РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Жұлдыз МАҚАТАЕВ. Әкемнің достары

Уақыт деген – тоқтаусыз ағын, алмасып жатқан толқындар, зы­мы­раған дүние. Кешегі күндер – бүгінгінің естелігі. Жанымызға жақын небір адамдардың тұлғалары бірте-бірте көмескіленіп, алыс­тап ба­­рады. Өмір заңдылығы осындай. Оларды уақыт парағынан қайта көрсетіп, кейінгі ұрпаққа таныстыратын мүмкіндік бар болса, оның  бірі  – менің әкемнің өмірбаяны.  Соған қатысты өрбитін әңгі­ме­лер­ге  тоқталайын. 

Әкемнің шығармашылық үрдістері кеңес қоғамында өркендеді. Ол кісінің нағыз ақындық биікке көтеріліп, кемеліне келген шағы  60-шы жылдар  «жылымығының» (1953-1964ж.ж.) аясы. Ойлап қарасам, бұл – менің әкем секілді  ұлт ақынына мейірімін  төккен, үлкен жолды енші­леген  Жаратқанның  жақсылығы  ма деймін. Неге дейсіз бе? Себебі, өткен ғасырдың 20-шы жылдары мен 1953 жылдың аралы­ғында  ұлт әдебиеті, оны жасаған тұлғалар не көрмеді?! Бәрін өз­дері­ңіз жақсы білесіздер. Ал 60-шы жылдар «қылышынан қан тамған» зобалаңның тоқ­татылған уақтысы еді. Күн толық жарқырап  кетпесе де, мұз еріді.

Алайда, қазақ әдебиеті артына қасиетті де қасіретті шежірені қалдырды. Алаштың азаттығын аңсаған, елім деп еңіреген  ұлттың марқасқа зиялылары келмеске кетті. Қапыда «қақпанға» түсті. Егер деймін, әкемнің ақындығы сол кезеңге дөп келсе қайтер едік?! Сөз жоқ, әкемнің де тірі жүруі екіталай еді. Шүкір, әкем тар­шы­­лық заманның өзіне тән  теперішін көрсе де, Мағжандардай, Жүсіпбектердей қанды репрессияға ұшыраған жоқ. Оның шығар­ма­шылығын тас-талқан ететін тәркілеу «науқандары» бол­мады. Осыған тәуба етемін. Оны айтудан мен, ақынның баласы,  ешқа­шан жалыққан емеспін. Сондықтан да мен үшін әкем бақытты ақын! Үнін халқына тыңдата алды. Келешекке келісті рухани мұра қалдырды. Ол өз поэзиясына шүбәсіз сенді. «Балам, мен ешуақытта жолда қалмаймын, өз тұғырымды алатын ақынмын» деген сөздерін естіп өстім. Сол болжамдардың  дұрыстығына көзім толық  жетті.

Дос болам десең,
Досымды сыйла, қымбаттым!
Досыңа сонда,
Досыммен ғана қымбатпын.
Дос болам десең,
Мендегі доспен достасқын.
Сендегі доспен дос болып сонда тұрмақпын.
Достарың көп пе?
Апыр-ау, неткен жақсы едің?
Досым аз менің,
Досым-ау менің, тапшы емін!
Достарыңменен достастыр мені, асылым,
Достастыр мені,
Құлың болайын нақ сенің.
 
Достыққа жүрмін,
Достыққа жүрмін құмартып.
Өлгелі жүрмін,
Өзіме өзім мін артып…
Жауыздың барып жанына уәзір болғанша,
Достардың барып ауласында өлген мың артық!

Әкем осы  өлеңінде өзі айтып отырғанындай, көзі тірісінде дос­тары соншалықты көп болмады. Достары туралы сөз ет­кенде, оның Қарасаздағы бірге өскен кластастары есіме түседі. Біріншісі, әрине, Әбдіке Асанов. Тай құлындай тебіскен құрдасы. Сонымен қатар екі туып, бір қалған етжақын туысы. Әбдіке досын әкем еркелетіп «пұшығым» дейтін. «Пұшығы» ұзақ уақыт хабар­лас­пай қалғанда кә­дімгідей елеңдеп іздейтін.

«Мұқағалидың, менің және біздің замандастардың кіндіктері Қарасазда кесілді. Қарасазда ержетіп, білім нәрімен сусындап, 10-11 жастан бастап Отанымыз бен еліміз үшін еңбек еттік. Ақынның замандастары – мен, Сыдық, Мәжит, Есмұханбет, Әділ, Қозыбақ, Қажымұқан, Бекетай, Әбдіқадырлардың өмірі осы Қарасаздан бас­тау алды» деп жазады Әбдіке Асанов 2009 жылы шыққан  «Мұзбалақ – Мұқағали» атты естелік кітабында.

Әбекең  мінезі кең, ашық-жарқын адам болатын. Зейнеткерлікке шыққанға дейін ағарту саласында жемісті еңбек етті. Көптеген мек­тептерді басқарды. Әкемнің Қарасаздағы музейіне бірінші ди­рек­тор болған да осы кісі. Балалық шақтан естиярлыққа дейін  жұп­тары жазылмады. Әбекең досы туралы құнды деректерге толы ес­те­лік  кітабын жазды.

