РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Нұрлан Оразалин. Заманынан озған заңғар ақын

Ақын, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Оразалин қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосқан айтулы тұлғалардың бірі. Шығармалары алыс, жақын шетел тілдеріне аударылып, лайықты бағасын алуда. Кезінде Мұқағали ағасымен де араласқан. Алып ақынның ғибраттарын тыңдады. Шапағатын көрді. Қолынан дәм татты. Ол күндердің бәрі естелікке айналса да, жанына бүгінгідей жақын. Нұрлан Мырқасымұлы сұхбатында осы туралы толғанып, оқырмандармен ой бөліседі.

Нұреке, Мұқағалидың қасында жүрген, қасиетін білген інілерінің бірісіз. Сол шуақты күндердің естелігін сұрасақ, әлқиссасын неден бастар едіңіз?

– Ол күндер – біздің жастық шағымыз. Соның Мұқағали ағамызға қатысты тұстары көңіл төрінен кетпейді… Бәрі қаз-қалпында жадымда…

Ақынмен танысқан 1965 жылдың күзі ешқашан ұмытылмайды. Алматыдағы опера және балет театрында жыр кеші өтті. Онда – Әбділда Тәжібаев, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Сағи Жиенбаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев және Мұқағали Мақатаев болды.

Кімге қалай екенін қайдам, Мұқағалидың кесек келбеті ерекше еді. Көзінен де, сөзінен де, жүрісінен де – реңін бермеген ұлттық болмыс аңғарылатын. Қылауы жоқ қап-қара ұзын шашын саусақтарымен артқа қайырғанда, аймаңдайы жарқ ете түседі.

Мұқаңның сондағы кейпін есіме алсам, алаш көсемі Әлихан Бөкейханның қазақ туралы айтқан сөзі ойға оралады. «Қазақ – сүттен ақ, судай таза, бұзылмаған халық» деген еді. Мұқағали да тура сондай қалпымен тәнті етті.

Біз, ҚазМУ-дың филология факультетінің студенттері – Сағат Әшімбаев, Шәрбану Бейсенова және мен, жұбымыз жазылмайтын. Пікірлеріміз үндесетін. Қолымыз қалт етсе театр жағалаймыз, музей аралаймыз. Өнер мен әдебиетке деген құштарлығымыз ерен.

Мұқағалидың өлеңі туралы сөз жоқ… Ақынның өлең оқуы қандай ғажап еді?!. «Алатау, ассалаумағалейкум!» деп гүр етті. Жүрегіміз дір етті. Дауысы тау суындай тұнық. Сөздері анық. «Құлақтан кіріп, бойды алады». Ақын «Алматы – сайтан қала, сайқал қала, пана болған Балтық пен Байқалға да» деп келетін тентек өлеңді ақтарып салды. Ешкімнен сескенбеді. Айылын жиған жоқ. Өлеңнің астарында не жатқанын жұрт қапысыз ұқты. Соғыстан кейінгі қазақ жері түрлі ұлттарды бауырына басып жатқан шақ еді ғой… Соғылған шапалақтың дауысынан құлақ тұнады. Бұл қошемет – нағыз жырға арналған халықтық құрмет еді.

Суреттерін газет-журналдардан көргеніміз болмаса, ақындармен алғаш рет тікелей жүздескеніміз осы. Оның ішінде Мұқағали да бар. Көңіліміз көкке ұшқандай қуанып жүрдік.

– Сендер қарсы болмасаңдар, ағамызға сәлем берейік. Танысқанның айыбы жоқ, – деді Сағат досым. Дұрыс сөзге тоқтадық. Театрдың шыға берісінде ақынды күтіп алдық. Кішілік көрсеткен қазақы қалпымызға ол кісі де риза. Мол пішілген кәстөмі, тор жейдесі өзіне жарасып тұрды. Лашын жеңгеміз бар жанында. Жүздері жадыраған жаздай.

– Мен – Нарынқолданмын. Мына ініңіз – Ұйғыр ауданынан. ҚазМУ-дың студентіміз, – деді Сағат жеделдете сөйлеп.

