РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Махаббат Бигелдиев. Асыл жырдан тәлім алғаныма қуанамын

Махаббат Бигелдиев ұзақ жылдар ел басқару қызметтерінде шыңдалды. Ұлттық әдебиет пен өнердің жанашыры. Оның ішінде Мұқағали мұрасына деген ілтипаты ерекше. Ол өз сұхбатында өрнекті ойлары мен ұтымды пікірлерін ортаға салады.

– Мұқағали өлеңдері сізге неліктен ұнады, алғаш рет ол өлеңдермен қалай қауыштыңыз және қандай әсерге бөлендіңіз? Сол сәттердің кейбір эпизодтарын еске түсіріп көріңізші.

– Егер халық ақын деп танып, ақын деп мойындаса – қаламгер үшін ең үлкен марапат осы болмақ. Ондай мәртебеге қол жеткізу кез-келгеннің пешенесіне жазылмаған арман. Бұл тұрғыдан алғанда Мұқағали – мұратына жеткен қаламгер.

Ақын шығармашылығынан байқағаным, дүниетанымы өте кең. Көкірек көзі арғы-бергіні анық аңғарады. Сондықтан кешегі ұрпақпен де, келешектегі ұрпақпен де емін-еркін сырласады. «Өшеді өлең, немесе көшеді өлең» деп хас өнердің өлшемін дәл айтып, дәл болжаған.

«Қағаз, қалам, уақыт бер аздаған, Мен өмірді жырлау үшін келгенмін». Ақын кезінде осылай деп «жүрегінің түбіне кір жасырмай» ағынан ақтарылды. Оны әншейін айтыла салған арзан тіркеске балағандар ақынның заңғар биігін көзге ілгісі келмеді. Ақиқатты мойындауға құлықтары болмады. Мұндай біліксіздік Мұқағалиды жалғыздық халге ұшыратты ма деп ойлаймын. Ал, елін сүйген ерен қаламгер өзі өмір сүрген ортасынан қара үзіп, мүлдем озып кеткен еді. Оны ақырында ұлы уақыттың өзі риясыз дәлелдеп, көрсетті.

Әрине, ақын болудың жолы да, ережесі де жоқ. «Өлеңге әркімнің де бар таласының» болуы заңдылық. Абай атамыз өнер бәсекесін осылай бейнелеген. Тегі бекзат болып жаралған өнерпаздар ғана ол бәсекені парасатты жарысқа айналдырады. Мұқағалидың «Ақынды – ақын оятпаса болмайды» дегені осыны меңзеп тұрғандай. Ол баршаны құрметтей отырып бәйгеге қосылды. Ешкімнің жолын кескен жоқ, ешкімге көлеңке түсірген жоқ. Бар болғаны «Өмір сахнасына алған заңды билеті бар» екенін айтты. Сол арқылы ақындықтың үлгісі мен өнегесін алға тартты. Өзі тектес ізбасарлары оны қапысыз ұқты.

Біз, мен және менің құрдастарым, Мұқағали өлеңдерін мектеп қабырғасында жүріп-ақ құмарта оқыдық. Әдебиет пәнінде мұқағалитану курсы болған жоқ. Соған қарамастан ақын жырлары біздің ішкі дауысымызбен керемет үйлесетін. Кейде «осы өлеңдер менікі емес пе» деп ойланып қалатынбыз. Сөйтсек ақын ағамыз адамға әсер беретін ерекшеліктерді меңгере отырып еліне, ұрпағына, Отанына қалтқысыз қызмет еткен екен ғой.

«Махаббат диалогы», «Бала ғашық», «Жамылып сағыныштың сал шекпенін» деген секілді өлеңдері жүрегімізді дірілдететін. Махаббаттың кіршіксіз, мөлдір, сұлу әлемін аралататын. Бәрімізді адалдыққа, азаматтыққа тәрбиелейтін. Қулық-сұмдықтан, жасандылық пен жауыздықтан қорғайтын. Бойымызға қуат, ойымызға күш беретін. Мұқағали жырларынан тәлім алғаныма қуанамын.

