Мұқағалидың 90 жылдығына арналған «Білгің келсе, алдымен зертте мені » атты танымдық мақалалар бәйгесінде бас жүлдені иеленді.
«Нағыз ақындардың өмірі өлгеннен кейін басталады» деген, ел арасында мәтелге айналып кеткен тәмсіл бар. Франция халқы Бальзакты соңғы сапарына шығарып салғанда, Парижді қылышының емес, қаламының құдіретімен бағындыруға серт берген суреткер қабірі басында Гюгоның дуалы аузынан шыққан аталы сөздің айтылғанына 170 жылдан асыпты. Содан бері сан ұрпақ ауысып, дүние-майданның қиян-кескі шайқасында тән қиналғанда, жан да қоса шыңғырып, талай-талай құндылықтарды ой елегінен өткізіп, қайта саралағанымызға қарамастан, әлі күнге дейін ұлы ақындардың шығармашылық ғұмырының баянды да, берекелі болуына өлген соң ғана жол ашылуы өмірдің жазылмаған заңдылығына айналғандай.
Әдетте, әлемнен үйлесім іздеген екі аяқты саналы тіршілік иесінің шеңберден шықпай, адалдық пен арамдықты таразы басында тең ұстағандай кейіпте жүретін жандарға бүйрегі бұрып тұратыны жасырын емес.
Жұмақтан қуылып, Жер бетінен бақыт іздеп адасқан адам табиғаты солай жаратылған, оның көңілі тұрақтылықты жақсы көреді, жаны әлеммен жарасымда болғанды қалайды. Ал, найзағайлы қара бұлттай отты жырлары жүрегімізді жандырып жібере жаздайтын мінезі шатақ, шайқы шайырлардың көбісі өмірде де кең дүниеге симай аласұрып, ноқтаға басы маталып, асау тағдырымен арпалысып, фәниден өтеді. Ауыздықтауға көнбейтін мұндай тарпаңдардың дәм-тұзы таусылған күнге дейін жұртқа жағып, жақсы атты болуы екіталай. Шындығында да ресми билік қырын қарағаны үшін үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалған Дантелер мен басынан дос түгіл дұшпан сөзін асырмай, ажал іздегендей аласұрып, ақыры дуэльде қаза тапқан Пушкин мен Лермонтовтардың көзі тірісінде елдің сүйкімдісі болуы мүмкін бе еді?
Сыршыл суреткер қайтыс болған соң оның өмір сапарындағы әрекетінің бәрі тоқтап, артына мирас етіп кеткен рухани қазынасы, шығармалары ғана қалады. Уақыт өткен сайын күні кеше ғана соншалықты мән беріп, жағымыз талғанша талқылап келген пендешілік тақырыптардың маңызы жойылып, санадан сыпырылып, бірте-бірте оқырман талантты тұлғаны саяси көзқарасы, істеген қызметі, дүниені дүрліктірген даңқына қарап емес, шығармалары арқылы ғана бағалай бастайтын болады. Егер суреткер оқырман сезіміне әсер ететін кемел туындылар жаза алмаса, мына қу тіршілікте қол жеткізген табыстары – істеген қызметі, алған атағы, марапаты мен сыйлықтарының бәрі әдірам қалады. Ендігі жерде шығармаңнан алатын ләзаттан басқа дүниенің оқырманға керегі шамалы.
«Ат басы алтын берсе табылмаған, Сыбағам қайда менің алынбаған?» деп ақындық талантының бағаланбағанына назаланып, жүрегін жаралаған жан қайғысын өлеңімен емдеген Мұқағали Мақатаевқа жер басып жүргенде мемлекеттік деңгейдегі сыйлықтар түгіл, кіші-гірім марапаттардың бірі де бұйырмапты. Шығармашылық кеші де өтпепті. Бүгінде биліктің шүлен таратқандай болып елдің бәріне үлестіріп жатқан орден, медальдерінің бірін де ол алмапты.
Өлген соң өмірінде беруге қимаған атақ-даңқтың бәрі оны өзі іздеп тапты. Том-том кітаптары шықты. Жыр-мұрасы ең көп оқылатын ақынға айналды. Өкпелеткендер аруағынан кешірім сұрады. Көзі тірісінде қадірін білмеген жұрт, енді ақынмен бір заманда өмір сүргенімен мақтанып, естеліктер жазып кетті.
«Аманат» атты кітабының Мемлекеттік сыйлықты иеленуі де еліміздің рухани өміріндегі айтулы оқиға болды. 2000 жылы Қазақстанның ең жоғары сыйлығы ақынға берілгенде, марапат Мақатаевтың емес, Мақатаев марапаттың мәртебесін көтеріп жібергендей бір әсер көңілімізде орнығып қалған. Әруақты ақынға басын иген халық сыйлық Мұқағалиға бұйырғанда, талантының еш те болса кеш бағаланғанына шүкіршілік етіп, балаша қуанды. Тірілерді өлгендердің аруағымен жарыстырып қоюдың дұрыс емес екенін іштей мойындағаныңмен:
Тамұққа барады алып, мына құрғыр,
Құлауға пәс-ақ қалып тұрағым тұр.
Қуанып өтем бе деп келіп едім,
Түн сайын оңашада жыладым кіл.
Жұртым-ау, жылаудың да себебі бар,
Неге сонша алдымнан келеді жар?
Сен келіп селбеспесең, қайран жұртым,
Сенделіп екі ортада өледі жан, —
деп дәрменсіздіктен күйзеліп, халықтан қайран күтіп, тірісінде жалғаннан жақсылық дәметкен ақынға, неге ел-жұртының өлгеннен кейін осы сыйлықты әперуге соншалықты ықылас танытқанын түсінуге де болады.
Ақынның ең ұлы сыншысы – халық. Жыр алыбының аңыздық бейнесіне табынып, өз қиялдарында онымен күнде сырласып, өлеңдерін өліп-өшіп оқып, аруағын разы еткісі келген халық талабының бәрі дұрыс, бәрі орынды, бәрі заңды. Көңіл-кесесіне симай ақтарылған ел-жұрттың риясыз махаббаты ризашылық сезіміңді туғызып, шын сүйсіндіргенімен, «шіркін-ай, осыншама көл-көсір құрметтің бір ұшығын ол көзі тірісінде көргенде ғой» деген сыңайдағы бір өкініштің өзегіңді өртейтін кездері де бар.
