РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Жұлдыз Мұқағалиұлы. Қара өлеңнің қасиетін бойына сіңірді

Тарихтағы ұлы адамдар секілді Мұқағали Мақатаев өмірінің де қыры мен сыры тереңде. Естеліктер жазылып, шығармашылығы зерттелу үстінде. Соған қарамастан айтатын сөздер әлі көп. Ең бастысы, артына қалдырған рухани мұра ұлт кәдесіне жарады. Жаңа ұрпақтың санасына намыстың ұрығын себуде. Мақатаев – күрделі құбылыс. Біз бүгін соның бір парасына тоқталсақ дейміз. Ақынның әдебиеттегі, қоғамдағы орны бәрімізге белгілі. Ал, отбасындағы тіршілік-тынысы қалай деген сұрақтар жауабын күтеді. Оның біразын жолдастары, құрдастары, туыстары айтып үлгерді. Енді бір сәт осы мәселеге бауыр еті – баласының көзімен қарағымыз келеді. Жұлдыз Мұқағалиұлын сұхбатқа шақырғанымыз сондықтан.

Әңгімені әулет шежіресінен бастайық. Әкеңіздің тегін, аналарын, ағайын-туыс, іні-қарындас, бала-шағасы туралы таратып айтсаңыз. Сонымен қатар, нағашыларыңыздың жайы да оқырманды қызықтырады. Осылай дегенде неге тоқталар едіңіз?

– Қазақтың арқалы да кең киелі жері кезінде әкем бірінші болып жыр­ларына енгізген сөз тіркестері – төрт «А» әрпіне сияды: Алатау, Алтай, Арқа, Атырау. Біз сол табиғаты қатал Тянь-Шань (Еренқабырға) тау сілемдерінде ұрпақ таратқан Албан  тайпасының Алжан руының Қойбас атадан тараған тау қазақтары боламыз. Мекеніміз – Шалкөде, Тұзкөл аймағы, кейінгі, өт­кен ғасырдың 30-шы жылдардағы отырықшыл тұрағымыз – Қарасаз ауылы. Үлкен атамыз Мақатай, бәйбішесі Тиын әжеміз. Атамыз туралы көп естеліктер қалмаған. Апам Нағиманның айтуынша, өр мінезді, батыл адам болған. Батылдығы сол, кезекті бір көкпар сайысы кезінде атамыз сол аяғын сындырып алыпты. Уақыт өткен сайын аяқтың ісігі кетпей асқынып, шіри бастайды. Ісіктің бойға шабу қатерінің алдын алу үшін атамыз  балтаны ұстараның жүзіндей өткірлетеді де, сол аяғын бөренеге қойып, өзі қам­шының сабын тістеп, ауылдас жігітке сол аяғын тізеден жоғары шап­ты­рады, шабылған жерге киіз бастырады. Осыдан кейін атамыздың ісігі қайта бас­тайды, жазылады.

Мақатайдың баласы Сүлеймен атамыз, оның жұбайы Нағиман апам, ол кісілер туралы кезінде журналдарыңызда және басқа да басылымдарда біраз жазылды. Бір қосарым, өзім көз көрген, өзімді өсірген апам Нағи­ман ғасырға жуық ғұмыр кешті. Бірақ өзінен де, сөзінен де, баласы Мұқа­ғали­дың өлеңдерін тақпақтаудан да марқұм ешқашан жаңылған жоқ. Кейін біл­дік, Сүлеймен атамыздың Нүкетай деген туған қарындасы болған. 30-шы жылдардың аласапыраны кезінде, Қытай елінде қалып қойыпты. Сол апа­мыздың үрім-бұтақтарын біздерге ХХІ ғасырда көруге тағдыр бұйы­рыпты. Ал, әкеміздің інілері Тоқтарбай мен Көрпеш туралы айтсақ, өз ғұ­мыр­ларына жетерлік өмірдің ащысын да, тұщысын да татқан, ағасы Мұқа­ғалиды өмір бойы сыйлап өткен бауырлары болатын. Тоқтарбай ағам біртоға, ауыр мінезді шаруаның адамы еді. Тоқаңның бірде айтқаны: «Әкең ауылға жиі келетін, әзір мына Алматының тұрғыны ретінде ойласам, ол туған топырағын, балалық шағын сағынғаннан, құрбыларын қимағаннан келеді екен ғой. Сонда жанында серіктес болуға да  мына қу тірлік жазбапты» –деп қиналатын. Ағамыз Көрпеш Тоқаңмен салыстырғанда, керісінше аузын ашса көмекейі көрінетін ашық-жарқын, көпшіл мінезді болатын. Ептеп ән айтатын, гармонь ойнайтын. Шалыс кеткен жерлері болса, аға «таяғын» көп көрген де сол Көрпеш ағамыз еді.

