РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Бақытжан АТАГЕЛДИЕВ. Естен кетпес үш естелік

«Жан азабы» спектаклін біз де сахналаған едік

Мұқағали Мақатаев өмірін арқау етіп тұңғыш пъеса жазған – белгілі драматург Оразбек Бодықов. Оны бірінші болып сахна­ла­ған Жамбыл облыстық драма театры. Мұқағали рөлін тұңғыш ойнаған актер Қуандық Қасымов.

Басталған үрдіс бізді де қанаттандырды. Күшімізді сынап көруге бел будық. Автор пьесаның бір данасын сенім артып бізге берді.  Сахналауға  шешімін таба алмай толғанып жүргенде ақынның 60 жылдығы жақындады.  Халық театрларының республикалық бай­қауы да хабарланды.  Аталған екі оқиға бәрімізді қамшылады. Етек-жеңді жинап, «Жан азабы»  спектакліне шұғыл кірістік.

Мұқағали рөлін өзім еншіледім. Өйткені мен ақын ағаның қа­сында көп жүрдім, талай қамқорлығын көрдім. Моцарт бейнесін халық театрының актеры Мәулен Әшіманов, ақынсымақтың рөліне Дәурен Әшіманов бекітілді. Ал спектальде сомдалатын басқа бейнелер  Қайнар ауылдық кітапханасының меңгерушісі Роза Қарасаева, мәде­ниет үйінің қызметкерлері Ләйла Садуақасова, Тілетай Сұл­тан­ғалиевтарға  жүктелді.

Маусым айында біздің ұжым Шелек ауданының Сөгеті Мәдениет үйінде өткен халық театрларының облыстық байқауына қатысып, бірінші орынды иеленді. Сөйтіп республикалық бәсекеге жолдама алды.  Ол  байқау шілде айында  болды. М. Әуезов атындағы акаде­миялық драма театрының кіші залында  шымылдығын ашты.

Бірінші күні зал толы көрерменнің көзайымына айналдық.  Спек­такль сәтті  шықты. Соғылған шапалақ залды жаңғыртты. Ке­лесі күні көтеріңкі көңіл күймен ауылға қайтуға жиналып жаттық. Сол кезде  қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның халық әртісі,  көрнекті режиссер Қадыр Жетпісбаев тағы бір жаңалықты жеткізді.  Ақын Фариза Оңғарсынова мен ақынның жары Лашын Әзімжанова  спектакльді қайталап көрсетуді өтініпті. Бұл біздер үшін үлкен құрмет еді.

Енді назарларыңызға  спектакль жайлы «Лениншіл жас»  газетінің арнаулы тілшісі Әнуар Тарақов жазған мақаланы ұсынайын. Мақала 1991 жылғы 13 шілдеде  жарияланған  болатын.

Өмірінің жалғасы – өлең

Жыр сүйер қауымның піріне айналған, халқымыздың аяулы ақыны Мұқағали Мақатаев өмірінің соңғы сәттері жайлы спек­такль­ді астана сахнасында екінші рет қойған Райымбек ауданы Қайнар халық театры ақиық дарынның айтулы тойына тарту әзірледі.

Астанамыздағы М. Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының кіші залында өткен халық театрларының мейрамы бел­гілі драматург Оразбек Бодықовтың «Жан азабы» спектаклімен ашылған еді. Тірі болса бүгіндері алпысқа да толар ақын қысқа ғұмыр кешсе де, оның аты халык аузыңда асқақ айтылып, жырлары жасындай жарқылдап, оқырмандарын табындырып та, таңданды­рып келеді. Алматы облысы Райымбек ауданы Қайнар халық театры­­ның коллективі жерлес ақынның үлкен тойына әзірлеген осы бір сахналық тартуында оның өлмес, өшпес тұлғасын ғана емес, тағдырдың тәкаппар күшіне мойынұсынбаған қайсарлығы мен табандылығын танытуға ұмтылғандай. Екі қойылымда да көрермен молынан жиылды.