– Жарайсыңдар! Оқығандарың өте дұрыс. Сен, Нұрлан, ойдансың ба, жоқ таудансың ба? – деді.

— Тауданмын, аға.

– Бәрекелді! – деп ағалық рәуішпен еркелете қарады.

Коммунистер даңғылының бойымен жаяулата жүріп келеміз. Аға-жеңгемізді Шевченко көшесіне дейін шығарып салдық. Әңгімесіне құлақ түрдік. Ол кісілер трамвайға отырып, үйлеріне қайтты. Біз жатақханамызға кеттік. Сол түні жөнді ұйықтай алмадым. Көне грек аңыздарының кейіпкерлері туралы ойладым. Мұқағали ағаның соларға бір ұқсастығы бар сияқты болып көрінді де тұрды.

Бұл кезде Мұқағали Мақатаев «Жұлдыз» журналының қызметкері. Поэзия бөлімінде жұмыс істейді. «Ақын болсам…» деп жүрген жастар айналасына жиі топтасатын. Ағаның жас таланттарға қамқорлығы қандай еді?

– Сонымен арада екі ай өтті. Енді ол кісінің алдына жай студент емес, ақын ретінде барғым келді. Оншақты өлеңімді сұрыптап бөлек шығардым. Үлкен қаламгердің сынағынан өту керек. Қандай баға қояды, белгісіз. Тек жүрегімнің лүпілдегені құлағыма анық естіледі.

Ертесінде имене отырып Жазушылар одағының есігін аштым. Кірген жанды киелі шаңырақтың мысы басады. Өзімді іштей қайрап, баспалдақпен жоғары көтерілдім. «Жұлдыз» журналының үшінші қабатта екенін білемін.

Қарсы алдымнан тау тұлғалы Сырбай Мәуленов шықты. Плащының етегі жер сызады. Ешкімге ұқсамайтын пошымы сұсты. Сәлем беріп, шетке қарай ығыстым.

– Жайша жүрсің бе? – деп гүр етті.

– «Жұлдыз» журналын, Мұқағали Мақатаевты іздеп келемін, аға, – дедім.

– Үшінші қабатқа көтеріл. Ол қазір сонда, жұмыс бөлмесінде, – деп өте шықты.

Рамазан Тоқтаров кездесті. Ол ашық тұрған есікті нұсқады. «Әне, анау бұрыштағы Мұқағали Мақатаев!» деді. Таныс тұлға бірден көзіме шалынды. Тағы байқағаным, төрде шаншыла қарап Асқар Сүлейменов отыр. Ол кісіні бұрын көргенім бар. Қалған ағаларымның жазғандарын білсем де, түр-түстерін танымаймын.

– Маған келдің бе? Онда мына орындыққа жайғас. Алдымен саған қоятын сұрағым бар. Мына кісілерді танисың ба? – деді. Мен Асқар Сүлейменовтен басқасын білмейтінімді айттым.

– Бұл кісілер – Ақан Нұрманов, Рамазан Тоқтаров, Сағи Жиенбаев, Зейнолла Серікқалиев! Мұқаң енді оларға қарады: – Міне, сендер Мұқағалидың қадіріне енді жеттіңдер. Мына бала мені және Асқарды таниды. Бізді ертең танитын да, талдайтын да осылар. Мұны көңілге түйіңдер, – деді. Содан кейін асықпай оқитынын айтып, әкелген өлеңдерімді алып қалды.

– Бір аптадан соң қайтадан бардым. Мұқаң бәрін дайындап қойыпты. Жұмысқа немқұрайдылық, бүгінгіні ертеңге қалдыру, уәде беріп алып орындамау ол кісінің табиғатында жоқ екен.

– Сенің жазғандарыңды қарағанда бір нәрсеге сүйіндім. Ішінде тақырыптық өлеңдер жоқ. Науқанға үн қосуға әуестенбе. Ол жақсы дағды емес. Қолыңнан келгенше көңіл-күйді шертіпсің. Бұл дұрыс, ақын болудың алғашқы белгісі. Әрине, сенде әлі балаң сарын, балғын тіркестер баршылық. Оны түзетерсің. Ең бастысы, енді жасқанбай жаза беруіңе болады.