Әкемдей тұлғаның қалыптасуына, болашағына жол салуына айырықша әсер еткен оның пір тұтқан адамы Мақатай атамыздың жұбайы Тиын әжеміз. Әкемнің айтуынша, ол көбіне сол Тиын апамыздың тәрбиесінде болған. Сөз саптағанда дүйім жұртты өзіне қаратқан, өз айтқандарын істете алатын, ауылдастарына сыйлы адуынды адам болған деседі. Қазақта асыл мен жасықтың бір тетігі нағашы жұртта деген нақыл сөзінің жаны бар. Әкеме көп қасиет сол Тиын әжемізден жұққан-ау.

Ал, енді өз нағашы жұртымызға келсек, ол шешем Лашынның әкесі Әзім­жан ақсақалдан бастау алады. Көзі тірісінде атамызды көрдім. Өз заманын­да көзі қарақты, арапша сауаты бар кісі болған. Ақ патша заманында шекара асып, Қытай жақпен сауда-саттық жүргізген. Атамыздың ең үлкені – Әбді­мүтәліп ақсақал, партия, кеңес орындарында көп жылдар істеген, кейін қиын-қыстау заманда «халық жауы» болып Қарағанды шахталарына ай­дал­ған. Сол кездегі бүкілодақтық староста Калининге хат жазу арқылы анам Лашын ағасын жалған жазадан арашалап алып қалған екен. Хат жазу де­мекші, нағашы ағам Ерболат (марқұм, Әбдімүтәліптің үлкен баласы) төмен­дегіні жиі еске алатын: «Ол кезде мен бала едім, Нарынқолда сенің әкең мені қасына шақырып алып, мына хатты Лашынға алып барып бер, ақысын берем дейтін. Мен хатты тәтеме беретінмін, жауап жазса, қайтып әкеңе алып барамын. Сөйтіп араларында хат тасушы болып қызмет еттім.Сондықтан олардың отасуына, одан сендердің пайда болуларыңа менің де еңбегім бар» деп күлетін. Әкем мен нағашылар арасы сыйластықта өтті, оған мына біз, балалары куә. Әкемнің тікелей өз бала-шағасына көшсек, одан көзі қарақты оқырмандар біршама хабардар екеніне өз басым кәміл сенемін. Сонда да болса қысқаша тоқталып өтейін. Әкем дүниеден қайтқанда біз екі бала, екі қыз қалдық: мен, інім Айбар, қарындастарым Алмагүл мен Шолпан. Өкінішке орай, інім Айбар 2014 жылы  ұзаққа созылған науқастан мезгілсіз қайтыс болды, қалған үшеуміз дін аманбыз. Мен және қарындасым Алма зейнеткерміз, Шолпан болса, ҚазҰУ-де сабақ береді.

Әкеңіз кеңестік кезеңде туды. Бұл кезде кешегі тап күресінің салдарынан ұлтымыздың шешендік, көсемдік ортасы ыдыраған еді. Соған қарамастан қазақы сөздің мәйегін, қара өлеңнің қайнарын дәл тауып, оны бойына сіңірді. Мұндай ерекшеліктерге қалай ие болды, оның жайын ақын ағамыз қалай баяндаушы еді?

– Бәріміз де сол Гогольдың «Шинелінен» шықтық демекші, әзіргі аға буын саналатын ұрпақтың көпшілігі сол кеңес дәуірінің түлектеріміз. Балалық және жастық шақтарымыз, өскелең шақтың едәуір бөлігі сол дәуірде өтті. Сол кездегі қоғамда орнаған мызғымастай көрінген догмалар көбімізге алынбас қамал, ақиқат болып көрінетін. Шынына келсек, көбіміз соған сендік, сиындық. Шындықтар шым-шымдап тек салыстырудан шығады, оған да уақыт керек. Ондай «салыстыруға», өзімшіл еркіндікке кеңестік дәуір көнбеді, ол ондай шындықтарға жабық қоғам болатын.      

