Мұқағали мұрасының ішіндегі жұрт назарын ерекше аударған дүниесі – «Күнделіктері». Ақын онда өзі әсерленген сәттерді ақ қағазға түсіріп отырған. Мен мынандай көзқарас түйіндерін жазып жатырмын деп ешкімге айтпаған. Яғни, өзімен өзі сырласқан, өзімен өзі мұңдасқан. Қазір сол «Күнделіктерге» көз салып отырсаңыз, сондағы заманның да, сондағы адамның да сан алуан бейнелерін көресіз. Ақынның жабырқаған жанын, күйзеліп шыққан жүрегінің әнін тыңдайсыз. Ал «Күнделіктер» оқырманға қалай жария болған еді. Ол өзінше әңгіме. Соның жауабын қаламгер Нұрлытай Үркімбайдың естелігінен оқып, қанығасыздар деп ойлаймыз.
Бір күні бөлімге мені іздеп кинорежиссер Серік Айтбаев келді. Деректі фильмдер бойынша маман екен.
– Мұқағали ақын жайлы деректі дүние түсірсем деген ойым бар. Сценарий авторлығына сізді таңдап отырмын, – дейді жаңа ғана танысқан қонағым.
– Неге? – деймін таңғалысымды жасыра алмай.
– Мұқаңның поэзиясы жөнінде біраз рецензияларыңызды оқыдым.
– Тақырыпты сіз жақсы түсініп, аша алатын сияқтысыз, – деді режиссер.
– Ол бар болғаны Мұқағали аға поэзиясын менің жеке қабылдауым ғана ғой. Ал деректі фильм үшін маған нақты дүниелер керек емес пе? – деп қашқақтаудамын.
Ол жағынан қам жемеңіз. Менің қолымда керемет бір нәрсе бар. Соны дұрыс іске асыра білсеңіз болғаны.
Сөйтті де Серік Айтбаев қапшығынан бір қалың дәптерді шығарды.
– Мұқаңның күнделігі!!! – деді ол аса салтанатты үнмен.
Қолыма алып парақтай бастадым. Өз көзіме өзім сенер емеспін. Ұлы ақынның өз қолтаңбасы. Кесек те түйдек-түйдек ойлар… Біртүрлі көңілім алабұртып, ерекше толғанысты күйге түстім.
– Бұл нағыз шедевр ғой. Қолыңызға қайдан, қалай түсіп жүр?!
– Лашын апайдан алдым. Кино түсірмек ойымды айтқан едім…
– Сіз білесіз бе, менде мынандай ұсыныс бар. Әуелі бұл дүниелерді біздің газетімізге жариялайық. Яғни халыққа ортақ дүниеге айналсын. Содан ары қарай сценарий әңгімесін келісе жатармыз.
– Сіз кешіріңіз, мен бұл дәптердерді сізге дәл қазір ұстатып кете алмаймын. Лашын апаймен келісімім бар еді. Өз қолына тапсырайын. Кешіктірмеуге тырысамын. Апарып берген күні сізге хабарлап, айтармын.
Режиссермен қош айтыса салысымен Уәкеңнің, «Лениншіл жастың» сол кездегі редакторы Уәлихан Қалижанның кабинетіне қарай құстай ұштым.
– Осылай да осылай…
– Жақсы, егер сен шынымен ол дүниені қолыңа түсірер болсаң, тоқтатпастан бірнеше нөмірге берейік. Алысымен тіке маған келерсің.
Содан арада әрқайсысы аптаға, тіпті айға бергісіз бірнеше күн өтті-ау зарықтырып. Режиссер сөзінде тұрды. Лашын жеңгейдің қолына табыс ете салысымен телефон шалып тұрғанын жеткізді. Келесі күннің, яғни жексенбінің кешінде Лашын жеңгейдің үйінде, Мұқағали ақынның қарашаңырағында отырдым.
Күнделік дәптерді жеңгей маған табыстап жатқан кезде ол кісінің қасында жұмсақ жымиып қойып, Мұқаңның сүйікті перзенті Шолпан отырды.
