РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Бауыржан ОМАРҰЛЫ. МҰҚАҒАЛИ ӘЛЕМІ – ТАЗАЛЫҚ ӘЛЕМІ

Мұқағали туралы сөз айтылып жатыр, ай­тыла да береді. Бірақ, ақын рухын толық тү­сі­нуге тырысқан ұмтылыстың жөні бөлек. Осы тұрғыдан келгенде фило­ло­­гия ғы­лым­­да­рының докторы Бауыр­жан Ома­­рұлының пікіріне жүгінудің жөні бөлек. Әр сөзін қи­ын­­нан қиыстырып сөйлейтін талғам­паз қа­­­ламгердің Мұқағали хақында толға­ныс­пен әң­гіме шертетінін күттік. Соның дәлел­дері осы аталған сұхбатта толық көрінеді деп ой­лаймыз.

Мұқағали әлемі десек, бұл тіркес ақын даңқына лайық секілді. Жалпы, осы әлем деген сөздің мәнін қалай түсіндіріп берген болар едіңіз?

–  Мұқағали әлемі – тазалықтың әлемі. Таза болатын себебі, ол үнемі жүрегінің түбіндегі, көкірек кенішінің тұнығын­дағы ойды айтты. Оны көркемсөзбен кестелеп жеткізді. «Айтып өткен ақында арман бар ма, Жүрегінің түбі­не кір жасырмай», – деп өзі айтқандай, оның өлеңінде ешқан­дай жалғандық болған жоқ. Сондықтан ол жаппай оқы­луда. Өзі халықтық һәм ұлттық тұлғаға айналды. Ол ақын­дық­тың өлшемі болды. Мұқағали өлеңді жазған жоқ. Жыр бұлағы оның көкірек көзінен өзінен-өзі құйылып жатты. Керісінше, өлең  Мұқағалидың есімін әдебиет тарихына алтын әріппен жазды. Санасы барлар Мұқағалидың сұрапыл жырын көріп, өлеңді өз еркімен қойды. Олар адам­ның ақын болып қалыптаспайтынын, керісінше ақын болып туатынын Мұқаңның болмысына қарап ұқты. Ал қара өлеңге бейімі бар жақсы ақындар оған қарап бой түзеді.

Мұқағали Мақатаев әлемі қазаққа қара өлеңнің құдіретін танытқандығымен қымбат. Әлемі бар ақын пәлегі бар жеміс секілді өркенін кең жаяды. Ол – қазақ өлеңінің бар мүмкіндігін пайдалана алған ғаламат жыр жүйрігі.

Бір кезде Мұқағали туралы арыз айтылса, қазір аңыз айтылып жатыр. Осы екеуінің арасындағы ақиқатты айқын­дай алсақ, сол Мұқағали әлемі болып шығады. Бұл – қазақ жырын, қазақ жанын, қазақ арын кірлетпей таза ұстау әлемі. Егер көзі ашық, көңілі ояу оқырман өзінің жанын жегідей жеген сауалдарға жауап іздеп, белгілі бір әдеби тұлғаның шығармаларына бас қоятын болса, ол өзіндік әлемі бар қабырғалы қаламгер болғаны. Мұқағали да сондай дәрежеге баяғыда жеткен ақын.

Өлең сүйген жұрт Мұқағалимен сырласамыз дейді. Сіз осындай күйлерді басыңыздан өткіздіңіз бе?

– Жалғыз Мұқағалимен емес, Абай, Жұмекен, Қадыр, Мұхтар, Жарасқанмен де сырласамыз. Біздің студент кезімізде ең көп оқылған ақындар осылар. Мұхтар Шаханов­тың «Отырар трагедиясы» атты ұзақ поэмасын түгел жат­тап алған жігіттер де болды. Ал енді Мұқағали екінің-бірі­нің аузынан түспейтін. Оның өлеңдерін көп білетін студент өте беделді саналды. Аудиториялар мен жатақхана­­ларда жұрт солардың аузына қарап отыратын. Тіпті, «зооветтің» ұр да жық жігіттеріне дейін: «Сол түні мен, Аққуға тұзақ құрып өлтіріп ем», – деп күйзеліп өлең оқып жүретін. Оны айтасыз, Киров атындағы зауыттың біреуге ұрын­баса тұра алмайтын жуан жұдырық жұмысшылары да ЖенПИ-дің жатақханасының жоғарғы қабатындағы терезелерге телміре қарап, «Әлі сен есімдесің, Аршалы сай», –  деп емініп тұратын. Бұл бір бүкіл қоғам Мұқағали жыры­мен тыныстаған кезең еді. Ақын туралы күніге бір аңыз айтылады. Мұқаң бүйтіпті, Мұқаң сөйтіпті… Журфак пен филфакқа келген студенттер Мұқағали өлеңдерін білмейті­ніне кәдімгідей қысылатын. Сосын тездетіп, сол кемшіліктің орнын толтырғысы кеп, «Өмір-өзенге» сүңгитін.