Кеңес дәуірінің түлектері көп нәрсені көре алмады деуге сену қиын, сол қоғамның көкірегі ояу, санасы тірі кейбір мүшелері қоғамда болып жатқан сәйкессіздіктерді көрді, күйінді, күңіренді. Сол амалсыз күңіренгендердің қатарында әкем де бар болатын. Айтқаныңыз рас, 20-шы, 30-шы жылдардың зұлматтары қазақ зиялыларының бетке шыққан қаймақтарын сылып тас­тады. Бірақ, олардың артынан діні, тілі, тіні әлі бұзыла қоймаған қара өлеңді жастанған қазақ ауылдары, халқы қалды. Әкемді сол өзі өскен ортасы, қазақтың қоңыр үйіндегі өзі жинаған кітаптары, туа біткен дарыны, жан­кешті еңбекқорлығы тәрбиеледі. Қазақтың қара өлеңінің қасиеттерін бойына сіңіріп өсті және сол қасиеттерді,  өзі айтқандай, зерделеген, зерлеген. Шек­пенін жауып туған халқына қайтарды.

Алматыдағы аз қазақ ауылға келгенде қандай әсерде болушы еді? Ес білген кезіңізде осындай сапарлардың талайына ілескен шығарсыз. Сол күндерді ойыңызға қайта алғанда, әкеңіздің қандай ерекшеліктеріне тәнті боласыз?

– Әкемнің поэзиялық туындыларының бәрі осы қасиетті Алматыда дүниеге келді. Олар осы қалада оның жан тербелісі, ой елегінен өтті. Ауыл жаққа менің пайымдауымша, тек сағыныш үшін баратын. Қарасазға деген сағы­ныш, өткен-кеткен шақтарына сағыныш, құрбы-құрдастарына деген сағы­нышы оны ауылға жетеледі деп ойлаймын. Сондай сапарларының бір­азы­на ол бізді, балаларын да алып жүретін.

Ауылдарға барғанда, ол ауылдың атқамінерлеріне емес, құрдастарының, жора-жолдастарының үйлеріне түсуге тырысатын. Баласы ретінде жүрегіме жылы тиетіні, сол құрбы-құрдастарының арасында оның беделі өте жоғары болатын. Сол соғыс ұрпақтарының қатары да бүгінде сиреді. Бір қуантатыны, сол соғыс балаларының біршамасының әкем туралы естеліктерін алып қалуға журнал да өзінің зор үлесін қосуда.   Соғыс кезіндегі халық басына төнген жалпы зұлмат оларды да аяған жоқ, балалық шақтарын жоқ қылды. Солардың бастарынан өткерген мұң-мұқтажын жырларына қосқан әкеме деген ризашылықтары ма, олардың оған деген ықыластары ерекше еді.

 Бірде, естияр шағымда, әкем және мен Шалкөде жайлауына бардық, сол жерде екі-үш күн демалып Қарасазға бет алдық. Жолда Шәкірамбал деген жердің маңайында әкем қоярда қоймай жүргізушіге көлікті тау беткейіне бұр­ғызды да, бір биік жотаның етегіне тоқтатты. Содан маған «көліктен түс» деп бұйырды да сол жотаның орта шеніне екеулеп шықтық. Сол жерде, жота­ның еңіс жағында мөлдір бастау ағып жатты. Бастаудың ар жағы қол­мен үңгіленген. Бастаудың өзі әдеміленіп ағашпен көмкерілген, шебер қол­дан шыққаны көрініп тұр. Әкем маған: «Бұл бастау, Жолшы атаңның бас­тауы, суынан қанып іш» деді. Жолшы атамыз (көзім көрді) сол маңайға шеберлігімен, ұсталығымен аты шыққан біздің жақын туысымыз. Өзі де бастаудың тұнық суынан ішіп болғаннан кейін әкем Жолшы атамызға бағыштап дұғасын оқыды. Бұл әкемнің табиғат анаға деген бір ықыласы,  аруақтарға деген құрметі және ұлына берген бір сабағы еді.