Қазақ поэзиясының жарық күніндей болып жарқыраған Мұқағали Мақатаев 1976 жылы бар-жоғы 45 жасында көз жұмып, мәңгілік мекеніне аттанып кетті.
Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам, оған жұртым елеңдестің.
Өлсе, өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім, –
деп егіліп сыр толғаған біртуар тұлғаның әдеби ортаға танылып, бұрқыратып өлең жазған шығармашылық ғұмыры қамшының сабындай келте өмірінен де қысқа болды. Бар-жоғы он бір жылдай уақыт. Міне, осы азғантай мерзім ішінде тілінен бал мен у тамған сыршыл лириктің «Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?» (1968), «Мавр» (1970), «Дариға-жүрек» (1972), «Аққулар ұйықтағанда» (1974), «Шуағым менің» (1975) кітаптары шығып,
жырсүйер қауымның жүрек төрінен орын алды. «Өмірдастан» таңдамалысы 1976 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көргенімен, аурухана төсегіне таңылып, дерті асқынып, ауыр хәлде жатқан ақын, жанары жәудіреп, сыртқы мұқабасын ғана қолымен ұстап, кітап болып шыққаннан кейінгі қызығын көре алмай дүние салды. Бір сөзбен айтқанда, Мұқағали миллиондаған адамдардың аузын ашып, көзін жұмғызған кемел туындыларын 34 пен 45 жас аралығында жазып, азғантай уақыт ішінде жүрек қойнауынан тапқан құнды қазынасының бағасын беруді келер ұрпаққа, яғни, мына бізге аманаттап кетті.
Қазынам бар.
Біреуге берсем бе екен?!
Өкпелейді-ау бермесем,
Берсем, бөтен.
Бар байлықты қойныма тығып алып,
Әлде мына қүмдардай өлсем бе екен!?
Қазынам бар,
Біреуге қисам ба екен!?
Ренжиді-ау қимасам,
Қисам, бөтен.
Әлде мына даладай бар байлықты
Бір өзім иемденіп, жисам ба екен!?
Қазынам бар.
Тәуекел, сатсам ба екен?!
Өзіңдікін өзгеге сатсаң, бөтен.
Әлде мына таулардай бүркеніп ап,
Бүк түсіп, теріс қарап жатсам ба екен?
Қазынам бар.
Қисапсыз шектеледі.
Қызғанады біреулер, жек көреді.
Бермеймін де, сатпаймын, көрсетпеймін!
Алам десең,
Алдымен зертте мені…
Он бір жылдай уақытта ақындық жүректен туған рухани байлықтың қаншалықты құнды екенін осы жолдар айқын аңғартып тұрғандай.
Көзді ашып-жұмғанша өте шығатын қас-қағым мезгіл ішінде түрлі баспалардан Мұқағалидың сегіз кітабы жарық көріп үлгеріпті. Бір қарағанда мұндай кеңшілік кез-келген ақынның маңдайына бұйыра бермейтін сирек бақыт сияқты болып та көрінеді. Әйткенмен, осыған орай айтылып жатқан пікірлер бір-біріне қайшы келіп, елді екіұдай сезімнің құшағында қалдырып жүр.
Замандастарының бірі Мұқағалидың өмірден көп жақсылық көрмегенін, сыбағасынан айырылып, шөміштен қағылғанын айтса, екіншілері, керісінше, қоғамнан шеттетіліп, бейнет тартқанын жоққа шығарып, оны дәлелдеп жанталасуда. Мұндай кезде шындықтың шылбырынан ұстай алмай, кімнің сөзіне сеніп, кімнің жағына шығарыңды білмей басың қатып, дағдарып қалатының рас.
Біз Мұқағалидың замандасы емеспіз. Ақынмен дәмдес болған қаламгерлердің естеліктерін оқып, сол дәуірдің тынысын сезіп, картинасын көз алдымызға елестеткенімізбен, дәл олардай шындықтың теңізіне терең бойлай алмаймыз. Соған қарамастан, әдебиетіміздегі Мұқағалидай сом алтынды жете танымаған, лайықты бағасын бере алмаған құрдастары мен замандастарының шындығына күмәндануға біздің де қақымыз бар. Сондықтан да біз көп жағдайда елдің сөзінен гөрі, жүрегінің түбіне кір сақтамаған сыршыл лириктің жырларына жүгініп, ақиқатты бытырадай шашылып жатқан шындықтардан емес, ақынның тағдырлы туындыларынан іздейміз. Мұқағалидың күнделігін оқып шыққанымызда, осы жолымыздың дұрыстығына көзіміз жете түсті. «Егер біз кездерде менің өмірім, шығармашылығым әлдекімнің көңілін аудара қалса, оларға былай дер едім: «Менің қымбатты достарым! Егер сендер шынымен менің өмірбаянымды, шығармашылығымзы зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыңдар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем».
Расында да, өзі туралы ақыннан артық кім айта алады? Жүрек сырын, нәзік жанын кім одан терең түсінеді? Тереңде тұнып жатқан дауыл күйді, тербетіп, тулатып қозғайтын ақын туындылары тұрғанда шындықты басқа жақтан іздеуде қандай қисын бар? Біз үшін көзі тірісінде біреуісі талантын мойындап мақтаған, екіншісі беймәлім себептермен сынаған, үшіншісі қадірін біліп аяған, төртіншісі тасадан тас атқан, бесіншісі қолынан келгенше көмектесіп, алтыншысы аяқтан шалған — аға, іні, құрдастарының шындығынан гөрі, өз өмірін өлеңмен өрнектеген ақын ақиқаты бәрінен де маңызды болуы тиіс қой. Ал, біздің оқыған өлеңдеріміз Мұқағалидың жағасы жайлауда жүрмегенін дәлелдеп, қайта керісінше, өмірінің ауыр болғанын айғайлап жеткізіп, көкірегі қарс айырыла жаздап жылап тұр.
Жанарымды тұманмен тұмшаладым,
…Серіппесі үзіліп тұр садағым.
Жігітінен қазақтың дос таба алмай,
Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын.
Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім…
Үміттің соңғы жібі үзіліп, бір бітеу, меңіреу қабырғаға тірелгендей болып шарасыздықтан айтылған, не деген мұңлы сөздер! Досқа жарымай, өмірдің думанды базарынан жылап қайтқаннан асқан қандай қасірет бар, мына дүниеде. Панасыз, сорлы жетімдей еңіретіп, нәзік жанын ойран еткен мұндай қайғының шаңдақ дауылы жалғаннан жұбаныш іздеп жабырқап, амалының жоқтығынан ажал арқанына мойнын созып құлазыған ақын жүрегінде ғана соғады.
Ақын болып несіне жаратылдым,
Арасында қап қоймай қара түннің.
Қасиетін сезем деп Ана тілдің,
Қауырсыны қалмады қанатымның.
Қу тірлікке құл болып, аяң басып,
Құлашымды жая алмай баратырмын.
Момын едім, жақсы едім, ұяң едім,
Аттап өттім олардың қия белін.
Енді, міне, қауқарсыз құр ашуды,
Жия бергім келеді, жия бергім.
Маңдайымнан сипаған бір жан болса,
Енді қалған өмірімді қияр едім.
Тағдырының аянышты да, ауыр болғанына қаламын қасіретінің қанына малып отырып жазған, сүйектен өтетін ақын сөздерінен артық сізге қандай дәлел керек?
Мұқағали сөздің киесі барына сеніп, бойтұмарындай қастерлеген, қадірін жақсы біліп оны қалай болса солай оңды-солды шашып қолдана бермеген, Құдайсыз қоғамда өмір сүре отырып, Алланы аузынан тастамаған, жүрегіне иман қарлығашы ұя салған — текті талант. Маймылдан жаратылғанына күмәнданып, қазақ ақындарының ішінен Адам Ата мен Хауа Ана тақырыбын алғашқы болып жырлаған – сезімтал лирик. Және жаратылысқа жан бітірген періште сұлулықты көзімен көргендей суреттеп, бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын қайталанбас екі құбылыс – әйел мен еркектің оңаша қалғандағы сәтін кестелі тілмен көркемдеп, қалай әсерлі, әдемі жеткізген десейші.
Не керемет бізді мұнда тастаған?!
Ол да менен, мен де одан жасқанам.
Айналайын Адам Ата, Хауа Ана,
Алдыменен қайсың едің бастаған?
Әлде, сен бе, айналайын Хауа Ана,
Қауызын ашқан гүлге ұсап қараған?
Адам Ата, әлде сен бе ақ гүлден,
Нәр алғанды тіршілікке балаған.
(Айтарым бар сендерге мен мақтанып),
Сендер батқан күнәға біз батпадық,
Тұрған болар, әйтеуір, бір от жанып,
Жанып барып, жанып барып тоқтадық.
Алпысыншы жылдары өлең өлкесіне дүбірлетіп келіп, қолтаңбасын қалдырып, киелі шаңыраққа бір-бір уық болып қадалған Мұқағали замандастарының қай-қайсысы да осал емес. Бірақ әдебиеттің алып мұхитына өз арнасымен келіп қосылған ақындардың ішінен дінін сатпайтынын жұртқа жария етіп, пайғамбарымыз Мұхаммед (ғ.с.) үмбеті екенін Мұқағали ғана жамағатқа батыл айта алды.
Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,
Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін?!
Құбылаға бет алып қол қусырып,
Сәждеге жығылатын қайда күнім?
Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,
Өлмейтін, өшпейтұғын күнім білем.
Таппайтын күнде тыным, түнде тыным,
Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін.
Мұхаммедтің үмметі мұсылманмын,
Пайғамбарым қолдайды қысылған күн.
Алсын тағалам ант етем, ант етемін,
Алла есімін жүректен ұшырған күн»
Ендеше мына біздің, жауһар жырлары еркімізді билеп, ет-жүрегімізді елжіретіп, сезімімізді жаулап алған Мұқағалидың миллиондаған оқырмандары тар кезеңде де Алласына сиынып, асыл дінін ұмытпаған әулиенің:
Достыққа жүрмін,
Достыққа жүрмін құмартып!
Өлгелі жүрмін,
Өзіме-өзім мін артып…
Жауыздың барып, жанына уәзір болғаннан,
Достардың барып, ауласында өлген мың артық, — деп өзегін өртеп, өмірін өксіткен өкінішті өлеңімен жеткізген жанайқайына қалай күмән келтіреміз? Дүниеден дос таппай, сең соққандай сенделгенде жалғыз досы жүрегімен ғана сырласып, қиналып, қапаланып, құсалықтан қайғырып өлген мұңлықтың сөзіне сенбеуге бола ма?
Жүрегіңіз бар болса, Мұқағалидың интимдік лирикасын айтпағанда, табиғатқа тіл бітірген жауһар жырларынан да ақын жанын жегідей жеген өкінішті сезбеу, талайсыз тағдырының басын шалған қайғы-қасіреттің мұнарын байқамау мүмкін емес қой.
Күз секілді биылғы көктем маған,
Күреңітіп тұрады…
Неткен жаман?!
Кеше ғана
Керемет кешкен ғұмыр
Бүгін маған секілді өткен заман.
Немесе:
Жас терексің жапырақ жая алмаған,
Біз – жолаушы саяңда аялдаған.
Біз кетеміз, қаласың, тұлдыр терек,
Салқын бола алмады саяң жаман.
Сондай-ақ:
Мына келген жазым ба – ақ таңым ба?!
Қайта оралған құсым ба бақтарыма?
Қарғыс айтып отыр ма қарлығаштар,
Менің жүдеу кешегі шақтарыма?!
Мұқағали поэзиясының лирикалық «мені» жарыққа үйір көбелектей өздігінен отқа түскенімен, екінші жағынан, кез-келген ақынның ең ұлы байлығы – рухани қазынасы, өлеңдері емес пе деген ой да келеді кейде басыңа. Көңілі көбелектей алып-ұшқан ақындардың жиі-жиі отқа қанатын күйдіріп алып жататыны қалыпты құбылыс емес пе, тәйірі. Шығармаларының тасқа басылып, кітап болып шығып, халық игілігіне айналғанынан артық ақынға қандай мәртебе, қандай бақыт керек? Ендеше сегіз жыр жинағын оқырманға ұсынып үлгерген Мұқағалиды мүсіркеуге біздің моральдық қақымыз бар ма?