Біз бірінші курсқа түскен жылы бір топ студент Мұқағали­дың басына барып, тағзым еткенді жөн санадық. Кеңсайға ба­рып, ақының қабірін көп іздедік. Ақыры таптық. Мұқаң­ның алып мүсіні «қыр басынан қала жаққа қарап тұр» екен. Жігіт­тер ақынның басында тұрып өлең оқыды. Әсерленді, шабыт­тан­ды. Кейін бәрі де қазақ әдебиетіне өзінің уығын шанышты. Бауыржан Үсенов, Светқали Нұржанов, Қай­рат Әлімбеков, Есжан Айнабеков, Бейбіт Құсан­беков, Гүлбаһ­рам Жебесінова, тағы да бір-екі студент болды-ау, деймін. Кейбірі қазір арамызда жоқ. Олардың есім­дерінің таны­мал болуына Мұқағали жырларынан сусын­дауы­ның ықпалы тигені айдан анық. Әсіресе, сол жылдар­­дың өзінде кес­телі жырымен ел-жұртты елеңдете баста­ған Бауыржан Үсенов қатты әсерленді. Ол бейіт басынан қайтып келе жатып, бір шумақ өлең оқыды:

Сен өлеңде ғаламат кеңдік аштың,
Кеңдік аштың, қырық бес-ақ белді бастың.
Сол тентектік қалпыңмен қайран аға,
Жатырмысың шулатып жердің астын?!

Ал Мұқағали тектес сұрапыл ақын Светқали Нұржанов зират­тан қайтқанда томаға тұйықтық танытып, үнсіз келе жат­ты. Ол да Бауыржан секілді Мұқағалиды ессіз жақсы көре­тін. Сірә, іштей арпалысқа түскен секілді. Қайрат Әлім­бе­ков өзінің шабытты шағы туралы «Аспаным бұлтты, білмей­мін, бір жауын бар ма? Өстуші еді жанымда жыр дауыл­дарда», – деп өлеңдетер еді. Тура сол. Қателесе қоймап­­пыз. Светқали көп уақыт өтпей-ақ, мынадай бір сипа­ты бөлек өлең жазды:

Көптен бері естімей сыңғырын жырдың,                                              
Алматыға сия алмай шыңғырып жүрмін.                                                        
 
Қайда кеткен баяғы бұла дауысым,
Төмендеген бе биіктен құламау үшін?
 
Түкірдім сенің басыңа жұқана күйбің,
Басына барып қайтсам ба, Мұқағалидың?                                                                 
 Сұрар ол менен: «Туды, – деп, – қай   бота дарын?»,
Әбубәкірін айтар ем, Байботаларын.
 
Түкіріп  сенің басыңа жұқана күйбің,
Басына барып қайтайын, Мұқағалидың…

Бұл өзге әріптестеріміздің көгілдір көктем, жасыл жапырақ, жарқын жаз, сиқырлы сезім туралы лирикалық өлеңдер жазып жүрген кезі. Светқали мен Бауыржандар бірден парасатты поэзияның биігіне шықты. Өлеңнің ішкі рухани уызынан нәр алды. Айналадағы құбылыстарға терең үңілді. Оның жұртшылық байқай бермейтін қалтарыс­та­рына зер салды. Одан түйген ойларын өзгеше өрнек­тей білді. Тек Светқали мен Бауыржан ғана емес, сол тұстағы басқа ақындардың да өлеңінің өресі жоғары болды. Қайрат Әлімбеков, Мұратбек Оспанов, Нұрлан Әбдібеков, Қазыбек Иса, Бауыржан Жақып, Жәния Ералиева, Кәдірбек Құныпияев, Нүсіпбай Әбдірахым, Гүлбаһрам Жебесін, Баян Бекетова, Үмітхан Алтаева, Амантай Шәріп, Әбубәкір Смайылов… Шетінен жүйрік шықты. Әсіресе, Әбубәкір Мұқағалидың өзінің ізімен «Мұқаңдар жоқ, Мұқаңдардың сарқыты – Әбубәкір Смайылов бар мұнда!», – деп жырлағанда бесінші жатақхананың түндігі желпілдеп кететін еді.  Өйткені бұл буын Мұқағали мен Жұмекенді, Қадыр мен Мұхтарды, Жарасқан мен Кеңшілікті жата-жастана оқыды. Қысқасы, біздің буынды Мұқағали шыңдап шығарды.

Өз қатарластарымыздың өлеңдегі өзгеше қалам сілтеуін көрген соң Көктөбеге қоныс тепкен көп ақын өлеңді қойып кетті. Соның ішінде біз де бармыз. Көштің соңында салпақтап, шаң жұтып жүретін көңілсіз шайыр атанғаннан гөрі өлеңді зердесіне тоқи алатын ойлы оқырман болғанды жөн санадық. Сөйтіп, публицистика мен әдебиеттануға ат қостық. Сонымыз оңды болған сияқты.

Менде Мұқағалидың бірнеше кітабы бар. Әлдеқандай себеппен Амантай Шәріп қалдырып кеткен болуы керек, ақынның «Қарлығашым, келдің бе?» деген алғашқы жұқал­таң жинағы да біздің үйде жүр. Үлкен ұлым үйленіп, Қарлығаш деген келін босағамды аттағанда жігіттер соны еске салып, бір күлген. Мұқаңның кітаптарының ішінен 1989 жылы шыққан «Жырлайды жүрек» деген жинақты қолыма жиі ұстаймын. Неге екенін білмеймін, әйтеуір осы жинағын тәуір көрем.

