РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Мұқағали Мақатаев. Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін

Мен дағы өлең жазбаймын ермек үшін,
Ермек үшін немесе өлмеу үшін.
Жазсам, жазам жырды мен, жасырмаймын,
Жаралы жүректерді емдеу үшін.
 
Ермек үшін белгілі жырламасым,
Ермек десе, ел мейлі тыңдамасын.
Өтсем болды арқалап адамдардың
Қуанышын, шаттығын, мұң-наласын.
 
Қуат алып Абайдың тіл күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.
Абай болып табынсам бір кісіге,
Абай болып түңілем бір кісіден.
 
Өлмеу үшін, құлқынды жемдеу үшін,
Мен дағы өлең жазбаймын ермек үшін.
«Жаздым үлгі жастарға бермек үшін»,
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін.
 
                …
 
Адамды адам түсінбеу – бір ақырет,
Ойлы жас, түсініпсің, рахмет!
Рахмет!
Жассың ғой жалыны мол,
Жалыны мол және де қуаты көп.
 
Ойлы жас!
Өлең – менің бар тынысым,
Жақсы сөзім – жаны игі халқым үшін.
Атақ қуып, бақ қуып, даңқ қуып,
Біреулерден жүргем жоқ арту үшін.
 
Оңашада ойларын тыным еткен,
Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен.
Ақындар бар амалсыз бұғып өткен,
Ақындар бар ішінен тынып өткен.
Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен.
 
Бізді олардың балама біріне де,
Ұлыға да санама, іріге де,
Қалам тартқан қазақтың бәрі де ақын,
Абай бірақ, қайтадан тіріле ме?!..
 
Ойлы жас!
Өлең менің сырласымдай,
Сырлассам да құмарым жүр басылмай.
Айтып өткен ақында арман бар ма,
Жүрегінің түбіне кір жасырмай?!
 
           …
 
Қалқам,
Мен Лермонтов, Пушкин де емен,
Есенинмін демедім ешкімге мен.
Қазақтың қара өлеңі – құдіретім,
Онда бір сұмдық сыр естілмеген!
 
Жат жерді жастанғанда жазатайым,
Қанымен жазды, мүмкін, ағатайым.
…Қасиетіңнен, қара өлең, айналайын,
Қазақтың дәл өзіндей қарапайым!
 
Түзу-түзу тілінген таспадайын,
Қамшы өремін таспадан басқадайын.
Қаламасаң қамшымды аулақ жүргін,
Қараша үйдің есігін ашпа, ағайын!
 
Түзу-түзу жыртылған аңыздайын,
Аңызыма неге нәр тамызбайын?!
Қара өлеңі қазақтың қаза болса,
Қара көзден неге қан ағызбайын?!
 
Іздемпаздық менің де бар өнерім,
Будан жасап бидай мен тары егемін.
Қазан-миым бәрін де қайнатады,
Дара қойып қазақтың қара өлеңін.
 
Абайға тән – маған да тән сыбаға,
Келсін мейлі, келмесін тәржімаға.
Осы менің отырып оңашада,
Оқитұғын намазым әр жұмада.
 
Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
…Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып, өзіне қайтарамын.
 
           
 
Өмірдің қысы, жазы, көктемдері,
Қысылтаяң шақтары, өткелдері.
Адамның аққан қаны, төккен тері,
Мұратқа жетпегені, жеткендері –
Жанымды жеп жүр менің көптен бері.
 
Атысу, аңдысу мен таласудың,
Санасу, табысу мен жарасудың,
Мінезін мынау адам баласының,
Білсем деп құпиясын аласұрдым.
 
Алдында алуан-алуан мінездердің,
Амалсыздан келеді мың өзгергім.
Әркім өзін балайды данышпанға,
Бір-бір құдай санайды бір өздерін.
 
Білмейді екем…
Қолымнан келмейді екен,
Жоқты аңсап, жоқ сусынға шөлдейді екем.
Қой енді тиылайын, бұғынайын,
Ойымды орасанға бөлмей бөтен.
 