«Жақсының артынан сөз ереді» дейді қазақ. Қисыны бар, қисынсызы бар, ақынға қатысты неше түрлі әңгімелер айналамызда өріп жүр. «Екі елі ауызға бір елі қақпақ» қоя алмаған соң, оны сөз бостандығына жатқызамыз. Әлгіндей әңгімелердің бірқатары ақынның махаббаты туралы. Бірақ, сіз әкеңіз бен шешеңіздің бір-біріне деген суымас сүйіспеншілігін ерекшелеп айтасыз. Соның өнегелі тұстарын тағы бір қайталасаңыз.

– Сол «ерген сөздердің», өзіңіз айтқандай, естісі де, есері де болады. Естілері, Мұқағалиға деген ыстық ықыластарынан шыққан ба деп ойлай­мын. Халық өзі қастерлеген ұлынан (әкем халықтың ұлы, еншілей алмай­мын) түрлі, оның ішінде шындыққа еш жанаспайтын әңгімелерді де жо­лық­­тырамыз. Осының ара-жігін ажырату, халыққа ақынның болмысын шы­найы жеткізу біздің – оны көзі көрген куәлардың және оның поэзиясын зерт­­теушілердің азаматтық парызы деп білемін. Өзім ақынның ұлы ретінде және прокуратураның бұрынғы тергеушісі ретінде айтарым, ондай жалған «жап­сырмалар» жинала келе, ақыннның болмыс келбетіне (творчествосына емес) нұқсан келтіруі мүмкін және солармен өз шама-шарқымша күресіп ке­лемін. Ал, «ерген сөздердің» есерлеріне келсек, оларды сол сөзсымақтарды шығарушылардың еншісіне қалдырдым, «әрбір ит (сырттаны, тазысы, кән­дегі болсын) өз деңгейінде үреді, бірақ керуен көшеді».

Әкем мен шешемнің махабаттары туралы әр жерде айтып та, жазып та келемін. Менің айтарым мынау: олар бір-бірімен сүйіп қосылды, содан біз балалары өрбідік, есейдік. Шешем барлық тұрмыс тауқыметтеріне төтеп берді, екеуінің жігі ешқашан ажыраған жоқ. Ақиық серігін ақтық сапарға ауруханада өзі және жанындағы ұлы  мен шығарып салдық. Ақынның қалдырып кеткен жазба мұраларын шешем қызғыштай қорғады, халыққа жеткізді. Қартайған шағында, ұрпақтар сабақтастығын үзбеу мақсатында, әкеміздің қалдырған асыл мұрасын келіні Бақытгүлге ыждаһаттап тапсырып кетті.

Әрине, нағыз өлең толғаныссыз тумайды. Ол пісіп жетілгенде жарық дүниеге ұмтылады. Ақын шабыты кемел дәрежеге жетеді. Мұқаң осы сәттерді теңеумен сипаттаған. Бір дауыстың құлағына сыбырлағандай болғанын айтады. Егер соны шолақ түсінсек, ақын әлгі естілген дауыстың хатшысына айналғандай көрінеді. Содан кейін өлең тудыру үдерістерін оңай ма деп қалуымыз мүмкін. Ал бұл жайдың шындығын әкеңіздің жұмыс істеген шақтарына куә болған сізден артық ешкім білмейді. Осы жайында не айтар едіңіз?

– Осы «толғанысқа» қатысты бір қас-қағым сәт есіме жиі түседі. Онда студент кезім, үйдегі верандада біраз тұрып, ұйықтап жатқан әкемді оятып алмайын деп ептеп бөлмеге кірдім. Кірсем, әкем оң қолын жағына тая­нып (сүйікті жатысы), ояу төсекте жатыр екен. Бас жағында тұрған мені байқамады. Сол мезетте әкемнің: «өз-өзімен арпалыстырып қойған құдай-ай» деген сөздерін анық естідім. Бөлмеден шығып кеттім. Түйсігі бар пен­деге әкемнің байқаусызда жаңағы айтып қалған сөзі «сыбырды тек тіркейтін құдайдың хатшысының» сөзі емес қой, ол мына жалған дүниенің барлық қарама-қайшылықтарын жүрегінен өткізген, сезінген ақынның тол­ғанысы, күйзелісі. Алла тағалам да бәріне емес, тек сол «сыбырды» сезіне алатын, ести алатын және оны халыққа жеткізе алатын әкем сынды пен­делеріне естіртеді емес пе?