Шабытымның қайнары — бабамнан қалған домбыра

– Мұқағалиды таныған, қолдаған ағайындар тізімінің басында Сүйінбай – Жамбыл ұрпақтары тұрады. Бұл үйлесімдер сонымен ғана шектелген жоқ, жалғасып жатыр. Осы әрекеттерден қандай сыр аңғаруға болады?

– Ұлы Сүйінбай, ұлы Жамбылдың туған жеріне қадам басқандар «Батырлар мен ақындар еліне қош келдіңіздер!» – деген жазуға көзі түседі. Тура осындай лебізді Райымбек ауданынан да кездестіресіз. Екі аймақ бір-бірімен тау сілемдері арқылы жалғасып жатыр. Асқақ Алатау алып Хантәңірімен иықтасып тұрғандай. Масатыдай жайнаған Сұлутөр мен Үшқоңыр жайлаулары – Қарқара мен Шалкөденің егізіндей болып көрінеді. Қазақтың бетке ұстар қаламгерлерінің үлкен бір шоғыры осы екі аймақтан түлегені мені қатты таңғалдырады.

Егер Нұрғиса Тілендиев алғашқы болып Мұқағалидың отыз өлеңіне ән жазса, Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз тартпада алты жыл сарғайып жатқан «Райымбек! Райымбек!» дастанын 81-ші жылы басын бәйгеге тіге отырып «Лениншіл жасқа» жарияласа, ал 2011 жылы Серік Үмбетов ақынның 80 жылдық мерейтойын елдік деңгейде дүрілдетіп тұрып өткізсе – оған таңғалатын түк жоқ. Бұл – ұлы талантты танудың өзара жалғасқан сабақтастық тәлімдері. Бұл – Сүйінбай мен Жамбыл ұрпақтарының аталарына тартқандығының бір белгісі. Ақын сыйлау дәстүрін өнегелеп, оны қайта жаңғыртудың көрінісі деп ойлаймын.

«Мекен-жайым – Жер менің» деген Мұқағали қазір барша қазақтікі. Әрбір алаш баласының жүрегіне орныққан. Әрбір шаңырақта ақын жыры сөйлеп тұр. Тіпті ол кісі бүкіл адамзаттық биікке көтерілген дарабоз деп айта аламын. Дегенмен, Жетісу жерінде кіндік қаны тамған соң ақын үшін біздің алабөтен мақтанышқа бөленетініміз шындық. Өлкемізде бұдан кейін де ұлы жырды ұлықтау мәдениеті жетіле береді деген сенімдемін.

Әке, сенің жолыңмен жүріп келем

– Мамандығыңыз бойынша сіз – инженерсіз. Бірақ, әдебиет пен өнерді қадірлейтін шаңырақта өстіңіз. Әкеңіз Садуақас аға белгілі журналист еді. Бәлкім, Мұқағалиға ден қою сол кісіден дарыған шығар? Бұл жайында не айтар едіңіз?

– «Қарасаз, қара шалғын, өлеңде өстім» деп Мұқағали ағамыз жырласа, ондай тіркесті менің де айтуға хақым бар сияқты. Себебі, Жамбыл ауданының қасиетті топырағы – менің дүниеге келген талбесігім. Құлағыма алғаш естілген дауыс – қазақ жырының қасиетті мақамы еді. Сүйінбай мен Жамбылдың өлеңдерін білмей қалу біздің өңірде ұятқа саналатын. Сонымен қатар, дорбалап дүние жинамаса да әр отбасында бәйге атының бапталуы өзгермейтін қағидаға айналған. Ал үйдің төрінде міндетті түрде қара домбыра ілінуі керек.