Айтпақшы, сенің фамилияң туралы. Оразалиевті қойып, оны Оразалин десек қалай болады? Жақсы естіледі. Сәкен Сейфуллин деген сияқты, – деді де өлеңдерімнің аяғына өз қолымен «Оразалин» деп жазды. Төлқұжатым бұрынғыша, ал ақынның қалауы болған атау күні бүгінге дейін өзгерген жоқ. Кейде соған шүкіршілік етіп қуанамын.

Ақындық дарынға нәр керек. Ол ғылыммен қуаттанады. Біліммен шыңдалады. Оқу-ізденуі тереңдеген сайын өрлейді. Әлемдік биікке көтеріледі. Мұндай жайлар Мұқағалиға да тән. Соның өзіңіз көрген мысалдарын әңгімелеп бере аласыз ба?

– Мұқаң мені үйіне апарды. Алдымен өлеңдерін оқыды. Содан кейін кітап сөресін нұсқады. Лев Толстойдың «Анна Каренинасын» тапқызды. Соның керекті бетін аш та, тыңда деді. Беттегі жазылғанды жатқа айтты. Мен мәтінмен салыстырып қарап, таңғалып отырмын.

Біріншіден, Мұқаң орысшаға өте сауатты екен. Екіншіден, өзге тілдегі ұзақ-сонар қара сөзді жаңылмай айту кез-келгеннің қолынан келмейтін шаруа. Дауыс ырғақтарында өрнек бар. Сол арқылы сөйлемдердің мазмұнын ашады.

– Солай, бауырым. Қазаққа Толстойды түсіндіру керек. Пушкинге үңілдіру керек. Оның арғы жағында әлем тұр. «Өнер – құрбандықты талап етеді». Бізге жетпейтіні осы, – деді.

Бұл кез – алпысыншы жылғы арынды қаламгерлердің ауыздықпен алысқан, бір-бірімен жарысқан кезі. Ол өз замандастырының еңбектерін жақсы білетін. Қалдырмай оқып, жіпке тізгендей түгендейтін. Лайықты бағасын беретін.

– Мұқа, талғамыңыз зор, танымыңыз мол адамсыз. ҚазМУ-ге барып бір лекцияңызды бізге арнауға қалайсыз? – дедім. Менің бұл сөзіме ішек-сілесі қатқанша күлді.

– Айналайын-ау, ҚазМУ қайда, мен қайда?! Өзім университетте оқымай кеткен адаммын. Сондықтан Оспанхан екеумізге бұйырмаған, Шәмілге қонбаған бақты қаузап қайтемін, – деді.

Кітаппен ауылда жүргенде достасқан екен. Балаларға орыс тілі пәнінен сабақ беріпті. Сол дағдыны қалаға келіп жалғастырған. Яғни, оқу-жазудан артылатын бос уақытының болмайтыны айтпаса да түсінікті.

– Өлең танитын көзімді Пушкин ашты. Абайдың ішіне әлі кіре алмай жатырмыз. Айналаға көз салсаң жалтылдаған дүние. Жалаң ұйқастардың тақылдаған заманы. Менің кейбір құрдастарым жұрттың назарын өзіне оңай жолмен аудартуға әуес. Орыстың тройкасы секілді зуылдап өте шығады. Ал, Абай не дейді? Ол – тұңғиық. Абайға әлі қайтадан ораламыз. Оған хрестоматиялық деңгейде қарауға болмайды, – деді. Қазір ойлап отырсам, бұл «Айтарын айтып қалған абайламай, Дариға-ай, Махамбеттер, Абайлар-ай!» – деп жазып жүрген шақтары болса керек.

Менің екінші таңғалғаным – ақынның қызыл блокноты. Бір күні соны маған анықтап көрсетті. Бұл – 1967 жыл. Парақтарына көз салдым. «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деген өлең түгел жазылыпты. Поэмалардан үзінділер жүр.