Жасырмай ойымды айттым талай-талай,
Қайтейін, кетті бәрі қарайламай.
…Айтарын ашып айтқан абайламай,
Дариға-ай,
Махамбеттер, Абайлар-ай!!!
 
            
 
Туады, туады әлі нағыз ақын,
Нағыз ақын бал мен у тамызатын.
Жесірдің айырылмас сырласы боп,
Жендеттің көзінен жас ағызатын.
Туады, туады әлі нағыз ақын!
 
Жыр сөздері жай болып атылғанда,
Атылғанда, аспаннан оқылғанда.
Мылқауларға тіл бітіп, керең естіп,
Жанар пайда болады соқырларға!
 
             …
 
Ойхой, Абай даласы, «Абайлаған»,
Семей десе – Абай деп қарайды адам.
Талай жылдар өтсе де, талай заман,
Қалам тартар қазақта ақын туса,
Аруағына Абайдың қарайлаған.
Абай болу, әрине, оңай емес,
Ақын болмай қалсаң ғой…
Қалай жаман!
 
Уа, армысың!
Ардақты, киелі жер!
Туған елін Мұхтардай сүйе білер.
Сыйлай білер, паң басын ие білер,
Уа, армысың!
Ардақты киелі жер!
 
Әдейілеп көгіңнен өткенімде,
Көзім ауды төсіңде көп белгіге.
Жатыр қазақ даласы жайып тастап,
Көз алдыма бүгінді, өткенді де.
 
Анау жатыр атақты Семей деген,
Семей десе, бүлкілдер көмейде өлең.
Сырласқандай баяғы Шыңғастау тұр,
Жатақпенен, жалшымен, кедейменен.
 
…Босқа үңіліп қайтейін өткеніңе,
Өткені де өткеннің, кеткені де.
Арман қалып барады жүрегімде,
Оқи алмай Абайдың мектебінде…
Текке үңіліп қайтейін өткеніңе,
Қуанамын бұл күнге жеткеніңе!
Өткені де өткеннің, кеткені де.

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі
Алдыңғы жазбаҚарасаз
Келесі жазбаСуреттер сыр шертеді

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналын қолдайық!

«Аманат – Қарасаз» қоғамдық қоры құрылтайшыларының барлық әріптестеріне, кәсіпкерлерге, оқырмандарға арнаған үндеуі Ардақты, ағайын! 2023 жыл «Мұқағали»...

«Мұқағали» журналы, №3, 2022 жыл

     Ақын атындағы басылымның кезекті нөмірі Дариға Тілендікелінінің «Нағыз ақынның болмысын Мұқағалидан көрдім» деген сұхбатымен ашылады. Дариға апа өзі куә болған оқиғаларды қызықты, әрі көркем...

«Мұқағали» журналы. №2, 2022 жыл

     Журналдың кезекті саны «Тау – бір аңыз, тау – дастан» атты Мұқағали өлеңдерімен ашылды. Белгілі дінтанушы, ғалым-ұстаз Қайрат Жолдыбайұлымен болған сұхбат «Халқының жанын ұққан...

«Мұқағали» журналы, №1, 2022 жыл

Барыс жылындағы алғашқы нөмірге көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің «Уақыт жаратқан жыр» атты зерттеу мақаласы беріліп отыр.  Жұлдыз Мұқағалиұлының «Менің әкемнің достары» деген естелігі де оқырманды...

«Мұқағали» журналы №6, 2021 жыл

Бұл нөмір «Елордадағы мектепке Мұқағалидың есімі берілді» деген жағымды жаңалықпен басталады. Ақиық ақынның ұрпағы Жұлдыз Мұқағалиұлының өлеңмен өрнектеген ой толғаныстарын оқисыздар.

«Мұқағали» журналы №5, 2021 жыл

Журналдың кезекті саны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын мерейтойына арнаған Құттықтауымен ашылып отыр. Мұқағалидың 90 жылдық торқалы тойынан толық репортажды да осы саннан оқи аласыздар....