Мұқағали Мақатаевтың жырларымен  күндіз-түні  жатпай-тұрмай сырласамын деп айта алмаймын. Оған уақыт та, мүмкіндік те жоқ. Ара-тұра оқимын, үңілемін, қайталаймын. Керегімді іздеймін. Сырласқан деген сол шығар. Осыдан жеті жыл бұрын Айжан деген жалғыз қызымнан айырылып қалдым. Жол апатына түсті. Мен үшін әлемдегі ең ақылды, ең әдемі қыз сол еді.  Биыл он беске толатын еді. Сондықтан, әрине, «Жырлайды жүректі» оқи отырып, Мұқаң болып, өз Майгүлімді іздеймін, жоқтай­мын… Өзіме тоқтау саламын. Тәубеме келемін. «Сенің аңқау құлағыңдай қалқиып, Қыр басынан қала жаққа қарап тұр…» – жалғыз Мұқаңның ғана емес, оның оқырманы – менің де мұңым…

– Көргеніңіз көп, түйгеніңіз мол. Ел ішінен Мұқағалимен «ауырған» адамдарды жолықтырдыңыз ба? Сонда олар сізге қандай әңгімелер айтты?

– Мен көрген адамдардың ішіндегі Мұқағалимен ең қатты «ауырғаны» Ерлан Ібітанов. Ол – қазақтың атақты ақындарының бірі Еркін Ібітановтың ұлы. Мұқағалиды көп оқитын адамдарды талай рет жолықтырдым. Бірақ, ақынды дәл Ерландай жақсы көретін адамды мен әлі кездестірген емеспін. Бәлкім, сол топырақта өсіп, жас күнінен ақын жыры­мен тыныстап өскендікі шығар. Мүмкін, Мұқағалиды жанындай жақсы көрген ақын әкенің ықпалы болар. Кез келген өлеңін жатқа оқиды. Кез келген жерінен сұрасаң, іліп әкетеді. Іркілмейді. Сен тыңдаудан шаршағанша тоқта­ма­йды. Бір қарағанда ұяң көрінетін қағілез сары жігіт өлеңді оқи бастағаннан-ақ арыстанша айбаттанып кетеді. Мұқағали – Ерланның зердесі үшін таусылмайтын бұлақ. Ол – Ерланның таңды-таңға ұрып жырлайтын, өмірі бітпейтін «Манасы». Қауіпсіздік қорғау органдарында қызмет істейтін Ерланды ілгеріде жұқалтаң лейтенант кезінде көргем. Қазір шені де, шекпені де өскен шығар. Толысып-толған болар. Бәлкім, полковник, бәлкім подполковник… Өйткені жырға құмар жігіттің шыңға құмар болмауы мүмкін емес. Бірақ қанша жерден оқалы киім кисе де, оны Мұқағалиды беріліп тұрып жатқа оқитын баяғы дағдысынан арыла қойды деп ойламаймын.

Менің әр жылдарда жақын араласқан Ербол және Тілеу­жан деген  жолдастарым бар. Екеуі де көсіліп өлең жазба­ғаны­­мен жыр десе жымың-жымың ете қалатын ақын­жанды жігіттер. Біреуі – тарихшы, біреуі – филолог. Сол екеуі де Мұқағалиды беріліп оқиды. Жанымен берілгені соншалық, балаларына Мұқағали деп ат қойды. Жас Мұқаш­тар­дың екеуі де ақын болмады, азамат болды. Мен мұны тек әлгі жолдастарымның Мұқағали жырларымен «ауырған­дығы­ның» мысалы ретінде айтып отырмын.

Мұқағалимен «ауырудың» себебі де – өлең. Ол дерттен айығудың дауасы да – өлең. «Ауыратын жүрек те, бауыр да емес, Қызыл-ала қан болған жаным екен», – деп ақынның өзі айтқандай, олардың дертке тәні емес, жаны бой алдырады. «Күні бойы аралап бөлмелерді, Сырқаттарды емдеймін жырымменен», – деп тағы да Мұқаң айтқандай, ақынның жырымен сусындап, кеселінен айығады. «Ермек те көп, ем де көп, біреу ине, біреу сөзбен емдемек», – деп Жұмекен де жырлаған ғой. Сол секілді Мұқағалимен «ауырғандар» өте көп. Ал Мұқағалимен емделгендер одан да көп дер едім.

Сіз қаламгер ғана емессіз, әдебиетті зерттеуші ғалымсыз. Мұқағалитануға ден қою ықыласы көңіліңізде болды ма?

– Ғылымда универсализм көп бола бермейді. Әр зерттеушінің маманданған тақырыбы, қаузайтын дәуірі мен кезеңі болады. Мен негізі он тоғызыншы ғасыр әдебиетінің маманымын. Оның ішінде отаршылдыққа қарсы тұрған зар заман поэзиясын, оның жекелеген өкілдерінің шығарма­шы­лы­ғын қарастырдым. Бұлар әдебиет тарихында ақтаңдақ саналып, ұзақ уақыт бойы өлең-жырлары қапасқа қамалған ақындар болатын. Біздің ғылымға бет алуымыз тәуелсіздікке қадам басқан кезеңмен тұспа-тұс келді. Сондықтан тапқан дүниелеріміздің көпшілігі белгілі бір деңгейде жаңалық болып есептелді. Көп жылдар бойы қол тимеген деректерді жарыққа шығаруға тырыстық. Менімен бірге ғылымға келген қатарластарым аса құнды мәліметтерді тауып, елге ұсынды. Олардың бірқатары қазір елге белгілі ғалымдарға айналды. Сондықтан мен осы кезеңді зерттеумен шектелдім. Бір жағынан мұнымыз дұрыс та болды. Төгіліп-шашылу, әр тақырыпты меншіктеу онша абырой әпермейді. Біраз жыл М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ежелгі әдебиет бөлімін басқарған кезімде аспиранттарымды көне дәуір, орта ғасырдағы әдебиет нұсқаларын зерттеуге баулыдым. Менің жетекшілігіммен диссертация қорғаған бірқатар қыз-жігіттер ежелгі әдебиетке  маманданды.