Соның әсері шығар, кешегі кеңестік кезеңнің өзінде Жамбыл ауданында асыл тұқымды жылқы өсіретін зауыттар болды. Ол жұмыстар бүгін жаңаша жалғасып жатыр. Облыстағы ең ірі Көкбастау ипподромы да осы өңірдің еншісінде.

Біздің жақтың адамдары өнерпаздыққа келгенде алдарына жан салмайды. Тұсындағы жігіт тұсындағы қызбен тайсалмай айтысатын дәстүр берік қалыптасқан. Жиын-тойдың сәнсіз болмайтынын, жырсыз және әнсіз болмайтынын көзімізбен көрдік. Қарапайым шаруа адамдарының өзі әу дегенде арқасы қозып, көмейлерінен сөз маржанын төгетін.

Сондықтан бұл өңірде сенің қандай мамандық иесі екенің сұралмайды. Олар сенен сөз сұрайды. Үшқоңыр мен Сұлутөрдің қазағы бәріне дайын тұруы керек. Осы секілді өлеңсіз өмір кеше алмайтын тіршілік тынысын мен Қарасаздан да көрдім. Мұнда үлкендер тұрмақ, бастауыш сыныптың бүлдіршіндеріне дейін Мұқағалидың өлеңдерін жатқа соғады. Таңды таңға ұрып тоқтамай айта беретіндері де бар. Ол көріністерге сүйініп, ерекше риза болдым.

Инженерлік – менің қызметтегі мамандығым. Ал отбасында – өлең мен өнердің жанкүйерімін. Соның ішінде Мұқағали жырларына ерекше ден қоямын. Кәдімгі дене шынықтырған секілді, ақын ағаның асыл сөздерімен ойымды, бойымды үнемі шынықтырып отырамын.

Мен қаламгер шаңырағында дүниеге келдім. Сөз таныған ортада өстім. Әкем Садуақас білікті журналист еді. Өзі Мұқағалидың замандасы. Мұқағали Мақатаевтың кім екенін маған алғаш білдірген де сол кісі. Оның үстіне біз Сүйінбай баба ұрпақтарымыз. Анам Айсұлу болса Жамбылдың ұрпағы. Енді арғы жағын айтқызбай-ақ өзіңіз топшылай беруіңізге болады.

Әкем журналист болған соң үйге әдебиетшіл қауым жиі келетін. Жаздыкүні, үй іргесіндегі бақта ән менен жыр әуелеп, әдемі әңгімелер жалғасып жататын. Оның бізге ұнайтыны соншалық, сол кезде басқа ойынды доғара тұрып сөзге құлақ түретінбіз. Ата-анамыз әлдебіруелер секілді балаларын басқа бөлмеге қуған емес. Қайта үлкендер әңгімесіне зейін қойған мына отырысымызға ерекше қуанатын.

Сөз танып өсудің қажеттігін ата-анам білген екен. Соның арқасында рухани жұтаңдыққа ұрынбадық. Хал-қадірінше адам жанын түсінуге үйрендік. Бұл – мен үшін де аз олжа емес.

– «Туады, туады әлі нағыз ақын» деп еді ұлы Мұқағали. «Нағыз ақын туады» дегені оқырманды толғандырғаны анық. Ақын бұл сөзінде нені меңзеп, нені айтқысы келді дейміз. Осы жайлы сіздің пікіріңіз қандай?

– Алдымен ақын өлеңін бірлесіп оқып көрелік:
Туады, туады әлі нағыз ақын,
Нағыз ақын бал мен у тамызатын.
Жесірдің айырылмас серігі боп,
Жендеттің көзін жас ағызатын.
 
Жыр сөздері жай болып атылғанда,
Атылғанда, аспаннан оқылғанда,
Мылқауларға тіл бітіп, керең естіп,
Жанар пайда болады соқырларға.

