РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Әділғазы Қайырбеков. Алтын қалам

Наурыз айы еді. Қарасазда мектеп оқушыларының республикалық дәстүрлі «Мұқағали оқулары» өтіп жатты. Алматыдан Темірше Сарыбаев, Болат Шарахымбай, Жарас Сәрсек, мен және Талдықорғаннан Ерғазы Манап, Сайлау Қожағұл қатарлы бір топ ақындар қазылар алқасының құрамындамыз. Республиканың түкпір-түкпірінен 28 оқушы қатысқан жыр додасы үш күнге созылды. Мұқағали жырларының рухы асқақтады. Бас жүлдені «Тұйғын» бүркеншік атымен қатысқан қарасаздық Қуаныш Әлімберді иеленді. Әке-шешесі оралмандар екен. Сірә, Қытайдан келген қазақтар. Шешесі қуаныштан жылап жіберді. Ұл туғанда өстіп қуантып жүрсін деп атын Қуаныш қойған шығар. «Қадамың құтты болсын, Қуаныш» деп тілек қостық.

«Мұқағали оқуларына» келгендер Қарасаздағы Мұқағалидың мұражайына барып, ақын рухына тағзым жасайды. Біз де сөйттік. Мұқағали мұражайының директоры  Жұмаш Өтейұлы Мұқағали өмірі мен шығармашылығына қатысты құндылықтармен таныстырып жатыр. «Мынау ұлы Ғабең – Ғабит Мүсіреповтің өз қолымен Мұқағалиға сыйлаған алтын қаламы!» деген кезде бәріміз де елең ете қалдық. Басқаларды қайдам, мен, тіпті қызығушылық таныттым. Былтыр Ташкентке барғанда Ғафур Ғұлам мұражайынан көрген шапан есіме түсті. Қазақтың ұлттық шапаны. «Қазақтың ұлы жазушысы Сәбит Мұқановтың досы Ғафурға 70 жылдық тойында сыйлаған шапаны» деп түсіндірген Ғафурдың қызы – мұражай директоры Алмаз. Шапанды әспеттеп, мұражайдағы экспозиция төріне орналастырыпты. Біртүрлі жылы сезім баураған. Енді міне, Қарасазда дәл сондай күй кешіп тұрдым.

Мұқағали өзінің күнделігінде осы қалам жөнінде жазатыны сап етіп ойға оралды. Ол қойын дәптеріне 1973 жылы 17 наурызда былай деп жазған екен. «Өткен аптада Мүсіреповте (үйінде) болдым. Бұл адаммен жақын келіп сұхбаттасқаным осы. Үйінде өзі жалғыз екен. Жылы қарсы алды. Екі сағаттай әңгімелестік. Мен Ғабеңді бойындағы дарынның барын беріп болған адам деп айта алмаймын. Ал бойында жасырынып жатқан жанартауы бар екеніне күмәнім жоқ. Уақыт-ай! Әдебиет, жалпы искусство жөнінде болар-болмас шолу жасап, пікірлестік. Қарт әріден ойлайды. Қазіргі қазақ поэзиясы қатты толғандырып жүрген көрінеді. Бірдеме десем бе дейді.

«Аққулар ұйықтағандағыға» тебіреніп пікір айтты, сүйсініп қалды, мен ыңғайсыздандым, онымды түйе қойды да, қоя қойды. Өлеңдер оқыдым. Кетерде маған қалам сыйлады (алтын қалам)…»

Иә, «Аққулар ұйықтағанда» Мұқағалидың 1974 жылы жарық көрген өлеңдер жинағы. Ал Ғабеңе барғанда бұл әлі кітап болып шыққан жоқ, соған қарағанда, сірә, қолжазбасын оқуға берген немесе өзі алып барып оқыған. «Өлеңдер оқыдым» деуіне қарағанда Ғабең «Аққулар ұйықтағанданың» қолжазбасымен бұрынырақ танысып, пікір білдірген сияқты…

Ал алтын қалам сыйлауы Ғабеңнің ерекше ықыласы түскенін айғақтайды. Жалпы, Ғабең қолындағы қымбат бұйымдарын көңілі түскенде сыйлас іні, бауыр, таныстарына мырзалықпен үлестіріп отырған. Мәселен, жақсы көретін інісі, жазушы Медеу Сәрсекеге Дрезден қаласындағы Крупп зауытында 1929 жылы жасалған үш ауызды неміс мылтығын сыйлаған. «6375 санды мылтық» атты мақаласында  ( «Мен білетін Ер Ғабең», Атамұра, 2002) Медеу Сәрсеке бұл жөнінде егжей-тегжейлі баяндаған. Мәкең «Мылтықты Ғабең мұражайына түбі қайтарамын» деген уәдесінде тұрды. Ғабең 40 жылдай ұстаған, Мәкең «жеті құлып астында» сақтаған мылтық қазір мұражай кешенінің қорында. Сондай-ақ Қызылорда облысының Сексеуіл стансасында тұратын Оразғали Ерекешов деген азаматпен танысып, жас айырмашылығы 25 жыл болса да, қатты сыйласқан Ғабең өзінің 70 жылдық тойына келген Оразғалиға аңға шыққанда мінетін «УАЗ» мәшинесін сыйлап жібереді.