Әрине, Құдай берген қабілетін құрметтеп Мұқағалиға бір сыйлық немесе атақ әпере алмағанымыз ақынның емес, біздің арымызға сын боларлық ұятты іс. Бірақ, айтыңызшы, билікке көрсеткен қызметін бұлдап, қос-қостан сыйлық алып, атаққа тоймаған қаламгерлердің қайсысы тарихта қалды? Ақынды өнер шыңына шығаратын шығармалары ғой. Көзі тірісінде даңқтары дүниені дүрліктіріп мемлекетіміздікін айтпағанда, одақтық, халықаралық деңгейдегі сыйлықтардың бірінен соң бірін қалдырмай алған, атағынан ат үріккен ақындардың пендешілік табыстары есімдерінің ұмытылмауына себептесе алды ма? Неге жұрт олардың емес, атақ пен сыйлықты дәметпек түгіл, жат жұртта қалғандай болып, басына бақ құсы қонбай оңашада жалғызсырап жылаған Мұқағалидың жырларын құмартып оқиды? Күнделікті күйбең тіршілік, күйкі өмірдің құлына айналып кетпей, мәңгілікпен ғана сырласып, ұлы адам болып өмір сүрудің қиын тағдыр екенін ақынның өзі де мойындапты.
Тағдыр дейміз,
Тағдыр дейміз ашына,
Талақ тағдыр, күйбең тірлік алдайды.
Ақымақтың бақ боп қонып басына,
Ақылдыдан аулақ кетер, бармайды.
Көзден ақса жүректегі қан-жылға,
Табына кеп тағдыр дейміз жаншылып.
Біле тұра ұры арбекеш – тағдырға,
Уайымды ұстатамыз қамшы ғып.
Тағдыр дейтін бос сөз, бос сөз, жарандар,
Өтірікке санаңдар!
Тағдырыңды жасайтын да адамдар.
Тағдырыңды бүлдіретін адамдар!
Әйткенмен, тұрмыс-тіршілігі қиын болғанымен, сегіз кітабы шыққан ақынның шығармашылық тағдыры ауыр болды дегенді айтуға аузың бармайтыны да рас.
Сегіз кітап сырт көзге аз олжа еместей көрінгенімен, көлемі сәбидің алақанындай ғана шағын, пышақтың қырындай жыр жинақтарын көріп, қолыңа ұстағанда көңілің қоңылтақсып, алғашқы ойыңнан айнып, ақын талантын құрметтеген қошеметтің біз ойлағандай зор болмағанына көзің жете түседі. Жыр сүлейімен бір заманда өмір сүрген өзге елдің аса көрнекті шайырлары Расул Ғамзатов, Қайсын Кулиев, Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенскийлерді халқының қалай төбесіне көтергені елдің бәріне аян. Ал, арды жанынан да биік қойып, ақындарымен мақтанғанда өзге ұлттарды шаң қаптырып кететін мына біздің, шығармашылық қабілеті олардан артық болмаса, бір мысқалдай да кем емес Мұқағалидай тау тұлғаның жібі түзу бір жыр жинағын дұрыстап шығарып бере алмағанымыз елдігімізді айтпағанда, азаматтығымызға сын емес пе?
Көрнекті ақын, әрі ғалым Әбділдә Тәжібаев жыр сүлейінің қайтыс болғанына бір жыл толғанда «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің 1977 жылғы 26 наурызындағы санында үлкен мақала жазып Мұқағали өлеңдеріне шолу жасай келіп «..оқырман қауым ақынның жарық көрмеген тамаша өлеңдері өте көп екенін біле бермейді» деген-тұғын. Поэзияға төрелік айтып, өкшесін басқан інісінің талантын бірінші бағалаған Әбділда ақсақалдың сөзіне қарағанда, Мұқағалидың түрлі себептермен кітаптарына енбей қалған туындылары өте көп болғанға ұқсайды. Өнімді еңбек еткеніне қарамастан, айрықша талант иесі екенін тап басып, тани алмағанымызды академик сыншы Мұхамеджан Қаратаев та 1981 жылы Мұқағалидың 50 жылдығына арналған салтанатты жиналыста жасаған баяндамасында айтып кетіпті. Осыған орай, артына соншама мол мұра қалдырған ақынның кітаптары неге жұпыны болып шықты деген заңды сұрақтың жауабын іздеудің реті де, жөні де келіп тұр.
Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының айтуынша, 1979 жылы ақын қайтыс болғаннан кейін жарық көрген бір ғана «Өмір-өзен» кітабының көлемі (14 жарым баспа табақ) көзі тірісінде жарық көрген бес кітабының көлеміне пара-пар екен. Көзі тірісінде шығарған ауыз толтырып айтатындай ең үлкен кітабы «Құдіретті комедияның» аудармасы мен таңдамалысы «Өмірдастан» ғана екен. «Өмірдастанның» өзі өлерінен бір ай бұрын ғана жарық көрді, сондықтан оны жұрт ақын қайтыс болып кеткен соң оқыды. Соған қарағанда, «Тағдырдың бір жарытпай-ақ қойғаны-ай!» – дегенді ақын ақшаға ғана қатысты емес, пейілге де жарымағандықтан айтқан болу керек».
2001 жылы «Жалын» баспасы ақын мұрасының ер-тұрманын түгендеп, әр қайсысының көлемі 20 баспа табақтан асатын төрт томдығын оқырманға ұсынды. Жаны жібектей нәзік лириктің құдіретті қаламынан туған шығармаларының бәрі осы төрт томдықта қамтылды деген күннің өзінде, Мұқағалидың артына қалдырған әдеби мұрасының көлемі 80 баспа табақтан асып түседі. Сонда жыр сүлейінің кем дегенде алпыс баспа табақтай шығармасы көзі тірісінде жарық көрмеген болып шығады. Тіпті, одан да көп болуы әбден мүмкін. Ақынның қызы Шолпан жазушы, журналист Қанат Тілеуханға берген сұхбатында жетпісінші жылдары әкесінің баспаға берген бір том өлеңдерінің ұшты-күйлі жоғалып, сол күйі табылмай кеткенін айтып берді. Сәті түсіп сөйлескен кезімде бұл деректі ұлы Жұлдыз да растады. Білсеңіз айтыңызшы, Мұқағалимен бір дәуірде өмір сүрген ақындардың ішінде осыншама мол шығармасы көзі тірісінде жарық көрмеген кімдер бар? Мұқағали Мақатаевтың 70 жылдығына орай іші-сырты әдемі безенділіріп, оқырман игілігіне айналған кітаптарға жазған Бексұлтан ағамыздың алғысөзінен ұққанымыз, бұл төрт томдық та ақынның артына аманат етіп қалдырған бүкіл шығармаларын толық қамти алмапты. «Қолымызға сан қилы себептермен түспей қалған, назарымыздан тыс қалған әлі де шығармалары, жазбалары табылып қалар. Оның әр сөзі әлдебір шындықтың бетін аша кетуі мүмкін. Мұқағалидың ақындығы, шығармашылық ғұмыры әлі жан-жақты зерттеле қойған жоқ, әлі тек жинақталуда».