 Әкеміздің тағы бір бала досы бар. Ол –   Сыдық Ахметов.  Өмірінің соңғы жылдарында Қарасаздан көшіп келіп Алматыда тұрды. Құр­­­дасы туралы қызықты әңгімелердің майын тамызатын. Оның ішінде Алматыға оқуға түсу үшін қалай келгенін, қалай жоғарғы оқуға қа­былданғандарын әсерлі жеткізетін. Мәжит Құрманов аға­мыз да әкем­нің бала досы. Мәкең көптеген жылдар мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ берді. Ұйғыр ауданында тұрды, Шонжыдағы спорт мек­тебінің директоры  болды.  Ол кісі де ақын досы­мен емен-жарқын араласты, қатынасын үзбеді.

Бала достарын түгендегенде, Бибатыр Қасқырбаев есіме тү­седі. Мен онда жасөспірім баламын. 60-шы жылдардың бас ке­зінде, Биекең үйге әскери формамен келетін. Шамасы, орта мек­тепте әскери дайын­дықтан сабақ беретін болуы керек. Маған ол кісінің киімдері ерекше таң. Әсіресе, қайыс белдігі қатты қызықтырады. Себебі,  шешпек болып белдігіне қолын жақындатса, мысықтың шо­шынғанда пысқырынғанындай үн шығарады. Мен бұған аң-таңмын. Белдік қалайша мысық болып пысқырады деп түсін­беймін. Бірақ, қанша қолқа салсам да Биекең бәрібір маған белдігін бермей кетті.

Олар өле-өлгенше  достық қалыптарынан танған жоқ. Әсіресе,  шешелері дорбаларына күлше салып беріп, Алматыға оқуға аттан­дырған   төртеудің әкем, Әбдіке, Сыдық, Мәжиттің жөні бөлек еді.  Олар аяқтарынан тік тұрып  ақын достарын  арулап, ақтық сапарға шығарып салды. «Соғыс балаларының»  сондағы бір-бірімен құшақ­тасқаны, күрсінгені,  ақынды жоқтағаны көз алдымда әлі тұр. 

Енді Алматыдағы әдеби ортаға қатысты достарына келейін. Олар­дың қарасы соншалықты көп емес.  Алғашқысы – әйгілі ақын, Торғайдың қазағы, әкемнің құрдасы Шәміл Мұқамеджанов. Ол кісі­нің үйге келгенін бір-екі рет көрдім.  Сондықтан нақты мінездеме бере алмайтын шығармын. Бірақ әкемнің өлеңдеріне арқау бол­ғанына, өзара сыр бөліскеніне қарағанда, өте жақын жан екені аң­ға­рылып тұрады. Әкемнің «Құрдастарға» деген өлеңі бар. Соны оқысақ бәрін түсінеміз.

Туылып ек айлар сап арамызға,
Айлар салып, әріге барамыз ба?!
Бұйырмасын түсінсем, осы біздер,
Шыныменен біреуге ағамыз ба?!
 
Кеше еді ғой, құдай-ау, кеше еді ғой,
Дүйсенбінің мына дәу шешегі ғой!
Мынау – әзер қаз басқан төрт жасында,
Мұхамеджан қартыңның шешегі ғой.
 
…Арманымыз жұлдызға жуық болып,
Апыл-тапыл күн кештік суып, тоңып.
Шаруасы шалқайған шағын үйдің,
Шаңырағына шаншылдық уық болып… – деп жазыпты әкем.

Араларында әжәптәуір жас айырмашылығы бола тұра, кәнігі дос­тарша әңгімесі жарасып, жарқылдап сыйласқан адамы ақын Тоқаш Бердияров еді. Екеуінің қарым-қатынасы ешқашан үзілген жоқ. Тоқаң біздің үйдің есігін жиі ашатын. Ол кісінің «Всегда держи стойку» деген ақылын қалай ұмытайын (кезінде бокспен айна­лысқан). Түрі қазаққа келіңкіремейтін қара күрең, сұсты адам еді. Ал енді ұқыптылығынан мін таппайсың.

Әкеміз туған жеріне сапарға шыққанда  қасына Тоқаңды ертіп алатын. Соғыс кезінде әскери-теңіз флотында жүріп жаумен шай­қасқан қайсар жан. Әкем дүниеден озған соң бірде мені үйіне алып барды (ол шақта «Тастақ» шағын ауданында тұратын). Әкеме қатысты көкейде жүрген сырын шертті, өлеңін оқыды. Осы жай менің есімде ерекше сақталыпты.

Келесі досы – қазақтың біртуар ұлы, даңқты  композитор  Шәмші Қалдаяқов. Екеуі тұрмыстық өмірде  жиі араласты.  Бір әттеген-айы, Шәкең мен әкем  шығармашылық серіктес болмады. Олар  бір ғана музыкалық шығарма жазды, ол – «Талдықорған»  әні. 

