
Әлдиледі даланы.
Қарап тұрмын.
Құйын болып ағады
Қара жолмен
Көршіміздің Жанары.
(Талай рет хат апарып бергем-ді)
Тани кеттім үйге енбеген жеңгемді.
Қайсар қыздың қайсарлығын ел көрді,
Қайсар қыздың қылығына ел көнді.
Қайран, аға!..
Қайсар жанды таңдапты.
Қарсы ұшты.
Жұрт күрсінді салмақты.
Екеуінің араларын шаң жапты,
Екеуінің ортасында жау жатты…
ҚЫРҚЫНШЫ ЖЫЛДАР
Рас, қайғы-қасіреті бар қаптаған,
Ғұмырлар бар батқан және батпаған.
Әкелгенмен әр адамға бір қайғы,
Сол жылдарға карғыс айту жат маған.
Жанды-жансыз бар табиғат түнерген,
Әр кеудеде бір шер барын білем мен.
Қан майданда ерлік етсе біреулер,
Қарсы жауға біз де шықтық түренмен.
Аңыздардан тере жүріп масақты,
Рас, рас, көзімізден жас ақты.
Бірақ со бір дауыл жылдар, от жылдар,
Бәрімізден бір-бір батыр жасапты,
Батыр жұртым, сол жылдарды өткердің,
Сонда да сен жақсы көрдің, жек көрдің.
Қара емендей қатып калған әжеңді,
Кейінгі ұрпақ, батыр емес деп көргін!
Кейінгі ұрпақ, саған салған өткелдің,
Сағасында өткен жастық, өткен күн.
Қаршадайдан қара шаруа атанған,
Сен әкеңді батыр емес деп көргін!
Сол жылдарға қарғыс айту жат маған,
Сондағы мен ерлігіме мақтанам.
Балғын ұрпақ, сенің болашағыңды
Біле білсең, мына біздер сақтаған!
ҚАЙРАН ЖЕҢГЕМ
Су сұраса сүт берген, айран берген,
Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем!
Қарғаның валетіндей едірейіп,
Қасыңа мына біреу қайдан келген?
Апырай суық еді сұрқы неден?!
Адамға қарайды ғой сыртыменен.
Жол көрсеткіш сақшының таяғындай,
Қимылыңды бағып тұр мұртыменен.
Жеңеше-ау, есіңде ме біздің ағай?
Сыйласып отырар ек біз құдадай.
Қанды балақ соғысты қарғыс атсын,
Қайран жеңгем, шырқыңды бұзды қалай?!
Күлкің қайда күмістей сыңғырлаған?
Жүзің неге ымырттай тұнжыраған?
Бұғалыққа тұрмайтын асау едің,
Сені әкеліп теліген кім мынаған?
Өзің болсаң, тым ағат ойланғансың,
Бақыт емес, басыңа қайғы алғансың,
Жан едің ғой жанының талғамы бар,
Қара мұртқа қалайша байланғансың?!
Ел-жұртың қараушы еді мақтан етіп.
Киіп ап аяғыңа саптама етік,
Талайлардан кетуші ең аттап өтіп,
Талайларды жүруші ең таптап өтіп…
Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем!
Қайғыға мойымаушы ең.
Қайдан келген?!
Сағынып жүрсің бе әлде, қадірлім-ай,
Баяғы жастығыңды майданда өлген?..
МЕНЕН СҰРА
Мен соғысты көргенім жоқ,
Көргім де жоқ, көрмедім.
Соғыс ойынын ойнайтынмын,
(балалардың ермегі).
Қару алып,
қан майданда,
Қас жауыма төнбедім,
Көрдім, бірақ
жесірлердін, жетімдердің еңіреуін.
Мен соғыста болғамын жоқ,
қатыспадым, бармадым,
Батыр ойынын ойнайтынмын,
(батыр болу — арманым.)
