РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Өшпейді енді өзіңнің жаққан шамың

Тау ұлы едің 


Тоқаш Бердияров
 
 
Сен жоқсың!..
Жан табылмас енді сендей,
Мен жүрмін бірде сеніп, бірде сенбей.
Таусылған ішіндегі сыбағасы,
Жатырсың төңкеріліп дәу кісідей.
 
Еңіреген Елшенбүйрек еркесі едің,
Дүрілдеген қауымның серкесі едің.
Білектей болат едің… ширатылдың,
О, неліктен өмірің келте сенің?!
 
Өр кеудең Нарынқолдың тауларындай,
Көңілің Шәлкөденің аумағындай.
Жырларың шөлдегеннің шөлін басқан,
Жайлаудың сабадағы саумалындай.
 
Сен қалдың ұрпақтардың нақ сөзі боп,
Сен қалдың поэзия ақбозы боп.
Қаласың Мақатаев көшесі боп,
Қаласың Мақатаев совхозы боп!
 
Сен қалдың өз далаңдай көлем болып,
Сен қалдың топтан озған дөнен болып.
Сен қаласың бүгінге терек болып,
Сен барасың ертеңге өлең болып!
 
Қара бұлтқа найзасын көсіп-көсіп,
Неліктен күркірейді аспан бөсіп?!
Мүшелтойда ішетін шарабыңды,
Азалы күнде іштім мен жаспен қосып.
 
Тоқтата алмадың ғой ат басын сен,
Кездестің сұм ажалдың қақпасымен…
Жудық қой талай-талай жейдемізді,
Алматының алқынды ақ тасымен…
 
Жүруші ең жайраң қағып арамызда,
Құлпырып тұр, қарашы, дала-қызға!
Деп енді кімге айтамын, қайран досым,
– Қошқарға Мұқағали барамыз ба?..
 
Ұмытып бал қымызын Шәлкөденің,
Әлегіне түстік қой әлдененің.
Ағалық ақылымды айта алмаған,
Қателігім бар ма екен, әлде, менің?..
 
Арысым-ай, жете алмай май гүліне,
Жетесің, бүлдіршінің – Майгүліңе.
Құтылдың бәрінен де… Жүруші едің
Нала болып достардың қайбіріне.
 
Арманшыл, көңіліңнің күйі бөтен,
Арманшыл ақыл айту қиын екен.
Шым-шым батып кететін арманға да,
Мөп-мөлдір кесе түбі ұйық екен!
 
Мінеки, табиғаттың тәуір күні,
Сен жоқсың…
Ашылып тұр сәуір гүлі.
Біреулердің жанына түсіп еді-ау,
Ақындық мандатыңның ауырлығы.
 
Жабырқап, қомағайға есең кетіп,
Шабысыңды алдың-ау, бәсеңдетіп.
Қайран ақын, жатырсың бүгін, міне,
Жыр жазған столыңды төсек етіп.
 
Нәр алған жарқын өмір жылдарынан,
Отаныңның ұлы едің жыр дарыған.
Шамырқандың, шарқ ұрдың хас қырандай,
Шабыт ап Хантәңірі шыңдарынан.
 
Сыр мінез ұлы едің, дербес едің,
Жасың кіші болса да теңдес едім.
Қарағайдай тік тұрып сен мерт болдың,
«Құлады» десе біреу, сенбес едім.
 
Сыйладың шын пейілмен іні-ағаны,
Күліп жүрді жүрегің… жыламады.
Бесігің тербетіліп Қарасазда,
Шыңында Алатаудың тына қалдың.

Сенің жырың мөлдірліктен жаралған

Тұманбай Молдағалиев
 
 
Сұлулардың секілді жаз жанары,
Қалай кенет тоқтады сөз бағалы.
Жолды он бес жыл тінтеді жеңгем көзі,
Болды он бес жыл сен өлең жазбағалы.
 
Ақындықтың төгілген аз ба қаны,
Аз ба жерде азбаған, тозбағаны.
Жолды он бес жыл тінтеді Лашын көзі,
Болды он бес жыл сен өлең жазбағалы.
 
Өзіңнен де қалған сөз бар айтылмай,
Жырлай берсін ақын да қалай тынбай.
Он бес есе сен бірақ биіктедің,
Сол жеңешем қызыға қарайтындай.
 
Шыдаймын деп заманның не шаңына,
Мұқағали атанды көше мына.
Білмей қалса бағаңды қатар жүріп,
Жеңешеміз пенде ғой, кеш оны да.
 
Айналмадың құсқа да, құлынға да,
Кеткендейсің үйіңнен бүгін ғана.
Бесігің тұр елдіктің нақ төрінде,
Есімің тұр ерліктің туында да.
 
