Мұқаң – Мұқағали Мақатаевтың «Аппассионатасын» оқып, сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, жазушы-журналист Жекен Жұмақанов оны қызметке алуын өтініп, республиканың бас газетіне жұмысқа орналасуына ықпал жасады деген жолдарды оқығанда елең еттім. Өйткені бұл әңгімені Жекен ағаның өзінен естіген едім…
Әдетте, Жекеңнің ертеңгі жұмысқа келуін асыға күтетініміз кәміл. Ол кезде баяғы Әбілахат Еспаевтың «Мәдениетің жақсы, тұрмысың нашар екен» деп қаламақыны аз төлегенге сөгіп кететін Мұқан Төлебаев көшесіндегі 12-үйде тұрамыз. Қалай дегенде республикадағы 480 мың таралымға жеткен екі-үш басылымның сапындағы, атағы жер жарған «Мәдениет және тұрмыс» журналы деген атымыз бар. Өкініштісі, едені сықыр-сықыр еткен ескі үйде тұрғанымыз. Бас редакторымыз әскери жорналшы, атағын әлем ардақтаған әнші Әлібектің әкесі Мұсекең – Мұса Дінішев. Жауқатшы ақындығы ерен, сал-сері, әзілі қанжардай өткір, «Беу, қыздар-ай» мен «Ой, жігіттер-айдың» авторы Қуан аға – Қуандық Шаңғытбаев. Партия ұйымын билігі, қиыннан қисын тауып қалам тербейтін Зәкең – Зәкір Асабаев та, хат бөлімінің «қожасы», көрнекті этнограф, марқұм Жағда Бабалықов, ақын Өкім Жайлауов, аудармашы Қажекең – Қажікен Ахметов, мен және менің бастығым Жекен аға Жұмақанов.
Иә, сонымен бір сәтке күркіреп күткен адамымыз келе жатады.
– Жекен келді, – дейді қуанған Жағда ағамыз. Қытай жерінде қиыншылықты көп көріп, бірде олай, бірде былай өмірді көп көрген, аймақ билеушісі болған, Жәкең туған жеріне «ух» деп жеткенде, қызық әңгімені сағынып тыңдауға аса құлықты еді. Әп-сәтте бөлме ішінде отырған көп, алдарына жартылай қорытылған мақаланы жайып сап (бастықтардан біреу кіріп келсе жұмыс істеп отырмыз деген сыңай танытудың амалы ғой) Жекеңді күттік. Сол сәтте маңдайы кең, қыр мұрын, әңгіме айтудың нағыз шебері кіріп келді. Елмен жөн сұрасып, ырға-жырға болған сәт аяқтала «Бүгінгі әңгіме кешегіден де қызық» дейді күлімдеп.
– Бәсе, – дейді Жағда қарт.
- Жарайсың, Жеке, – дейді Қажекең оған қызыға қарап. Сонан орындыққа отыра беріп әңгімені бастап жіберді.
– Ау, сендер Мұқағали ақынды білесіңдер ме? – деді ол жан-жағына қарап, кейбіріне ұрлана көз тастап.
– Білгенде қандай, – дедім мен алдымен оза шауып.
– Жақсы ақын, – дейді Өкім ағамыз.
– Талайды шаң қаптырады, – деп Қажекең.
– Өзі қай жақтың жігіті? – дейді Жекең түк білмегенсіп.
– Мына Нарынқолдан ғой.
– Хантәңірден бата алған, – деймін мен онан сайын өршеленіп.
– Қарасаз деген жерден, – дейді Өкім ағамыз ақындығын танытып.
– Е, дұрыс екен. Өзі мұғалім, – дейді ағамыз сөздің артын жұмбақтап.
– Онысын біле қоймаспыз. Әйтеуір жұрттың аузынан түспейді.
– Нағыз тұлпар ақын ғой.
Елдің сүйінгеніне ұрлана көз тастап отырған Жекен ағамыз атып тұрды.
– Міне, білмейсіңдер! Анықтап ештеңе айта алмадыңдар. Шұқылап әріп тересіңдер де отырасыңдар. Оқу керек қой, оны. Біле білсеңдер, оны елге таныстырған мына мен, – деді ол жанары жарқ-жұрқ етіп. Бәріміз Жекен ағаға жалт қарастық. Әншейінде әдеби әңгіменің майын тамызып, көптің аузын ашып, көзін жұмдырған ағамыз енді «деректі прозаға» ауысқан сияқты.
– Ол кезде «Социалистік Қазақстан» газетінде жұмыс істеу үшін оң-солыңды тез аңғаратын, нағыз білгірдің өзі болуың шарт. Өйткені басылым Қазақстан Орталық партия комитетінің көзі, құлағы, аузы. Кереметі газетке шыққан сын мақала тексеріліп, ауданда, облыста, республикада нәтижесі хабарланып, «Жазылған жайдың жаңғырығы» сияқты айдармен беріліп отыратын. Әр бөлім өз саласындағы жақсылықты, жамандықты іздеп тауып, толғауы тоқсан істердің нәтижелі жолына үңіліп, басқалардан алға тұруды мақсат тұтқан. Сол себепті де бұл басылымда жұмыс істейтіндер де нағыздардың өзі еді, – деп әңгіменің алғысөзін бір түйіп тастап:
– Байқасаңдар, мен де алдыңғы саптағы жауынгердің бірі едім. Әйтпесе маған «Социалистік Қазақстанның» әдебиеті мен өнер бөлімін басқар дей ме? – жеп Жекең елді өзіне бір қаратып, күлімсіреп алатын.