Толық болмаса да ақынның негізгі шығармалары қамтылған төрт томдықтың қолымызға тигеніне де табаны күректей жиырма жыл өте шықты. Құдайға шүкір, тоқсаныншы жылдардағы байтал тұрмақ бас қайғы болған, кітап оқымақ түгіл, тамағымызды таба алмай қиналып, «тар жол тайғақ кешкен» күндер артта қалды. Кедейдің садақасындай етіп бізді «жарылқаған» үкіметтің тиын-тебеніне қай тесігімізді бітеп, қай жыртығымызды жамарымызды білмей сасып, жоқшылықтан жанымыз қысылған жылдарды қазір баяғыда көрген қорқынышты түсіміздей ұмытып та кеттік.
Бүгінді таңда биліктің тесік қалтасы бүтінделіп, үкіметтің рухани салаға, оның ішінде әдебиетке де көңіл бөліп, қамқорлық таныта бастағаны сөніп бара жатқан үмітімізді қайта жаққандай болды. Ендігі жерде, кезінде жақсы басталып, қаржы тапшылығының кесірінен орта жолда тұралап қалған Мұқағалитануға байланысты жұмыстар қайта қолға алынып, қайта жанданса нұр үстіне нұр болар еді. Сенім күшті, рух мықты, ниет түзу болса, алынбайтын қамал жоқ.
Арқаны кеңге салып, әр нәрсені бір сылтауратып, бәрін де ертеңгі күннің еншісіне қалдыра бергеннен ештеңе ұтпаймыз. Рухына лайықты құрмет көрсетіп, қырық бес жыл бойы ел-жұртын сағындырып, өлеңдеріне ғашық етіп тастаған жыр Құлагерінің екінші – мәңгілік ғұмырының қаншалықты мәнді, мағыналы, мазмұнды болып жатқанына шын пейілімізбен назар аударатын уақыт келді. Осыған орай, Мұқағали мұрасын зерттеуге, насихаттауға әлем оқырмандарына танытуға қатысты қандай игілікті істер қолға алынып, қандай жұмыстар атқарылып жатқанына байланысты қойылатын, көмейімізде кептеліп тұрған сұрақтар да көп.
Ақын қайтыс болғаннан бері өткен жарты ғасырға таяу мезгіл ішінде Мұқағали шығармашылығы жан-жақты сараланды ма? Андре Моруа, Стефан Цвейг, Ромен Ролландардың бар ынта-жігерін салып Байрон, Бальзак, Толстойлардың туындыларын талдаған еңбектеріндей құнды кітаптар біздің әдебиетімізде Мұқағалиға байланысты жазылды ма? Иван Буниннің «Толстойдың азаттануы» сияқты өз ұстазын сағынып жазған эссесіндей шығармалар ақынның көзін көрген інілерінің қаламынан туды ма? Қырық бес жыл ішінде сахналанған бір-екі драмалық қойылымда Мұқағали бейнесі қаншалықты жан-жақты ашылды? Өз ұлтының әдебиетін халқына таныту үшін орыстың режиссерлары, сценаристері жылт ете қалған таланттарына дейін аяғын жерге тигізбей көкке көтеріп, көркем фильмдерді айтпағанда, тұтас сериалдар түсіріп тастады. Ал, біз биыл ғана, әйтеуір әупірімдеп жүріп, жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің жазған сценарийі бойынша Мұқағали туралы әрең дегенде бір көркем фильм түсірдік-ау!
«Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегенді біз басқаларға қарағанда жиі айтқанды ұнататын елміз. Жиі ауызға алғанымызбен, көп жағдайда біздің сөзіміз бен ісіміздің қабыспай жататыны өкінішті. Біздің бұл сөзімізді жүрегіңізге ауыр ала көрмеңіз, бірақ, дәл қазақтардай көзі тірісінде арғымақтан гөрі мәстекті құрметтеп, өлгеннен кейін де ұлы таланттардан халқының махаббатын қызғанып, неше түрлі сөздердің қоламтасын қоздыратын басқа жұртты өз басым білмеймін.
Зады, кез-келген елдің өз ұлтының кемеңгеріне, ғұлама ғалымына, көрнекті қайраткеріне, сыршыл суреткеріне, талантты ақынына көрсететін құрметіне қарап, сол халықтың мәдениетін байқап, зиялы қауымының ой-өресін танып, адамгершілік парасатын бағалауға болады. Бальзак дүние салғандағы француздардың жүрегін жылатқан Гюгоның немесе Пушкиннің қайғылы қазасынан кейін бірнеше жылдан соң ел алдында сөйлеген Достоевскийдің сөзін есіңізге түсіріп көріңізші. Данышпан Гюго «Бальзак ұлылардың – ең алғашқысы, таңдаулылардың — ең үздігі» десе, кемеңгер Достоевский орыстың ұлы ақынын әулиеге теңеп «Пушкин өзімен бірге о дүниеге ұлы жұмбақты алып кетті» деген жоқ па еді. Мәдениеті биік елдердегі ұлы ақындардың бір-біріне көрсететін ілтипаты сүйсіндіріп қана қоймай, олардың мұрасын зерттеуге деген ықыласыңды, шығармаларын оқуға деген құштарлығыңды оятады. Бағасы берілген Бальзак пен Пушкинге ғана емес, ұлы ақындардың талантын тамыршыдай таныған Гюго мен Достоевскийге деген құрметің де артып, олардың тұлғалық даралығы көз алдыңда биіктей түседі.
