РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Жанболат Аупбаев. Бейіт басындағы белгі

1977 жылдың шілде айы еді. Жұмыс күні аяқталып қалған кез. Жазушы Баққожа Мұқаев ағамыз телефон соқты. «Ертең, – деді ол кісі, – Мұқаңның Панфилов пен Шевченко көшелерінің қиылысындағы үйіне кел. Ақынның зираты басына қойылатын белгітас дайын болыпты. Кеңсайға барар алдында Лашын апай Тоқтарбай, Бексұлтан ағаң бар бәрімізді үйге кіріп шығыңдар дейді. Кешікпегін. Жарай ма?»

Ертесінде сағат 9-дарда айтқан жерге жиналдық. Бюст Алматы көркемсурет училищесінің шеберханасында екен. Үй иелері мен ағаларымыз: «Біз өзара ақылдасып болғанша, оны мұнда алып келіңдер», – деді. Осындай ұйғарымнан кейін есік алдындағы жедел жәрдем сияқты машинаға мініп, мүсінді жасаған суретші-скульптор жігіттің бастауымен АХУ ғимаратына бардық. Ондағы шеберханадан алғаш рет ақынның бейіті басына қойылатын бюстті көрдік. Гипстен жасалған оны жоғарыдағы санитарлық көлікке тиеп, ақынның үйінің алдына келдік. Сол жерде үлкендер бастаған топ Нағиман әжемізді қолтықтап, машинадағы мүсінге беттеді. Ол уақытта апайдың көзі көруден қалған-ды. Қарт ана саусақтарымен ақынның тас бейнесін іздеді. Сосын оны аялай сипап, көңілі босады.

…Сағат 11-ден аса бере Кеңсайға келгеніміз есімде. Артымыздан іле-шала үлкен жүк машинасы да жетті. Оған бюст қойылатын тұғыртас тиелген екен. Көз өлшемімізге салып қарап тұрмыз. Мұқаңның бейіті мен зираттағы қара жол жиегінің арасы 150 метрдей жер сияқты. Іші қуыс гипс бюстті үш адам қаумалай көтеріп, орнататын тұсқа оңай жеткізгенімізбен, жүк машинасындағы гранит тұғыртасты түсіру мен апару өте қиын болды. Темір сүймендермен демей жылжытайық десек, екі жағы жып-жылтыр боп өңделген тас қырлары мен қасбеттегі жазу бүлінуі мүмкін. Бексұлтан, Баққожа, Жамбылбек ағалар және полковник шеніндегі бейтаныс әскери адам өзара ақылдаса келіп, тұғыртасты туристердің қоналқалық шатыры ма, әлде сулық шинельме, әйтеуір сондай бір кенепке орап, арқанмен алға тартуға шешім қабылдады.

Тұғыртас өте ауыр. Бір метрдей жерге сүйретіп барып бір тоқтаймыз. Тағы да бір метрге жуық жылжытып, қайта дамылдаймыз. Күн болса шыжып тұр. Өстіп отырып зират ортасындағы 150 метр жерді үш сағат жүргеніміз бар. Келсек, Мұқаңның інісі Тоқтарбайдың ұйымдастыруы бойынша ақынның үлкен ұлы Жұлдыз екі жолдасымен цемент лай әзірлеп, онымен қоршау діңгектерінің түбін бекітіп жатыр екен. Постаменттегі темір шынжырлар Мәскеудегі А.Пушкин ескерткішінің айналасындағы көріністі көзге елестеткендей. Сәулетші мына үлгіні соған еліктеп алды ма екен деген ой келді оны көргенде.

Сәл дамылдап алған соң бәріміз жабылып жүріп,тұғыртасты тіктеуге кірістік. Содан соң оған кеудемүсін – бюстті орнаттық. Бізбен бірге жүрген суретші-скульптордың айтуынша ескерткішті бекіткен цемент пен асбестің қатуы үшін екі сағат уақыт керек екен. Бейіт басындағы күрек, шелек, басқа да заттарды жинастырып жүріп, міне, сол уақытты тостық. Сағат кешкі 5-тен аса бергенде мүсінші жігіттің: «Бітті. Бәрі дұрыс», – деген даусы естілді. Мұны құлағы шалған ақынның інісі Тоқтарбай аға ескерткіш маңайын асықпай көріп шықты. Сөйтті де көңілі толқып тұрып бәрімізге рахмет айтты. Бұл жерде бәріміз деп отырғанымыз: кейін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары атанған жазушылар Бексұлтан Нұржеке мен Баққожа Мұқаи, ақын өмірге келген Нарынқол өңірінің тумасы, сол кезде Алматыда экспедитор-жабдықтаушы болып жұмыс істеп жүрген Жамбылбек Нұрдәулетов және аты-жөнін біз білмейтін полковник ағай болатын. Бірде жерлес әріптестерім Рысбек Сәрсенбаев пен Батық Мәжитұлына жоғарыдағы әңгімені айтқанымда: «Ол бейтаныс әскери адам ақынның туысы, кейін Семейге ауысып, генерал-майор шенінде отставкаға шыққан Әбдіқайым аға ғой», – деді. Мұны Мұқаңның ұлы Жұлдыз да солай деп растайды.