– Бұл – Мағжан Жұмабаев! Біздің Абайдан кейінгі биігіміз. Это божественный поэт! – деді. Толқып кеттім, арқамның шымырлағанын сездім.

Қайсыбір күні лекцияға бара жатқан мені Сағат досым тоқтатты.

– Қазір КПСС тарихы. Оған қатыспасақ та болар. Ал, мына жиналыстан құр қалмайық, – деп сыбырлады.

Университеттің екінші қабатындағы кіші залға кірдік. Мұнда отырған кілең үлкендер. Студенттерден Сағат екеуміз ғана. Мәжіліс Мағжан Жұмабаевқа арналыпты. Ақынды ақтауға арналған алғашқы қадам екен.

Қайрекең деп атайтын оқытушымыз Махмудов баяндама жасап тұр. Өзі татар ұлтынан. Қазақ әдебиетін терең біледі. Жиналыс төрағасы – Бейсенбай Кенжебаев. Кеудесін тік ұстап, нық отыр. Мінберге көзілдірікті қария ғалым Александр Жовтис шықты. Мағжан өлеңдерін орысшаға аударыпты, соны келістіре оқыды. Бұл көрініс бізге сұмдық әсер етті. Мұқаңның әлгі қызыл блокноты есіме түсті. Менің көзқарастарымды өзгерткен сол дәптер. Қызыл блокнот – ағаның біздің санамызға тастаған бір түйір дәні екен ғой деп топшыладым.

Қызықтың көкесі ертесінде болды. Сағат тоғызда мені университет партбюросына шақырды. Ресми кабинет. Алакөлеңкелеу бұрышта бейтаныс кісі отыр. Әңгімесін сұрақ қоюдан бастады.

– Фамилияң?

– Оразалиев.

– Кеше қайда болдың?

– Осында, университте болдым.

– Мағжан Жұмабаевқа арналған жиналысқа бардың ба?

– Иә.

– Не естідің?

– Онда Мағжан Жұмабаев туралы айтты. Керемет ақын екен! Өлеңдерін сүйсініп тыңдадық. Мұндай өлеңдер біздің қазынамыз ғой, – дедім өзімше білгішсініп. Ол әңгімені осы жерден тыйды.

– Әй, сен қазынаны қайтесің?! Болды, сабағыңа бар! Бұдан былай абай бол! – деді. Сірә, менен жетіскен ештеме шықпасын білген болуы керек. Сағатпен де осылай әңгімелесіпті.

Бұл туралы Мұқағали ағамызға айтқанда, қарқылдап тұрып күлді. Барлығы күні кеше сияқты еді. Міне, содан бері де зымырап 53 жыл өтіпті.

Мұқаң қызметтегі биік лауазымдарға жетпесе де, ел алдындағы беделі өте жоғары болған дейді білетіндер. Осы сөздердің шындығын дәлелдейтін оқиғаларға жолықтыңыз ба?

– Жолықтым деуге болады. Соған аз-кем тоқталайын. Университеттегі оқудың соңына таяп қалдық. Курстастардың алды қызметке орналасты. Мен де ойланып жүрмін. «Жұлдызға», «Қазақ әдебиетіне», «Лениншіл жасқа» өлеңдерім жарияланып тұрды. Сырбай Мәуленов «Поэзия және жастар» деген мақаласында мені мақтап, тізіміне қосыпты. Сол кездің өлшемімен алғанда, кәдімгідей танылдым деуге болады. Бірақ, қызметті қалай  іздеймін? Сол жағы маған беймәлім. Халімді сезгендей-ақ Мұқағали ағаның кездесе кеткені.

– Аз күндерден кейін диплом аласың.  Келешекке арнаған қандай жоспарың бар? – деді.

– Әзірге ештеңенің қарасы жоқ, бір мәнісі болар, – дедім екіұшты оймен.

– Сен бұлай арқаңды кеңге салма. Жүгіріп жүріп әрекет ет. Әлде, ауылға бармақсың ба? Ауылды ешкім жек көрмейді. Жарықтық, ауыл киелі ғой! Бірақ, сенің орның қалада. Олай етпесең кейін орбитаңды таппай қалуың мүмкін. Енді мені тыңда. Саған қызметке қалудың жолын көрсетейін. Алайда, жұмысқа орналастыру қолымнан келмейді, – деді. Содан кейін біраз ойланды. Орнынан шұғыл тұрды да білегімнен ұстап жетелей жөнелді.

