РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Батық Мәжитұлы. Мұқағалимен мұңдасқан

Алтынбек туралы толғау

Мұқағали Мақатаев пен Алтынбек Сәрсенбайұлы – жақын туысқандар, бір атаның баласы. Түп тамыры Қарасазда. Алтынбектің әкесі Елшенбүйректің етегінде дүниеге келді. Қарасудан балық аулады, қырқалардан қымыздық терді.  Сүлеймен ағасының сөзін тыңдады. Нағиман жеңгесінің айранын ішті. Тіпті, «ағайынды қоңыр қаздар» екінші дүниежүзілік соғысқа қатар аттанды.  Әкелерін сапарға шығарып салып тұрып, он жастағы Мұқағали  қолына алғаш рет қалам алды.  

«Жазмыштан – озмыш жоқ». Сүлеймен Мақатаевтың сүйегі орыс­тың орманында қалды. Дәм-тұзы таусылмаған Сәрсенбай ауылға аман оралды. «Мен ел қорғадым, мен қанымды төктім» деп  тепсін­беді. «Май­дандастарым, қайран достарым!» деп қамықты. Азаматтары азай­ған ауыл әбден қалжыраған екен. Қаралы жұртты жұбатып, қол­тығынан сүйеді. Бүкіл саналы ғұмырын туған жеріне ар­нады.

«Оқымаған, дипломсыз демесең, Бар мамандық бір басымнан та­бы­лар» деп Мұқағали інісі жырлағандай, тынбай ізденді.  Жоғарғы білімнің орнын қабілет-дарынымен толтырды. Соның арқа­сын­да білгір төраға шаруашылықтың әлеуметтік жағдайы мен эконо­ми­касын реттеді. Толағай табыстарға  қол жеткізді.

Мәселен, канал қазып, Шұбартал аңғарындағы өзенді  өрге сүй­реді. Соның арқасында егістің көлемі ұлғайды. «Қайнардың» бере­кесі артты. Ерен еңбегі үшін Сәрсенбай Байғұлов Ленин ордені­мен марапатталды. Қуаныштың жалғасындай болып, үшінші ұлы дү­ние­ге келді. «Сенің атың – Алтынбек!»  деп, баласының асыл­дай жар­қы­рағанын армандады. Кім біледі, әке жүрегі сонда-ақ перзенті­нің тұлпарға лайық ғұмыр кешетінін түйсігімен сезген шығар…

Сәрсенбай әулетінің ерекшелігі аз емес. Жақсы сөзге жаны құмар. Зер­делері мықты, танымдары таза. Сарыжайлауын сағын­ғанда  Мұқағали  осы шаңырақтан табылған. Ақын да бала сияқты, еркелет­кенге үйір. Сәрсенбай ағасы  құшағын  жайып қарсы алса, Күлімхан жең­гесі  дас­тар­ханын жайнатқан. Екі жақтың сыйластығын көзі көр­гендер әлі айтады. Сол күндері сесінен ат үркетін бас­шы­ның қызмет ма­шинасы ақын мінетін көлікке айналған. «Еліне кел­генде, еміренсек несі айып?! Алматыға арқа­ланып қайтсын» деп жайдарланыпты төраға.

Көпшіліктің пікіріне сүйенсем, Нарынқол аудандық газетінің бас ре­дакторы Әлнұр Мейірбеков пен колхоз төрағасы Сәрсенбай Байғұловтар ақынды төрінен түсірмеген. «Әркім сыйласқанның құлы», ақын да ағалар алдында ізетінен танбаған. «Кейбіреулер Мұқағалиды арақ ішедіге санайды. Мұндай қылығын көрмеппін. Көр­­сеткен емес» деп Әлекеңнің таңғалғанын талай естідік. Сәкең де  сеніміне селкеу түсірмеді.

Ақынмен араласқанның әсері шығар, Сәрсенбай әкеміздің ба­лала­ры – Рысбек пен Алтынбек көркемсөзді қадірлеп өсті. Бәлкім, ақиық ақын ырым етіп інілерінің аузына түкірген де шығар? Алтынбектің маңдайы­нан сипағанын әулет ешқашан ұмытқан емес. 

Алтынбек Мұқағалиды құмартып оқыды. Қолынан кітап түспейтін жеткіншек ғажайып қазынаға жолықты.  Сәрсенбай әкеміз де қалам­гердің өресі мен өнегесін аңғарды, сөзбен жасалған сурет­терге,  ав­тордың талантына таңғалды. «Халықтың қасіреті мен қасиетін қа­лай дәл көрсетеді!» деді шын пейілімен. Олар Мұқағали биігін асқар шыңдармен салыстырды.