Сахна ашылған сәтте, үстіне аурухананың халатын киген ойлы да мұңды Мұқағали тұлғасы көрінеді. Емхана ауласын әрі-бері кезіп жүрген ақын. Җанұшырып, мынау жарық дүниеден ақиқат деген ұлы ұғымды іздейтіндей. Сахна жарығы біртіндеп сөніп, қараңғылық орнаған кезде Моцарттың “Реквиемі” баяу басталып кетті. Ақын мынау сағымданған елес әлемінен енді аласұра Моцарт бейнесін іздейді. Мұқағали рөлін ойнаған талантты, тәжірибелі актер Бақытжан Атагелдиев сахнаға Моцарт (Дәурен Әшіманов) шыққан сәттен-ақ жан дүниесін арпалысқа шақырғандай кейіпте. Жүрек түкпіріндегі сырларын өзінің аз ғана ғұмырында ұрпақтарына жайып салып, болашағына аманат артқандай. Азалы әуен қайта ойналған шақта, сахнаның келесі бұрышынан ақын майданнан оралмаған әкесі Сүлеймен рухымен тілдеседі, Жалынды жастығын канды майданға айырбастаған әке де ұрпағының бақытты келешегі үшін жан қиғанын өнегелеумен бірге, жан азабынан киналып жатқан ұлына өмірдің ақтық сәтінде де азаматтық тұлғасын биік ұстап, ар-намысына адалдық танытуын өтінгендей.

Одан әрі сахна көріністері махаббатпен, дәуірмен ақынның тебіреністі сырласуына ұласады. Ал басқа рөлдерді Тілетай Сұлтанғалиев, Ләйла Сәдуақасова, Роза Қарасаевалар да шама-шар­қынша өздерінің жауапкершіліктерін жете сезініп, дұрыс орындап шыққан.

– Мұқаңмен тіршілігінде талай рет жүздесіп әңгімелескендіктен де оның бейнесін сахнаға шығару қиынға түспеді дей алмаймын. Алпысқа келіп алшаңдап арамызда жүргенін кім аңсамас!? Бірақ оны тағдыр жазбапты. Жүріс-тұрысы, келбеті күні бүгінге дейін көз алдымда. Спектакль ақын өмірінің соңғы сәтіне арналған.

 Көзі тірісінде «Аққулар ұйықтағанда» кітабының біреуін қолтаңба жазып сыйлағаны да есімде. Бәрі тебіреністі сәттер. Соңғы рет көргеніме дейін ойымнан кетпейді. Жан дүниесінің арпалысын жет­кізуіме, оның емханада жатып жазған жырлары да әсер етті. Қалай ойнағанымды  көпшілік сараптар. Екі қойылымда да көрермендер көп жиналды, соған қуанамын , – дейді  Бақытжан Атагелдиев.

Мұқағалидың мәңгілік ғұмыры енді басталғандай. Оған арнал­ған жырлар, өлеңдеріне жазылған әндер, сахналық қойылымдар барған сайын көбейіп, жарқырап, жұлдыздай шашылуда. Өзі өлсе де оның өлмес өлеңі ақынның асқақ рухымен мәңгілік сырластырғандай.

Мұқағали ағамыздың артында қалған мол мұрасына деген бүгінгі халық ықыласы, зор сүйіспеншілігі оның тұлғасын барынша биіктетіп еңселендіріп бара жатқан сияқты. Қайнарлық өнерпаздар қойған «Жан азабы» да – жыр жүйрігі, сөз зергері Мұқағали Мақатаев рухына арналған сан қырлы өнер ескерткішінің біреуі.

Мәңгілік ескерткіш!

Әнуар ТАРАҚОВ

Осыдан 30 жыл бұрынғы спектакльді еске ала отырып ақынның  90 жылдық тойына аман жеткеніме тауба қылдым. Спектакльге қатысқан өте талантты егіздер Мәулен, Дәурен Әшімановтардың бұл жалғаннан жастай өтіп, қыршын кет­кендеріне ішім ашып, жүрегім ауырады. Тағдырдың жазуына не шара,  жатқан жерлері жайлы болсын!  Той күні соның бәрін еске алмай тұра алмайсың.