Құдайым-ау! Дәл бүгінгідей, ұсақталып кетпей тұрғанымызда бізде де мұндай кісілік, кесек мінез болды ғой. Болды. «Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы — соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ» (Ахмет Байтұрсынов), «Мағжан – культурасы зор ақын» (Жүсіпбек Аймауытов), «Ат тұяғын тай басар деген сөз көркемөнер дүниесіне жүрмейді. Бұдан былай Мұхтардың орнын өзінен қалған асыл мұрасы ғана толтырады. Мұхтар бізге орнын қалдырған жоқ» (Ғабит Мүсірепов) деп ұлыларымыздың даралығын жазбай таныған, қазақы болмысымыздағы Толыбай сыншылықтың құдіреті қазір қайда кетті?
Ұлы ақынды қапысыз танып, шын бағасын бере білудің өзі ұлылық екенін біле тұрсақ та, «өзімен бірге о дүниеге ұлы жұмбақты алып кеткен» Мұқағалиымыз туралы осындай парасатты сөзді айтуға тура келгенде, неге бүгін біздің кежегеміз кейін тарта береді? Неге, әлемдік деңгейдегі шығармалар жазып жатқанымызды бөсіп, жер-көкке симай мақтанатын бізде ұлт ақындарын құрметтей білген Гюголар мен Достоевкийлердің азаматтығы, Ахмет, Жүсіпбек, Ғабиттеріміздің бойындағы кісілігі қалмай барады? Неге бүгінгі біздің Мұқағали туралы сөзіміз ұлы ақынның арақ ішкенін өсектеп, ішкен-жегенін түгендеген, пендешілік пыш-пыш әңгімелердің ауласынан ұзап кете алмай жүр? Құдай үшін, айтыңызшы неге?
Шын мәнісінде де Мұқағалидай құбылыстың бағаланбауы, көлемі бірнеше томнан асатын өлеңдерінің көзі тірісінде жарық көрмей, жібі түзу бір жыр жинағын шығарып бере алмаған пендешілігіміз, жұмыссыз қалдырып, шақшадай басын шарадай етіп қойған осалдығымыз ақын өлгеннен кейін бізді ойландыруға, ұялтуға тиіс-тұғын. Бірақ, бәрі керісінше болып, ұялудың орнына біз қазір «Мұқағали ешкімнен қысым көрген жоқ, жағдайы жақсы болды, кітабы жыл сайын шығып тұрды» деген мағынадағы сөздің саумалын сапырып, ант-су ішіп ақталып жатырмыз. Шындығында да жағдайы жақсы болса, неге ол тіршіліктен түңіліп, ақыр соңында ауыр хәлін тәпіштеп түсіндіріп, шарасыздықтан Қазақстанның бірінші басшысы Дінмұхаммед Қонаевқа хат жазды. Тағдырын түсінгім келіп, ақын өмірінің ең қиын сәтінде жазылған аянышты хатты қайта-қайта оқыған сайын көңілім астаң-кестең болып, ет-жүрегім елжіреп, еңіреп жылауға шақ қалып, көзіме жас келеді.
Тәуекелі сарқылып, жақсылықтың соңғы сәулесінен үміттенген Мұқағалидың өз хатында Қонаевтың алдында ақталуға тырыспай, өз бойындағы кемшіліктерді жасырмай баяндаған адалдығы сүйсіндіреді. «Мен өзімнің өзекті өртеген өкінішті салдыр-салақ өмірім туралы, туған әдебиетке қалай келгенім туралы, он екі жыл бойы қазақ кеңес жырына не қосқаным туралы, тіршілігімде (әйтеуір шығармашылық та емес) сүйінген және күйінген сәттерім туралы айтқым келеді…». «1973 жылы оқығым келіп, тілек білдіргенімде Қазақстан Жазушылар одағы мені Мәскеудегі Жоғары әдеби курсқа жіберді, дегенмен кейбір өз басымдағы жеке кемшіліктеріме байланысты оқуды жалғастыра алмадым…». «Бәріне де дариға ақын жүрек кінәлі. Әйтсе де барымды салып, еңбектендім. Бәрібір жеңіл емес еді. Қол қаламнан қалт еткенде жағалаған жағымпаз достармен, дәлдүріш ақындармен іше бастадым. Олардың ырқына қалай түскенімді байқамай қалғандаймын. Әлсін-әлсін менің серілік өмірім басталды. Өзім ұяттан өртеніп тұрсам да, құрдастарымның сәл қуаныштарына сілтейтін болдым. Ішкенімді жасырмаймын, бірақ үйіме де, басқалардың күйіне де зиян келтірген жоқпын, ал рухани жағын қайдам?! Бәлкім, менің қамымды жегендер болған шығар, өз-өзімді иттің етінен жек көре тұрып, әлденеге қорынатын болдым. Осындай сәттерде өз ойларыммен оңашада қалып, поэзия піріне сыйынатын едім. Айлап жазу столының жанында тапжылмай отырдым. Тек, жыр ғана менің жаныма дауа болып, дертімді емдеді. Ол маған адал, таза қызмет етті. Мен де оған қарыздар болып қалғаным жоқ.»
Мұқағалидың бар қасіретін баяндап жазған хатынан ұққанымыз дер кезінде уақытылы жарна төлемегендіктен СОКП қатарынан шығып қалған. Әрине, дәл қазір біздің қоғамда партия қатарында болғанның, болмағанның еш маңызы жоқ. Ал, Кеңес заманында партиядан шығарылу келешегіңді тас-талқан ететін – үлкен трагедия. Партия қатарында жоқ адамға жұрт қылмыскердей қарайтын.
Әңгімені рет-ретімен баяндайтын болсақ, осындай қиын жағдайға қалай ұшырағанын ақын өз хатында Қонаевқа соқырға таяқ ұстатқандай етіп түсіндіріп береді. Елдің бірінші басшысын мазалап, ұзақ жылдар бойы жанын жегідей жеген уайым-қайғысын айтып хат жазуға ақын алғашқыда бата алмапты.
Хатының басында ол қарапайым шаруаның шаңырағында дүниеге келгенін тілге тиек етіп, соғыс кезінде әулетінің қандай қиыншылықты басынан кешкеніне қысқаша тоқталады. Әкесі 1942 жылы қан майданда қаза тауып, артында кәрі шешесі, әйелі мен үш ұлы қалған.