Алтынбек  асыл жырдың астарына үңілді,  терең  философиясына ден қойды. Абай мұрасын қалай ұлықтаса, Мақатаев мұрасын солай мәртебеледі. ҚазМУ-ден Мәскеуге,  Ломоносов атындағы уни­вер­ситетке ауысқанда, шамаданына ең алдымен Мұқағалидың кітап­тарын салғаны соның дәлелі.

Ол МГУ-де журналистік курспен бірге, әлемдік руханиятты зер­деледі. Халықты ұғу, халықпен тілдесу ілімін үйренуге ұмтылды. Адам­зат асылдарымен иықтасқан қазақтың данышпандығына сүйін­ді. Ұлтына деген мақтанышы үдей түсті. Жұлдыздай жар­қыра­ған ұлы шоғырдың ортасынан Мұқағалиды көргісі келді.  

Алтынбектің бағалауынша Мұқағали – «Қазақтың Пушкині», «қазақ­­тың Есенині» емес.  Солармен тең дәрежедегі асқақ тұлға. «Егер, ақын дауысын  түпнұсқадағыдай  сөйлетсе,  әлем жұрты Мұқағалидың жақ­таушысына, ақиқаттың ақтаушысына айналар еді» деп толғаныпты.

80-ші жылдардағы «қайта құру» Мәскеуді бейжай қалдырмады. Жас жүректер оянды. Кеңестік шаблоннан құтылғысы келді. Тиым салынған әдебиеттерді оқу «модаға» айналды. Тамырына нәр құйылған күрескерлік біртіндеп жандана бастады. Сол кезде Мұқағали жырлары  Алтынбекті екінші қырынан шыңдады. Ұлттық құнары­мен баурады.

Зәр ұсынған адамға, нан ұсынған,
Алысудан аулақпын, шабысудан.
Ей, қазақтың баласы, есіңе ұста,
Өлсем – өлем,сірә, мен намысымнан!

 деген жыр жолдары оның жан-дүниесін дүр сілкіндірді. Бұл –  құрғақ ұйқас емес. Азаттық пен теңдікке шақырған ұран! Ақынның ұрпаққа тастап кет­кен идеологиялық қаруы.

Алтынбек Мұқағалимен сырлас екенін, Мұқағалимен мұңдас еке­нін енді анық білді. Бұрын ақын жырларын  жақсы шығармаға ба­ла­са,  көзқарас пен талғамы қайтадан толықты. Қаламгер  сөзі – ұлт пай­да­сына  арналған ұстаздық  дәрістер сияқты екен! Оны тоз­байтын жа­құтқа, толайым бақытқа теңеуге болады. “Мұқаң тірі! Мұқаң қазақтың қалғымауын тілейді. Бір келетін өмірде жамандықтан  жеңілмей, қарау­ларға берілмей  шарт сынған да абырой ғой! » деген өткір ойдың басына қалай келгенін байқамай қалды. Оған әрі қуанды, әрі тіксінді. Қалай десек те, бұл – Алтынбектің өзіне бұйырған қайраткерлік тағдыры еді.

Мәскеуден диплом алғандар түгелдей тұлпар атанбайды. Алынбектің бағын жандырған таланты мен еңбегі.  Аз уақыттың ішін­де көзге түсті. Алмағайып замандағы керекті кадр ретінде ба­ға­­ланды. Алдымен рес­публикалық  «Өркен – Горизонт» жастар газе­тіне бас редактор болды. Одан кейін Үкіметте және Президент Әкім­шілігінде ішкі саясатқа жетек­шілік жасады. Бірақ ол, ең алдымен елдік мұраттарға бағынды.

Билік қызметіндегі қағидаларды ескеруге тиіс. Десе де, Мұқағали ағасының «Айтсын деп ақиқатты тіл берілген» атты ұстанымын ұмыт­қан жоқ.  Еңбегі жанғанды, сатылап өскенді кім жек көреді? Бірақ, тал­ғамсыз бас шұлғитын бағыныштылыққа бой үйретпеді. «Айтарын айтып қалған Абайлар-ай!» деген сияқты, сәті түскенде пікірін бүк­педі, ойын жасырмады. Сөзінің дұрыстығына күманданбады.