Бірнеше жыл жеке шопыры болған А.Куликинге шетелдік сағатын сыйлапты. Бұл жөнінде «Ғабит Мүсіреповтың шопыры» деген мақаласында журналист-жазушы Құлтөлеу Мұқаш қызықты дерек берген.

Сол сияқты Ғабең шетелдік сапарларынан оралғанда алып келген әртүрлі оттық, қаламсап, карта, шылым салатын қорапша, т.б. заттарды біраз уақыт өзі қызықтап ұстап жүреді екен де, бір кезі келгенде жақсы көретін інілеріне, әріптестеріне сыйлап жіберетін болған.

Ғабеңнің жеке кітапханасы шағын. Гогольдің, Толстойдың, Гетенің, Достоевскийдің, Твеннің, Мопассанның, Чеховтың, т.б. классиктердің кітаптары көзге шалынады. Ал өзінің әр жылдарда шыққан шығармаларын да мұқият жинамаған секілді. 1928 жылы жарық көрген «Тулаған толқынданы» айтпағанның өзінде, бертінде шыққан кейбір кітаптары (мәселен «Кездеспей кеткен бір бейне». т.б.) антиквариатқа айналғаны қашан…

Ғабеңнің Мұқағалиға алтын қалам сыйлауының бір сыры оның өлеңдеріне деген ерекше ықыласында жатқаны сөзсіз. Бұл кездесуге дейін Мұқағали Мақатаев «Ильич», «Армысыңдар, достар», «Қарлығашым, келдің бе?» «Мавр», «Дариға-жүрек» қатарлы жыр жинақтарын шығарып, әдеби ортада жақсы танылған. Яғни, қазақ әдебиетінің тыныс-демін қатты қадағалап жүретін Ғабең Мұқағалидың ақындық әуелетіне ден қойғаны анық. Қойын дәптеріндегі ойларын Мұқағали Мақатаев былай деп жалғастырған. «…Қарт қартайған екен, бүкіл үйде жалғыз өзі отырғаны қатты әсер етті маған… Кабинеті жұпыны, жазу столы тіпті жұпыны, басы артық дүниелер, әлеміш-жаламыштар жоқ. Ұзынды-қысқалы, бір түстес, үшкір ұшталған қарындаштар. Тілдей параққа арапша жазып тастапты, жаңадан жазылған, сірә, қорапқа салынған екі мылтығы тұр. Кіреберісте саятшының сауыт-саймандары. Ретін тауып, өзімен ұзағырақ сөйлесер ме еді, біраз бірге болып, достасар ма еді. Тәңірім-ай, бұлар деген аяғын үзеңгіге салып тұрған адамдар ғой…»

Мұқаңның бұл жазғандары Ғабеңнің өмірі мен жазушылық шеберханасын зерттеушілер үшін қажет те құнды, әрине. Сексеннің үшеуіне дейін әлі 12 жыл бар. Ал Мұқаң болса, өзінің үш-ақ жыл ғұмыры қалғанын аңдамаған. Міне, бұл – өкініш…

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев арнау өлеңдерді көп жазбаған. Ал жазғандарының қай-қайсысы да тасқа қашалғандай. Әбділдаға, Фаризаға, Шәмілге, Шәмшіге. т.б. Ал «Ғабеңе (Ғ.Мүсіреповке)» деген арнау өлеңін әлгі кездесуден бір жыл өткен соң жазыпты.

Ғабеке, мен анда-санда Сізді көрем,
Сізді көрсем, жомарт бір күзді көрем.
Еліктеп өзіңізге есім кетіп,
Көгендеп ақ қағазға тіздім өлең.
Мейіріммен қарайтын Сізді көрем,
Басқалар үміттерін үзді менен.
 
Заһармен жібітем деп қу таңдайды,
Сеземін өзін өзі жұрт алдайды.
Жібітсем мен де кейде қу таңдайды,
Басымнан Алатаудың бұлты аунайды.
Біреулер келекелеп жыртаңдайды,
Түбінде құртса мені – құртар қайғы,
Алайда жырларымды жырта алмайды!!!
 
Мен-дағы үмітпенен туған едім,
Мас болған өлеңіне бір жан едім.
Ғабеке!
Айтыңызшы мыналарға,
Мен кімнің қазынасын ұрлап едім?!
1974 ж

Мұны Мұқағалидың қазақ әдебиетінің алыптарының бірі, қазақ сөз өнерінің зергері Ғабит Мүсіреповке арнаған қарапайым мадақ жыры деп қабылдамаймыз, қамырықты көңілмен мұң шағуы деп түсінеміз. Ақын мұңын кімге шағады? Өлең сөздің қадірін, қасиетін ұғатын жанға! Жазу өнерін биік мұрат тұтқан адамға! Жан-дүниесіндегі сезім бұрқаныстарын, ой әлеміндегі дауыл күйді аңғара алатын өнер жанашырына!