Білем, бірақ
шымылдықтар түсірілмей қалғанын,
Бесік жыры болғандығын қатындардың зарлары.
Жо, жоқ,
жолдас!
Біз соғысты көргеміз!
Аты солдат болмағанмен,
солдаттардан кем бе біз?!
Қызыл аяқ партизандар —
қырдан масақ тергеміз,
Қалтамызды қағып тұрып,
қан майданға бергеміз.
Аштан өлген ауру қартты,
ақпандатып,
көрге біз,
Тонды тесіп, әзер-әзер,
Үш-төрт күнде көмгеміз.
Таттық біздер, сол соғыстың,
«балы менен шекерін»
Көрдік біздер,
Махаббаттың құлазыған мекенін,
Сездік біздер,
жеңгеміздің жастығының өтеуін,
Білдік біздер,
әкесіздік,
некесіздік не екенін.
Көрдік қой біз,
өткердік қой,
қилы-қилы кездерді.
Гүліміз де ерте ашылып,
кәмелеттік тез келді,
Тыңдап біліп,
көмейдегі айтылмаған сөздерді,
Тани білдік құмарлықтың тұманы бар көздерді.
Атасына жараспайтын келінінің сәлемі,
Кез еді бір…
(кесапаттар кесапатқа тән еді…)
Тілдеріне тиек тұтып,
іздейтұғын дәлелі —
Не демексің,
тек соғыстың, тек соғыстың әлегі.
…Соғыс деген қайдан шықты?!
Авторы кім алғашқы?
Есіл Адам,
есі кетіп,
оған несін жармасты?!
Бір дәуірден бір дәуірге неге үзілмей жалғасты,
Бүкіл адам тарихының бетін неге қан басты?
Соғыс деген немене өзі?
Тек қана апат, қырғын ба,
Арман-тілек, ақыл-ойды апаратын құрдымға?
Соғыс деген –
аққан соры ақсүйектің, құлдың да,
Соғыс деген –
төккен арын қыздың және ұлдың да.
Соғыс деген жаралмаған,
жалғыз ғана қан үшін.
Соғыс деген –
сор айдаған содырлардың табысы.
Соғыс деген — сақаймайтын есуастар дәрісі.
Соғыс деген –
сойқандардан қорғанғандар намысы.
Соғыс деген –
сотқарлардың қолындағы найзасы,
Қолданады, долданады,
таусылғанда айласы.
Соғыс деген,
соғыс деген – зұлымдықтың айнасы,
Біреулердің шығыны да, біреулердің пайдасы.
Жас дәуірге,
жармасып ап,
соғыс дейтін кәрі бір,
Қолдан ажал жасап алып,
жасқандырып әлі жүр.
Әділетті,
әділетсіз…
Аты – соғыс, бәрібір,
Қан төгіссіз қара жердің кірмей қойды «сәні» бір.
Тыныш жатқан бір елге,
бір ел келіп ұрынар,
Қандай ғана әкесінің, алынбаған құны бар?!
Қайсы ел соғыс бастаса,
ел емес, ол – ұрылар,
Қан майданда басы оның алдыменен жұлынар.
…Шексіз сүйем ұлтымды,
сүйе тұрып, алайда,
Басқа адам баласына көз алартсам, қалай ма?!
Ұлтын сүю бір бөлек,
ұлтшыл болу жарай ма?!
Қайтіп айтам Дантеге,
Жетпейсіңдеп Абайға?!
Маған соққан самал жел,
басқаға да соғады,
Маған келіп бақ қонса,
басқаға да қонады,
Мендегі бар ұлылық,
басқаларда болады.
Қандай ғана қақым бар,
тұрам деуге жоғары?!
Әлемге ортақ ауа бар,
әлемге ортақ жарық бар,
Мұңаймасын «кішілер»,
мұңайтпасын «алыптар»,
Ұлы ұлт жоқ,
кіші ұлт жоқ,
Адамдар бар, халық бар,
Соғыс емес, еңбекпен ұлылығын анықтар.