Көрдіңіз бе, осы бір өлеңнің өзінен-ақ ақынның ақ тілегін аңғарасыз. Бұл өлең жазылған кезде еліміз қызыл империяның қарауында болды. Ұлтымызға тән болашақты көзге елестетудің өзі қиын. Ана тіліміздің аясы тарылды. Ата салтымыздың ошағы әлсіреп, өшіп бара жатты. Имандылық туралы әңгімелер ертегі секілденді. Бір нәзік жіп қана ұлт тағдырын ұстап тұрғандай сезілетін. Егер ол үзілсе, ары қарай не болатыны тіптен белгісіз.

Ұлтты ұшпаққа шығарады деген үміт жоғалуға бет алған шақта «Туады, туады әлі нағыз ақын» деп кесіп айту үшін үлкен жүрек керек. Өзі де сенетін, қалың жұртты да сендіретін себеп керек. Соның бәрі Мұқағалида бар болып шықты.

Ұлтымыз өмір сүрсе ғана оның құрсағынан нағыз ақын туады. Мұқағали жарықтық соның бәрін өзіне тән ерекше түйсікпен сезе алды ма екен деп ойлаймын. «Туады, туады әлі нағыз ақын» дегені – әлі нағыз қазақ туады деген секілді болып естіледі. Ақыры құдай оңдап, қызыр қолдап ақын тілегі қабыл болды. Азат күніміз ақ сәулесін шашты. Мұқағали жырларының мазмұны бұрынғыдан да түсінікті бола бастады. Жоғарыда айтылған өлеңнің бір қырын мен осылай түсіндім.

Сонау 30-шы жылдары абақтының азабымен арпалыса отырып ұлы ақын Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деп жыр төккен еді. Мұқағали да алаштың көсегесін көгертетін жастар деп ұқты. Ұлы пікірлердің тоғысқанына қайран қаласың.

Аққумен сырласқан Есағам

– Өмір суреттерін өлеңмен өрген көркемсөздің хас шеберлерінің бірі – Есенқұл Жақыпбеков еді. Поэзияны құрметтейтін орта Есенқұлды Мұқағалидың інісіне балады. Осы айтылған теңеу жайында сіздің көзқарасыңыз қандай? Сонымен қатар, Есенқұлға қатысты әдемі әңгімелеріңіз бар болса, оны да тыңдағымыз келеді.

– Мұқағалимен бірге жүру мүмкіндігі бізге бұйырған жоқ. Есесіне Мұқағалидың ізбасары болған Есенқұл Жақыпбековпен жақын араластым. Мұқағалидың жары Лашын апамыздың «Күнде қасымызда жүрген соң байқамаптық, Мұқағалидың ақындық болмысы заңғар биіктермен теңескен екен-ау» деген сөздері бар. Осы секілді бірге өсіп, бірге жүрген Есағаңды біз де көзі тірісінде ерекшелеп, аңыз адамға айналдырған жоқпыз. Ол кісі өзі де әсірелеуге жаны қас болатын. Кеудесіндегі буырқанып тұрған жалынды сырт көзге байқата бермейтін. Оңашаланып ғана алапат сезімдермен бетпе-бет келетінін асыл сөздерінен ғана байқайтынбыз. Төлеген Айбергеновтің «Сен менің өзімді көрсең, тұрысым осы менің, Ал мендегі сезімді көрсең, шошыр едің!» дегені Есенқұл ағамызға да ортақ хал екені белгілі.

Есағаң кезінде біраз уақыт Алматыда шығатын «Жалын» журналында қызмет істегені болмаса, қаланы соншалық жерсіне қоймады. Дереу өзінің атамекен – ақ мекеніне қайтып оралды. Сүйінбайдың, Жамбылдың рухымен сырласпаса көңілі көншімейтін.

ХХ ғасырдағы қазақ айтыс өнері жүйріктерінің қатарында тұрды. Өзі ғана болып қойған жоқ, інілері мен ізбасарларын шынықтырды. Қазір ойлап қарасақ жыр тарланы шаршамай, талмай, толассыз еңбек еткен екен. Сол еңбектерін айтып, ешкімге ешқашан міндетсіген емес.