70-жылдардың орта тұсында Ғабең Мұқаң айтқандай «жомарт күзге» ұқсап, мәуелеп, әдемі қартаюдың үлгісіндей болғаны да рас. «Өзіңізге еліктедім» дегенде Мұқағали, әрине, сөз зергерінен үйренерім көп болды дегенді аңғартады. Ал «Мейіріммен қарайтын Сізді көрем, Басқалар үміттерін үзді менен» деген тармақтардың оқырман санасына салмақ салатыны анық. «Жігітінен қазақтың дос таба алмай…» қалған кезі болар бұл Мұқағалидың. «Басқалар менің ақын жанымды ұқпады, түсінбеді, жаралады!» деп тұр ғой! Аузы дуалы әдебиет алыптарының бірі – Ғабеңнен бір ауыз жылы сөз, демеу, қолдау күтетіні де аңғарылады. «Ғабеке, айтыңызшы мыналарға». Қайғының құрдымына құлап бара жатқанын, басқа біреулер келекелеп күлгенімен, «жыртаңдағанымен», бәрібір «жырларымды жырта алмайды!» деп ақын биік рухты қайтадан сүйеніш тұтады. «Мас болған өлеңіне бір жан едім» деген жалғыз тармақ Мұқағалидың табиғи болмысын ашып тұр. Ал «Мен кімнің қазынасын ұрлап едім?» деп арнау өлеңін аяқтауы Ғабеңе қарата айтқан арызы, еліне, жұртына, келер ұрпаққа жолдаған аманат зар-мұңы болатын.

Мұқағали кімнен қиянат көрді, кімнен жапа шекті? Былай қарасаң, жыр жинақтары бірінен соң бірі баспадан шығып жатты. Оқырмандары іздеп жүріп оқитын болды. Кезінде «Қарлығашым, келдің бе?» жыр жинағына Әбіш Кекілбаевтың өте жоғары баға берген әдеби-сыни мақаласы шыққаны да жадымызда. Әбділда ақын қамқоршысы болды…

Мұқағали талантты, дарынды адамды қорғай алмайтын қоғамға наразы, тұлпардан мәстек озып, бәйге алатынына күйінді, ол сондай-ақ адамдар арасындағы бақталастық, күндестік, көреалмаушылық, жағымпаздық, жалпақшешейлік, сатқындық атаулының тамырына балта шабуға құлықсыздықты, енжарлықты, немкеттілікті танып, түзелмеске кеткен қазақ тірлігіне күйзелді. Күйзелу – рухани күйреуге әкелетін еді. Ол соған жетпей шарт сынды. Ғажап туындыларын қалдырып, өзі бақилық дүниеге аттанып кетті.

Сөз зергері Ғабит Мүсіреповтың де соңында асыл мұралары, өлмес туындылары қалды. Мұқағалиға сыйлаған алтын қаламы да ұрпаққа мұра! Баяғыда Мәскеуде болғанымда Пушкин музейінен Гогольдің көне портфелін көріп, таңырқағаным бар. Мұқағалидың музейіндегі Ғабит Мүсіреповтің алтын қаламына да үңіліп көп қарадым. Қанша дегенмен, ұлы жазушы мен ұлы ақынның саусақтарының таңбасы қалған, сырларына ортақтасқан қалам ғой бұл! Алтын қалам десе, алтын қалам…

«Мұқағали» журналы №2,2010 жыл

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналы №2, 2020 жыл

Журналдың кезекті саны көпсалалы «BTK-GROUP» компаниясының директоры Тоқан Ботабековтың «Мұқағали өлеңдері кәсіпкерге де керек» деген танымдық сұхбатымен ашылды. Бұдан кейін «Жетісу жыр жолдайды Жидебайға»...

«Мұқағали» журналы №1, 2020 жыл

Журналдың биылғы алғашқы саны Абайдың 175 жылдығына арналды. Бұл нөмірден Абай рухына құрмет көрсеткен Мұқағали жырларын оқисыздар. Мемлекет Басшысы...

Қарасаздағы Абай мерекесі

Ақпан айының соңында Қарасаз ауылында «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» деген атпен әдеби кеш өтті....

Ақын шығармашылығының айлығы

Алматыдағы №172 мектеп-гимназиясы биыл да 9 қаңтар мен 9 ақпан аралығын «Мұқағали шығармашылығының айлығы» деп жариялады. Байқауға мектептегі барлық сыныптар қатысты. Осы...

Мұқағали жырлары антологияда

Әрбір жаңа ұрпақ асыл мұра қалдырған тұлғаларды қайталап оқып, біліп отыруы шарт. Осы мақсаттар «Рухани жаңғыру» бағдарламасына толық сай келеді. «Қазақ поэзиясының...