– Аға, қайда барамыз? – дедім.

– Сұлтанғалиға! – деді.

Сұлтанғали Садырбаев! Өзімнің жақсы көретін оқытушым. Ол кісі де мені жақсы біледі. Қамқор көзімен қарайды. Бұлай етпей-ақ сөйлесуіме болатын еді. Бірақ, оны Мұқаңа айтып үлгере алмадым. Екпіндете отырып екеуміз Сұлтекеңнің үйінен бір-ақ шықтық.

Бекер обалы не, ақынды құрметтеп қарсы алды. Зүкең жеңешеміз де құрақ ұшты. Оқытушым маған жылы жүзбен қарайды. Табақ тартылды, ас келді. Сол кезде Мұқағали: – Сұлтеке, мен саған бұйымтаймен келіп отырмын. Мына Нұрлан өзімнің інім. Соны қызметке орналастыру керек. Сейдахметке айтып реттесең өте жақсы болар еді, – деді. Кенет жадырап отырған Сұлтекең жауатын бұлттай түйілді де қалды. Бірден жақтырмауға көшті. Енді әңгімені жалғастырудың қисыны қалған жоқ. Соны сезген ақын сылтау айтып сыртқа шығуға асықты. Екеумізде де үн жоқ.

– Апыр-ай, Сұлтанғали бұлай емес еді, не болған?! Қай тұстан қате жібердік? – деп Мұқаң сөйлеп қояды. Кінәлі адамдай басым салбырап мен келемін.

– Жабырқама, мен білетін шын Сұлтанғали осы болса, бәрібір мұны аяқсыз қалдырмайды, — деді.

Арада біраз күн өтті. Көшеден Сұлтекеңді көріп қалдым. Байқамағансып өте шықпақпын. Ол кісі өзі дауыстап мені тоқтатты.

– Әй, Нұрлан, бәрібір сендердікі дұрыс емес. Араға адам салғанды тоқтатыңдар. Оны қайдан үйреніп жүрсің? – деді.

– Кешіріңіз, аға. Оқиғаның жылдам болғаны соншалық, өзім де аңғарып үлгермедім, – дедім.

– Бәрібір, араға түскеннен кейін ол да адам. Алайда, сендер кеткен соң мен қайтадан ойландым. Сөйтіп нақты шешімге келдім. Мұқағалидың тапсырмасын орындамасам болмайды, – деді.

Біз орталық дүкеннің жоғарғы жағындағы ғимараттың бірінші қабатына келдік. Бұл жерде «Қазақстан пионері» газетінің редакциясы орналасыпты. Бас редакторы – Сейдахмет Бердіқұлов!

– Мына жігіт менің шәкіртім, Мұқағалидың інісі, өзі ақын, – деп таныстырды. Сейдағаң бас-аяғыма барлап қарады. Осы күнге дейін ешқандай мақала жазбағанымды да білді.

– Біз ақын тәрбиелеп шаршаған елміз, – деп қалды сөзінің арасында. Манадан жайбарақат отырған Сұлтекең шарт ете түсті.

– Шаршасаң – шаршаған шығарсың. Бірақ, мен саған келдім ғой, – деді қатуланып. Аға алдындағы кінәсін сезгендей Сейдахмет ағамыз да жібіді.

Енді маған тапсырма берілді. Ертесінде мақаланы редакторға әкелдім. Талқысынан кедергісіз өтті. Содан кейін газеттің жауапты хатшысын шақырды.

– Нұрланды қызметке алу туралы бұйрықты дайында. Мұқағалидың тапсырмасын орындамасақ болмайды, – деді.

Айтулы ғалым мен атақты редактордың бас біріктіріп өзінің тапсырмасын орындап жатқанын ол кезде Мұқағали ағамыз білген жоқ.

Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген мақал бар. Ендеше, нұры тасуға  тиісті бір адам болса, ол – Мұқағали. Ешқашан жаман өлең жазбапты. Осылай деп ақынды қуандыра алған замандастары болды ма? Болса, олар кімдер еді?

– 1969 жылдың жазы. Мұқағали ағаны көрдім. Сонандайдан маған құшағын жайды. Бұл – айырықша қуаныштың белгісі. Ақын өмірінде мұндай ақжарқын күндердің аз болғаны белгілі.

Аяғы жерге тимейді, желіп келеді. Денелі адамның елпілдегені біртүрлі қызық көрінеді екен. Қолында «Лениншіл жастың» 5-6 данасы.

– Оқыдың ба? – деді жарқылдап.

– Оқыдым, – дедім мен де жадырап.

– Әбіш қандай терең жігіт?! Ойларымды тап басып таныған. Ақиқатын айтқан. Ол мені қуандырып ғана қойған жоқ, қанат бітірді. Қазір мен жерде емеспін, ұшып келемін, – деді тебіреніп. Жүзінде баланың мәз болғанындай мөлдір қуаныш бар.

Сол күні жастар газетіне Әбіш Кекілбаевтың Мұқағали туралы үлкен мақаласы шықты. «Қарлығашым, келдің бе!» жинағын «Ішінде бірде бір жаман өлеңі жоқ жинақ» деп ерекшелепті.

Мұқаңның бұған дейін де екі кітабы жарық көрді. Қазір сондағы жырларды тұшынып оқимыз. Тамсанып тұрып талдаймыз. Былайғы қалың жұрт ол кезде де солай еткен шығар. Бірақ, әділін айтады деген әдеби сарапшылар жұмған ауыздарын ашпады. Заманынан озған хас талантты елемей тастау қиянаттың ең зоры еді. Асылды көрсетпеуге тырысқан іштарлықтың шымылдығын Әбекең сол күні жұлып алғандай болды.

– Әрине, мұндай қуанышты «жуу» керек. Бірақ, мен ақ дастарханыма таза жеткенді ырым еттім. Асқар мен Зейнолланы адастырып, қашып кеткенім де сондықтан. Олардан тұңғыш рет қаштым, – деді күліп.

Ақын есікті шалқасынан ашып, үйіне саңқылдап сөйлей кірді.

– Қайдасың, бәйбіше?! Тез бері кел. Сенен сүйінші сұрағалы тұрмын. Сенбесең мына «Лениншіл жасты» көр. Бүгін той жасайтын күн! – деді мәртебесі асып, мерейі тасып. Бір жақсылықтың болғанын Лашын жеңгем айтқызбай-ақ түсінді.

«Сабақты ине сәтімен» деген рас қой. Үйде бәрі бар екен. Қазанда ет пісіп дайын тұр. Самауырын қайнаған. Мол дастархан. Мақатаевтар отбасының бір берекелі молшылығына сонда өзім куә болдым.

«Дүние-ай!»  десеңші! Кейінгі жеті жылдық өмірінде Мұқаңды дәл Әбіш Кекілбаевтай ешкім қуандыра алған жоқ.

Көзбен көргеннің, қасына ергеннің жөні бөлек қой. Айтқандарыңыз жағымды және қызықты болып шықты. Мұның өзі бір ғанибет! Мұқағали туралы сөз таусылмайды. Мұқағалитану үрдісінің басталуы осыны көрсетеді. Бұған қандай баға бересіз?

– Мұқаң нағыз жүйріктермен достасты. Адал жарысқа ғана қатысты. Мықтылармен күш сынасты. Былайғы пенделік тайталасқа жоламады. Ебін тауып атақ алатын, ретін келтіріп мансапқа жететін әрекеттерге барған жоқ. Әсіре пысықтық қолынан да келмейтін. Мұқаңның бағы – озуы, соры – көзі тірісінде бағаланбағаны. Алайда, уақыттан асқан төреші жоқ. Уақыт ақынды өз орнына қойды.