Интернатта онжылдықты бітіргеннен кейін отбасының ауыр тұрмысы қолбайлау болып, Мұқағали жоғары оқу орнында білім алу мүмкіндігінен айырылған. Қара шаңырақтың жалғыз тіреуі өзі болғандықтан, амалсыздан түрлі қызметтерді атқарып, бірнеше жыл жеті жылдық мектепте ұстаздық еткен. Үйленіп, балалы-шағалы болған.
1962 жылы Мұқағалидың өмірінде тағдырын тығырыққа тіреген жаңа қиындықтар басталған. Аудандар қосылып, ақын туған ұжымшар екі шақырым жердегі жаңа қонысқа көшіріледі. Өз үйіңді қиратып, жаңадан шаңырақ тұрғызу кім-кімге де оңай емес. Қолы ұзын емес, жағдайы төмен жандарға екібастан.
Аудан іріленген соң біраз қызмет те қысқарып, Мұқағали жұмыссыз қалады. Қайтпек керек? Әйелі, төрт баласы, анасы мен інісін асыраудың қамын қарастырған болашақ ақын тәуекелдің арқанымен белін буып, астанаға аттаныпты. Отыз сомға қаладан бір бөлмені жалдап, тіршілік қамын жасауға кірісіп «Социалистік Қазақстан» газетіне әдеби қызметкер болып тұрады. Әйелі қазақ тілі мен әдебиетінің маманы болса да мектептерден жұмыс табылмай қояды. Жалғыз адамның табысы жеті бірдей жанды асырауға жетпей, мұқтаждықтан Мұқағалидың тұрмысы ауырлаған үстіне ауырлай береді.
Тіршіліктің тартқызған тауқыметі аздай, алтыншы сыныпта оқитын үлкен қызы апатқа ұшырап қаза табады. Тағдырдың тәлкегі мұнымен де бітпей, бірінші мамыр мерекесі қарсаңында ауылына кетіп, үш күн кешіккені үшін ақынды жұмыстан шығарып жібереді. Басына бұрынғыдан да бетер ауыр күндер туған бейбақ ормандай теңселіп, не істерін білмей қапаланады.
«Социалистік Қазақстандай» беделді басылымнан кеткеннен кейін қызметке орналасу да оңай болмайды. Алайда, келешектен үмітін үзбеген ақын бойындағы Құдай берген қабілетіне сеніп, біржола шығармашылыққа ден қояды. Халқына бірнеше жыр жинағын ұсынып, Жазушылар одағына мүшелікке өтеді.
Бірінші басшыға жазған хатында ақын кезінде Жазушылар одағының аппаратыңда да, «Жұлдыз» журналында да қызмет еткенімен, әріптестерінің қарым-қатынасынан үнемі салқындық сезіп келгенін жасырмай айтады. Хатының соңын «Ардақты Димаш аға! Мен қырық екі жасқа толып, жан тыныштығын басқа тараптан іздегенімді түсіндім. Өзіме-өзім келіп, кінәмді жуып-шайып, өз ақымақтығымнан жоғалтқанымды қалпына келтіруге көмектесіңіз. Ажал алдында тұрғандаймын, құтқара көріңіз!» деген аянышты түйінмен аяқтайды.
Мұқағалидың шарасыздықтан жазған соңғы хаты ақын тағдырының ауыр болғанын тайға таңба басқандай етіп көрсетіп тұрған жоқ па? Соған қарамастан, әлі күнге дейін біздің оны мойындағымыз келмей, шындықты мойындаудан тайсақтай беретініміздің себебі не? Онда тұрған не бар? Адамзатты шығармаларына табындырған, әлемнің ұлы ақындары Эмили Диккинсон, Эдгар По, Джон Китстердің таланты да өлгеннен кейін мойындалды емес пе? Ал, біз қазақтар көзі тірісінде қай ақынымыздың қадірін біліп, талантын тамыршыдай тап басып, тани алып едік.
Жә, болар іс болды, бояуы сіңді. Өткенге өкіне бергеннен келіп-кетер дәнеңе жоқ. Ақын әруағының алдында ақталғандай болғанымызбен Мұқағали тіріліп келіп, нағыз шындықты бізге айтып бермейді.
Бүгінгі таңда көп айтылып, жиі талқыланып, дау-дамайға ұласып, әдеби ортаның қызығушылығын туғызып жатқанына қарамастан, біздің ойымызша енді ондаған жылдардан кейін, Мұқағали мұрасы жалғыз қазақтың ғана емес, Шекспир мен Байрондардың туындыларындай барша адамзаттың ортақ игілігіне айналғанда, мұндай әңгімелердің маңызы болмай қалады. Мысалы, біз, қарапайым адамдар Фирдаусидің «Шахнамасын» немесе Сервантестің «Дон Кихотын» сүйсініп оқығанымызда, екі ірі таланттың өз туындыларын қандай қиын жағдайда жүріп жазғанын мүлде есімізге алмаймыз да ғой. Дәл сол сияқты мемлекеттік қызметте жүріп, ғажайып дүниелер жазған Гетені біз «Жас Вертердің қасіреті», «Фауст», «Батыс-шығыс диваны» т.с.с. шығармалары арқылы қалай бағаласақ, келешекте Кекілбаевты тап солай билікке қызмет етіп, барақат тіршілік кешкеніне қарап емес, «Шыңырау», «Бәйгеторы», «Аңыздың ақыры» сияқты ғажайып туындылары арқылы ғана бағалайтын боламыз.
Пендешілік тірлікке қатысты дүниелердің бәрін де уақыт тып-типыл етіп жойып жібереді. Бәрін де ұмытқызады. Мәртебелі уақыттың күші жетпейтін жалғыз құдірет бар, ол ақындық жүректен туған — ұлы шығармалар. Ендеше, қысыр сөзге құмартып, пендешілік арзан әңгімелерді алданышқа айналдыра бермей, ендігі жерде Мұқағалидың ұлы туындыларын талдаған ғылыми еңбектердің, монографиялардың, кітаптардың жазылуына жағдай жасап, кинотуындылардың түсірілуіне мүмкіндік туғызу қажет. Картиналар салынып, талантының күрделі табиғаты түрлі қырынан зерттелген, ақындық болмысындағы қайшылықтар жан-жақты ашылған драмалық қойылымдар сахналанып, көрермендердің өз Мұқағалиын табуына көмектесуіміз керек.