Әкемнің жұмыс сәттеріне келсек, ол «шабыт» деген теңеуді жиі айта­тын. Шабыттанған кездерінде ол ашық-жарқын, көңілі көтеріңкі, бүгін өлең­дерінің өнімді болғанын, ал, шабыты жоқ кезде өлең менен қашты деп жа­бы­ғатын. Дантенің «Құдіретті комедиясын» аудару әкеме оңайға түскен жоқ. Данте де сол құдай «сыбырлаған» ақындардың бірі ғой, соны аудару бары­сында әкемнің денсаулығы біраз күйзеліске ұшырады. Бірақ соған қарамастан, ол шығарманы ойдағыдай Орта Азияда бірінші рет аударып шықты.

–  Әкеңіз  музыканы терең түсінген адам. Қазақ тұрмақ, әлем клас­сиктерінің шығармаларын зерделеді. Композиторлар «Мұқағалидың өлең­дерінде музыка бар» дегенді жиі айтады. Осындай түйсікпен өзі неге ән шығармады екен деп ойлаймыз. Әлде оған үлгере алмай қалды ма?

– Айтқаныңыз рас, әкемнің өлеңдерінде саздық иірімдер басым, барлық сөз құрылымдары бір музыкалық заңдылықтарға, тербелістерге негізделген. Сондықтан шығар, көптеген сазгерлер оның өлеңдеріне ән шығаруға әуес. Бүгінде, оның тек бір ғана өлеңіне бірнеше сазгердің ән шығарғанына куә болып жүрміз. Өз пайымымша, әрбір адамның ішкі жан дүниесінде айтыл­маған сыр сияқты бір қоңыр әуен жатады, сол адаммен ол бірге туады, сол адамның ақтық демімен ол да аяқталады. Өкініштісі сол, көбіміз сол іштегі қоңыр әуендерімізді сыртқа шығара алмай құса боламыз, ал әкем сол ішінде жатқан сазын, жан сырын, халқына ақтара жырлап  кеткен ақын. Өзі айтып кеткен жырына, сазына ақын неге әуен шығармады екен деп наз айту сәл артықтау болар деп ойлаймын. Осы сұрақ қазіргі өз өлеңдеріне ән шы­ғаратын, оны өзі айтатын ақындардың еншісінде шығар.

 Әкем мен Нұрғиса ағамыздың бірлескен творчествосына келсек, ол өте табысты болды, оған мына біздер — Мұқағали ұрпақтары куә. Сол кезде әкем­нің рухы көтеріліп, қанаттанып кеткен кездері еді, ол нышандар оның бүкіл бітім-болмысынан, көтеріңкі көңілінен сезіліп тұратын. Сол 70-ші жыл­­дары Нұрғиса аға мен Дариға жеңгеміз қазіргі Абылай хан мен Гоголь кө­шелерінің қиылысында көп қабатты үйде тұрды. Үйлерінде бір-екі рет мен де болғаным бар. Әкемнің өлеңіне жазылған, көп рет өңделіп дайын бол­­ған әнді әнші Бақыт Әшімоваға айтқызатын, содан ақынның, сазгердің, әнші­нің жұптасуынан дүниеге келген әндер халық талқысына салынды. Сол әндер халық арасына тез тарады, әлі де өміршеңдігін жойған жоқ.

Ақынның 45 жылдық ғұмырын үш кезеңге бөліп қарастырғымыз келеді. Алғашқысы – кеңес өкіметіне қалтқысыз сенген кезі. Екіншісі – ұлттық болмыстың қажеттігін сезген кезі. Үшіншісі – көзбояушылықтың бәрінен безген кезі. Мағжандарды атқан қызыл қоғам Мұқағалиды тірі жүргізіп қойып-ақ рухын тұтқындауға күш салды. Әкеңіз өзінің қайраткерлік мұңын отбасына қалай сездіруші еді?