Тысқа шықтым. Қуанашым қойныма сияр емес. Күнделік салынған қапшығымның сыртынан әлсін-әлсін сипалап қоямын. «Жоғалтып алмасам екен» деген қауіп те жоқ емес. Үйіме жетісімен бас алмастан оқып, жақсылап танысып шықтым. Шамамен 80-90 пайыздайы орыс тілінде жазылған екен. Кейбір беттері жоққа ұқсайды. Бірақ барының өзі керемет! «Күнделікті» міндетті түрде Шолпанның атынан жариялауымыз керек. Маған аманатқа табыстағандай болды ғой. Ұлт рухын биіктететін осындай іске атсалысқанымның өзі үлкен бақыт емес пе! Өз атымды еш жерде көрсетпей-ақ қояйын» деген ішкі ойыма ә дегеннен-ақ бекініп алғанмын. Ал келесі күні таңертең ол жәдігерді Уәкең парақтап шықты да:
– Дайындап үлгерсең, тездетіп берейік. Бүгін апта басы ғой, – дейді ойлана.
– Бұл жерде аудармашының шеберлігі мен жылдамдығына көп нәрсе байланысты болғалы тұр, – дедім мен күнделіктің тіл ерекшелігін аңғартып.
Екеуара ақылдаса келіп, сол тұста кезекті кітабын жазбаққа, шығармашылық демалысқа шыққан жазушы Бексұлтан аға Нұржекеге күнделік аудармасы туралы қолқа салуды жөн көрдік. Жеке шығармашылық жазуынан ол кісінің қолы оңайлықпен босамайтыны аңғарылып тұрды. Алайда Мұқаңның жазбасын аттап кете алмасы да белгілі еді.
Жәдігер тым көлемді болғандықтан, тек таңдаулы тұстарын ғана аударып, газетіміздің әрі кеткенде үш нөміріне көлемді етіп жариялауды ұйғарыстық. Арасын үзбей, қатар нөмірлерге бермекшіміз.
Уағдаласқан дүйсенбі күні-ақ Бексұлтан аға аудармаға кірісіп кетті. Бұрын ойлаушы едім «Жұмысы күйіп-жанып жататын газет журналистері ғана шапшаң жазуға көндіккен болар» деп. Оным бекер екен.
Күнде таңертең өзі қызметке келісімен Уәкең редактор көлігін маған береді. Салып-ұрып Бекеңнің үйіне жетемін. Ол кісі бір нөмірлік аударманы қолыма ұстата қояды. Шала ұйқылы боп аударғаны жүзінен көрініп тұратын. Содан Айзаш жеңгейдің ұсынған таңғы шайына мойын бұра алмастан, нан ауыз тие салып, редакцияға қайта шапқылаймын.
Жауапты хатшы Ерғали Сағат ең жүйрік деген машинкашы қызды осы жұмысқа арнайы босатып қойған болатын. Дереу «диктовкаға» отырамын. Сабаздың шапшаңдығы сонша, жазу машинкасының түймешіктеріне қарамастан зырылдатып баса беретін. Әйтеуір, тексті үлгеріп оқып отырсаң болғаны. «Әй, зырылдатуына қарағанда, талай қате кетті-ау, шіркін. Қайта жөндеп, әуреленетін болдым-ау» деген оймен бөліміме кірісімен су жаңа тексті оқи бастадым. Бірлі-жарым болмаса, қате жоқ. Риза болмасқа амалың қалмайды екен.
Ал жауапты хатшы бастаған секретариаттың жігіттері болса, макеттерін әзірлеп, Мұқағали ақынның соны суреттерін іздестіріп, зыр қағып жүргендері.
– Тексіңіз әзір болса, «досылмен» жіберейік, – дейді маған «макетші» жігіттер пысықтай түсіп. Редактордың орынбасары Ержұман Смайыл болса баспахана терімшісімен алдын ала келісіп қояды. «Шұғыл материал барады. Қиналмай баса қойыңдар» деп.
Бір нәрсені ескерген жөн, ол газетті қазіргідей компьютермен теретін заман емес. Терімнің бәрі кәдімгі баспаханалық қара темір арқылы атқарылатын. Яғни, жұмыс ауыр да күрделі еді. Бірақ сүттей ұйыған шығармашылық ұжым қызметкерлері оның бәрін оңайлатып жіберді.
Осыншалықты ауқымды іс, бір қарасаңыз, өзінен өзі оп-оңай-ақ бітіп жатқан сияқты. Себебі, ол істі атқарып жүргендер бірін бірі жарты ауыз сөзбен түсінісіп, біріне бірі көмектесуге ұмтылып тұратын шығармашылық ұжым мүшелері еді.
Мен сол жолы анық түсіндім, табысқа жеткісі келетін ұжымның «вахтерынан» бастап бірінші басшысына дейін іскер, талантты әрі керемет ұйымшыл болуы шарт.
