Мен бармаған қазақтың атырабы,
Маған кел деп, мазалап, шақырады.
Мен баспаған қазақтың топырағы,
Арманымдай алдымда жатыр ағып.
Мен татпаған казақтың дастарханы,
Маған ылғи түсімде ас тартады.
Мойнын созып, күткелі қашан мені,
Мен көрмеген қазақтың асқар тауы.
Көлдерім де,
мен барып шомылмаған,
Бетегелі белдерім,
момын далам,
Өзендерім,
орманым күтуде әлі,
Қашан келер екен деп қоңыр-балам.
Қашан келер екен деп бұлақтар да,
Бұлаң қағып жатқан-ды — суаттарда.
Самал соқса, сұрайтын көрінеді,
Қашан келер екен деп құрақтар да.
Ақ шалдары — қазақтың ақ таулары,
Маған деген жүйрігін баптауда әлі,
Жеңешелер өлеңін жаттауда әлі,
Шашуларын әжелер сақтауда әлі.
Мен көрсін деп,
сарайлар салдырыпты,
Сан асылын сан жақтың алдырыпты,
Екі ғашық үйлену тойларын да,
Мен келсін деп, кейінге қалдырыпты.
Сәлем саған!
Көрмеген жарандарым!
Кешіріңдер,
кешіктім,
бара алмадым?
Әр көдеңе бір қонып, ұшар едім,
Әттең, шіркін, құс болып жаралмадым.
…
Адам маған ұнайды қылығымен,
Толқынымен ұнайды, тұнығымен.
Біреулері тоңдырса шылығымен,
Біреулері жылытады жылуымен.
Адам маған ұнайды қылығымен.
Мен де адамға ұнаймын мінезіммен,
Мың сойқандық аттанар бір өзімнен.
Жақын тартса, біреулер сыртқа тепсе,
Өкінбеймін, өйткені кінә өзімнен.
Өкпелетті талайлар, өкпелеттім,
(Өкпелетіп адамды кектемек кім?!)
Жақсылық па? Жүгірем құшақ ашып,
Жамандық па? Оған да бетпе-бетпін.
Көзімен де, көңілімен баяндаған,
Адамдардың мінезі аян маған…
Қандай бақыт!
Солардың арасында
Жетер жерге жеткенше аяңдаған.
…
Сағым боп аққан сан жылдар,
Сарсаңға мені салдыңдар.
Тағдырлас маған, тағдырлар,
Қай жаққа кетіп қалдыңдар?
Сайрандап күнде келетін,
Саялы баққа бара бар;
Сан етін ойып беретін,
Қай жақта жүрсің, ағалар?
Қанаттыға қақтырмай,
Қамқоршым едің жем берер.
Айдында жүзген аққудай,
Қайдасың, қайран жеңгелер?
Сотқар боп мені өсірген,
Қолымнан тізгін тартпадың.
Сақалына орап өсірген,
Қай жерде жүрсің, қарттарым?
Мендегі қызық тағдырға,
Жастарын сүртіп қараған.
Қай жаққа кетіп қалдыңдар,
Бір анам емес, бар Анам?
Көп жылдар өтті, көп күндер.
Халімді сұрамай бәрің,
Қай жаққа ауып кеттіңдер,
Тауымның құралайлары?
Жаныма жайғасыңдар,
Жан сала шыңғырамын:
О, қайда, қайдасыңдар!
Тағдырлас құрбыларым?
…
Иек артқан теңізге мүйістейін,
Келші, қарғам, шашыңнан иіскейін?
Иіскейін тек қана, тиіспейін,
Келші, қарғам, шашыңнан иіскейін?
Қолаң қара шашың-ай күн қақтаған!
Қос бұрым-ай жотаңда бұлғақтаған!
Қарғам, сенде жерімнің иісі бар-ау,
Жер иісі жұпардан қымбат маған!
Иісі бар-ay дәннің де, шалғынның да,
Қырдың да, қырманның да, жаңбырдың да,
Тұр, сірә, мына шашта иісі аңқып
Аптаптың, аңызақтың, тандырдың да.
Шашыңнан иіскетші, қарғам, маған?
Есіме түсер ме екен арман — далам.
Иіскетші,
Жауқазын — жан екенсің;
Жасанды әсемдікке алданбаған.
Тұрғам жоқ сауға сұрап қылығыңнан,
Жан едім махаббаттың құрығы ұрған.
Иіскейін жұртымның топырағын,
Иіскет, қарғам, маған бұрымыңнан?..
…
Тымырсық күндей тамызда жаңбыр көксеген,
Жақсылық күтем, жақсылық күтем тек сенен.
Жаман бір ойлар жанымды шарпып өтсе егер,
Мен жақтан саған суық бір хабар жетсе егер,
Жалғызым менің, қайтер ең?
Ұшар ма ең қанат байланып?
Қалар ма ең, әлде, ойланып?