– Осы сұрағыңызға байланысты маған бір ой келеді: егер әкем сол Мағжандар тұсында өмір сүрсе, оның тағдыры қалай болар еді? Әрине, бұл аксиома, сол қылышынан қан тамып тұрған заманда оның тірі жүруі екіталай болатын. Бірақ, («орыстың брак дегені қазақтың бірақ деген сөзінен шығады» демекші) заман өзгереді, сол қаталдық заманын 60-шы жылдары Хрущев енгізген «жылымық» алмастырды. Әкеміздің жастық шағы сол тұсқа дөп келді. Сол 60-шы жылдардағы халықтың жаңғыруын тек үлкендер емес, біз балалар да сезінуші едік. Ол шақ радиодағы қазақтың әуендерінен де, үлкендердің көтеріңкі көңілдерінен де сезіліп тұратын.

Менің ойымша, сол халық еңсесін көтерген шағында әкемнің поэзиясы қалыптасып үлгірді, бірнеше туындылары дүниеге келді. Одан соң Бреж­невтің «тоқырау» заманына, әкеміз айтпақшы «боз дүниесіне» ендік. Кеңес қоғамында бас шабатын қылыш кетсе де, барлық қоғамдармен бірге жа­сасып келе жатқан жымысқыланып келіп қабатын іштарлық, қызғаныш, көреалмаушылық, зорлық ешқайда кеткен жоқ. Рас, сол кезде көп тақырып­тар (Қазақстандағы алаш қозғалысы, 30-шы жылдардағы геноцид, қазақ ауылдарын­дағы зорлап кәмпескелеу т.б.) жабық болды. Бірақ, соған қарамас­тан әкемнің ақын ретінде толысқан шағында көп, сүбелі туындылары сол кезеңде дүниеге келгенін қалай ұмытамыз?

Өз басым, сол кезде Мағжандар, Міржақыптарға арналған сияқты пар­тия нұсқауымен мемлекет тарапынан ақынның творчествосын ашық, ресми түрде құрықтауға бағытталған шабуылдар болды деп есептемеймін. Тағы да айтам, оның ақындық ғұмырын қысқартқан, сол баяғы адамзатпен бірге жасасып келе жатқан іштен қабатын жандайшаптардың әрекеттері деп бі­лемін. Бұл мән-жайларды әкем отбасына айтып,  жылап-сықтана бер­мей­тін, бұл оның мінезіне жат еді. Бірақ, ол отбасына  өзі ұстанған мына қағи­даны айтудан жалықпады: менің жырларым орта жолда қалмайды, түбі халық арасында өзінің тиісті орнын табады. Балаларым, соны естеріңе мық­тап ұстаңдар деумен кетті. Бүгінде, оның қаншама тағдыр жазған қиын­шы­лықтарына төтеп беріп, өз бағытынан тайдырмай алып жүрген осы мыз­­ғымас сенімі ме деп ойлаймын. Әкемнің сол болжамының расқа айнал­ған­­дығына мына бүгін біздер-оның ұрпақтары, оның поэзиясын зерттеуші Сіз­дер және бүкіл дүйім жұрт-оқырмандары куә.

Ақын «Чили, шуағым менің» деген дастанын жазғанда әлемді шолды. Павло Неруданың Отанында болып жатқан оқиғаларға оймен араласты. Сол сияқты, Мұқағали музасы болашақты да шарлады. «Райымбек! Райым­бек!» поэмасы, Ислам діні туралы өлеңдері – ХХІ ғасырға арнаған сәлем хаты. Осы арқылы алаштың азаттыққа жететінін білді ме деп ойлаймыз. Бұл туралы сіздерге не деуші еді?

– 70-ші жылдардағы Чилидегі оқиғалар: президент Альенденің билікке келуі, оның ата жауы генерал Пиночеттің зұлымдық іс-әрекеттері сол елдің ұлы ақыны Пабло Неруданың өлеңдері арқылы, әрине, әке жүрегіне жетті, сыздатты. Сол елдің тағдырына арналған шығармасының жарық көруіне әсер етті. Ал, «Райымбек, Райымбек» атты ұран шақырған поэмасы оның атасына деген құрметі, ұрпағы ретінде орындаған парызы деп білемін. Тоталитарлық жүйе күйремей тұрып-ақ, ол шығармасы ашық жарияланбаса да батыр бабасына өшпес ескерткіш тұрғызып кетті. Атамыздың жерленген жерін (ескі аудандық автостансаның маңы) арнайы алып барып маған 60-шы жылдары әкем көрсетті, ата-тегін біле жүрсін дегені болар.