Ақын дүниеден озғаннан кейін Бексұлтан Нұржекеұлы, Баққожа Мұқаи, Сағат Әшімбаев және мен шаңырағына шақырылдық. Лашын жеңгеміз жазу столының тартпасын ашып, бізге ақынның мұраларын көрсетті. Жоғарыда Мұқаңның ұқыптылығы туралы айттым. Сол ұқыптылықтың көкесіне енді кезіктік.

Барлық өлеңдер тиянақты реттелген. Түбі мықты, жыртылмайтын дәптерлерге жазылған. Күні, айы, жылы мұқият көрсетілген. Қолтаңбасы алабөтен әдемі. Әріптері мөрдей. Шимай жоқ. Қатал редактордың қолынан өткендей сапалы. Шығармашылыққа деген адалдықтың бұдан артық үлгісін көрген емеспін.

Біз бірігіп бір аптадай жұмыс істедік. Әлгі Әбділда Тәжібаев айтатын жиырма мың жолды сонда өз қолымыздан өткіздік. Ең соңында бәрін Бекеңе – Бексұлтан Нұржекеұлына тапсырдық. «Қалғаны сізге аманат!» дедік. Сөйткен Бекең бәрін түгендеді. Ерінбей отырып екшеді. Жарық көрмеген жырларын бөлек алып, екі том етіп шығарды. Ол кісінің Мұқаңа сіңірген еңбектері ұшан-теңіз.

Сонымен қатар, Фариза Оңғарсынованы ұмыта алмаймыз. Көптеген зерттеу мақалаларын жазды. Талантты таныды, оған таңғалды. Өзі де алмас қылыштай өткір ақын. Соған қарамастан Мұқаңның рухына бас иді. Бұл әрекеттерді жеңіл түсініп күбірлескендер де болды. Бірақ, ешкімге кір жұққан жоқ. Асыл жырды ардақтаған қазақтың қайраткер қызы «Мұқағали оқуларын» ұйымдастырған алғашқы адам – Шәмшә Беркімбаева!

Ақынның 60 жылдығында Алматыдан көше берілді. Поэзияны айрықша қастерлейтін қала әкімі Заманбек Нұрқаділов бұл іске белсене кірісті. Президентпен келісе отырып Пастер атындағы көшені Мұқағалиға ауыстыруға ерекше күш салды.

Атақсыз ақынға арналған құрметті талайлар дұрыс түсіне алмады. Тіпті ол қайсыбіреулердің шымбайына батты да… Тіпті, қарсылық хатын жазған белгілі тұлғалар да болмай қалған жоқ…

«Егемен Қазақстанның» бас редакторы қызметін атқарып жүрген кезімдегі бір сұхбатта Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтан осы жағдайдың мәнісін сұрадым. Ол кісі: «Пастер үшін бүкіл әлемде көше көп. Мұқағали бізде біреу ғана ғой!» деп жауап қайтарды. «Егеменді» оқыған Лашын жеңгем қуанғаннан жылап хабарласты. Елдің бірінші адамының сөзінен кейін бәрі өз қалыбына түсті.

Ақын ескерткішіне қатысты мәселелер де осы тектес. Бастамалар көтерілді. Жанашырлар аянып қалған жоқ. Алайда, айтылғандарды негіздеу керек. Әйтпесе, құры сөз жүзінде қалуы мүмкін. Оның да қисынын таптық.

Ең алдымен, өлеңнің бейнетін кешіп, зейнетін көрмеген Мағжан Жұмабаев пен Мұқағали Мақатаевты «Ғасыр ақыны» деп атадық. Жазушылар одағының секретариаты бірауыздан шешім қабылдады. Содан кейін Мұқағалиға ескерткіш орнату туралы үкіметке ресми хат дайындалды. Оған – Бәйкен Әшімов, Салық Зиманов, Асанбай Асқаров, Әзілхан Нұршайықов, Сейдәлім Тәнекев, Заманбек Батталханов, Әріпбай Алыбаев, Құсайын Бижанов сынды ел ағалары қол қойды. Жазушылар одағының қатынас хаты қоса тіркелді. Жоғарыдан төмен нұсқау берілді. Елбасының тапсырмасымен ақын ескерткішін орнату туралы шешім қабылданды.