Айналмадың терекке, қайыңға да,
Әлдилейді атыңды сайын дала.
Ақпанда да еліңмен біргесің сен,
Біргесің сен мамырдың айында да.
 
Қарасазға кел-дағы жат, шаршадың,
Өшпейді енді өзіңнің жаққан шамың.
Ел көтеріп әкетті аға, сені,
Көтерістім мен-дағы жеткенше әлім.
 
Келтірейін жағдайдың қайдан бәрін,
Туған жерге кеп тағы сайрандағын,
Бір адамға қиянат істемеген,
Неге ертерек ұйықтадың, пайғамбарым!
 
Осы күні сен өлең жазғаныңда,
Кетер ме еді қарайып өз қаның да.
Талай рет жүлдеңді бермеді жұрт,
Талай рет бәйгеден озғаның да.
 
Тағдырыңның ойлаған болды есебі,
Өзің алмай, басқалар алды есені.
Тау тұрғызып қойсаң да өлеңіңмен,
Тірлігіңде оны ешкім көрмес еді.
 
Болды он бес жыл сен өлең жазбағалы,
Қалай ерте тоқтады сөз бағалы.
Дауылына жолығып ерен жырдың,
Ауылыңның жоқ шығар қозбағаны.
 
Өлең жазды жылқышың құрық алған,
Ақындықтан ешкім жоқ құры қалған.
Бір өзіңе еліктеп қалам алды,
Сауыншы қыз көзінде тұнып арман.
 
Өлең жазды райком, советің де,
Көрмейтін де жазды өлең, көретін де.
Егер өлең жазбаса үйлерінің,
Шамы жанып тұрады неге түнде.
 
Той-думанда айтысқа шыға алатын,
Бір қосатын бәйгеге шұбар атын.
Жебеген-ау рухың, болып кетті
Ауыл емес, ауданың түгел ақын.
 
Түскен сәуле секілді керегеден,
Айналсаңшы, үлгіден, өнегеден.
Ерен шықты Еркінің – ерген інің,
Бірақ сенің өлеңің – бөлек өлең.
 
Демедің сен дерт қайдан, қаза қайдан,
Шабыттану дегенің таза майдан.
Сенің жырың жаралған Гималайдың,
Төбесінде ойнаған найзағайдан.
 
Сенің жырың жаралған мөлдірліктен,
Соңғы арманнан, өксіктен, соңғы үміттен.
Жеңешеңнің көңілі жатыр онда,
Соғыста өлген күйеуін мәңгі күткен.
 
Көп қызықтан жүрдің-ау шеттетіліп,
Көңілінде жатты ма кек те тұнып.
Сенің жырың жаралған шын достықтан,
Сол достыққа сенуден сертте тұрып.
 
Жұрт бүгін де кеткенмен болып ақын,
Кім бар еді ол күнде оны ұғатын.
Сенің жырың жаралған махаббаттан,
Бір-ақ рет өмірде жолығатын.
 
Қыздың сенде бар еді гүл мінезі,
Секілді ең-ау дүниенің нұрлы кезі.
Жерге сыймай жүрген соң ұлы дарын,
Аспанға алып кетті ме құдай өзі.
 
Ожданы мен елінің иманы ақын,
Ол қиналса алдымен қиналатын.
Сенің жырың ақ гүлден жаратылған,
Адалдыққа арнайы сыйланатын.
 
Баяғыдай дүние қозғалады,
Алыстарға асқақтап сөз барады.
Он бес жыл боп барады аяулы ақын,
Қалам ұстап сен өлең жазбағалы.
 
Бірдеңелер айтады жел сыбырлап,
Әкеткендей жаныңды елің ұрлап.
Тауың, суың, аспаның, жұлдызың да,
Бүгін тұрған сияқты сені жырлап.

Өлмейтін өлеңіңді айта бердім

Оразақын Асқар
 
 
Өзіңді сағынғанын байқап елдің,
Ауылыңа «Саржайлауды» айта келдім.
Аралап алтын бесік Қарасазды,
Кездерді бірге өткізген қайта көрдім.
 
Өнердің жүргенінде көгін барлап,
Тастады-ау тым ертерек өлім қармақ.
Ажалды босағаңа бөгеп қойып,
Боратып өлең жаздың өмірге арнап.
 
Жеріңде мөлдір ерке бұлақ қанша,
Соларды солқылдатып жылатқанша,
Ақ көңіл, албырт ақын жылда келіп,
Жағаңа жараспас па жыр ақтарса.
 
Құлпырып көк өседі, қырыңда гүл,
Гүлдермен емес пе еді сырың да бір.
Сыйындай сыршыл жомарт жүрегіңнің,
Әр қолға гүлдей тарап жырың да жүр.
 