Ал Мұқағали сияқты қатпары қалың, күрделі құбылысты зерттеп, ғылыми еңбек жазу еріккеннің ермегі емес. Оған зор дайындық, терең білім керек. Бұл тақырыпқа  арнайы маманданған жөн. Жазған соң Мұқағалидың өз тұлғасына да, поэзиясына да көлеңке түсірмейтін сүбелі еңбек жазу керек. Мұқаңның шығармашылығын арнайы зерттеген Клара Сейітова, Күрленбай Хамидуллаев деген зерттеуші­лерді білемін. Клара Сейітова орыс тілінде жазады. Күрленбай Қарақалпақстанда тұратын қазақ ғалымы. Өзімен жете таныс болмасам да, Клараның ғылыми жұмысы­ның қаймағы басымдау сияқты көрінеді маған. Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарындағы поэзияны зерттеушілердің ішінде Мұқағали шығармашылы­ғына тоқталмағандар кемде-кем.

Сөйтіп, мен белгілі бір тақырыпты жүйелі түрде қарастыруды қалағандықтан Мұқағали поэзиясына зерттеуші ретінде үңілгенім жоқ. Тіпті, талай жылғы журналис­тік жұмысымда да Мұқағали шығармашылығы туралы мақала жазудың сәті келмепті. Бәлкім, алдағы уақыт­та қолға алармын. Әзірге сұрапыл ақынның сыншысы да, сарапшысы да емес, қатардағы оқырманы болған жөн деп таптым.

–  Мұқағали  бүкіл қазақты айналасына шоғырландырды. Біріктірді. Біз айтпасақ та ол ұлттық тұлғаға айналды. Осындай пікірлерге сіз не уәж айтар едіңіз?

– Ол рас. Себебі, оның өлеңдерінде ұлттық ұстын болды. Қазақ ауылының, қазақ жұртының суреті болды. Ол бүкіл ұлттың ішкі иірімдерін қозғай білді. Елдің жан дүниесімен үндестік тапты. Оның өлеңінен әрбір адам өзінің болмысын, іздегенін таба алады. Мұқағали – өмірді де, өлеңді де шексіз жақсы көрген адам. Сондықтан қазақ оның айналасына топтасты. Ол рухани бағдаршы бола білді. Күллі ұлт болып ардақтайтын, талассыз мойындалған тұлғаға айналғанына дау жоқ.

Көрнекті ақынымыз Қадыр Мырза-Әли жұрт жаппай оқы­ған «Иірім» атты естелік кітабында былай дейді: «Немесе Мұқағалидың ақ қайың туралы өлеңін еске түсіре­йік:

Жапырақ-жүрек жас қайың,
Жанымды айырбастайын.
Сен адам бола бастасаң,
Мен қайың бола бастайын,
Келісесің бе, жас қайың?!

Не құдірет барын білмеймін, осы өлеңді өлердей жақсы көрем! Неге? Неге? Түсіндіріп көруге болады, әрине! Бірақ соның бәрі, өлеңнің өзімен салыстырғанда жай сөз болып қана шығады. Өлеңнің қадірін кетіріп, бағасын түсіресің. Тіпті, обалына қаласың!

Қапысыз сөйлесіп, қалтарыссыз сырласып, татаусыз тіршілік кешіп жүргенде менің бір байқағаным – Мұқағали да менің көптеген дүниемді ұнататын. Сөйте тұра сүйсінуіміз бір болғанмен, түйсінуіміз әрқилы болатын. Қателессем, құдай өзі кешірер, оны пенделік жеңіп кете беретін-ді». Заманы бір, әдеби әлемі бір Қадыр аға одан әрі Мұқаңның өмірдегі болмысы туралы өз көзқарасын да айтады. Бірақ бәрібір «Иірімде» Мұқағалидың қазақтың ғаламат ақыны ретіндегі шынайы бейнесі жасалған. Екеуі де ұлттың ұлағатты тұлғалары. Тұлғалар тұлғаларды бедерлей де алады, безбендей де алады. Мәселе Мұқағали Мақатаевтың кейінгі ұрпақ үшін ұлттық тұлғаға айналғандығында болып отыр. Осы тұрғыдан қарасақ, мұндай ұғым бүгінде толық қалыптасты деп білемін.

 – Мұқағали ХХІ ғасырға пенделік кірінен толық арылып, жарқырап жетті деп ойлаймыз. Мұндай тағдырды екінің бірі еншілей бермейді. Десек те, ақынды күстаналайтын сөздер әлі де қылаң беріп қалады. Осы дұрыс па, әлде, бұрыс па? Бұл жайында сіз не дейсіз?

– Жалпы, қазақтың өмірден өткен танымал тұлғалары туралы теріс пікір айтқан дұрыс емес. Кім-кімнің де парасаты мен пенделігін салмақтап, байыпты баға берген жөн. Ал Мұқағали секілді бүкіл ұлтымыздың алдында әлде­қашан идеалданған тұлғаны ешқашан аласартпағанымыз абзал. Оң қолымызбен биіктеткен азаматымызға сол қолымыз­бен кір жағатын болсақ, онда біздің кім болғанымыз? Мұқағали – алдымен адам, содан соң ақын. Адам болған соң, оған пенделердің барлық қасиеттері тән. Ал енді соның бәрінен ілік іздеуіміз керек пе? Басқа халықтар танымал тұлғаларының арғы-бергі істеген істерін ішек қырындысына дейін айқын көрсетеді екен деп, ойға келгеннің бәрін қағаз бетіне түсіре бергеніміз жөн бе? Біздің қазақтың атам заманнан бергі концепциясы – жақсыны асырып, жаманды жасыру. Сөйте тұра өсек-аяңға, тырнақ астынан кір іздеуге ептеп жақындаумыз. Желді тұрғызуға, шөпті қимылдатуға әуеспіз. Бірақ бәрібір ол – Мұқағали. Енді ол кір шалдырмайды да, ешкімге алдырмайды да. Мұқағали – кір шалдырудың деңгейінен баяғыда шығандап кетіп қалған адам.