«Жұлдыз» журналының» папкісін өткізіп беріп, поэзиямды өзімде қалдырдым» демеуші ме еді Мұқағали. Жарықтық, қызметінен бұрын нағыз поэзияның құдіретіне сенген екен ғой. Кейін осы тәріздес  сөзді  Алтынбек те айтты. «… елді саяси модернизациялауға қатысты менің ұсыныстарым қолдау таппаса, ескерілмесе, егер  біздің жақ­сы­лыққа қарай емес, қисайып бара жатқанымызды байқасам, жайлы орын­дыққа жармасып отырып алмаймын… Ғұмыр бойы оты­ратын орынтақ болмайды» деген. Мұқағали мен Алтынбектің мінез­деріндегі ақылды қайсарлықтар бір-біріне ұқсап кететінін мойын­дауымыз керек.

«Ақынның ақындығы – атақта емес, Ақынның ақындығы арда ғана» деп еді Мұқағали. Сол сияқты, мемлекеттік қызметтің де қа­сиеті азаматтың ар-ожданына байланысты.  Мұқағалидың адамды тәрбиелейтін  дауысына құлақ түрді. Ақын жырларының ойшылдық санамен бірге дамитыны қайран қалдырды.

Әлемдік әдебиеттің өкіліне айналса да,  Мұқағали Мақатаевтың бір «кемшілігі» бар еді. Шығармалары жүлде алмапты. Соны із­деуге құлшынбаған. Амалын табуға әрекеттенбеген. Дұрыс түсін­сек, бұл – жалқаулық, немесе, енжарлық емес. Қаламгер өлең жазу­дың па­ра­сатын меңгерген жан.  Бір минутын да ысырап етпеді. Шығар­ма­шылықтың сезімін, жанкешті төзімін басынан кешірді. «Жанды да, жансыз заттың бәрінен сыр бағудың»  азабын  арқалады. Қара өлеңді қалыпқа құйып, зергерлерше өңдеді. Ұрпаққа жыр ұсыну міндетін мінсіз атқарды. «Жырдан басқа халқыма не беремін. Жырдан басқа халқыма не керегім?» деп ұлы мақсатын айқындады. Мұндай қай­раткерлік халді мемлекеттің ұғынбауы ұят екенін  Алтынбек білді.

Алғаш рет, 1984 жылы мыңдаған оқырманның қалауы бойынша Мұқағали Мақатаевтың «Соғады жүрек» екі томдық өлеңдер кітабы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылды. Баспасөз беттерінде ең көп оңды пікір жинаған да осы кітап болған. Бірақ, лауреаттық бұйырмады. «Бұл – жай қараулық емес, үлкен талантқа жасалған тарихи қиянат» деген екен Алтынбек кейін осы оқиға туралы.

2000 жылы  Мұқағалиға қатысты қателікті түзетуге белсене ара­ласты. Комиссияның төрағасы ретінде  дұрыс шешімнің қабылдану­ын қадағалады. Нәтижесінде ақынның «Аманат» кітабына Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы берілді. Мұражайда сақталған лауреаттық дипломға қараңыздаршы. Онда Алтынбек Сәрсенбайұлының қолы тұр. Бұл – әділетті қалпына келтірген  күрестерінің бірі ғана.

Өткен ғасырдың соңы, ХХІ ғасырдың басы «өтпелі кезең» деп аталды. Қазақ елі отаршылдық қамытынан құтылды.  Өз қолы өз аузына жеткен соң, мемлекет аяғынан тік тұруы керек. Ел қағаз жүзін­дегі тәуелсіздіктің іс жүзіндегі тәуелсіздікке айналғанын көргісі келді. Бірақ, кедергілер де жоқ емес.  Ол – социализмнен қалған, тоң болып қатқан дағды мен сананың  оңайлықпен жібімеуі еді. 

Жаңарған идеологияға ұлттық танымды шым-шымдап сіңіріп,  еге­мендіктің кәдесіне жарату міндеті Алтынбек Сәрсенбайұлы бас­қаратын Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің құзырына  жүктелді. Саясаттың нәзіктігі мен ауырлығын жүрегімен сезді. Мұқағали ағасы бір өлеңінде «Өлең жазу біреуге оңай шығар, Ақын болу не деген қиын едің?!» деп еді. Бұл тіркестің мағынасы тереңде екен. Түбін ұқса нағыз саясат та  нағыз ақындыққа жатады. Оның арбасына отыру оңай, айдау қиын.