Жеріңде көк тіреген көп еді шың,
Сол шыңға қарап өскен өркенісің.
Сол шыңдар қатарында тұрғандайсың,
Өзің де бір шың болып өлең үшін.
 
Ұлы едің осынау кең – байтақ елдің,
Бірі едің жаны дархан жайсаң ердің.
Қайда деп Мұқағали? – сұрағанға,
Өлмейтін өлеңіңді айта бердім.

Ақын кетіп барады көшеменен

Жарасқан Әбдірашев
 
 
Ақын кетіп барады көшеменен,
Екпінінен бір дауыл еседі ерен…
Жанарында найзағай семсер сілтеп,
Кеудесінде қара бұлт көшеді өлең!
 
Жөн-жосықсыз достары даттады ма,
Жөн-жосықсыз дұшпаны мақтады ма,
Әлде, жардың қылығы жақпады ма,
Бас сауғалап барар жер таппады ма?
 
Біреулердің бетке айтып арамдығын,
Біреулердің бетке айтып сараңдығын.
Қызуына көңілдің зарықты да,
Қызығынан өмірдің жалықты ма?..
 
Ақын кетіп барады көшеменен,
Екпінінен бір дауыл еседі ерен…
Жанарында найзағай семсер сілтеп,
Кеудесінде қара бұлт көшеді өлең!
 
Шабыт – тұма ашылмай астанасыз,
Тарықты ма күн кешіп баспанасыз…
Ұлыларша… ұмытып өз ошағын…
Ойлағанда халқының болашағын.
 
Қазақ тілін білмейтін қазақтарды,
Көріп, бәлкім, ол іштей азаптанды.
Ал, мәңгүрттер деп осы ойың қалай,
Мықтылығын қойды ма мойындамай.
Ақын кетіп барады көшеменен,
Екпінінен бір дауыл еседі ерен…
Жанарында найзағай семсер сілтеп,
Кеудесінде қара бұлт көшеді өлең!

       Мұқағалиды сағыну

Нұрлан Оразалин
 
 
Көктем де келер көгеріп дала деміккен,
Шатынап аспан… шарқ ұрып көңіл желіккен.
Қырмызы көміп қырқаны, көз жауын алып көрікпен,
Көктем де келер деміккен.
 
Тырналар қалқып, жылғалар балқып,
Қанатын жайып құс аппақ.
Бұла сезіммен буыршын тауды құшақтап,
Қаз-үйрек көлді шулатып, қанаты көкті пышақтап,
Көктем де келер… құс аппақ…
 
Табиғат тойын базарлап,
Қарағаш… емен… құрысқан бойын жазар бақ.
Ақыны сүйген бозала таңда, боз Алатауға тіл бітіп,
Бауырын аңсар Нұрғиса көкем саз арнап,
Құрысқан бойын жазар бақ.
 
Шыршаның ұшы бозданып, көңілдің төрі қозданып,
Перзентін іздер көк пенен жердің арасы,
Жұмақ бағындай қозғалып,
Жәудіреп аспан, көз… халық…
 
Көктем де келер деміккен, тамырды, бойды еріткен,
Сағыныш болып сөйлеп бір ұлы махаббат,
Қараған… жусан… алма ағаш… шие… өріктен…
Іле мен Есіл, Ертіс пен Жайық толғанып.
Алатау… Алтай… оянар қысқы жеріктен.
 
Сөйлетіп жасыл бау ішін,
Сілкілеп түнгі тау ішін,
Биыл да… ертең… ертең де…
Сағынған қырға жетеді сенің дауысың.
 
Көктеммен бірге арнасын сулар тепкенде,
Армансыз жаңбыр төккенде, қайыра қаздар жеткенде.
Қуаныш, мұңға шомылып, жер басып жүрген көп пенде,
Ойлардан азап шеккенде…
Сенемін, аға, келесің, келесің ылғи көктемде…

Жырмен қоштасу

    


Ұлықбек Есдәулет
 
 
Кеудемде күркіреген
Шіркін өлең, есіл өлең.
Қаршадайдан құдіретім,
Досым өлең, Хош, Хош!..
 
Тіршілік көшіменен
Кетіп барам,
Қасымнан өтіп маған
Кезек келді.
Аз өкпемді сен ғана көтере алдың,
Досым өлең, есіл өлең
Жеке қалдым, не ете алармын
Деп бірақ қамығамын несіне мен?
 
Аптығым, адалдығым,
Аян ғой саған, жырым.
Санаулы күн, өлшеулі әміріммен,
Мен елімнің тілеймін амандығын.
 
Түнеруде тағдырым, түнеруде,
Келешек күнге асығып,
Мұң жасырып шабытты жүрегінде.
Ұлы елінде
Жүретін асқақ ақын,
Бас имей жатыр енді бұл өмірге.
 