Таланттар шоғырланған Жамбыл ауданы Есағаң үшін Жазушылар одағынан кем болмады. Себебі мұнда сөз танитын үлкен орта бар. Оның ақындық қуатының еселеп өсуі соның арқасы деп білем. Есағаң айтыс өнерін ғана меңгерген жоқ, жазба поэзияның дара тұлғаларының біріне айналды. Ұзынағаш дейтін ауылда тұратын қарапайым ақынның даңқы күллі қазақ даласын мойындатқаны сондықтан.

Менің байқағаным, Есағаңның бойында Жамбылдың арыны, Мұқағалидың сарыны бар. Екі өзеннің суы қосылып үшінші арнада тоғысқан секілді. Өйткені ол өзеннен сімірсең дәмі аузыңнан кетпейді. Шөп-шаламы жоқ, мөлдір де тұнық. Ол жырларды қалай оқығаныңды, онымен қалай біте қайнасқаныңды өзің де байқамай қаласың. Нағыз өнер халық үшін жасалады. Халыққа түсініксіз сөздер қанша жерден құрғақ мадақталса да жүректерге сіңбейді. Есағаң ондай кемшіліктерге ұрынбады. Өйткені хас талантқа шаң жұқпайтыны белгілі.

Кейде Есенқұл ағам жетекшілік еткен кездегі аудандық «Атамекен» газетін парақтаймын. Мына қызықты қараңыз, қоғамдық- саяси басылым әдебиет газетіне айналып кете жаздапты. Осы «кемшіліктері» үшін бас редактор әрине, ескертулер естіді. Ал қазір газеттің солай болғанына жымиып қарап, Есағамның өзіне жарасатын ерекшеліктерін сағынатыным бар.

«Алпысқа келсек екен енді біздер» деген Мұқағали арманына Есенқұл да жете алмай кетті. Ақынды қуандырамыз деген тосын сыйларымыз – тосын сый болмай қалды. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген осы. «Ой, бауырымдаған!» ел-жұрт байтақ қазақ жерінен Ұзынағашқа жиналды. Көптігі соншалық, қарасын мөлшерлей алмайсың. Соңғы сапардың жолында шашылған гүлдерді көріп, қандай адамнан айырылғанымызды еңіреп тұрып тағы бір еске алдық.

Мүрдесінің басына үлкен кесене орнаттық. Өзі болмаса да 60 жылдығын дүрілдетіп атадық. Шығармашылық мұрасының екі томдығын шығарып, оқырманмен қауыштырдық. Бұл – ақиық ақынға арналған құрметтің басы ғана деп ойлаймын. Мұқағалиша айтқанда оның «Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұратыны» анық.

– Өзіңіз білесіз, Мұқағалидың 80 жылдық мерейтойының кіріспесі Ұзынағашта басталды. Ол кезде сіз аудан әкімі едіңіз. Сүйінбай – Жамбыл бабалары Мұқағалиға батасын беріп тұрғандай көрінді. Бұлай ұйымдастырудың идеясын сіздер қалай таңдадыңыздар.

– Мұқағалидың 80 жылдық мерейтойын елдік деңгейде ұйымдастырмаса бәрімізге сын болатын еді. Соның жайын сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетов жақсы түсінді. Қомақты қаражаттың жұмсалатынына қараған жоқ. Батыл шешімдер қабылдады. Мерейтойдың рухани құндылықтарды ұлықтауға әсер етітіні ескерілді. Демек, оның пайдасы халыққа еселеп қайтады деген сөз. Нәтижесінде солай болды. Өйткені Мұқағали «бір өлеңі – бір елдің мұрасына айналған» алып тұлға. Академик Сейіт Қасқабасовтың сөзімен айтсақ «қазақ поэзиясының өлшемі – Абай және Мұқағали.»