Сондықтан, министр салалық міндеттерді шешумен  ғана шек­телмей, ұлттық идеологияның қазақ үшін жұмыс істеуіне күш салды. Оны біз ұмытқанмен, тарих ұмытпайды. Мемлекет басшысы «өрімдей уәзірдің» уәжіне құлағын түрді.  Алтынбектің алдағыны бол­жайтын алғырлығын қоғам да, билік те барынша пайдаланды.

Олар, алғашқы онжылдықта тізгін ұстағандар, жоқтан бар жасау­ға ұмтылды. Менікі дұрыс, сенікі бұрысты қоя тұрды. Күш-жігер­ле­рін бір мақсатқа жұмылдырды. Елдің тұғырын мықтауға кірісті. Алтынбек және Алтынбекпен бірге  мемлекет құруға қатысқан жас қайраткерлердің дені адалдық пен азаматтықты ту етті. Досты сүйін­дірді, дұшпанды күйіндірді.

Білемін,
Керемет бір күн келді,
Жайнайды жасыл бағым, гүлденеді.
… Көремін, керемет бір күн кешемін,
Сенімен, болашағым, бірге өсемін.
Мен сенің үніңменен үндесемін,
Мен сенің тіліңменен тілдесемін… –

деген Мұқағали толғанысымен олардың оптимизмі ұштасып жатты. Тәуелсіздіктің екінші онжылдығында еліміз біршама нығайды. Жаңа кезеңге қадам басты. Көшті түзетудің жауапкершілігі күшейді. Уақыттан ұтылуға ешкімнің хақысы жоқ. Ал, алға басу үдерістеріне өріс ашатын негіз –  демократия!   Әділетті сайлау соның  басты кепілі. 

Күнімдік табыстар қалтаны қампайтқанмен, келешекті кемел­денді­руге жарамайды. «Малымды алсаң, ал, Құдай, пейілімді алманы» саяси заңдылыққа айналдыру міндеті тұрды. Алтынбек тағы да Мұқағалимен сөйлесті.

Жасың бар, жігіт-желең, шалдарың бар,
Біз ертең жол жүреміз, қамданыңдар!
Жол ұзақ, асу биік, сапар алыс,
Жаз өтер, күз де кетер, тақалар қыс.
Қамданыңдар.
Болашақ деген елге
Біз қандай сый-сияпат апарамыз?
… Жамандық атаулыны қалдырыңдар,
Суға батыр, отқа өрте, жандырыңдар.
Болашақ деп аталған өлмес, өшпес,
Жақсылықтан жасалған тағдырың бар…

деген жыр жолдары алысты нұсқаған абыздар пікірінен аумады. Нағыз ақынды нағыз әкімнің іздейтіні сондықтан шығар. Абай, Мағжан, Мұқағалилар өміртануға, адамтануға қызмет ететін ерен тұлғалар. Ат жарыстырудан бұрын, ақыл жарастыруды ұйым­дас­тырсақ қандай ғанибет! Алтынбек әр қазақтың жаңаша қалып­тасу­ын жан-жүрегімен қалады.

Өмір-ай, десеңізші!..  Мұқағалиды тірі кезінде түбірінен ұға ал­ма­ған қауым Алтынбекті де  ұғып жарытпады. Асыл идеяларын бө­лек­теп сараптамады.  Мәңгілікті күнімдікпен өлшеді. Өмір сүрудің үйреншікті әрекетінен бас тартқысы келмеді. Міне,  қатып қалған билік пен жаңашыл Алтынбектің арасындағы кереғарлық осыдан басталды.

Табаны бүрсіз жалтақтар қайраткер замандасынан именді. Өйт­кені, ақиқаттан аттамаған Алтынбек «қарағайға қарсы біткен бұтақ­тай» иілмейтін . Ол мұндай жолды қарабастың қамы үшін, арзан атақ үшін таңдаған жоқ. Мұқағали ағасынша қаламын қару етті.

Егер мұқият зерделесеңіз, Алтынбектің сұхбаттары мен мақа­лалары жалаңдықтан ада. Қоғамды түлетуге арналған фило­софия­лық оқулықтар санатында. Әлемдік руханияттан ауысқан ілім нәрі отты сөйлемдерге айналып тасқа басылған.

Ол жауырды жаба тоқымады. Өткірдің жүзімен тіліп айтты. Сын­шылдығын білідіріп ғана қойған жоқ. Кемшіліктен арылудың мем­лекетшіл бағдарламасын  жасады. Мұндай ойшыл саясаткерді өсіру оңай емес. Ал ол болса, көпшіліктен ажырамаған  қалпымен, сіз бен біздің ортамызда жарқылдап жүрді.