Содан не керек, мысалы сейсенбінің таңында ғана қаламмен жазылған қолжазбасын қолымызға ұстатып жіберген Бексұлтан Нұржеке келесі күнгі таңертеңгі газетімізден көрнекті жазушы Әбіш Кекілбайдың «Алтын қаламды ардақ ақын» деген алғысөзімен ашылған әлгі аудармасын оқып отырды. Күнделіктің тақырыбын «Махаббатан – парасатқа» деп қойдық. Мұқаңның өз сөзі еді…
Ал аса құрметті оқырмандарымыздың қуанышында шек болмады. Күнделіктің алғашқы бөлімі шыққан күннен бастап телефондарымыздан маза кетті. «Тағы қанша нөмірге шығармақшысыздар? Келесі бөлімдері қашан жарық көреді? Күнделікті тұтас бересіздер ме? Мұқаңның мұндай күнделігінің бар екенін бұрын қалай білмегенбіз?» деген сауалдар қарша борап кеткен болатын.
Келесі күні таңертең Бексұлтан ағаның қолынан жаңа ғана нүктесі қойылған кезекті аударманы алып, редакциямызға жетісімен машинкашы қызға қарай тағы да асығып бара жатамын. Жазушы ағаның үйі мен редакция арасы кішігірім сүрлеу жолға айналды десе болғандай. Өстіп 4-5 күн жанталастық-ау. Осынау жәдігер дүниеден үзіндіні «Лениншіл жастың» 1988 жылғы 20, 21, 22 қаңтар күнгі сандарында жарияладық. Түйін сөзімізді жазып, күнделікпен толық таныстыру алдағы жылдардың еншісінде екенін айтып, қалың оқырмандарымызға сүйіншілей жар салған бұл шаруамызды да осылайша аяқтап шыққан болатынбыз.
«Лениншіл жаста» жарияланған сол мәтіндердің негізінде ақын күнделігі кейінірек жеке кітап болып, бірнеше мәрте басылып шықты. Алайда, аударма мәтінінің «Лениншіл жастан» алынғаны көрсетілмеді. Бәлкім әлемдік баспа ісінде сондай мәдениеттің бар екенін біздің баспагерлер білмеген де болар? Айту қиын… Ал жылдар өте келе күнделіктің толық мәтіні де жинақталып шыққан болатын.
Айтпақшы, тәуекелшілдік демекші… Аудару барысында Бексұлтан аға тарапынан мынандай ұсыныс айтылды.
– Мұқаң бұл дүниесін еріккеннен орысша жазбаған болар. Ой қандай, орысша тіл қандай! Осы қырын оқырманы танысын. Біраз орысша ой оралымдарын белгілеп қойдым. Күнделіктің кей тұстарын сол орысша күйінде берейік.
Дереу ақылдасудамыз. «Қалай болар екен? Республикалық қазақтілді үлкен газеттен аракідік болса да орыс тілінде мәтін басқаны қандай болмақ? Қос ЦК не дейді? Ең бастысы, оқырман қалай қабылдамақ?» Ойлар толастар емес…
– Несі бар, тәуекел етіп көрейік. Мәтін мықты. Сондықтан өзін өзі ақтайды ғой деп ойлаймын, – деді Уәкең. Қалай болғанда да шешуші сөз – редакторда. «Тәуекелді өз мойнына алып отыр ғой. Орысша барса, барсын, бәлкім оқылар» деген ойға қалдық. Келесі күні біздің бас сарапшыларымыз – оқырмандарымыз «Мұқағали ақын орысшаға осыншама жүйрік болған екен ғой. Қандай керемет ойлар. Тіпті, орысша жазылғаны да білінбейді!» деп қоңырау шалысты.
Кейін жылдар өте келе ойға қалатынмын. «Қолымызға тиер-тиместен, күнделікті шұғыл түрде жариялауға неге сонша асықтық екен? Толық аудартып алып, асықпай шетінен неге бере бермедік. Сондай жауапты істің тізгінін қорықпастан қолыма қалай алғам?» деп. Менің ойымша, оның ең басты себебі, ақиық ақынның осынау қайталанбас жәдігер мұрасын оқырманға мейлінше тездетіп жеткізуге ұмтылыс болса керек. Яғни үлкен тәуекелге бел буған екенбіз. Екіншіден, кәсіби түйсік-дағдының ырық бермес табиғаты болар? Нақтылай айтқанда «Басқа басылымдарға мәлім болмай тұрғанында, мұндай шедевр дүниені алғашқы боп біз жариялауымыз керек» деген.
«Жас Алаш» газетінен, 27 шілде 2010 жыл
«Мұқағали» журналы №1, 2011 жыл