Сонымен қатар 80 жылдық мерейтойдың кіріспесін Сүйінбай – Жамбыл жерінде бастаудың үлкен мәні бар. Бұл өлке ежелден ақындардың ақ ордасы атанған. Мұхтар Әуезовтің «Сүйінбай – Жетісу ақындарының алтын діңгегі» дегені осыны меңзесе керек. Ұзынағаштың қасиетті топырағына кімдердің табаны тимеді дейсіз?! Әлемнің әр түкпірінен келген қонақтар қазақтың ерен қасиеттерін осы жерден де кездестіретін. Жаңарған қазақ қоғамының жаңа ғасырында Мұқағали мерейтойының Ұзынағаштан басталуы, сөз жоқ, жақсы ырым еді. Осындай ізгілікті дәстүрлер алдағы уақыттарда да жалғасын тапса деп тілеймін.

– Сіз ұлыларды ұлықтауда өнеге көрсетіп жүрген басшысыз. Мәселен, Оспанхан Әубәкіровке жасаған құрметіңіз соның дәлелі. Оспанханның күлкісі – құдіретті күлкі. Ұлы сықақшының орны биікте, Мұқағалилардың қатарында. Мерейтойдан кейін көкейіңізге тағы қандай тың ойлардың келгенін білгіміз келеді.

– Меніңше балалар әдебиетінде Бердібек Соқпақбаевтың, сатирадағы Оспанхан Әубәкіровтің биіктері күні бүгінге дейін сол қалпында. Қол жеткізбей келеді. Ақиқаты мынау, Оспанхан ағамыз – классик! Ол кісінің көзі тірі кезінде-ақ әріптесі Ғаббас Қабышұлы «Әзиз Несиннің Алматыдағы інісі» деп атап, айқын бағасын берген болатын. Бәлкім, Жамбыл жерінде дүниеге келудің біз білмейтін бір сыры осындай ерекшеліктерден аңғарылатын шығар.

Кезінде Оспанхан ағаның баспасөзге берген бір сұхбатын оқығаным бар. «Сіз күлкіні қайдан аласыз?» деп сұрайды тілші. Сонда атақты сатирик: «Мен күлкіні Абай атамнан аламын. Абай шығармашылығы толып тұрған күлкі» деп жауап қайтарған екен. Демек ол кісі Абай қазынасының жауһарларын дөп басып таныған. Абай суреттеген мінездерді зерделеген. «Қайнайды қаның, ашиды жаның» дегеннің не екенін толық түсінген. Қысқасы, мынау дүрбелең дүниеге Абайдың көзімен қарағанда. Құлқынның құлы болған пенделердің ойсыз қылықтары соншалық жиіркенішті, әрі күлкілі. Ең қызығы сол, олар не істеп, не қойып жүргендерін өздері білмейді. Балдыр-батпақ, шалдыр-шатпақ баланың қылықтарын жасайды. Ұсқындары да, қимылдары да күлкілі. Оларға қарап тұрып Оспанхан ішек-сілесі қатты. Не үшін бұлай еткенін қағазға түсіріп еді, күллі оқырман күлді.

Оспанхан сатирасында «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деген Абай қағидасы жете ескерілген. Жазушы сені құйтырқы арзан сөзбен қытықтамайды. Дарақылықпен алдамайды. Ойға батырады. Мимыртқа, Бөденге, Пәштуанға бір сипатым ұқсап тұрған жоқ па деп тіксіндіреді. Үсті-басыңды қағып айнаға қарайсың. Осындай күйге түсіре отырып Оспанхан ойлы күлкімен адамдарды тәрбиелейді. Сондықтан ондай сатираның бүгінгі күнде де маңызы өте жоғары. Оспанханды «сатираның Мұқағалиы» десем қателеспейтін шығармын.