Қазақ Мұқағалидың  тірі кезінде қаламгердің мықтылығын дұрыс­тап ажырата алмаған. «Расулдай мендағы жырлар жазсам, Расулды ұрлаған ұры дер ең» деп ашынғаны кітабында тұр. Алтынбектің тағ­дырында да осындай элементтер болды. «Өмірде ақындардың бәрі жалғыз» деген тіркесті  «Өмірде ақылдының бәрі жалғыз»  деп өз­герт­сек, тағы бір құпияның беті ашылатын  сияқты.

«Егер бүкіл тәуелсіздіктің тағдыры бір адамның қолында болса және сол адам саясатты өз қалауы бойынша немесе айнала­сын­дағылардың айтқанымен ғана жүргізетін болса, біздің тәуел­сіздігіміздің ту-талақайы шығуы мүмкін. Бұл – (іс-әрекеттерін айтып отыр. Автор) билік үшін талас емес, тәуелсіздік үшін күрес».

Алтынбектің соңғы сұхбаты осылай аяқталады.

Ол қайраткерлік ащы пікірдің оппозициялық ашу еместігін   көр­сетті. Мыңдаған қазақты тәрбиеледі. Алтын бауырымыздың өзі ара­мызда жоқ болса да, сөзі халқымен бірге. Өміршең идея­лары­ның сабағы тірі­ліп, бүр аша бастады. Ендеше, Алтынбек Сәрсенбайұлының ру­хына мемлекет тарапынан лайықты құрмет көрсетілуі тиіс. Ол –  елді­гімізге сын.

Мұқағали да, Алтынбек те ойындағы идеясын, бойындағы қуатын қоғамға беріп үлгерді, алып үлгермеді. Бірі  – 45, екіншісі – 44 жаста өмірден озды. Бақи дүниеге жай кеткен жоқ – тектіліктің, намыстың, ақиқаттың  ұлағатын ұрпақтарға  қалдырып кетті.

Бықсып жанған қоламта емес,
Артымызда шоқ қалсын.
Болашақтың ошағында
Біз тұтатқан от жансын.
Ей, болашақ! Ей, болашақ!
Ошағыңда от жансын.
Мүмкін, бізді ұмытарсың,
Кім біледі? Жоқтарсың …

 деген Мұқағали жырын екі талант тірілерге арнап оқып тұрғандай сезіледі. Өрлік пен ерліктің дәлеліндей болып  олардың рухани шырақтары айналаға жарық шашады. Сол отқа сен де жылын ақылды ұрпақ, ардақты халқым!

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналын қолдайық!

«Аманат – Қарасаз» қоғамдық қоры құрылтайшыларының барлық әріптестеріне, кәсіпкерлерге, оқырмандарға арнаған үндеуі Ардақты, ағайын! 2023 жыл «Мұқағали»...

«Мұқағали» журналы, №3, 2022 жыл

     Ақын атындағы басылымның кезекті нөмірі Дариға Тілендікелінінің «Нағыз ақынның болмысын Мұқағалидан көрдім» деген сұхбатымен ашылады. Дариға апа өзі куә болған оқиғаларды қызықты, әрі көркем...

«Мұқағали» журналы. №2, 2022 жыл

     Журналдың кезекті саны «Тау – бір аңыз, тау – дастан» атты Мұқағали өлеңдерімен ашылды. Белгілі дінтанушы, ғалым-ұстаз Қайрат Жолдыбайұлымен болған сұхбат «Халқының жанын ұққан...

«Мұқағали» журналы, №1, 2022 жыл

Барыс жылындағы алғашқы нөмірге көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің «Уақыт жаратқан жыр» атты зерттеу мақаласы беріліп отыр.  Жұлдыз Мұқағалиұлының «Менің әкемнің достары» деген естелігі де оқырманды...

«Мұқағали» журналы №6, 2021 жыл

Бұл нөмір «Елордадағы мектепке Мұқағалидың есімі берілді» деген жағымды жаңалықпен басталады. Ақиық ақынның ұрпағы Жұлдыз Мұқағалиұлының өлеңмен өрнектеген ой толғаныстарын оқисыздар.

«Мұқағали» журналы №5, 2021 жыл

Журналдың кезекті саны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын мерейтойына арнаған Құттықтауымен ашылып отыр. Мұқағалидың 90 жылдық торқалы тойынан толық репортажды да осы саннан оқи аласыздар....