Көзі тірісінде ол бізге, балаларына: «Әйтеуір, бәрін зерделейтін бір құді­рет, бір тылсым (сүйікті сөзі) күш бар, соған сенемін» деп отыратын. Осын­дай пікірдегі ақын ислам дініне, әрине, бейтарап қала алмайды. Кезінде жарияланбаса да, (ондай мүмкіндік ол кезде жоқ болатын) ислам дініне арналған өлеңдері кейін жарық көрді. Көзі қарақты оқырмандар байқаған болар, ақынның өлеңдерінде жарқын болашаққа деген бір айнымас сенім бар, түңілу, торығу жоқ.

Мұқаң үлкен жүрекпен, ғазиз тілекпен артынан ерген талантты інілерін бөлмей-жармай өте жақсы көрген дейді. Сондай тізімнің басында – Бексұлтан Нұржекеев, Нұрлан Оразалин, Кеңшілік Мырзабеков, Баққожа Мұқаи, Сағат Әшімбаевтер тұрған екен. Інілеріне арналған ілтипаттары туралы қандай әңгімелерін естідіңіз?

– Айтып та келемін, тағы да айтамын: әкемнің көзі тірі кезінде оның төңерегіне жастар жағы үйірсек келетін. Жаңағы өзіңіз келтірген тізімге Иранбек, Рафаэль ағаларды (Иран-ғайып пен Рафаэль Ниязбековтерді айтам) да қосуға болады, мен білмейтіндері қаншама. Сол кезде, қазақтың өнер көкжиегінде Мұқағали поэзиясы басқаларға ұқсамайтын ерекше құбылыс болды. Жастар жағы жаңашылдыққа ұмтылады, сондықтан ба олар көбінесе әкем жағын төңеректейтін. Әкем жастарға, әсіресе жас ақындарға ақын ретінде қалыптасуына көп ықпал етті деп ойлаймын. Әкем олардың жыр­ларына өз пікірін айтуға, кеңесін беруге еш жалықпайтын, оған сол пікір­лерінің бірнешеуін естіген өзім куә.

Бірде көршілес Жамбыл ауданынан үйге бір жас ақын жігіт келе қалды. Ол әкеме өз өлеңдерін оқыды, пікірін сұрады. Әкем оның жырларына жалпы қанағат­тандығын білдірді, сонда да бір өлеңіне ерекше «шұқшиғаны» есімде қалыпты. Сондағы айтқаны: бала, мына өлеңдегі (атын айтты) «шатпағың» өлең емес, «оқтай түзу электр бағаналары»,  «колхоздың жарқын өмірі», бұл не сонда, ақын айтатын теңеулер ме, жоқ бұлар журналистер жазатын жәй репортаж, оқырмандарға ешқандай рухани нәр, әсер бермейді, жүректеріне тимейді. Әкем көзі тірісінде өнер жағын жағалаған талантты інілеріне көп үміт арта­тын, оларды жікке бөліп алаламай, іштей жақсы көретін, солармен бірге бол­ғанды ұнататын.

Қазақ поэзиясының алыптары Ілияс, Қасымдар да балаларының жазушы болуын қаламаған. Сіздің әкеңіз де солай еткен секілді. Себебі, ол кісі ұлын заңгер ретінде көргісі келді. Қуанарлығы сол, сіз әке үмітін ақтадыңыз. Соның мәнісін қалай түсіндірер едіңіз?

– Бұл сұрағыңызға жауап беріп көрейін. Иә, жас кезде мен не жазушы, не ақын болуға құлшынысым болмады. Бәлкім, егер ондай ынта білдірсем ол құптар ма еді, әлде құптамас па еді, ол жағы маған беймәлім. Жас кезде мен дәрігер болуды қаладым, оған да әкенің дәрігерлерге деген көзқарасы түрткі болды. Бірақ, ол мамандықты игеру маған жазбапты.

1970 жылы мен ҚазМУ-дің заң факультетіне түсіп кеттім. Бұл қадамыма себеп әкемнің: «балам, осы «погондыларды» көріп жүрміз ғой, биліктің аты билік, біздің әулеттен де бір «погонды» шықсын, нар тәуекел, сен басқаны қой да осы оқуға түс» деген сөздері түрткі болды. Содан көптеген жылдар заң саласында істеп, әзір зейнеткерлікке шыққан жайым бар. Сонымен әке­­нің бір парызын орындадым деп санаймын. Бұл қадамға мен ешқашан өкін­­беймін. Өйткені, өз мамандығым кейін етене жақы­ныма айналды. Бұл са­лада егер санаңда түйсігің болса, қоғамның ішкі және сыртқы астар­ларын анық көресің, өмірлік сабақ аласың.