Бәйге жарияланды. Бәйгеге ондаған жоба келіп түсті. Қала әкімінің арнайы қаулысымен осы күнгі ақын ескерткіші тұрған скверден жер бөлінді. Ұлы ақынның қазақ өлеңіндегі өлшеусіз биігіне ылайық бейнесі қола кейпінде солай мүсінделген.

«Мәңгілікке өзімен ала кеткен ақын жанын түсінетін» қазақ дейтін елі, жұрты барына уақыт өткен сайын көзіміз жете түсуде. 2001 жылдың суық күзі, Абай тілімен айтсақ, «қараша мен желтоқсаны» Алматы жұртшылығының есінде… Ел тілегі, айбынынан ат үркетін ақсақалдардың талабы ескерілді. Ұзамай Мұқағали ескерткіші ашылды. Ескерткішке ұйытқы болған ақсақалдардың сондағы қуанғаны әлі көз алдымда. Елдің қуанышында шек болған жоқ.

Мұқағали мұрасын ұлықтау бүкілхалықтық сипатқа ие болды. Бұл жерде сенікі, менікі жоқ. Десек те, «Мұқағали» журналының жұмысын атап айтуға тиістіміз. 11 жылдың ішінде қыруар жұмыс атқарылды. Сол үшін басылым құрылтайшыларына, шығармашылық жағын басқарып отырған өзіңе айрықша рахмет білдіргім келеді. Үлкен іс бітіріп келесіңдер. Мұқаңның әулетіне, Қорға ие болып отырған Жұлдыз бен Бақытгүлге ақын оқырмандары риза. Міндеттерін ойдағыдай атқарып келеді. «Мұқағали» энциклопедиясы да жаңа кезеңнің арнасын ашты.

Барлық ізденістер мұқағалитану үрдісіне келіп түйіседі. Оның жалғаса беретіні кәміл. Түйіндеп айтқанда, Мұқағалиды ұлықтау – ұрпақты рухани жаңғыруға бастайтын қадам. Өйткені, Мұқағалиды тану – ұлтты тану. Мұқағалиды дәріптеу – ұлтты дәріптеу!

Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Батық Мәжитұлы

«Мұқағали» журналы №3, 2017 жыл

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналын қолдайық!

«Аманат – Қарасаз» қоғамдық қоры құрылтайшыларының барлық әріптестеріне, кәсіпкерлерге, оқырмандарға арнаған үндеуі Ардақты, ағайын! 2023 жыл «Мұқағали»...

«Мұқағали» журналы, №3, 2022 жыл

     Ақын атындағы басылымның кезекті нөмірі Дариға Тілендікелінінің «Нағыз ақынның болмысын Мұқағалидан көрдім» деген сұхбатымен ашылады. Дариға апа өзі куә болған оқиғаларды қызықты, әрі көркем...

«Мұқағали» журналы. №2, 2022 жыл

     Журналдың кезекті саны «Тау – бір аңыз, тау – дастан» атты Мұқағали өлеңдерімен ашылды. Белгілі дінтанушы, ғалым-ұстаз Қайрат Жолдыбайұлымен болған сұхбат «Халқының жанын ұққан...

«Мұқағали» журналы, №1, 2022 жыл

Барыс жылындағы алғашқы нөмірге көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің «Уақыт жаратқан жыр» атты зерттеу мақаласы беріліп отыр.  Жұлдыз Мұқағалиұлының «Менің әкемнің достары» деген естелігі де оқырманды...

«Мұқағали» журналы №6, 2021 жыл

Бұл нөмір «Елордадағы мектепке Мұқағалидың есімі берілді» деген жағымды жаңалықпен басталады. Ақиық ақынның ұрпағы Жұлдыз Мұқағалиұлының өлеңмен өрнектеген ой толғаныстарын оқисыздар.

«Мұқағали» журналы №5, 2021 жыл

Журналдың кезекті саны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын мерейтойына арнаған Құттықтауымен ашылып отыр. Мұқағалидың 90 жылдық торқалы тойынан толық репортажды да осы саннан оқи аласыздар....