Сәтті күннің белгісі

1972 жылдың 1 қыркүйегінде Мұхтар Әуезов атындағы ака­демиялық драма театрының жанынан ашылған, Қазақстанның Халық әртістері Райымбек Сейтіметов, Сәбит Оразбаев, Рахметбай Телеубаевтар ұстаздық ететін театр студиясына оқуға қа­был­дан­дым.  Сүйінші сұрап Мұқағали ағама телефон соқтым. Ол кісі бізге әрі туыс, әрі әкем Жұмәділдің  құрдасы. Хабарыма қатты қуанды. «Жазушылар одағына келе бер, мен де сол жаққа  шыққалы жатыр­мын» деді.

Біз одақтың қарсы алдындағы саябақта кездестік. Байқағаным, ағаның да көңіл күйі көтеріңкі.  Жақсы жаңалығы бар екені анық.

– Ал, бала, оқуға түсуіңмен! Бүгін өзі керемет сәтті күн болып тұр. Менің «Аққулар ұйықтағанда» деген кітабым жоспарға кірді.  Кітапқа суретім керек екен. Сол үшін одаққа  шақырды. Сен осында күте тұр, мен қазір келемін, – деді. Соның арасынша ақын Әбдірахман Асылбеков пен бір жас жігіттің жолыға кеткені.  Мұқағали аға оларға да керек екен. Топтанып тосып тұрдық. Гүлзарда фотографтар жүреді. Бекер отырмай соларды іздедім. Өйткені ағамен суретке түсетін сәтті күн еді.

Аға да одақтан оралды. Менің бастамам ол кісіге ұнады. Фото­граф та елгезек жан екен, көрініс неғұрлым табиғи шықсын деп бар өнерін салып жатыр. Төртеуіміз қатарласқан қалыпта скамейкаға жайғастық.  Сондағы сурет осы болатын.

 Сол жақтағы бірінші ақын Әбдірахман Асылбеков, екінші отырған Мұқағали Мақатаев, үшінші адам мен, Бақытжан Атагелдиевпін. Төртінші жас жігіттің аты-жөні есімде қалмапты. Бұл 1972 жылдың екінші қыркүйегі еді. Үш күннен кейін бес дана сурет қолыма тиді. Балалығым ба, шалалығым ба студенттік қарбаластықтан қол боса­май сурет не Әбдірахманға, не Мұқағали ағаға берілмей өзімде қала берді…

1986 жылы Нарынқол халық театрына режиссер болып тағайын­далдым. Қайнар ауылына көшіп келдік. 1987 жылы  Жұмаш Өтеев бауырым үйге келді. «Қарасазда Мұқағали ағаға арналған музей ашпақшымыз. Сол жұмыспен айналысып  жатырмын. Сен Алматыда жүріп біраз уақыт ақынмен араластың ғой.  Бәлкім бірге түскен суреттерің бар шығар. Болса, бізге көмектесерсің», –деді. Сол күні Жұмаш бауырыма екеуіін  бердім. Сөйтіп  Мұқағали мұражайының жәдігеріне өзіндік үлес қосқаным бар. Сонымен бірге журналистер бұл суретті төрт телефильмге пайдаланды.

Тоқсаныншы жыдардың аяғына таман оны «Балдырған» жур­налының бас редакторы Дүйсен Мүсірәліұлының қолына тапсыр­дым.

Дүйсен  «Парасат» журналына , «Жас алаш», « Қазақ әдебиеті», «Ұлан»  газеттеріне  шығарды. Мұқағали жайлы үш томдық кітапқа да кірді. Міне, мөлтек әңгіменің бас-аяғы осы.  

Өз жолыма түсірді

Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» хикаятында бір қызық тіркестер бар. Бас кейіпкердің қиялға алданғанын келтіреді.

«Жалпы, үлкен ақындар тек шабыты келгенде ғана жазатын көрінеді ғой. Ал менің шабытым қашанда қаламымның ұшында жүретін секілді. Тек уақыт тауып отырсам болды, көсілтіп жазып тастаймын.» дейді.