Өз басым Оспанхан шығармаларымен бала кезден таныстым. Оған басты себептің бірі, жазушы біздің ауылдың түлегі. Бір топырақта тудық, бір топырақта өстік. Ағамыздың әр шығармасы баспасөзге жарияланған сайын мақтанышымыз артатын. Сол көзқарастан қазір де айнығамыз жоқ. Ол кісілер өмірге сирек келетін ғажайып таланттар ғой.

Сөйткен Оспанхан аға Есенқұл інісін ерекше жақсы көрді. Жолы түсіп Ұзынағашқа келе қалса, алдымен «неміс бала қайда?» деп іздейтін көрінеді. Неміс баласы – Есенқұл. Жұртты күлдіру үшін қаламдас інісіне өзінің қойып алған аты. Бәлкім Есенқұлдың тұлпар болатынын тай кезінен таныған ағасы ырымдап қасынан қалдырмай алып жүрді ме деп ойлайсың.

Оспанхан Әубәкіровтің шығармашылық мұрасын төрт том етіп бастырып, оқырман қолына тигіздік. Бұл – ойымда жүрген інілік бір парызым еді, ойдағыдай іске асқанына керемет қуандым. Жұрт Оспанханын сағынып қалған екен. Кітаптарын өзіндей көріп қуана қарсы алды. 80 жылдық мерейтойындағы үлкен шара ойдағыдай өтті. Менің білгенім, классикті жаңғырту – алтын кенді қайта қазумен бірдей.

– Мұқағали өзінің күнделігіне «Мен ХХІ ғасырдың құрдасымын» деп жазған екен. Демек, сезімтал ақын қазақтың қайта түлейтініне, жаңғырып, жасанатынына шүбәсіз сенген. Жаңа ғасырдың ұрпақтары енді ақын шығармаларын құмарта оқып жатыр. Бұл құбылыстарды Мәңгілік Ел белгілеріне жатқызсақ қателеспейміз. Ақынның ақ ниеті туралы не айтар едіңіз?

– Ақын іңгалап дүниеге келгенде-ақ ел-жұрты оған оң жоралғы жасаған секілді. 30-шы жылғы қазақтың тұрмысы қандай болғанын бәріміз тарихтан білеміз. Ол кездерде күн көрудің өзі уайым еді. Еркін Ібітановтің «Мен білетін Мұқағали» деген естелігінде осы жайында анық айтылады.

Алайда тұрмыс ауыр болғанмен, елдің пейіл-ниеті түзу еді. Балаларына жақсы ат қойғаны сондықтан. Азан шақырып, «Сенің атың – Мұхамедғали!» дегенді нәрестенің құлағына үш рет айқайлады. Кейін ол баланың ұлы биікке шыққаны соның әсері ме деп те ойлаймын. Өйткені дана халқымызда «Балаға қандай ат қойылса, оның болашағы мен тағдыры соған байланысты» деген тәмсіл бар.

«Жақсы сөз – жарым ырыс». Ісімізді де, күшімізді де жақсыға балағаннан қазақ ұтылған емес. Қай кезде де қазақтың жайын сұрасаң «жақсы» деп жауап қайтарады. Мұны – жауырды жаба тоқып, кемшілікті жасыру деп түсінбеңіздер. Түзу ниеттер қисаймаса екен дейтін ниеттен туған ізгілік әрекеттері болса керек. Сонымен қатар, қазақ «жоқ» деген сөзді де айтпаған. Ондайды басқа баламамамен сездірген. Мұқағали жырларын оқыған кезде осы дәстүрдің берік сақталғанына куә боласың.