Сөз орайында ақын Мұқағали Мақатаевтың бейіті басындағы орнатылған белгінің авторы туралы аз-кем әңгіме айтсақ дейміз. Тұғыртасты орнатып болып демалып отырғанымызда, бір-бірімізден жөн сұрасқанбыз. Сонда ол өзін қысқаша таныстырғаны бар. Ұмытпасам 1947 жылы өмірге келдім деген сияқты. Аты – Еламан. Фамилиясы – Қасымбаев. Түркістанда туыпты. Мәскеу мен Ленинградтағы иә Суриков, иә Репин атындағы ма екен, жоқ әлде Львовтағы жоғары кәсіптік көркемсурет училищесі ме, әйтеуір сол жоғары оқу орындарының біреуін бітірген. Бұл жерде аталмыш оқу орындарының бәрінің атын айтып отырғанымыз, мүсіншінің зайыбы, башқұрт қызы да суретші еді. Сөз арасында ол оны да таныстырып, жарының Ресей не Украинада оқығанын айтқан.

Еламан шалт қимылды, тез ашуланатын, мінезі шәлкес жан еді. Сәл нәрсеге абыржып, күйгелектеніп ренжігеніне немесе аяқ астынан қуанып, жадырап сала беретініне сол кезде біздер түсіністікпен қарағанбыз. Өйткені ол суретші, өз әлемімен өмір сүретін, өзгеше болмыс-бітімге ие шығармашылық адамы ғой. Ал ондай талант иелерінде былайғы жұрт көп түсіне бермейтін мінез-құлықтар болатыны табиғи жағдай.

Сөз соңында осы мақаламен бірге беріліп отырған сурет туралы да бір-екі ауыз сөз айта кетейік. Ақын бейіті басындағы белгі орнатылған соң 1977 жылғы шілде, тамыз айларының бірінде «Лениншіл жас» газетінің соңғы бетіне осы фото жарияланған. Оның астындағы 10-15 жолдық мәтінде жұртшылыққа Мұқағали Мақатаев зиратының басы қарайтылып, ескерткіш тұрғызылғаны туралы айтылған еді. Фототілші Алашыбай Есмағамбетов түсірген бұл рәсімнің редакциядағы артық данасын сол кездері жастар газетінде жұмыс істейтін осы жолдар авторы өзіне сақтауға алып қойған болатын. Арада 40 жыл өткенде, оны оқырмандарға ұсынуды жөн көрдік.

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналын қолдайық!

«Аманат – Қарасаз» қоғамдық қоры құрылтайшыларының барлық әріптестеріне, кәсіпкерлерге, оқырмандарға арнаған үндеуі Ардақты, ағайын! 2023 жыл «Мұқағали»...

«Мұқағали» журналы, №3, 2022 жыл

     Ақын атындағы басылымның кезекті нөмірі Дариға Тілендікелінінің «Нағыз ақынның болмысын Мұқағалидан көрдім» деген сұхбатымен ашылады. Дариға апа өзі куә болған оқиғаларды қызықты, әрі көркем...

«Мұқағали» журналы. №2, 2022 жыл

     Журналдың кезекті саны «Тау – бір аңыз, тау – дастан» атты Мұқағали өлеңдерімен ашылды. Белгілі дінтанушы, ғалым-ұстаз Қайрат Жолдыбайұлымен болған сұхбат «Халқының жанын ұққан...

«Мұқағали» журналы, №1, 2022 жыл

Барыс жылындағы алғашқы нөмірге көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің «Уақыт жаратқан жыр» атты зерттеу мақаласы беріліп отыр.  Жұлдыз Мұқағалиұлының «Менің әкемнің достары» деген естелігі де оқырманды...

«Мұқағали» журналы №6, 2021 жыл

Бұл нөмір «Елордадағы мектепке Мұқағалидың есімі берілді» деген жағымды жаңалықпен басталады. Ақиық ақынның ұрпағы Жұлдыз Мұқағалиұлының өлеңмен өрнектеген ой толғаныстарын оқисыздар.

«Мұқағали» журналы №5, 2021 жыл

Журналдың кезекті саны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын мерейтойына арнаған Құттықтауымен ашылып отыр. Мұқағалидың 90 жылдық торқалы тойынан толық репортажды да осы саннан оқи аласыздар....