Келер ме ең менің қасыма,
Періштем болып, айналып?
Қайтер ең, жаным?
Тағдырыма етіп құлшылық,
Талықсып жүрсем тұншығып,
Жетер ме ең маған
Құрықтан қашқан асаудай,
Құлын-мүшеңмен құлшынып?
Көзіңнен аққан дариялардан өте алмай,
Қалар ма ең, әлде, жете алмай?
Қалайда, Жаным, кірпігіңе үміт ілдіріп,
Мен жүрген жаққа бет алғай…
Көзіңнен аққан дарияға
Көпір сап, Жаным, өткейсің,
Қалайда маған жеткейсің?
Үзілмей жүрген үмітіңе мінгейсің,
Адасып, сірә, кетпейсің.
Қарғып өт, Жаным, қатерлі-қауіп текшеден!
Жетесің, маған, жетесің маған, бек сенем!
Тымырсық күндей, тамызда жаңбыр көксеген.
Жақсылық күтем, жақсылық күтем тек сенен!
…
Тұрсын солай, болсын солай бәрі де,
Білем, менің қосылмайсың әніме.
Сенің көңілің қайда екені белгісіз,
Менің көңілім сенікінен әріде.
Сеніңкөңілің қайда екенін біле алман,
Мекен тауып,
шыққан болар құмардан.
Бар поезды жетелеген рельстей,
Барлық жанды жетелемес бір арман
Болсын солай,
тұрсын солай,
солай ғой…
Әрбір адам бір-бір жыныс тоғай ғой.
Ну орманнан шыққаннан да жол туып,
Еркін келіп, еніп кету – оңай ғой.
…
Біреулерді мерт қылып аламын деп,
Ашуыма ауыздық саламын кеп.
Тентек іні бетіме тік қараса,
Жасқанамын жандай-ақ залалым көп.
Бағамын деп әркімнің қас-қабағын,
Балам қабақ шытса да жасқанамын.
Сәлемімді біреулер алмай кетсе,
Екі иығым салбырап, пәс қаламын.
Досым өтсе алдымнан қырын қарап,
Боз торғайым кеудемде шырылдамақ.
Естігісі келмейді бәтшағардың,
Қорғасынмен құлағын тығындап ап.
Қайсыбіреу қарайды айдаһарша,
Тұрпайы әзіл, түрпі сөз — қайда барсам.
Қайтер еді, ожардың шарығына,
Ашуымды қайтадан қайрап алсам?!
…
Бәрін де түйсін, білсін тылсым кеуде,
Қосылсын дүрсіл келіп дүрсілдерге.
Күрсінсең, аспан болып күрсін кеуде,
Жай оты — жанар болып жүрсін менде.
Бұлттардың салмағынан күрсінгенде,
Ақ нөсер ақтарылсын тылсым жерге.
Күрсінсең, аспан болып күрсін, кеуде,
Шұғыла — арманым боп тұрсын менде.
Ашылсаң, аспан болып ашыл, кеуде,
Таратсын ақша бұлтың шашын желге.
Жарқ етсін көкжиектен жүрек — күнің,
Ақтарып әппақ нұрын, шашып жерге.
Жүрегімнің сауыты — тылсым кеуде,
Тынымсыз дүрсілдеуде, дүрсілдеуде.
Көктемдегі аспандай күркірейді,
Болар-болмас жүрегім күрсінгенге…
…
Тоқта, ботам!
Атаң келеді артыңда!
Бұр мойныңды қалжыраған қарт ұлға.
Сенің сәби сәттеріңнің мысқалын
Айырбастап ала алмай жүр алтынға.
Тоқта, ботам!
Атаң келеді артыңда!
Жүзе жүріп, жүз құбылған сағымда,
Жастық дейтін көктеменің шағында,
Өскен едік сенің анаң екеуміз
Осы қарттың мәпелеген бағында.
Қарттың бағын жайлайтынбыз йен тегін,
Тыңдайтынбыз алуан-алуан ертегін.
Жинап алып жүрер еді жарықтық
Күллі ауылдың елтеңі мен селтеңін.
Ей, болашақ!
Қарт келеді зиялы,
Кейімесін ата-қыран ұялы.
Сен сыйласаң, сәби шақтың бір сәтін,
Атаң саған ұзақ өмірін қияды.
Ақылына айырбаста күлкіңді,
Қайтесің сол күлкі дейтін шіркінді?!
Бейқам күліп өспеген соң өз басым,
Бос күлкіні ұнатпаймын бір түрлі…
Тоқта, ботам! Атаң келеді артыңда.
Дария шалқар даналығын ал, тыңда!
Сенің сәби сәттеріңнің мысқалын
Айырбастап ала алмай жүр алтынға.
Тоқта, ботам! Атаң келеді артыңда!
Мұқағали Мақатаев. Ашылсаң, аспан болып ашыл, кеуде
Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті
Сайт әкімшілігі