 Әкеге парыз дегеннен шығады, заң саласында істеп жүргенде маған бір ой келді: ақынның жұрнағымын ғой, осы өнерден маған да бір нәрсе жұқты ма екен деп соны тексермек болдым. Ептеп өлең құрастыра бастадым. Құдайға шүкір, бар екен, мерзімдік басылымдарда жарияланып тұрды. 2016 жылы соларды жинақтап, жаңаларын қосып «Әке сарыны» атты жинақ шығардым. Бұл менің мақтанғандығым емес, сол әке алдындағы тағы бір парызымды өз шама-шарқымша өтегендігім және оның ұрпағы ретінде өнер жағынан мен де қаражаяу емес екендігімді білдіргенім деп санаймын.

«Мұқағали» журналы жайындағы пікіріңіз қандай?

– Он жылдан астам осы журналдың ыстығына күйіп, суығына тоңып, бірге жасасып келесіздер. Көтерген жүктеріңіздің жеңіл еместігін көріп те, сезіп те жүрміз.  «Мұқағали» сынды талай журналдар ашылып, бірақ, өкі­ніштісі ғұмыры ұзақ болмай жабылып қалып жатыр. Сіздер сондай қиыншылықтарға мойымай, ағаларыңыздың журнал-шырағының мезгілсіз өш­пеуіне, оқырмандарға дұрыс бағыт-бағдар берілуіне басты себепкер бо­лып келесіздер.

Өзіңіз айтқандай, бүгінде журнал материалдары Мұқағали поэзиясын зерттеушілердің пайдаланатын басты «шикізатына» айналды. Ылайым, сол «шикізаттарыңыздың» сарқылмасына, қазыналарыңыздың ортаймауына ті­лек­теспін. Журнал жеткен жетістіктерге әрдайым біз де – ақын әулеті қуанып оты­рамыз. Иншалла, Сіздерді ақын аруағы қолдасын, жұмыстарыңызға та­быс тілеймін!

Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Батық МӘЖИТҰЛЫ

«Мұқағали» журналы №6,2017 жыл

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналын қолдайық!

«Аманат – Қарасаз» қоғамдық қоры құрылтайшыларының барлық әріптестеріне, кәсіпкерлерге, оқырмандарға арнаған үндеуі Ардақты, ағайын! 2023 жыл «Мұқағали»...

«Мұқағали» журналы, №3, 2022 жыл

     Ақын атындағы басылымның кезекті нөмірі Дариға Тілендікелінінің «Нағыз ақынның болмысын Мұқағалидан көрдім» деген сұхбатымен ашылады. Дариға апа өзі куә болған оқиғаларды қызықты, әрі көркем...

«Мұқағали» журналы. №2, 2022 жыл

     Журналдың кезекті саны «Тау – бір аңыз, тау – дастан» атты Мұқағали өлеңдерімен ашылды. Белгілі дінтанушы, ғалым-ұстаз Қайрат Жолдыбайұлымен болған сұхбат «Халқының жанын ұққан...

«Мұқағали» журналы, №1, 2022 жыл

Барыс жылындағы алғашқы нөмірге көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің «Уақыт жаратқан жыр» атты зерттеу мақаласы беріліп отыр.  Жұлдыз Мұқағалиұлының «Менің әкемнің достары» деген естелігі де оқырманды...

«Мұқағали» журналы №6, 2021 жыл

Бұл нөмір «Елордадағы мектепке Мұқағалидың есімі берілді» деген жағымды жаңалықпен басталады. Ақиық ақынның ұрпағы Жұлдыз Мұқағалиұлының өлеңмен өрнектеген ой толғаныстарын оқисыздар.

«Мұқағали» журналы №5, 2021 жыл

Журналдың кезекті саны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын мерейтойына арнаған Құттықтауымен ашылып отыр. Мұқағалидың 90 жылдық торқалы тойынан толық репортажды да осы саннан оқи аласыздар....