 Мұқағали Әбділда ақынды ерекше қадір тұтты. Осы екі тұлғаның арасындағы ізгілік байланыстар туралы не айтуға болады?

– Мен, әрине, Мұқағалиды көргенім жоқ. Көруім де мүмкін емес. Ол кісі қайтқанда шалғайдағы ауылдағы мектептің жетінші класында ғана оқып жүрген бала едім. Ал Әбділда ақынды көрдім. Бір емес, бірнеше рет.  Әртүрлі жиындарда сөйлегеніне куә болдым. Студент кезімізде әдебиетіміздің ақсақалдарын көру үшін мұндай кештерге арнайы баратынбыз. 1994 жылы ғой деймін, бір рет үйінде де болғаным бар. Қызылорда облысының бірнеше ауданын басқарған Қонысбек Қазантаев деген ақсақалдың «Адам бір көшкен керуен» деген кітабы шығып жатты. Соған алғы сөзді Әбділда Тәжібаев жазуы керек екен. Сол шаруамен Еркін Әбілов деген журналист ағам екеуміз бардық. Ерекең сөйлеп отырды да, мен көп үндегенім жоқ. Бір-екі рет тіл қатып едім, «Сен қай баласың? Мен сенің тек мұрныңды ғана көріп отырмын», – деді.  

Мұқағалидың «Әбділдаға» деген өлеңінде үлкенді сыйлаудың үлгісі, ақсақал ақынға қадір-құрметтің белгісі айқын көрініп тұр. Ол ақын ағасының абыройын аспанда­тады. Әбекеңнің әдебиеттегі орнына айрықша баға береді. «Абыржып асасын ұстап отырған ашулы Грозный патшадай» қаһарла­нып,  «жаралы жауынгердей сылтып басып», «жыр­дағы жалғандықпен мылтықтасып», «әбігер болып жүрген» Әбділда ақынның бейнесін ешкім бұрын-соңды бұлай суреттеген емес. Қазақ мінез, әдеп пен иба, ізеттілік пен ізгілік, бәрі-бәрі осы өлеңде тұнып тұр ғой.

Бой түзеп,
Босқа кетпей сауықпенен,
Бозқырау босағасын тауыпты өлең.
Жаман жыр жазғанымда
Ақ таяғың —
Арқамда ойнай ма деп қауіптенем…

Әрине, Мұқаң да жаман жыр жазбады, Әбділданың ақ таяғы да оған сілтенбеді. Бірақ бұл өлең қазақ поэзиясындағы ақын­дық тектілікке қойылған тұғырлы ескерткіш болып қалды.

Жалпы, Әбділда Тәжібаев ағамыз ақындарға көп көмектескен. Бата берген, ақ жол тілеген. Жақсы ақындарға көңілі құлаған. Сондықтан олардың ешқайсының арқасына аса таяғын ойната қоймаған.

Осы ізгілікті тереңдету үшін қандай шараларды өріс­те­ту керек?

– Ақындар ақындарға қамқор болуы керек. Аға буын кейінгі жастарды бауырға тартуы қажет. Сонда өздерінің де олардың алдындағы беделі биік болады. Темірхан Медетбек ағамыз жас буынды «Алтынкөпірліктер» деп бағалап, үлкен басымен құнды пікірлер айтып жүр ғой. Өте дұрыс. Осы дағды басқаларға да жұғысты болса дейміз.

Ақынды ақын оятпаса болмайды,
Ақынды ақын таяқтаса, ол – қайғы.
 
Ақынды ақын сүйемесе, болмайды,
Ақынды ақын күйелесе, ол – қайғы.
 
Ақынға ақын басынан-ақ жуық-ты,
Барлық ақын бір анадан туыпты, –

деп Мұқаңның өзі айтқандай, шайырлардың арасында татулық болғаны жөн. Өйткені оларды поэзия, шабыт, муза, ізгілік деген ұғымдар ортақтастырады.

Ақынның Зейнолла Шүкіровке арнаған өлеңі бар. Ол жай арнау емес. Зейнолла ақынның бейнесін сомдаған ғажайып сурет. Осы өлеңнің қалай жазылғанынан хаба­рыңыз бар ма?

–  Бұл бір өте қызық тақырып. Мен Зейнолла аға туған Бөген ауылынан небары отыз-ақ шақырым жердегі Қаратерең деген ауылда туып-өстім. Сондықтан жас күнімізден ол кісі туралы мәліметке біршама қанықпыз. «Хабар» агенттігінде қызмет істеп жүрген кезімде Қызылордаға барып, «Көз­көр­ген» бағдарламасы бойынша Зейнолла Шүкіров туралы хабар әзірледім. Бұл хабарды дайындауға Зекеңнің ұлы есебінде тәрбиеленген інісі Алпысбай көмектесті. Зекеңнің сегіз жасында түйеден құлап, мертіккен жерін көрдім. Ақынның мұрасын ұқыптылықпен сақтап, жариялаумен айналысып келе жатқан Алпысбайдың қолында деректер жеткілікті екен. Мұқағали мен Зейнолланың қарым-қатынасы өте жақсы болған. Бірін-бірі қатты қадірлеген. Ара-тұра хат алысып тұрған көрінеді. Алпысбайдың архивінде Мұқағалидың Зекеңе жазған екі хаты сақтаулы. Мұқағали 1963 жылы Қызылорда облысына келіпті. Сол сапарында Қазалы ауданында да болған сияқты. Себебі ақынның жұртқа белгілі «Қазалы желі» деген өлеңі бар.