– Рас, ол кезде әдебиет пен өнерге сыни көзқарастар көп еді. Сен тұр, мен атамындар да баршылық. Тек 37-38-дегідей бірін бірі қырқып салып, атысып-шабысып жататын алақұйын уақыттың бәсеңсіген кезі. Аяғын аңдап басқандар көпшілік.
«Жекен-ау, жастар бәрі бірдей тасып туған талант емес. Соның ішінде қамал құлататындарын іздеп тауып, жарқырат. Жоғарғы жақ мақұлдайтындай болсын» дейді бас редактор. Әлі де болса оң-солыңа байыптап қарайтын уақыт қой, тәйірі. Соғыстың да, бейбіт заманның да «бейнеті мен зейнетін» көрген басым ішімнен «дұрыс-ақ» дейтінмен де қоятынмын. Жекең сәл үзіліс жасаған сәтте көмбеге жетпей ат шалдырғаны несі деп іштей қиналатынымызды несіне жасырайық.
– Әлгі «Аппассионата» туралы, – дейді бөлімдегілердің бірі күңк етіп.
– Асықпа, – дейді әңгімені ағамыз.
– Асықпаған арбамен қоян алады. Жә, сабыр сақта.
Сәл үзілістен соң Жекен аға әңгімесін әрі қарай сабақтады.
– Ол кезде редакцияға хат өте көп келетін. Әсіресе, біздің бөлімге. Екі ауыз сөздің басын қосып жыр жазбайтын қазақ аз ба? Оны айтып отырғаным, қазақтың сөз бен жырға, жалпы өнерге құштарлығы. Дұрысын жарияларсың, бұрысына жауап беруді айтсаңшы. Сөйтіп жүргенде көлемді конверттің кеп түскені. Ашып қалсам, Мұқағали Мақатаевтың «Аппассионата» поэмасы. Шынын айтайын, жыр деп шатып-бұтып жазатындардың поэма деп ат қойып, редакция қызметкерлерін әуреге салатыны болушы еді. Соның бірі ме деп аса жақтыра қоймадым. Бірақ қалай дегенде жақсы-жаманын айтып хат жазуым міндет. Бөлім меңгерушісі ретінде түскен материалдардың ішінде танымал ақын-жазушылардың дүниелерін бір шолып, бұрышына өз үкімімді қысқаша жазып қоятын әдетім бар…
Алғашқы жолдан бастап-ақ «Аппассионата» мені бірден тартып әкетті. Керемет асқақ дүние. Пролетариат көсемі туралы. Дауылдың толқынындай екпін жатыр. Әдетте, жақсы дүние таз таусылады ғой. Поэманы әп-сәтте екі рет оқып шықтым да, сәл ойланып отыра қалдым. Ойпырым-ай, мынау ақының қалай-қалай шіренеді? Не ғып бұғып жатқан дүлей мынау, оқырман қауымды да бір сілкіп алса кәміл. Беті ашық болады. Айқара бетке жариялау керек бұл поэманы. Болмаса екі нөмірге. Поэманы қолыма алып, жүрегімді ұстап бас редакторға жеттім. Айыбы не, бас редактор мені жақсы сыйлайтын.
– Міне, мынау қамал құлататын дүние, – деймін қолжазбаны бастығыма қарай ұсынып.
– Ол не? – дейді бас редактор.
– Ауылда жатқан керемет ақын. Нағыздың өзі.
– Сабыр ет, Жәке! Отырыңыз, біз де оқиық, – дейді бастығым. Асықпай көзілдірігін алып, поэмаға үңілгенше.
– Менің екі туып, бір қалғаным емес. Қазақтың бір баласы, – деймін тағатсыздана күңкілдеп.
Бас редакторым менің жайымды тезірек ұққысы келсе керек, өлеңді оқи беріп бір тоқтап, қайталап оқып, алға жылжығандай.
– Жақсы, өте жақсы екен, – деді бір сәт мені мақұлдап.
– Мұндай ғажап жігіттер ауылда қара жұмысқа жегіліп жүр ғой, өлең жазғанша, – дедім сүйінішімді білдіріп.
– Сенбіге береміз. Сыймаса, жалғастырамыз. Тек бұл туралы ешкімге дабыра қылма. Жарқ еткізгенде бір-ақ білсін. Уәде ғой…
– Уәде, – дедім мен.
– Міне, мен ғажап ақынды ауылдан қалаға осылай алып келгенмін, – деді Жекен аға Жұмақанов.
Әдетте, «жақсыны жақсы іздеп таниды» демекші, сол ағалар бүгінгі күннің биік тұлғасына айналды ғой. Кейде ойлайсың, Жекен ағамыз тірі болса Мұқаң туралы не айтар еді?
«Мұқағали» журналы, №9-10, 2012 жыл