Әрине, Мұқағалидан абыздың, күрескердің, қайраткердің бейнесін сомдап тыраштанудың қажеті шамалы. Хан-Тәңірінің мұзбалағы ар алдында шынын айтып ақталғанда, өзін үнемі дар алдында тұрғандай сезініп, өз бойындағы кемшіліктерді де жасырмай айта білген, жүрегі таза — адал ақын.
Өзімнен өзім аса алмай,
Өзімді өзім баса алмай,
Ауыздық салған асаудай,
Барар жер, басар ізім жоқ,
Бұғалықтан босанбай,
Байлауда тұрам қашанғы-ай!
Өзіммен өзім алысып,
Болмайтын жерде қарысып,
Жаны игі жақсы жандардың
Жағасына жабысып,
Жамандықпенен табысып,
Жабыларменен жарысып,
Секілді күндес абысын,
Өләпат менің намысым.
Өзімді-өзім танымай,
Өзгеге көңіл жарымай,
Жақсылығыма қорымай,
Жамандығыма налымай,
Тауыққа шашқан тарыдай
Таусылар болды шаруа-ай!
Өзіммен өзім жүз жыртып,
Өзіме өзім мұз бүркіп,
Өзімнен өскен палуанға
Өз мойнымды үздіртіп,
Табынтқан мені тағдыр-ай,
Өзгеге көзді сүздіртіп!..
Жүрегінің инедейін таза еместігін жария еткен кемеңгер Абайдан кейін шындығын жасырмай айтып, өзін-өзі әшкерелеуден қорықпаған Мұқағалидан басқа қандай ақынды білесіз. 1972 жылы, яғни, қырықтың қырқасынан асқан шағында жыр алыбының жүрегінде туған осы өлең Мұқағалидың бойында ақындық қабілеттен бөлек, әулиелік қасиеттердің де болғанын айғақтайды.
Әулиелік Құдайдың назары түскен адамдарға ғана қонады. Араб тілінен енген сөздің мағынасы қасиетті деген ұғымды білдіреді. Бұл сөз Құран Кәрімде Алла мен пайғамбарға қатысты жебеуші, жарылқаушы деген мәнде де кездеседі. Ал хадистерде жақын болу деген мағынада, яғни, Уәли — Аллаға жақын, дос, Алланың мейірі түскен деген ұғымда ұшырасады.
Бойында әулиелік қасиет бар тұлға жүрегін таза ұстап, өзгелерден гөрі өз бойындағы кемшіліктерге көбірек үңіліп үлкен жаңалық ашады, Аллаға жақындай түсіп, мүлде басқа түрге енеді.
Қапелімде байқамай жүргемін бе?
Қанат бітіп келеді күннен-күнге.
Мына өмірден бір кетіп, бір келдім бе?
Түсі бөлек баяғы гүлдердің де,
Кімдердің де, күн менен түндердің де.
Осы мен…
Әлде басқа түрге ендім бе?
Бал арадай шықпайтын айналамнан,
Бауыр, жолдас, дос, құрбы қайда қалған?
Қысылтаяң кездерде пайдаланған,
Жоқты қуған қайдасың,
Қайран арман?
Армысың!
Есі дұрыс мият Күнім!
Өліп қайта тірілген сияқтымын.
Жарқын өмір, жан өмір, жасыл шуақ,
Алдарыңда сендердің ұяттымын…
Алып ұшып барады қанаттарым,
Күнді ұзатып, күтемін таң атқанын.
Дәл осындай сәтіңнен адастырма,
Адастырма, өтінем, жаратқаным!
Әулие Пушкин сияқты Мұқағали да о дүниеге өзімен бірге ұлы жұмбақты алып кетті. Көңілімізге медеу тұтып, басымызды дуалап, жанымызды сиқырлап тастаған бұл жұмбақтың сырын біз әлі талай жылдар бойы шеше алмай талқылайтын боламыз. Қазақтың қара өлеңін құдірет санап, әдебиет әлемінің аспанында жұлдызы ерекше жарқыраған Мұқағали поэзиясынан жалғыз біз ғана емес, өмірге келетін әлі талай ұрпақ рухани ләззат алады. Шамамыз жетіп, қолымыздан келгенше өз үлесімізді қосып, негізін қалауға әрекет етіп жатқан ісіміздің аяқсыз қалмай, келешекте Мұқағалитану ғылымының өрісі ұлғайып, сөз өнерінің сүбесі мол, соқталы саласына айналатынына сенімдімін.
Астамсып, асқақ сөйлегенді ұнатпайтын Хан-Тәңірінің мұзбалағы Құдай берген талантын Лермонтов, Пушкин, Есениндермен бір қатарға қойғысы келмегенімен, ақиқатында, ақындық ішкі қуаты, өз оқырмандарының сезіміне әсер етуі жағынан оның шығармалары орыс әдебиетінің үш бәйтерегінің туындыларынан кем түскен жоқ. .
Мұқағали құбылысының жұмбағын ашқымыз келіп, жыр алыбының өлең кітаптарына қайта-қайта үңілгенімізде, біз тіпті, ұлы шайырымыздың Шекспир, Данте, Пушкин, Лермонтов, Есениндердің ақындық құдіреті жеткізе алмаған сөздерді айтып кеткенін оқып, қайран қалдық.
Ойым бар менің,
Ойым бар менің ерекше.
Жақсылық жауып,
Дүниені мынау сел етсе,
Жауыздықтардың, жамандықтардың барлығын
Көрге алып кетем керексе.
Жалғанға жақсылықтың жаңбырын жауғызу үшін, жауыздықтардың, жамандықтардың барлығын о дүниеге өзімен бірге алып кетуге даяр екенін мәлімдеген сыршыл лирикті біз тіпті әлем әдебиетінен де кездестіре алмадық. Реті келген кезде, Мұқағали туралы жазып жатқан үлкен еңбегімізде бұл тақырыпқа да біздің жан-жақты тоқталмақ ойымыз бар. (Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп жазып жатқан «Өмірдастан» атты монографиядан)