Маусымның 25-ші жұлдызында Қарасазға ақ қарға келді. Оны алғаш көрген орта мектептің мұғалімі Алпысбай Қасқырбаевтың немересі екен. «Ата, ата! Ананы қарашы, ақ қарға ұшып барады» деп қуана айқай салған. Үйден жүгіре шыққандар ерекше құсқа таңдана қараған. Алпысбайдың жұбайы Гүлзира шарбаққа қонған ақ қарғаны суретке түсіріп, әлеуметтік желіге салып үлгеріпті.
Сол күні Қарасаздың жұрты мәре-сәре болады. Көнеқұлақ үлкендер мұндай оқиғаны ешқашан кездестірмегендерін айтты. Солай дей отырып, көпшілік ақ қарғаны жақсылықтың белгісіне балаған. Өйткені, ел ішінде атадан қалған бір әңгіме бар еді. 50-ші жылдары аяқ астынан осы аймақты қара тышқан қаптайды. Әлгінің көптігі сондай – қырмандағы астықты жайпап, адамдардың өміріне қауіп төндірген. Оны құртуға жұрттың шамасы жетпепті. Тіпті, үкіметтің өзі шарасыз күйге түскен.
Сондай күннің бірінде аяқ астынан ақ тышқан пайда болады. Ақ тышқанды көрген қара тышқандар жан-жаққа қашып, белгісіз жаққа ауып кеткен.
«Бәлкім, мынау ақ қарға да ақ тышқан сияқты коронавирустың десін қайтаруға келген шығар? Бәлкім, жақсылықтың жоралғысы ма екен? Әйтеуір, ақ құстың Мұқағали туған Қарасаздан көрінуі тегін емес», – дейді ақынның жерлестері.