Халықтар бар,
алдында тарам-тарам жолдары,
Табиғаттың бәрі ортақ,
таласпаса болғаны.
Соғыс деген –
бір халық бір халықты зорлауы,
Соғыс деген – фашистер,
ұлтшылдықтың қорғаны.
Соғыс дейтін сөз ескі,
өтті ол енді кезеңнен,
Сөздік қорға фашизм, фашист деген сөз енген.
Фашизм, фашист – сөздерден,
құлақтардың безі өлген,
Қарғай жүріп оларды ерніміз де кезерген.
Соғыс – фашист,
екі сөз, бір түбірден таралған,
Бірі сыңар қалмауы үшін,
біреуісі жаралған.
Қарға оларды, тау мен тас,
қарға оларды, қара орман,
Фашизм — ұлы ғасырды уландырған арам қан!
Фашизмді көргемін, фашизмді сезем мен,
Мен құрсақта жатқанда маған қару кезенген.
Фашист барда — соғыс бар,
ол — ақиқат ежелден,
Фашизм бар, фашист бар,
соғыс деген сөз өлген.
…Мен соғысқа бармадым,
мен соғысты көрмедім,
Бірақ көрдім солдаттың үйіне кеп өлгенін.
Құмарлана құша алмай сағынышын женгемнін,
Құлағанын үйге кеп өз көзіммен көргенмін.
Мен соғысқа бармадым,
мен соғыста болмадым,
Жүрді бірақ майданда мен жіберген қолғабым.
Көрдік, бірақ құрбы қыз толмай жатып солғанын,
Жібіткенін көргемін әлдекімнін тондарын…
Жанап өтті балалық, бала болып өспедім,
Шаруаның ғұмыры, кенедейден кешкенім.
Менен сұра,
Бидайдың егілгенін, өскенін,
Менен сұра,
Еңбектің қысқа таңын, кештерін.
Менен сұра, соғыстың тастап кеткен зардабын,
Ауыл қайтып көтерді қан майданның салмағын,
Менен сұра, жас бала қайтіп әйел алғанын,
Менен сұра, жас қыздың қайтіп шалға барғанын…
КҮЗЕТШІ
Сәлем бере бара қалсаң Мұратқа,
Тыныштық деп алдымен айт, сұратпа.
– Тыныштық па, тыныштық па, балалар?
Деп отырар қысы-жазы шуақта.
Қыс та таныс қоржынына мұз артқан,
Бәрі таныс жылымық түн, ұзақ таң.
Өмір таныс өмір жасын ұзартқан,
Әзірге аман елім дейтін тұзақтан.
Шатынаған соғыс салған сызаттан,
Кәрі кеуде жалын атқан, сыз атқан!
Төрт баланы тыныштыққа құрбан қып,
Төрт келіңді төрт адамға ұзатқан.
Төрт келіннен алып қалды төрт бала,
Өзі — пана, ал өзіңе — төрт пана.
Қартың отыр түгендеп ап ұпайын,
«Айырбастап төрт қараға, төрт қара».
Қартың қазір бір бәйтерек мәуелі,
Сексен емес, жүзіңнен де дәмелі.
Сәлеміңе қайтаратын жауабы:
– Тыныштық па? — деп сұрайды әуелі.
Суыт жүрген кәріден де, жастан да,
– Тыныштық па? — деп сұрайды сасқанда.
Күн күркіреп, шатырласа найзағай,
– Тыныштық па? – деп қарайды аспанға.
Өмірде әлі қауіп көп қой не түрлі,
Қарт қалғымай күзетші боп бекінді.
Сәл ұйықтаса төрт немере төрт жаққа,
Көзден ғайып болатұғын секілді.
Мұқағали Мақатаев. Неге жыламасын?! Бәрісі де жылаған.
Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті
Сайт әкімшілігі