Мұқағали ағамыз қазақ елін жырлағанда ұлт пен Отанның қасиетін ерекше ашады. «Қазақстан, пай, пай, пай, ардағым-ай!» немесе «Не тындырдың Отанды сүйемменен?!» деген секілді жүрек елжіретер тіркестерді құлағыңа құйып, қаныңа араластырады. Ұстаздық тәлім, әкелік ақыл одан артық болмас. Мәңгілік Ел боламыз деп межелеген ұрпақты ақын сол кездің өзінде-ақ тәрбиелеген тәрізді. Бүгінгі алға қойған ұлы мақсаттар ғайыптан пайда болған жоқ, Мұқағалилар үміт еткен ақ ниеттердің заңды жалғасы деп ұғамын. Мақатаевтың қоғамда алатын орнының үлкен болуы да сондықтан.

– «Мұқағали» журналына беретін бағаңыз қандай?

– Ең алдымен айтарым, ақын атындағы басылымның 10 жылдық мерейтойы құтты болсын! Әзірге ресми мұқағалитану орталығы құрылмаса да, сол орталыққа лайық жүкті қайыспай көтере білген қаламгер бауырларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Меніңше, еңбек ешқашан еш кетпейді. Бүгінгі күні үйреншікті қызмет секілді болып көрінгенімен, бұл жұмыстарыңыз уақыт дейтін ұлы төрешіден өзінің бағасын алады деп сенемін.

Өз басым журналдың тұрақты оқырманымын. Жетістігі болса сіздермен бірге қуанамын. Олқылықтар кездесіп қалса, одан тезірек арылса деп алаңдаймын. Ең бастысы, бүгінге дейін ел үмітін толық ақтадыңыздар. Журнал есейіп, өзіндік ерекшеліктерін қалыптастырды. Білім мен біліктің, мол тәжірибенің нәтижесін көрсете алдыңыздар. Шығармаларыңыздың шыңдалып, қаламдарыңыздың жүрдек болуына тілектеспін. Қазақ баспасөзіндегі талғамды, әрі таңдайға татитын тарихтың бір бөлшегі ретіндегі өздеріңіз еншілеген халықтық қызметті абыроймен жалғастыра беріңіздер!

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Батық Мәжитұлы

«Мұқағали» журналы №11-12,2015 жыл

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналын қолдайық!

«Аманат – Қарасаз» қоғамдық қоры құрылтайшыларының барлық әріптестеріне, кәсіпкерлерге, оқырмандарға арнаған үндеуі Ардақты, ағайын! 2023 жыл «Мұқағали»...

«Мұқағали» журналы, №3, 2022 жыл

     Ақын атындағы басылымның кезекті нөмірі Дариға Тілендікелінінің «Нағыз ақынның болмысын Мұқағалидан көрдім» деген сұхбатымен ашылады. Дариға апа өзі куә болған оқиғаларды қызықты, әрі көркем...

«Мұқағали» журналы. №2, 2022 жыл

     Журналдың кезекті саны «Тау – бір аңыз, тау – дастан» атты Мұқағали өлеңдерімен ашылды. Белгілі дінтанушы, ғалым-ұстаз Қайрат Жолдыбайұлымен болған сұхбат «Халқының жанын ұққан...

«Мұқағали» журналы, №1, 2022 жыл

Барыс жылындағы алғашқы нөмірге көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің «Уақыт жаратқан жыр» атты зерттеу мақаласы беріліп отыр.  Жұлдыз Мұқағалиұлының «Менің әкемнің достары» деген естелігі де оқырманды...

«Мұқағали» журналы №6, 2021 жыл

Бұл нөмір «Елордадағы мектепке Мұқағалидың есімі берілді» деген жағымды жаңалықпен басталады. Ақиық ақынның ұрпағы Жұлдыз Мұқағалиұлының өлеңмен өрнектеген ой толғаныстарын оқисыздар.

«Мұқағали» журналы №5, 2021 жыл

Журналдың кезекті саны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын мерейтойына арнаған Құттықтауымен ашылып отыр. Мұқағалидың 90 жылдық торқалы тойынан толық репортажды да осы саннан оқи аласыздар....