Мен бірде Алматыда сол Қазалы ауданынан шыққан бір полковник қартпен кездестім. Ол былай деді: «Ілгеріде біздің ауданға Мұқағали мен Жағда Бабалықов бірге келді. Мектептің жай ғана мұғалімі едім. Оларға қызмет қылып жүрген маған Жағда Бабалықов: «Айналайын, мен сияқты полковник бол!», – деп бата берді. Мен іштей: «Мына кісінің батасы қызық екен. Әскерге мүлде қатысым жоқ мен қалайша полковник боламын?  Одан да «Завуч бол, қалқам!» деп неге айтпайды?», – деп ойладым. Бұл тағдыр дегенді қойсаңшы, ұзамай әртүрлі себеппен ішкі істер саласына болмашы ғана қызметке ауысып кеттім. Сөйтіп, сонда өсіп-жетіліп, енді міне, арада қырық жыл уақыт өткенде шынымен де полковник болып отырмын!». Қайран, Мұқаңа серік болған Жағда көкем! Сөзінің дуасы болып тұр ғой. Мұқағалидың Қазалыда болуына қатысты естіген әңгімем осы.

Зекең туралы хабар түсіру барысында Қызылорда қаласындағы Мұқағали түскен үйді де көрдім. Төлебаев көшесіндегі екі бөлмелі шағын пәтер. Әрине, Шүкіровтер ол үйден баяғыда көшіп кеткен. Тек ол пәтер бағдарламаға пайдалану үшін, яғни, журналист ретінде кадрда тұрып: «Мына үйде орналасқан Зейнолла Шүкіровтің пәтеріне Мұқағали келген», – деп түсіндіре сөйлеп, елге көрсету үшін керек болды.

Мына бір хат назар аудартпай қоймайды. «Жұлдыз» журналының алпысыншы жылдардағы бланкісіне жазылған хатта: «Зейнолла! Тірлігіңе тілектеспін. Мәңгілік өмір сүрмесең, басымды кесіп берейін. Жібергеніңнің барлығын сол қалпында ұсындым. Бара жатыр. Жаңалық айтып хат жаз. Мұнда… да жоқ. Бәрі баяғыдай. Мұқағали», – деп жазыл­ған. Мұқаңның бұл хатынан Зекеңе деген жанашыр­лығы, оның шығармашылығын ерекше бағалайтындығы көрінеді.

Ал Мұқағалидың Зекеңе жазған екінші хаты тіпті қызық. Хат «Бүгін бір жұмыспен (демалыс күні) отырып едім. Ол жұмыс мені қызықтырған, сұмдық қызықтырған. Ең қызық жеріне келгенде, үйге Тоқаш келді… Үй ішім, әсіресе, әйелім суық қарсы алды оны (Тоқаштың біздің үйге істеген тентектігі жоқ, сірә, ол туралы сасық қауесетті сырттан естиді ғой деймін, бірақ Тоқаш біздің үйдің байырғы қонағы. Мен мұны (Т-ты) 1948 жылдан білемін», – деп басталады. Ақын әрі қарай отбасының оны неге салқын қарсы алғанының себебін түсіндіреді. «Оны суық қарсы алды. Үй ішім менің жұмыс істегенімді жақсы көреді, біледі нанның немен табылатынын. Ол (Т-ш) шаршап… келіпті, жатқыздым да жұмысымды жалғайын деп ем, зауқым шаппады (жұмысқа). Сен ойыма орала бердің…».

Осы сәт Мұқағалидың есіне Зейнолла Шүкіров неге түсті екен деген ой келеді. Бәлкім, алдындағыны бұзып-жарып жүретін тентек мінезді Тоқашты көріп, төсекке таңылып жатқан періштекөңіл Зейнолла көз алдына елестеді ме екен?! Асау арғымақ пен тұсаулы тұлпарды салыстыра отырып ой толғады ма, кім біледі? Әйтпесе, оған жазып отырған хатында үйіне Тоқаштың келгенін айтып несі бар?  Мұқаң одан әрі Зекеңе былайша сырын ақтарады:

«Зекен! Мен сенімен ашылып пікірлесе алмадым. Себебі, баяғы сенімсіздік (Жаратқан ием-ай, ашылып пікірлесу де рахат екен ғой…). Екінші себеп, прозаларыңды әлі оқымап едім, өтірік көлгірсуге арым шыдамады. Ал өлеңге деген пікірің әлгіндей болғаннан кейін тағы да аузымды жұмдым. Айтқаныңа да, былтырлар («Қазақ әдебиетінде») жариялан­ған мақалаға да ұйымадым. Сол үшін жым болдым. Ауылдарыңда көсіле жаттым, көпіре сөйлей алмадым. Өзіңмен пікірлесер көп жайттар бары анық». Осыдан-ақ Мұқағалидың жалған сөйлей алмайтын шынайылығы айқын көрініп тұр. Ойындағысын лақ еткізіп ақтара салады.