Бағытым – Барсакелмес,
Бақытым – туған елім.
Шабытқа мұрша бермес
Ақын боп туған елім.
Думан едім, өр едім оралымда,
Шалқыта төккен едім,
Шарқ ұрып кеткен едің.
Қайырылып маған бір қарадың ба?!
 
Жоқ, қарамадың,
Досым өлең, есіл өлең,
Көңілдердің күмбезін араладың.
Жігерлінің төзімін тағаладың,
Жасықтардың жүрегін жараладың,
Ешкімнің де табанын жаламадың!
Хош, хош, хош!
Уа, жаңбырлы көктем – өлең,
Ризамын, өкпелемен, өкпелемен!
Мен сені әкете алман өзімменен,
Көпшіліктен алғанмын,
Көпке берем!

Ақын ауылын сұрайтын

Айтақын Әбдіқал
 
 
Қашан келдің, ауыл аймақ аман ба?
Басқаны қой, ел жайлы айтшы одан да.
Қарасазда жатқан шығар қар еріп,
Түс көріппін, сағынып ем содан ба?!
 
Не жаңалық, Нарынқолда, кәні елде,
Шәлкөдемдей жайлау жоқ-ау әлемде!
Қарасаздан қатар ұшқан Еркінге,
Ақылшы ағам Әлекеңе сәлем де!
 
Мен білетін азаматтар есен бе,
Ел, жер жайлы өрт-сағыныш өшер ме?
Өлең үшін от боп жанып жүргенде,
Сезбеппін ғой, шалдығыппын кеселге…
 
Қазір мені торлап жүр ғой сағым мұң,
Тауларымды, бауырларды сағындым.
Біздің елге көктем келіп, көгеріп,
Бусанды ма нар жотасы Жабырдың?
 
Кейде ойлаймын елге жүріп кетсем деп,
Таулы өлкеде жер де, аспан да көкпеңбек.
Бәлкім, маған ренжіген жандар бар,
Ал, өзімнің тірі адамға өкпем жоқ.
 
Елге барсам көңіл сырын шертер ек,
Сыр ұғатын жеңгелерге еркелеп,
Ауылды мен аңсап жүрмін сағынып,
Осы көктем келсе ғой деп ертерек.
 
Деп еді-ау ол жолыққанда менімен,
Мұқаң – шың ғой, мен – баламын, теңі ме ем?
Алып ақын көз жұмардан ай бұрын,
Алматыда – емханада көріп ем.
 
Сол жолы оны ақырғы рет көрем деп,
Ай өтпестен жерлесуге келем деп.
Ойламап ем, солай болды ақыры,
Шарт-шұрт етіп өте шықты төбемде от!
 
Гүл көктемді қарсы алады бар елің,
Раушан гүлдер, бәлкім, сенің сәлемің?
Бір бұлбұлдың кем боп тұр-ау дауысы,
Көмейінен төгілетін әдемі үн…

 

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналын қолдайық!

«Аманат – Қарасаз» қоғамдық қоры құрылтайшыларының барлық әріптестеріне, кәсіпкерлерге, оқырмандарға арнаған үндеуі Ардақты, ағайын! 2023 жыл «Мұқағали»...

«Мұқағали» журналы, №3, 2022 жыл

     Ақын атындағы басылымның кезекті нөмірі Дариға Тілендікелінінің «Нағыз ақынның болмысын Мұқағалидан көрдім» деген сұхбатымен ашылады. Дариға апа өзі куә болған оқиғаларды қызықты, әрі көркем...

«Мұқағали» журналы. №2, 2022 жыл

     Журналдың кезекті саны «Тау – бір аңыз, тау – дастан» атты Мұқағали өлеңдерімен ашылды. Белгілі дінтанушы, ғалым-ұстаз Қайрат Жолдыбайұлымен болған сұхбат «Халқының жанын ұққан...

«Мұқағали» журналы, №1, 2022 жыл

Барыс жылындағы алғашқы нөмірге көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің «Уақыт жаратқан жыр» атты зерттеу мақаласы беріліп отыр.  Жұлдыз Мұқағалиұлының «Менің әкемнің достары» деген естелігі де оқырманды...

«Мұқағали» журналы №6, 2021 жыл

Бұл нөмір «Елордадағы мектепке Мұқағалидың есімі берілді» деген жағымды жаңалықпен басталады. Ақиық ақынның ұрпағы Жұлдыз Мұқағалиұлының өлеңмен өрнектеген ой толғаныстарын оқисыздар.

«Мұқағали» журналы №5, 2021 жыл

Журналдың кезекті саны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын мерейтойына арнаған Құттықтауымен ашылып отыр. Мұқағалидың 90 жылдық торқалы тойынан толық репортажды да осы саннан оқи аласыздар....