Әннің жазылған сәттері  менің  көз алдымда.  Композитор  әкемнің мәтінін өз әуеніне келтіру үшін  шамалап өзгертуді сұрайды. Әкем оған келісе қоймайды. Айтатын  уәжі «Мен неге өлеңімді өзгертуім керек?!  Әр өлең  менің толғақтан туған сәбиім»  деп  тұрып алады. Қойшы әйтеуір, бір біріне беріспей отырып әдемі әнді дүниеге кел­тірді. Оны бәрі сүйініп отырып тыңдады.

Әнсіз өмір өмір ме, қаңсымай  ма,
Өзегіңді өртеп дерт, жаншымай ма?
Махаббатқа арнап бір ән шығарсын,
Шәміл-ау,
Шәмші қайда?!
 Шәмші қайда?! – деген өлеңде үлкен сыр жатыр.

Әкеммен өзі құралпас ақындар – Оспанхан Әубәкіров, Әділбек Абайділданов, Бекен Әбдіразақов, Әнуарбек Дүйсенбиевтер жақсы араласты. Бұлар шын мәнінде түсініскен, бір бірінің қадіріне жет­кен сыйлас жолдастары еді. Оспанхан ағамыз әзілкеш, отырған же­­рінде жұртты  қыран-топан күлкіге батыратын.  Әділбек ағамыз тәр­­тіпке берік өте кірпияз кісі, ешнәрсенің шашауын шығармайтын. Бекен ағамыз өзі де, сөзі де тез самдағай  адам еді.

 Ал, балалар ақыны Әнуарбек ағамыз бойы ұзын,  денелі, бірақ көп сөйлеуге  жоқ салмақты адам болатын. Оны достары қалжыңдап «бәтіңке» дейтін («Бәтіңке, шұжық, балқаймақ дүкенде тұрып ұрысты, бәтіңке шықты айқайлап, айтуға керек дұрысты» деген өлеңі­не сүйеніп).

Сонымен бірге  әкем соғыс кезінде ұйғыр баласы Ілия Бахтиямен бірге жайлауда қой баққан екен.  Сол туралы ұмытпай айтып оты­ратын.  Кейін қазақ пен ұйғырдың осы  екі баласы елдің белді ақын­дары болатынын кім біліпті? Бахтиямен кездесуімнің сәті түсті.  Өте қарапайым, танымы терең,  салмақты жан екен. Әкем туралы есте­ліктерді асқан бір сүйіспеншілікпен өрбітті.

Әкеме қалам ұстаған дарынды  жастар өте үйірсек болды. Себебі әкем қазақтың қара өлеңіне жаңа серпін, тың әдістер мен иірімдер алып келген ақын. Осы ерекшеліктері оларға ұнады. Қасында жүрген жас таланттарды  «бұлар – менің адъютанттарым» деп еркелететін. Қазіргі  көрнекті тұлғалар,  ол кездегі  жас ақындар – Кеңшілік Мырзабеков, Иранбек Оразбеков (Иран-ғайып), Нұрлан Оразалин, Рафаэль Нияз­беков және тағы басқалар  әкемнің қасында жүрді.

Бұлар  – тек есімде қалғандары ғана, ал әкемді пір тұтып, айна­ласына топтасып ақылын тыңдағандары қаншама?! Амандық болса, оған да бір күні кезек келер.

«Мұқағали журналы, №1,2022 жыл


Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналын қолдайық!

«Аманат – Қарасаз» қоғамдық қоры құрылтайшыларының барлық әріптестеріне, кәсіпкерлерге, оқырмандарға арнаған үндеуі Ардақты, ағайын! 2023 жыл «Мұқағали»...

«Мұқағали» журналы, №3, 2022 жыл

     Ақын атындағы басылымның кезекті нөмірі Дариға Тілендікелінінің «Нағыз ақынның болмысын Мұқағалидан көрдім» деген сұхбатымен ашылады. Дариға апа өзі куә болған оқиғаларды қызықты, әрі көркем...

«Мұқағали» журналы. №2, 2022 жыл

     Журналдың кезекті саны «Тау – бір аңыз, тау – дастан» атты Мұқағали өлеңдерімен ашылды. Белгілі дінтанушы, ғалым-ұстаз Қайрат Жолдыбайұлымен болған сұхбат «Халқының жанын ұққан...

«Мұқағали» журналы, №1, 2022 жыл

Барыс жылындағы алғашқы нөмірге көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің «Уақыт жаратқан жыр» атты зерттеу мақаласы беріліп отыр.  Жұлдыз Мұқағалиұлының «Менің әкемнің достары» деген естелігі де оқырманды...

«Мұқағали» журналы №6, 2021 жыл

Бұл нөмір «Елордадағы мектепке Мұқағалидың есімі берілді» деген жағымды жаңалықпен басталады. Ақиық ақынның ұрпағы Жұлдыз Мұқағалиұлының өлеңмен өрнектеген ой толғаныстарын оқисыздар.

«Мұқағали» журналы №5, 2021 жыл

Журналдың кезекті саны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын мерейтойына арнаған Құттықтауымен ашылып отыр. Мұқағалидың 90 жылдық торқалы тойынан толық репортажды да осы саннан оқи аласыздар....