Тағдырмен тайталасқан талантты тұлға Зейнолла Шүкіров туралы жазылған шығармалардың ішінен үш туындыны бөліп алуға болар еді. Оның біріншісі – қазақ әдебиетінің алыбы Асқар Тоқмағамбетовтің «Жаралы жолбарыс» атты дастаны. Екіншісі – көрнекті ақынымыз Мұзафар Әлімбаевтың ақынның елу жылдығына арнап жазған «Құрыш қазақ» атты поэмасы. Үшіншісі – Мұқағалидың «Тағдырлардың тағдыры» деп аталатын жаңағы сіз айтқан өлеңі.  

Буырқанған теңіздей жатыр екен ашынып,
Қайғы емес, қаталдық қабақта тұр ашылып.
Тағдыр дейтін баяғы жалаң аяқ мыстаның,
Жалынады кете алмай, аяғына бас ұрып,
Тағдыр дейтін сүмелек шыр айналып кетпейді,
Ол қабағын шытынса, есік жаққа беттейді,
Табанында тағдырға ызғарменен қарайды,
Қарайды да аяйды, аяйды да теппейді.

Зекең туралы талай айтылған, сан рет жазылған естеліктердің мазмұны осы төрт шумақ өлеңге толық сыйып кетеді. Алланың салған сынағына бас ұрып, өз тағдырын өзі билеуге ұмтылған қайсар жанның өмірге құштарлығын, тынымсыз күресін Мұқағали басқаша көзбен көре алды. Мұқағали ғана байқай алатын биіктен зер салсақ, Зейноллаға талай жыл сес көрсеткен тағдыр одан әлдеқашан жеңіліп тынған. Өйткені, ақынның өзі тағдырға айналған. «Тағдыр­лар­дың тағдыры»   – Зейноллаға ғана лайық, лайық болған күннің өзінде Мұқағали ғана зерлей алатын ерекше ұғым. Оның өзі де тағдырмен талай рет арпалысқа түсіп көрген ақын. Сондықтан ол Зекеңді тағдырдан теперіш көрген адам емес, керісінше, тағдырды ақыннан қудалау көргендей етіп бейнелейді. Өмір – өлеңнің призмасына кері ракурспен қарау арқылы өзгеше образ жасайды.

Дәл төріне қондырып, өмір дейтін жолдасын,
Екеуара қақ бөлді, байлық, бақыт, олжасын.
Қарамайды, қайтсін ол оңай-оспақ тағдырды,
Тағдырлардың тағдыры – өзі тағдыр болғасын.
 
Буырқанған теңіздей жатыр екен ашынып,
Атылады аспанға ақ көбігі шашылып.
Қателігін кеш ұққан тағдыр дейтін қайыршы,
Жүгіріп жүр жағада сауға сұрап,бас ұрып…

Ал енді Мұқағалидың Зекеңе арналған осы өлеңі көпшілікке жақсы таныс болғанымен Зейнолла Шүкіровтің «Мұқағалиға жауап» деген өлеңін жұрттың бәрі бірдей біле бермеуі мүмкін. Ол бұл өлеңі арқылы өзі ақындықтың сұлтаны деп бағалайтын Мұқағалимен поэзияның тазалығы жөнінде ашылып сырласқысы келген сияқты. Айналасындағы ақындардың өлең өріміне, тақырып таңдауына көңілі толмайды. Әріптестерінің ізденбейтіндігіне, бірсыдырғы сүрлеуден шықпайтындығына күйзеледі. Олардың жырларында жалт еткен жаңалықтың жоқтығына налиды. Шөп те өлең, шөңге де өлең болғанына қиналады. Қайран поэзияның күйкі тірліктің көлеңкесінде қалып бара жатқанына жаны шыдамайды. Құдіретті музаның қарадүрсіндікке айналған көңілсіздеу көріністерін тізбелеп термелейді. Осынау өзгешелеу өлеңін саналы түрде жалғыз ғана ұйқаспен өреді.

Бір осал жоқ бұл күнде кіл дүр ақын,
Белден басып бунақты сындыратын.
Темір-терсек, тау-тасты жыр қылатын,
«Тауып айтып» төрт жолмен тындыратын,
Өмір жайлы ойдан ой тудыратын…
Адамды айтса аңқылдап, айхой шіркін,
Даусы аламат құлақты тұндыратын…
Жан жоқ бірақ шөп басын сындыратын.
Жақсылықпен жұртты жоқ шын қуанту,
Не қолынан келмейді бір жылату.
Мысалы, бір кержалқау жұмыстан бос,
Ел қыдырып, сөз аңдып, күн жұбату.
Қазанда ас піскенше уақыт алмақ,
Бос мақалдап, жел сөзді сылдырату…
Қайран жігіт, қажыған шалдан бетер,
Ойлар… ойлар… әйтеуір бұлдырату…
Бұл – жігіттер өлеңді құлдырату!

Бұл оның Мұқағалиға ағынан жарылуы. Өзінің тек тағдырмен ғана емес, өлең өлкесіндегі жалғандықпен де күресіп жүргенін түсіндіргені. Ол үшін Мұқағали поэзияның құндылығы жөнінде шағынатын өрелі өлшемге айналып отыр. Зекең оған жыр ауылының ахуалын баяндайды, өзінің көзқарасын танытады. Мұқағалидан төрелік күтетін тәрізді.