Ақындықтың «балалық ауруы» бәрінің басынан өтеді деп ойлай­мын. Кейбіреулер өз диагонозын өзі дәл тауып тез айығады. Келесі біреу­лер  қартайғанша жазады. Кітаптарын бастырып, өзінен басқа ешкім оқымайтын шығармаларына рахаттана қарап отыратын ағайындар да бар. Егер Мұқағали ағам болмаса, кім біледі,  мен де солардың қатарында қалар ма едім?

Өнерге әуес болғаным рас. Мектептегі үйірмелерге белсене қатыс­тым. Әсіресе көркемсөз оқу маған ерекше ұнайтын. Одан кейін ептеп өзім де өлең жазатын болдым. Ұйқастан қиналғам жоқ. Бір құрап алсаң майда желіске түсесің. Бердібектің Қожасы айт­қандай, бойыма сенім ұялай бастады. Әсіресе жолдастарыма қатты ұнады. Машықтанса ақын болып кетудің қиындығы жоқ секілді көрінді. Сонымен Алматыға барғанда ақындығымды баршаға паш еткім келді.

Ағам Мұқағали «Жұлдыз» журналы поэзия бөлімінің құлағын ұстайды. Мүмкіндігім жеткілікті. Ендеше мен ақын болмағанда, кім болады. Үлкен үмітпен үлкен ақынға бір дәптер өлеңімді ұсындым. Ертесінде бағасын берді. Мұқият зер салып оқыпты.

– Бақытжан, қазақта не көп, сөз ұйқастыратын өлеңші көп. Сені солардың арасынан көргім келмейді. Талантың тасып тұрған сезімтал жансың, бәрін түсінген шығарсың, – деді шынайы жан­ашырлық ниетпен. Мен бәрін бүкпесіз ұқтым. Құрғақ ұйқастың өлеңге жатпайтынын мойындадым. «Ақындықты» актерлікке ауыс­тырдым. Сол үшін асыл жанға күні бүгінге дейін алғыс айтамын.  Мұқағали өнердегі тура жолды адаспай табуыма көмектесті.

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналын қолдайық!

«Аманат – Қарасаз» қоғамдық қоры құрылтайшыларының барлық әріптестеріне, кәсіпкерлерге, оқырмандарға арнаған үндеуі Ардақты, ағайын! 2023 жыл «Мұқағали»...

«Мұқағали» журналы, №3, 2022 жыл

     Ақын атындағы басылымның кезекті нөмірі Дариға Тілендікелінінің «Нағыз ақынның болмысын Мұқағалидан көрдім» деген сұхбатымен ашылады. Дариға апа өзі куә болған оқиғаларды қызықты, әрі көркем...

«Мұқағали» журналы. №2, 2022 жыл

     Журналдың кезекті саны «Тау – бір аңыз, тау – дастан» атты Мұқағали өлеңдерімен ашылды. Белгілі дінтанушы, ғалым-ұстаз Қайрат Жолдыбайұлымен болған сұхбат «Халқының жанын ұққан...

«Мұқағали» журналы, №1, 2022 жыл

Барыс жылындағы алғашқы нөмірге көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің «Уақыт жаратқан жыр» атты зерттеу мақаласы беріліп отыр.  Жұлдыз Мұқағалиұлының «Менің әкемнің достары» деген естелігі де оқырманды...

«Мұқағали» журналы №6, 2021 жыл

Бұл нөмір «Елордадағы мектепке Мұқағалидың есімі берілді» деген жағымды жаңалықпен басталады. Ақиық ақынның ұрпағы Жұлдыз Мұқағалиұлының өлеңмен өрнектеген ой толғаныстарын оқисыздар.

«Мұқағали» журналы №5, 2021 жыл

Журналдың кезекті саны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын мерейтойына арнаған Құттықтауымен ашылып отыр. Мұқағалидың 90 жылдық торқалы тойынан толық репортажды да осы саннан оқи аласыздар....