Жалпы, Зейнолланың барлық шығармалары оптимизмге негізделген. Жылаған жұбанады, кетілген жетіледі, жоғалған табылады, құлаған тіктеледі… Бұл өлеңінде де сол дағдысынан танбайды. Жүрегіндегі ащы запыранды армансыз ақтарып алып, өзі түкке алғысыз етіп сынап-мінеп отырған ақындарға қайта қайырылады. Әрине, Зекеңнің жүрегіне зілмауыр салмақ түсірген тағдырмен арпалысының қасында өлеңдегі өлермендікпен күресі оған әлдеқайда жеңілірек соғатын шығар. Сондықтан ол өлең өлкесіндегілерге өктемдікпен тіл қатады. Қазақтың қара өлеңінің құнын кетірмеуге шақырады:

Жетер енді!
Көк мылжың түрлі нақыл.
Қатып қалған қан-сөлсіз кіл дүр ақын.
Кімге керек құр мыжу, әуелі өзің
Адам болшы шөп басын сындыратын,
Қайда сырың, шын тағдыр, шын мінезің?
Қуант, қайғырт, қобалжыт, күлдір, ақын.
Қайран!
Жұртпен құрбыдай ойнап-күліп,
Қытығына тиетін құрғыр ақын…

Келесі жылы ақынның 80 жылдық мерейтойы болады. Ақын тойы қандай ерекшеліктерге негізделсе деп ойлай­сыз?

– Тойдан кез  келген адам тағылым алуы керек. Мұқағалидың өмір сүрген қырық бес жылы мен мәңгілік өмірінің отыз бес жылының салмағын саралап, ой қорытқан жөн. «Өмір қашып барады құсқа мініп, Мен артынан жетем бе деп келемін», – деп жырлаған ақын дүние тұрғанша тұратын аса танымал тұлғаға айналды. Ұлтымыздың рухани әлемін Мұқағалисыз елестету мүмкін емес. Сондықтан осы тойдан кейін қазақтың бір бақыты – Мұқағали екенін әркім де сезініп жүрсе деймін.

«Мұқағали» журналын оқып жүрген шығарсыз. Осы жөніндегі көзқарасыңыз бен ой-пікіріңізді білгіміз келе­ді.

– Үзбей оқимын деп айта алмаймын. Қолыма тигенде қарай­мын. Қазақ руханиятында қашаннан қалыптасқан, мен­талитеті­мізге әбден еніп кеткен «Мұқағалиды оқу» деген ұғым бар. Бұл ақынның өлеңдерін оқу, санаға сіңіру деген түсінікті білдіреді. Енді сол ұғым «Мұқағали­дың болмысына үңілу» деген түсінікпен толықты. Бұл міндетті «Мұқағали» журналы абыроймен орын­дап келеді.

Соңғы кезде жеке тұлғалардың атымен аталатын журналдар көбейді.  Бір адамның шығармашылық ғұмырына арнап басылым шығару оңай емес. Тақырып аясы тарылуы мүмкін. Әртүрлі әдіс-тәсіл табу жағынан сарқылуың ғажап емес. Бірақ Мұқағали – сарқылмайтын бұлақ, түпсіз тұңғиық, кемерінен асып-төгіліп жатқан дария. Сол себепті бұл журнал мұндай тығырыққа тіреле қояды деп ойламаймын.

Жастар қазір сүңгіден сөз жонады,
Сенсің қазір әр үйдің өз қонағы.
Басымырақ кетсең сен, батылырақ,
Басын шайқап қария мәз болады,
Жастығы кеп, жанына жаз қонады,

– деп Мұқаңның бір кезде «Лениншіл жасқа» арнаған жырында айтылғандай, «Мұқағали» журналының оқылымдылығы да жыл сайын арта түседі деп сенемін!

Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Жақыпжан Нұрғожаев

«Мұқағали» журналы, №4, 2011 жыл

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналы №4,2020 жыл

Бұл нөмірден ақын ауылы Қарасазға ақ қарғаның қалай келгенін оқисыздар. Мұқағали Мақатаевтың дәрігерлерге арналған жырларына қайтадан қанығасыздар. 85 жылдығына орай ел-жұрты есіне түсірген құрдас...

«Мұқағали» журналы №3,2020 жыл

«Қостанай таңы» газетінің бас редакторы, белгілі сыншы Жанұзақ Аязбеков «Мұқағали поэзиясы қазақпен бірге жасайды» атты сұхбатында ақын мұрасына бүгінгі күннің көзқарасымен баға береді. Кәсіпкер...

Абай күні – қазақтың қасиетін арттырсын

Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы Абай туралы айтқанда «Одан басқа бұрын-соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ» деп ерекше бағалаған болатын. Сол...

ЖУРНАЛҒА БЕРІЛГЕН БАҒА

Он бес жылдық кезеңде «Мұқағали» журналы ақын жайлы зерт­­теу­лерді, қызықты естеліктерді өз қоржынына топтас­тырды. Мұқағали­тануға ден  қойған авторлар легін қалып­тастыр­ды. Журнал­дың энциклопедия тектес мазмұнмен шығуын...

Ақын ауылына келген ақ қарға

Маусымның 25-ші жұлдызында Қарасазға ақ қарға келді. Оны алғаш көрген орта мектептің мұғалімі Алпысбай Қасқырбаевтың немересі екен....

«Мұқағали» журналы №2, 2020 жыл

Журналдың кезекті саны көпсалалы «BTK-GROUP» компаниясының директоры Тоқан Ботабековтың «Мұқағали өлеңдері кәсіпкерге де керек» деген танымдық сұхбатымен ашылды. Бұдан кейін «Жетісу жыр жолдайды Жидебайға»...